ӘОЖ: 821.512.122-3
Тәуелсіздік дәрістерінің этикалық мәні
Ақыш Н.Б.
babe8812@mail.ru
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы,
Ақыш Б.Ө.
Абылай хан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті филология ғылымдарының кандидаты, доцент,
Жетпісбаева М.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, философия ғылымдарының кандидаты
Аңдатпа. Бұл мақалада қазақ көсемсөзінің биліктің жоғарғы эшелонында ел тәуелсіздігін нығайтуға байланысты орын алған қайшылықтарды және оларды шешу жолындағы Елбасының атқарған рөлінің қалай бейнелегендігі туралы талдаулар жасалады. Сол арқылы «Мәңгілік ел» идеясының байсалды ұғым екендігі, оның негізі тереңде жатқандығы дәлелденеді. Зерттеу негізіне нысан етіліп С.Ибраимның «Тарихи үш оқиға» атты мақаласы мен У.Қалижанның «Ел мен ер» атты кітабы алынған.
Түйін сөздер. тәуелсіздік, көркем публицистика, фактор, хроника, репортаж, парадигма, схематика, кредо, штрих, эпизод, үрдіс, очерк, акцент, эссе.
Тәуелсіздікке дейінгі көркем көсемсөз жанрында жазылған шығармалар сол замандағы ресми идеологияның ұстанған бағытынан бір елі де ауытқымастан, Кеңестер Одағының мызғымас қуатын, коммунистік партия мен интернационалистік рухтың биіктігін, Кеңес адамының жасампаз бейнесін жасауға бағытталғаны тарихтан жақсы мәлім. Және жай бейнесін ғана емес, кеңестік шындыққа негізделген үлгі тұтарлық мінсіз тұлғаның бейнесі жасалу тиіс болатын. Мұндай жанрдағы шығармаларды жазу барысында қоғамда орын алып жатқан алуан түрлі кемшіліктерге, орыс отаршылдығының зардаптары мен аз ұлттар тарихындағы бұрмалаушылықтарға көзжұмбайлықпен қарай білудің өзі үлкен өнерге саналды.
Идеологиялық тар құрсаудың шеңберінде өлшеп-тамап сақтықпен ғана айтуға тура келген қатаң бақылаудағы тұншықпа кезең артта қалғаннан кейін, ой еркіндігі атқа мініп, көсемсөздің де көрігі қыза бастағаны жасырын емес. Халқының ауыр тағдыры жайлы небір ой-пікірлерді ашып айта алмай, іштен ғана тынып жүрген қаламгерлер қауымы көсемсөздің қуатты күшін пайдаланып қалу үшін батыл қадамдарға бет бұрды. Бұл шығармашылық белсенділікті тәуелсіздіктің бір үлкен рухани жетістігі, жас мемлекеттің мүддесіне әбден лайықты идеологиялық құбылыстың бірі деп бағаласақ, артық айтқандық бола қоймас.
Қазақ көсемсөзшісі осындай шоқтықты мәселелерді кейде жалпылама, енді бірде сала-саласымен жіктей талдап, оқырман алдына толып жатқан проблемаларды көлденең тарта білді. Көркем көсемсөздің міндеті – қара мақалаға тән мінезбен мәселені маңдайдан ұрып, тоқ етерін айтып салу ғана емес, жекелеген адамдар тағдырлары, типтік ситуациялар арқылы оқырманды ойға жетелеу, көркем сөзге тән эстетикалық қуатты пайдалана отырып, танымдық, эстетикалық қабылдауды кеңейту. Демек, көркем публицистиканы өз деңгейінде игеру ең алдымен өзекті проблеманы көре білумен, оны оқырман алдына сол қалпында көлденең тартумен шектеліп қалмайды. Уақыт ұсынып отырған ділгір мәселені өз деңгейінде алып шығу үшін белгілі бір дәрежеде көркем ойлау жүйесін, сөз өнерінің эстетикалық қарымын пайдалана білу арқылы алған тақырыпты шеберлікпен меңгере білу шарт.
Тәуелсіздік жылдары өмірге келген қазақ көсемсөзі осы аталаған басты талаптарға толығымен жауап бере алады деп қуануға ерте де шығар. Жанрдың биік деңгейінен көріне алмай, бірді айтып бірге кететін немесе біржақты ұстаныммен ғана шектеліп қалатын үлгілер де баршылық. Пісіп-жетілмеген ондай шығармаларды талдау өзегіне айналдыруға болмайтыны анық.
Еліміз өз алдына отау тіккен кезеңнің бастапқы жылдарында өмірге келген көсемсөз үлгілерінің талайы жиырма бірінші ғасырдың екінші онжылдығы төрге озып жатқан кезде де тарихи құндылығын жоғалта қойған жоқ. Қазақ көсемсөзінің шеберлерін танытқан да – осы жылдары өмірге келген жекелеген шоқтықты туындылар. Қазіргі таңдағы оқырман қауымды қызықтыратын – тәуелсіздіккке Қазақ елінің қолы қалай жетті, осынау тарихи процесті заңды түрде бекітіп берген қандай құжаттар, сол бір тарихи маңызды оқиғалардың даму барысы қандай болып еді деген сияқты маңызды мәселелер. Соның ішінде қазіргі және болашақтағы жас буын өкілдері үшін де бұл тақырып үнемі назар аудартуы тиіс. Осынау келелі тақырыпты халыққа майын тамызып, орайтын келтіре отырып жеткізген жандар, әрине, ең алдымен қазақ көсемсөзшілері. Бұл қатарда тынымсыз еңбек етіп жүрген журналистер тобының ішінде қаламы ұшқырлары да аз болған жоқ.
Осы тақырыптың публицистикамызда қалай жүзеге асқанын бір ғана материалдың төңірегінде талқылап көрейік. Самат Ибраимның «Тарихи үш оқиға» атты естелігі өз уақытында көп жазылған осы тарихи оқиғаның қалай дамығанын көрсететін көсемсөзіміздің типтік үлгілерінің бірі деуге болады. Бұл шығармада Қазақстан Республикасының Егемендігінің қалай жарияланғаны, Тәуелсіздік туралы Заңның қалай қабылданғаны және осы тәуелсіз елдің тұңғыш Конституциясының қалай бекітілгендігі жайында үлкен толғаныспен әңгімеленген. Осы айтылған жеке тақырыптарына орай аталған естелікті көркем жазылған хроникалық шежіре десе де болғандай.
Қазақ елінің қазіргі кезеңдегі патриоттары Қазақстанның егемендігі туралы Декларацияның жарияланған күнін жақсы біледі, ол – 1990 жылдың 25-қазаны. Кітап, баспасөз беттеріндегі ұранды сөздерді оқып жүрген бүгінгі ұрпаққа осынау тарихи құжат еш кедергісіз, оп-оңай жариялана салғандай болып көрінуі ғажап емес. Ал осы оқиғаның шынтуайтында қалай жүзеге асырылғанын Самат Ибраим артық-ауыз сөз қоспастан, жүйе-жүйесімен жеткізіп берген. «Ел егемендігін заңдастыруға ұмтылған депутаттардың құлшынысы ерекше болатын. Бірақ ә дегеннен-ақ кертартпалық жасап, жобаның алдын ала талқыланғанына шек келтіргендер болды. ...айтыс-тартыстың күштілігі сондай, бұл құжат қабылдана ма, жоқ па деген үміт пен күдіктің, екі көзқарастың шарпысқаны рас еді» [1, б. 243] дейді автор.
Кеше ғана Кеңестер Одағы сияқты алып империяның құрамында тұрған отар республиканың аяқ астынан дербестікке ұмтылыс жасауы шовинистік пиғылдағы депутаттардың шабына шоқ түскендей еткені психологиялық заңдылық екендігін естелік авторы сыпайы түрде дәлелдеп шыққан.
Естеліктің «Тәуелсіздік – бабалардың ұлы арманы» деп аталатын тарауында 1991 жылғы 16-желтоқсанда Конституциялық заң күші бар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңның қалай қабылданғандығы жөнінде репортаждық дәлдікпен ой толғайды автор. Бұл тақырыптың қыры-сырын сол тарихи күндердің өзінде-ақ автор нақтылап жазып тастаған болатын.
Сол кездегі Парламенттің баспасөз органы «Халық кеңесі» газетінінің бетіндегі мақаласында осы Самат (ол кезде С.Ибраимов) еш бұлтарыссыз былай деген еді: «Біздің Парламент көп мәселені шешуде ауызбірлік танытып келеді. Бірақ қазақ ұлтына, салтына, тіліне, бір сөзбен айтқанда, халқымызға жақындау бір мәселе көтерілсе, аяқтан шалып, жармаса кетуге әзір кейбір депутаттар бар» [2, б. 5]. Ұлт тәуелсіздігі жалпы адамдық парадигма шеңберінен көріне алатын фактор екендігімен санассақ, журналист жазып отырған оқиғалардың саяси-әлеуметтік салмағын одан арман сезіне түскендей боламыз.
Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы Декларацияның қабылдануына қарсы шыққан теріс пиғылды депутаттар енді заңдық қуаты одан да күшті, қазақ ұлтының болашағына жол ашатын Тәуелсіздік туралы Заңды бірден қолдай кетсе, отаршылдық психологияның табиғатына сай келе қоймас та еді. Қазақстан Республикасы үшін, әсіресе қазақ халқы үшін аса маңызды осы екі құжатты қабылдау барысындағы дау-дамайдың саяси сипатын майдан қылшық суырғандай етіп, тарқата талдап шығуы автордың шеберлігі екендігі сөзсіз. Жымысқы сөздерімен тәуелсіздікке қарсылық білдірген В.Чернышов, В.Водолазов, Ю.Сухов және т.б. депутаттарға тойтарыс берушілердің алдыңғы қатарында С.Зиманов, С.Сартаев, Ш.Мұртаза, Ш.Шардарбеков сынды ұлтжанды азаматтар болғанын оқырман осы естеліктен оқып біле алады.
Өйткені бұл мәселемен ақпарат құралдарынан емес, Парламент тілшісі ретінде залда отырып, тікелей куә болғандықтан да, С.Ибраим өз көзімен көргендерін еш боямасыз дәл жазып шыққан. Журналистің осынау маңызды оқиғалар арасында тікелей болуы аталған публицистикалық шығарманың шынайылық сипатын күшейте түскен. Ең бастысы – естелікте Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегі идеологиялық-саяси текетірестің лебі, сол кездегі Парламенттік айтыс-тартыстардың тынысы айқын.
Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда жарық көрген көсемсөздің бірсыпырасы ел басқарған көшбасшылардан басқа халық тарихында белгілі бір із қалдырған өзге тұлғалар жөнінде де ой толғайды, пікір бөліседі, естеліктер айтады. Бұндай тақырыпты қозғаған көсемсөзшілер қатарының да қарамы толық екенін атап айтқан абзал.
Н.Ә.Назарбаев – Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алмай тұрып-ақ. Қазақстан билігінің басына келген басшы. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде ол тек мемлекеттің Президенті ғана емес, елдің, ұлттың да көсемі екендігін, жаңа үрдістерге сай лауазымдық міндетін атқаруға мейлінше қабілетті адам екендігін байқатты. Сондықтан да оның көркем публицистиканың кейіпкеріне айналуы шығармашылық заңдылық деп тайынбай тұжырымдаған жөн. Ол жөнінде қалам тартудың, салиқалы кейіпкерге айналдыра білудің қоғамдық-тарихи, әлеуметтік-шығармашылық негізі әу бастан айқын екендігі сөзсіз.
Сөздің реті келіп қалған уақытта астын сызып айта кеткен абзал, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президентін кейіпкер етіп алып, ол жайында қалам тербеген көсемсөзшілердің қатары бүгінгі таңда едәуір шоғырлы топты құрай алады. Олардың кейбірінің есімдерін атап кететін болсақ, тақырыптас әріптестердің тобының осал емес екендігін байқаймыз. Дүкенбай Досжан, Мырзағали Іңірбаев, Уәлихан Қалижанов, Бейбіт Сапаралы, Қайнар Олжай сияқты танымал есімдердің өздері қарымды топтың тегеуірінді легін байқатса керек.
Тәуелсіздік жылдарындағы көркем публицистикада өз тақырыбын іздеп әуре болмай-ақ, бірден тауып алған көсемсөзшілердің бірі – Уәлихан Қалижанов. Оның жолжазбалар мен эсселерінің негізгі тақырыбы – саясат, басты кейіпкері – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ел басшысының кесек бейнесін сомдау барысында бұл автордың негізгі акцент жасайтыны – Н.Ә.Назарбаевтың іссапарда жүрген кездердегі саяси әрі адами бейнесі.
Бұндай көркемдік тәсіл – көсемсөзші қаламгердің «Президент» және «Ел мен ер» деп аталатын жинақтарының схематикалық кредосы. Бірінші кітапта Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы Елбасының жекелеген сапарларынан жазылған дүниелер топтастырылған. Бұлар жанрлық жағынан алғанда, журналистиканың репортаж, сапарнамалық очерктер формасында болып келеді.
Өзінің іріктелген жұмысшы тобымен барып, түйінді мәселелерді біржақты ету үшін сапарлап жүрген Президенттің шешуші сәттердегі әрекет-қимылдары, мақсатты шараларды аяғына дейін алып шығып, қорытынды жасауға ұмтылысы, сапар аяғында белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге деген құлшынысы ірікті штирхтар мен есте қаларлық эпизодтар арқылы көрініс тауып жатады.
Президенттің саяси тұлға ретіндегі кесек бейнесін сомдап шығару барысында автор тарихи әрі әлеуметтік талдау жасап, ұзақ сонар әңгіменің арнасына түсіп кету жағына сақ. Ондай жағдайда көркем публицистика жанрымен жазылып отырған туынды саяси-философиялық пайымдауларға ұласып, бастапқы ой арнасын өзгертіп, ұзақ тәптіштеулермен жалғасып кетуі әбден ықтимал еді.
Автордың осы арадағы ізденістерінің бір нышаны – жанр шарттарын мүмкіндігінше сақтай отырып, тақырыптың идеялық жүгін жеңілдетіп алмауға тырысуы. Сонымен бірге шығарманың жеңіл оқылып, оқырман қабылдауына шапшаң сіңіп кетуіне де зер салу жағы да қаперде тұратыны байқалады. У.Қалижановтың Ел Президенті жайында қалам тербеген шығармаларында эсселік сипаттардың басым болуы да сондықтан. Қалай болған күнде де салмақты да салиқалы тақырып, көсемсөз әлемінде өз кетігін тауып, оқылуға тиісті.
Елбасының саяси жұмыстарынан жақсы хабардар көзіқарақты оқырманның қашанда назар аударатын тұстары – оның адамгершілік қырлары, жеке тұлға ретіндегі есте қаларлық ерекшеліктері. Бұлардан келіп ұлттық парадигмаға қатысты штрихтар көрініс табады.
Осынау рухани сұранысты жіті аңғара білген автор саяси оқиғалардың қыр-сырына талдау жасап қана қоймай, реті келіп жатқан тұстарда өз кейіпкерінің адами болмысын ашып көрсетіп отыруға бейім. Бірер азат жолмен-ақ тілге тиек етіп отырған тұлғаның ішікі әлемінен хабардар етіп үлгіруге тырысуы – сондай ізденіс нышандарының айғағы.
«...Президент Парламентке келгенде, депутаттармен биресми жағдайда әзіл-қалжыңы жарасып, бір еркін көсіліп сөйлесетіні бар. Мұндайда өңі бал-бұл жанып, сұлу күлкісі әр үстіне әр қосып, көзінен шуақ шашылып, керемет бір күйге енеді» [3, б. 26]. «Көзінен шуақ шашылып» дей отырып, автор ірі тұлғаның пендеге тән ішкі әлемінен, мейірімді жүрегінің соғысынан хабардар етіп өтеді. Әдетте саяси тұлғаларды сомдаудың өзіндік қиындықтары бар екендігін ескеретін болсақ, қатып қалған ағаш сияқты қатқылдықтан қашып, өз кейіпкерінің пенде ретіндегі ұнасымды жақтарын да жекелеген штрихтар арқылы кескіндеуге бейімділігі автор ізденісінің нышандары.
Кітапта желдірткен екпінмен қызықтыра әңгімелейтін шегіністердің бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың 1962 жылы Бүкілодақтық комсомол ұймының сьезіне делегат болып барып, тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринмен бірге фотосуретке түсуі.
КСРО комсомолдарының осынау ХҮ сьезі өз заманындағы шоқтықты мәселелерге арналған жастардың айтулы үлкен форумы ретінде тарихта қалған еді. Оған Қазақстан Республикасының атынан қатысқандардың ішінде есімдері жалпақ жұртқа жақсы белгілі Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Ғайникен Бибатырова, Тұманбай Молдағалиев, Еркеғали Рахмадиев пен Кәкімбек Салықов сынды жас тұлғалар блыпты.
Сол атышулы сьезге Кеңестер Одағының түпкір-түпкірінен озық ойлы, алдыңғы қатарлы жүздеген жастар делегат ретінде қатысқан екен. Жаңағы аттары аталған қазақ жастары солардың қатарында.
Ю.А.Гагаринмен сьезд делегаттарын суретке түсіруді ұйымдастырып жүрген – сол кездегі Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Үкітай Серікбайұлы Байжомартов екен. Аймақтардың делегация мүшелері тұңғыш ғарышкермен таласа-тармаса суретке түсіп жатады. Ал Қазақстан делегациясына кезек жетіп болар емес. Сол сәтте Теміртаудан келген жас металлург Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Үкітай Байжомартовқа:
«Үкітай Серікбайұлы, Юрий Гагарин космосқа қазақ жерінен бірінші болып ұшты ғой. Бірінші болып Қазақстан делегациясымен суретке түскені жөн емес пе еді», – деп айтып қалады. Міне, осынау орынды ұсыныс қозғау болады да, Байжомартов сол маңайда жүрген республика комсомолдарын дереу ұйымдастырып, тұңғыш ғарышкермен бірге суретке түседі. Суретте жоғарыда аттары аталған адамдардың бірсыпырасы бар. Ең қызықтысы – Гагариннің оң жақ иығын ала, бір адамнан кейін тұрған жиырма екі жасар делегат Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі.
Кітап авторы осы суреттің тарихын әрі қарай індетіп, оқырманды мән-жайға толық қандыра түсу үшін кадрға ілінген кейіпкерлерін іздеумен шұғылданыпты. Тауып алған адамдарынан сондағы делегаттардың бәрі бірігіп, Гагаринмен қалай суретке түскендерін сұрайды. Бұл – тек журналистке ғана емес, ұлтымызға тән әуесқойлық нышаны болса керек. Ұлттық парадигма нышандардын автордың өз бойынан да осылайша байқап қаламыз. Оның кейіпкерлерге журналист ретінде қойған сауалдары еріксіз жауап беруге жетелеп отырады. Солардың ішінде ерекше көңіл бөлуге татитыны – Үкітай Байжомартовқа қойылған сұрақ.
«Сұрақ: Сіз Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы бола тұрып, металлург Назарбаевтың «тапсырмасын» қалай орындап жүрсіз?
Жауап: Ол кезде қазіргідей шенеуніктік бюрократтық жоқ болатын. Әрі Назарбаевтың жалыны мен тегеуріні, қазақша айтқанда, мысы басып тұратын. Әрі онымен сырласуға бәріміз дайын едік» [3, б. 108].
Осы шағын диалогтан-ақ жиырма екі жасар жұмысшы Н.Назарбаевтың азаматтық әрі адами бейнесі қылаң береді. Байжомартовтың айтқан жауабы –жаңағыдай лапылдаған жас жігіттің келешекте көшбасшылық деңгейге көтеріліп кетуі таң қаларлық жағдай емес екендігін сездіретін емеурін.
Комсомолдар сьезінің екінші күнінде Н.Назарбаев жарыссөзге шығып, Одақтың әр түпкірінен келген қалың делегатты өз аузына қаратқан екен. Сөйтіп жиырма екі жасар өрен өзінің өткірлігімен, оралымдылығымен бүкілодақтың алқалы жиында сөз сөйлеп, өзінің қандай өредегі жан екендігін таныта біліпті. Оның кейін ірі масштабтағы жетекшілік сапарының алғашқы қадамы нақ осы сьезд күндерінен басталғанына көз жеткізе түсесіз.
Егер тарихи-тұлғалық тұрғыдан қараған жағдайда кез келген елдің, мемлекеттің басшысының өмірбаянына қатысты қандайда бір деректің ұсақ-түйегі болмайды. Оған дүниежүзілік публицистика тарихынан мысалдар жетерлік. Басқасын айтпағанда, Америка Құрама Штаттарының қырық төрт Президентінің қай-қайсысы жөнінде тарихшылар, әлеуметтанушылар, журналистер тиісінше зерттеулер жүргізіп, алуан сипаттағы мақалалар шығарып отырған. Арнайы кітаптар да жазылған. Авторлардың көпшілігі бір бірін қайталап кетсе де, әйеуір бір тың деректер тауып, халыққа жариялағанша асық болған. Бұның өзі де рухани сұраныстан, ақпараттық жетімсіздіктен туындайтыны белгілі.
Қазақстан Республикасының Президенті жайлы еңбек жазғандардың қай-қайсысы да өздерінің осы тақырыпқа арнаған көркем публицистикаларын тың деректермен толықтыруға ынталы. Жекелеген эпизод, факті, мағлұмат – автордың оқырманға оқыстан ұсынар олжасы. Мысалы, Қазақстан комсомолдарының делегациясымен бірге болашақ Президент Н.Назарбаевтың алғашқы ғарышкер Ю.А.Гагаринмен суретке түсуі туралы мәліметі – У.Қалижановтың өзінің іздеп тапқан фактісі.
Жоғарыда аталған «Ел мен ер» кітабында көркем көсемсөздің табиғатына ауырлау болып тиетін саяси сараптамалар, тарихи талдаулар да аз емес. Бұл араға келгенде тілге тиек етіп отырған мәселесін нақтылап, тұздықтай түсу үшін автор түрлі құрғақ деректер мен цифрларды үсті үстіне тізбелеп кіргізуге мәжбүр. Жалаң сандардың қатары көбейе түскен мұндай тұстарда көсемсөздің көркемдігінің солғын тарта бастауы да шығармашылық заңдылық. Қазақ көркем көсемсөзінің бір жүйрігі белгілі қаламгеріміз Оралхан Бөкей де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көркем көсемсөзде өз ізін қалдырып үлгірген екен. Жазушы, журналист һәм драматург Оралханның шығармашылығы неден басталды деген сауалға зерттеушілеріміз оның алғашқы кітаптарына енген туындыларының хронологиялық тұрғыдан бұрын жазылғандарын атай отырып, жауап беруге тырысатын. Мәселен, оның тырнақалды туындыларының қатарында «Сарыарқаның жаңбыры», «Терісаққан» тәрізді жазбалары аталып жататын. Көбіміз осы мәліметтерге сеніп келдік. Сөйтсек, бұл түбегейлі тұжырым емес екен.
Туғанына 70 жыл толуына орай 2013 жылы қаламгердің артында қалған жанашырлары «Біздің Оралхан» деп аталатын жинақ шығарды. Оған қаламгер жайындағы естеліктермен бірге белгілі бір себептермен өз уақытында кітаптарына енбей қалған жекелеген шығармалары да топтастырылған екен. Кітапты шығарушыларға ерекше алғыс айтуды қажетсінетін сәт осы, себебі – оған Оралханның бұрын жалпақ оқырманға беймәлім дүниелері де еніпті. Олардың басым бөлігін құрастырушы азаматтар архивтерде отырып, қаламгер алғаш жаза бастаған кездегі аудандық, облыстық мерзімді баспасөз беттерінен тірнектей жинастырған екен.
Өзінің шығармашылық өмірбаянын аудандық және облыстық газеттердің беттерінде мақала, очерк, хабарлама, суреттеме сияқты журналистика жанрларының үлгілерін жариялаудан бастаған Оралханның есімін жерлестері ең алдымен оны журналист ретінде таныпты. Демек ол шығармашылыққа әу бастан публицист ретінде келген.
Бұл арада арнайы тоқталып, басын ашап алатын басты мәселе – Оралхан Бөкей шығармашылығының библиографиясын жасауға жаңа мүмкіндіктер туғандығы. Кітапта тіпті Орекеңнің нәбір 18 жасында қағаз бетіне түсіріп кеткен дүниелері де қылаң береді. Сөз реті келіп жатқан соң, айтылып жатқан жағдай ғой, әйтпесе бұл арада ең алдымен назар аударатынымыз – өмірінің соңғы жылдары О.Бөкей жазып кеткен көсемсөз үлгілері.
Оралханмен замандас кексе оқырмандардың жадында болар, өмірінің соңғы жылдарында ол «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып жұмыс істеді. Оның соңғы жазғандарының да осы басылымның беттерінде жарияланып қалуы табиғи қисындылық.
1993 жылдың маужыраған мамыр айында асатынан дүниеден озған Орекең туған елі Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізгенін өз көзімен көріп кетті. Жалпақ жұртты қуанышқа бөлеген шаттық эйфориясының ортасында жүріп, өзінің түйгендері мен көргендерін, парықты пайымдауларын ішінара қағаз бетіне түсіріп үлгіріпті. Ендеше Оралхан Бөкейді Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жыршыларының бірі деп байырқалауға толық хақылымыз.
Әрине, бұл арада оның осы өмір сәулесі кенеттен бұлыңғыр тартып, бейуаққа айналар алдындағы жазғандарының барлығы көркем көсемсөз үлгісінің талаптарына сыйып кетеді деп айтуға болмас. Алайда жанрдың жанын кіргізіп, онсыз да өткір қаламын жанып-жанып алғандығы айқын атойлап тұрған туындыларын елемей өтсек, оқырманға тастап кеткен аманатына қиянат болып қалуы да ғажап емес. Соның нақты мысалы ретінде бір-екі туындысын ықшамдап талдай кетудің қажеттігі осындай себептен туындап отыр.
Оның біріншісі – «Президенттің бір аптасы» деп аталатын жолсапар очеркі. Аты айтып тұрғандай, мұнда тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бір апталық жұмыс сапары суреттеледі. Істің орайты келіп, Орекең осы уақытта Президенттің жанында жүрген журналистердің қатарынан табылыпты. Шілденің төртінде Алматы әуежайыныан көтерілген ұшақ Целиноград аталып келген Ақмола қаласын бетке алады. Ақмола облысының әкімі Браун қарсы алғаннан кейін, жергілікті басшылар өз қалауы бойынша Президентті Ерейментау ауданына қарай ала жөнеледі. Осындағы ауылды жердің ахуалымен, егістіктің жағдайымен танысып, кездескен жұртшылықпен азды-көпті әңгіме шерткен соң, Назарбаев мінген тікұшақтың қайтадан бет түзегені – тағы да облыс орталығы. Қалаға келе салып Президенттің «Целиноградсельмаш» заводының жағдайымен қалай танысқандығын да автор назардан қағыс қалдырмапты.
Сонан соң Елбасы бастаған топтың көп кідірместен бет алғаны – Ресей астанасы Мәскеу қаласы. Мұнда енді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы басшыларының кезекті мәжілісіне қатысуы тиіс еді. Сол мәжілістің алдында жиналған лауазым иелерінің жаппай құттықтағаны бір-ақ адам, ол – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Өйткені мәжілістің алғашқы күні ол кісінің туған күнімен сәйкес келіп қалған екен.
Қазақстан басшысы бастаған делегация Мәскеу қаласында да ұзақ кідіріп тиянақтай алмайды, өйткені Финлияндия Республикасының астанасы Хельсинки қаласында ол кісіні Европадағы қауіпсіздік және өзара байланыс жөніндегі ұйымның кезекті мәжілісі күтіп тұрған көрінеді. Енді Назарбаев осы қалаға жетіп, аталған ұйымның кезекті мәжілісіне қатысады және тек жай қатысып қана қоймастан,оның алғашқы күнгі жұмысына төрағалық етеді.
Мәжіліс арасында оның көптеген елдердің басшыларымен кездесіп, түрлі шаруалар жайында әңгіме қозғауға уақыт табатыны тағы бар. Осы қалада болған күндері очерк авторын өз Президентінің тамам жұрттың алдындғы биік беделі бір қуантса, тәуелсіздікке енді қол жеткізген Қазақстанның көк туының қаланың әр жерден асақақтай желбіреп тұруы екінші тағы қуантады.
Елбасының қасында ілесіп жүрген журналистерге бір аптаның ішінде ғана орын алған осынша шұғыл да маңызды оқиғалардың айырықша әсер етуі заңды да. Ұлттық ойлау деңгейінде шектеліп қалмастан, жарты әлемді шарлай жүріп, бүкіл адамзаттық парадигма шеңберіндегі мәселелерді көтере білуі, соған орай сөз сөйлеп, кездесулер ұйымдастыруы Қазақстан Президентінің қайраткерлік тұлғасын биіктете түсетін елеулі детальдар.
Аталған кітаптарда Елбасы жайлы, оның қоғамдық, қайраткерлік қызметі хақындағы мағлұматтар қатары едәуір. Мектептерде патриоттық бағыттағы сабақтарды өткенде бұндай кітаптарды қисынын тауып, тақырыптың мазмұнына кірістіре отырып пайдалана білсе, мұғалімдер үшін де қажетті құрал болып табыла алар еді.
Әдебиеттер
1 Қамзин К. Қазақ көсемсөз жанрларының кемелдену үдерісі. – Алматы.: Экономика, 2009. – 400 б.
2 Ибраим С. Тарихи үш оқиға // Ана тілі, 2012. – №34. – 3 б.
3 Ибраимов С. Бірлік болмай, тірлік болмас // Халық кеңесі, 1991. – 5 б.
4 Әсіпов С. Қауқарсыз қазақ мәселесі. – Алматы.: Қазақстан, 2009. – 576 б.
5 Шағатай Ж. Ащы мен тәтті. – Алматы.: Қазығұрт, 2012. – 304 б.
6 Айтматов Ш., Шаханов М. Ғасыр айырығындағы сырласу. – Алматы.: 2008. – 512 б.
7 Дәдебаев Ж. Шымырлап бойға жайылған. – Алматы.: Жазушы, 1988. – 192 б.
8 Бөкей О. Президенттің бір аптасы // Кіт.: Біздің Оралхан. – Алматы.: Орхон, 2013. – 392 б.
9 Қалижанов У. Ел мен ер. – Алматы.: Құс жолы, 2011. – 174 б.
10 Қирабаев С. Өмір тағылымдары. – Алматы.: Білім, 2006. – 480 б.
11 Штульберг А. Бескунак. – Алматы.: Ана тілі, 1998. – 176 с.
12 Бельгер Г. На изломе крутого времени. – Алматы.: Ана тілі, 1998. – 176 с.
References
1 Kamzin K. Kazak kosemsoz zhanrlarynyn kemeldenu uderisi. – Almaty.: Ekonomika, 2009. – 400 b.
2 Ibraiym S. Tarihi ush okiga // Ana tili, 2012. – №34. – 3 b.
3 Ibraiymov S. Birlik bolmay, tirlik bolmas // Хalyk kenesi, 1991. – 5 b.
4 Asipov S. Kaukarsyz kazak maselesi. – Almaty.: Kazaxstan, 2009. – 576 b.
5 Shagatay Zh. Ashy men tushy. – Almaty.: Kazygurt, 2012. – 304 b.
6 Aitmatov Sh., Shahanov М. Gasyr aiyrygyndagy syrlasu. – Almaty.: 2008. – 512 b.
7 Dadebayev Zh. Shymyrlap boyga zhaiylgan. – Almaty.: Zhazushy, 1988. – 192 b.
8 Bokey O. Prezidenttin bir aptasy // Kit.: Bizdin Oralhan. – Almaty.: Orhon, 2013. – 392 b.
9 Kalizhanov U. El men er. – Almaty.: Kus zholy, 2011. – 174 b.
10 Kirabayev S. Omir tagylymdary. – Almaty.: Bilim, 2006. – 480 b.
11 Shtulberg А. Beskunak. – Almaty.: Ana tili, 1998. – 176 s.
12 Belger G. Na izlome krutogo vremeni. – Almaty.: Ana tili, 1998. – 176 s.
УДК: 821.512.122-3
Этический смысл уроков независмости
Ақыш Н.Б.
babe8812@mail.ru
Главный научный сотрудник Института Литературы и искусства им.М.О.Ауэзова, доктор филологических наук,
Ақыш Б.Ө.
Казахский университет международных отношений и мировых языков имени Абылай хана, кандидат филологических наук, доцент,
Жетписбаева М.
Ассоцированный профессор Казахского Национального университета им.Аль-Фараби, кандидат философских наук
Аннотация. В этой статье анализируется, что в казахской публицистике как описывалось противоречия на верхном эшелоне власти в связи установления независимости страны и роль Елбасы в решений таких акутальных проблем. Вместе с тем доказывается,что пониятие «Мәңгілік ел» («Вечная страна») не простой популизм, а истроический корень этого идей идет из глубины веков. Обьектом исследовании являются публицистического эссе «Три исторических событии» («Тарихи үш оқиға») С.Ибраима и публицистическая книга «Страна и герой» («Ел мен ер») У.Калижанова.
Ключевые слова. Независимость, художественная публицистика, фактор, хроника, репортаж, парадигма, схематика, кредо, штрих, эпизод, тенденция, очерк, акцент, эссе.
UDC: 821.512.122-3
Ethical meaning of lessons of independence
Akysh N.
Doctor of philological sciences, senior science officer of Institute of literature and art after M. O. Auezov,
Akysh B.U.
Candidate of philological sciences, associate professor of Kazakh Ablai khan University of International Relations and World Languages,
Zhetpisbayeva M.,
candidate of philosophical sciences, associate professor of Kazakh National University after Al-Farabi
Annotation: This article analyzes how power contradiction in connection with independency establishing and role of the Head of the State was described in Kazakh publicist. At the same time, article proves notion that “Mangilik el” («Eternal state») is not just populism, but historical root derives from olden times. Objects of investigation are publicist essay “three historical events” of S. Ibraim and publicist book “State and hero” of U. Kalizhanov.
Keywords. independence, art journalism, factor, chronicle, reportage, paradigm, schematic, credo, stroke, episode, trend, essay, accent, essay.
Достарыңызбен бөлісу: |