ӘОЖ 93
Ш 62
Шашаев Ә.Қ.
Шашаев А.К.
Shashaev A.K.
«Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі,
т.ғ.к., доцент. Тараз қаласы, ТарМПИ
Taraz State Pedagogical Institute, Head of Department of History of Kazakhstan
shashaevauezhan@mail.ru
ЕЖЕЛГІ ДЕРЕКТЕРДЕГІ АМАЗОНКАЛАР ТУРАЛЫ ТАРИХИ МӘЛІМЕТТЕР
ИСТОРИЯ АМАЗОНОК В ДРЕВНИХ ИСТОЧНИКАХ
HISTORY OF AMAZONS IS IN ANCIENT SOURCES
Аннотация
Мақалада тарихи деректерді жан-жақты талдай отыра жауынгер әйелдердің (амазонкалар) шығу тегі және олардың таралу аймағы қарастырылады.
Түйін сөздер: Рим, Греция, амазонкалар, Геродот, Гомер, сақтар, скиф, ер апа.
Аннотация
В данной статье на основе широких источниковедческих материалов рассматриваются ареал обитания женщин - войнов (амазонок) и этимология термина амазонки.
Ключевые слова: Рим, Греция, амазонки, Геродот, Гомер, саки, скифы, женщины воины.
Annotation
In that article, bazed soure on extensive source materials examined habitat of women warrios (the amazons) and the etimology of the term Amazons.
Keywords: Rome, Greece, amazons, Herodotus, Homer, saka, scyfhians, women warriors.
КІРІСПЕ / ВВЕДЕНИЕ / INTRODUCTION
Ежелгі замандағы жауынгер әйелдердің тайпасы мен олардың ерлік істері, жаулап алу жорықтары туралы зерттеулер әлі күнге қолға алынбай, өз құпиясын тереңде жасырып отырғаны белгілі. Міне осыған байланысты біз өз зерттеуімізді өзекті болып табылатын осы мәселеден бастамақпыз.
Мақалада ежелгі грек және рим авторларының шығармаларында кездесетін «амазонкалар» дегеніміз кімдер және олар аңыздың кейіпкерлері ме, жоқ әлде тарихта түбірі бар ма деген сұрақтарға жауап беру үшін жоғарыдағы аталған шығармаларға талдау жасалынады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ / ОСНОВНАЯ ЧАСТЬ / MAIN PART
Ең алдымен «амазонка» атауының шығу тегіне тоқталайық. Бұл үшін тарихтың атасы аталған Геродоттың (б.д.д. 485-425) «Тарихынан» үзінді келтірейік: «...Эллиндер жауынгер әйелдермен-амазонкалармен соғысыпты деседі. Скифтер амазонкаларды «эорпата» (яғни эллин тілінде еркектерді өлтірушілер деген мағына береді, «эор»-еркек, «пата»-өлтіру деген сөз) деп атайды» [1]. Міне осы дерекке жүгіне отырып, мынадай қорытынды жасауға болады:
Біріншіден, гректердің барлық көрші көшпенді тайпаларды, яғни сақтарды «скифтер» атауымен атағандығы белгілі;
Екіншіден, сақтардың кейінгі ұрпақтары түркілер екендігі және олардың тілдік қаймағының қаншалықты өзгерістерге ұшырағанына қарамастан түбірлік мәнінің өзгермегендігі;
Үшіншіден, осы түбірлік мәнге сүйене отырып, «эор» эллиндік тілде емес, керісінше, сақ (скиф) тіліндегі «Ер»-еркек, ал «пата»-«опат» немесе «апа» дегенді білдіруі мүмкін деп топшылауға болады. Әрине, Геродоттың сақтардың тілін білмегендіктен осындай байлам жасауы да мүмкін, соған қарамастан ол осы атаудың неғұрлым дұрыс түсініктемесіне жол салған. Амазонкалар туралы аңыздың тым ертеректе, ең алғаш рет Гомердің (шамамен б.з.б. VIII ғ.) Илиада дастанында айтылғанын еске алар болсақ, (...Ер жүректі еркектей амазонкалар тауып алған күні. Илиада. III кітап, 190) [2], оның сонау аналық (матриархат) дәуірден бастау алатынын айта аламыз.
Төртіншіден, ежелгі дүние қолөнер туындыларындағы амазонкалардың бейнелену ерекшелігіне көңіл аударғанымыз жөн, үнемі ат үстінде, киімдері ерекше (тоқылған немесе теріден жасалған шалбар мен белі буылған кеудеше, сәукелеге ұқсаған шошақ бас киім, қорамсақ, садақ, найза және т.б. (бір сәт көз алдымызға сақ қорғандарынан табылған «Алтын адамды» елестетеді емес пе?), қару жарақтары, ат әбзелдері мен құйрық жалының әсемделуі, бет келбеттері олардың шығу тегіне меңзеп тұр ғой.
Ежелгі Шумерлерде қазіргі тіліміздегі «ата» және «ана» атаулары «ада» (әке) және «ама» (шеше) деп аталатынын ескере болсақ [3], «амазон» былай деп талданар еді: «ама» (ана) «зон», «зан» немесе бұрмалауға ұшыраған «жан», сонымен «анажандар» немесе тегі «аналар». Әрине, бұл біздің топшылауымыз, соған қарамастан аналық билік дәуіріндегі оқиғалар желісінен алынған аңызға жүгінер болсақ, бұның біршама шындық негізі бар екендігін ұғына аламыз.
Грек тарихшысы Диодор Сицилийский (шамамен б.з.б. 90-21 ж.ж.) өзінің «Кітапхана» деген шығармасының екінші кітабында мынадай мәлімет келтіреді: «44 (1) Осыдан кейін Скифияда бірде патшалар ауысуы аралығында тақ бос қалған кезде әйелдер күшпен таққа отырды. Бұл халықтардың әйелдері ерлер сияқты соғысуды үйренеді және ержүректігі жөнінен олардан кем емес, сондықтан көптеген ұлы ерліктерді Скифияда ғана емес, онымен көршілес жерлерде де даңқты әйелдер жасаған» [4]. Әрине бұл келтірілген дерек кейінгі оқиғаларды, яғни Томирис патшайым кезеңін меңзеп тұрғанымен деректің келесі бір бөлігінде олардың амазонкалардың үрім-бұтағы екендігі айқындалады: «45 (1) Фермодонт өзенінің жағалауында (Қара теңіздің шығыс жағалауындағы – Ә.Ш.), әйелдер басқаратын халық өмір сүреді, олар еркектермен бірдей әскери іспен шұғылданады. Патшалық билікке ие болған олардың бірінің ерлігі мен күш жігері айрықша болыпты: (2) ол әйелдерден жасақ құрып, оларды соғыс өнеріне үйретеді, сөйтіп көршілерінің бірін бағындырады. Күннен-күнге ерлігі асып, даңққа бөленген ол көрші тайпаларға үнемі шабуыл жасайды, табысқа мақтанған ол бірде өзін Арестің (соғыс құдайы-Арес немесе Ұрыс) қызымын деп жариялайды да, еркектерге жүннен иірілген жіп беріп (ұршық - Ә.Ш.), әйелдердің үй шаруасын соларға жүктейді; содан кейін әйелдерді жауынгерлік сайыстарға шақыратын, ал еркектерді бағыныштылық пен құлдықта ұстайтын заң шығарды» [5]. Міне аналық дәуірдің айқын бейнесі осы деректе нақты көрсетілген.
Достарыңызбен бөлісу: |