«Орта Азия елдеріндегі қазақ диаспорасының материалдық мәдениеті және ерекшеліктері» атты төртінші бөлімде аумақтағы қазақтардың қонысы, үлгілері, баспана түрлері мен құрылысы, ұлттық киімдегі жергілікті үлгілер мен ас-тағам мәдениетіндегі ерекшеліктер арнайы зерттеулермен қатар ел арасынан жиналған материалдар негізінде айқындалды.
Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың азырақ бөлігі өзбек, тәжік, қырғыздармен қатар тау етектеріндегі ірі қыстақтарда да орналасты. Бұлардың көшесі тар болып, терезелері аулаға қарап, бау-бақша егілген. Қоныстарының екінші бір түрі тәлімі егіншілік аудандардағы қазақ, қырғыздардың майда қоныстары. Олардың үйлері жоспарсыз, тастан соғылған. Енді, келесі бір түрі көлемі кішірек мерзімдік тұрақтар болды. Тау қуыстарындағы қоныстарға мысалы Бостандық ауданының Шақшам ауылындағы қазақтарды жатқызуға болады. Құмда, құдық маңайына орналасқан қоныстарға Қызылқұм қазақтары не Түркіменстандағы қазақтардың тұрағын жатқызамыз. Қазақ қоныстары көбіне өз тегіне қарай көше не ауыл болып орналасты. Орналасудың бұл тәртібі жер иелігіне қарай сақталғанмен, соңғы кезеңдерде Өзбекстанда болмаса басқа аумақтарда жергілікті халықтармен араласып кеткен.
1920 ж. отырықшы қазақ селоларының 378-і Ташкент уезінде болды. Аймақтар бойынша Келес өзені бассейнінде қазақтың 136, өзбектің осы бассейнінде-16 қонысы, қазақтардың 214, өзбектердің 105 қонысы Шыршықта, қазақтардың 28, өзбектердің 29 қонысы Ангренде шоғырланды. Алтын, Жетісу, Үштамғалы, Шарапхана болыстықтарында тек қана қазақтардан тұратын поселоктар болса, 12 болыстықта аралас қоныстар болды. Қазақтардың қоныстарының көлемі өзбектердікіне қарағанда кішірек болды. Өзбек қоныстары Ниазбекте көбірек болса, Шыршықтың басқа болыстықтарында қазақтардан кемірек. Айта кету керек, қазақ ауылдарының барлығы ру-ру болып орналасты. 300-ден кем тұратын қазақ қоныстары 56% болса, 100 адамнан кем тұратын өзбек қишлақтары Түркістан АКСР-де 8-9% құрайды 42,102-103пп.. Сондай ақ, қазақтардың Ташкент уезі бойынша ең үлкен ауылы 3000 адамнан тұрған, оның өзі 3-еу ақ, 2000-ға дейінгі адамы бар 18 ауыл болған. Ал керісінше адамы аз 400 адамнан тұратын 198 қоныс, 200 адамнан тұратын 78 қоныс, 400-ден 500-ге дейін адамы бар қоныс 38 болған. Ал, енді мерзімдік қоныстарда халықтар бір ауылда топталып, ұяға ұқсап қоныстанатын. Олар Ангрен, Орта Шыршық, Паркент, Жоғары Шыршық аудандарындағы Баис, Бұзаушы, Балта, Қоңырат, Рамадан, Сіргелі. т.б ауылдарына тән болған. Ташкент уезінің Байтқорған қишлоғында 334 өзбек, 16 қазақ жанұясы, Қыбрайда 334 өзбек 7 қазақ, Паркентте 1415 өзбек, 40 қазақ жанұялары болған. Қазақтардағы ретсіз қоныстар 50 жылдардың аяғына дейін сақталды. 1960 ж. бастап өзбек қоныстарына тән баспаналардың қамал түріндегі биік дуалдармен қоршалуы қазақтарда да етек ала бастады. Түркіменстанның көшпелі аудандарында да қазақ, түркімен ауылдары ру белгісіне қарай бөлінеді. Ауылдары аса үлкен емес. Шаруашылықтағы ауылдар 200 адамға дейін біріктіріледі. Сондай қазақ ауылдары 92%, қырғыз ауылдары 52%, түркімен ауылдары-80% құраған. Қырғызстанда да 100-200 адамнан тұратын қазақ қоныстары көбірек болды. 300 адамнан кем қырғыз поселоктары 56%, 100 адамнан кем 16 , 100-500 адамнан тұратын қоныс 59 % құрайды ірі селолар өте аз. Қырғызстанның оңтүстігінде 100 адамнан кем қоныстар көбірек болса, Түркімен поселоктарында 100 адамнан кем 30-52%, 100-500 адамы бар қоныстар 40-65% , ал Тедженде 84% құрайды. Қазақ қоныстарының отырықшы өзбек, тәжік халықтарының қоныстарымен салыстырғанда біршама ерекшелігі болды. Бір жағынан егіншілікпен, екінші жағынан мал шаруашылығымен де айналысқан қазақтардың қоныстары, кең аймақты алып, рулық белгісіне қарай шашыраңқы орналасып, өзбектердің қишлоқтарына қарағанда көлемі кішірек болды.
Үй құрылысының негізгі материалдары қам кірпіш және пахса болған. ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басында пахса қазақтарда үй құрылысы үшін көп пайдаланыла қойған жоқ. Оны көбіне шаруашылық құрылыстарын, оның ішінде қора қопсыларды салуда пайдаланған. Сол кезеңде ауқатты кісілер үйлері үшін 30 х 30 болып келетін қам кірпішті көбірек пайдалана бастады. Мұндай кірпіштердің пайдалануын А.К Писарчик тек ХХ ғасырдың бас кезеңіне жатқызады. ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. 30-40 жылдарына дейін Өзбекстан қазақтарының баспаналарының бірі шым үйлер болған. Кейін келе жергілікті өзбектермен қоян-қолтық араласуына байланысты үстіміздегі ғасырдың 30 жылдарынан бастап қазақтар да «пахса» әдісімен үй салу кең етек жайған. У.Х. Шалекенов те өз еңбегінде:” Қарақалпақстандағы қазақтардың үйлерінің қабырғалары пахсадан тұрғызылды. Әрбір қабаты 50–60 см. биіктігі 3 қатар пахсадан тұрып, оның қабырғасы жоғарылаған сайын жіңішкере түседі. Пахсадан салынған үйлер Тақтакөпір, Беруни, Төрткүл және Ходжелі қазақтарында көбірек кездесіп, құрылыстары өзбектердікіне ұқсайтындығын айтады 4, 207,221 бб.. Мұндай үй салу бүгінге дейін жиі кездеседі. Қам кірпіштен соғылған үйлер Қарақалпақстанда Шымбайда, Теппекул ауылдарында 60 үй қазақ, Қараойда – 30 үйдей бар. Көне Үргеніштегі және соған тиіп жатқан аймақтардағы дәстүрлі баспана түрлерімен қоса баспанадан алыс емес, қора-қопсыдан бөлек 2 не 3 камералы үйлер кең тараған. Үш камералы үйлердің орталығын дәліз не айван алады. Жаз кездерінде отбасы мүшелері уақытының біршама бөлігін айванда өткізеді .
Орта Азия елдеріндегі қазақтардың баспана құрылысына жергілікті халықтардың ықпалы зор болған. Сондықтан да олардың үйлері көше жақ бетке салынып, қора қопсылар аулаға тік бұрыш түрінде орналасты.. Сол сияқты Өзбекстан қазақтарының баспаналарының бір ерекшелігі «айван» және «балохондардың» болуы. Айванның төбесі жабық, жан-жағы ашық кейде 40-50 см-дей қаланған кірпіш қабырғасы болады. ХІХ ғ. аяғында айвандар екі бөлменің ортасына не бір бүйірден салынса, қазіргі кезде олар көбіне үйдің алдына салынады. Балохондар ертеректе үйдің төбесіне салынатын. Ол бұрынырақ қонақ қабылдайтын жер болса, соңғы кезде шөп, жем сақтайтын орынға айналған. Өзбекстан қазақтарының Қазақстандағы қазақтардың баспаналарынан айырмашылығы әр-түрлі жайлар мен верандалардың болуы. Есіктің алдына бөлек не жапсыра қойылған тақтайлар, балшықтан жарты не бір метрдей көтерген суфалар (сәкілер) жиі кездеседі. ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап кеңінен тарай бастаған осындай ерекшеліктер бүгіндегі қазақтардың үй-жай соғу әдісіне, тәртібіне толығымен кірген.
Ташкент уезінің Жаусоғым, Алтын, Іріжар (Шардара), Майдантал, т.б болыстықтарындағы қазақтардың көктемде, жазда және күзде тұратын баспаналарының бірі киіз үй болған. Киіз үй Өзбекстан қазақтарының ауқаттыларында ХХ ғасырдың 50-60 жылдарына дейін сақталған. 1921 жылы Самарқанд облысына этнографиялық экспедициямен барған М.С Андреев былай деп жазды: «Мен аралаған Жызақ, Самарқанд, Қаттақорған уездеріндегі ауқатты қазақтар балшықтан соғылған үйлерде емес, киіз үйлерде тұрғанды қалайды. Киіз үйлер мұнда тек байларда ғана сақталған»,- деп көрсетеді. Қарақалпақстанның Қоңырат ауданындағы қарақалпақтарда киіз үйді ұстанғанын, бұл баспана түрі Орта Азия халықтарында ұқсас екендігі жөнінде талдау жүргізген С. Жолдасбаевта өз еңбегінде көрсетеді. Ал, Солтүстік Түркменстанда қазіргі кезде де киіз үйлер кездеседі, бірақ олар көбіне жаздағы жатын орын ретінде пайдаланылады. Ақ отауды өзбектер мен қыпшақтар қара киіздің сыртынан ақ матамен қаптап та жасайтын болған. Ол бір-екі жылдан кейін тозып, қара үйдің өзі қалатын. Әмудария өзені бойындағы қазақтар қарақалпақтар сияқты киіз үйдің туырлығының орнына шиді көбірек тұтынады. Оның себебі үйдің салқын болуын қалағандықтан. Шидің жоғары бөлігі үзіктің киізімен жабылады.
Достарыңызбен бөлісу: |