Зерттеудің ғылыми жаңалықтары: алғаш рет отандық тарихнамада Орта Азиядағы қазақтардың этникалық тарихы, тұрмысы мен мәдениетіндегі этнографиялық ерекшеліктері, бөгде ортада дәстүрлі мәдениеттің сақталуы мен өзгерісі мәселелеріне компаративті талдау жүргізіліп, кешенді түрде зерттелді.
Диссертациялық зерттеуде жаңалықтардың басым бөлігі алғашқы зерттеу нысаналары болып табылады:
- Орта Азияның территориялық кеңістігіндегі өзгерістер талданып, әкімшілік–аумақтық басқару құрылымының тарихы патшалық отарлаудан қазіргі кезеңге дейін жүйеленді;
- Орта Азиядағы қазақ диаспорасы мен ирредентінің қалыптасуымен қоныстану тарихының кезеңдері айқындалды;
- Өзбекстанның Қазақстанмен шекаралас аудандардағы кейбір территориясы Орта Азия қазақтарының ежелден тұрақтаған ата-мекені екендігі және Орта Азияның ұлттық-территориалдық шекарасын межелеудегі территориалдық даулардың себептерін көрсететін мұрағат деректері мен зерттеулер топталып, талданды.
- Орта Азиядағы аумақтар бойынша қазақтардың рулық құрамы мен ондағы кейбір рулардың ежелгі тайпалармен сабақтастығы нақты деректермен негізделіп, шоғырланған орталықтары нақтыланды.
ХІХ ғ. ІІ жартысынан қазірге дейінгі Орта Азиядағы қазақтардың сандық құрамы, өзгерісі, жергілікті халықтардың санымен салыстырылып, демографиялық өсу, кему динамикасы статистикалық мәліметтер және әр кезеңдерде жүргізілген санақтар негізінде зерделенді;
- Қазақтардың дәстүрлі шаруашылық түрлері, ондағы дәстүрліліктің сақталуы мен дамуы және жергілікті халықтардың этноэкономикасымен ұқсастығы сараланып, өзараықпалдылық негізінде қабылдаған шаруашылықтағы кейбір еңбек бейімделігінің ерекшеліктері көрсетілді;
- Зерттеулер мен ел арасынан жиналған материалдар негізінде қазақтардың материалдық мәдениетінде ұлттық болмысымызды айқындайтын дәстүрлі элементтердің сақталуы мен бөгде ортаның ықпалдастығы нәтижесінде қазақ тұрмысына этноэволюциялық жолмен енген материалдық мәдениет элементтері: баспана, киім, тағамындағы ерекшеліктер айқындалды;
- Ел арасынан жиналған материалдар негізінде Орта Азия қазақтарындағы отбасы және неке құрылымы, түрі, отбасылық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердегі дәстүрлі мәдениеттің сақталуы мен жаңашылдығы, отбасылық салт-дәстүрде этникалық территориядағы жергілікті халықтардың ықпалы мен әсері айқындалды;
- Қазіргі кездегі Орта Азияның этномәдени үдерістеріндегі негізгі бағыттар мен аймақтық ерекшеліктер және өзгерістердің қазақ халқының этникалық дамуына тигізетін ықпалы сараланды.
- Статистикалық және баспасөз материалдар негізінде қазіргі кезеңдегі Орта Азия елдеріндегі қазақтардың тарихи Отанға оралуының негізгі саяси-әлеуметтік себептері мен орналасу аймақтары және төл ортаға бейімделу проблемалары көрсетілді.
Достарыңызбен бөлісу: |