Еркін де еңселі әрі қауіпсіз қоғамға



Дата11.01.2017
өлшемі226 Kb.
#6877
Еркін де еңселі әрі қауіпсіз қоғамға

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2000 жылғы 25 қазан

      Тарихта өткенді еске алу үшін ғана емес, сонымен қатар келешегімізді бағамдау үшін де еріксізден кешегімізге көз тіккізетін тұстар бар. Осыдан тура он жыл бұрын өзіміздің тәуелсіздікке бағыт алуымыздың заң жүзіндегі бастауы болған Мемлекеттік егемендігіміз туралы Декларация қабылдаған еді. 
      Өткенді өзгерту Құдайдың да қолынан келмейді дейтін сөз бар. Сондықтан да, қысқа ғана уақыттың - небәрі он жылдың ішінде өзіміз өткен ұлан-ғайыр жолда, енді қайтіп ешнәрсені өзгерте алмайтынымызды мойындағанымыз мақұл. Бұл жолдағы біздің жаңсақтығымыз бен жетістігіміз де, жеңісіміз бен жеңілісіміз де тарихтың еншісіне айналып отыр. 
      Егер тарихқа қарапайым деректердің жиынтығы ретінде қарамай, оны терең мәнді етене байланыстағы оқиғалардың сабақтастық ретінде екшейтін болсақ, онда осы он жылдың ауқымы мен тегеуріні келер ғасырдағы келешегімізді айқындайтындай жаңа қырынан ашыла түседі. 
      Біздің жас еліміздің кешегісі мен келешегінің арасындағы бұл байланысты мынадай қарапайым тұжырым бейнелей алады: тиімді экономика, либералдық қоғам, ұлттық қауіпсіздік. 
      Келесі 2001 жыл - біздің тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы. Ұлттық тарихтың бірде-бір он жылы өткен оқиғаларының шиеленісі мен шамырқанысы жағынан, жасампаздық істерінің маңызы жағынан дәл мұндай ширықпалы болған емес, мұның бағасын біз емес, келер ұрпақ беруі керек. 2001 жылғы күллі ахуал осы мезеттің мән-мағынасын пайымдауға арналса ләзім. 

1. Елдің экономикалық дамуының келешегі



      Германияның соғыстан кейінгі канцлерінің бірі нарық дегеніміз ашық болған жағдайда ғана аман алып қалатын парашют сияқты деген екен. Бұл осыдан он жыл бұрын біз білмеген ақиқат, онда біздің экономикадағы қозғалысымыз қараңғыда қарманған адамның халіне ұқсайтын. Ол кезде ашық нарық жайлы әңгіме қозғаудың өзі мүмкін емес еді. Біз кеңестік экономиканың орасан зор сыртқы қарызынан қарманып, құрдымға кетіп бара жаттық. Сөрелерді бос қалдырған экономика қаңыраған сөрелер экономикасына айналды. Ақша дегеніңіз әдіпті қағазға айналып кетті. Мыңдаған кәсіпорындар тоқтап, жүздеген мың адам жылы орындарын суытуға мәжбүр болды. 1990 жылғы қазанда жан сақтаудың өзі қиын түйінге айналды. Адам жады жамандықты ұмытуға бейіл, сол кездегі жансыз қалған экономика бүгін бізге бағзы біреудің басынан өткен ертегідей елестейді. 
      Шұғыл әрекет жасау керек болды. Біз жекешелендіру жүргіздік, мүлде өзге салық жүйесін қолға алып, отандық кәсіпкерлікті жасақтай бастадық. Осы заманғы банк жүйесін құруды да жоқтан бастауымызға тура келді. Біз өте қатал бәсекешіл сыртқы нарықта табан тірер тауашамызды таба білдік. Ауылдағы экономикалық қатынастарды қайта құрдық. Сонымен бір мезгілде ұлттық Қарулы Күштерімізді жасақтаудан бастап, әлемнің ондаған елдерінде елшіліктерімізді құруға дейін дербес мемлекет орнатудың аса қиын міндеттерін шеше бастадық. Біз жанға бататын реформаларға баруға мәжбүр болдық. Реформалардың әлеуметтік салмағы, әсіресе, оның бастапқы кезеңінде тым ауыр соқты. Міндеттің ауыр болғаны соншалық: тәуелсіз Қазақстан бола ма, жоқ па деген сауалдың өзі қабырғасынан қойылды. 
      Алайда, соңғы тоғыз жылда жүргізілген сол реформалардың есебінен ғана біз тұрақтылығымызды сақтап, ТМД-ның барлық елдеріндегі деңгейге қарағанда, ең жоғары экономикалық өрлеуге қажетті қарқын алдық. 
      Бұл бос сөздер емес. Бұл дау туғызбайтын дәйектер. Биылғы тоғыз айдың ішінде өнеркәсіп өнімін өндірудің өсімі 15 пайыз артып отыр. Сыртқы сауда айналымы 30 пайызға жуық, ал экспортымыз 80 пайыз өсті. Негізгі капиталға деген инвестициялар 13 пайыз, халықтың банктердегі салымдары 83 пайыз, ал нақты секторды несиелеу көлемі 60 пайыз артты. 
      Сегіз айдың ішінде сауда теңгерімінің 2,6 миллиард доллар оң өзгеріміне қолымыз жетті, төлем теңгерімінің пайдалылығы да өсе түсті. 
      Халықтың жан басына шаққандағы атаулы ақшалай кірісі 21 пайызға жуық, ал орташа жылдық ақшалай шығысы 22 пайыздан астам артып отыр. 
      Экономикалық тіршілігіміздің міндеттерін шеше отырып, біз бір сәтте келешегімізді естен шығарғамыз жоқ. Сондықтан да мен осыдан үш жыл бұрын  "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі дамуының Стратегиясында"  келешекке деген көзқарасымды баян еткен едім. 
      Біздің экономикамызға тіке салқынын тигізген 1997-1998 жылдардағы бірқатар аймақтық дағдарыстарға қарамастан, стратегиямызға өрілген барлық экономикалық өлшемдеріміз іске асырылды. 
      Еліміз бүгін жаңа астанадан басқарылады. Жекелеген сенімсіздіктерге қарамастан, астана берік ірге тепті. Басқару жүйесі күйрейді дейтін күйкі сәуегейлікке қасақана біз күллі әлемге, бәрінен бұрын өзімізге алға қойған ұзақ мерзімді мақсатымызға жете алатынымызды дәлелдедік. 
      Біз өз стратегиямызда басымдықтарды рет-ретімен дұрыс қоя білдік. Ұлттық қауіпсіздік және еліміздің аумақтық тұтастығы, шекарамызды сенімді қорғау және саяси тұрақтылықты сақтау бағыттарында тындырылған істер аз емес. Осыдан үш жыл бұрын дағдарыс кезінде өмірден алшақ емес сияқты елестеген экономикалық өрлеу мен халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруы бүгінгі таңда біртіндеп нақты шындыққа айналып келе жатыр. Біз еңбекақының деңгейі жөнінен ТМД-да бірінші орын аламыз. Біз бірінші болып жинақтаушы зейнетақы қорын құрдық. Бүгінгі күні зейнетақы қорларындағы салымдар 80 миллиард теңгені құрап отыр. 
      Стратегияда белгіленгендей, біз өзіміздің энергия ресурсымыздың әлеуетін дәйекті түрде дамытып келеміз. Бүгінгі таңда Қазақстан 32 миллион тонна мұнай өндірсе, енді он жылдан кейін 100 миллион тонна мұнай шығаруға жетеміз. 
      Осы қиын-қыстау жылдардың ішінде ең жоғары халықаралық өлшемдерге сай келетіндей етіп, Ақтау портын жаңғырттық. Соңғы үш жылда жаңадан салынған көпірлер, жолдар, әуежайлар аз емес, ал жаңаланғандары одан да көп. Бұл ретте осы жуырда ғана Семейде ашылған Ертістегі тамаша көпірді атасақ та жеткілікті. Мұның бәрі де, сайып келгенде, стратегиялық инфрақұрылымға қосылған үлес, ал онсыз бірде бір елдің болашағы жоқ. 
      Біздің ең басты инвестицияларымыз - адамдарға жұмсалған инвестициялар. "Халық денсаулығы"  бағдарламасы  емдеу мекемелерін вакциналармен қамтамасыз ету проблемасын толығымен шешіп берді. Біз 1990 жылдары белең ала бастаған қатерлі нышанның бетін қайтардық, өкпе ауруымен науқастану азая бастады. Әлеуметтік бағдарламалардың ең бір тиімдісі мектептерді компьютерлендіру болып отыр. Біз таяу уақытта бүкіл білім жүйесін 100 пайыз компьютерлендіруге жетеміз. 
      Күні кеше біз Түркістаннан оралдық. Онда түркі мәдениетінің осынау бірегей орталығының мыңжарым жылдық мерекесі өткізілген еді. Осы мерекенің Мәдениетті қолдау жылы өткізіліп отырғаны ерекше мәнді. Бұл ғажайып мекенде "бәрі ұмытылса да, мәдениеттің ұмытылмай қалатын дүние" екенін пайымдайсың. Біздің өз мәдениетімізді ұмытуға қақымыз жоқ. 
      Тегінде, не ісі жоқ, не сөзі жоқ пәтуасыздар ғана сын тезіне түспейді дейтін түсінік бар. Әлбетте, біз мәдениетімізге қарыздармыз, алайда ештеңе істелмеді десек, мұнымыз шындыққа кереғар келер еді. Қазақстанда биылдың өзінде 468 кітапхана, 238 клуб, 5 театр, 5 мұражай ашылды. Барлығы мыңнан астам мәдениет объектілері жаңадан ашылады немесе бұрын жабылғандары қалпына келтіріледі. Біз мәдениет ошақтарын жаңарту мен жөндеуге үшжарым миллиард теңгеден астам қаржы жұмсадық. Биылғы жылы ғана Астанада Мемлекеттік мұражай мен опера театры, Петропавлда музыкалық драма театры, Оралда музыкалық театр ашылды. Алматыда опера театрын жаңарту жұмысы аяқталады. Осы орайда елеусіз көрінгенмен, маңызы зор бір санды да атай кетейік: еліміздің ауылдық кітапханаларына жарты миллионнан астам жаңа кітаптар беріледі. Бюджеттің жобасында 2001 жылы мәдениетті дамытуға 600 миллион теңге артық жоспарланып отыр. 
      Біз мемлекеттік қызметшілерді іріктеу жүйесін түбегейлі өзгерттік. Басқа елдер ондаған жылдарын сарп еткен жұмысты біз соңғы екі жылдың ішінде іске асырдық. Тоғыз мыңға жуық мемлекеттік қызметші ашық конкурстың нәтижесінде 2000 жылдың ішінде қызметке қабылданды. Ал мұның өзі мемлекеттік лауазымға конкурстық қабылдау жүйесін өткен-кеткен тарихында білмеген, мәселені үнемі телефон мен сыбайластық арқылы немесе саяси сенімділігі деген негізде шешіп келген елде іске асырылып отыр. 
      Ұзақ мерзімді стратегиямызда белгіленген реформалардың бірінші кезеңі аяқталды, ал алғашқы үш жылға алдымызға қойылған басты міндеттер орындалды. 
      "Жақсы жоспарларды жобалаушылардың желі оңынан тұрады, ал жаман жоспарларды орындаушылардың жұлдызы оңынан туады" дейтін нақыл бар. Өз стратегиямыздың осындай күйге ұшырамауы үшін оны әлеуметтік-экономикалық дамудың бесжылдық индикативтік және онжылдық стратегиялық жоспарына жіктеп, бірсыпыра қысқа мерзімдік құжаттар мен қамту арқылы нақтылай түсу қажет. Бұл жоспарлардың қисыны экономикалық өрлеудің ұзақ мерзімдік басымдығына негізделуге тиіс. Біздің таяу жылдардың өзінде бірсыпыра міндеттерді шешуіміз керек. 
       Бірінші.  Үкімет пен Ұлттық Банк макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтаудың негізгі тұтқасы ретінде бюджет тапшылығының жедел қысқартылуын қамтамасыз етуге тиіс. 
      Бюджеттің 2001-2003 жылдарға арналған жобасында Үкімет мұндай міндеттерді қойып отыр. 2002 жылдың бюджетінен бастап, бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің біржарым пайызынан аспауға тиіс. 
      Үкімет шикізат нарығында істейтін компаниялардың астан кірістерін алудың тетіктерін табуға тиіс. 
      Акциздер мен басқа да бірқатар салықтар бойынша алымдардың деңгейі төмен, көңіл көншітпейді. Әкімдердің қолдау қаржы мен алымдар алуды ғана көздеп кетпей, жергілікті жерлерде кірісті шоғырландырумен көбірек шұғылданғаны жөн. Бұған қажет заң жобалары мен бюджет қаражаты әзір. Ендігі жерде осы заңдарды қабылдап, кірістің негізін кеңейту керек. Биылғы жылдың соңына дейін 1 қыркүйекте мен ұсынған заңдар дестесі, ең алдымен Салық кодексі қабылданады деген үміттемін. 
      Әсіресе жергілікті жерлерде басқару буындарын қысқартып, оларды дәйекті түрде жеке секторға көшіру қажет. 
      Борыштар мен қарыз алудың іс-тәжірибесі де қанағаттанарлық емес. Қарыз алғанда қандайда қысқа мерзімді, қымбатқа түсетін қарыздардан бас тартып, ұзақ мерзімді жеңілдікті қаражатқа ден қою қажет. 
      2002 жылы мемлекеттік бюджеттің Республика, облыстар мен аудандар арасындағы кіріс пен шығыс бөліктерінің бөлінісін аяқтаған жөн. 
      Икемді ауқымды саясат жүргізу мен дағдарысты жағдайда бюджет үшін резерв жасақтау міндетін іске асыру ұлттық қорда тиімді жинақтаулар жасау мен оның активтерін басқарудың жақсартылуын талап етеді. 
      Сақтандыру нарығын, құнды қағаздар нарығын жаңа деңгейге көтеріп, зейнетақылық жинақтауларды пайдалану қажет. 
      Біздің бизнесшілеріміздің шет елдерде сақталатын, өзімізді емес, бөтен экономиканы асырап отырған немесе жамбастарында жатқан жинақтарының бәрін іске қосатын уақыт жетті. Оларға кеңшілік беру арқылы өз экономикамыздың мұқтажына жұмсау керек. 
       Екінші.  Біздің нақтылы сектордың тым кейіндеп қалғаны өкінішті. Ол инвесторлар үшін бұлыңғыр, осы заманғы есеп пен есептілік жоқ, меншік иелері мен менеджерлері арасындағы қатынастарда жаңылысулар бар. Біз экономикамызда банктер мен инвесторларға ашық қуатты жеке сектор құруға тиіспіз. Бұл үшін, менің Жарлығымда көзделгендей, Үкімет 2001-2002 жылдары барлық тиісті жерлерде жекешелендіруді аяқтауы керек. 
       Үшінші.  Әлеуметтік қорғау мен еңбек қатынастары саласында әлі де ақтаңдақтар көп. Бізге керегі - жеке сипаттағы бірсәттік ұмтылыстар емес, дәл қазіргі әлеуметтік саясаттың толық тұжырымдамасы. Бұл жерде кәсіподақтар да, жұмыс берушілер де талап етіп қана қоймай, білек сыбанып іс тындыруға тиіс. 
      Дағдарыс біздің адамдардың әл-ауқатын көтеру мәселесімен ден қойып шұғылдануға мұрша бермеді. Енді соның уақыты келді. Сондықтан да мен Үкіметке 2001 жылы: бюджет ұйымдары қызметкерлерінің (мемқызметшілерден басқасының) жалақысын 30 пайыз; әлеуетті құрылымдар қызметшілерінің жалақысын 30-40 пайыз; судьялар корпусының жалақысын арттыруды; ең төменгі зейнетақыны 4000 теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Халық алдындағы 5 миллиард теңге шамасында қордаланған берешекті өтеу қолға алынсын, барлық борыш 2004 жылы өтелсін. 
      Барлық деңгейдегі бюджеттерден келетін ақшалай кірістің бүкіл өсімі 30 миллиард теңгеден асып түседі. Осы орайда Үкімет пен Ұлттық Банктің инфляцияға жол бермеуі, ал әкімдердің, ауылшаруашылығының, шағын және орта бизнес пен халық тұтынатын товарлар саласының өндірісті кеңейте отырып, осынау ақша нөпірін бағаны көтермей "бойына сіңіре" білуі ерекше маңызды. 
      Үкімет 2002 жылы зейнетақыға, мемқызметшілердің жалақысын өсіруге, сондай-ақ халықтың алдындағы борышты өтеуге ғана жұмылуы керек. 
      Мен жеке секторды жалдамалы еңбеккерлердің жалақысын көтеруге шақырамын. Адамдар өз жағдайының шындап жақсарғанын сезінетін, реформалардың жемісін көретін уақыт туды. 
       Төртінші.  Биыл ауыл шаруашылығы борышының салмағын едәуір жеңілдеттік. Енді жер мәселесін бір жағына шығаратын кез келді. Шаруалар жер пайдалану құқығын нарық айналысына салатын тетіктерді қолына алуы, сол арқылы ақша қаражатына жол табуы керек. Таяудағы жылдары оларға лизинг компанияларына нақтылы жол ашылуын қамтамасыз ету қажет. 
       Бесінші.  Даму үшін ең бастысы - модерлендіру мен құрылысқа арналған ішкі және сыртқы инвестициялар. 
      Бұл - ішкі қор түзу мен жинақтар жасауға қажетті жағдай туғызу деген сөз. Бұл міндет шешіліп те жатыр. 
      Бізге болашаққа және нақты өткеру нарығына бағдарланған айқын да түсінікті индустриялық саясат керек. Бүгін біз оның жалпы сұлбасы жайлы ғана айта аламыз. 
      Таяудағы он жылда Каспий аймағы мен кен-металлургия кешенінің нарығы ең негізгі ішкі нарық болары өзінен-өзі түсінікті. Мұнай-газ машиналарын жасау саласының, химия мен мұнай химиясы, құрылыс материалдары өнеркәсібінің келешегі осында. 
      Отандық және шет ел капиталын, тікелей инвестицияларды нақ осында бағыттау қажет. 
      Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі де өзінің ішкі, сондай-ақ сыртқы нарықтағы тауашасын тауып отыр. Ендігі жерде оны кеңейте, батылырақ игере беру қажет. 
      Осыған орай біздің ұзақ жылдар бойы жолдар салып, модерлендіруіміз керек болады, демек жол құрылысын қамтамасыз ететін салалар технологиялық жағынан жарақтаулы әрі бәсекеге қабілетті болуға тиіс. 
      Дегенмен, көкейтесті стратегиялық бағытымыз - ең алдымен экспортқа бағдарланған жоғары технологиялық өндірістер жайлы да ойлануымыз қажет. 
      Сайып келгенде, даму міндеттері қуатты көлік - коммуникациялар желісін салып, модерлендіруді талап етеді. 
      Міне, сондықтан да 2001 жыл экономикалық жағынан Үкімет пен барлық әкімдер үшін автомобиль жолдарын салу мен жаңарту жылы болуға тиіс. 
      Тереңге бойламай-ақ айтатын болсам, таяудағы жылдары біздің: халықаралық нарықтарға жаңа көлік схемаларын тартуымыз; стратегиялық транзиттік даңғылдарды модерлендіруіміз; "Шығыс - Батыс" және "Оңтүстік - Солтүстік" бағыттарындағы схемаларды белсенді құруымыз; Каспий инфрақұрылымын жоғары қарқын мен ілгерілетуіміз, Алматы - Астана автожолын жаңартуды белсене жүргізу керек болады. 
      Биыл еліміздің экономикалық дамуының бірінші бесжылдық индикативтік жоспары бекітіледі. 
      Цифрлар тілі мен айтқанда, біз енді бес жылдан кейін қандай белеске шығуды жоспарлап отырмыз? Болжам жасау дегеніміз әрдайым тәуекелі көп іс, дегенмен біз есептерге сүйеніп, еліміз бен халқымыздың алдына жаңа міндеттер қоямыз, әрі бесжылдықтың соңына дейін: 
      - нақтылы жалпы ішкі өнімнің 30 пайыз өсетініне; 
      - нақтылы жалақының өсімі 25-30 пайыздан кем болмайтынына; 
      - инфляцияның жылына 4-5 пайыздан аспайтынына; 
      - мемлекеттік бюджетке салық түсімі жалпы ішкі өнімнің 25 пайызына жететініне; 
      - бюджет дефициті ЖІӨ-нің 1,5 пайызынан артық болмайтын мөлшерге жететініне сенімдіміз. 
      Алыс болашақ әсем көрінер деген сөз бар. Мұның алысты меңзеген барлық жоспарларға қатысы бар сияқты. Дегенмен, өзіміздің таяу экономикалық болашағымыз жайлы, оның тұлғалы болары жайлы сеніммен айта аламыз. Үкіметтің бүкіл қызметі, барлық шаруашылық жүргізуші субъектілердің жұмысы осы мақсатқа жетуге бағдарланатын болады.

2. Қоғамды демократияландыру - уақыт талабы



      Жиырмасыншы ғасырдың саяси тарихы күнтізбелік уақытынан бұрын, ескі қоғамның шаңырағы ортасына түскен 1991 жылғы тамызда тәмәм болды. Жадымыз жақсы-ақ сияқты, бірақ кейде келтелік жасап жатады. Осы он жылдың ішінде өзіміз де өзгердік, дегенмен қандай қоғамнан шыққанымызды ұмытып қала беретін тәріздіміз. 
      Біз тарих әлемінде бұрын-соңды кездеспеген түрлі ұлттардан кескінсіз ұлтсыз дүбәрә өсіруге шынымен-ақ әрекет жасалған қоғамнан шықтық. Біз мемлекеттік емес ақпарат құралдары деген ұғым халық жауы деген ұғымға барабар саналатын қоғамнан шықтық. Біз өкіметті сынаудың ақыры, айналып келгенде, абақтымен немесе ақылы ауысқандар үйімен аяқталатын қоғамнан шықтық. Біз ақиқатқа бір өзінің дара құқығы бар жалғыз ғана партия билік жүргізетін қоғамнан шықтық. 
      Өткен 10 жыл ішінде біз еркін сайлау өткізілетін, 16 саяси партия жұмыс істеп жатқан, оның төртеуі Парламентте өкілдік ететін қоғам құрдық. Екіжарым мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдары бар қоғам құрдық. Газеттердің, журналдардың, телерадиоарналарының сексен пайызы мемлекеттік емес қоғам құрдық. Жүздеген түрлі діни қауымдастықтар өзара байланыста қатар қалыпты өмір сүріп жатқан қоғам құрдық. Кәсіпқой екі палаталы парламенті мен тәуелсіз сот жүйесі бар қоғам құрдық. Осыдан 10 жыл бұрын мұның бірде-бірі бізде болған емес. Ал кәзір үнемі болған сияқты көрініп тұрады. Ең бастысы, осы шырғалаңды жылдардың ішінде өткен онжылдықтың соңын ала арамызға алдағы қанды алауыздықтарға бастауды көздейтін араздық қоламтасы тасталса да, бізде ұлтаралық қақтығыстар болған жоқ, бірде бір адам ұлтаралық тайталас дегеннен опатқа ұшыраған жоқ. 
      Біздің саяси тарихымыздағы соңғы он жылға қатысты қандай құйтырқы лаққан сөздер айтылса да, біздің осы уақыттың ішінде ғасырға бара-бар жолдан өткеніміз анық, ендеше ертеңгі күні, дәннің қауызынан аршылып алынатынына еш күмән жоқ. 
      Әлемнің ондаған елдері осындай жолдан өтті. Біздің бір ерекшелігіміз сол: біз бұл жолдан, қантөгіссіз, қару кезенусіз, мыңдаған құрбандарсыз, азамат соғысынсыз, аумағымыздың тұтастығын сақтап, қоғамымыздың ұлтына немесе дініне қарай жіктелуіне жол бермей өттік. Дегенмен, демократиялану үрдісінің жалпы мазмұны ортақ. 
      Жиырмасыншы ғасырдың соңындағы басты саяси тағылым демократияландыру қағидасының ортақтығында жатыр. Демократияның ерекше үлгісі жайындағы әңгімелердің бәрі де демократиялық принциптерден қалайда алшақтау әрекеттері ғана. Сондықтан да біздің демократияландыру принциптерінен алшақтау жалпы әлемдік үрдістен алшақтау екенін, тұйыққа тірейтін жол екенін айқын пайымдап алуымыз керек. Қозғалыстың бұл бағыты демократиялық қоғамдардың сан ғасырлық тарихының барысында түзілген еді. 
      Тегінде демократиялану - қоғамның өзінің қалауы. Жиырмасыншы ғасырдың соңындағы либерализмді сыртқа тарату әрекеті де, сондай-ақ саясатқа толық осынау жүзжылдықтың бірінші жартысындағыдай төңкерісті сыртқа тарату қарекеті де еш нәтиже берген емес. БҰҰ-ның мыңжылдыққа арналған 2000 жылғы 8 қыркүйектегі басқосуында қабылданған Декларациясында: "Қоғамның өз ішіндегі және қоғамдар арасындағы айырмашылық үрей туғызбауға, қудалаудың себебі болмауға тиіс, қайта адамзаттың қымбат игілігі ретінде шыңдалып сомдалуға тиіс. Әлемдік мәдениет пен барлық өркениеттер арасындағы үндестікті белсенді түрде қолдап отыру міндет", делінгені кездейсоқ емес. Адамның халықаралық тұрғыдан танылған барлық құқықтары мен бостандықтары жайлы айта келе, Әлемдік қоғамдастық өзінің Декларациясында "демократияны көтермелеу мен құқық тәртібін нығайту" үшін күш-жігер жұмсау қажеттігін ерекше атап көрсетеді. 
      Демократияландыру проблемасының нақ осы мәдени және өркениеттік қыры қоғамымыздағы ахуалды саралаған кезде мүлде назардан тыс қалдырып жүр. Ендеше дәл біздегідей жағдайда он жылдың ішінде қай құрлықта, қай ғасырда демократиялық қоғам орнатылған екен? 
       Біріншіден,  азаматтарының бойына дәл осындай құқықтық нигилизм жүз жыл бойы қай елде сіңірілген екен?  Екіншіден,  мемлекеттің ыдырауы салдарынан экономикасы мүлде құлдырап, тұралаған осындай ел бар ма екен? Үшіншіден, ұлттық, діни және нәсілдік белгілері жағынан сан алуан, ондаған ұлттардан құралған басқа осындай ел бар ма екен? Төртіншіден, осындай жағдайда өзінің мемлекеттігін құрған ел бар ма екен? Жоқ, мұндай мемлекет іс жүзінде де, саяси теорияда да болған емес. 
      Демократия жолында, шынында да біршама ілгері кеткен Шығыс Европа, Балтық бойы мемлекеттерін немесе Шығыс Азияның кейбір мемлекеттерін мысалға алғанда, осы елдердің айта қаларлық мәдени, ұлттық, діни біртектілігі, әрі осы елдердің бәрінде үстіміздегі ғасырдың өзінде-ақ осы заманғы мемлекеттілік тәжірибесі болғаны, еске аларлық демократиялық дәстүрлері бар екені, басқасын былай қойғанда, жағрапиялық жағдайына дейін, неге екені белгісіз, оп-оңай ұмытылып кетеді. 
      Сондықтан да, біздің демократияға беттеген қозғалысымыз әмбебап заңдылықтарға бағына отырып, бірнеше мәселелерді шешуі керек. Бірінші - барлығы заңдарға сүйеніп өмір сүретін нақты құқықтық мемлекет құру. Әрине, ең алдымен, мемлекеттік құрылымдардың өздері заңда белгіленген ережелер бойынша қимыл жасауы керек. Саяси процестің басқа да субъектілеріне қойылатын талаптар да осындай. Барлық азаматтар заңға сәйкес өмір сүруді үйренуге тиіс. Бұл толыққанды демократияға көшудің сара жолы. Өйткені заң өзің мен өкіметтің арасындағы шарт. Жалған демократиялық ұрандар құқықтық мемлекетте құқық ауқымынан асып кетпеуі керек, ал асып кетсе, жанжалға, бөлшектелуге, қантөгіске әкеліп тірейді. Екінші - демократия дегеніміз, қанша маңызды әрі бағалы екеніне қарамастан, саяси бостандық қана емес. Бұл лайықты экономикалық өмір шарты мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да бірсыпыра іргелі құқықтардың іске асырылуы деген сөз. Үшінші - саяси жүйені ырықтандырған кезде біз аймақтағы халықаралық экстремизм қысымының ұлғайып келе жатқанын, халықтың аса күрделі ұлттық және мәдени-діни құрамын ұдайы есте ұстауымыз қажет. Бұл жағдайды ескермесек, жеріміз әлдеқашан отқа оранған болар еді. Бұл біздің сыншыларымыздың оңды-солды ой сабақтауына оңды болар еді, алайда біз оларға мұндай мүмкіндік бере қоймаймыз. 
      Алайда біздің бүгін қоғамымыздағы саяси реформаның қарқыны экономикалық өзгерістеріміздің ауқымынан біршама кейіндеп қалғанын мойындауымыз керек. "Ілгері жүрмеген - кері кетер" деген көнеден қалған сөз бар. 
      Саяси жүйені демократияландыру бірнеше негізгі бағыттар бойынша жүргізіледі. 
       Бірінші.  Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, құқықтық реформа. 
      2000 жылғы 1 қыркүйекте "Қазақстан Республикасындағы сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту шаралары туралы"  Жарлыққа  қол қойылды. Жоғарғы Соттың жанынан Сот әкімдігін жүргізу жөніндегі комитет құрылды. Сөйтіп, соттардың қызметін қамтамасыз ету міндеті Әділет министрлігінің құзырынан алынып, еліміздің жоғары сот органына берілді. Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың құқықтық жағдайын айқындайтын жаңа конституциялық заңның қабылдануы сот жүйесінің дербестігін қамтамасыз етудегі келесі қадам болды. 
      Сонымен қатар құқықтық реформаның аясында еңбекпен түзеу мекемелерінің жүйесі Ішкіісминінің қарауынан Әділет министрлігінің құрамына берілетін болады. 
       Екінші.  Өкілді өкімет органдарының өкілеттігін кеңейту. 
      "Жергілікті мемлекеттік басқару туралы" жаңа  Заң  жергілікті өкіметтің өкілді және атқарушы органдары өкілеттігінің ара-жігін айқын ажыратып беруге тиіс. Атап айтқанда, әкімдердің қызметі мен жергілікті бюджеттің атқарылуын бақылау мәселелерінде маслихаттардың өкілеттігін кеңейту қажет. 
      Бүгін Парламенттің қолында Конституцияны өзгертуге, Премьер-министрді шеттету тетігіне дейін кез келген министрді қызметінен алуға жетерлік нақтылы билік бар; Есеп комитетін де негізінен Парламент жасақтайды. 
      Дегенмен турасын айтсақ, Есеп комитетінің белсенділігі жетімсіз. Парламенттің Есеп комитетін кадрлармен нығайта отырып, осы институт арқылы мемлекеттік бюджеттің атқарылуын нақтылы бақылауға барлық мүмкіндігі бар. 
       Үшінші.  Сайланбалылықты кеңейту және сайлау заңнамасын жетілдіру. 
      Таяу уақытта әкімдердің сайланбалылығын кезең-кезеңімен енгізудің мемлекеттік бағдарламасы әзірленеді. Бұл бағдарламада 2002 жылдан бастап ауылдық округтар әкімдерінің сайлауын өткізу көзделеді. Осы сайлаулар аяқталғаннан кейін аудандар мен қалалар әкімдерінің сайланбалылығына көшеміз. 2001 жылдан бастап республикада жергілікті жерлерде тиісті маслихаттардың сайлау комиссияларын жасақтауына көшу біртіндеп жүзеге асырыла бастайды. 
       Төртінші.  Азаматтық қоғам институттарын нығайту. 
      "Жергілікті өзін-өзі басқару туралы" Заң қабылдау қажет. Осы заңға сәйкес қалалардың шағын аудандарында, ауылдар мен селоларда, сондай-ақ, қала үлгісіндегі кенттерде қолында жергілікті проблемаларды шеше алатын нақты өкілеттіктері бар қоғамдық өзін-өзі басқару құрылымдары жасақталады. 
      Үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар қазірдің өзінде Қазақстанда құқық қорғау қызметін де, халық топтарының айрықша мүдделерін жүзеге асыруда да, қоғамды әлеуметтік тұрақтандыруда да үлкен роль атқарып отыр. Атап айтқанда, әлеуметтік мәнді жобаларды жүзеге асыру үшін кепілдіктер жүйесі арқылы елеулі мемлекеттік қолдау керек. Осы саладағы ауқымды жұмыстарды қолға алатын уақыт жетті. 
      Бүгін біз үшін әлеуметтік қайшылықтарды құқықтық құралдармен шешудің, әлеуметтік шиеленістің саяси арнаға өтіп кетуіне жол бермейтін тетіктер жасаудың өмірлік маңызы бар. Сондықтан бұл саладағы басымдық "Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік туралы" Заң жобасы деп білемін. 
      Маңызды заң жобаларын Қазақстан халықтары Ассамблеясының сессияларында, қоғамдық күштердің басқа да форумдарында Үкіметтің қатысуымен талқылау тәжірибесі енгізілетін болады. Бұл ретте олар түрлі әлеуметтік және этникалық топтардың мүдделерін ескере отырып, Мемлекет басшысына да, Парламентке де, Үкіметке де өздерінің ұсыныстарын енгізу құқығына ие болады. 
      Қазақстан азаматтарының шет елге шығу тәртібін оңайлату керек. Осыған байланысты шет елге шығу үшін ІІМ-нің арнайы рұқсатын ресімдеу сияқты тәртіптің күшін жойған жөн. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қоғамдық-саяси бірлестіктердің жабық шараларына міндетті түрде қатысуының да күші жойылатын болады.

3. Ұлттық қауіпсіздік - мемлекеттік саясаттың негізі



      Бір тарихи заңдылық бар, ғасырлар тоғысындағы бетбұрыс кезеңде әрдайым қантөгіс қақтығыстардың белең алатыны білініп жүр. Бірақ бүгін мұның бір айырмашылығы сонда, соғыс лаңына әдетте әлемдегі шағын және орта мемлекеттер килігеді. Осы бір кереғарлықтан біздің ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысты мәселе қылаң беріп отыр. 
      Ғаламдық тайталас соңғы он жылдың ішінде келмеске кетіп, есесіне миллиондаған адамдардың өмірін қиған оқшау соғыс ошақтары пайда бола бастады. Негізінен алғанда, бұлар жас тәуелсіз мемлекеттердегі ішкі діни және этникалық қақтығыстар. Ең қорқыныштысы да сол. Орталық Азия әлемнің жарылыс қатері күшті бес-алты аудандарының қатарына жатады, егер әрекет жасамай қарап қалатын болсақ, біздің халықтарымыздың болашақтағы тыныштығына ешкім де кепілдік бере алмайды. 
      Біз бұдан 10 жыл бұрын болған қауіпсіздік жүйесінің келмеске кеткенін айқын түсінуге тиіспіз. Өкініштісі сол, қауіпсіздік тұрғысынан алғанда аймақтағы жағдай осы он жылдың ішінде күрт нашарлап кетті. Біз жаңа қауіптің бетін қайтаратын ұлттық қауіпсіздіктің жаңа тетіктерінің жасалуы қажет екенін барынша пайымдауымыз қажет. 
      Әңгіме қандай қатер туралы болып отыр? 
      Әңгіме, ең алдымен, халықаралық терроризм мен экстремизм қатері туралы болып отыр. Бұл нақтылы күш және осы заманғы дүниедегі ең қуатты деген мемлекеттердің өзі де экстремистер тарапынан жойқын соққыға ұшырап отыр. Адендегі американдық әскери-теңіз күштеріне осыдан бірнеше апта бұрын жасалған қатаң соққыны еске алсақ та жеткілікті. Бүгінгі экстремизм - бұл мол ақша, ұрыс қимылдарын жете меңгерген әрі әбден жаттыққан мыңдаған қарулы адамдар, бұл тығыз халықаралық байланыстар мен қатынастар, бұл жақсы жолға қойылған идеологиялық тұғырнама. Халықаралық терроризм мен экстремизм күшінің таяу арада Орталық Азияға қарай кезелетініне еш күмән келтіруге болмайды. Мұның бірнеше себептері бар. Ал ең бастысы - бұрынғы қауіпсіздік жүйесінің күйреуі. 
      Аймақтың айрықша проблемасы Ауғанстан болып отыр. Осы ел экстремистер шоғырланған аумақ қана емес, әрі есірткі мен есірткі бизнесінің де ошағына айналып отыр. Орталық Азия біртіндеп есірткі өтетін өлкеге ғана емес, ең зардапты есірткіні жаппай қолданатын аймаққа да айналып келеді. Ауған есірткі бизнесі Орталық Азия халықтарының ұлттық тек-тамырына да қатерлі зардабын тигізіп отыр. 2000 жыл әлі аяқталған жоқ, ал Қазақстан аумағында ғана Ауғанстаннан әкелінген 200 килограмға жуық героин қолға түсті. 
      Соңғы жылдары осы елдің айналысындағы дау-дамай мен сырқынды алыпсатарлық белең алып барады. Қазақстан ешқашан өзінің нық және нақты тұғырынан тайған емес. Біздің тұғырымыз ауғандықтардың өз ішінде ұлттық ымыраға келуінің, ал оның барлық көршілері мен халықаралық ұйымдардың тіл табысу мүмкіндіктерін іздестіруге саяды. Ауған тауларында тіпті Британ империясының не әскери қуатты держава Кеңестер Одағының армиялары да жеңіске жете алмағаны да белгілі. Ауған мәселесін бәз біреудің сырттан күшпен шешіп беретініне үміт арту дегеніміз тарихты білместік болып шығар еді. 
      Осымен тікелей байланысты келесі қатер - ол босқындардың жаппай қоныс аудару қатері, мұның өзі Орталық Азияға нағыз гуманитарлық апат төндіретін қатер. Бүгінгі күннің өзінде, қыс түсер кезде 100 мыңнан астам босқынның Ауғанстаннан біздің елдерімізге қарай жөңкілуі ықтимал. Егер осылай бола қалса, аймақтағы тұрақтылық жайлы көпке дейін ұмытуға тура келеді, өйткені, әңгіме қарттар, әйелдер мен балалар жайлы ғана емес, қару асынған мыңдаған адамдар жайлы да болып отыр. 
      Көзге ұрып тұрған экстремизм, террорлық әрекеттер, есірткілер, босқындардың шұбыруы қатерінен өзге, көзге көрінбейтін басқа қауіп те бар. Соғыс алдымен адамдардың санасында басталады деген сөз рас. Күн сайын, сағат сайын біздің адамдарымыздың санасы үшін де күрес жүріп жатыр. Діни экстремизмнің Қазақстанға қатысы жоқ, біздің тарихи дәстүріміз басқа, бізде ешқашан фанатизм болған емес деген оймен өзімізді алдаусырату ретсіз. Солай екені де рас, бірақ уақыт өз өзгерістерін енгізетінін ұмытпаған жөн. 
      Осындай көрініп тұрған және көрінбейтін қатерге қайтаратын біздің жауабымыз қандай? 
      Күрделі сауалдардың оңай жауабын іздейтін алдамшы пиғылдың болмай қалмайтыны да емес. Біздің қарапайым жауап емес, дәл жауап табуымыз қажет. Біздің іс-қимылымыздың бағдарламасы еліміздің Қауіпсіздік Кеңесінің өткен жылдың аяғында қабылданған Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігінің Стратегиясында айқын тұжырымдалған. 
       Біріншіден,  ұлттық қауіпсіздігіміз және өзіміз ұшырасып отырған орта мерзімдік қатерлер тұрғысынан алғанда, қазіргі ең маңыздысы, аймақтық қауіпсіздіктің сөз жүзінде емес, іс жүзінде нақты жүйесін жасақтау. Міне нақ осы үшін де бізге Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім мен Шанхай бестігі аса қажет. 2000 жылы Ұжымдық қауіпсіздік келісімі аясында айқын және нақты шешімдер қабылданды. Дәл осы айдың өзінде Бішкекте аймақтық коалициялық әскери топтар құру жөнінде шешім қабылданды. Бұл аймақтық қауіпсіздіктің жаңа жүйесінің іргесін қалайды. 
      Бұл шешімге ұзақ жүріп жеттік. Бұл жауапты таңдау және мұнда ұпай алуды көздейтін саясат жоқ. Мемлекет қауіпсіздігі өте-мөте маңызды мәселе және оны алдын-ала қамтамасыз ету қажет. Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімнің  P920997_  айналасындағы айла-шарғы жетіп жатыр. 
      Қазақстан бұл келісімнен іс жүзінде нәтиже шығаруды көздейді. Біздің ешкімге шабуыл жасау ниетіміз де жоқ немесе әлдекімдердің геосаяси әпербақандығын күйттемек ойымыз да жоқ. Біздің жалғыз ғана қарапайым мақсатымыз - таяу және орта кезеңде еліміздің дамуына қажет қауіпсіз жағдай туғызу. Қазіргі кезеңде Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім осы міндетті жүзеге асыру құралы болып отыр. 
      Мұның артығы да жоқ, кемі де жоқ. Осы мүдделердің шегінен асатын нәрсенің бәрі, былайша айтқанда, қулыққа салу болар еді. ҰҚК-ға қоса біз Шанхай бестігінің қуатын еселеуге күш салып, Орталық Азия елдері арасындағы терроризмге, саяси және діни экстремизмге қарсы бірлескен күрес туралы шарттың мүмкіндігін арттыруға жұмылатын боламыз. Депутаттардың жаңа халықаралық келісімдердің тұтас бір шоғырын бекіту тұрғысында қолдаулары да керек. 
       Екіншіден,  көршілерің қанша жақсы болса да, әдетте, әркім әлді көршілерін сыйлауға бейіл. Бұл ақиқат алғашқы мемлекеттер пайда болғаннан бергі мыңдаған жылдардың ішінде айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Біз осы заманғы қуатты әскер жасақтауымыз керек. Бұл ретте біз өткен соғысқа әзірлік жасауға бейім генералдарға ұқсамауымыз қажет. Біздің әскердің алдында тұрған бүгінгі міндет бұдан он жыл бұрынғы міндеттен мүлде басқа. 
      2000 жылы соңғы онжылдықтың ішінде тұңғыш рет әскерді нақтылы қаржыландыру молайып отыр. Біз Қазақстан аумағында әскери округтер, ең алдымен Оңтүстік және Шығыс әскери округтерін жасақтай бастадық. Қазіргі кезде оқшау ұрыс жүргізуге бейімделген жаңа арнаулы бөлімшелер даярлау қолға алынды. Біз шекарамызды анағұрлым нығайттық. Айналасы бір жылдың ішінде бұрын пәрменді шекаралық бақылау болмай келген бағыттарда жаңа шекаралық отрядтар құрылды. Кедендік желілерде де осындай жұмыстар жүргізілді. Биыл көші-қон бақылау әжептәуір күшейтілді. Біздің арнаулы қызметтер Қазақстан аумағында экстремистік топтардың әрекетінің алдын алу мен тыйып тастауға бағытталған жөнінде ұтымды шаралар жүзеге асырды. 
      Кейде баршаға мәлім ақиқатты қайталап жатуға тура келеді, яғни нағыз шындық мынаған саяды, Қазақстан аймақтағы ең тұрақты және ең қауіпсіз мемлекет болып келді және алдағы уақытта да болып қала береді, өйткені біз жағдайдың тамырын тап басып, танып отырмыз. 
      Қауіпсіздік саласындағы проблемалардың күрделілігі сонда, ол мемлекет тарапынан әрдайым алдын ала іс-қимыл жасалуын талап етеді. Мен Қауіпсіздік Кеңесіне және әлеуетті құрылымдарға терроризм мен экстремизмге қарсы күрестің 2001-2003 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын жасауды тапсырдым. Әлеуетті құрылымдар жұмысы көп реттерде олардың осы бағыттағы жұмыстарының пәрменділігіне қарай бағаланады. Қарулы күштердің ахуалды да айрықша назар аударуды талап етеді. Еліміздің Үкіметі үш міндетті шешуге: 
      жыл сайын жалпы ішкі өнімнің кемінде 1 пайызын Қорғаныс министрлігінің қажеті үшін бөліп отыруға; 
      осы заманғы аумақтық қорғаныс жүйесін қалыптастыруға; 
      жұмылдыру даярлығының толымды жүйесін қайтадан қалпына келтіруге тиіс. 
       Үшіншіден,  есірткі дертіне ұшыраған қоғам қауіпсіз қоғам бола алмайды. Бұл жөнінде мен өткен жылғы Жолдауымда да айтқан едім. Иә, биыл есірткі құмарлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің бесжылдық стратегиясы мен екі жылдық мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Алайда, қандай да бір алға басушылық байқалар емес, ал деректер ахуалдың қайта нашарлап бара жатқанын көрсетіп отыр. Біз орасан зор есірткі арнасының бойында отырып, өзіміздің ішкі күш-қимылымызбен ғана мәселені шеше алмайтынымызды да түсінеміз. Дегенмен, мұның өзі, қол қусырып қарап отыру керек деген сөз емес. 
      Дереу бірқатар қатал және нақты шаралар қолдану керек. Мен Үкіметке әр облыста есірткі құмарлық пен есірткі бизнесіне қарсы бағдарлама әзірлеу мен енгізуді және әр аймақтың бюджетінде осы бағдарламаны қаржыландыруға қажетті қаражат қарастыруды тапсырамын. Еліміздің әрбір облысында есірткі диспансерлерін ашу немесе жұмыс істеп тұрған диспансерлер мен медициналық әлеуметтік оңалту орталықтарын нығайту керек. Есірткі таратқаны үшін және есірткі бизнесіне тікелей қатысты экстремистік әрекет үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстар берілсін. Мен бұл мәселені шешуде депутаттық корпустың қолдауына үміт артамын. Еліміздің Қауіпсіздік Кеңесі есірткіні анықтау жөніндегі кедендік және шекаралық бақылауға нақты талдау жасап, осыған байланысты түскен ұсыныстар мен тұжырымдарды 2001 жылдың басында қарауға тиіс. 
       Төртіншіден,  2001 жылдан бастап, менің тапсырмам бойынша әзірленген еліміздің Экономикалық қауіпсіздігінің стратегиясы жүзеге асырыла бастайды. 
      Таяу уақытта ол Қауіпсіздік Кеңесінде талқыланатын болады. Әлемдік тәжірибені, сондай-ақ осындай өзгерістерді басынан кешкен елдердің тәжірибелерін зерделеу экономикалық қауіпсіздіктің негізгі төрт элементін - құрылымдық, технологиялық, институционалдық және қаржылық элементін қарастыратын үлгісін құруға мүмкіндік берді. Осы стратегияның негізінде үкіметтің іс-шараларының нақты жоспары жасалатын болады. 
      Егер біз, біздің ұрпақ, құқықтық негіздерінің бірі осындай күз күндерінің бірінде осыдан он жыл бұрын қабылданған Еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясынан арна тартатын стратегиялық міндетті - азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмасақ, онда біздің экономикалық және саяси жоспарларымыздың бәрі де тарих үшін және біздің ұрпақтарымыз үшін су бетіндегі үйірілген майда толқындай ғана болып қала береді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет