Жалпы ақпарат. Ешкі ұсақ мүйізді малға жатады. Ешкінің ең басты ерекшелігі – кез келген жағдайға бейімделе алатындығы. Жеке шаруашылықта да айтарлықтай төзімді болу ешкіге тән: олардың ас қорыту мүшелері 60 пайызы клетчаткадан тұратын азықты да қорытып жібереді. Ешкінің өмір сүру ұзақтығы 14-15 жыл.
Ешкінің сүті адамға ана сүтін алмастыра алады. Оның құрамындағы май оңай сіңімді, әрі адам денсаулығы үшін өте пайдалы. Ешкі сүтінің құрамында кальций мен фосфор минералдық заттарының мол болуы балалардың сүйектерінің қалыптасуы үшін өте пайдалы. Оны әртүрлі өкпе, суық тию ауруларын емдеу үшін қолданады, сондай-ақ ешкі сүті гепатиттен, асқазан жарасынан, астмадан және т.б. аурулардан қорғайды. Ешкі сүтінің құрамында В, В2, С және А дәрумендері бар. Күніне әр ешкіден 4-7 литрге жуық сүт алуға болады.
Ешкі орта есеппен бір жылда 300 гр. жүн береді, ал кейбір жақсы ешкілердің жүні 800 гр. дейін жетеді. Жүн көбінесе жем беру мен өсіру жағдайына, сонымен қатар ешкіні қырқу мерзіміне байланысты болады.