Ешкім де ешқашанда ұмытылмайды



Дата15.09.2017
өлшемі139,58 Kb.
#32668
Ешкім де ешқашанда ұмытылмайды

XX ғасырда адамзат баласының басынан екі зұлматты қанды қырғын өтті. Ол бірінші дүниежүзілік және екінші дүниежүзілік соғыс...

Соғыс қаншама сәбиді әкесінен айырды.Қаншама ару аналар жесірлік қамытын киді.Баласын күтіп қара жолға тесілген абзал ана мен жігері мұқалмаған әке тұрды қасында.Соғыстың салған жарасы әлі өшкен жоқ.Күні кеше мойыныңа асылған балғын бала бүгінде қан майданда суық қару асынып,екі аяқты мақұлық,фашистпен алысып жүрер деп кім ойлаған.

1418 күнге созылған қанды соғыс 600 мың адамның жанын қиды.

Қалалар өртенді,жолдар қирады. Кеше ғана аспанмен тіресіп тұрған зәулім сарайдай ғимараттар мен көненің көзі, асылдың сынығы болған жауһар жәдігерлердің күлдері көкке ұшты.

Тек бір ғана үміт ,тек бір ғана сенім, махаббат ,Отанға деген адалдық жеңісті жақындатты.

Бейбіт өмір... не деген қасиетті-ең.

Соғыстан кейінгі естіген қасиетті сөз «Жеңіс !» Жеңісті жақындатқан,бейбіт өмірді алып берген ардақты батыр аталар мен апалар кеуделері орден - медальға толып ортамызға отырып майдан даласы,ерлікке толы қыршын ғұмыр жайлы ауыздарының суы құрып, ғибратты естеліктер туралы сыр шертеді. Сол қанды майдан даласында соғыс деген ұғымды бастан өткізген бүгінде ақсақал ,ақылы мен ұлағатты сөзі бар,өмірде көргенімен түйгені мол жан менің сүйікті атам Сейдахмет Қосжанұлы 1920 жылы 14 желтоқсан айында Сары - Есік атырауының Жиделі ой ауылында дүниеге келген.Әкесі Қосжан Балуанұлы 1918-1920 жылдар аралығында Қызыл армия қатарында Ораз Жандосовтың қол астында Қапалды,Ақсуды,Сарқантты ақ гвардиядан босату науқанына қатысқан.

Кейінгі Көпбірлік колхозының басшылары - Кілтбай Дүйсенұлы,одан кейінгі Шоқбай Тәтібайұлы әкемнің еліне сіңірген еңбегін ескеріп, Балқаш айдынының түстік жағалауының бір үлкен қойнауын “Қосжанның қойнауы ” деп мәңгілікке атын қалдырыпты.

Әкесі өлгеннен кейін 1932 жылы Сейдахмет және екі қарындасы үшеуі Үштөбеде ,Есікте кейін Жаркенттегі балалар үйінде тәрбиеленді .

Жаркенттегі балалар үйінің басшылары 1937 жылы 25 қыркүйекте Қапалдағы педучилищеге алып келіп оқуға түсірді . Сол училище қабырғасынан 20 тамызда 1941 жылы Қырғызстанның орталық қаласы Фрунзедегі офицерлер даярлайтын училищеге түседі . Соғысқа Москва (Мәскеу) қалаласында кіріп , Калинин облысындағы Холм қаласындағы 1943 жылы 25 ақпанда үш жерінен ауыр жараланып , II топтағы мүгедек ретінде бірінші қыркүйекте елге оралды.

Соғыста Қазақ халқының даңқты 8-гвардия дивизиясының 23-полкінің II батальоны ,5-ротаның замполит міндетін атқарды .Соғыс даласында Бауыржан Момышұлын екі рет кездестіреді.Тікелей Мәлік Ғабдуллиннің қарамағында болады.

1944 жылдың басынан бастап ауылшаруашылық жұмысына араласады. Қатардағы колхозшы,басқарма хатшысы,басқарма төрағасының орынбасары,басқарма бастығы болып қызмет істейді.

1951 жылдың 18 наурызынан бастап партия жұмысына ауысады. 1 май колхозының партком хатшысы,райком партиясының ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі болды.

1954 жылғы ЦК КПСС - тің қаулысымен «30-мыңдықтар» қатарында Сталин атындағы колхоздың партком хатшысы Қалпе қызылша совхозы парткомының хатшысы, Абай қой совхозы парткомының хатшысы болып қызметтер атқарған.

1975-1982жылдар аралығында Елтай селолық кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.

1949-1982 жылдар аралығында аудандық партия комитетінде тұрақты пленум мүшесі болды.Ауылдық кеңеске және үш рет аудандық кеңеске,облыстық кеңеске бір мәрте депутат болып сайланады.

Аудан,облыс басшылары еліне,жеріне сіңірген өлшеусіз еңбегін ескеріп,1979жылы 23 желтоқсандағы № 501 ҚАУЛЫСЫМЕН «Өлкелік дербес зейнеткер» деген атағын береді.Қаратал ауданының құрметті азаматы» атағы тағы бар.»Отан соғысының 1 дәрежелі» орденімен жиырмадан аса медальдары бар. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Құрмет грамотасымен»марапатталған.Облыс,аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарында» есеп жоқ.

Жасының ұлғайғанына қарамастан атам өзін тың ұстайды.Бос уақытын ауылдың жағдайының тұрақтылығына арнайды,өйткені менің сүйікті атам Аудандық ардагерлер қоғамының президиум мүшесі.Қазағым деп соққан кәрі жүрегінде ұлағатты ізі сайрап жатыр .Атам Сейдахметпен Нұрғамила әжеміз өмірге он бала әкелген .»Қарты бар үй - қазына» деген ұлағатты сөзді дана халқымыз дәл осындай кеудесі күміске толы ,қасиет қонған ,абыз қария

Сейдахмет атама айтылғандай.Сол балалардан қазірде 36 немере,35 шөбере сүйіп,тәубесін айтып,шүкіршілік етіп отырған мәуелі бәйтерек.

Өз өмірі аласапыран аумалы-төкпелі заманда өткенін бір сәт жадынан шығаратын емес .Кедей шаруаның үйінде жеті-сегіз құрсақтан аман қалған Ғайыпжамал,Құдайберген,Тәңірберген,Сейдахмет,Ғайникамар,Чайкесер

бір дастарханнан нан үзіп жеген ұяластар еді.1933 жылы шешесінің сүтін тауысқан кенжесі Чайкесер іш ауруынан «Дзержинск» балалар үйінде дүниеден қайтты. Дәл сол жылы ұлдың үлкені Құдайбергенде көп ұзамай дүние салды.Атамның күні бүгінге дейін көз алдынан кетпейтін апат жүрегін әлі күнге қан жылататынын мен бала болсамда сеземін. Өйтпегендеші,күріштің масағын теріп талғажау ететін ауыл баласы мойындарына бір-бір дорба салып,қазіргі» Интернационал»көшесімен (сол кезде Талдықорғанға қатынайтын қара жол болатын улап-шулап келе жатады. Арттарынан гүрілдеген көліктің дауысы естіліп, төртеуі жол шетіне шығып үлгередіде,Құдайберген сасқалақтап,жолдан шыға алмай қалады. Не керек шаң қаптырып Коточевтің (ГПУ начальнигі ( машинасы зу етіп өте шығады. Оң құлағынан қан заулап аға жөнеледі,сол жатқаннан мол жатып бұл дүниемен қимай қоштасыпты.

Осындай естеліктер оның балалық шағының көмескі тұстарының айғағы іспеттес.

Сейдахмет Жалайыр руынан шыққан,бізге жеткен негізі бар деректерге сүйенсек,атасы Майлыбай Қоғылдан тарайды. Қоғыл Дүйсембі әулиемен туыстас болған екен. Майлыбай Балпық,Қарымбай әулиелер тұсында өмір сүрген.Ойрат,қытаймен қазақ арасында болған аласапыран қырғынның кезінде ойраттардың қолына түсіп, Саурықұлы Байғаба батырмен бірге бірнеше жыл түрмеде болады. Ол кезде Майлыбай 10-12 жасар бала еді.Ойрат қоңтайшысы Серен Дондоба жарлығы бойынша 15-ке толмағандардың аяқ қолын матамай алдарына бір отардан қозы салып,сырттарынан бақылау қойған екен. Жыл артынан жыл өтіп,сүреңсіз күндер бұлдырап өтіп жатады. Қозыны өрістетіп жайып жүріп жылқының атам заманда қураған қу басын қолына алып жылап тұрып сөзге келеді.

-Сенің бір заманда желге жеткізбеген тұлпар екеніне кім сенеді .Ал менің атақты Қоғылдың жалғыз ұлы екеніне кім сенеді –деген екен.

Келесі күні бақылаушыдан бұл жайтты естіп алған қоңтайшы Майлыбайдан

-Ал балақай атың кім болды Осы сен кімсің өзің деп сұрайды.

-Қазақпын тақсыр Атым Майлыбай деп жауап қайырыпты.

-Қу баспен неге сөйлестің соны айт дейді

-Мен Қоғыл сыншының баласымын деп айттым ғой ,қасиет бойыма қонғаны шығар депті тайсалмай .Қоңтайшы босатып жібереді де ойға шомып, қазақты сынамаққа бекінеді.Келесі күні ойрат жігіт даладан дауыстап,

-Майлыбай далаға тез шық Сені жоғары мәртебелі шақырып жатыр деді .

Алдына келген Майлыбайға

-Иә, тәлімді бала көрінесің,сені сынамаққа бекіндім егер сыннан сүрінбей өтсең ізбасарым боларсың ,өте алмасаң өмірмен қоштаса бер дейді.

Қоғыл не десін, ұқтым тақсырмен бұйрық күтеді .Сынның сарабына үш түрлі шарт белгіленеді.

1.Көгенде тұрған 400 қозының өз аналарына жаңылмай қосу.

2.Қорада тұрған үш арғымақтың енесін анықтау.

3.Қоңтайшының қол астындағы елді мекенінен қанаты бар тұлпар табу. Егерде осының бірі орындалмаса өмірі бостандық болмайды, егер екеуі орындалмаса-орның зындан.Ал,үшеуіде орындалмаса –қылқа мойның қылша кесіледі,-дейді.Майлыбай қоңтайшының сенімді адамдарымен төбе басына барып,көгендеулі қозыларды енелеріне табыстырып береді.Екінші сыннанда сүрінбей өтеді,үш арғымақтың енелерін тапқанда біреуінен қиналыңқырайды, әйтседе оның енесі құлындаған кезде ішін жарып алуға мәжбүр болғандықтан ,сиыр сүтімен асыралынғанын растап береді.

Тек үшінші сұрақты анықтау қиынға түседі,қанатты тұлпарды іздеуге алты ай кетеді,салы суға кеткен Майлыбай суда ағып бара жатқан тезекке көзі түсіп,айқайлап жібереді

-Таптым ,таптым тұлпарды ,-деп қайталай береді. Суды жағалап көп жүреді,тау шатқалындағы жалғыз үйге жақын маңда жалғыз қотыр тай жайылып жүр екен.Үй иесінен қотыр тайды сұрағанда Церендоба қоңтайшыға керегі болса иесі сол деп безек қағады ,әйтседе аттың иесіне бес бестінің пұлын беріп тайды әкетеді.Қоңтайшы алдынан шығып, хас тұлпар екеніне көзің жете ме дейді.Майлыбай бір жыл күтімілдеген соң тұлпар қанатты пыраққа айналатынын айтады.Бір жылдан соң қоңтайшы желмен жарысқан қанатты тұлпарға қолы жетіп,Майлыбаймен қазақтарды босатқан екен.Осындай текті тұлғалар менің аяулы атамның бастау алар бұлағы екенін ойлап кетсем кеудемді зор қуаныш билейді.Тектілік деген ұғымның ауқымы неткен кең екенін осыдан түсінуге болады. Атам Сейдахмет өзінің Бауыржан Момышұлы,Мәлік Ғабдуллин,Дінмұхамет Қонаевтармен қалай,қашан кездескендерін үлкен мақтанышпен айтып отырады,ол оқиғалар атамның аузынан былай өрбиді

1942 жылдың жазы болатын.Москваның астында жеңіліс тапқан ,неміс қолы соғыстан шегіне отырып, батыс қанатының Ржев,Великое Луке,Красный холм қалаларына табан тірегені тарихтан белгілі.Даңқы дүниеге әйгілі,қазақтың 8-ші гвардиялық дивизиясы,2-гвардиялық корпус 3-қимыл армиясының құрамында ,Красный холм қаласының бетінде болды.Қаланы Ловатна өзені екіге бөліп тұратын. 1941 жылғы қараша ,желтоқсан айларында,Москва үшін болған шайқастан кейінгі 8-ші гвардиялық дивизиясының құрамы үшін теңдесі жоқ шайқас1942жылғы мамыр айының 1,2,3-күндері болды.Холм қаласы қолдан –қолға үш рет өтіп,ақыры немістер басым күшпен қаланы тартып аладыда 7-8 ай үстемдік жүргізіп отырады. 4-мамырдан бастап екі жақтанда шабуыл тоқтап,керісінше біздің дивизия 10-11 шақырымға кері шегінеді.Үздіксіз шабуылдан соң жол жүруден шаршаған жауынгерлермен командирлер,саяси қызметкерлер үшін азды-көпті тыныштық орнайды.Сондай жайбарақат күннің бірінде аяқ асты2-гвардиялық батальонды сапқа тұрғызадыда,ортаға екі шпалды шені бар (майор(, бір әскери шығып,өзінің кім екенін ,не үшін бізді сапқа тұрғызғанын айтып,былай деді «Осы қорғаныс шебінде қанша тұратынымызды бір құдай біледі,ал,біздің атымыз «жауынгер»,жауынгерде бос уақыт жоқ,сондықтан өзіне сенетін,досы үшін жанын қиятын Отанын шексіз сүйетін45-50жауынгер алғалы келіп тұрмын. Ескертіп қояйын,соғыстың аты соғыс,соғыста әртүрлі жағдай болады,дегенмен әр жауынгер үшін командир жауапты болса, менің таңдап тұрған жауынгерлерім майдан даласында жеке қимылдарын өздері қабылдайды.Ал,мені түсінгендер2-3 қадам алға озыңдар деп бұйрық берді. 1937 жылдан бастап Қапалдағы училищеде бір –бірімізге өлмей айырылмаймыз деген досы Сұлтан бармаймын деп басын шайқайды, Сейдахмет алға шығып, командирдің бұйрығы бойынша қарағай арасына сүңгітіп жіберді.2-гвардиялық корпустың қолбасшысы ,генерал-майор Честаковтың штабында ,бізді үш айдай барлау жұмысының құпияларымен таныстырдыда, немістердің басқыншылығында қалған елді мекендерге жіберді. Мақсат-Совет үкіметін азат етіп ,қисыны келсе оқ-дәрісін қойған қамбаларын және штабтарды өртеп ,тірідей қолға түсіру . Оқып жүрген кезде ірілі –ұсақты 10-18 барлаулар жүргізді. Соның бір кезеңінде Ловатна жағалауында ертерек ашықта келіп,өткелімізді белгілеп,бір қалың өскен таңқурайдың ішіінде түскі үзілісте жатқан едік. Басымызды таңқурайдан оздырып қарасақ ,Ловатнаны жағалап екі әскери адам бізге қарай келе жатыр.Ара қашықтық 15-20 метрдей. Алдыңғысының аты алаяқ ,жирен қасқа ,қазақи тұқымдас. Оған қарағанда артқысы ширақ,ұзын сирақ,асыл тұқымдыға келеді.Бізге 30-40 метрдей жер қалғанда ішіміздегі бір жауынгер -Ей, мынау Момышұлы ғой , майор атағына ие болыпты ғой,ой,қасиеттім ай дегені.

Ә,дегенше,бізге жақын келіп,аттарының басын тежеді.Бізде қалтарыстан шығып ,әскери тәртіппен сәлем бердік.Сәлемімізді дұрыс көңілмен қабылдады. Топты басқарып келе жатқан аға лейтенант Попов Бауыржанды бұрыннан білетін. Бізде 3-4 қазақ,1 қырғыз,1 өзбек бар еді,әдейі қазақ тілінде «Жолдарың болсын» -дегені.Сол кезде Бауыржан 8-гвардиялық дивизия ,30-гвардиялық полкының командирі болатын.Ал Сейілхан Тілеуқабылов сол 30-полктың 7-батальонының взвод командирі болған . Мәңгілік есте қалдыру үшін ауылдың бір көшесіне Сейілханның атын бердік. Қаражиде ауылы.

Екінші рет Бауыржан Момышұлын Логвенко шақырған дивизия полит отделі саяси қызметкерлерінің семинар жиынында мінбеден көрдім.Ол семинарға дивизия комиссары Егоров ,біздің23-полктің пропогандисі Мәлік Ғабдуллиндер қатысып сөз сөйледі.Ол кезде бұйрық шыққанымен алтын жұлдызды алмаған.Семинар жиналыс соғыстағы әр қимылды пысықтау болатын,оны кейін білдік.

1943 жылы 20-ақпан күні ротадағы байланыс кезекшісі «Сізді Юлдашев штабқа шақырады»-деді.Жер кепеге кірер кірмес «Жолдас политрук,ротадағы саяси көмекшіңіз Қосжанов келіп тұр»-дедім.»Жә қақаймай –ақ қой екеуміз ғанамыз « деді.»Жағдай былай арт жақтағы үш үйлі хуторды білесің ғой ,сол жерге Мәлік ақын келеді,полктің барлық саяси жетекшілерін жинап құпия айтпақ ,сен қасыңа адам алып барып келмесең менің бүйрегімнен приступ ұстап тұр ,бара алар емеспін,жиын сағат үште мән-жайды түсіндірерсің» деп шығарып салды. Хуторға уақытынан 10-15 минут ерте бардым. Үйге кірген бетте Мәлікті көрдім,үстінде шолақ тон киген екен,әскери тәртіппен «Жолдас майор... дей бергенімде ,»Жарайды бауырым қай жерденсің?»деп арқамнан қақты.Кел қазақша амандасайық

Бауыржан ағаға ұқсап деді де құшағын жайды. Көзінен нұр шашып тұрғандай сезілді.»Алматы облысы Қаратал ауданы ,жолдас майор –деп едім,ол ауданда «Айдар» атты колхоз бар ма-деді.»Бар»дедім,сол кезде есік ашылып ,шақырылғандар жинала бастады.Біздің әңгіме сол күйі жалғанбай қалды,соған әлі күнге өкінемін.

Мәлік біздің алдымызда сөйлеген сөзін былай қорытындылады «Өткен семинар –жиналыста дивизия саяси қызметкерлерінің алдына қойған мақсатының жалғасы деп түсініңдер,алдағы шайқастың өткендегілерден өзгешелігі мүлде қатал,жау үйреніп қалған жылы орнын оңайшылықпен бере қоймасы белгілі.Оның үстіне біздің дивизияның үштен бірінің дайындығы шамалы,ауылдан кеше ғана келгендер ғой,демек,жолдастар біздің жауапкершілігіміз екі еселенеді деген сөз.Онымен бірге біз Қазақстан халқының алдында жауаптымыз ғой.Олар бізді ешуақытта естерінен шығармайды.Ертеңгі болатын Қызыл Армияның 25 жылдық тойына арнап сыйлықтар жіберген.Бұйырса ертең-ақ Алматының қызыл апортын,жұпар иісті люкс темекісін аласыңдар.Ал,майдандас достарым кездескенше,барлықтарыңа амандық,дендеріңе саулық жау алдында батылдықпен жеңіс тілеймін» деп жиынды асығыс жапты да аттанып кетті.Айтқанындай 24-ақпан күні қазақстандықтардың 25-жылдық Армия күніне арнайы жіберген дәм-тұздарын қыз-келіншектердің аманат айтқан орамал-хат,кестелі дорбаларын алдық та,түстен кейін жауға қарсы аттанып кеттік. 25-күнгі шайқаста мен үш жерімнен бірдей жарақат алып дала госпитальіне түстім. Валентина Ивановна Панфилова мен Тілеуқабылов Сейілхан болмағанда менің елге оралар-оралмасым екіталай еді.Оларға мәңгі қарыздармын.Елге 1943-жылдың қыркүйек айында Томск қаласындағы емдеу орталығының 2-топтағы мүгедек болып оралдым.Атамның айтуынша балалық балғын сәттерінде аштық ,ал қылшылдаған жастығында соғыс атты нәубетпен бетпе-бет келгендігінен дәл сол жылдар сүреңсіз сүрген өмір деп есептелінеді.

Келесі естелігі атамның айтуынша 1961 жылы 12-көкек айының таңғы 5-6 лар шамасы болуы керек,терезені біреу қатты ұрғаннан оянып,сыртқа шықсам райкомнан келген Косрев екен.Амандық саулықтан соң «Сейдахмет Қосжанович ,кешіріңіз ұйқыңызды бұзғаныма ,бүгін сағат 9-да ауданға жолдас Қонаевпен Бейсебаевтар келетін болды,соған арнайы шақырып келдім деп кетті.

Сол жылы қазағымның біртуар ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевті алғаш рет бетпе –бет жақыннан көрдім. Ат жақты ,зор денелі,көнені көрген аталар көз алдыма елестеді. Әсіресе аяғындағы қалың ұлтанды ат басындай бәтеңкесі «алты кез-Ағыбайды» елестетті. Контордың алдына тоқтаған машинаға бәріміз көз алмай тұрмыз, көліктен түскен бойда тобымызға жақын келіп

«Саламатсыңдарма ,туыстар» деп, совхоз басшысына баста дегендей белгі беріп,қатар жүрді. Бүгінгі күнгідей метр сайын құқық қорғау қызметкерлері болмады. Бұл менің Қонаевпен алғаш кездесуім болды.Одан кейін 1973 жылдың қыркүйек айы болуы керек,менің «Қаратал»қой совхозынан «Абай»атындағы қой совхозына ауысқан кезім болатын. Облыстан тікелей 50000 бас қойды бордақылайтын комплекс салынған. Бұған Талдықорған облысына қарайтын 12 ауданның совхоздары,үкіметке өткізетін еттің есебінен бізге еркек тоқтыларын өткізетін шартты нұсқау қабылданған болатын. Сол іс-шараны көріп қайтуға Д. Қонаев комплекске арнайы келген еді. Теңіз толқыны ұқсаған ана шетімен мына шетіне көз әрең жететін ақ қойды көргенде көңілі-ау деймін»Дұрыс ұйымдастырылған екен»деді.Комсомол жатаханасына кіріп»Жағдай қалай,комсомолдар,тілектеріңе жетіңдер.Еңбекті сүйіңдер,қарақтарым.Сау болыңдар »деп далаға беттеді.Құдайдың құдыреті ғой,сол қасиеті жоғары адамның екі рет алған қолынан маған ерекше күшпен сезім пайда болғандай.Қиналсам түсіме енетін болды.



Одан кейінгі кездегі кездесу 1992 жылы тамыз айында Үштөбеден Құлымбеттің қоңырау шалуымен болып еді. «Сізбен бізді Қонаевтың келуіне байланысты дастархандас болып бармағын жаласын деп Көбес інің шақырып жатыр,дайын отырыңыз,жолдан соғып алып кетеміз»деді. Аталған уақытта Көбестің табалдырығын аттадық .Біраз уақыттан соң соң Дін-аға мінген көлік тоқтады,Көбес есікті ашып ,Димаш ағаның қолтығынан демеп, жоғары 2-қабатқа көтерілді.Құрметті орынға үлкен кісі отырды ,қасындағы көмекшісі ыдысына астардың әртүрлісінен аздап қана салып отырды. Тек қадірлі қонақтың өздігінен қол созғаны Шамшаның пісіріп әкелген Балқаш айдынының ақ сазаны болды. Алдыңғы көргенде бәлендей мән бере қоймаған екенмін ,екі жарым сағат бірге отырып құрған әңгіме дүкеннен көңіліме көп нәрсе түйгендеймін. Ақыл-парасаттылығының тереңдігі Байкал көліндей,ал адамгершілігі өзі басқарып отырған қазақ даласындай екенін шынайы мойындап қайттым.Екеуміздің жас айырмашылығымыз 8-ақ жыл, аға 1912 жылы туылғанда мен 1920 жылғымын. Тысқа шығып машинаға отырмас бұрын» Ал,айналайындар көріскенше күн жақсы .Келесі жылы кездескенше .Сау саламатта болыңдар» деп аттанып кетті. Жаратқан Алла ол күнге жеткізбеді,1992 жылы сол мерзімде дүниеден тау тұлға иесі өтіп кетті. Дін-ағаның алып тұлғасы ,отырған орны, мейірімді жүзі көз алдымда елестейдіде тұрады деп аяқтады әңгімесін атам. Өз кезегінде Дінмұхамед есімінің ежелгі түріктердің ханы Дінмұхамедпен байланысты екеніненде хабардар еткенде атам ол ұлы Шыңғыстың ұрпағы,Шығыс әдебиетімен тарихының атақты білгірі Әбілғазы бахадүрдің әлемге әйгілі «Түрік шежіресінде шешесі Мағыт қызы Дінмұхамед хан жөнінде көп айтылады. Қызылбастармен соғысып, Мазандаран,Мерв арасында жортып,Иран шахы Тахмысбты тәубесіне келтірген Дінмұхамед Мервте патшалық құрады.» Дінмұхамедтің бойындағы қасиеттерді Әбілғазы былай деп суреттейді «Дінмұхамед хан Мервке барып ,патша болды.Өзі жауға батыр,жомарт,дүние жинамайтын еді,нөкерге мейірбан ,кішіпейіл, бағзы уақыттарда дуаналарға ұқсар еді оның қылған істерін өз көзімен көрмей жан баласына сенбейтін еді». Димекеңнің көзінің тірісінде дүние жинамағаны,қол астындағыларға мейірімді ,дәруіштей тақуа таза кісі болғаны баршаға аян. Тағы бір таңқаларлық құбылыс –бағзы түрік ханы Дінмұхамед парсы шахы Тахмасыбпен сол заманның жағдайларына байланысты келісімшарт жасаса,Димекең кейінгі Дінмұхамед 1972жылы Қазақстанға келген Иран шахы Ризе Пехлевимен екі мемлекет арасындағы достық қатынас туралы сұхбаттасады. Бұрынғы Дінмұхамедтің құрметіне шах Тахмасыб Абиурдты деген қалада той жасаса,кейінгі Дінмұхамед Иран шахы Пехлевиге Алматыда қонақасы береді.Бірінші Дінмұхамед Иранға жаугершілік заманда келсе,екіншісі әлемде тыныштық болуы үшін кездескен екен.Атамнан естіген әпсана әңгіме дастан естеліктер баршылық .Сонау зұлматты аштықтың құқайының дәмін татқан,сұрапыл қан майданда оқпен оттың ортасында өмірменен өлім күніге бетпе-бет келгенде қаншама рет қиналғанын сезбеу мүмкін емес. Артына қалдыратын жақсы сөзімен өнегелі өмірі жоқ қарттар баршылық . Ес білгелі ата-анамның қолы босай қалғанда баратын қажымас қайсар нардай нағашым ,Алатаудың аппақ қарындай ақсақалың сенің жүріп өткен сара жолдарыңмен ертегідей еліктірер есті сөздеріңді сағындырып тұрады.Қасиет қонған тектілердің ізі ,асылдың сынығы бір өзіңсің. Соғыс бүге алмаған беліңмен ержүрек қайсарлығың бар қазаққа өнеге.Соғыс салған ауыр жарақаттың орны жазылғанмен кәрі жүрегің сыздап,күні кеше бір ыдыстан су ішкен жауынгер достарың сағым елестей санаңда бұлдырайды.Сенсің асыл жауынгер бүгінгі елдің қаймағы,сенсің АТА маған бақытты өмір сыйлаған. Елімізбен жерімізді зұлым жаудан азат еткен әрбір батыр үлкен құрметпен қошеметке лайықты. Атам туралы жазу мен үшін қиын болмады неге десеңіз соғыста қару ұстаған аяулы аташым бейбіт өмірде бірнеше кітаптың авторы оларды атар болсам,»Өмірімнің желісі-еңбегімнің жемісі»,»Жиған-терген қазынам»т.б.

Көпті көрген басы бар,тоқсаннан асқан жасы бар Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері биыл асқаралы 70-жылдық мерейлі Жеңіс мерекесінде Мәскеу қаласына баратын ардагерлердің тізімінде тұр . Алла өмір беріп сол қуанышты күнді көруге жазсын. Еселі еңбегінің арқасында көптеген қошеметпен абыройға ие.Қазақтың даласында еркелеп жүрген ,қанатымен су сепкен қарлығаштай елдің жердің амандығын тілекшісі.Батагөй абыз ақсақал ұрпағымен мың жасап отыр . Мәуелі бәйтеректей жайқалып,тамырың тереңнен тартып тұр. Көк аспан енді түнермесін,әрбір қазақ тек бірлігін түгендесін.Соғыс өрті тұтанбасын,қазақтың әрбір шаңырағында сәбидің бесігі тербелсін. Балалардың шат күлкісін ешкім ұрламасын . Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын. Егеменімізді айғақтайтын рәміздеріміз көк аспанымызда биікке самғасын .Отанымыздың тыныштығын ешкім алмасын. Еліміздің басшысына амандық,сарабдал саясатта нұрлы жолы ашық болуын тілеймін.Аузына құс тістеген алмағайып заманда елдің бірлігімен бостандығына тұрақтылық беруін бір Алладан жалбарынып сұраймын. Барша адамзат баласына қанағат және имандылық берсін.Алпауыт аузын айға білеген 30 елдің қатарында қасқайып тұру үшін бізге таусылмас білім,сарқылмас ғылым керек. Қазақ елі-мәңгілік ел.Текті қыран көгімізде биік самғасын.

Мусаева Балжан

Алматы облысы, Панфилов ауданы



«Ы. Алтынсарин атындағы орта мектеп» кмм

Тарих, құқық пәндерінің мұғалімі
Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, филология магистрі Амирханова Сара Бекетқызы Коучинг жоспарының тақырыбы: «Lesson study – сабақты зерттеу әдісі»
attachment -> Сабақ тақырыбы: Химияның негізгі түсініктері мен заңдары Сілтеме
attachment -> Сабақтыңтақырыбы: 3 4
attachment -> Сабақ: Алкандардың қасиеттері. Алкандардың жеке өкілдері және қолданылуы
attachment -> Сабақтың түрі: Аралас сабағы Сабақ уақыты: 90 мин. Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақ Алматы қаласы Алатау ауданы «185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Бастауыш сынып мұғалімі Курманова Маржан Сеилхановна
attachment -> Сабақтың тақырыбы Сағат саны Мерзімі Оқып-үйренудің негізгі мақсаты
attachment -> Сабақтың мақсаты: оқушыларға алжапқыштың және бас орамалдың сызбасын есептеуді және құрастыруды үйрету


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет