9-сурет. Қоңыр балдырлар - (Рһаеорһусеае)
1.2.13 Қызыл балдырлар - (Rhodophyta)
Теңіздерде, су түбінде таралған балдырдың ең үлкен бөлімі. Қызыл балдырлар теңіздерде су асты жартастарына,рифтерге, үлкенді-кішілі домалақ, қиыршық тастарға, құмға, ал майда түрлері ірі балдырларға жабысып өседі.
Негізінен 20 — 40 м, ал қолайлы жағдайларда 100 — 200 м тереңдікте өседі. Кейбір түрлері ғана тұщы суларда кездеседі. 2 класқа (бангия, флоридия), 600-ден асатын туысқа жататын 4 мыңнан астам түрлері бар. Қазақстанда Қызыл балдырлардың 22 түрі анықталған, оның 16-сы Каспий теңізінде кездеседі. Қызыл балдырлардың басқа балдырлардан ерекшелігі — құрамында биллипротеиндер — қызыл фикоэритрин мен көк фикоцианин пигменттері болады. Осы пигменттердің мөлшерлік ара-қатынасына байланысты оның түсі ашық қызылдан көкшіл жасыл және сары түске дейін өзгеріп отырады. Қызыл балдырлардың басым көпшілігі анатом. және морфологиялық құрылыстары күрделі көп клеткалы ірі өсімдіктер. Тек аздаған түрлері ғана өте қарапайым бір клеткалы немесе шоғыр (колония) түзуші организмдер. Аналық көбею органы —оогомияларының құрылысы, зиготаның даму процесі күрделі. Споралары мен гаметалары талшықсыз, яғни өздігінше қозғала алмайды. Талломдары көлемі, құрылысы, пішіні жағынан балдырдың түріне қарай әр түрлі тілімделген және тарамдалған.
Вегетативтік (су түбіне жайылған негізгі өркендерге жаңадан сабақтар пайда болуы арқылы; бір клеткалы немесе шоғыр түзетін түрлер клеткаларының екіге бөлінуімен), жыныссыз (моно-, ди-, тетраспораларымен) және жынысты (оогамия) жолдармен көбейеді. Даму циклінде осы жолдар бір-бірімен байланысты, кезектесе ауысып отырады. Қызыл балдырлардың теңіз тіршілігіне ықпалы үлкен. Ол теңіз биоценозының басым бөлігін құрап, су жануарларының негізгі қоректерінің бірі болып табылады.
Көбею клеткалары —тетраспораларының, карпоспораларының өте көп пайда болуы нәтижесінде жаға маңы суларында фитопланктонның қалыптасуына ықпал жасайды (ұзындығы 1 м болатын Rhodymenіa pertusa 12 млн. карпоспор, ал оның тетраспорифті — 100 млн. карпоспор береді). Су асты маржан рифтерінің пайда болуы мен өсуіне маржан балдырларының ықпалы үлкен. Қызыл балдырлардың көптеген түрлерінен салат, тұздық, сорпа жасалады, кептірілген күйінде де пайдаланады. Родимения және порфира түрлері жеуге жарамды болғандықтан, Тынық мұхиты жағалауындағы бірқатар елдерде (Жапония) оларды өндірістік тұрғыда арнайы өсіреді. Қызыл балдырлардан бағалы зат — агар алынады, балдыр ұны тыңайтқыш, малға азық ретінде пайдаланылады [4].
Достарыңызбен бөлісу: |