Жұмысының мақсаты. Балдырлардың көбею ерекшеліктері мен эволюциясын анықтау, балдырлар туралы мәлімет жинау.
Жұмыстың міндеті.
1Балдырлардың түрлеріне сипаттама беру.
2. Көбею ерекшеліктері мен эволюциясын анықтау
1 Негізгі бөлім
1.1Балдырлардың жалпы сипаттамасы
Ботаниканың балдырларды зерттейтін бөлімін альгология деп атайды. Латынның «Algaе» - су өсімдігі деген сөзінен шыққан. Бұл ат олардың өсу мекендеріне қарай берілген. Балдырлардың төменгі сатыдағы көп таралған өсімдіктердің бірі, олардың 40 мыңдай түрі белгілі. Балдырлардың бір клеткалы, клеткаланбаған, қауымды және көп клеткалы түрлері бар. Олардың денесінде жіктелген арнаулы мүшелері жоқ, оның орнында тек талломдары болады. Балдырлардың мөлшері мм-дің мыңнан бір бөлігінен 60 м-ге дейін жететіндері бар. Осыған байланысты пішіні, анатомиялық құрылысы әр түрлі келеді.
Балдырлардың практикалық маңызы өте зор. Балдырларды тек азық-түлік ретінде қолданбай, сонымен қатар оларды медицинада түрлі ауруларды емдеуге қолданады. Балдырлар малдың құнды және арзан азығы болып саналады. Балдырлар өнеркәсіптің көптеген салалары үшін бағасы өте арзан шикізат қоры болып саналады.
Балдырлар - өздерінің құрылысы мен тіршілік әрекетінде бірсыпыра ортақ белгілері болуына қарамастан, сыртқы формалары әр түрлі болып келеді. Оларды бірнеше ұқсас топтарға біріктіруге болады. Ондай құрылыстар: монадалы, амебоидты, пальмелоидты, жіптесінді, коккоидты, пластинкалы, тканьды, сифонды болып бөлінеді [4].
Қарапайым монада құрылысты балдырларға клетканың пішіні көбінесе сопақ, кейде алмұрт тәрізді немесе дөңгелек болып келетін бір клеткалы, не бір-біріне клетка пішіні, құрылысы және атқаратын қызметтері ұқсас бірнеше клеткалардан құралған қауымды организмдер жатады. Монада құрылысты балдырларды қозғалысқа келтіретін клетканың алдыңғы жағында бір көбінесе екі, кейде төрт және одан да көп талшығы болады. Ең қарапайым балдырлардың вегетативтік тіршілігінің барлық кезеңінде монада құрылысты екендігі байқалды, ал құрылысы күрделі балдырлардың жынысты және жыныссыз клеткалары ғана монада құрылысты болады.
Кейбір қарапайым балдырлардың құрылысы амеба тәрізді, яғни амебоидты құрылысты. Мұндай балдырлардың оқшауланған клетка қабықшасы, талшығы болмайды.
Құрылысы пальмелоидты келген балдырлардың клеткалары бір-біріне байланыссыз, сырты кілегейленіп жатады. Мұндай жағдай кейбір балдырдың даму циклының басынан аяғына дейін, не белгілі бір кезінде пайда болады (хламидоманада, улотрикс) т.б.Коккоидты құрылыстарға - табиғатта кең тараған, клетка пішіні әр түрлі қозғалмайтын бір клеткалы не қауымды организмдер жатады. Монада құрылыстардан айырмашылығы көзшесі, жиырылғыш вакуолясы және талшығы болмайды [1].
Жіптесінді балдырлар табиғатта жиі кездеседі, кейде олар жан-жаққа тарамдалып та кетеді, мұнда қозғалмайтын клеткалар бір немесе бірнеше қатар болып орналасады.Пластинка құрылысты балдырлар - жіңішке және жалпақ пластинка пішінді келеді. Теңізде тіршілік ететін көпшілік қоңыр және қызыл балдырлар клетканың жан-жаққа бөлінуінің нәтижесінде пластинка тәрізді болып келеді.Тканьды құрылысты балдырлар күрделі, сырт пішіні жоғарғы сатыдағы өсімдіктерге ұқсас.
Талломның ішкі құрылысы бірнеше қабаттан тұрады және олар дифференцияланған, соның нәтижесінде алғашқы тканьдер құралады, әсіресе жақсы жетілген механикалық, өткізгіш, ассимиляциялаушы тканьдер болады. Мұндай тканьдер ламинарияда, фукуста, саргуссумда, делесериде және басқа балдырларда кездеседі.Сифонды құрылысты балдырлар сирек кездеседі. Бұған вегетативті денесі перделерге бөлінбеген, орасан үлкен, ядросы өте көп, бір клеткадан тұратын, ол клетканың мөлшері 1 см-ден, кейбір түрлерінде бірнеше см-ге жететін балдырлар жатады [9].
Достарыңызбен бөлісу: |