Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі


Түркі халқының ірі тұлғасы



бет2/4
Дата04.11.2016
өлшемі1,04 Mb.
1   2   3   4

1.2 Түркі халқының ірі тұлғасы

1999 жылдың күзінде әлемдік ғылым, білім мен мәдениет тарихында өзіндік үлкен орны бар, қазақ тарихының атасы атанған ұлы ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері, ақын, қолбасшы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің туылғанына 500 жыл толды. Мүшел тойы ЮНЕСКО-ның айтулы мерзімдер күнпарағына енгізілген кемеңгер ойшылды әтсе де әдебиетші, тарихшы ғалымдар болмаса күні бүгінгі дейін жалпы жұртшылық біле бермейтін. Тек 1996 жылы Әмір Темірдің 660 жылдығына орай Өзбекстан Ғылым академиясы Шығыстану институтының ғалымдары ерен тұлғаның «Тарих-и Рашиди» атты классикалық шығармасын орыс тіліне тәржімалап жариялағаннан кейін, ғалым мұрасына деген қызығушылық арта түсті. Республикалық баспасөзде ол жайлы мақалалар жариялана бастады. Тараз университеті ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған бірнеше халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар өткізді. Осы оқу орнына Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати аты берілді.

Европа жұртшылығы Мырза Хайдар шығармасымен бұдан 100 жылдан бұрын-ақ танысқан. Оның парсы тіліндегі аталмыш еңбегін ағылшын отаршылары Үндістаннан тауып, аударып 1895 және 1898 жылдары Лондонда екі рет бастырған. Осы аударма Мырза Хайдар шығармасының әлемге таралуына кең жол ашты.

Ғалым мұрасын зерделеуге деген талпыныс бұрынғы Совет Одағы республикалары ішінде біздің елімізде де болмай қалған жоқ. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан 1941 жылы «Әдебиет және искусство» (Қазіргі «Жұлдыз») журналында даңқты тарланбоз жайлы «Қазақтың тұңғыш тарихшысы» атты арнайы мақала жазып халқымыздың тарихының тым тереңде екеніне көңіл аударған.

Мырза Хайдар Дулати XVI ғасыр перзенті. Ол осы күнгі қазақ ,қырғыз, өзбек секілді түркі халықтары ұлт боп ұйып, тарих сахнасына көтеріле бастаған кезеңде өмір сүрді. Бұл Жошы ханның Батыс Сібірді мекендеген кіші ұлы Шайбан әулетінің Орта Азия мен Ауғанстан һәм Хорасанды да уысында ұстаған Әмір Темір ұрпақтарынан Мауараннаһрді тартып алмақ боп белін бекем буған, феодалдық соғыс өрті тұтанып, аласапыран шақ туған тұс еді. Сондықтан да болашақ ғалым қмірінің көпшілік бөлігі әуелі Орта Азия, сонан соң Шығыс Түркістан мен Ауғаныстан, Тибет пен бадахшан, үндістан жағында өтті. Ол көбінесе ат үстінде, жорықтарда жүрсе де сол кездегі ғылым, білім тілі – парсы тілінде «Тарих-и Рашиди» атты Орталық Азия халықтарының XIV-XVI ғасырлардағы тарихы, этнографиясы мен геграфиясы, әдебиеті мен мәдениеті жайында классикалық тамаша шығарма қалдырды. Онда Мауараннаһрдегі Шағатай әулеті құрған мемелекеттің XIV ғасыр ортасына таман ыдырап, екіге бөлінуі, Моғолстан деген шығыс бөлігінде дулат тайпасының күшімен дербес мемлекет негізі қаланғаны және басқа көптеген тарихи оқиғалар туралы әңгімеленеді.

Моғолстан – Шығыс және Оңтүстік Қазақстан мен қазіргі Қырғызтан жерінде болған мемлекет басында тұрған белгілі бектер еді. Олар Моғолстан тағына бірнеше хан отырғызып, сол кездегі құсбегі (премьер-министр) іспетті биік лауазымдарға ие болған. Еңбегіне риза болған әміршілер әулеті XIII ғасырда Шағатай тұсында-ақ ғалым бабаларына Маңлай Сүбе деп аталған күнгі Қашқарияны сыйға тартқан.

Әйтсе де XV ғасырдың екінші жартысында болашақ ғалымның аттас бабасын билікке таласқан немере інісі Әбу Бәкір Дулати зорлықпен Қашқариядан Орта Азияға ктуге мәжбүр етеді. Мұнда ғалымның әкесі Мұхаммед Хусейін 1492-1493 жылдар шамасында Моғолстан Жүніс ханның (1415-1487) үшінші қызы Хуб Нигар ханымға үйленеді. Одан 1499 жылы Мырза Хайдар туылған.

Хуб Нигар ханымның әпкесі Құтлық Нигар ханым Әмір Темір шөберелерінің бірі Омар шейхпен (1455-1494)тұрмыс құрған-ды. Одан атақты ойшыл, ақын, қолбасшы Мұхаммед Захир ад-дин Бабыр (1483-1530) туылған, ол Мырза Хайдардың бөлесі боп келеді.

Болашақ дарабоз шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ тағдыр тауқыметін көп тартқан. Бір жарым, екіге толғанда анасы қайтыс болады. Дәл осы тұста шайбандық өзбектер Орта Азияға баса көктеп кіріп 1500 жылы Бұхара мен Самарқанды, 1503 жылы Ахсикент пен Ташкентті, 1504 жылы Әндіжанды, 1505 жылы Хорезмді, 1507 жылы Герат пен Астрабат, Гурганды басып алады.

Шайбандықтарға тақ үшін таласып өзара қырықпышақ болған Әмір Темір әулеті табанды қарсылық көрсете алмаған. Соғыса-соғыса Бабыр Кабулге кетеді. Басқыншылардан ғалымның әкесі Мұхаммед Хұсейін де бас сауғалауға мәжбүр болады. Ақыры құрығы ұзын Мұхаммед Шайбани кісілерінің ол қырыққа енді толғанда 1508 жылы Геретта қазаға ұшырайды.

Жетім қалған Мырза Хайдар бірнеше жыл бөлесі бабырдың қолында тұрады. Бұрын болашақ ғалымды біз екі ағайынды деп білетінбіз. «Тарих-и Рашидиді» оқи келе оның Абдолла мен Мұхаммед шаһ атты інілері және қарындастары болғанын байқаймыз.

1512 жылы Бұхара маңында шайбандықтардан тағы да жеңіліп Кабулге қайтып келе жатқан Бабырдан Мырза Хайдарды Жүніс ханның немересі Әбу Саид хан мен ғалымның немере ағасы Сейіт Мұхаммед сұрап алып қалады. Саид хан бұрынғы ата-баба дәстүрімен Мырза Хайдардың әпкесі Хабиба Сұлтан ханишке үйленіп, ал оған қарындасын беріп хан тұқымына оны күйеу (гурган) етеді. Осыдан былай болашақ ғалым енді Мырза Мұхаммед Хайдар гурган деп аталатын болады.

1514 жылы Саид хан Қашқарды Әбу Бәкір Дулатиден тартып алып жаңа мемлекет – Қашқар хандығының ірге тасын қалайды. Жаркент қаласын астана етеді. Осы жерде Мырза Хайдар 18 жылдай тұрған. Сонда оқыды. Ержетті. Қашқар мемлекетінің үлкен лауазымдарына ие болды.кейде ханның өзі ара-кідік балалары Әбдірашит және Ескендірмен бірге қол бастап 1524-1525 ж. осы күнгі Қырғызстанның оңтүстігі, 1527-1528 ж. Кәпірстан, 1529-1530 ж. бадахашан, 1532-1533 ж. балтистан мен балур және Кашмирге жорық жасайды.

1533 жылдың шілдесінде Тибет жорығынан қайтар жолда Саид хан қайтыс болады. Хан тағы Әбдірашидке (1510-1570) тиісімен «мемлекет тізгінін тартып алады» деген жалған қауіппен Сейіт Мұхаммед мырзаны ол отбасымен өлтіреді. Жорықта жүріп осындай қайғылы хабар алған Мырза Хайдар өз өміріне де қатер төнгенін сезіп Жаркентке оралмайды. «Тарихи-и Рашидиде» осыған байланысты оның Әбдірашид ханға жазған өлеңі берілген. Онда ол жалаға сеніп жазықсыз жапа шектірген Әбдірашидке:


Берілгендігің мен сый-құрметің жайлы уәдені,

Ғажап, бәрін қалай тез ұмыттың?

Сенің түсінігіңше зұлымдығың қайырымдылығың екен ғой,

Алла жарылқасын! Таңқаларлық қамқорлық жасадың маған, - дейді

.

Мырза Хайдар біраз уақыт Тибет пен Балтистан, Ладакта, сонан соң Бадахшан мен Кабулде болып, ақыры 1536 жылы Үндістандағы Бабырдың балалары Камран мен Хұмаюнды іздеп жолға шығады.



Бізде жарияланып жүрген мақалаларда көп ретте ғалымның негізінен осы 1540 жылға дейінгі ғұмыры ғана сөз болады. Ал одан арғы өмірі қалай өтті? Ол қай жерде, қай жылы қалай қаза тапты, зираты қайда деген сұрақтарға көпке дейін жауап табылмай келді.

Осы мәселелерді зерделеп анықтау үшін біз 1994 жылы Қашқарияда болып, Қашқар, Жаңа Хисар, Жаркент секілді шаһарларды да аралағанбыз. Жергілікті халықтың мырза Хайдарды ұмытпай қадірлеп, оның атымен Жаркент қаласының бір махалласы мен қаладағы бақты да атап отырғанының куәсі болып, ризашылыққа бөлендік. Қашқариялық ғалымдар мен зиялылардың кейбірі тіпті дана қайраткер Үндістанда қаза тапқан соң Әбдірашид ханның бұйрығымен Жаркентке жеткізіліп, осында жерленген деп те санайды екен. Аталмыш аймақтың бірақ дулатидің зираты табылмады.

Арада бір жыл өткен соң Пәкістанға барудың да сәті түсті. Ол жерде де Мырза Хайдар бірнеше жыл күн кешкен Лаһор қаласында болып, ғалым тұрған тарихи жерлермен таныстық. Мұның бәрі сөз жоқ ұлы ғалым зиратын іздестіре беру ойымызға қанат бітіріп, мақсатқа жақындай түскенімізді байқатты.

Мәселенің бәрі енді Кашмирге тірелгені, сонда бармай мақстаының орындалмайтынына көз жеткен соң, 1998 жылдың желтоқсаныныда Риядтан Бомбей арқылы Делиге аттандық.

Кашмир дегеннен шығады, бұл өлкеде Мырза Хайдар алғаш рет 1532 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінен 1533 жылдың мамырына дейін болған. 1532 жылдың көктемінде Саид хан осы күнгі Пәкістан мен Үндістанның солтүстік шығысындағы Балтистан мен Ладак аймағына жорыққа дайындалады. өйткені қашқарлықтар Әбу Бәкір Дулати тұсында-ақ Тибетті исламдандырамыз деп бұл жерлерге оқтын-оқтын жорыққа шығып қайтатын.

1532 жылдың шілдесінде аталмыш әмірші де Мырза Хайдарды екінші ұлы Ескендірмен сол жаққа аттандырып өзі таңдаулы қосындарымен Қотан арқылы Кіші Тибеттің шығысына бет алады.

Мырза Хайдар тамыздың басында таулы Нубраға жетіп, сол жердегі бас қамалға ту тіккен соң, қыркүйек-қазан айларында Ладак өңірінің орталығы Марйулге келіп ат басын тірейді. Бұл кезде қар жауып, күн суыта бастайды. Аттарға азық һәм өздері де қыстап шығар қолайлы жер іздегенімен таулы өлкеден ол табыла қоймайды. Сондықтан да Мырза Хайдар қысы жұмсақ Кашмирге бару ойын ұсынады. Оны Сайд хан да жөн көріп Мырза Хайдар мен Ескендірдің 4 мың қосынмен Кашмирге аттануына рұқсат етеді.

Жолай Балтистан жамағатын да тізе бүктірген олар таулықтардан да жасақ құрастырады. Оларды әрі жол көрсетуші етіп сол жылдың соңғы күндері Кашмирдің солтүстік шығысындағы Зуджи асуына жетеді. Мырза Хайдар сарбаздарына торуылдағы кашмирліктерге қарсылық көрсете алмай бей-берекет қашады. Тәжірбиелі қолбасшы сөйтіп Кашмир жеріне аяқ басады. Келесі 1533 жылдың ақпанында тізе қоса қайта ұмтылған Кашмир әскерін Мырза Хайдар тағы да талқандайды. Енді олар сол жылдың көктеміне қарай осы өлкенің сотүстігі мен оңтүстік шығысына бет алып, біраз жерін басып алды. Бірақ қосын басшыларының бірі Мырза Әлі Тағайдың жас қолбасшының жеңістерін қызғанып бүлік шығаруына байланысты Мырза Хайдар кашмирліктермен амалсыз келісім жасасуға мәжбүр болады.



«Сол кезде Кашмирдің сұлтаны Мұхаммед шаһ (1529-1534 ж. патшалық құрған) еді, - деп жазады Мырза Хайдар «Тарих-и Рашидиде». Бізбен қақтығыс кезінде өлтірілген (Кашмир патшасы) Әли Мырзадан соң бұл елге Абд әл-Макри, Қажы Чак, Лаухар Макри және Рикиджи (Реджи) чак патша болды. Оларға бейбіт бітім ұсынылған кезде өте риза болысты. Тіпті мұндай тамаша өлкені жаулап алып, қайтарып беру қандай бассыздық деп сенбеді.»

Сонымен Кашмирде Саид ханның атынан құтпа оқылып, теңге соқтырылып, мүмкін болғанынша дүние-мүлік жиналып, Ескендір сұлтанға Мұхаммед шаһ қыздарының бірі әперілгеннен кейін 1533 жылдың мамыр айында олар кері қайтып кетеді.

Әйтсе де Кашмир Дулатиға қатты ұнаған. «Тарих-и Рашидиде» ол оның тарихы, табиғаты мен өзен-көлдері, халқы мен әдет-ғұрпы, дін мәселелеріне «Кітап авторының Кашмирге келуі және осған байланысты кейбір оқиғалар жайында әңгіме», «Кашмирді сипаттау», «Кашмирдің ғажайыптары жайында әңгіме», «Кашмирдегі ислам дінінің жайы және Кашмирде бұрын билік еткен мұсылман сұлтандары туралы қысқаша әңгіме», «Кітап авторының Кашмирден кетуі және сол күндері болған оқиғалар жайында әңгіме» іспетті 7-8 тарау арнаған.

Кашмир – оңтүстік шығысы мен солтүстігін Гималай, оңтүстігі мен батысын Пир Панджал таулары қоршап жатқан шағын аңғар. Мырза Хайдар аталмыш өлкенің жазық тұстарының ұзындығы шамамен 140-қа, ал көлденеңінің кей жерлерде 20-ға дейін жететінін сипаттай келіп оны суармалы, құрғақ, бау-бақшалы, өзендері мен көлдерінің бойына шегіргүл мен басқа да гүлдер аралас өсетін жоңырышқалы теп-тегіс жазық алқап деп төртке бөледі. «Жердің тым ылғалдығына байланысты мұнда егін шаруашылығымен айналысу мүмкін емес, сол себепті ол жерлер жыртылып, айдалмайды. Бірақ солардың өзі де Кашмирдің көркем көрінісінің бірі» - дейді ол. Ұлы ғалым сондай-ақ ел табиғатының саналуандығын, қыста да, жазда да мұнда ауа райы суық та, ыстық та емес жұмсақ екенін, дайымы самал соғып тұратынын, кейде қар көп жауса да тон киюдің қажеті болмайтынын, ал жазда Кашмир көкорай шалғынға оранатынын өз шығармасында сүйсініспен суреттеген.

Кашмир астанасы туралы қарымды қаламгер «(Сринагар - Ә.Д) қаласы мен оның төңірегінде қарағай мен кипаристен салынған тамаша ғимараттар көп. Олардың көпшілігі ең аз дегеде 5 қабаттан тұрады. Әр қабаттың сәулетті бөлмелері, тұрғын жайлары мен терассалары, балкондары мен мұнаралары һәм керемет әшекейленген таңқаларлық кіре берістері бар. Қанша тырыссаңда оны толық суреттей алмайсың... Шаһар базарларының өткелдері мен көшелеріне түгелдей тегістелген тас төселген. Базарлары өзге қалалардағыдай емес. Кездеме һәм уақ-түйекпен сауда жасайтын дүкендер қатарында өзге дүкендер жоқ. Әрбір қолөнерші мен кез келген адам өз жұмысын өз мекен жайларында атқарады. Базар көркінің құрамдас бөлігі боп саналатын нан, иіссулар мен сусын және басқа да түрлі азық-түлік дүкендері мұнда әдеттегіден тым ерекшк...

Алмұрт, ірі қара тұт, қызыл шие, шие секілді жемістерден басқа мұнда жемістің өзге де барлық түрлері бар. Әсіресе алмалары жақсы... Жеміс піскен кезде оны сатып, яки алып жатқандар да аз ұшырысыды. Бақшасы жоқ кісі оны егесімен бірдей пайдаланады. Кашмирде адамдарға жемісті үзуге тиым салған әдетте жоқ», - деп жазады.

Мырза Хайдар Кашмирдің табиғаты, сондай-ақ бұл жаққа ислам дінінің таралу тарихы жайлы да біршама мағлұмат бере кеткен: «Ислам діні, - деп жазады ол, мұнда жақында ғана таралған. Кашмир жамағатының бәрі үнділіктер еді және олар Брахма дінін ұстайтын. Бірде бұл өлкеге Сұлтан Шамсаддин деген біреу дәруіш кейпінде келеді. Ол кезде Кашмирдің әміршісі Әйел екен... Сұлтан Шамсаддин сол әйелге қызмет етуді жөн көреді. Уақыт өте ханым оған тұрмысқа шығып, бүкіл Кашмирдің билігі бірте-бірте аталмыш дәруішке тиеді. Кашмирді Шамсаддинннен кейін оның ұлы Алааддин (1342-1354), одан соң Алааддиннің баласы Құтбаддин (1373-1389) билеген. Соның тұсында Кашмирге Саид Әли Хамадини деген атымен мәлім Әмір Кабир ас-Сани (1314-1348) келеді... Әке тағына отырған Құтбаддиннің ұлы Сұлтан Ескендір (1389-1413) Кашмир пұт храмдарының бәрін қиратып, ислам дінін таратқан.



Әке тағы Зейін әл-Абидинге тиген соң ол Кашмирде 50 жыл (1420-1470) патшалық құрған. Зейін әл-Абидин Кашмирді абаттандыруға тырысты және... мейлі дінсіз, мейлі мұсылман болсын жаһанның барлық тайпаларына кеңшілікпен қарады. Оның тұсында Кашмир біздің заманымызға жеткен қалпындай қалаға айналды.

Кашмирде өзге қалаларда сирек кездесетін түрлі кәсіптің шеберлері, мысалы қыстақ базарларында сұраныс жоқ металл, ағаш, сүйек сияқты нәрселерге өрнек салушылар мен тас қашаудың білгірлері, алтын зергерлері мен басқа да қолөнершілер көп. Мауараннаһрдің Бұхара мен Самақханнан басқа барлық аймақтарында да мұндай қолөнершілер кездеспейді. Ал Кашмирде қолөнердің барлық түрінің шеберлері бар, тіпті олар көп. Осының бәріне Зейн әл-Абиддиннің арқасында қол жетті...»

Зейн әл-Абидиннен кейін Кашмирден береке бірлік кетіп, бас-басына би болған заман басталады. Патшаның үрім-бұтағын мойындамаған әкімсымақтар билікті өз қалауларынша жүргізеді. Мырза Хайдар 1533 жылы Кашмирге келгенде халық осындай аламантасыр жылдарды бастан кешіп жатқан-ды. Олардың тұғыры биік тарланбозға: «Мұндай тамаша өлкені жаулап алып, қайтарып беру қандай бассыздық» деуінің астары да осында сияқты.

Мырза Хайдар 1533 жылы бұл өлкені «Қайран Кашмир» деп қимай кеткенімен, арада 7 жыл өткен соң мұнда қайта оралып, оны қантөгіссіз бейбіт жолмен қайта алған.

Сол аймаққа міне ұлы ғалымды іздеп жолға шықтық.

Индира Ганди атындағы Дели әуежайында бізді Қазақстанның Үндістандағы елшілігінің 2-хатшысы Мұрсалнәби Тұяқбаев ініміз қарсы алды.

Елшіліктегі әріптестеріміз сапар мақсаты жайлы хабардар болғанымен олардың көзінен «Біздің де жолымыз түсе қоймаған қауіпті аймаққа қалай бармақсыз?! Үндістан мен Пәкістан арасында Жамму және Кашмир штатына қатысты даудың өршіп, ушығып тұрғаны мынау... Екі ел арасы шиеленісіп, әрекет етуші топтардың дүмпуі қатты сезілуде. Сондықтан да Үндістан онда бір миллиондай әскерін ұстап тұр. әлдеқандай оқиға бола қалса қайтеміз» деген ойды байқау қиын емес еді.

Ия, Кашмир Үндістаннан бөлінуге әркет жасауда. Ал Үндістан бұл өлкенден еш уақытта да айрылмайтынын білдіріп, онда үлкен әскер ұстап отыр. Күнара кісі өлімі болып жатқаны да құпия емес.

Бірақ Мырза Хайдар зиратын табу жолында аталмыш проблемалардың бізге бөгет бола алмайтынын байқаған әріптестеріміз елшілік атынан Үндістанның бірнеше жауапты мекемелеріне хат дайындап, көмектесу жағына кірісті.

Мырза Хайдардың Кашмирде өткізген жылдары туралы деректерді шынында да негізінен Үнді тарихшыларының еңбектерінен ұшыратамыз. Солардың бірі – Фиришта деген атпен көбірек мәлім Мұхаммед Қасым Һиндушаһ Астрабади (1552-1624). Оның Үндістан тарихына арналған «Гүлшани Ибраһими» - «Ибраһим Гүлзары», бірақ әдетте «Тарих-и Фиришта» - «Фиришта тарих» деп аталатын шығармасының «Кашмир билеушілері» атты оныншы тарауында Мырза Хайдардың өмірі мен қызметінің соңғы кезеңі жалы да мағлұматтар берілген.

Ол да бірақ Мырза Хайдарды Ұлы Моғолдар мемлекеті тарихымен астастыра зерделеген. Фиришта Хұмаюн мен ауған текті Шершаһ (1472-1545) патшаның 1540 жылдың мамыр айында – Үндістанның билігі үшін Ганга жағасындағы шешуші шайқасында Мырза Хайдардың Хмаюнның жанында болғандығына тоқталған. Шайқаста бірақ Хұмаюн жеңіліске ұшырайды. Шегіне-шегіне олар Лаһорға келіп, әрі қарай не істеу керектігін ақылдасады. Мырза Хайдар Кашмирді жаулап алуды ұсынады. Өйткені Зейн әл-Абеддин патшаның ұрпақтарын биліктен айырған жергіліеті Чак пен Макр әулеті 1533 жылдан кейін де тақ үшін таласып өзара қырқысуда еді. Бірде билік шиашылардың қолына тиісімен олар сүнналық Абд әл-Макри мен Занги Чакты елден қуады. Сол себепті олар Лаһордағы Мырза Хайдарға 1537 жылдан бастап-ақ бірде хат, бірде жаушы жіберіп Кашмирге шақырумен болады. Ұлы ғалым онда барып Кашмир тағына ие болуға Хұмаюндыүгіттейді. Әмірші бірақ аталмыш аймаққа әлі әзір өзі бармаса да соңыра Мырза Хайдарға аз-кем жасақ беріп Кашмирге аттануына рұқсат етеді.

Сонымен Мырза Хайдар 400 кісімен Кашмир әкімі шиашыл Қажы Чак күтпеген – Пир Панджал тауындағы Панч асуының тар шатқалынан есен-сау өтіп, 1540 жылдың 22 қарашасы күні Кашмирге аяқ басады да оны бір оқ та шығармай өзіне қаратады. Бірте-бірте ол Абд әл-Макри мен Занги Чакты өзіне одақтас етеді.

Қажы Чак Кашмир тізгіні тағы да Мырза Хайдардың қолына тигеніне қарсы еді. Сол себепті ол Шершаһтан көмек сұрайды. әтсе де ол берген 2 піл, бірнеше мың жаяу және 5 мың атты әскерді Мырза Хайдардың 300 сарбазы 1541 жылдың 1 тамызы күні тас-талқан етіп қирата жеңеді. Ұлы ғалым Сұлтан Зейн әл-Абдиннің ұрпағы Нәзік шаһты таққа отырғызып, Кашмирді соның атынан билейді.

Фиришта көрнекті қайраткердің осындай соғыстары жайлы көбірек жазған. Ол Мырза Хайдардың 1541 жылғы шайқастан кейін 1544 жылы да тағы бір бүлікті басуына тура келгенін еске алады.

Ел ішіндегі тынышсыздық яки өзге де себептер болды ма, Мырза Хайдар 1544 жылы Сринагардан 30-35 шақырым жердегі Индакорт қамалына барып жайғасады. Сол жылы Занги Чак әміршісінің өзінен күдіктене бастағанын байқап Панчтегі Қажы Чакқа қашып кетеді. Бара сала баласы Баһрам Чакты үлкен қолмен Сринагарға аттандырады. Дегенмен Мырза Хайдардың екі генералы оның бытыраңқы әскерін оп-оңай қуып таратады.Сөйтіп жүргенде 1545 жылы Қажы Чак пен оның ұлы Мұхаммед Чак безгек ауруынан қайтыс болады. Сол жылы қаһарлы Шершаһ та көз жұмады. 1547 жылы Мырза Хайдар әскерлерімен кезекті шайқаста Занги Чак пен оның ұлы Гази хан да қаза табады. Жауларының асхнадан кетуі Дулатидің Кашмирдегі позициясын нығайта түскен..

Фиришта сондай-ақ 1547 жылы Қашқариядағы Әбірашид ханның Кашмирге елші жіберіп достық қолын ұсынғанын да айтуды ұмытпаған. Кашмир зиялыларын ерткен жаны жомарт, кешірімшіл азамат елшілікті күшшілік жерден күтіп алып, сый-құрмет көрсетеді.

1547 жылы ол енді мемлекетінің шекарасын нығайту һәм кеңейту мақсатымен бір кездері Саид ханмен өзі жорықта болған Үлкен және кіші Тибет, сондай-ақ көптен бүлікшілердің ордасына айналған Кашмирдің қиыр оңтүстігіндегі Раджаури мен Пакли аймақтарына жорыққа шығып, оларды өз мемелкетіне қосады. Бұл аймақтың әкімдері етіп ең сенімді серіктерін тағайындайды.

Фиришта сонымен қатар тағы бір маңызды оқиғаны да әңгімелеген. 1545 жылы Шершаһ қайтыс болған соң патша тағыф баласы Ислам шаһқа тиеді. Бірақ оған Пенжабтық Ниязи тайпасы қарсы шығады. Олардың арасы ушығып, ақыры ол қарулы қақтығысқа ұласады. Ислам шаһтан ойсырай жеңілген ниязилық хайбат хан Панчтағы чактарды келіп паналайды. Оларды Мырза Хайдарға айдап салып өз мақстаына пайдаланғысы келген чактар Хайбат ханды құшақ жая қарсы алады.

Әйтсе де ниязилықтарды бір жола талқандауға бел буған ислам шаһ олардың соңынан Пир Панджалдағы Раджауриге де жетеді. Ал чактардың «қонақжайлығынан» күдіктенген мырза Хайдарниязиліктер Кашмирге шегінбесін деп олардың тыл жолын кесіп тастайды. Ауғандар сөйтіп екі оттың ортасында қалады. Хайбат хан ақырында Ислам шаһқа ұлын кепілдікке беріп бітім жасасады. Сондай-ақ Мырза Хайдармен де бейбіт келісімге келеді. Чактардың арам пиғылдары осылай іске аспай қалады.

Фиришта сөйтіп өз еңбегінде Мырза Хайдардың соғыстарына көбірек орын берсе, Үндінің Әбу-л Фзл ибн Мүбарак Әллами (1551-1602) ныспылы тағы бір тарихшысы «Тарих-и Акбар шаһи » – «Әкбар шаһ тарихы» немесе «Акбар наме»–«Әкбар (патша ) жайлы әңгіммелер» атты шығармасының «Мырза Хайдар жайлы қысқаша мағлұмат» деген 31 тарауында талантты қолбасшының соғыс, шайқастарынан басқа, Кашмир өлкесінің мәдениеті мен өнерінің көркейуіне ықпал еткеніне, мемлекетке он саусағынан өнертамған тарландарды көптеп жиғанына тоқталған. «Оның тұсында,-деп жазады, - Әллами, әсіресе музыка өнеріне ерекше мән берілді, түрлі музыкалық аспаптар жасалынды.».

Шынында да Кашмирді алып көңілі жайланғаннан кейін Мырза Хайдар көптен ойында жүрген «Тарих-и Рашиди» атты еңбегін жазуға кіріседі. өйткені 1541 жылдан 1544 жылға дейін ел ішінде алабөтен оқиғалар бола қоймаған-ды. «Тарих-и Рашидиді» ол «екі» дәптерге» бөледі. әуелі екінші бөлімін (өмірбаянын) жазудан бастайды. өйткені бұрын-соңды тарихи шығарма жазып көрмегендіктен еңбегін өзі көріп бастан кешкен, естіген немесе жадында сақталған оқиғаларды баяндаудан бастайды. Аталмыш дүниесінде кіріспес бұрын бөлесі Бабырдың «Бабыр намесін» тағы да оқып, сан рет ой елегінен өткізеді. өзінің көргендерін һәм түйгендерімен салыстырады. Оқиғаларды сұрыптап, екшеуге мән береді.

Сөйткен ғалым «екінші дәптерді» 1541 жылы бастап 1543 жылдың сәуір-мамыр айларында аяқтаған. Мемуарлық бөлімнің нүктесі қойылған соң – оның ұмыт қалған тұстарын толықтырып, өңдейді де араға бес-алты ай салып 1544-1546 жылдары оның «бірінші дәптерін» де бітіреді.

«Екінші дәптердегі» маңызды тарихи оқиғаларды ауреттеуде олардың деректілігін арттыру үшін Ата Малик Ала ад-Дин Мұхаммед Джувайнидің «1225-1283». «Тарих-и джаһангушай және Әмір Темірдің жылнамашысболған тамаша тарихшы Шараф аддин Әли Йаздидің «1454» «Зафар намесіне» сүйенеді. Мырза Хайдар Орталық Азияның өз шығармаларын түркі тілінде де туындатқан Лутфи (?-1466).

Акбардан кейін Үндістанға билік еткен Жаһангир жайлы баяндайтын «Тузуки жаһангири» атты еңбекте де Мырза Хайдарға байланысты мағлұмат табамыз, онда көрнекті ғалым тұсында кашмиліктердің мәдениет саласында қол жеткізген жетістіктері дәріптеліп, мақталған. «Кашмирді ол билеген тұста,- деп жазылған.онда,– бұл өлкеде көптеген өнер шеберлерді күн кешті. Олар музыка саласында шеберлік танытты. Олардың лютняларды (ішекті аспап), цимбалдары, арфалары (ұзынша үшкілденіп жасалған саусақпен тартатын ішекті аспап), флейталары (сырнай) сол тұста көпке танымал еді. Бұрын кашмирліктерде лютняның бір-ақ түрі болатын. әдетте олар әнді үнді музыкасының үлгілеріне ұқсатып, Кашмир тілінде хормен айтатын. Кашмирліктер қол жеткен жетістіктері үшін сөз жоқ Мырза Хайдарға көп қарыздар».

Сондай-ақ орта ғасырлық Мұхаммед Ағзам мен маулауи Хасен атты тарихшылар да Мырза Хайдарды жоғары бағалай келіп, оның аталмыш өлкегк ыстық монша мен көзді терезелерді, кашмирліктер «нарах лул»(Кашмир тілінде «нарах»– от «лул»– үлкен қазан) деп атаған күріш кептіретін аппаратты да енгізгенін айтқан.

Осы күндері де Үнді тарихшыларынан ұлы қайраткерге соқпай, ол туралы сөз етпей кеткендер аз. Солардың бірі– Р.К.Парму. ол өзінің белгілі еңбегінде Мырза Хайдарға арнаулы тарау ареай отырып, көрнекті мемлекет қайраткері: Кашмирді билеген жылдары аталмыш елдің басқару жүйесіне басқару жүйесіне реформа жасады, жаңа қалалар салдырып, моғол мәдениетінің элементтерін енгізді. Кашмирге шар тараптан суретшілер мен олөнершілерді жинатты. Олардың өз өнері мен кәсібін кашмирліктердің арасына ендіруге мүмкіндік жасады. өзі де елдің әскери жағдайын нығайту үшін көп еңбектенді.

«Кашмир жұрты түгелдей ислам дінінің ханафи мазһабын ұстанған еді»- деп жазады Мырза Хайдардың өзі «Тарих-и Рашидиде». Ал Нәдір сұлтанның (1527-1529, 1540-1541,1551-1552) әкесі Фат шаһ тұсында мұнда Ирақтың талыш (өлкесінен Шамс деген біреу келіп өзін Нұрбахши деп таныстырады. "Нұрбахши" деп атаған дін бұзар секта таратады. Адамдардың қарғысы атып, Алла қаламағыр ол ашықтан ашық имансыздық пен түрлі күпірлікті уағыздап, қаратобыр арасына сүнна немесе шиашылардың да сектасының ешқайсысының іліміне сай келмейтін "Фикһ-и ахват" атты кітап таратады".

Нұрбахшийа — ислам дінінің шийа ағымына жататын сопылық қауымдастық. Оның негізін Иранда туылған бахрейндік Саййд Мұхаммед бин Мұхаммед Нұрбахыш (1392-1464) деген қалаған. Шийашылдықты насихаттай отырып ол шейх Әли әл-Хамаданиді жерге әділдік орнату үшін келген имам-маһди және халифа деп жариялайды. Оның Әмір Темірге қарсы уағызы мен шиашылдықты марапаттайтын үгіт-насихаты әуелде Әзірбайжан мен Иранда кең етек жаяды. Бірақ Әмір Темірдің ұлы Шаһруһ (1405-1447) нұрбахшыларды қатты қуғындаған. Содан 1496 жылы нұрбахшылардың бірі Мир Шамс аддин Кашмирге қашып келеді. Ислам дінін қабылдағанына көп болмаған, бұл діннің бүге-шігесін біле бермейтін жергілікті әкім оны жақсы қарсы алып, жер де бөліп береді. Әуелде Мир Шамс аддиннің уағызына иланып ұйып қалған кашмирлікгер сүннаны қойып, нұрбахшылар қауымдастығына кіре бастайды. Олар тым терендеп бара жатқан соң Мырза Хайдар Үндістан ғұламаларына әлігі кітапты жібере отырып ресми пікір сұрайды. Олар оны: "оқып, көтерілген мәселелерді ой елегінен өткізген соң кітап авторының жалған ілімді ұстанып Құран мен жалпыға мәлім Сүннаға һәм жамағаттың ортақ пікіріне қарсы шыққанын, бұл ілімнің хақ жолындағы жұрттың діни сектасының ешқайсысына жатпайтынын,... сөйтіп оның күпірлік пен адасушылыққа ұрынғанын, /сол себепті/ қолында билігі бар кісілерге ондай кітаптарды жою және әлемде тара-луына тиым салу міндетті уәжіп болмақ. Ондай ілімді түп-тамырымен отау және оған жол бермеу — діни қажеттілік, ал ол кітаптың жақтаушылары мен бұл ілімді ұстанушыларға тосқауыл қою, қарсы шығу — дін ислам міндеттейтін ұйғарым екенін", шегелеп айтады. Ал егер "олар табан тіреп, райларынан қайтпайтын болса, онда дін ислам жолына тұрған мұңдай кедергілерді алып тастап, ондай (қаскөйлердің) мұсылмандарға деген ыза кегіне тойтарыс беру кажет", деген тұжырым жасайды. Тіпті "дін тазалығы мен хақ жолын сақтау үшін оларды жазалау керек болса өлтіру де керек. Ал олар тәубеге келіп, ол ілімнен бас тартса, Әбу Ханифа <Алла оған разы болсын> мазһабының жолын ұстануға бұйрық берілуі тиіс "21 деген фатуа шығарады.

Үнді дін ғұламаларынан осындай ресми діни ұйғарым алған Мырза Хайдардың оны орындауды талап еткені де анық. Р.К.Парму бірақ ол жайлы ауыз ашпайды.

Мырза Хайдар "Тарих-и Рашидиде" кашмирліктердің дін бұзарлық басқа да қылықтарына тоқталған.

"Қазіргі уақытта, - деп жазады ол, — Кашмирдегі барлық сопылардың күпірлікке бет бұрғаны сондай, олар һалал мен харамды да ажырата алмайды. Тақуалық пен әулиелікті олар түнімен ұйықтамау және тамақ ішуді тежеу деп ұғады. Табылған нәрселердің бәрін олар талғамай жей береді. Қайсы харам, қайсы һалал екенін айырмай бәрін бірдей қабылдай береді. Және олардың бәрі ашкөздік пен сараңдық танытып қана қоймай, шариғатқа кереғар келіп, уақыф мүліктеріне қол сұғуға тырысады. Олар ұдайы пайғамбарлық туралы армандайды, "анандай болады, мынандай болады" дегендей сәуегейлік жасайды. Болашақта болады және өткенде болған деп тылсымнан тыс көріністер жайлы мәлімдейді... Білім мен білімділерді жамандап, оларға жеккөрінішпен қарайды... Мұндай құдайдан безгендер басқа ешбір жерде кездескен емес. Ұлы <Алла тағала> өзінің таза дәргейінде мұндай бақытсыздық пен пәледен барлық мұсылманды қорғап, Мұхаммед пен оның даңқты ұрпақтарын шариғаттың ақ жолына түсіре көрсін... Қазір ешкімнің де ашықтан ашық ондай бос сөзді айтуға батылы бармайды. Ол ілімді барлығы мүлде мойындамайды әрі өздерін суниттер меи мұсылман жамағаты қауымы санатына қосады. Өйткені <Алланың> құлы Мен пақырдың қаталдығы оларға мәлім еді. Ал егер (жоғарыда айтылғандай) бірдеңе байқала қалса, онда оларға өлімнен басқа шара қолданылмайды. Алла тағаланың көмегі һәм менің тырысушылығьшның арқасында бұл пәле — (нұрбахшийа) бірақ жойылады деп сенемін...

"Шамасин" атты күнге табынатын да бір топ күпірлер болған. Олардың ілімі бойынша күннің нұрлы болуы біздің иманымыздың тазалығына, ал біздін тіршілігіміз күн нұрының шапағатына байланысты деп түсінді.



Ф.7.15-07 қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі

Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі
2013 -> 1. 2 "Айқап" журналы және "Қазақстан


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет