Ғаділбек Шалахметов бейбітшілік бақЫТҚа бастайды астана, 2010 жыл Қызыл «мұзжарғыш кеме»



бет1/20
Дата28.01.2018
өлшемі4,03 Mb.
#34540
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
Ғаділбек Шалахметов

БЕЙБІТШІЛІК

БАҚЫТҚА БАСТАЙДЫ

Астана, 2010 жыл

Қызыл «мұзжарғыш кеме»
Біздің баршамыз Кеңес Одағы деп аталатын елде өмір сүрдік. Біз өмір сүрген елдің жақсы жақтары да, жаман тұстары да, кереметтері де, сұмдықтары да көп еді. Қалай десек те, сондай ел болды. Қазір Кеңес Одағы жоқ, енді ешқашан болмайды да. Оның идеологиясы да, фразеологиясы да, ондағы өмір сүру салты да келмеске кетті. Атлантида сияқты, империялық алпауыт «мұзжарғыш кеме» сияқты Кеңес Одағы мұхит түбіне кетті. Алып империяның маңдайына қазіргі жазылғаны мұхит түбіне шөгіп, естелік әңгімелерге мысал болу ғана екен. Ал біз су түбіне кеткен қызыл «мұзжарғыштан» аулақтап, екі аяғымызбен бірдей ХХІ ғасырдың табалдырығынан аттадық.

Бұл өзі не еді? Аталған таңғажайып әрі сұрапыл құбылыстың негізгі қозғаушы күші, ішкі құрылыстары қандай болды? Қалай десек те, алып «мұзжарғыштың» өмірде болғаны, қалың мұздарды қақырата жарып, ғаламды таң-тамаша қалдырғаны ақиқат. Ең бастысы, біздер осы алып кеменің ішінде өстік, оның бұрыш-бұрышы мен палубасын емін-еркін араладық. Жарақаттандық, жаралана жүріп есейдік, ең алғашқы махаббатымызды да сонда кезіктірдік...

Біреулер үшін ол — сұмдық қорқынышты еді, ал енді біреулерге өмірінің ең бір жарқын белестері сынды болып көрінеді. Кейбіреулер оның қайталанбас ұлылығына тәнті болып, қайтадан тірілтуді көксейді. Енді біреулері соншалықты алып бола тұра икемсіздігін, оның ажалына себепші болған қолапайсыздығын жер бетінен құрып кеткен динозаврлармен салыстырады. Шынында да, табиғат динозавр сынды алыпты енді қайтіп өмірге келмес. Одан әлдеқайда бәкене әрі кішкентай, есесіне миы көп әрі жүйке талшықтары күшті дамыған басқа жәндіктер біздің ғаламшарымызда өмір сүруге әлдеқайда бейімдірек болып шықты. Құлаған, күл-талқаны шығып күйреген алып мемлекеттік құрылымдар енді ешқашан бас көтере алмайды, себебі ғаламның саяси эволюциясы оның тағдырымен қиыспайтын мүлде басқа бағытты бетке алды...

1998 жылдың мамырында Кишинев қаласында өткен ЮНЕСКО-ның симпозиумында мен атышулы «Зияющие восоты»-дың авторы Александр Зиновьевпен таныстым. Ол кісіге кітаптарын оқып шыққанымды, дегенмен қазіргі таңда оның көзқарастары неліктен өзгеріске ұшырағанын түсіне алмай жүргенімді айттым.

— Сіз тоталитарлық жүйені аяусыз әшкерелеушілердің бірі едіңіз, алайда Германияда тұрғаннан кейін нағыз коммунистке айналғаныңызға не себеп болды?

— Бұл «мұзжарғыш кемеде» көптеген құнды дүниелер бар еді. Өз басым, қазір сол алып кеменің бүйірін тесуге ат салысқаным үшін қатты өкінемін. Өкінішке қарай, өзімнің жазушылық жұмысым арқылы кеменің су түбіне кетуіне ықпал етіппін, бірақ соны кеш түсінгендеймін. Біздің «Правда» газеті арқылы мәселе көтеріп, тоталитаризмді ащы сынға алғанымызды қазір Ресейдің мүддесін емес, жеке басының мүддесін көздегендер, соның арқасында саяси карьера жасағандар тиімді пайдаланып кетті.

Тілімнің ұшына мына өлең жолдары оралды:

— Ах, куда вы, и кровь, и братания,

Ах, прощайте, радость и грусть,

Тонет, тонет в волнах мой «Титаник» —

Ярко алый Советский Союз.

— Иә, жағдай солай,— дейді Зиновьев. — Осыған қатысты басқа не айтарың бар?!

Менің басқа айтарым жоқ еді...

Жалпы, Зиновьевтің бұрынғы көзқарастарымен де, бүгінгі көзқарастарымен де соншалықты келіспеймін, дегенмен жазған дүниелерінің өткірлігі мен әділеттілігін жоғары бағалаймын.

Дәл қазір мені оның көзқарастарының метаморфозасы ғана қызықтырады. Неліктен қызықтырады? Себебі, дәл осындай ахуалды мен өзімнен де, жанымда жүрген жақын адамдарымнан да, тіпті күн сайын жолым тоғысып жүрген бейтаныс жандардан да сезінемін. Әрине, азаттық дегеннің не екендігін білмейтін немесе ондай ұғымды әлдеқашан естен шығарған халықтардың ақыр соңында тәуелсіздікке ие болғаны қуанатын жағдай. Бұрындары шетелге шыққанда шетелдіктердің бізді қазақ емес, армян, молдован емес, орыс деп санайтыны өте күлкілі нәрсе. Біз азаттықты кімнен алдық? Ресейден. (КСРО дегеннің Ресей екені онсыз да белгілі жайт). Демек, шетелдіктер үшін орыспыз.

Бір жағынан бұл көкейге мұң ұялатады: егемендікке ие болсақ та, кезінде адамзаттың тағдырына ықпал еткен ұлы елмен қоян-қолтық байланыста күн кештік... Кеңес Одағын абақтыға балап, жек көргендердің көпшілігі бүгінде сол қызыл тудың астында өткерген күндерін сағынышпен еске алады. Не істеу керек? Қай бағытты бетке алмақпыз? Иә, өткенді кері айналдыру ешкімнің қолынан келмейді, бірақ өткеннің өзінен кейбір дүниелерді қайта жаңғыртса қайтер еді?..

Өмірімнің кейінгі кездегі он жылдан астам уақытын бағыштаған «Мир» телерадиокомпаниясы менің өзіме-өзім қойған осы сауалдарға жауап табуға талпынысымнан туды. Бірінші кезекте, «Мир» бұрынғы Кеңес кеңістігінде өмір сүрген барша халықтардың осы тектес сауалдарға қатысты ой-пікірлерін естіп, оларға көзқарастарымен, арман-тілектерімен бөлісуге мүмкіндік туғызды. Бәлкім, олардың арман-тілектері іс жүзіне асып, біртұтас бейнеге ие болуы да мүмкін ғой.

І бөлім

Таза ағыс
«Астрахань ағысын бойлап төмен түсіп келе жатқанда жағалауды бойлай көсіліп жатқан көкорай жазық даланы көресіз. Көп ұзамай, жағалауда әр-әр жерде жапырақтары желмен сыбдыр қаққан шоқ-шоқ талдар көзге шалынады. Одан әрі төмендеген сайын жаңағы талдардың орнын ұшар бастары көкке шаншылған заңғар биік әрі ит тұмсығы батпастай қалың қамыс басады.

Кешқұрым күміс табақтай қызарған күн көкжиекке сіңіп бара жатқан сәтте су беті алқызыл түске боялады. Табиғаттың бүкіл тыныс-тіршілігі көз алдыңыздан өтіп жатыр. Сәт сайын асау балықтардың суды шолпылдатқаны естіледі. Жағалаудағы таяз суда аңшылыққа шыққан көкқұтандар балықтарды кірпік қақпай аңдып тұр. Қалың қамыстың іргесіндегі терең суда бір топ үйрек соңдарынан ирек із қалдырып әрі қарай жүзіп барады. Кейде құлаққа қамыс арасынан сыбдырлаған дыбыс шалынады. Бұл басқа жан-жануарлар аттап баса алмайтын ну жынысты елең қылмай, қақ жарып қопарып жүрген қабан болса керек...

Қырқалардың баурайында қазақтар мен орыстардың поселкелері орналасқан. Екі халық бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сыйластықта өмір сүріп жатыр. Олар балық аулауға да бірге барады, табын-табын сиырлары мен үйір-үйір жылқыларын да бірге бағады».

Тұмса табиғат пен ондағы тұрғындарды бейнелеген осы сурет Лев Николаевич Гумилевтің «Хазарияның ашылуы» атты кітабынан алынған үзінді. Балалық шағының ізі қалған туған өлкесі туралы ғалым осылайша шабытпен әңгімелейді.

Астраханнан жүз шақырым жерде «Таза ағыс» аралы бар. Арал ағысты бойлап төмен қарай жүзіп бара жатқанда ең соңынан, Еділден теңізге қарай өрлеген бетте алдыңнан шығады. Бұл жер өзеннің аяқталып, теңіздің бастау алатын тұсы, екеуі дәл осы төңіректе қиылысады.

«Еділ Каспийге құяды» деген тұрақты тіркестің мен үшін астарлы да, тура да мән-мағынасы бар. Күні бүгінге дейін арал мен онда шаншылған маяктардың бейнесі көз алдымда сақталып қалды. Аралды мекендейтіндер онша көп емес, жүзден аспайды. Ол уақытта жұртшылықтың қолындағы карта әрі жоспардың, әрі жол көрсеткіштің, керек десеңіз анықтамалықтың да қызметін атқаратын. Карта бетінде Еділден жүзіп шыққан орыс флоты бейнеленген, көптеген кемелердің суреті салынған. Немістер дәлдікті сүйетін халық қой, егер картадағы кемелер қарасы көп көрінсе, демек мықты флот болғаны.

Ал қазіргі карталарға қарасақ, Астараханнан төменірек тұста, Еділдің арнасы тарлау жерінде ең басты ағыс ерекшеленіп көрінеді. Ағыс Мумра ауылының (мектеп табалдырығын сонда аттағанмын) іргесін жанап, одан әрі Оля ауылының жанынан өтеді. Бүгінде осы жер теңіз портына айналған. Иранның мұнайын тиеген танкерлер осында жүгін түсіреді. Сосын мұнай тиеп, «қара алтын» Ресейге, одан әрі Батысқа жол тартады. Ағыс теңізге ұласып, Еділ-Каспий каналына жалғасады. Таңғаларлық құбылыс, теңіздің қақ ортасында канал бар. Бұл жердің суы аса терең емес, өзендер құмдақтарды ағызып әкеліп тастаған. Теңізде заулап жүрген кемелердің мұнда құмға қайраңдап қалуы оп-оңай. Сол себепті, теңіздің табанынан тереңдетіп, су астынан арна салуға тура келген. Канал ХХ ғасырдың басында Альфред Нобельдің Бакуден ауыр жүк тиеп шыққан кемелері қайраңдап қалғаннан кейін салынған.

І Петрдің тұсында-ақ бұл жер Еділ өзенінен теңізге шығатын ең ыңғайлы жол ретінде белгіленіп қойылыпты. Жыл сайын каналдың табанын тереңдетіп отыру әдетке айналған. Кейбір аралдар теңіз түбінен көтерілген құм мен саздың жиынтығынан өзінен-өзі пайда болған. Каналдың барып тірелетін жері — Таза ағыс аралы.

Ал мынау солтүстік-шығыс Каспийдің спутниктен қарағандағы бейнесі — ғарыштан түсірілген фотосуреті. Міне, Таза ағыс аралы дегеніміз осы. Оң жағында теңізге барып құятын Жайық өзені ағады. Сол жағында Каспийге құятын Еділ жатыр көсіліп. Бұл менің ата-бабаларым мекендеген жер — сайын дала. Менің аталарым осы шеті мен шегіне көз жетпейтін, ат тұяғы талатын сайын далада сағыммен жарысып, көшіп-қонумен ғұмыр өткізген. Бұл жердің бағзы тарихы санамда мәңгілікке жатталып қалды. Мыңжылдықтарға созылған проблеманың түйіні дәл мен дүниеге келген жерде екен... Ғасырлар мен мыңжылдықтар тоғысқан қазіргі сәтте өткен шаққа үңіліп, арттағы тарихты еске түсіретін, сабақ алатын уақыт келген тәрізді.

Лев Николаевич Гумилев ғалымдар үшін өте қиын, өткір сауалдарды бірінші болып көтергені мәлім.

— Ұлы өзендер өз аңғарларының бойында ұлы өркениеттерді өмірге әкелді. Ніл — Мысыр патшалығын, Ефрат — Шумер, Ганг — Үндістанды туғызды... Ал бұрындары — Итил, оған дейін — Ра (өзен бізге жеткен ең алғашқы жазбаша деректерде осылай аталады), ал бүгінде Еділ деген атқа ие ұлы өзеннің бойында қандай өркениет қалыптасты? Бұл дегеніңіз Еуропа халықтарына беймәлім көптеген ұсақ ұлттар мекендеген, ескі Еуропа мен Еділ бойындағы Ресей қиылысатын, екеуін бөліп тұрған шекара емес пе?! Осындай ұлы өзеннің ешқандай құндылықты тудырмағаны ма? Осы сауалдарға жауап қатқандар табылмады.

Шынында да, ұлы өзеннің ұлы дүниелерді өмірге әкелмеуі мүмкін бе еді? Әлемдік өркениетке бір тамшы үлес қоспағанына бас изейміз бе? Лев Николаевич Гумилев осы сауалдарға жауап іздеуге өз өмірінің көп бөлігін арнады. Және оған лайықты жауап тапты. Еділдің адамзатқа не бергенін сараптау үшін Ресей Федерациясының Астрахань аймағына, Капустин Яр зымыран айлағына, газ конденсаттарының кеніштеріне ғана назар салу жеткіліксіз. Бұл аймақты мекендеген этностардың ең ұлы жетістігі — Хазар қағанатының дүниеге келуі болды. Қағанат өте ертеде жер бетінен жойылып кеткендіктен, оның Гумилевке дейінгі тарихы қалың тұманның құрсауында жатқан еді. Гумилев ең бірінші болып ұлы қағанатты тарих бетінде қайта тірілтті. Хазар қағанатының Киевпен, Византиямен, басқа да көршілерімен арадағы байланыстарын, түрлі халықтармен қарым-қатынасын қолмен қойғандай суреттеп берді. Бұл мың жыл бұрынғы жайтты баяндаса да, өте қажет еңбек, саяси салмағы ауыр, тақырыбы өзекті сүбелі кітап.

Еділдің аңғарында дүниеге келген Хазар қағанаты — мемлекет пен ұлт қана емес. Бұл — терең философия. Осындай үлкен мәселелерді әлем назарына ұсыну керемет емес пе?! Гумилевтің еңбегінде көтерілген сауалдарға жауап табылса, Ресейдің тыныс-тіршілігі біршама жеңілдеп қалары анық. Гумилев өз еңбегінде христиандық дәуірдегі Атлантиданы тауып, суреттеп берді.

Бүгінде Гумилевтің есімі Астанадағы 1993 жылы Назарбаевтің идеясы бойынша ашылған оқу ордасына, Қазақстанның ұлттық университетіне берілген. Гумилевтің кітаптары кез келген білікті ғалымның сөресінен табылады. Дүние жүзі тарихының оқулықтары оның ашқан жаңалықтары бойынша қайтадан жазылуда. Тіпті, Еуропадағы кез келген еврейдің банкінде Хазар қағанаты туралы кітап сейфте сары алтындай сақталады екен. Еврей банкирлері ол еңбекті қызғыштай қорғайды. Егер тілін тауып әңгімеге тарта алсаң, олар: «Мен хазарлықпын!» дейді. Польшадағы, Германиядағы, Франциядағы, кез келген жерде жүрген еврей осылай дейтіні анық. Георги Гачев Болгарияда дүниеге келсе де — хазарлық. Эмир Кустурица мен Милорад — хазарлар. Қазақ топырағында, Астраханьда туған Велимир Хлебников, ол да Еділ бойында өмір сүрген ұлы қағанаттан қалған тұяқ. Осы аталған адамдардың барлығы да тұтас халықтардың тарихында орын алған ортақ процестің кішкентай ғана бөлшектері.

Хлебниковтың әкесі Еділдің оң жағалауында орналасқан Қиғашта таңғажайып биосфералық қорықтың ұйымдастырушысы мен директоры болды. Бұл жерде адамдар өте сирек қоныстанған, балықтар мен құстарды, су жануарларын күзететін қорықшылардың шағын үйшіктері ғана көзге шалынады. Қорықта лотос гүлі қаулап өседі. Азиядан қарақұрымдай болып қаптай ұшып келген қоқиқаз, бірқазандар қорықтың тіршілігіне қан жүгіртеді. Қабандардың, құндыздардың даусы, қара бұлттай қаптаған маса-шіркей... Қиғаш қорығы дегеніміз осы.

Жуырда маған мәскеулік университеттің биологтары хабарласып:

— Тезірек кел! Ұрықтандырылған клеткалардың қалай ән салғанын өз құлағыңмен есті. Бізге осы музыканы жазып алудың сәті түсті,— дегені бар.

Мен олардың шақыруын қабыл алдым. Нәтижесінде, біздің өміріміздің барлық сәті музыкадан тұратындығына көз жеткіздім. Тіпті, туған сәттен бастап емес, ұрықтанған кезден бастап әнмен біте-қайнасады екенбіз. Музыка тау-тас пен өсімдіктерде, судың сыбдырында, сыңғырында, гуілінде, уілінде ғана кездеспейді. Құстардың, жан-жануарлардың, жәндіктердің дауысында ғана музыка бар деп ойлайтындар қателеседі. Музыка біздің құлағымызға шалынбайтын, біз мүлде естімейтін кезде — тіршіліктің ең алғашқы клеткалық кезеңінде де бар екен. Екі клетка жаңа бір тіршілік иесіне өмір дарыту үшін қосылған сәтте, музыка басталады. Өмір әуенін есту — керемет нәрсе! Бәлкім, бізге көктегі тылсым құдіретпен дарыған өмірдің негізгі мән-мағынасы осы музыка болар?..

Менің балалық шағым Хлебниковтар қорығына жақын жердегі ауылдарда өтті. Көктемде өзен суы көтеріліп, маңайдағы алқаптарға жайылып кеткен кезде сазандар ұрық шашуға келеді. Сазандардың ұрық шашуы мынадай тәртіппен жүреді. Алдымен балықтар бауырын, яки, жатырын судың түбіне соғып, уылдырығын төгеді. Еркектері уылдырықтың бетін өз уылдырығымен жабады. Таңертеңгілік күн сәулесі жылытқан мөлдір суда сазандар ұрпақ жалғастыратын ұлы рәсімін атқарып жатқан сәтте, біздер, яғни, жас балалар ұшында өткір айыры бар таяқ ұстап, баспалап барып, балықтардың арқасына қадайтынбыз...

Осы төңіректе Владимир Хлебниковтың да балалық шағы өтті. Оның өлеңдерін оқып отырып, мен ақынның құстар мен аңдардың үнін керемет сезімталдықпен тыңдағанын аңғарамын. Владимир Хлебниковтың жырлары құлағыма сол тылсым табиғаттың бала кезімде өзім де естіген әсем әуенін естірткендей күйге бөлейді: «Зазовь сипких тростников. Зазовь зыбких облаков. Зазовь водностных таин...»

Хлебников поэзиясындағы азиялық иірімдер Еділ бойында қалыптасқан бай тілдің нәрімен суарылған. Мысалға, «Да здраствует страна по имену Эль» деген жолдарды алайық. Эль — түрік тілінде ел, халық деген мағынаны білдіреді. Ресейдің орталығындағы халықтар үшін экзотикалық дүние сияқты естілетін көптеген сөздерді шын мәнісінде автор өз жанынан шығарған жоқ. Хлебников оны өмірден, балалық шағында өзін қоршаған ортадан үйренген, бойына сіңірген. Хлебников поэзиясының экзотикасы мен құнарлылығының бәрі осыдан келіп шығады. Шығармаларына терең бойлаған сайын ақынның дүниетанымы мен әлемге деген көзқарасы бойынша хазарлық екендігіне деген сенімім одан сайын нығая түсті... Хазар қағанатынан кейінгі ғасырлар ішінде бұл жерде көптеген мәдениеттер мен діндер араласып кетті.

Гумилевтің ғалым, тарихтың құпия сырларын ашушы ретіндегі жолы Астраханнан, Хазар қағанатынан бастау алды. Әрбір құпияның кілтін тапқан сайын оның көкейінде өз ісінің ақиқаттығына деген сенім нығая түсті, илікпейтін қайсар мінезі қалыптасты. Дүние жүзінің тарихындағы айтулы құбылыс саналатын этногенез теориясын жасады. Соған қарамастан, ғалымның еңбектері қалтарыста қала берді, мардымсыз тиражбен басылып шықты (бірақ бұл көшірмелерінің көптеп таралуына кедергі бола алған жоқ), аяусыз сынға ілікті.

Тарихтың даму барысы бұрынғы өткен бұлыңғыр шақты артта қалдырып, жарқын болашаққа қадам басқанын айтып, ақылға келтіруге тырысушылар көптеп табылды. Бірақ ғалым өз пікірінің ақиқаттығына бек сенімді еді, сол себепті ол ХХ ғасыр қантөгіссіз аяқталмауы мүмкін еместігін айқын болжады. Ол этностардың қалай пайда болатынын және құралатындығын, олардың әрқайсының өзіндік жас мөлшері, этникалық даму дәрежесі болатынын білді. Кез келген халықтың тағдырын оның тарихын білу арқылы ғана түсінуге болатындығын айтты.

Жақсы немесе жаман тарих болмайды, жақсы немесе жаман тарихи еңбектер ғана болуы мүмкін. Тарихшының парызы — бұрынғы және бүгінгі тарихи оқиғалар мен құбылыстарды өзінің ой-пайымы бойынша түсіндіру, оның қыр-сырына ой жүгірту. Лев Гумилевтің еңбектері алуан түрлі тілдердегі деректерге ғана емес, география, жаратылыстану ғылымдары, этнография, халықтар мәдениеті, археология, философия, саясат ғылымдарының да деректеріне сүйенеді. Шындығында, Гумилев — бесаспап тұлға.

1960 жылы Лев Николаевич өзінің Астрахань экспедициясымен Хазарияны іздеп жүргенде мен Алматыда бір түйір нан табудың қамымен еңбектеніп, өмір сүру үшін күресіп жүрген едім. Ол кезде 17 жастамын. Арада біраз жылдар зулап өткенде, өмір жолы мені Гумилевпен жолықтырды. Мен ғалымға өзімнің көкейімде жүрген «Мир» телеарнасы туралы, оның негізгі бағдарламалары болатын телекөпірлер, радиокөпірлер туралы ойларымды айттым.

— Жүйе сені бір-ақ қылғып жұта салады,— деді Лев Николаевич, —оған қақалмайды да!

Ал бүгінде осы телекөпір мен радикөпірлер іс жүзіне асқан, күнделікті тіршіліктің бір бөлшегі сияқты дүние. Бұрындары әрбір телекөпір айтулы оқиға сынды қабылданатын. Көгілдір экраннан қағазға қарамай, ешқандай цензурасыз, кез-келген кедергілерге бөгелмей хабар таратылуы барша халық үшін таңғаларлық жетістік болатын. Бүгінде телекөпірмен ешкімді таңғалдыра алмайсың, бірақ осы бір тікелей байланыстың әлі де құндылығын жоғалтпағаны анық. Мәселен, Шешенстандағы босқындар мен Мәскеудегі лаңкестік құрбандарының туыс-туғандары тікелей эфир арқылы үш сағат тілдессе, мұны неге айтулы оқиға деп бағаламасқа?!

Бүгінде Лев Николаевич Гумилев еңбектерінің толық жинағы жарыққа шыққан. Автордың негізгі қолтаңбасына ешқандай нұқсан келмеген, цензура да, бұрмалаушылықтар да жоқ. Жуырда Қазақстан Президенті Назарбаев Астанадағы Гумилев университетіне осы 25-томдық сүбелі еңбекті сыйға тартты.

Гумилев мұраларын жарыққа шығарған Айдер Куркчи мен Ирма Мамаладзе осы жинақты жарыққа шығару үшін менің қолымнан келгенше қаражат бөлгенімді жақсы біледі. Себебі, Лев Николаевичтің алдында өзімнің қарыздар екенімді сезіндім. Құрылтайшылары Айдер Куркчи мен Ирма Мамаладзе болып табылатын Гумилев қоры ол кезде аяғына жаңа тұрып келе жатқан-ды. Сол себепті мұндай ірі жобаны қолға алу ұйымдастырушылар үшін оңайға түскен жоқ. Өз тарапымнан мен: «Егер ешкім көмектеспесе, онда біздің «Мир» компаниясы көмек қолын созатын болады. Гумилевтің жазғандары соңғы сөйлеміне, соңғы сөзіне дейін түгелдей жарыққа шығуға тиіс»,- деп кесімді сөзімді айттым.

Атқарған ісімді әсіре мақтаудан аулақпын. Дегенмен, Гумилев еңбектерінің алғашқы томдарының жарыққа шығуына менің және «Мир» компаниясының қосқан үлесі қомақты. Одан кейінгі томдарды жарыққа шығару да оңайға түскен жоқ. Бірақ әрбір кітаптың басылып шығуына ықпал еткен адамдар, ұйымдар табылды... Алдымен Гумилев шығармаларының он бес томы шықты, сосын оның ой-толғаныстары үшін дерек жиған еңбектері, ізденістері мен шешімдеріне арқау болған дүниелері он томға топтастырылды. Бір айта кетерлігі, кітаптар дүкен сөрелерінде шаң басып жатқан жоқ. Сонау қашықта жатқан, халықтың орташа еңбекақысы 20 долларды құрайтын Бішкекте әрбір томы 10 доллар тұратын кітаптар қас-қағым сәтте сатылып кеткенін көргенде, қалайша қуанбайсың?!

Жуырда Севастопольдегі «Мәскеу» зымыран крейсеріне қонақ болып барған едім. Сол сапарда бір капитан-лейтенаттың аузынан Гумилев туралы ғажап сөздерді естіп таңғалдым. Капитан өзінің оқымыстылығын көрсетуге тырысқан жоқ. Кез келген көзі ашық, көкірегі ояу адам білуге тиісті нәрсе сияқты ғалымның көзқарастары туралы ойларын ортаға салды. Мен еңбектері барлық саланың адамдары үшін қажет Гумилев үшін қуандым. Өздерінің нақты қызметтерін атқарып қана қоймай, әлемдік деңгейдегі ғалымның мұраларын оқыған, сол арқылы дүниетанымын кеңейткен ресейлік офицерлер үшін қуандым. Гумилевтің еңбектерінің халық арасында кең таралуына үлесімді қосқаным үшін бойымды қуаныш кернеді. Бір айта кетерлігі, ғалымның өлең-жырлары топтастырылған жеке томын шығару туралы идеяны жұртшылық талқысына ұсынған да мен едім.

...Бір жылы көктем мезгілінде Санкт-Петербург шаһарында біз «Мир» компаниясының директорлар кеңесінің отырысын өткіздік. Басқосуда түрлі жаңа идеялар ортаға салынды, пікірталастар туындады. Ойлана келе, мен әріптестеріме:

— Жігіттер, Александр Невский жаққа кеттім. Барып Лев Николаевичтің зиратына тағзым етіп қайтпақпын,— дедім.

Маған ешкім ерген жоқ, жалғыз кеттім. Бір сағат жанатын жуандау майшам сатып алдым. Гумилев зиратының басына барып отырдым да, ұзақ ойға шомдым. Лев Николаевичтің көзі тірісінде оның үйінде достарыммен бірге отырып, «Мир» телерадиокомпаниясын құру туралы идеямды ортаға салғаным есіме түсті.

— Мен болсам өзімнің ойымдағының бәрін хатқа түсірдім, достым— деген еді ақсақал. — ал сенің парызың менікімен салыстырғанда мүлде басқа. Өте ауыр жүкті иығыңа алған екенсің.

— Бірақ бұл аса керек дүние,— дедім романтикаға толы желөкпе көңілмен.— Бізге уақыт сыйлаған құндылықтардың барлығына барша адамдардың қолы жетуге тиіс. Біз қазіргі заманға сай деңгейде өмір сүруіміз керек.

Ол мұңлы әрі кекесінді жүзбен маған бір қарады...

Ал бүгін мен Гумилев зиратының басында, екеуміздің сол кездегі әңгімемізді еске түсіріп, ой тұңғиығына үңіліп отырмын.

Өтіп бара жатқан бөгде адамдар бұрылады.

— Сіз Лев Николаевичтің туысқанысыз ба?— деп сұрайды олар.

— Иә, туысқанымын...

Лев Николаевич зиратының басында өткізген сәттердің елесіндей болып өлең жолдары өмірге келді. Менің аңғал әрі пәк көңілімнен шыққан жыр жолдары мынау еді:

Гори, свеча, над тенью Гумилева,

Архангел — Виктор над Таврическим — труби!..



Каталог: bitstream -> handle -> 123456789
123456789 -> Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰу хабаршысы №5 (84) 2011
123456789 -> Республикалық Ғылыми-әдістемелік конференция материалдар ы
123456789 -> Қазақ халық педагогикасы негізінде оқушыларды еңбекке тәрбиелеу
123456789 -> А. Ж. Кунанбаева
123456789 -> Б. О. Джолдошева из Института автоматики и информационных технологий нан кр, г. Бишкек; «Cинтез кибернетических автоматических систем с использованием эталонной модели»
123456789 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ministry of education and science of republic of kazakhstan


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет