1. Ағаш пен бұталарға отырғызылғаннан кейінгі жүргізілетін күтім жұмыстарын өз сөзіңізбен айтыңыз.
Ағаштар мен бұталарға жүргізілетін күтім жұмысы – оларды көгалдандыру зерзатына отырғызғаннан соң жерсінуі мен биологиялық тұрақтылығын және эстетикалық қасиетін қамтамасыз ету шараларының жүйесінен тұрады. Бұл жұмыс көшетті өсіру, қазып алу, сақтау, оларды тасымалдау және отырғызу кезеңдерінде де жүргізіледі. Басты мақсат - өсімдіктің жерсінуін қамтамасыз ету және эстетикалық, санитарлықгигиеналық талаптарға сәйкес келтіру. Ағаштар мен бұталарға жүргізілетін күтім жұмыстары кезінде өсімдіктің биологиясына, шығу тегі мен физиологиялық жағдайын ескеру керек. Қалалық көгалдандыру зерзатындағы ағаштар мен бұталар қолайсыз табиғи жағдайда (ғимараттардың көлеңкесінде өскендіктен жарық жетіспейді) өмір сүреді. Өсімдіктің өсуі мен дамуы ауаның және топырақтың жоғары температурасында, ауа ылғалдылығының төменгі дәрежесіндегі қалалық көшелер мен алаңдарда өтеді. Өсімдіктің жапырағы мен өркені ыстық күн астында қызып, осының әсерінен топырақ нығыздалып, топырақтағы аэрациялық және су режимі төмендейді. Бұл жағдайдың бәрі өсімдік тамырының нашар өсуіне, өсу процесінің төмендеуіне, сәндік қасиетінің жоғалуына және өмір сүруінің қысқаруына әкеп соғады. Сондықтан бұл жағдайды жақсарту үшін көгалдандыру зерзатындағы ағаштар мен бұталарға жүргізілетін күтім жұмыстарын – кешенді түрде атқару керек. Ол үшін біріншіден, өсімдіктің биологиялық қасиетін жоғары деңгейде білу, ал екіншіден қолайсыз табиғи жағдайларды есепке алу. Ағаштар мен бұталарды көгалдандыру зерзатындағы тұрақты орынға отырғызумен көгалдандыру жұмыстары аяқталмайды. Оларды отырғызған соң, күтім жұмыстарына бағытталған агротехникалық шаралар өсімдіктің жерсінуі мен дұрыс өсуі мен дамуына жағдай жасауы шарт. Отырғызғаннан кейінгі бірінші жыл, өсімдік үшін жаңа ортаға бейімделу мен зақымдалған тамырдың қалпына келуі қиынға соғады. Бұл кезде өсімдікті күту барысында, олардың бүлінген тамырлары қалпына келіп, жер бетіндегі бөлігі өсуді бастайды. Өсімдіктің толық қалпына келуі мен жақсы жерсіну мерзімі, олардың биологиялық құрылымына, жағдайына және тікпенің жасына байланысты болады. Мейілінше жылдам жерсінетін бұталы өсімдіктер: олардың толық жерсінуі 2-3 жыл шамасында. 6-11 жастағы тікпе ағаштардың толық жерсінуі 3-4 жылға созылады. Ірі көлемдегі ағаштар мен бұталардың толық жерсіну мерзімі 5-6 жылға созылады. Отырғызылғаннан кейінгі күтім жұмысының саны, олардың отырғызу мерзімі мен табиғи-климаттық жағдайларға сәйкес жүргізіледі. Барлық жағдайда ағаш отырғызылғаннан кейінгі күтім жұмысы, жүйелі түрде барлық жыл мерзімдерінде жүргізіледі. Оларға: жүйелі ретпен суару, топырақты қопсыту, түптеу, қоректік заттар беру жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |