Метафизика /57/ Илаһи (құдайылық) ғылым үш бөлікке бөлінген:
Біріншісінде [дүниеде] бар заттарды және [өмірде] бар болғандықтан осылармен болатын нәрселерді зерттейді.
Екінші бөлімінде теориялық жеке ғылымдардың, яғни әрқайсысы әлдебір ерекше мәнді қарастыру үшін жекеленіп шығатын ғылымдардың; мысалы, логика, геометрия, арифметика және тағы басқа осы ғылымдарға ұқсас барлық ғылымдардың негіздерінің дәлелдемелерін зерттейді. [Осы екінші бөлімі] логика ғылымының негіздерін, математикалық ғылымдардың негіздерін, табиғи ғылым негіздерін зерттеп, осылардың расталуын және мәндерінің түсіндірілуін көздейді. Сондай-ақ осы ғылымдардың негіздері жөнінде қадым замандағылардың айтқан қате толғамдары тізіп көрсетіледі; мысалы, нүкте, бірлік, сызықтар мен жазықтықтар әлдебір субстанциялар болып табылады және бір-бірінен ерекшеленеді дейтін кез келген гипотезалары; сондай-ақ ғылымдардың ісі өздері туралы осы тектес болжамдар осы бөлімде жазғырылып, олардың қате екендігі түсіндіріледі.
Үшінші бөлімде - денелер болып табылмайтын және денелерде болмайтын дүниеде бар нәрселер зерттеледі: ең әуелі олар жөнінде осылар бар ма әлде жоқ па екендігі зерттеледі. Олардың бар екендігі дәлелденіп, содан соң олардың көп пе, әлде көп емес пе екендігі қарастырылады. Олардың көп екендігі дәлелденіп, сонан соң олардың ақыры бола ма, әлде жоқ па екені зерттеледі. Ақыры болатыны дәлелденіп, сонан соң олардың жетілу дәрежесі бәрінде бірдей ме, әлде түрліше ме деп зерттеледі. Олардың жетілуінің түрліше екендігі дәлелденеді; содан кейін бұлар көпшілігінде жетілмеген күйлерінен кемелдікке қарай көтеріле береді, ал аса кемелдісі осы иерархияның соңында орналасады және Онан асқан кемелді ештеңе бола алмайды және нақ мұндай дәрежедегі болмыстың басқа ешбір нәрсе иелене алмайды деп дәлелденеді; Оған өзіне тең келетін де, қарама-қарсы тұратын да ешнәрсе жоқ; бұл - Бастама, яғни мұнан бұрын басқа бастама болуы мүмкін емес; мұнан бұрын және мұнан ежелгі ештеңе болуы мүмкін емес; бұл өзі өзінің болмысын абсолютті түрде қайсыбір нәрседен тудыра алмайтын мән; Ол - жалғыз және Ол - ең әуелгі, Ол абсолютті түрде тек өзі ғана бәрінен де бұрын болады; Ол, [яғни илаһи ғылым] дүниеде бар барлық нәрселер болмыста Сонан кейін келеді деп сипаттайды. Ол өзінен басқа кез келген нәрсеге болмыс беретін Бірінші болмыс; Ол өзінен басқа кез келген нәрсеге бірлік беретін Әуелгі Бірегей. Ол өзінен басқа ақиқат болып табылатын нәрсеге (77-бет) ақиқат беретін Ақиқат; және [илаһи ғылым] осыны Оның қалай беретінін хабарлайды; Онда қай жағынан болмасын, көпшілдік мүлдем жоққа шығарылады. Бірегей, парықты немесе ақиқат деп аталып жүрген барлық басқа нәрселермен салыстырғанда, Ол есімі мен мағынасы жағынан Бірегей, есімі мен мағынасы жағынан жоғарғы мән, есімі мен мағынасы жағынан Ақиқат болып табылады. Сонан соң [илаһи ғылым] осы қасиеттердің иесі, кімге сену керек болса, сол өзі Алла деп түсіндірген, даңқы асып, ұлықтығы арта берсін және аты қасиетті бола берсін Оның. Содан соң ол Алла жазмыш еткендерінің бәрі орындалуы үшін қалған барлық нәрсені мұқият зерттейді; Бұдан әрі [илаһи ғылым] Онан дүниедегі бар заттар қалай пайда болатынын және Онан болмыс қалай туындайтынын түсіндіреді. Бұдан әрі ол дүниедегі бар заттардың сатыларын, осы заттар сол сатыларға қалай жететінін, олардың әрқайсысы өздері орналасқан сатыны иеленуге не үшін лайықты екенін зерттейді; біреулерінің басқаларымен байланысын, олардың тәртібін және осы байланыс пен тәртіптің бар болуының себептерін түсіндіреді; бұдан әрі Алланың, даңқы асып, ұлықтығы арта берсін Оның, дүниедегі бар заттардағы қалған басқа әрекеттерін солардың бәрінің орындалуын бақылау үшін зерттейді; ол [ғылым] осының бәрінде әділетсіздіктің, кемістіктің, қайшылықтың, тәртіпсіздіктің және үйлесімсіздіктің болмайтынын түсіндіреді және жалпы, осының бәрінде кемшіліктер де, қателіктер де жоқ. Содан соң, бұл ғылым Аллада (даңқы асып, ұлылығы арта берсін Оның), Оның әрекеттерінде және Оның жаратқан нақты заттарында кемшіліктер бар - мыс деп жорамалдайтын қате пікірлерді жоққа шығарады; илаһи ғылым осының бәрін ақиқат ғылымды түсіндіретін дәлелдеу жолымен теріске шығарады; ал бұл ғылымға адам күмән келтіре алмайды және ол мұнан мүлдем тайқи да алмайды.