Ғылыми жоба Тақырыбы: «Қымыз – деніміздің саулығы, еліміздің байлығы» Ғылыми жоба зерттеушісі



Дата20.06.2018
өлшемі66 Kb.
#43335
Қызылорда облысы,

Арал ауданы,

Қосжар елді мекені

Ғылыми жоба

Тақырыбы: «Қымыз – деніміздің саулығы, еліміздің байлығы»

Ғылыми жоба зерттеушісі: №67 орта мектебінің 5-сынып оқушысы Қолғанатова Шынар

Ғылыми жетекшісі: №67 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Тәжімбетова Сәнімкүл Қарасайқызы

Мазмұны:


  1. Кіріспе бөлім

Тақырыптың өзектілігі, мақсаты

  1. Негізгі бөлім

II.1. Ұлттық тағам – ұлы тағам

II.2. Бие түлері

II.3. Қымыз түрлері

II.4. Қымыздың бабы – жайлы ыдыста

II.5. Қымыздың емдік қасиеттері

II.6. Қазақ қымызының қызығын немістер көріп жүр



  1. Қорытынды бөлім

Ұсыныстар

Пайдаланған әдебиеттер

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі.

Ғылыми жоба тақырыбымның өзекілігін елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мына сөзімен бастауды жөн көрдім «Алға қарайтын кез келді, іске кірісер кез келді, ерік жігерімізді танытатын кез келді!». Яғни, біз жас ұрпақ, елімізді, «ұлы қазақ» халқын, барша әлемге әйгілі етуіміз үшін, қаншама алпауытты елдер сөзсіз қазақты мойындайтындай дәрежеге жеткізу үшін белді бекем буып, іске кірісуіміз керек.

Бұл жолдағы біздің басты міндетіміз – алтын тамыр халқымыздың «қазақ» деген иісін аңқытатын, ардақты ата-жұртымыздың төл құндылығын танытатын, еліміздің елдігін асқақтатар төл байлығын «ауруға ем, сауға қуат болар» қымыздың пайдалы екендігін бойында қазақтың қаны бар өскелең ұрпаққа жете меңгерту және әрбір қазақ шаңырағы дастарханынан санаға кері әсер ететін арақ-шарап орынына деніңе шипа болар қымыз иісінің аңқуына, яғни оның қайта қолданысқа енуіне ықпал ету;

Зерттеудің мақсаты:

Менің «Қымыз – деніміздің саулығы, еліміздің байлығы» атты ғылыми жобамның мақсаты – 1) кең көлемде зерттелген жұмыстарымның нәтижесінде анықталған бие сүтінен дайындалатын шипалы сусын әрі құрметті дәм қымыз, оның түрлерін және:

Аурудан асқан жан бар ма?

Жылқыдан асқан мал бар ма?

Биенің сүті сары бал –

Қымыздан асқан дәм бар ма?!,-деп Ақтамберді жырау жырлағандай қымыздың өзіндік қасиетін ұғындыру; 2)Ата-бабаларымыздан мұра боп келе жатақан, жанға-дауа, дертке-шипа болған қымыз арқылы әрбір азаматтың өз ұлтына деген патриоттық сезімін ояту; 3)Франция дәріханаларында сирек кездесетін дәрі түрінде бағаланып жүрген төл сусынымызды өз отанында тиімділігін пайдалана отырып тиімді пайдалану; 4)Бүгінгі таңда біреудің жылдық асына, енді біреудің қырқына ғана қойылатын өліми сусын болып бара жатқан шипалы сусынның қолданылу аясын кеңейту; 5)Орташа есептегі жалпы Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығын біршама сатыға көтеру.

Жалпы мақсатым – жылқы малынан алынатын қымыз өнімі арқылы елжандылық рухы бар, туған жерін сүйе білетін, қоғам өміріне белсене араласатын тапқыр да табанды, денсаулығы мықты, өміршең, сауатты жеке тұлға қалыптастыру.

2.1. Ұлттық тағам – ұлы тағам

Ата-бабаларымыз: «Біз қайтсек те ұрпақтарымызға ұлттық тағамдарымызды береміз, тіпті, тіл білмесе білмесін, бірақ біз оларды тамақ арқылы да ұлттық нақышта тәрбиелейміз» деген екен. Ерте кезде-ақ қазақтың қазақтығын танытқан, ұлттық рухты әрбір қазақтың бойына дарытқан қасиетті сусын – қымыз.

Қымыз – бие сүтінен дайындалатын, қышқыл сүт өнімі. Ол денсаулыққа шипалы, ерекше дәмді, жан сарайыңды ашып, адамның зауқын келтіретін хош иісті және сіңімді сусын. Оның бұлай болу себебі, жылқы жануардың өзіне ғана тән асыл қасиетінен болса керек. Адымы кең, өрісі ұзақ сәйгүлік саңлақтар қазақ даласының кең байтақ жайлауын емін-еркіндеп, дәмдіден-дәмдіні, қоректі мен құнарлыны ғана тереді, өсімдіктің шұрайлысын ғана үзеді. Сөйтіп, кең даланың сан алуан гүл-бәйшешектері мен мың түрлі дәрі-дәрмектік шөптерінен жылқы жарықтық адамға шипалы, жағымды тамақтық заттар әзірлейтін болса керек.

Қымыз - қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметті дәмінің бірі. Қымызсыз қазақ асханасын елестету мүмкін болмаған. Бұл ғажайып сусын қырғыз, қазақтардың барлық салтанатты думандарында бірінші кезекте беріледі. Әйел адамның қабілеті ең алдымен оның қымыз әзірлеуіне қарап бағаланған. Ыдыс түбінде ішілмей қалған қымызды төгіп тастау күнә болған.

[ Ең алғаш қымыз жайлы ерте грек тарихшылары еңбегінде (484-424 б.з.д.) берілген. Онда «скифтердің ең сүйікті және ерекше асы» деп жазылған болатын.] (Айдана Жақантаева жас тілші.)

Қымыздың құрамында 4,5%- спирт, 30-70% протейн болады, сондықтан олар өте жоғары протейнді диеталық қоспа болып табылады. Қымыз құрамында 28 түрлі микроэлементтер, көптеген витаминдер, тез буланатын алифатты көміртектері және темір,т.б. бар.



2.2.Бие түрлері

[Төрт түліктің жүйрігі Қамбар ата пірі болған жылқы малы мінсе-көлік, жесе,еті – азық, ішсе,сүті – сусын болған. «Ауруға ем, сауға қуат» болған құрметті дастархан дәмінің бірі қымыз тек қана бие сүтінен ашытылады. Әдетте сауылатын биелер сақа бие, қулық бие, қысырақ бие деп үшке бөлінеді.] (Қазақ тілі терминдер сөздігі. І том.)

Сақа бие – бірнеше құлындаған, бұрыннан сауылып келген бие.

Қулық бие – құнажын немесе дөнежін жасында алғаш құлындаған бие.

Қысырық бие – өткен жылы кейбір себептермен қысыр қалған, құлын орнына тайы еміп жүрген биелерді айтады. Биыл құлындамағанмен тайы еміп жүргендіктен ондай биелер сауыла береді.

Жыл мезгілдеріне, шөп шығымына, малдың күйіне қарай сауылатын биелерді мал иесі м ен жылқышы іріктеп алады. Онда биелердің ауру-сырқаудан амандығы, құлындардың ширақылығы еске алынады. Жадау биелер немесе қарақұлақ болып марқаймаған құлындар белгілі бір мерзімге дейін байланбайды. Бие байлау деп енелері сауылатын құлындарды ноқталап, желіге байлап ұстауды айтады.



2.3.Қымыз түрлері.

Қымыз дайындау шеберлігіне, сүттің тегіне, уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Осыған орай аталуы да әр түрлі.



[Уыз қымыз – биені алғаш байлап, жаңадан ашытылған қою қымыз. Мұны биебау деп те атайды.

Бал қымыз – жылқының сүр қазысын қосып, әбден бабына келтіріп пісілген қымыз. Бұл басқа қымызға қарағанда сары әрі қою, дәмді, жұтымды, тұщы болады.

Құнан қымыз – екі түн сақталып, толық ашыған қымыз. Бұл түнеме қымызға қарағанда күшті болады.

Дөнен қымыз – үш түн сақталған өте күшті қымыз.

Бесті қымыз – төрт күн сақталып, ашуы әбден жеткен қымыз.

Жуар қымыз – үстіне саумал қосып жұмсартылған қымыз. Қымыз аса ашып кеткенше, ішуге қолайлы болу үшін осылай істейді.

Қысырақ қымыз – бірінші рет құлындаған қулық биенің сүтінен ашытылған қымыз. Қулық биенің сүті жылда сауылып жүрген сары қарын мама биелердің сүтіне қарағанда әлдеқайда қуатты болады. Қысырдың қымызы – бие ағытылып кеткеннен кейін жем-шөбі дайын адамдар қысыр биелерді іріктеп алып, қыстай қолда ұстап сауады. Сондықтан, бұл қымызды «қысырдың қымызы» дейді.

Сары қымыз – шөп пісіп, биенің сүті қойылған кезде ашылатын қымыз. Бұл жаздыгүні қымызға қарағанда қою әрі өңі сары болады.

Сірге жияр қымыз – бие ағытылар кездегі ең соңғы қымыз. Бие алғаш байланып, уыз қымыз ішерде бір тойы болса, бие ағытылып, сірге жияр қы- мызды ішерде тағы бір той болады.

Түнеме қымыз – ескі қымыздың үстіне саумал құйылып, келесі күні қотарылған қымыз.] (Орысша – қазақша сөздік. Е. Арын, 2007 ж – 1027 бет.)

2.4.Қымыздың бабы - жайлы ыдыста

[ Қымыздың атам заманнан бергі өзіне тән ыдысының бірі – қазақтың қара сабасы тек қана жылқы терісінен тігіледі. Бұл бұдан бірнеше ғасыр бұрын, көшпелі дәуірде игерілген ыдыс болса керек.Сабаға ашытқан қымыз бір жағынан сүйкімді, дәмі болса, екінші жағынан көші-қон жағдайында алып жүруге өте қолайлы.

Қымыз саба, торсық, көнектер әзірлеуге көп мінілмеген, тер сіңбеген, ауырмаған, арқасы жауыр болмаған, семіз жылқының терісі таңдап алынады. Ол қыс бой от жағылатын асхананың төбесіне кептіріліп, жаз шыға қайта жібітіледі де құрымға салынады. Құрым – шошаланың төбесіне жиналған қара күйе. Саба. Торсық жасайтын шеберлер қара күйені сыпырып алып қайнатады да, әрі ащы қою шай сияқты сұйық зат әзірлеп, теріні соған батырады. Ол құрымда 20-30 күн тұрып тазартылады. Тері керіліп, кептіріледі. Кебуі жеткен саба шерткенде сыңғырлап тұрады.

Қымыз ыдыстарының енді бір негізгі түрі – күбі, ол отырықшылық жағдайға негізделген. Күбі аяқ жағы тарлау, түп жағы кеңірек етіп еменнен жасалады. Оған 100 литр қымыз сияды. Оның іші апта сайын кептіріліп, сүр еттің майымен, қойдың құйрығымен ысталып отырады. Күбіні баптай білген үйдің қымызы да дәмді болады.

Күбі, саба піспегінің басы аршаның қызылынан ойылып, сүйек, күміспен өрнектелген. Піспек, бие сауатын шелек, қымыз тегене, шөміштер де жиі-жиі ысталып отырған.]( Т.С Хайдарова «Аурудың алдын алу және сақтандыру» бойынша орысша – қазақша сөздік. «Ғасыр - Ш», 2005ж. ISBN 99645 – 752- 06 – 0)



2.5. Қымыздың емдік қасиеттері

[Бие сүті ең алдымен қазақтарды кеңінен жайлаған аурудың бірі болып отырған құрт ауруына бірден-бір ем. Қазіргі кезде шұбаттың көптеген ауруларды, атап айтқанда өкпе ауруларын емдеуде, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, қандағы қызыл қан түйіршіктерімен гемоглобин синтезіне әсер ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған.] (Орысша – қазақша сөздік. Е. Арын 2007 ж, 1028 бет)



2.6. Қазақ қымызының қызығын немістер көріп жүр

[ Германияның Валдбрун аймағында Ханс пен оның жұбайы Гюдрун Цольманн қымыз өндірумен айналысады.Бүгінде ерлі-зайыптылар 400 жылқы бағып, 200-ге жуық бие сауып отыр. Бір қызығы, олар қымыздан крем, сабын, әйелдерге арналған иісмай сияқты косметикалық заттар, қымыз қосылған дәрумендер мен балмұздақ және балаларға арналған құрғақ сүт өнімдерін шығарады екен.

Ханс қазақ қамызына деген қызығушылығының өте жоғары екенін, тіпті жылдан-жылға қымызға деген сұраныстың артып келе жатқандығын айтты. Ол сөзіне дәлел ретінде еуропалық бірнеше елге, атап айтсақ, Франция, Нидерланд, Бельгия елдеріне экспортқа шығарып жатқандығын да айта кетті.] (Бұхаралық ақпарат мәліметтерінен.)

Қорытынды

Туған жердің төл құндылықтарын, олардың пайдасы мен өзіндік қасиеттерін қазақтарға дәріптеу әрбір қазақ азаматының міндеті.

Менің осы мақсатпен жазылған «Қымыз – деніміздің саулығы, еліміздің байлығы » атты ғылыми жобам кіріспе, негізгі, қорытынды және пайдаланған әдебиеттерден тұрады.

Жобаның негізгі бөлімінде: Шипалы сусын қымызға жалпы сипаттама, қымыз дайындалатын биенің түрлері, қымыз түрлері мен оның емдік қасиеттері және қазақ қымызына қызығып, қызығын көріп жүрген неміс жұрты жөнінде жан-жақты ашып жазылған.

Сөзімді қорыта келе айтарым, ата-бабаларымыздан мұра боп келе жатақан, жанға-дауа, дертке-шипа болған қымыздың қасиетін барша адамзатқа ұғындыру үшін түрлі мақалалар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының санын көбейтіп, қымыз табиғатын жан-жақты ашу керек.

Ұсыныстар

Кең көлемде зерттеген «Қымыз – деніміздің саулығы, еліміздің байлығы» атты ғылыми жобамның негізінде ұсынатын ұсыныстарым:



  1. Әрбір қазақ азаматы өз шаңырағында жылқы малын көбірек ұстап, одан шығатын қымыз өнімін тиімді пайдаланып, той-думандарында дастархан үстіне арақ-шарап орнына шипалы қымызды қойып, сол арқылы қымыздың қолданылу аясын кеңейтуге өз үлестерін қосса;

  2. Қымыз өндірісін дамыту үшін арнайы заң шығарылса;

  3. Қазақстанда қымыздың денсаулыққа пайдалы екенін, қандай емдік қасиеті бар екенін анықтайтын ғылыми орталық ашылса;

Жоғарыда аталған ұсыныстар нақты дәрежеде іске асқан жағдайда, дені сау, білімді, бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптасып шығатынына нық сенімдімін!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. О.Дайырбеков, Б.Е.Алтынбеков, Б.К.Торғауытов, У.И.Кенесариев Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Шымкент. «Ғасыр-Ш», 2005 жыл.

  2. Е.Арын Орысша-қазақша сөздік, 2007.

  3. Қазақ тілі терминдер сөздігі I том.

  4. Бұхаралық ақпарат мәліметтерінен

  5. Ұлықман Асылов, Жарылқасын Нұсқабайұлы «Әдеп»

Алматы «Рауан» 1998 ж.

  1. Клара Серікбаева. «Қазақстан» энциклопедиясы.

  2. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. 1- том А-Ә. Алматы, 1998 ж.

  3. Сейіт Кенжеахметұлы Қазақстан халқының тұрмысы мен мәдениеті.

Алматы кітап 2006 ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет