Ғылыми жоба тақырыбы: «Мағжан лирикасындағы от бейнесі»



бет4/5
Дата26.06.2018
өлшемі129,77 Kb.
#44343
1   2   3   4   5

«Жүрек» ұлғая, өрелене келе адам баласының ой – сезімінің қатпар – құзының символына айналды!

Енді жырдың үшінші жолына назар аударып көрелік. Әдетте халық: «соқпақсыз» деген сөзді табиғатқа байланысты айтады. Ал, Абай «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім» - деп мүлде басқа айдынды ашады: мынау тарих – қоғамның тұңғиық, түнек сапар – соқпағында, соқтығысқан, соқпақсыз жолайырықта ғұмыр кешкен қайран елінің жағдай – күйін керемет көркемдік қуатпен бейнелеген!

Иә, жаңа ғана Абайға дейін қазақ: «асау жылқы» десе де, ешқашан «асау жүрек» деген емес дедік. Ұлы ақынның қиялынан қайнап шыққан ғажайып бейне: «Асау жүрек аяғын шалыс басқан» бірден – ақ ойнап, түлеп шыға келген. Асаудың соңынан қалмай, тақымдаған бес аспап жылқышы мен басына жүген тимеген асау жүй ріктің мінезі – тас тұяқтың дүбірі, орға да, ойға да қарамай жанталасқан шабысы, жылқышының қиқуы – бәрі – бәрі келеді көз алдыңа. Күйбең тірліктің, қоламта күнкөрістің ырқына көнбей, сергелдеңнен сескенбей, ақиқат үшін, ар үшін басын тасқа да, тауға да соққан азаматтың «суық ақылға» бой бермеген «асау жүрегінің» дүбірін естиміз. Бір сөздің қауызына бір ғұмырды сыйдырған сөз ұстарту деген осы да! Өнер деген осы да!

Қараңызшы, жалғыз жырда қанша «қос ағын», қанша ой – сезім ордасы сап түзейді. «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма, Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма, Махаббат ғадауатпен майдандасқан, Қайран менің жүрегім»... «Асау жүрек аяғын шалыс басқан, «Қаны қара бір жанмын, жаны жара», «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім. Мыңмен жалғыз алыстым кінә, қойма! Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ, Айлаға, ашуға да жақтым шырақ. Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, Етекбасты көп көрдім елден бірақ. Ой кіргелі тимеді еркі өзіме. Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме, Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті, Сен есірке, тыныш ұйқтап, бақ сөзіме!... Ішім толған у мен дерт, сыртым дүрдей, Мен келмеске кетермін түк өндірмей. Өлең шіркін - өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей... »

Ұлы ақынның сөз ұстартуының бір ғана арнасын көрсету үшін, әйгілі өлеңді түгел дерлік көшіруге мәжбүр болдық. «Жай ғана айтыла салған сияқты» «етекбасты» деген бейнені алайық. «Етекбасты көп көрдім елден бірақ!» - деп сөз ұстартудың жаңа көкжиегін ашады. Ұмытпас, әсерлі образ - өрнекте қаншама тосын сурет, ой – сезім жатыр!...

Бұл – құдырет Абайдың ақындық жаңашылдығы мен өнерпаздық ерекшелігін анық байқатады. Уақыт озған сайын бой түзеген өрнек – бояу, образ – ой көңілді де, көзді де үйіреді: «Қара көңілім», «Көкірек көзі», «Жетім көз», «Жапырағы қуарған ескі үміт», «Ылайла ылайлы оймен тұнығыңды», «Батыр ой» т.т. – таланттың жасыл ойлауы.

Абай мұрасы – туған елдің рухани шыңы, рухына рух қосар, айдыныңды ашар, әлемдік ақыл – ойдың құз – қиясына самғатар азығымыз, адамдық, азаматтық ақ туымыз, ұлттық мирас. Бір сөздің қауызына бір ғұмырды, фәни жалғанды түгел сыйғызған бұл не деген құдырет!...

Арбаулы қауымда сенісуге, мұңдасуға жан таппай, ел аман, жұрт тынышта әуре – сарсаңға түскен, қарайып жалғыз қалған ақын күйзелісі – «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!» (1892) атты жырында булыға, қинала шымырлайды. Шағын (не бары төрт шумақ) толғаныста Абай үш рет қиналған, қысылған жүрек бейнесіне оралады, оралған сайын күтпеген шешім – оймен құнарлана, тереңдей түседі. Рухани жалғыздықтан шексіз жапа шегіп, нелер тосқауыл, тосқынға тап болса да, Әділдікті жан сала қорғаған, бірақ қиянатшыл, қытымыр заманға не істесін, өмірі босқа өтіп, қажыған адамның мұң – зарын естиміз. Өксігі көп, өкінішті шексіз жүректі жарып шыққан ащы үн жаныңды сыздатады. Бірінші шумақта ақын жүрегінен соқпауды, мәңгілік тоқтауды қинала өтінеді. Өмір не? Онда не мағына – мақсат, не қызық бар?! Жақыным деген, жаным деген сүйген – сүйенген, сүйсінген ағайыннан көңілің азынап, көкірегің күйіп жатса...

Көрмейсің бе, тоқта енді,

Кімге сенсең, сол шикі.

Келесі шумақ тынысыңды тарылта түседі.

Сорлы жүрек мұнша ауыр,

Неге қатты соқтығар?

Сенісерге жан таба алмай,

Сенделеді ит жүрек (!!!)...

Ақынның қиялында, дүние фәнидің қатпар – сырын көруінде шек жоқ!... Ауыл иті қай уақытта сенделеді?... Күздің қара суығында. «Сенделеді ит жүрек» деген суреттен жаныңыз түршігеді. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан»....Азынаған күз. Жадау, жабырқаулы дала, жауын – шашынды қырат – төбе... Жабыққан жалғыз жан, төңіректі топ дұшпан торыған. Жаны азынап жазирадан сая таппай сенделген азамат...

Ұлы ақынның өз бейнесіндей болып кеткен «Жүрегім менің қырық жамаудың» (1899) - әуезіне құлақ түріп көріңізші! Жұмыр басты пенденің күйгенін, күйзелгенін бұдан артық бейнелеу мүмкін емес! Ақын тапқан арна айбынданып, ауқымданып, құдыреттене береді.Сөз құдыретін аша түсудің тағы бір керемет үлгісі «сөз өнері – дертпен тең», - деген тіркестің тұңғиығында көлбеңдейді. Ақын эстетикасының негізі – соқтықпалы, соқпақсыз өмір – ғұмырдың, соқталы ой, сом образ – тұлғаның мұхитына қадалған шырақ – жанарда. «Сөз өнері - дертпен тең!» - сан сала мағыналы, сансыз суретті түпсіз ой – сезімді. Бейнелі метафора екпінді шарықтап, ордалы образ - ойды қоздатады. Бір өнер иесі: «Күйініп, қиналып, тер төгіп көрдің бе?!» - десе, екіншісі: «Кеудеңде қызғаныш өрті лаулады ма?» деп ойласа, үшіншісі: Абырой, арыңды жалғыз киелің – Еліңе құрбандыққа шалып көрдің бе?! Отқа күйіп, судың түбі – құрдымда тұншығын көрдің бе?!» - деп, өмір – ғұмырдың от көрігінде күйінеді. Мұхит ойдың тұңғиығында бойлаудың өзі күш. Жаңағы Абай сөзінен ақынның шыбын жанына төнген жалаң қылыштың ысылы да, мерез жандардың өсегі де естіледі...Абай үшін өнер ардың ісі, жан сыры, Өнер – азап, ақтық демің қалғанша тыныстар қасиетің. Жүрек түбінен шымырлап шыққан рух келер ұрпақтың да зердесін оятар, санасына – сана, ақылына – ақыл қосар өлмейтін рухани байлық. Білімдінің жүрекжарды сыры есте мәңгі қалар құдырет, жан азығың. Ақынның ой – образ, бояу тасқыны – салқар жер шалқар өнердің алабөтен қасиет – құдыретін айқындайды. Абайдың тұлғасы қаншалықты күрделі болса, соншалықты нұр сәулелі – ұлттық өнердің өркендеп, өсе берудің сарқылмас көзі, ұлттық сана – сезім, ұлттық рухтың - бас арнасы.

Абай дүниетанымы мен жыр мұхитының алтын арқауы ЖҮРЕК – жан айнасы; ізгілік пен зұлымдықтың шарпысқан майданы. Бірде күйіп, бірде жанған – жүрек бейшараны қойсаңшы, тағдыр ізі сайрап жатыр. Жаныңды шөлдей қаңсыратар тірлік майданында, Тәңір – ау, неге зұлымдықтың мерейі көбірек үстем шығады? Ғұмыр – сүгірдің қорқау қалпы жүрегіңді қалай қырық жамау етпесін, қалай зар – запыран болып төгілмесін?! «Қаны қара бір жанмын, жаны жара», «Ішім толған у мен дерт, сыртым дүрдей», «Егер менің ішімді жарып көрсең, жылауыңды ұмытып, шошыр едің», «Мен көрдім дүние деген иттің көтін, Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін», «Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты», «Жүрегімді кескілеп салып жүрген Арсыздарды досым деп неге аяймын», «Ауру жүрек ақырын соғады жай, өз дертін тығып ішке, білдіре алмай»... «Жүрегім, ойбай, соқпа енді, Бола берме тым күлкі. Көрмейсің бе, тоқта енді – Кімге сенсең, сол шикі»... «»Жүректің көзі! («Көзінен басқа ойы жоқ», (1891)); «Ауру жүрек» («Ауру жүрек ақырын соғады жай», 1898); «Жүректің қанымен» («Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын», 1895); «Күйесің, жүрек, күйесің» («Жүрегім нені сезесің», 1900); «Ыстық жүрек» («Жапырағы қуарған ескі үмітпен», 1901); «Жаралы жүрек» («Есіңде бар ма, жас күнің», 1899); «Жүрек теңіз» («Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас», 1902); «Жүрегімді байқасам, инедейін таза емес» («Ойға түстім, толғандым», 1901)...

Енді махаббат лирикасына назар аударыңыз. Абай қиялының ақ сәулесіне малынған шар – тарапты бейне – жүрек нәркес бойжеткен мен бозбаланың сырын наздана тербетіп, сыбызғы үнмен көңіл қылын шертеді. Көңілдің көгілдір мұхиты сізді де еріксіз тебірентеді. Жүз жылдан бері ақынның сезім лирикасы неге ылғи жаңғырып, жаңара береді? Неге Абай әні ылғи той – думанның төріне жайғасады? Неге басқа жұрттың ай – аруы да Абай әніне қосыла жөнеледі? Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда, деп Абай айтқандай, шырқаған, қалқыған, сорғалаған, тамылжыған сырлы сазды адамның жан жүрегіне сондай жақын.

«Қызарып, сұрланып» (1891) – тұңғыш жеке жолыққан ғашықтардың үрікпе, нәзік көңіл күйі, жүрек дүрсілі. Ақын: «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» (1894), «Жөндеп те айтпадым, Жүрегім лүпілдеп» «Көзімнің қарасы», (1891), «Қайғың болар шермен тең, Қара көңлім жермен тең» («Қыз сөзі», 1889) – дейді. Самалда тербеген жібектей арайлы нәзіктік, жүрек лүпілі жаныңызды жылытып жібермей ме? Махаббаттың тылсым тербелісін жеткізудегі шеберлігіне үңілейікші. Жүректің өзі мұңайып, өзі сөйлейді - өз сырын өзі шертеді. Ғашық жардың жан діріліне қалай бейтарап қаласыз, қалай толқымайсыз? Жас жандардың алабұртқан көңілі сіздің де кеудеңізді шарпып өтеді. Аулақта алғаш жүздескен сәт: тарылған таныс, үркек көңіл, жүрек лүпілі – одан кейін лап етіп лаулай, жана жөнелген сезім оты Абай әнінен лапылдайды.

Әлемнің бір әуен – сазын үн қосқан Абайдың көктем назын аралай бергің келеді: «Ыстық жүрек», «Тулаған жүрек» («Әуелде бір суық мұз ақыл зерек», 1889); «Ет жүрек өртенді» («Сен мені не етесің», 1889); «Балқыған жүрек» («Жігіт сөзі») «От жайған жүрек» («Қыз сөзі», 1889); «Жүректі түртіп қозғамай?» («Жастықтың оты қайдасың?», 1889); «Жас жүрек»: («Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында», 1896); «Лүпілдеп жүрек» («Көзімнің қарасы», 1891)... «Мен не болсам, болайын, Сен аман бол!» - деп сезім құдыретін аспанда әуелеткен де ұлы Абай.

Өзгеге көңлім тоярсың,

Өлеңді қайтіп қоярсың, -

Сазды әуезге деген шексіз сүйіспеншілігін де өзі өрнектеп береді.

Ән мен жыр – шерлі жүректің үні. Өнегелі, өрелі өнер ғасырға кетпек, жан сырын ұрпағына жеткізбек.

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп – тегіс, жұмыр келсін айналасы.

Әнді құлақпен емес, «жүрекпен тыңда!» Өнерді түсінудің өзі өнер: «көкірегінде оты бар, құлағын ойлы ер салсын... қас надан нені ұға алсын?».

Ұлы ақынның өмір – ғұмырының бел – белесіне сай образ – символ «жүрек» жырдан – жырға, жылдан – жылға тереңдеп, талант жұлдызындай жарқырай, жайнай берген. Үңілген сайын ақынның асыл сөзді қалай таңдап, қалай – қалай таба білгеніне қайран қаласыз.

«Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» (1896) – ақындық шамшырақ. Сиқыр әнді қойсаңшы! - сыры қандай, сыны қандай?! – «ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, үннің тәтті оралған мәні оятар». Сырлы саз көкірегінде көзі бар сырласты, мұңдасты аңсайды, көңіл құсын түсінер озық ойлы, сезімтал жанды алабұрта іздейді. «Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге, жылы жүрек қайда бар қозғаларлық!».

«Жылы жүрек!» - сыршыл жырдың қан тамыры, шырыны. «Ақылдының сөзіндей ойлы күй», «Көкірегінде оты бар ойлы адам», «Ой көзі», «Жабырқаған көңіл», «Ұйықтаған жүрек» - «жылы жүректің» сиқыр сәулесімен нұрланып, салқар көңілге ұласады.

Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,

Жүрек тербеп, оятар баста миды.

Бұл дүниенің ләззаті бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.

Абайдың ән мен жырға деген кемел ойының айдыны бұл. Ақындар ұстазының өнерге деген көзқарасы, өнерді жырлау мәнері тамыр жайып, мол жемісін беріп келеді.

«Адамның кейбір кездері» (1896), «Құлақтан кіріп бойды алар» (1896) Абайдың эстетикасын аша түсіп, өлең – жырға деген талабын айқындай береді. «Кірлеген жүрек», «ызалы жүрек» сынды сырлы бейне – символ Абайға жыр «ішкі менін» ақтарумен пара – пар екеннін дәлелдейді.

Абай жыры – ел арманы, тот баспас зерлі айдын. Жан сыры – халық сыры, туған халқының – тұнба тұнығы. Азамат ақынды күйзелткен қайғы – қасырет – халқының қасырет – қайғысы. Абайдың үлкен жүрегі заманының үні, елінің жан дауысы. Ақын мұрасы сондықтан да ғасырлар өткен сайын жаңғырып, жасар берер мың жылдық мұң, елінің рухани қасиеті.

Абай қартайған шағында айықпас қайғыға душар болды – 27 жасында үміт артқан жан тірегі Әбдірахман көз жұмды. Парасатты мұрагері көзінің қарашығы, көңілінің нұры еді. Көкірегін кернеген күйік запыран – зар болып төгіледі. Сорлы жүрек қалай қиналды, қалай қысылды десеңізші! (Жәй ғана жеке бастың күйініші деп қараған зерттеушілер осынау ақық жырдың тереңіне үңілмей келеді).

Топтаманың бірінші өлеңін («Я, Құдай, бере көр») қамкөңіл әке перзентінің дауасыз науқасқа шалдыққан шағында жазған – ды. «Шошынған жүрек», «суылдаған жүрек» - Абай қасыретінің «көлеңкесі», көкірегін булықтырған дерт, күйік. Тағдырдың қатыгез кейпінен шошыған ақын - әке «жүрегім» деп қайталай береді – үрей де, үрку де, қайғы қасырет де айғай салып тұр. Өршіл өлеңмен таныстаған ақын қайғы – дертін сездірмей, ұлына дема беріп, демейді – «Жүректің сөзін сөйле, тіл» деп тебіренеді.

Сұм тағдыр аямады, қыршын жасты қара жер құшағына алды. Ақын - әке көрлақатта тұншығып, сұмырай жалғанның түксиген түрінен түңілгендей күйге түсті, дегенмен уақыт жылжып өткен сайын қайғысы қасыретті жырға айналып, ақ қағазға зар – маржан болып төгіле берген. Әбдірахманның асыл бейнесі жыр тұғырында асқақтап кетеді.

«Жүрек» - Абай сезімінің тұнба тұнығы; «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме» («Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», 1896), «Жүректің ақыл суаты» («Алла деген сөз жеңіл», 1896), «Жүректегі қайрат», («Ауру жүрек ақырын соғады жай», 1898).

Абай философиялық һәм әстетикалық көзқарасын атақты өлеңінде «үш – ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп жинақтаған. Әйтсе де ақын эстетикасы мен поэтикасында «жүректің» орны айрықша. Қазақ жерінде, мүмкін, бүкіл Шығыста Пушкинді, Лермонтов, Крыловты, Бунин мен Полонскийді, орыс поэзиясы арқылы Байрон, Гете, Мицкевичті тұңғыш аударған Абай. Ұлы жүректер тебіренісі қазақ халқының көкірегіне жол тапты; талай жүректің отын тұтандырып, талай көздің нұрын жарқыратты. Сары далада шырқаған Татьяна әні орыс қызын қазақ құрбыларымен мұңдас, сырлас етті – қарақат көз мұңды сұлу сонау XIX ғасырдың өзінде – ақ «Евгений Онегинге» құлақ тікті.

Демонның бүлікшіл, дауылпаз рухы қазақтың күнге күйген ер жүрек жігіттерінен жақын – туыс тапты, бірақ та бізді қызықтырып отырған ол емес, ақын аудармасының кейбір шешімі. Таңданарлық жағдай – Абайдың Пушкинде жоқ Онегиннің өлер алдындағы сөзін жазғаны ғой деп ойлаймын. Романның соңғы тараулары жоғалып кетті де, қалың қауымға Евгенийдің қайсыбір шатқалды қиялары белгісіз қалды. Тек жүз елу жылдай уақыт өткен соң ғалымдар Пушкин өз романын бас кейіпкердің өлімімен аяқтаған деген қорытындыға келді. Қазақтың ұлы ақыны бұл тарихи - әдеби пайымдауды білмей – ақ әріптесі Пушкиннің өзекті ойын, роман жүйесін терең түсініп аударғаны мәлім. Абай аудармаған романның басты бір жүйесі – махаббат шытырманын таңдап алғаны – бұл әңгімеден бейхабар оқушыға білініп тұрады. Ақындарымыз Пушкин маржанын қазақ халқының рухани дәулетіне айналдырмақ болып әлденеше жасаған әрекетіне қарамастан, Абай аудармасының биік шоқтығына әлі де қол жетпей келеді.

Аударма жүйесі ақын мақсатына тікелей байланысты: аударма көлемінде Татьяна мен Онегин бейнесін жаңғырту, жан бітіру, бейтаныс оқырман жүрегінде шымырлаған тұтас әсер қалдыру. Егер «Онегиннің сипаты», «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Ленскийдің армиясы» түпнұсқадан ажыратқысыз болса, басқа үзінділер еркін аударылған (бұл ежелгі Шығыс поэзиясының дәстүрі). Бұл үзінділер Абай аудармасында мағына – мақсатын, ырғақ – интонациясын, сезім әлемін түгел сақтаған.

Пушкин:


Я к вам пишу – чего же боле?

Что я могу еще сказать?

Теперь я знаю, в вашей воле

Меня презреньем наказать...

Абай:

Амал жоқ – қайттым білдірмей,



Япырау, қайтіп айтамын?

Қоймады дертің күйдірмей,

Не салсаң да тартамын.

Енді негізгі мәселеге көшейік: «Онегин сипатында» («Как рано он мог лицемерить?») Пушкин екі рет «жүрек» деген бейнені қолданады («В сердечных письмах небрежен», «Послушать сердца первый звук»). Міне, сондықтан да: «В сердечных письмах небрежен» деген жолды Абай: «Ғашықтық сөзге жүйрік, әсіресе» деп аударады. Бұл өзгерістен өлең зиян көріп тұрған жоқ. Енді бір жерде Абай: «Жүрегің қалай соқса, пайым қылар» деп дәлме – дәл аударады. Демек ұлы қазақ ақыны әріптесіне қылдай қиянат жасамай, оның ой – түйінін, сезім – ағымын ықылас ізетпен әдіптейді. («Онегиннің жауабы»):

Души доверчивой признанья

Любви невинной излияния...

деген тармақтарды да Абай жібектей тарқатады:

Жан жүректің толқынын да

Жаза алыпсың толтырып.

Еркін аударған өлеңдерінде Абай экспрессия мен эмоцияға толы тосын тіркестерді орынды қолданады – «Сұм жүрек» (екі рет) «Жас жүрек жанған», «Жүректің отты шағы» тәрізді. «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабынан» мүлде басқаша: көңіл өзгерісін – «май сықылды еріп, от боп күйді жан», «жүрегіме түсті өрт», «Өлі бойға жан жүгірді», «Ықтиярсыз мұңды сезім, кетті ыршып жолыңа» - дей келіп осының бәрі ғашығы – Татьянаның «ақ жүрегінен» деп тиянақтайды.

Біздің еңбегімізден «жүрек» бейнесі шексіз қайталана береді деген пікір тумаса керек, мәселе керісінше: әлі күнге дейін әдебиетшілеріміздің өздері де бұл құбылысты жөнді байқап, байыбына бара қойған жоқ. Өйткені Абайдың жыр алқабында қисыны таба қиысып, табиғи сіңісіп кеткені соншама тосын көзге байқала бермейді. «Жеміт көз», «Қанды көз», «Қара бет», «Жанның жүрегі», «Жан кірі», «Жан жалыны» т.б. арнаулы зерттеуді қалайды.Абай тіл қазынасын тереңнен қопарған зергер. Қоғамның тамырлы құбылысы мен ет жүректің тылсым сырын шыншыл бейнелеп берген ана тілі ақын жырында қуатына – қуат, салмағына – салмақ қосып, асылдай шұғыла шашады.Ұлы ақын өнердің де сыры мен қыры, сымбаты мен сипаты, зері мен зердесі туралы терең ойды тебірене шертеді. Аталы пікірі әйгілі болғанмен, ақын ізін тағы шолып шығудың өзі - өрісті ойдың өресін танытып, келешекке қол созған ізгі арман – тілегін байқатады.

Қорытынды

Тарихта ұлттың атымен қатар аталатын, ұлттын жер жаһанға танытатын дара, дана тұлғалар кездесетіні аян. Халқының ой-арманының, мақсат-мүддесінің үддесінен шығып, ұлы мұрат, жарқын жолға бастар көшбасшылық миссиясын «тәңірінің берген өнері» арқылы іске асыруға талпынған ұлы тұлға, ұлттық әдебиетіміздің темірқазығы, ақылдың ақыны Абайдың асыл мұрасы әлемге танылып, мәңгіліктігін де мойындатты.

«Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындаймыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер білімге қанар, сол күндерде Абай құрметті күннен-күнге артылар «Бірінші ақынымыз» деп қабіріне халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» (Қазақ, 1914.23.07) деген Міржақып Дулатовтың сәуегей пайымы ақиқатқа айналды.

«Адам деген даңқым бар» деп асқақ толғаған ақын алла «махаббатпен жаратқан адамзаттың» асыл қасиеттерін, ізгілік сипаттарының қайнар бастауы қайда екенін «толық адам» туралы тұжырымдамасы арқылы түсіндірді. Абай алдымен «адам болам десеңіз» деген тезис ұсынып алады да «бес асыл істің»: талап еңбектің – қайраттан, терең ойдың – ақылдан, қанағат, рақымның – жүректен шығатынын, «үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп түйіндейді. 17-қарасөзінде ақыл, қайрат, жүректің ізгілік сипаттарын үшеуінің айтысы арқылы өздеріне дәлелдетіп, ғылымға төрелік айтқызады: «Осы үшеуің басыңды қос, бәрінде жүрекке билет. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол». Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта. Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны сол. Жүрек пен иман тақуалықты сақтайтын дене мүшесі ретінде кітапта – Құран кәрімде 133 рет кездеседі. Сопылық ағым өкілдері жүректі адамды періштеден де биік қылатын адам табиғатындағы «тәңірлік құпия», жаратушыны қабыл алатын адамның құдаймен тілдесетін орны «құдірет тағы», «асыл қазына қоймасы» ретінде таныса, шиит ойшылдары жүректі құран сөзінің құпия мағынасын және сезімнен тыс танымды ұға алатын мүше деп білді. Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» ұғымдарына түсінік бере келіп: «жүрек басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшелері билемейді, жүректің ізгі қасиеттерін жүзеге асыру ісіне қызмет ету тек қана миға (ақылға) тән қабілет» - дейді. (Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. А., 1973 ж. 286 бет) Жүрек – алла-жар әмірін ет пен сүйектен жаралған адамзат кеудесіне ұялатушы. Жүрек әміріне құлақ аспау, ынсап пен қанағатты жоғалту, «бес дұшпанға» ырық беру, нәпсінің құлына айналу– адамдық қасиеттен азу. Фәни жалғандығын көкірек көзімен ұққан, өмір ақиқатын білуге құштар, жүрек қалауына ерік берген адам-әулие. Ақынның: «Жүрегіңнің түбіне терең бойла», «Жүрегіңе сүңгі де түбін көзде». «Ынталы жүрек сезген сөз». «Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа қол емес», «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі» – деген ойлары - ақиқатты тану жолын нұсқағаны. Ақынның ақиқатты, тылсым табиғат құпиясын тануға талпынысынан берік сенімі туған. Адам жаны мен тәнінің сан алуан жан қуаттарының сыр-сипатын саралап, ақыл, сезім, қайратты біртұтас құбылыс деп түсіндіреді. Педагогикадан оқулық еңбек жазған М. Жұмабаев та: «Педагогика ғылымы да адамның рухани әлемін үш салаға – ақыл, көңіл (ішкі сезім) және жүрек деп жіктейді. Қазақтың данышпаны Абай бұл үш тапты ақыл, қайрат, жүрек деп атайды» - деп Абайға сілтеме жасайды.Ақын «Тоты құс түсті көбелек» өлеңінде өмірдің өтпелілігін «бәйшешек», «көбелек» символдық бейнелеулері арқылы аңдатады:

Адамзатқа не керек:

Сүймек, сезбек, кейімек,

Харекет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек, -

деп екінші тармақта - жүректі, үшінші тармақта – қайратты, төртіншіде – ақылды меңзейді. Абай осы үш қасиетті терең пайымдаумен бір де бірлікте, бір де әрқайсысының сипатын жеке бөліп түсіндіру арқылы үнемі жетілдіріп, уағыздап отырған. Адамзат тірлікті дәулет білмек, Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек,-дейді. «Қартайдық қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңіндегі - ақыл таппақ – ақыл ісі, мал таппақ – қайрат ісі, адал жүрмек – жүрек ісі екені айқын. Абай ақылдың қасиетіне де айрықша тоқталады. «Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек», «ақыл керек, ес керек, мінез керек», «ары бар, ақылы бар, ұяты бар» «достық, қастық - бәрі де жүрек ісі, ар-ұяттың бір ақыл күзетшісі». Бойды жеңбек қайраты бар адамның жүрегі де таза болуға тиіс. Себебі «жүректің – ақыл суаты». Қарасөздерінде ақылға кенделіктің залалын: «Жоқ, бірлік ақылға бірлік, малға бірлік емес, өзің тірі болсаң да көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың (6 сөз), «...көңілдері көкте, көздері аспанда, адамдық, адалдық, ақыл, білім, ғылым – ешнәрсе малдан қымбат демейтін» пенделердің мінезі мен тірлігін сынау арқылы санамызға сіңіреді. (Ақын «ақыл» сөзін өлеңдерінде 64, қарасөздерінде 75 рет қолданады). Аталған қарасөзінде: үйрену, құдайға лайықты ғибадат қылу, өнер мен мал табу, бойды таза сақтау, күнәһарліктен, көрсеқызарлықпен, нәпсі мен шайтанның азғыруынан құтқару, бойдағы дертті жеңу үшін қайрат керектігін тарата түсіндіріп, «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде ақыл қайрат, жүректің (әділет, шапқат – жүрек ісі) бірлігін терең таныта түседі:

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да қуғанға ,

Әділет, шафқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

«... адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қойған» (М.Әуезов) ақынның «табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адамы» Сократтың «Өзін-өзі тани білген», қытайдың дао іліміндегі әбден жетілген адамы (совершенно мудрый человек), шығыс ойшылдары мен суфизмдегі камили инсани (камил – арабша – жетілген, инсан – парсыша – адам) кәміл адам. Хәкім Абай 38-қара сөзінде «белгілі жәуанмәртлік үш хәсләт бірлән болар деген, сидиқ кәрәм – шафағат болар. Ғақыл мағалұм дүр, ғылымның бір аты екендігі (сиддих, кәрәм, ғақыл – арабша - шындық, ақпейіл, ақыл) – Бұлар әр адамның бойында алла тәбәрәкә уатағала тахмин бар қылып жаратқан» деп түсіндіреді. Абайтанушы ғалым М.Мырзахметов Абайдың кәміл адам туралы ойларының жәуәнмәртлікпен сабақтасып жатқанын жан-жақты талдап, «жәуәнмәртлік негізі – адамгершілік» деген ой түйеді. (М.Мырзахметов Абайдың адамгерішілк мұраттары. А., 1993, 36 бет). Ұлы ойшыл ақыл, қайрат, жүрек,ғылым жайлы ой-танымдарын, толық адам сипаттарын төмендегі өлеңінде поэтикалық пайыммен терең түйіндейді:

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық,

Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Ақыл, қайрат, жүректің таласына төрелік айтатын «сол үшеуінің жөнін білмек - ғылым – алланың бір сипаты». Ақынның тұнық ойының тұңғиығында жатқан інжу-маржандарын жүрегіңнің түбіне терең бойламай қасиетін тани алмайсың. Абай жолы-ақын тыңнан салған жалғыз аяқ-соқпақ жол, соқтықпалы жерде мыңмен жалғыз алысып өткен жол, артына өлмейтін сөз, өшпейтін із қалдырған өнегелі жол. Абай даналығы – алдында бағыт көрсетер жол бастар соқпақ із жоқ сахарада, соқтықпалы жерде, мыңмен жалғыз алысып, жүріп кемел ой, кәміл сенімге жетіп, толық адамға, ұлттың ұлы тұлғасына айналуы, әлемдік әдебиет көшінің алдыңғы легінде көрінуі.


Каталог: uploads -> doc -> 11d3
doc -> Ғарыш әлеміне саяхат
doc -> Сабақ тақырыбы: Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романы Сабақ мақсаты: ҚР «Білім туралы»
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
11d3 -> “Нашақорлық – ғасыр індеті”


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет