Ғылыми конференциясының материалдары


КІШІ ЖҮЗ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ СЫРЫМ ДАТҰЛЫ



бет49/131
Дата28.03.2024
өлшемі5,96 Mb.
#200351
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   131
Байланысты:
treatise40297

КІШІ ЖҮЗ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ СЫРЫМ ДАТҰЛЫ
БАСШЫЛЫҒЫМЕН ЖАСАҒАН КӨТЕРІЛІСІ (1783-1797 жж.)


Қуатжан Мерей (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Нусупбаева С.А.

«Шын мәнінде, түп шежіресі сонау түркілерден бас алатын қазақ халқы өзінің жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел, жоралы жұрт қалпын сақтап қалғаны – оның еркіндік сүйгіш ерік-жігерінің, асқақ рухының арқасы. Осы жолда арғы-бергі замандарда орын алған бас көтерулердің, қозғалыс-көтерілістердің арқасы. Елі мен жері үшін жанын пида еткен боздақтардың арқасы» деген, Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Қазақ елінің бүгінгі күнгі тәуелсіздігі сол батырларымыздың ерлігі екенін айқын көрсетіп отыр. Соның бірі Қазақстаннның Ресейге қосылғаннан кейінгі қазақ халқының көрген зорлық-зомбылықтың нәтижесінен туған түрлі көтерілістердің бірі – Сырым Датұлының қолбасшылығымен өткен Кіші жүз қазақтарының көтерілісі (1783-1797 жж.). Академик Ə.Марғұлан бұл көтеріліске «Əбілқайыр ханның ұрпақтары мен патшаға қарсы бағытталған көтерілістердің ішіндегі ең ірісі жəне белгілісі» деп баға берді.


Сырым Датұлы 1723 жылы қазіргі батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Сарыой ауылында дүниеге келген, өмірінің соңын Хиуа хандығында өткізіп, 1802 жылы қайтыс болған. Сырым Датұлы – қолбасшы батыр, би, шешен, 1783-97 жылдардағы Кіші жүз руларының орыс отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі. Тегі – 12 ата Байұлына жататын байбақты руынан. Сырым бала күнінен ақылымен, сөзге шешендігімен, әділдігімен ел аузына ілігіп, 20 жасында «Байбақтының бала биі» атанады. Сырым Кіші жүз бірлестігінің деңгейіне көтеріліп, ел ішінде құрметке ие болады. Сондықтан оны хан әулеті – Нұралы баһадүр өзіне тартады. Нұралы Сырымның әпкесін алып, өзінің Орын деген әйелінен туған қызы – Айғараны қосып, туысқандық байланыс орнатады. Бірақ патшалық Ресейдің далалық өлкеде әкімшілік-саяси реформа жүргізіп, хандық билікті күшейту арқылы қалың бұқараның табиғи құқыларын шектеу (Жайық өзенінен өтуге тыйым салып, шұрайлы жайылым мен мал өрісінен айыруы, т.б.), жергілікті билік органдары арқылы алым-салық түрін көбейту халық өкілі, рубасы Сырым батыр мен «орыс патшасы тағайындаған» Нұралы ханның арасын ашып жіберді. Патша әкімшілігінің озбырлығына, хан, сұлтандардың дәрменсіз халіне ашынған Сырым және т.б. рубасының бастауымен қару алып, қалыптасқан саяси жүйеге қарсы шығады. Бұл халықтың қалың бұқарасын, әр алуан әлеуметтік топтарды қамтыған, Ресей отарлау саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық көтеріліс еді. Қуғын көрген Сырым 1797 ж. белгісіз себептермен 1802 ж. сонда дүние салған.
Е.И.Пугачевтің басшылығымен болған, қазақтар оған белсенді қатысқан 1773-1775 жж. Шаруалар соғысы басып-жаншылғаннан кейін жеті жылдан соң 1783 ж. Кіші жүзде шаруалардың көтерілісі тағы бір бұрқ ете қалды. Көтерілісшілерге ру ағаманы Сырым Датов басшылық жасады.
Бұл қозғалыстың феодалдық пен отаршылдыққа қарсы сипаты болды, ол 1773-1775 жж. шаруалар соғысының жалғасы еді. Осы көтерілістен кейін қазақтарға жер мен су проблемалары ішінара болса да шешіп алудың сәті түсті. 1775 ж. 7 қарашадағы жарлығымен, сыртқы істер коллегиясы қазақтарға қысқы уақыттары Жайық пен Еділ өзендері аралығындағы, Каспий теңіз жағалауындағы, Ертіс, жайық өзендерінің оң жағалауындағы, Ембі, Сағыз өзендері ауданындағы жайылымдарды пайдалануға рұқсат етті. Бірақ, патша үкіметінің бұл көнімпаздығы амалсыздықтан туған еді, сондықтан аумақтағы позициясын нығайтуына қарай ол осы жеңілдіктерін жоюға немесе шектеуге талпынды. Қазақтардың жер мен суға деген құқығының кеңейтілуіне Орал қазақтарының әскері белсенді қарсы шықты. 1782 ж. 27 желтоқсанда үкіметтің жоғарыда көрсетілген аудандарға қыста мал айдауға қазақтардың ол жерлерді тек жалға алған жағдайында ғана рұқсат етілетіндігі туралы жарлығы шықты. Орал қазақтары бұл жарлықты өз мүдделеріне пайдаланып, қазақ жерлерінің қазақтарға жалға беруіне тыйым салды. Бекіністің Орал желісінде кордондық күзет күшейтілді, оның үстіне жалға алатын жері үшін қазақтар ақысын төлеумен бірге, аманаттарын қалдыруға тиісті еді.
Пугачевтің шаруалар соғысына қазақтардың қатысуына Кіші және Орта жүздердегі тәуелділік қатынастардың одан әрі ыдырауы маңызды себеп болды. Айталық, Кіші жүзде Нұралы хан мен сұлтандар көтерілісшілерден бірте-бірте іргелерін аулақ салып, патша үкіметін қолдау позициясына көшті. Қазақ ақсүйектері арасында көтеріліске сенбеушілік пен өшпенділік арта түсті, мұның өзі феодалдық бытыраңқылықты күшейтті. Қазақ аристократиясы мен ру ақсүйектерінің Пугачев көтерілісіне әр түрлі көзқарасы ХVІІІ ғ. 80-ші жылдарында аристократия мен ру ағамандары одағының ажырауына және ХVІІІ ғ. 70-90-жылдарының аяғында хандық биліктің күйзелуіне әкеп соқты. Нұралы ханның кіші жүздегі ықпалы бірте-бірте төмендей бастады, мұның өзі оның саяси оқшаулануына, халық бұқарасының қайтадан көтеріліп, Кіші жүзде хан билігін жоюға алғашқы әрекеттер жасалуына алып келеді.
1783 ж. көктемінде қазақтың Орал бекінісі желісіне шапқыншылығы басталды. Ағамандар Тасболат пен Ерболат бастаған қазақ жасағы Гирьяль бекінісіне шабуыл жасап, солдаттарды тұтқынға алды, малдарын айдап кетті. Орынбордан солтүстік-шығысқа қарайғы жерде тама руының ағамандары Қадыр мен Садыр басқарған жасақтар әрекет жасады. Олар Красногор бекінісі мен татар қыстағына шабуыл жасауға дайындалып жүрді.
Орынбор коменданты Ладыменский далаға орынборлық қазақтардан құралған жазалау отрядтары мен жүзбасы С.Харитонов басқарған башқұрттардың 1500 адамдық отрядын жіберді. Қазақ жасақтары Харитоновтың отрядына табанды қарсылық көрсетті, бірақ қазақтардың тастан қалап тұрғызған бекінісі сол отрядтың баса көктеп шабуылдауымен алынды. Тұтқынға түскен 56 адам қазына жұмыстарын атқаруға жіберілді.
Қазақтардың бекіністері мен сауда керуендеріне шабуылдары жаз айларында жиілей түсті, мұның өзі ортаазиялық хандықтармен сауданың нашарлап кетуіне әкеп соқты. Қарағай бекінісіне шабуыл жасалды, Орынбор мен Илецк қорғанысы аралығындағы қозғалыс бақылауға алынды. Әсіресе, Орск бекінісі мен Нижнеуральск дистанциясы аудандарындағы ағаман Дулат басқарды. Бірақ бұлар әзірше біріктіретін орталығы жоқ жекелеген әрекеттер еді. Сол кезде халық қозғалысының басына Байдақты руының ағаманы Сырым Датұлы келді. Орыс жазба материалдарында Сырым Датұлы туралы алғашқы деректер Е.И.Пугачев қозғалысының тұсында келтірілді. С.Датұлы 1774 жылы Е.И.Пугачевтің әскерінде қазақ жасағын басқарған деген Орал казагі Ф.Курицынның хабары бар.
Бұл көтеріліс Батыс Қазақстан өңірлерінде 1783-1797 жж. аралығында болып өтті. Тарихи әдебиеттерде әдетте Сырым Датұлы бастаған көтеріліс ретінде аталғанымен, мұрағаттық деректер бойынша бұл күреске белгілі батырлар Тіленші Бөкенбайұлы мен Барақ Сатыбалдыұлы, басқа да батырлар мен билер жетекшілік етіп, орыс шебіне көптеген шабуылдар ұйымдастырған.
Көтерілістің туындауына отарлық езгінің күшеюі, қазақтардың Жайықтан өтуіне тиым салынуы, орыс-казактардың арғы бетке өткен ауылдарды ашық тонауы, Кіші жүздегі хан билігінің әлсіздігі т.б. себеп болған еді. Сонымен бірге, ықпалды билер мен Нұралы хан арасындағы қайшылықтар да әсер етті. Көтеріліс Батыс Қазақстанның біраз жерін қамтыды. Оның негізгі орталықтары – шепке жақын орналасқан Байбақты, Табын және Тама рулары қоныстанған Елек, Шыңғырлау, Қобда өзендерінің бойлары болса, орыс шебіне шабуылдар кезінде Ойыл, Жем, Темір, Сағыз өңірлері де көтерілісшілердің ту тіккен ордаларына айналды. Көтеріліске Кете, Шекті, Шеркеш, Таз т.б. рулар да қатысқан.
Деректерге қарағанда, Сырымның қол астында 2700 адам, Барақ батырда – 2000, Тіленші батырда – 1500 адамдық жасақтар болған. Бұлардың құрамына жоғарыда аталған рулардың барлығы кірген. 1783 ж. жаз айларында қазақтар Ресей шептеріне көптеген жойқын шабуылдар ұйымдастырады. 1783 ж. желтоқсан айының соңында Сырым мен Барақ батырлар бастаған 700 сарбаз Генварцовский мен Рубежинский форпосттары арасындағы орыс елді-мекендеріне шабуылдар жасаса, тура сол уақытта Тіленші батыр мен белгілі би Елекбай Құдайбергенұлы бастаған сарбаздар да Ресей шептеріне көптеген шабуылдар ұйымдастырады.
1785 ж. ақпан айында көтерілісті басуға майор Смирнов басқаратын жазалаушы әскер шығарылады. 237 казактан, 2432 башқұрттан және екі зеңбіректен тұратын бұл команда Елек жағалауына қарай шығып, жолда кездескен бейбіт ауылдарды тонап, 66 адамды тұтқынға алып кетеді, олардың 13-і ғана ересек ер азаматтар да, қалғандары әйелдер мен балалар болған. 1785 ж. наурыз айында Жайық казак әскерінің командирлері Колпаков пен Пономарев бастаған 1250 казактан тұратын басқа топ Жем сағасында орналасқан Сырымның ордасын арнайы жою үшін шығарылады. Олар Жем бойына бармай, Қаракөл маңындағы Адай және Беріш руларының ауылдарын шауып, бірнеше адамды өлтіріп, 102 адамды тұтқынға алады. 1785 ж. наурыз айында премьер-майор Назаров басқарған 405 жайық казагынан тұратын басқа жазалаушы отряд көтерілісші Табын руының ауылдарын шауып, Айшуақ сұлтанды тұтқынға алады.
Өлке басшылығының мұндай шаралары бүкіл Кіші жүз руларының заңды ашу-ызасын туғызады. Сол 1785 ж. наурыз айында Тіленші батыр бастаған 200 адамдық жасақ Рубежинск форпосты маңындағы орыс хуторларына шабуыл жасап, бүкіл малдары мен 10 адамын қолға түсіреді. Бірақ хуторлар халқына көмекке келіп қалған казактармен болған шайқаста қазақ жасағынан 19 сарбаз қаза табады.
1785 ж. шамамен күз айларында 1 мың адамдық қазақ жасағы Тұзтөбе бекінісінен жоғары орналасқан редутқа шабуыл жасап, осы редутқа көмекке келген майор Рештейнерді 30 адамымен, капрал Ивановты 20 адамымен бірге қолға түсіреді.
Билігінен айырылып қалудан қауіптенген Нұралы орыс әкімшілігімен бірге көтерілісті басуға ат салысады. Інісі Айшуақ сұлтанның қамауға алынып, ұлының өлтірілуі халық алдында Нұралының ықпалы мен беделін төмендетеді. Ел-жұрты оған сенуді қойып, хан билігі үлкен дағдарысқа ұшырайды. 1785 ж. Кіші жүздің 21 руынан 55 билер мен батырлар ІІ Екатерина патшайымға хат жазып, Нұралыны, жалпы Әбілқайыр әулетін тақтан алып тастауды сұрайды. Мұндай хаттар көп болған. 1786 ж. көктемінде көтерілісшілер хан ауылдарына шабуыл жасап, Нұралы қашуға мәжбүр болады. Хан билігінің әлсіздігін түсінген патша үкіметі оны хандықтан босатып, Орынборға шақырып алып, кейіннен Уфаға жібереді. Нұралы сол жақта 1790 ж. қайтыс болады.
Нұралы тақтан кетірілген соң ІІ Екатерина енді Кіші жүзде хан сайлауды қажетсіз деп табады. Өлке басшысы губернатор Игельстромға Кіші жүз қазақтарын басқарудың жобасын даярлау тапсырылады. Өлкені басқаруда майда саясатымен көзге түскен барон өз реформасында Кіші жүздің бүкіл билігін Орынбор әкімшілігінің қолына топтастырады. Ол бойынша губернатордың жанынан жүзді басқарудың жаңа органы – Шекаралық сот құрылып, оған құрамына билер де кіретін расправалар қарайды.
Өлке әкімшілігінің әртүрлі шараларына қарамастан 1789-1790 жж. қыс айларында Ресей шебіне қазақтардың шабуылдары күшейе түседі. 1790 ж. көктемінде Орынбор әкімшілігі Сырым бастаған топпен келіссөздер жүргізуге муфтий Мұхамеджан Хусаиновты жібереді. Бұл кезде губернатор Игельстром да қызметінен алынып, орнына қазақтарға қатысты аса қатаң саясат ұстанған А.А. Пеутлинг келген болатын. Осы кезеңде Жайық казактарының да қазақ ауылдарына шапқыншылығы үдейді. Көтеріліс шеңберінде, патша әкімшілігімен арада күрделі қарым-қатынастар орын алады, олардың бәріне тоқталу мүмкін емес.
Дүрбелеңге толы сахарада аз да болса тыныштық орнату үшін патша үкіметі 1791 ж. қыркүйегінде жасы келген Ералы сұлтанды хан сайлауға мәжбүр болады. Орынбор экспедициясы молда Құсайын Әбдусаламовты осы туралы хабармен Кіші жүз даласына аттандырғанда, Елек бойында онымен кездескен Сырым, Мұратбек, Қаракөбек, Басықара және басқа билер өздерінің келісімінсіз Ералының хандыққа бекітілуіне риза еместерін ашық айтады. 1792 ж. мамыр айында Қобда өзенінің бойындағы Байтақ қорымы түбінде 400-ге тарта билер мен басқа да адамдар қатысқан жиындар өткізіледі. Жиын бірауыздан Ералының хан сайлануына қарсылық білдіреді.
1792 ж. қыркүйегінде Сырым Ресейге соғыс жариялап, 1000 адаммен Тұзтөбеге шабуыл жасайды. Бекіністі ала алмаған көтерілісшілер келесі бекініс – Красногорскаяға да шабуыл ұйымдастырады. Бірақ бекіністерге ашық шабуылдар табыс әкеле қоймаған, қарулары сай казактар әрқашанда зеңбіректер мен мылтықтардан оқ жаудырып, барлық шабуылдарды таратып отырған. Сырым бастаған көтерілісшілер 1793 ж. күзінде Сағыз өзенінің бойында орда құрып, халықты өздеріне қосылуға шақырған. Оған әр рудан адамдар қосылып отырған, олар Сағыз бойындағы Аққұм деп аталатын жерге ту тіккен.
1794 ж. Ералы хан қайтыс болып, 1795 ж. Кіші жүз хандығына Нұралының ұлы Есім сұлтан бекітіледі. Оның жанынан ел басқаруға қолайлы болу үшін сұлтандар мен билерден тұратын Хан кеңесі құрылады. Есімді Сырым бастаған дала билері жек көретін, оны 1797 ж. хан ауылын шапқан көтерілісшілер өлтіреді. Хан өлімінен соң, сәл үзілістен кейін өлке басшылығына қайта келген барон Игельстром жаңа хан сайламай, Кіші жүзді басқаруды Хан кеңесіне тапсыруды жөн көреді. Кеңестің тұрақты шақырылатын жері болып Бала Қобда өзенінің бойы белгіленеді. Кеңес жұмысына Сырым да белсене араласқан. Осы кездерден бастап көтеріліс те тоқтайды. Сырымның өзі 1802 ж. Хиуа жерінде белгісіз жағдайда қаза болады. Халық арасындағы әңгімелер мен кей деректерге қарағанда, оның өліміне Нұралы ханның қалмақ күңінен туған ұлы Қаратай сұлтан тікелей қатысты болған.
14 жылға созылған бұл азаттық күрес Отан тарихында аса маңызды оқиғалардың бірі болып табылды. Күрес Ресей патшалығының араласуымен Кіші жүздегі хан билігінің әлсіздігін анық көрсетті, ел басқару ісіне бірқатар әкімшілік өзгерістер әкелді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   131




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет