Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»



бет1/11
Дата23.10.2016
өлшемі4,68 Mb.
#57
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Гүлсім Оразалықызы

ОРЖАНОВТАР ӘУЛЕТІ

ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ АРДАҚТЫЛАРЫ

«Қазақ мұнайының ардақтылары» атты өмірбаян сериясы Қазақстан Республикасы экономикасының кіндігі болып, бар саласына нәр беріп, әлемдегі мұнайлы елдердің қатарына қосылуына ерен еңбек сіңірген мұнайшы - ардагерлерімізге, олардың тәуелсіз елшіздің тарихында сақталатын өшпес есімдеріне арналған.

«Мұнайшы» қоғамдық қоры

ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ АРДАҚТЫЛАРЫ

ӨМІРБАЯН СЕРИЯСЫ

Басталуы - 2006 жыл

Гүлсім Оразалиева

ОРЖАНОВТАР ӘУЛЕТІ

Алматы 2009

УДК 665.6.17 ББК 26.343.1 0-65

Оразалиева Г.

0-65 Оржановтар әулеті. Алматы: «Мұнайшы» қоғамдық қоры,

2009. - 392 бет. Қазақ мұнайнының ардақтылары. Өмірбаян сериясы.

ISBN 9965-816-28-Х

Бұл кітапта елімізге белгілі мұнайшы, ұзақ жылдар бойы мұнай өнеркәсібі саласында жемісті еңбек еткен Табын Оржановтың өмір жолы, ел экономикасына қосқан мол үлесі әңгімеленеді.

Қазақстан мұнай өнеркәсібі саласының даму сатыларының өткен ғасырдың бастапқы жылдарынан бергі куәгері болған Оржановтар әулетінің жанкешті еңбектері, шежіреге толы өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық.

УДК 665.6.17 ББК 26.343.1

1804060200 00 (08) 09

ISBN 9965-816-28-Х © «Мұнайшы» қоғамдық қоры, 2009

ЕСЕНТАЕВ ҚОЖАНИЯЗ

Мәскеудің Геология-барлау институтын бітіріп, «Қазақстанмұнайгеофизика» тресінде, Атырау, Маңғыстау облыстарында Қазақстан КП ОК-де лартия-кеңес қызметінде, ал, 1975-2005 жылдар аралығында ҚазКСР Мемлекеттік Жоспарлау бөлімінің бастығы. Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Еңбек сіңірген экономисі.



Таланты асқан Табын

(алғы сөз орнына)

Мен Оржановтар әулетімен ертеден, сонау елуінші жылдардан бастап араласып келемін. Алғаш Табынмен Мәскеуде таныстым, сол кезден доспыз, бір-бірімізді құрмет тұтамыз. Әрине, қазір араласуымыз жастың ұлғайғандығына байланысты жыл жылжыған сайын сиреп келеді. Бұл заңды да шығар. Жас ұлғайған кезде өзгеден гөрі өзіңді көп ойлап, тіптен «өзімшіл» болып алады екенсің. Жас кездегі достарды, жолдастарды, туыстарды көп ойлап, олармен кездесуге асығып тұратын алып-ұшқан көңілдің қайда кеткенін өзім де білмей қайранмын. Абай айтпай ма: «Өмір қызығыңды білдірмей ұрлайды» деп. Жастық шақтың қызықтарын «ұрлатып», кәдімгі Біржан айтқан: «кәрілік келіп қалдың қай жағымнан?...»- дейтін болдық.

Қожанияз aсa өткен күндерін, тай-құлындай тебісіп өскен достарын сағынған-ау, осы сөздерді айтты да біраз төмен қарап үнсіз отырып қалды. Бір кезде әнтек басын көтеріп: «Жастар-армандайды, біз-қарттар өткенді тек еске аламыз...»-деп, қалжың айтып, жарқырап күлді. Біз бұл қылығын ұнаттық. Біреу ғана емес, бірнеше аурудың басы қосылса да рухы құламаған қарт ты көріп сүйсіндік. Мұндай рухты адам ұзақ жасауы керек, негізінде... (авт.)

Мәскеуде оқып жүрген кезімізде, біздер «Қазақ жастарының одағын» құрдық. Негізгі мақсат-қазақстандық жастар болып араласу, достасу. Не дегенмен елден шалғайдамыз, сан ұлттың өкілі тоқайласқан жер ғой, Мәскеу деген. Соның ішінде қазақ екенімізді білдіріп, өзімізді жоғалтпау болды мақсат.

Мына бір оқиғаны айта кеткім келіп тұр, біздің институт студенттерге біркелкі киетін форма шығарды. Айтты-айтпады өте сәнді, қымбат матадан тіккен. Оны алуға бізде қаражат жоқ, ауылдан келетін азын-аулақ ақшаны тамаққа жұмсаймыз. Ал, форманы кигіміз келіп-ақ жүр. Содан бір күні Мәскеуге концерт беруге Күлаш Байсейтова келіпті дегенді естідік. Жатқан қонақ үйіне іздеп барып, бізді қабылдауын өтініп, қазақстандық студенттер екенімізді айттық. «Қазақтың бұлбұлы» атанып, абыройы асып тұрған кезі, қалай болар екен деп біз отырмыз төменде. Жоқ, бізді жақсы қабылдады, Қазақстан Үкіметі бізге форма әперу жағынан көмектессе екен деген өтінішімізді айттық. Күлаш апай Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа жеткізетінін және ол кісінің біздерді қабылдауына да көмектесетінін айтты.

Артынша Мәскеуге Қаныш Сатпаев келді. Оған да біздер: Лиманов Есенғали, Тұяқбаев Нығмет, Үсенов Әбдразақ және мен, төртеуміз барып кездестік. Ол кісі жылы қабақпен қарсы алып, кешке ресторанға алып барды. Ашқұрсақ студенттерді бір тойдырды. Қаныш аға бізді жеке-жеке тыңдап, жағдайымызды біліп алды да, өзі Республикада сендер оқып жатқан мамандық иелері жетіспейтінін, оның үстіне Мәскеу білімі өте қажет, сендер осыны түсініңдер, жақсы оқып, елге оралған соң бәріңе мықты қызмет табылады. Геология ғылымы, бұрғылау жұмысы қазір барынша өзгеріп, жаңа технологиямен жабдықталып кетті. Бұрын жете алмайтын сонау-сонау жеті қат жер астына, мыңдаған метрлік терендікте жатқан тұз қабаттарына дейін қазып, мұнай алатын болдық. Каспий ойпаты мен Маңғыстау өңірі мұнай мен газға тұнып тұр, тек соны игеретін сендер секілді маман керек деп, біраз ақылын айтты.

Кешікпей Қазақстан Үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов Мәскеуге келді де, бізді Қазақстанның Өкілеттік үйіне кездесуге шақырды. Бәрімізден жағдайымызды, сабағымызды, жататын жерімізді, тіптен ауылда қалған ата мен анамызға дейін сұрады, өте байыппен тыңдады. Сөйтті де, Қазақстанның Ресейдегі өкілі Өтешқали Атамбаевқа тапсырма берді. Кешікпей біз формалы болдық және мерекелер сайын бізге қаржымен көмектесіп тұратын болды. Біздің қуанышымызда шек жоқ. Қуанғанның көкесі форма тігіліп, оны институтқа киіп барғанда болды. Группада біз бірінші болып кидік оны. Таңертең киюін киіп бардық-ау, кешке басқа біреулердің киімімен жатаханаға оралдық. Ата-анамызға көрсетеміз деп тұрғылықты студенттер сұрап киіп кетті емес пе. Мұндай қамқорлықты жалғыз біз емес қазақстандық біраз студент көрді. Үкімет басшысы Н.Оңдасыновтың мақсаты, мықты мамандар даярланып, Қазақстанның экономикасын көтеру болды. Оны ол ашық айтты бізге.

Қызығы, оку бітіріп келген соң ол кісімен қызметтес болдым. Ол Гурьев облысының бірінші хатшысы, ал, мен қалалык комсомол комитетінің хатшысымын. Сол жылдары Оңдасыновтың ел үшін, халық үшін жаралған нағыз жанашыр басшы екеніне талай көзім жетті.

...Бастапқы оқиғадан озып кеттім білем, Мәскеуге оралайын.ұйымға әр институттан жиылған жастар қатысады. Есіме түсіріп көрейінші: Әуелбеков Еркін, Оржанов Табын, Нұржанов Сағидолла, Айтжанов Нариман, Лиманов Есенғали, Букетова Гүлжан, Тұяқбаев Нығымет, Дарбасов Сайын, Жабағина Алма, Жұбанова Ғазиза, Ахметова Алма, Байқадамова Сауле... біразы бақилық болып та кетті, жандары жаннатта болсын олардың. Осы ұйым мүшелерінен таңдап-таңдап, дауысы бар-ау дегендерден хор құрдық. Бас әншіміз Байқадамова Сауле, концертмейстеріміз Жұбанова Ғазиза, хордың көркемдік жетекшісі Тілендиев Нұрғиса болды.Үшеуі де Мәскеу консерваториясында аспирантурада оқитын. Олар біздің хорға Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», орыстың халық әндерін үйретті.

Алғашқы концертімізді Қазақстанның 30 жылдық тойына орай Мәскеу консерваториясының үлкен залында қойдық. Студенттер, оқытушылар, москвалықтар көп жиналды. Бір қызығы, осы концертке Семен Михайлович Буденный келді, қалай, кім әкелгенін түсінбеймін, жаспыз ғой. Артынша осы концертті Нариман мен Табынның ұйымдастыруымен Губкин атындағы Мұнай мен газ институтының үлкен залында көрсеттік. Студенттік кез адам өмірінің ең бір қызықты шағы екен-ау, соңғы кезде есіме жиі оралады. Себебін білмеймін.

Менің Табынға тәнті болатын жерім бар. Қазақ мектебін бітіріп, бір ауыз орыс тілін білмей Мәскеуге оқуға баруға бола ма?! Ол үшін қандай жігер, білімге деген қандай құштарлық болуы керек? Табында жігер де, әсіресе, білімге деген құштарлық басым болды. Соның арқасында ғана олар бар қиындықты жеңді. Лекцияның бәрі орыс тілінде, семинарлар жиі болады. Табын мен Нариман түннің бір уағына дейін сабақ оқитын. Алғашқы кезде өздері түсініп тұрмаса да сұрақтардың жауабын жаттап алып, ертеңіне орыс тілін жетік білеміз деп шалқайып жүрген бізден жоғары баға алып кететін. Ақырында үлгерім жағынан біздерді басып озып, олар оқу озаты болды. Бұған таң қалуға бола ма? Әрине, болады! Өмірімде Табындай еңбекқор, білім мен өмірге қатар, құштар адамды көрген емеспін.

Табын осы қасиетінен еңбекке араласқанда да айныған емес. Ол институтты бізден бір жыл бұрын бітіріп, еңбек жолын Атыраудағы «Қаратон» мұнай өндірісінде әуелі оператор, сосын мұнай өндіру цехының мастері болып бастады. Мен де оқу бітірген соң жолдамамен Атырауға келдім, «Казгеофизика» трестте қызмет істедім. Сосын облыстық комсомол комитеті шақырып, сонда бардым.

Бір күні ойламаған жерден облыс орталығында екеуміз кездесіп қалдық. Қуанышымызда шек жоқ. Бір-бірімізбен қайта-қайта құшақтасып қоямыз. Бұл кезде Табын «Байшонас» мұнай өндірісінде қызмет атқарып жүр екен. Бірден бізді ол үйіне қонаққа шақырды. Табынның Оңайға, менің Гүлғанымға үйленген тұсымыз. Жұбайларымызды бір-бірімен таныстырмақ болдық.

«Мақат» мұнай өндірісінде жұмыс істеп жүрген досымыз Нариманға біздің келетінімізді айтып, оны да үйіне шақырыпты, Табын. Бізбен бірге тұратын Нұраш жиенімізді біз де ерте барғанбыз. Не керек, кездесуіміз кішігірім той болып өтті. Табын мен» оңай бізді тура бір «министр» келгендей қарсы алды десем бір өтірігі жоқ. Ақ дастархан жайып, неше түрлі ас қойып барынша күтті. Қапан ақсақал түйе ұстайды екен, шұбат мол-ақ. Мәскеуде жүріп сағынып қалыппыз, мейір қанғанша бір іштік.

Сөз орайы келгенде досымыз, өкінішке орай бүгінде ортамызда жоқ, о дүниелік болған Айтжанов Нариманды еске ала кетпесем оның әруағынан ұят болады. Нариман студент кезінен Табын екеуі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрді. Мәскеудегі қазақ жастарының басын жиі қосып тұратын солар болатын. Нариман отырыстар мен небір бас қосудың гүлі болатын, әнді қалай керім айтушы еді. Біз оны «қазақтың Лемешеві» деп атайтынбыз. Киім киісі де соған ұқсайтын, ұзын польтосы мен шіләпісі көріктендіріп жіберетін, өзін. Бізден кеш үйленді, әйелі Бақыт жақсы адам болып кезікті. Ал, қазақ мұнайының дамуына Нариманның қосқан үлесі мол. Ол «Доссор», «Байшонас» кен орындарында Бас инженер, бастық болып қызмет атқарды. Қазақстанның Орталық партия комитетінде нұсқаушы да болды. Ол қашанда да достарының есінде, ұмытпаймыз.

...Бұл әулетте мұнайшылықты бастаған Табынның атасы Оржан. Одан кейін ол кісінің баласы Қапан аға тұрады. Ал,Табын-үшінші буын. Табынның балалары: Есенжан мен Сабыржан-төртінші ұрпақ. Әрі қарай біле бермейді екенмін...

Рас, ол кісінің, яғни, Оржан ата заманында Доссордан алғаш мұнай табылып, жергілікті қазақтар қара жұмысқа жалданады. Сол кезде Оржан ақсақал да мұнай тасып, атпен шығыр тартады.

Бұны мен Қапан ағаның өз аузынан естігенмін. Қапан ақсақал орта бойлы, батыр тұлғалы, қою қара мұрты өзіне әдемі жарасатын сымбатты адам еді. Өнеге-үлгісі бар әңгімені баппен, асықпай-аптықпай жақсы айтатын. Ол кісінің әйелі Зияда анамыз да орта бойлы, дөңгелек жүзді, ашық-жарқын мінезді адам болды.

Мен оқу бітіріп Атырауға жұмыска келгенімде Қапан аға «Қаратон» кәсіпшілігінде бұрғышы екен. Көп ұзамай пенсияға шықты. Қапекеңнің кеудесінен тастамай тағып жүретін Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендері болатын. Ордендері өзіне жарасып және өткен еңбек жолын баяндап тұрғандай сезілетін бізге. Қызығатын да болуымыз керек, жаспыз ғой.

Табын екеуміз бір күні Гурьевте кездесіп қалдық, сосын үйіне қонаққа шақырды деп жоғарыда айттым ғой. Сол жолы Қапекеңмен біраз әңгімелестік.Кәдімгі казақи әдетпен ол менен ата-бабаларым туралы сұрады, сосын, өзі жайлы аздап айтты. Әлі есімде, шай ішіп жайланған соң ол:

- Балам, қай тума боласың?- деді, сабырлы қалыппен, маған барлай қарап.

- Ата, мен Ақтөбе жақтанмын, Кіші жүздің Әлімі боламын.

- Е, балам атақты Нәдірқожадан алты аталы Әлім тарайды, соның ішіндегі кімісің?-деп, маған тесіле қарады. Ол жағын біле бермейтін едім, үнсіз қалдым. Жауап болмаған соң: -Ата-анаң бар ма?-деді.

- Бар, әкем өмір бойы темір жол бойында істеді...

- Дұрыс, дұрыс балам. Біздер осы жердің тумасымыз. Ата- баларымыз баяғыдан осы Доссор маңын мекендеген. Бұл төңіректе Шеркештер көп. Шеркеш Байұлының өскен-өнген руы ғой. Алдында табын-табын түйе мен қора-қора қойы болған ел. Әкем Оржан орта шаруашылығы болған адам. Өз еңбегіне сүйенген, от-басын ас-судан кенде қылмаған. Кейінгі кезде малый барымталап, тартып ала берген сон, басқалар секілді өндіріске кіріп кеткен ғой.

Орыстар мен ағылшындар Доссордан (1911ж.) мұнай кендерін ашып, қарамай алып, оны басқа жақтарға түйемен әкетіп жататын. Жергілікті қазақтар жұмысы ауыр болса да соған жалданып жұмыс істеген. Себебі, олар еңбек ақыны қағаз ақшамен төлеген. Мұнайдан алған ақшасына Көкжардағы (Ойыл) жәрмеңкеге барып не керектің бәрін сатып әкелетін әкем Оржан мен анам Айкүміс. Менің әкем Оржан Доссордан алғаш май ала бастаған кезден бастап жұмыс істеген адам. Бала кезімнен көз алдымда киімі қап-қара, май-май болып жүретін.

Қазақтар біртіндеп-біртіндеп өндіріске өздері сұранып келе бастады. Ол кезде мұнайды колонкамен, оны былайша айтқанда «колонковый труба» дейтін, сол арқылы майды тартып алатын, оны «трубу таскать» деп айтатын өздері. Қалай түсіндірсем екен саған, былай, үш-төрт метрлік трубаны скважинада толып тұрған майға батырады да оны атпен тартады. Әкем Оржан өз атымен мүнай тартты, кейіннен өз түйесімен мұнай тасыды.

Мұнайдың «дәмін» татқан әкем бір күні маған да: «балам, арбаға отыр, мұнай тасимыз» деп, өзіне серік етіп алды, кешікпей мен де жеке арбаға отырып бір жылдан аса май тасыдым.

Кейіннен, 1931 мен 1939 жылдар аралығында «Эмбімұнай» тресіне қарасты бұрғышылар бригадасында істеп, геологтар мен барлаушылармен бірге «Құлсары», «Алтыкөл», «Мұнайлы», «Қожағалиды»... түгел шарладық қой. Қоян-қолтық жұмыс істедік. Қазір де Қаратон кәсіпшілігінде бұрғышы болып істеймін, алтыншы деген разрядым бар, балам. Өмір жеткізсе екі-үш жылда пенсияға да шығып қаламын. Біз не көрмеді дейсің, жұмыстың ең ауырын атқармадық па. Мысалы, арбамен, түйемен қара майды Каспий жағасындағы Ракуша портына жеткізетінмін. Арбамен алты сағат жол жүріп барып, бес сағат артқа қайтатынбыз. Сондағы апаратынымыз екі бөшке қара май. Ой, біз көрген азап- ты сендер көрмей ақ қойыңдар. Енді жоғары білім алып сендер келіп жатырсыңдар, мұнайды бұрғылау мен өндіру бұл күнде мүлдем өзгеріп кетті ғой, өзгеріп кетті...»- деп, кәдімгі қазақтың дана қарттарынын кейпін танытып, біраз әңгіме айтқаны бар ды.

Әрине, бұдан кейін де талай көрдім ғой ол кісіні, бұл әңгіме алғашқы кездесуде болғандықтан болар есімде жақсы жатталып қалыпты...

Мен Маңғыстауда, Өзен аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы болған кезімдеТабын«Маңғыстаумұнайгаз»бірлестігінде Бас инженер болып қызмет істеді. Бірлестіктін өндірістік ұйымдары бізде, аудандық партия ұйымында есепте тұрды. Сол кезде жиі араласып, жұмыс жағдайымен де кездесіп тұрдық. Мен сізге айтайын, Табынның бойында асқан өнертапқыштық қасиет бар. Мұнай өндірісіне кеңінен қолданған мен білетін екі тәсілі бар. Мысалы, «Өзен» мұнайының қүрамында парафин көп, шамалы салқын болса болды қатып қалады. Оны еріту үшін көп күш керек. Қатырмаудың тәсілін ойлап тапқандардың бірі - Табын еді. Парафинді қатырмау үшін скважинаға ыстық су айдап, мұнайды жоғарыға шығарды. Сосын әрбір алпыс-жетпіс шақырым сайын пештер орнатып, мұнайды қыздырып, парафиннің қатып қалуына мүмкіндік бермеді. Бұл Табынның инженерлік бір ғана жаңалығы.

Өндірісте мұнайды көп өндірудің әр түрлі тәсілдері бар. Соның ішінде «газлифт» тәсілін алғаш пайдаланған Табындар болды. Скважинадан шыққан газды қайыра айдайды да мұнайды сұйылтып жоғары, жер бетіие шығарады. Бұл тәсілді де ойлап тапқан Табындар, өндіріске енгізген де солар.

«Өзен» мен «Теңге» газ алаңында авариядан бір адам қайтыс болып, республика көлемінде біраз шу болды. Бір сағаттың ішінде республика басшылары ұшып келіп, болған жағдайды анықтады. Анықтағанмен амал қанша, олар мұнайшы маман емес қой, алаулап жанып жатқан өртті қалай сөндірсін. Содан өртті қалай сөндіру керек? деген сұрақтың төңірегінде талқылау басталды. Талқылауға Одақ көлеміне белгілі небір инженер, геолог, геофизиктер, қысқасы, мұнай кәсіпшілігінің небір мықты майталман- дары қатысты. Олардың әр қайсысы әр түрлі тәсіл мен жобаны ұсынып жатты. Табындар да өртті өшірудің жолдарын, амал мен тәсілін, яғни, өз варианттарын ұсынды. Бірақ, оны қолдап, қоштай қойғандар аз болды да, қабылданбады.. Содан, әлгі Тюмень мен Башқұртстан, Татарстаннан келген «мықтылар» алаулап аспанға атылып жатқан жалынды өшіре алмай ай бойы жағаласты. Білесіз бе, ақыр соңында әлгі Табын айтқан амал-тәсілді қолданып, өртті өшірді. Сол жолы Табын қазақтарда да мықты инженерлер бар екенін дәлелдеп берді. Бәріміз бір мақтанып, рухтанып қалдық. Шынымды айтайын, осыдан кейін-ақ басқалар қазақ мұнайшыларын, оның ішінде инженерлерін мойындай бастады. Сөйтіп, Табын қазақтың атын шығарған азамат!

Маңғышлақ облыс болып ашылатын кезде осы мәселе бойынпіа біздер: аудандық Халықтық бақылау комитетінің бастығы Губайдуллин Мекебай, Ералиев ауданының бірінші хатшысы Рзақанов Кнікбай және облыстық атқару комитетінің бірінші орын- басары мен, үшеуіміз Өзеннен Алматыға ұшатын болдық. Самолет ертеңіне болатын болды да бір күн Табынның үйіне қондық. Ол кезде Табынның ата-анасы тірі, Қапан ақсақалмен біраз әңгімелесіп, өткен-кеткенді қозғағанымыз бар сонда. Табын көптен көріспеген достарын сағынып қалыпты, ерекше пейілде болды. Негізі, Табын достарын, жолдастарын жоғалтпаған адам. Қашанда да дастарханы жаюлы, қонақасы асулы тұратын берекелі от басы. Жұбайы Оңай пейілі ақ, ниеті түзу адам. Табынның әке, шешесін құрметтеп, сыйлап өтті, балаларына жақсы тәрбие берді.

...Сұрағыңыз дұрыс. Ия, өкінішке орай осындай адамның мемлекет тарапынан алған үлкен марапаты жоқ. Оны мен сізге былай түсіндірейін. Кеңес Үкіметінің бар шаруасы «жоспарға» құрылғанын білесіз. Сол сияқты орден, медаль беруді де жоспармен беретін. Мысалы, партия ұйымдарына жоғарыдан нұсқау келеді, бес адамға-«Еңбек Қызыл Ту» ордені, он адамға «Еңбектегі Ерлігі үшін»...тағысын тағылар. Және бұның тоқсан процентін жұмысшыларға беру керек деген нұсқау қоса келеді. Табын болса көбіне Бас инженер-бастық болды. Бұның басқа сыры жоқ.

Марапатсыз да Табын біз үшін құрметті, қадірлі. Ешкімнің дауы жоқ, ол-мықты мұнайшы, кәсіби деңгейі өте жоғары инженер, адал азамат! Өз ортасында, өз заманында Табыннан асқан инженер болған жоқ, оны мен мақтанышпен айта аламын. Әулеттің ата кәсібі-мұнайшылықты бабасы Оржан бастаса, әкесі Қапан жалғастырды, Табын оны профессионалдық дәрежеге жеткізді.

Оның балалары Есенжан мен Сабыржан да нағыз мұнайшылар...



I бөлім

Атам Оржан, әкем Қапан мұнайшы болған...»

«Өмір-өзен!». Өз ағысымен алға аға береді.

Ілесу-ілеспеу сенің шаруаң...

- Зияда, а Зияда, далаға шық!- деген Қапанның оғаш даусынан шошынған Зияда көйлегінің етегін баса-маса далаға шықты. Қапанның қоңырқай түрі одан сайын қара қошқылданып кеткен. Ашулы: -Түйелерді босат, Тасқұдыққа әкетемін..,- деді. Мұншалықты ашулы жүзін бұрын көрмеген Зияда ештеңе сұрамай-ақ байлаулы тұрған түйелерді босата берді. Бәрін түсінді. Олардың су ішпегеніне он бес күн болғанын өзі де күнде айта беріп еді, соған бір жағынан кінәлі кісідей боп үндемеді.

Қапанның ашуын тудырған мына жағдай еді. Қапан түйелерімді Тасқұдыққа апарып суарып келейін,бір-екі күнге жұмыстан босатыңыз дейді ғой бастығына барып. Ол болса бас-көз жоқ:

- Оу, бала, мұнайдың жоспарын орындай алмай жатқанда қайдағы түйені айтып түрсың. Түйе деген суға он бес күн емес бір айға шыдайды,газеттен оқығам. Он шақты күн тоса тұр, жоспарды орындайық, сосын түйелеріңді маған десең Жайыққа апарып суарып кел. Енді, енді... түйем су ішпеді деп жұмысты тастауға болмайды ғой, жігітім. Жоспарды орындамасақ бас кетеді, партбилеттен айрыламыз, сосын қызметтен қуыламыз..,-деп, баяғының батырынша қасқайып қарап тұрған, орта бойлы, қапсағай денелі, өткір көзді Қапанға қарап сөзінің аяғын тұтығып-тұтығып барып бітірді.

Бұл сөздер Қапанның жүрегін жылытқан жоқ, қайта жынын келтірді. Жастайынан қара жұмыстан қатып қалған шымыр денесі одан сайын ширығып, қап-қара мұрты едірейіп, түсі сұрланып кетті. Бағанадан бері жасы үлкен адам ғой, бастық қой деп иба сақтап, сөзін бипаздай айтып тұрған, ендігі әңгімені ол басқаша бастады.

Жоспарды орындамасаңдар сіздер орындамай жатқан. Мен өзіме тапсырылған жоспарды асыра орындаймын. Өз арбам, өз түйеммен күніне ит өлген жерге екі рет қара май апарып, екі рет кері қайтамын. Анау, әлгі, бригадірің күнде ертең жіберемін, күнде ертең жіберемін деп, осы күнге жеткізді. Ағасы, түйелерімнің су ішпегеніне он бес күн, түсініп тұрсыз ба, он бес күн болды! Жануарлардың сүті де азайып кетті. Жас сәбиім бар, сол сүтсіз қалатын болды.

- Әй, бала, жібере алмаймын деген соң жібере алмаймын. Май тасуың керек, жоспар орындауымыз керек..,- деп, бастық бастапқы «әуеніне» сала беріп еді, ыза буған Қапан күрт сөзін бөлді:

- «Жоспар, жоспар!» деп, өлтіретін болдыңдар ғой. Жоспарды орындағанда да шыққан бүйір жоқ. Екі жыл болды май тасып жатқаныма, әлі бір күн демалған емеспін. Енді бір күнге түйелерімді суарып келуге қақым бар шығар!-деді, қатқыл үнмен.

Әлгі бастық жаттап алған тақпағындай тағы да: - Жігітім... жоспар, жоспар... ақпар...он күннен кейін..,-дей беріп еді, сом балғаның басындай қара жұдырығымен столды бір қойып:

- Мен дәл қазір түйелерімді Тасқұдыққа әкетемін. Майыңды өзің тасып ал!- деді де, кабинеттен адымдай басып шығып кетті. Жотасы күдірейіп, ыза буып бара жатқан Қапанның соңынан қараған бойда кексе бастық қала берді.

Қапанның жаңағы түрі сол бастық алдынан үйге келген беті болатын.

Зияда шапшаң қимылдап байлауда тұрған түйелерді босатып, бота-тайлағын қосып Қапан алдына сала берді. Алдын ала сұрап, әзірлеп қойған көршісі Алдабергеннің атына мініп, бота-тайлағы, үш інген мен арбаға жегіп жүрген қызыл нарын алдына салып жатақтан шыға бергені сол еді өзімен бірге жұмыс істейтін Мақанның әйелі, жаулығы жалбырап жүгіріп келеді екен. Қапан Кенжені көрді де атының басын тартты.

- Айналайын, Қапан, біздің де түйелерді айдай кетші, су ішпегелі көп болды, өлуге айналды жануарлар..,- деп, жалынышты сөзін жалғай беріп еді, онысын Қапан бөліп жіберді:

-Жеңеше, сөзді көбейтпеші, одан да тез қос түйелеріңді-деді, жылы қабақпен. Жаңағы ашуы аздап басылған сыңайлы. Қапан ниетіне риза болған Кенже:

- Жаратушы жар бол сын қайным! Жастары шамалас болса да Қапанның бір-екі жас күйеуінен кішілігін базына етіп, Кенже осылай анда-санда қуақыланып, «қайным-ау!» деп, қалжың айтып қоятын, Бала-шағаңның, Зиядаңның қызығын көр...

- Әй, Кенже «қайным, қайным!» деп қақылдай бергенше, «анда-санда дегендей...қарайласпайсың ба?» - деді Қапан. Кімнің не ұққанын қайдам, Кенже сылқылдай күліп, Қапан қарқылдай күліп, олардың қалжыңын есітіп тұрған Зияда жарқырай күліп, үшеуі де жоқ жерден мәз болып қалды. Күйеуінің ашуының басылғанына көңілі көтерілген Знада байлаулы тұрған інген, боталарды жүгіріп жүріп босатты. Жүгіріп жүріп үйге кірді де бір таба нан мен ыдысқа құйылған шұбатты Қапанның қанжығасына байлай қойды.

Мұнайшылар жатағында бар-жоғы оншақты от басы ғана тұрады. Бәрі де мұнай кәсіпшілігінде істейтіндер, бірі барлаушы, бірі геолог, бірі бұрғышы дегендей ғой. Қай жерден бұрғы қазу керек сол жерге бұл жатақ бала-шағасымен, тайлы-таяғымен, арбаға отыра салып, үдере көшіп-қонуға әбден үйренген. Бірақ түйе бәрінде қайдан болсын, бары бір-екі үйде ғана. Сол бір-екі үйдің түйесін алдына салып, бетті Тасқұдыққа бұрып, әп-сәтте Қапан жатақтан ұзай берді.

Тасқұдықта тереңдігі жиырма метрдей болатын кұдық бар. Бұл құдықтың өзі қандай терең болса тарихы да сондай «терең». Біреулер мұны қазақтар қазған десе, екінші біреулер түрікпендер қазған дейді. Кім қазса да қатырып қазған. Қаншама жыл тұрса да құзданып, іргесі құламаған, себебі, түбіне дейін өрілген талмен шегендеп тастаған. Құдық ішіне қарап қазған адамдардың шеберлігіне тәнті қаласың. Өнер атаулының алды, шеберліктің шыңы ма дерсің?! Ғасырлардан ғасырларға тіршілік нәрін жалғап жатқан бұл құдық жәй құдық емес-Құдірет! Бұл құдірет болмаса мынау ұшы-қиырына көз жетпейтін, үшқан құстың канаты талатын, демін ішіне тартып тымырсық жатқан сұр дала төсіне адам аяғы тиер ме еді, тимес пе еді, кім білсін. Өмір жібін үзбейміз деп түрікпен, қазақ болып талай-талай, бұдан да басқа құдықтар қазыпты, бұл даладан. Ақырында оған өз-өздері дай-дай болып таласып, қым-қиғаш қырылысыпты. Қызғаншақтық деген де асау ат секілді бой бермейтін бірдеме ғой өзі, саған да жоқ, маған да жоқ деп, өз бейнеттерін тәрік етіп, көміп кетеді екен. О, құдірет, қойсайшы бұл пендені, тірлігі де кейде осылай пендеше болады екен...

Қапанның бұл сапары-Тасқұдыққа бет алысы тіршілік үшін, тіршіліктің нәрін үзбей жалғау үшін болып тұр. Аузынан ақ май ағызып отырған жануарларды сусыз қанша күн ұстауға болады. Обал емес пе! Арабтар айтады екен: «Құдай Адамды саздан жасаған, одан қалған саздан түйе мен құрма ағашын жасапты» - деп. Сол үшін де түйені арабтар қастерлейді, ал, құрмамен оразада аузын ашады. Қапан осыны бір ойына түсіріп, «дұрыс- ау» деп қойды.Осыдан кейін тіптен ширығып, қанша жерден шіліңгір шілденің аптабы қурып бара жатса да ықпады. Киіз қалпақты баса киіп, ақ бөзден тігілген жалбағайының етегін тақымына қайыра қысып, ат үстінде нық отыр. Анда-санда түйелеріне «арай-арай» деп, айғайлап, желдіртіп қояды. Ондағысы күн құламай құдық басына жету. Түйелерін бір суарып алса Қапанның да жаны жай таппақ.

Алдында түйелері, өзі соңында. Бағыттары Тасқұдық.

Ат үстінде айналасына шола қараған Қапан: «Қайран қазағымның даласы-ай!» деді, керіліп жатқан сұрғылт далаға қарап, кең тыныстап, іштей тебіреніп. Жер шіркін жусан мен жантақ, еркекшөп пен бұтаға иін тіресіп тұр. Ауық-ауық, аймақ-аймақ болып ақселеу тұр керімсалмен тербеліп. Дала келбеті, дала суреті сұрғылт болғанмен өзінде бір жылылық, жайлылық, тыныштық бар. Осы сурет, осы көрініс сені тартып тұрады, сағындырып тұрады.

Дала.Жазықтық! ¥шар басы көк тілгілеп тұрған найза шыңдар жоқ мүнда, ит тұмсығы батпайтын ну орман да емес бұл саған. Тек бар жоғы дала ғана! Бұл-кеңдік, бұл-шексіздік! Айтар сыры көп. Сол дала адамдарын да кеңдікке, тазалыққа тәрбиелеп тастаған.

Сан ғасырлар сол далалықтардың көш жүгінен белі қайыса жаз жайлауға, қыс қыстауға тасып, кең даланың керімсалына кақталып, сүрленіп өскен түйе жарықтық қазаққа жақын. Ықылым замандардан ол казақтың нақ серігі, нық сенімі, таусылмайтын қазынасы: кисе киім, ішсе тамағы. Қапанның да балаларының аузын аққа тигізіп, дастарханының берекесін кіргізіп отырған осы түйелері. «Жарықтық жаратушының малы мен жанын бір-біріне байлап, тәуелді, парызды етіп қоюында сиқырлы бір күш бар. Әсілі, кім-кімнің де алдында өз парызын өтеп жүрсе жаратушының жарылқары аз болмайды»—деді Қапан іштей. Бұны жас та болса ол біледі, түсінеді. Әкесі Оржан өзі кешкен «өмір» дастанның тарауларын талай-талай таратқан. Одан ұққаны, көкейге түйгені аз емес. Рас, Оржанның да, оның әкесі Қалкеннің де, оның әкесі Тәжінің де өмірі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманға тура келген емес. (Ол заман қашан болып еді, өзі?! Адамзаттың ол заманды, сол күнді күте-күте көзі талды-ау!..) Тіршілікте көрген теперіштері мен тауқыметі аз болмаған. Олар өмірдің тәттісінен көрі ащысын көптеу татты. Жаугершілік, соғыс, барымта, жер дауы... не керек дүрбелеңге толы өтті өмірлері.

Бірақ, XIX- ХХ-шы ғасыр бұрынғы ғасырлардан өзгешелеу бозлып келді. Арыдан айтсақ түркі, беріден қозғасақ казақ халқында бұрын-соңды болмаған басқаша заман басталды. Қапанның өзі дүниеге XIX ғасырдың соңы, яғни, 1898 жылы, Мақат маңындағы Ракушиде, үлкендердің айтуы бойынша алғаш қар жауған күні дүниеге келіпті. Есептесек, Атыраудың ауа-райына қарасақ желтоқсанның іші-ау дейміз. Жылнамасы жоқ, оны жазуға сауатсыз кезде қазақтар туған баланың «метркесін» осылай «жаза» берген. Қазақ үшін адамның қай күні туғаны емес, қалайша өмір сүргені маңызды, оған сол тұрғыдан қарап, мән, мағана берген. Әуелі Оржан, сосын баласы Қапан өз уақытына, дәуіріне ылайық тіршілік кешті. Заман талабынан қалмай, қал-хадірінше ілесуге ұмтылды...

..Алдында түйелері, соңында өзі, бағыттары Тасқұдық.

Түйелер де су ішкен құдығына асығатын тәрізді. Бірақ Тасқұдық әлі алыс. Ат үстіндегі бір қалыпты ырғақ, құлаққа ұрған танадай тыныштық, сұрғылт дала Қапанды еріксіз ойға, өткен күндер оқиғасына жетелей берді. Қызық, жақында әкесі Оржан ағасы Қабден мен өзін арнайы шақырып, қасына отырғызып, ұзақ әңгіме айтты:

- «Қазақта: «жеті атасын білмеген-жетесіз» деген сөз бар, балаларым! Сендер жетесіз атанбауларың үшін мен білгенімді айтып кетуім керек. Жеті атаңды айтпасам, сендер білмесеңдер ол сендердің емес менің кінәм, сосын күнәм болады. Ал мен ондай күнәні о дүниеге арқалап кеткім келмейді, сондықтан қасыма жақын отырып, құлақтарыңа құйып алыңдар. Сендерге жазып бере қоятын менде сауат жок...

- Әке, қайда кетіп барасыз..,-деп, қуақылана қалды Қапан. Кішкентайынан атасы Қалкен бауырында өскендіктен әкесімен осылай, құрдасындай қалжыңдаса беретін Қапан.

- Қалжыңыңды коя тұр...балам, қарап отырсам мен де иайғамбар жасынан баяғыда асып кетіппін. Өмірдің арты суық, алды ыстық. Бұл дүниеге келу бар да, кету бар.Кезінде атаң (Қалкен) айта алды ма, алмады ма білмеймін, ал, жеті атаңды айтып кету менің әкелік парызым. Сондықтан сөзімді бөлмей, айтқанымды саналарыңа сіңдіріп алыңдар,-деп, салмақты үнмен, байсалды жүзбен әңгімесін бастаған:

- Кіші жүздің баласы үш атадан: Әлімұлы, Байұлы, Жеті рудан тарайды. Кіші жүздің мекені Маңғыстаудан бастап Атырау аймағы мен Орал өңірі, Ақтөбе, одан Қызылорда алқабын, Ойыл, Сағыз, Жем, Арал тармағын түгел жайлап жатқан қалың ел. Осы жер үшін талай тарлан бабаларымыз қан төгіп, жан беріп, жан алысып сақтап қалған.

Әлі мұлының таралуы:

Кете - ұраны Майлыбай.

Қаракесек - ұраны Бақтыбай, Айыртау.

Шөмекей - ұраны Дөйт.

Қарасақал - ұраны Бақтыбай.

Төртқара - ұраны Майлыбай.

Шекті - ұраны Дөйт.

Байұлының таралуы:

Шеркеш - ұраны Шағырай, таңбасы бақан.

Ысық - ұраны Бәйтерек.

Масқар - ұраны Қаратай

Алтыбас - ұраны Байбарақ, таңбасы бақан.

Тана - ұраны Тана, таңбасы әліп, көсеу.

Байбақты - ұраны Дәуқара.

Қызылқүрт - үраны Жиенбай.

Таз - ұраны Төре мұрат, Бақай, таңбасы қамшы.

Беріш - ұраны Ағатай.

Адай - ұраны Бекет, таңбасы садақ.

Есентемір - ұраны Алдоңғар, таңбасы бақан.

Жаппас - ұраны Баймұрат, таңбасы түйемойын.

Алтын - ұраны Баймұрат.

Жетірудың таралуы:

Төлеу - ұраны Арғымақ, таңбасы балға, шылбыр.

Рамадан - ұраны Дулат,Қайғұлым, таңбасы шөміш.

Тама - ұраны Қарабура, таңбасы көсеу, әліпдарақ.

Кердері - ұраны Қожахмет, таңбасы тостаған.

Керейіт - ұраны Ақсақал, таңбасы шылбыр, қылыш.

Жағалбайлы - ұраны Малатау, таңбасы балға.

Арғысын қойғанда, бергісі, мен білетін бабаларың осы. Олар Еділ мен Жайық бойын, Тайсойған құмын, Ойыл,Сағыз, Жем өзендерінің төменгі сағасын еркін жайлаған, ұл мен қыз өсіріп, ұрпақты-ұрпаққа жалғап, тіршіліктің тынысын тарылтпаған. Кіші жүздің ары мен намысын қорғаған батырлар мен дуалы ауыз шешендер, билер мен болыстар, қысқасы, қандай бір жауға да елдің іргесін сөккізбей, қамалдай қасқайып тұрып елі мен жерін қорғаған небір алпауыт аталарың мен бабаларың өткен ел бұл.

Осы тұтасқан қалың елдің ішінен біз, Байұлының ішіндегі ең үлкен ру Шеркештен тараймыз. (Түрік тіліндегі саркаш - шеркеш сөзі, ол-өз дегенін істемей қоймайтын батыл адам дегенді білдіреді екен) Бұның бәрін маған, шыққан тегімізді әкем Қалкен оңаша қалғанда, реті келіп қалса болды айта беретін. Сөйтсем, айта берсем есінде қалар деп ойлайды екен ғой. Ал, менің сендерге айтуымның сәті енді түсіп отыр. Шеркеш руының адамдары жауға шапқанда «Шағырайлап!», ұрандап шабады екен де, көк байрағында киіз үйдің шаңырағын көкке көтеретін кәдімгі «бақанның» таңбасы болады екен. Шеркештің ұраны - Шағырай, таңбасы-бақан. Біздер шеркеш ішіндегі тілес боламыз.

Шеркештен шыққан, атағы алты алашқа мәшһқұр Тұрлан, Алақай, Тоқтар, Қаржау деген батырлар өтіпті, атақты Түрке, Асау, Қыздарбай, Тұрманбет би айтыпты деген өсиетті сөз ел арасында әлі айтылады.

Тоқтар батыр (XVIII-ғасырдың соңғы ширегінде өмір сүрген) қалмақтармен көп жылдар бойы соғысып, елдің іргесін сөктірмей аман алып қалып отырған нағыз батыр болыпты. Қалмақтарды жеңіп, енді тынышталдық па дегенде орыс отаршылары баяғыдан қазақтардың жылқысының жайылымы, қойының өрісі болған жерлерді зорлықпен тартып ала бастайды. Еділ мен Жайықты бойлай жаз жайлауға көшетін халықтың жолын кесіп, малын барымталауға көшеді. Мұндайға Байұлының балалары қалай көнсін, барымтаның соңы қарымта қайтаруға ұласып, оның соңы ұрыс-соғыспен бітеді. Сарайшық түбінде Сарыөзек үшін қатты шайқасып, ақырында Шеркештің қос батыры Тоқтар мен Қаржау қосылып қазақ-орыстарды талқандайды. Осыдан кейін олар сол маңайға бекініс салады. Ол халық арасында Тоқтар бекінісі деп аталып кеткен.

Шеркештен шыққан Асау би (ХҮІІІ ғасыр) қара қылды қақ жарған, сөзге шешен би болған екен. Асау бидің жалғыз ұлы Тұрлан орыс отаршыларының аяғын Қызылқоға мен Тайсойғанға тигізбеймін деп, соғысып, «батыр» атанған азамат. Орыс отарларына қарсы Есет батырдың көтерілісін қолдаймын деп жүріп, қапыда қолға түсіп, Орынбор түрмесіне қамалып, ақырында сол түрмеде азаппен өледі. Үзеңгілес достары Тұрлан батырдың мүрдесін көп қиындықтарға кездессе де Сарыкөлге әкеп жерлепті.

Кезінде Кіші жүздің жерін түркімендерден қорғап, талай қол бастап, ерлігімен елге танылған шеркеш Байбақтының (1823-1914) аты кейіннен әулиелігімен, көріпкелдігімен шықты. Дүниеден өткеніне көп болған жоқ, үш-төрт жыл бұрын қайтыс болып Доссор маңындағы Тасқұдыққа жерленді. Байұлының бар баласы жиналып жерледі десе де болады, балам.

Тегі шеркеш Қыздарбай шешен ел арасындағы талай түйіні табылмай тұрған дауға қатысып, ұтқыр, әділ шешіп «шешен» аталған екен. Бірақ тегі Шеркеш-Қойыс; Бес Қойыстың бірі -Еламан ұрпағы болмысынан момындау, шаруаға қырсыз, қырсыз болған соң кедей ру болыпты. Аталасының бүл қалі жанына қатты батқан Қыздарбай шешен одан шығар жолды көп іздейді. Тапқаны-ешкі малын өсіру болады. Содан ол ешкілері жылына екі реттен, егіз-егізден туып кеп бергенде, бірер жылда мыңғырған мал болып, бұл ата «ешкілі бай» атанады. Сонда Қыздарбай шешен: «Еламанды елге теңедім, ешкіні қойға теңедім» деген екен. Әкем Қалкен шешеннің осы әрекетін мысал ғып айтып, адам талаптанса бітпейтін іс, жиылмайтын байлық жоқ екенін жиі айтып отыратын.Көп ел шатастырып жүретін қазақта екі Қазыбек би бар, ара-жігін ашып берейін, естеріңе сақтап алыңдар. Бірі орта жүздің Қаракесек руынан шыққан, атағы алты алашқа жайылған Қаз дауысты Қазыбек би, ал, екіншісі, Атырау өңіріндегі Қызылқоға топырағында дүниеге келіп, өмір сүрген, елі мен халқының қамы үшін арпалысқан еңселі ерлердің бірі-аузы дуалы шешен, қол бастаған батыр, қара қылды қақ жарған би. Қазыбек би Байұлы Шеркеш руының Жауғашты атасынан. Ел аузындағы аңыз-әңгімелердің бірінде, жүз жасқа жуықтаған Қаз дауысты Қазыбек би Кіші жүзге келіп, ел аралап, замандастарымен жүздеседі. Сол сапарында руы Шеркеш Жауғашты замандасының үйіне түсіп бата оқиды. Осы үйде сол күні жас сәби дүниеге келеді. Ел ақсақалдары атақты бидің құрметіне сәби есімін Қазыбек деп қояды.

Ел аузында Мөңке жыраудан қалған мынадай сөз бар:

- «Би өлмейді демеңіз, шежіредей тілі сайраған, Аузына арам салмаған, ортадан пара алмаған, Жауғаштыда: Қазыбек, Қаракемпір, Бегімбет, Беріште: Есет,Айтуар.Солардан қалған бұл дүние»

Әр пенденің есіне сақтап, өзіне сабақ алатын алтын сөз емес пе, бұл?! Е,жарық дүниенің жалған екенін айтып, аз күн тіршілікте ар мен ұятты сатпай, арлы болыңдар деп өткен абыздар аз ба қазақта. Жадыңда ұстап, ақылыңа салсаң бір қазына емес пе олар, қарашы: Сыпыра жырау, Ақтан, Мұрат, Абыл, Нұрым, Қашаған ақын, бір Адайдан Бекет әулие, Беріштен Махамбет, Исатай неге тұрады...

Бұның бәрін тәтпіштеп неге айтып отырмын сендерге, түсінесіңдер ме? Өткен істе өнеге бар! Жарық дүниедегі бар жаратылыстың тамыры, шығар көзі бар, оны қазақ «тек» дейді. Қазақтың: «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деуінің себебі сенің бойыңда сол бабалар мен аталар қаны ағып жатыр, аспаннан аяғы салбырап түскен ешкім жоқ. Сендер ол бабалардан асып тумасаңдар кем қалуға қақыларың жоқ. Әкеден бала өз-баса өмір өзгермейді, тіршілік жаңармайды, осыны түсінсеңдер болғаны...».

Сөзінің басын батыр, би, шешен бабаларын марапаттап, мақтанышпен бастаған Оржан соңын тілекпен, өсиетпен аяқтады. Ондағысы балаларының мына түлкі бүлаң дүниеде алдау мен арбауға түсіп қалмай, «Адам!» деген ардақты атты абыроймен алып жүрсе екен деген тілектен туып жатқан еді.

Оржан да, манадан бері әкелерін құныға тыңдап отырған балалары Қапан мен Қабден де үнсіз отырып қалды. Әрқайсысы өз ойларымен әлек. Қалай болғанда да ол балаларына «адамдықтың» ұрығын сеуіп, бір парызын орындап, көңілі жайланып қалып еді.

Осылай өткеннің суреті бірінен кейін бірі санадан суырылып шығып Қапанның көз алдына елестей берді, елестей берді. «Қайран, алды-артына қарамай ағып жатқан күндер-ай. Бәрі күні кешегідей-ақ еді». Әкесі Оржанның о дүниелік (1934 жыл) болып кеткеніне де бес жыл толыпты. Әкесінен кейін жыл өтер-отпестен анасы Айкүміс өмірден озды. Әкесінің інісі Бисен де қайтыс болды. Айналасы бірер жылдың ішінде әулеттің басы, үлкені болып бар тауқыметті мойнына артып Қапан қала берді.

Бір кезде Қапан ауыр ойдан есін жиып, айналасына қарады.

Түйелері алдында, өзі соңында, бағыты Тасқұдық.

Бағанағыдай емес күн еңкейіп, аптаптың беті қайтайын депті.

...Мына бір жалғыз бура біресе күркілдеп, біресе бұрқылдап жас тайлақтарға күн көрсетпей-ақ қойды. Бота-тайлақ болса ойқастап-ойқастап шауып-шауып алады. Кенже қосқан інген анда-санда жан-жағына қарап, тайраңдап жүрген ботасына қарап ыңыранып қойып, маң-маң басып барады.

Күн еңкейіп, бесін намазына келді. Бір кезде бура мен інген судың иісін сезді-ау деймін жарықтықтар тайраңдай, тірсектері тірсектеріне соғысып, енді болмаса шалынысып құлайтындай көрініп құдыққа қарай шаба жөнелді.

Олардікі дұрыс, бұл жолмен талай жүрген, талай келген. Атта отырған Қапан іштей «жарықтық, жануарларым-ай, шөлдедіңдер ғой!» деп еміреніп қояды. Атын тебініп, құдық басына жетті. Құдық басындағы қара астау түбінде қалған аз суды Қапан жеткенше түйелер жұтып алыпты. Құдық басында бұзылмайтын бір тәртіп бар, астау аптапқа жарылып кетпесін деп соңғы су құйған, су ішкен адам астауды толтырып кетеді. Оны жүгірген аң мен ұшқан құс та пайдаланып жатады.

Қапан қауғаны құдыққа жылдамдата салып, шыңырау түбінен мөлдір суды тарта берді, тарта берді, түйелер бір деммен сіміре берді, сіміре бердіАрасында Қапан да тастай судан сіміріп, шөлін бір басты. Жаны бірден жадырап, қауғаны әрі қарай тарта түсті. Бір кезде қалжырағанын сезіп тоқтады. Бұл кезде шөлдері қанған түйелер де науадан бастарын көтеріп, ұзын мойынын көкке созып, артқа шегіншектеп, кеңістікке шыға бастады. Қос өркешті нар «шөлім қанды!» дегендей Қапанға маңғаз қарайды. Жанарында иесіне деген мейірім мөлтілдеп тұр. Түйелерінің суға мейірлері бір қанып, жандарының жай тапқанын көріп Қапан да бір рахат хал кешіп: «Жануарларым, жануарларым!», - деп түйелерінің қасына келіп, шудасын таралап, сауырын сипап, бір нәрселерді күбірлеп, арасында біраз жүрді.

Әйелі Зияда берген түйіншегін шешіп, жүрек жалғауға құдық басына отыра кетті. Басқа дүниені ұмытқан, тіптен манағы бастығымен керілдесіп қалған сәт те есінен өшіп, мынау маң далада Қапан мен түйелері ғана қалғандай. Мақсатына жетіп, жаны жай тапты. Қапан құдық басында түнеп, бозала таңда қозғалуды жөн көрді. Шаршағанын енді сезді.

Күн ұясына алаулап батып барады. «Ертең де күн ыстық болады» деді ол ішінен өз-өзіне.

Жұлдыздар туды жымыңдап. Аспанның белдігіндей болып құс жолы жатыр білеуленіп.

Ерін басына, тоқымдарын астына, шапанын үстіне жамылып, құдық басына жайғасхы ол. «Темірқазық» тас төбеде, одан төмен «Жетіқарақшы» тұр жарқырап. Жерден олар тым-тым ұзақта, адамзатқа сиқыры мен сырын әлі ашқан емес, ашқызар да емес. Аспан әлемі самаладай жайнаған жұлдызға тұнып тұр. Қапан көңілі жерден көтеріліп, «бұлар сонша неге жарқырайды екен?»- деп, аспанға қарап, қиялданып жатып ұйықтап кетті.

...Алдында түйелері, соңында Қапан, бағыттары мұнайшылар жатағы.

Түн түндігін түре, алакөбең кіре Қапан түйелерін алдына салып жатаққа бет түзеді. Күн ысымай біраз жол оздырып алуды ойлады.

Таңғы дала қандай керемет. Неше түрлі құстар қосыла сайрағанда айналаның бәрі әуенге толып кетті. Бозторғайды қара, бейне бір аспанға ілініп қалғандай бір орында тұрып тоқтаусыз былдырлайды-ай келіп. Керімсал жоқ, салқын самал жанға жайлы тиеді. Түйелердің де адымы ауылға қарай аршындай түсті.

¥зақ жолды қысқартқысы келді ме Қапан кешегі ой орманына қайыра оралды. Тағы да сол әкесі Оржан мен анасы Айкүміс түсті есіне. Торінде қарайып әкесі мен кимешегі қақырайып анасы отырғанда дүниесі түгел сияқты еді, бір жылда бар жауапкершілік басына түсіп есейіп қалды. Екеуі де еңбекқор, несібелерін адал бейнетпен тауып жеген адамдар еді. Анасы Айкүміс атына заты сай, әдемі адам болатын. Балалары Қапан мен Қабденге жақсы тәрбие берді, өмірлерін екеуінің жолына арнады. Жұмысы ауыр болса да түйелерден айрылмай келе жатқаны да әкесі Оржанның тәлімі, тәрбиесі. Мына бір оқиға есіне түсті. Қайтыс боларынан бір жыл бұрын Қапанға әкесі Оржан:

- Балам, өндіріс жақсы, оның нанын мен сенен бұрын жегенмін. Байқаймын соңғы кезде түйелерге, азын аулақ қой-ешкіңе бұрынғыдай қарамайсың. Бар тауқыметті келінге артып, өзің жұмысбасты болып кеттің. Бұлай болмайды. Түйелерден айрылсаң қиналып қаласың, тапқан қаражатың шәй мен қант, наныңнан артылмайды. Балам, малыңнан айрылма. Қазақты небір аштықтан сақтап қалған мұнай емес төрттүлік малы. «Мұнай» деген мұндағы нәрсе ғой, және оның пайдасын қазақ емес басқалар көріп жатыр. Не істейтіндерін білмеймін тасып әкетіп жатыр, әкетіп жатыр ғой, әйтеуір. Атам заманнан бері қазақ жан бағысты төрт түлік малдан тапқан. Сондықтан да қазақтың: «түйе-салтанат, жылқымақтан, сиыр-қанағат, қой-қазына» дейтіні. Қораңда тұрған қазынаңнан айрылып қалма. Малдың да пірі бар. Түйенің пірі-Ойсылқара, жылқының пірі-Қамбар ата, сиырдың пірі-Зеңгі баба, қойдың пірі-Шопан ата, ешкінің пірі - Шекшек ата. Малды бағып-қақсаң оның пірлері сені де корғап, қолдайды. Қайта түйелеріңнің басын көбейт...»-деп, мал қасиетін марапаттап барып өз өтінішін айтты.

Әке өтінішін дұрыс түсінген Қапан қандай заман келсе де, қандай заман өтсе де түйе малынан айрылмауды ойлады. Түйесан ғасырлар ата бабасын асырап, жанын сақтап, жетем деген жеріне жеткізіп, өмір көшінің «керуенінен» қалдырмай, өмірді-өмірге, тіршілікті-тіршілікке жалғап келе жатқан жануар емес пе?! Жұмысты тастап, «түйелерім су ішпеді!» деп, бірбеткей кетуінің бір сыры осында еді. Мүмкін оның бұнысын біреу түсініп, біреу түсінбес, әркім өз ақыл-парасатының деңгейінде ой ойлап, әрекет етпей ме?! Әйтеуір, Қапан өз әрекетіне риза.

Түйе жарықтықтың аркасында ауыздарына-ақ, дастарханынан-ас кетпеді. Оның үстіне құдай өзі оңғарып пып-пысық Зияданы жар етіп кезіктірді. Тәңертеңнен кешке дейін тыпырлап, тыпыңдап бір тынбайды.Түйені күту мен сүтін баптаудан талай «менмін» деп жүрген кексе келіндерден озып кетті. Сондағы ойлағаны от басының қамы, ырыс, берекесі.

Қапан мен Зияда арасында «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» аңызға айналған махаббаты емес, одан да биік тұратын құрмет, қазақ әйелдеріне ғана тән ұяң, бұйығы сүйіспеншілік болды. Олардың сезімдері ашылып-шашылып жатпады, іштей ғана ұғысты, түсіністі.Екеуі бір-бірінің қас қабағына қарап, көңілдерін тапты. Зияда - «ерім!» деп, алдынан қия өтпей келсе, Қапан: «құдай қосқан қосағым» деп, құрметтеумен өтті. Осы түсіністік, таза сезім оларды өмірдің небір тар шатқалдары мен қия жолдарында шатастырған, шалындырған жоқ.

Алдында түйелер, соңында Қапан, бағыттары мұнайшылар жатағы.

Ой жетегінде ауылға, жатаққа қалай жетіп қалғанын білмей қалды. «Адамға ее, зерде, жады берген жаратушы қандай құдіретті» деді іштей Қапан тебіреніп. «Ойы бар адам ешуақытта жалғызсырамайды екен-ау!». Қызық, әйтеуір Қапанда өзге бір дүниеден, ұзақ сапардан келген әсер бар. Сырын бірден ұқпады. Мүмкін, ол өткенді еске түсіруден шығар. Қарап отырса адам шіркіннің күнделікті қарбалас тірліктен бір уақыт өткенді еске алуға да уақыты жоқ екен ғой. Қапан кешеден бері кімдерді, қайсы бір оқиғаны ойға түсірмеді десеңізші. Өз өмір жолын қайыра бір жүріп өткендей әдемі әсерде отыр.

Зияда алдынан шығып, інгендерін байлап, сауғалы жүр. Кенже де сол қарбаласта, арасында «қайным-ау» деп қалжыңын әлі тоқтатар емсе. Жатақ үсті у да шу. Түйенің боздаған, азынаған үні құлақ жарады.

Ертеңіне Қапан «Эмбімұнай» тресінің Доссордағы мұнай тасымалдау бөліміне, яғни, жұмыс орнына келді. Бірақ алдынан «Освободить от работы за прогул...» деген бұйрық шықты. Қапан ешкіммен дауласқан да, ұрысқан да жоқ. Бұйрықпен танысқан соң бұрылды да жүре берді. Болған жайды Зиядаға айтты, жәй айтқан жоқ ашынып айтты. «...Зияда, мен еш уақытта жұмыссыз қалады екенмін деп қорықпаймын. Денім сау болып тұрса екі қолға бір жұмыс табылады. Мені ашындырып тұрған адамдардың таяздығы, алдындағы жұмысынан басқаны білмейді, «жоспар, жоспар!» дегеннен басқа алысты көре алмайды. Әйтпесе, түйенің де жаны бар, сұрауы бар емес пе? Қанша күн болды су ішпегендеріне, обал емес пе? Және мен оған айтып тұрмын, үйде жас балаларым бар, сүт керек деп. Оған да қулақ асқан жоқ. Нағыз «шаш ал десе бас алатын» бастықтар ғой, халықты құртатын да осылар. Қандай жағдайда да адам адам болып қалуды ойлау керек, Зияда!» - деп барып, ішіндегі толып тұрған қапасын шығарған-ды.

Бұрын бұлай көсіліп, шешіліп сөйлегенін көрмеген Зияда да күйеуін жаңа танығандай таңырқай қарады. Сосын, бар айтқаны: «Қапан, әркім ақыл-ойының жеткен жерінде сөз сөйлеп, іс-істейді. Ақыл-парасаты оган жетпей тұрса сен жеткізе алмайсың. Құрысыншы бәрі де, ашуланба, аптығыңды бас. Таңғы ас тәңірден, түйелеріміз бар ғой әйтеуір, жұмыстың бір реті болар ...»- деді Зияда, ерін жұбатып.

Қапан ертеңіне ерте Гурьевтегі «Эмбімұнай» тресіне келіп бастықтардан жұмыс сұрады. Кадр бөлімінің бастығы шикіл сары орыс Қапанның еңбек кітапшасын ары-бері парақтап, ақыры «прогулдің» сырын сұрады. Тосылып қалған Қапанды түсіне қалып, «қазақша айта бер, түсінемін» деді. Көмейінде кептеліп тұрған ыза емес пе, бір сәтте айтып шықты. Сөзінің соңын тағы да: «Адам қандай жағдайда да адам болып қалу керек!» деп бітірді. Ірі сөз, шын сөз! Бұл айтысты жас адамға ылайықты көрмей шикіл сары іркіліп, Қапанға барлай қадалып қарап қалды. Батыр тұлғалы, шымыр денелі, түр-әлпетінен өзіне деген сенімі зор жасқа-Қапанға кадр бастығы сенді. Сөйті де, оны бірден треске бұрғышы жұмысына алды және жалақысын да жоғары қойды. Үйден қабағы салыңқы кеткен ол ертеңіне көңілі көкте оралды.

Ертеңінде-ақ, олар жаңадан ұйымдасып, барлау жүргізгелі жатқан «Байшонас» мұнай кәсіпшілігіне, үйелмелі-сүйелмелі төрт баласын: Әбуғали, Жамал, Табын, Сәлімгерей мен Зияданы арбаға отырғызып, көрпе-төсек, қазан-ошақты тең етіп, түйеге артып, Қапан өзі қызыл нарға мініп, иті Таймасты соңынан ертіп, Оңтүстікке қарай «Доссордан» көшіп кетті.

Уақыт озып барады дейміз де, өзіміз озған уақыттан қалғымыз келмейді. Тіршілік заңы. Қапан да өмір «көшінен» қалғысы келмей көшіп бара жатыр еді...

Әйтпесе,туған жерін өзі де қимайды.ДоссорменТайсойғанның арасы Қапанның ата-бабаларының баяғыдан мекені. Шежіре білген ақсақалдардың айтуынша кезінде Орынбор, Самара мен Сарытау (Саратов) жәрмеңкесіне баратындар мен қайтқандар осы екі аралықты жол етіпті, «¥лы Жібек жолының» үсті деседі. ¥лы жолдың бойындағы бейітке бұрылып, әкесі Оржан мен анасы Айкүміске құран бағыштады. Әп-сәтте ішкі әлемі әлде бір күйге түсіп, бойы босап, көзі жасаурап қалды. Онысын бала-шағасына білдіргісі келмей қызыл нарды «шу-шулеп» жүріп кетті.



Каталог: uploads -> files
files -> Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер
files -> Шахмардан есенов
files -> Конкурса научных работ среди школьников «turan-junior-2016» Секция «Физика, техника, науки о земле и космосе»
files -> «Қазақ мұнайының а р дақтылары»
files -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
files -> Махамбет қай жылы туғАН? Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
files -> ҚазақТЫҢ хас батыры -аттила (еділ батыр)
files -> Формы и методы подготовки учащихся к итоговой аттестации по обществознанию


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет