1.4 Көркем мәтіндегі коннотацияның пресуппозициялық мәні. Айтылған ойды түсінуге мүмкіндік беретін аялық білім жиынтығы лингвистикада пресуппозиция деген термин арқылы анықталады. Ауызша немесе жазбаша түрде жүзеге асқан сөйлесім мазмұнын қабылдауда аялық білім рөлінің орасан зор екендігі, оның тілдік қарым-қатынас негізін құрайтындығы және аялық білімнің қажетті мөлшерде немесе мүлдем болмауы коммуниканттардың түсінісуін жоққа шығаратындығы ғалымдардың еңбектерінде атап көрсетілген (Ахманова О., Верещагин Е., Костомаров В., Колшанский Г., Арутюнова Н., Столнейкер Р., Ерназарова З. т.б.).
Ауызша сөйлеу актісінде продуциент (автор) пен реципиенттің (оқырман) түсінісуі пресуппозиция ортақтығымен қатар, есту, көру арқылы (дауыс ырғағы, ым, дене, бет қимылы т.б.), қабылдау қабілетімен толықтырылса, коммуникацияның жазбаша формасында тілдік ақпаратты игеру толықтай мәтінге негізделеді. Ал мәтін тілін меңгеру – бұл адамның білім деңгейіне, тезаурусына, өмір тәжірибесіне тікелей тәуелді. Әсіресе, белгілі бір дәрежедегі дайындықтың (пресуппозицияның) болуын өзге халық тілі мен ұлттық көркем сөз тілі қажет етеді. Себебі, әрбір халықтың рухани және дүниелік өмірін, елдік қасиетін, таным-түйсігін, салт-санасын, қоғамдық қатынастарын танытатын – оның тілі. Кез келген ұлт тілінің өзіне тән ерекшеліктері болады. Ол халықтың рухани өмірі мен діліне байланысты болып келеді.
Осыған орай да батырлық пен ерлік, өмір шындығы образдылықпен ұштасып, шынайы түрде көрініс тапқан Махамбет өлеңдерінің рухын бүгінгі таңда саналы түрде ұғыну, эстетикалық жағынан дұрыс қабылдау, жан-тәнімен сезіну – оқырманнан белгілі бір дәрежедегі дайындықты талап ететіні сөзсіз. Бұған, бір жағынан, туындылардың көнелігі себеп болады. Ақын өз өлеңдерін XIX ғасырдың І жартысында өзімен тағдырлас, замандас болған адамдарға арнаған. Уақыт өте келе, мәдениеттің, тарихтың, саясаттың өзгеруіне сай, сол кезде түсінікті болған сөздердің, астарлы ойлардың көбі бүгінгі оқырманға беймәлім. Екінші жағынан, көркем мәтіннің мазмұны мен оның коннотациялық сипатының түсінікті болу-болмауы, автор мен оқырман пресуппозицияларының сай келу-келмеуіне байланысты болады. Махамбет поэзиясы тілінің өзіндік табиғаты, терең ұлттық-мәдени, тарихи мәні, образдарының мән-мағынасы толық танылып ашылмауы – бұл қазіргі кездегі оқырман пресуппозициясы мен ақын пресуппозициясының сай келмеуінде болса керек. Ал Махамбет пресуппозициясының (аялық білімі мен таным тереңдігі, онымен тамырлас шығармашылық сипаты) жоғары деңгейде болғанын біз ақын өлеңдерін оқи отыра аңғарамыз. Сонымен қатар оның арабша, орысша, татарша сауатты болғаны, «Құранды» терең білгені, «Қырымның қырық батырын» және өзіне дейінгі жыраулар шешендігі мен халық даналығын игергендігі де оның шығармашылық тұлғасын толықтыра түсетін жайттар.
Махамбет шығармаларындағы көркем сөздің пресуппозициясы мен тарихи коннотациясын түсіну – экстралингвистикалық жағдаят, адамның жеке танымдық ассоциациялары, аялық білім деңгейі байланысына тіреледі деген пікірімізді дәлелдей түсу үшін жұмыста Махамбеттің: «Мұсылманшылық кімде жоқ, // Тілде бар да, дінде жоқ», «Дұшпаның қарсы келгенде, // Ер дініне берік болсын!» – деген өлең жолдары талданады.
Жұмыстың екінші тарауы «Махамбет тіліндегі мәдени коннотация» деп аталады. Ассоциативті ойлау халықтың мәдени-тарихи өмірімен тығыз байланыста көрініс тауып, тілді қолданушылардың «ұжымдық есін», «мәдениет ескерткішін», «ұлт өмірінің айнасын» танытады. Сондықтан да ғаламның тілдік бейнесін қалыптастырудағы әр ұлттың өзіне ғана тән таным, ассоциативті-образды ойлау ерекшеліктерін айшықтауға бағытталған мәдени коннотацияның мәні айрықша. Бұл тұрғыда Махамбет тілінде үстеме мағына мазмұнына сәйкес сипаттауыштық, символдық, бейнелеуіштік қызметте жұмсалған жер-су, жан-жануар, құс, киім, түр-түс т.б. атаулары мен фразеологиялық сөз орамдары ұлттық-мәдени коннотация мазмұнын танытатын тілдік таңбалар ретінде көрініс табады.
Достарыңызбен бөлісу: |