1-параграф. Инфекциялық аурулардың профилактикасы 96-бап. Халықты гигиеналық оқыту 1. Халықтың декреттелген тобын гигиеналық оқыту - инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулардың профилактикасы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер (объектілерді күтіп-ұстау, пайдалану және орналастыру, жеке және қоғамдық гигиенаны сақтау) бойынша білім алушылардың кәсіптеріне сәйкес оқыту. Гигиеналық оқытуға жататын халықтың декреттелген тобының тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды. 2. Гигиеналық оқыту үшін ақы төлеуді декреттелген адамдар дербес не тараптардың келісімі бойынша жұмыс беруші жүзеге асырады. 3. Халықтың декреттелген тобына гигиеналық оқытуды жүргізудің сапасын бақылауды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары: 1) қызметінің басталғаны және тоқтатылғаны туралы хабарламаларды мониторингтеу; 2) гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібі мен бағдарламасының сақталуын тексеру; 3) тексерулер, профилактикалық бақылау мен қадағалау барысында декреттелген топқа жататын адамдардың білімін тексеру арқылы жүзеге асырады. 97-бап. Гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптар 1. Халықтың декреттелген топтарын гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті санитариялық-гигиеналық (медициналық-профилактикалық) бейіндегі жоғары білімі бар жеке тұлғалар немесе заңды тұлғалардың өкілдері жүзеге асырады. 2. Жеке және заңды тұлғалар гигиеналық оқытуды жүргізу жөніндегі қызмет басталғанға дейін және тоқтатылғаннан кейін бұл туралы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесін хабардар етуге міндетті. 3. Гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар: 1) оқытудың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуге; 2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді сақтауға; 3) оқытуды халықтың декреттелген топтарының кәсіптеріне сәйкес келетін, оқыту бағдарламаларына сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының негізінде жүргізуге; 4) гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібін сақтауға; 5) халықтың әртүрлі декреттелген топтарын гигиеналық оқытуды біріктіруге жол бермеуге міндетті. 98-бап. Туберкулез профилактикасы 1. Туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шаралар: 1) халық арасында туберкулездің таралуына эпидемиологиялық қадағалау жүргізу; 2) Ұлттық екпелер күнтізбесіне сәйкес вакцина егуді қамтитын өзіндік ерекшелікті профилактика; 3) туберкулезді ерте анықтау; 4) активті туберкулезді және латентті туберкулез инфекциясын емдеу; 5) қоршаған ауа арқылы мекендеу ортасына туберкулез қоздырғышының берілуін болғызбауға бағытталған инфекциялық бақылау шаралары кешенін қолдану; 6) әлеуметтік профилактика: халықтың тұрғын үй-тұрмыстық өмір сүру жағдайларын және тамақтану сапасын жақсарту; психикаға белсенді әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынуға, темекі шегуге қарсы күрес; халыққа тұрмыста жеке гигиена дағдыларын сіңіру; дене шынықтыру мен спортты дамыту; 7) халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы туберкулез бойынша эпидемиялық ахуал туралы және профилактика шаралары туралы ақпарат беру; 8) халықтың әртүрлі топтары үшін туберкулездің профилактикасы жөніндегі ақпараттық материалдарды әзірлеу мен тарату, оның ішінде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарату; 9) үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орналастыру және іске асыру арқылы жүзеге асырылады. 2. Туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады. 99-бап. АИТВ инфекциясының профилактикасы 1. АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар: 1) халық арасында, оның ішінде халықтың негізгі топтары арасында АИТВ инфекциясының таралуына эпидемиологиялық қадағалау жүргізу; 2) халықтың әртүрлі топтарына ақпараттық материалдар, әлеуметтік желілер және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы АИТВ инфекциясы мәселелері жөнінде ақпарат беру; 3) АИТВ инфекциясының профилактикасы мәселелерін білім беру жүйесіне және жұмыс орындарында интеграциялау; 4) сенім пункттерінде, достық кабинеттерінде халықтың негізгі топтарына емдеу-профилактикалық көрсетілетін қызметтерді ұсыну арқылы жүзеге асырылады. Достық кабинеті - АИТВ инфекциясын жұқтырғандарға және халықтың негізгі топтарына жыныстық жолмен берілетін инфекциялық аурулар кезінде еріктілік және құпиялылық қағидаттары бойынша тегін негізде профилактикалық және емдік-диагностикалық көмек берудің арнайы ұйымдастырылған пункті; 5) үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орналастыру және іске асыру; 6) донорлықтың және трансплантаттаудың, сондай-ақ халыққа тері қабаттары мен сілемейқабық бүтіндігінің бұзылуымен байланысты қызметтер көрсету кезінде инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету; 7) АИТВ инфекциясының анадан ұрыққа және балаға берілуінің алдын алу; 8) қатынасуға дейінгі және қатынасудан кейінгі профилактиканы ұсыну; 9) АИТВ инфекциясының берілу тәуекелін төмендету үшін диагноз қойылған кезден бастап антиретровирустық терапияны ұсыну арқылы жүзеге асырылады. 2. АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады. 100-бап. Медициналық қалдықтардың айналысы 1. Медициналық қалдықтар медициналық қызметтер көрсету және медициналық манипуляциялар жүргізу процесінде пайда болатын өндіріс және тұтыну қалдықтарының бір түріне жатады. 2. Медициналық қалдықтар қауіптілік дәрежесі бойынша қауіптіліктің 5 сыныбына бөлінеді: 1) А сыныбы - тұрмыстық қатты қалдықтарға ұқсас, қауіпті емес медициналық қалдықтар; 2) Б сыныбы - қауіпті (эпидемиологиялық жағынан) медициналық қалдықтар; 3) В сыныбы - төтенше (эпидемиологиялық жағынан) қауіпті медициналық қалдықтар; 4) Г сыныбы - құрамы бойынша өнеркәсіптік қалдықтарға жақын, токсикологиялық қауіпті медициналық қалдықтар; 5) Д сыныбы - радиоактивті медициналық қалдықтар. Б - Д сыныптарының медициналық қалдықтары қауіпті қалдықтар болып табылады. 3. Медициналық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сақтауға, залалсыздандыруға, пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін санитариялық қағидаларда айқындалады. 4. Қалдықтардың меншік иелері Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға медициналық қалдықтарды Өндіріс және тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрына енгізу үшін олармен жұмыс істеу саласындағы жыл сайынғы есеп (бұдан әрі - есеп) түрінде ақпарат береді. 5. Медициналық қалдықтар жөніндегі ақпарат жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 1 наурызға дейін электрондық және (немесе) қағаз жеткізгіштерде беріледі. 6. Қалдықтардың меншік иелері есептер деректерінің толықтығын, үздіксіздігін және анықтығын қамтамасыз етеді. 7. Медициналық қалдықтар жөніндегі ақпаратты беру тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды. 101-бап. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және (немесе) пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптар 1. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, пайдалану жөніндегі қызметті жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады. 2. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар қызмет басталғанға дейін Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсат беру құжаттарын алуға міндетті. 3. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді. 102-бап. Санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар 1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының, халықтың улануының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыру, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын адамдарға қатысты шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу бойынша, халықтың декреттелген тобына жататын адамдарды және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін адамдарды медициналық қарап-тексерулерді, профилактикалық екпелерді, гигиеналық оқытуды жүргізу бойынша іс-шаралар жүргізіледі. 2. Санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің әзірленетін құжаттарына енгізілуге жатады. 3. Инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын адамдар, сондай-ақ инфекциялық және паразиттік аурулармен ауырады деп күдік туғызатын адамдар, бактерия таратушылар оқшаулануға және (немесе) емделуге, ал олармен қарым-қатынаста болған адамдар - медициналық байқауға алынуға және қажет болған кезде оқшаулануға және (немесе) емделуге жатады. 4. Айналасындағыларға қауіп төндіретін созылмалы инфекциялық және паразиттік аурулармен (АИТВ инфекциясын жұқтырғандарды қоспағанда) ауыратын адамдар, созылмалы бактерия таратушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан уақытша шеттетілуге жатады. 103-бап. Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғау 1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде (санитариялық-карантиндік пункттерде) санитариялық-карантиндік бақылауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері жүргізеді. 2. Әкелуге тыйым салынған қауіпті жүктер мен тауарларды, сондай-ақ санитариялық-карантиндік қадағалау жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелу инфекциялық аурулардың немесе жаппай инфекциялық емес аурулар мен уланулардың пайда болу және таралу қаупін төндіретіні белгіленген жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге жол берілмейді. 3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде жүк пен тауарды, жолаушыларды радиологиялық бақылауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары жүргізеді. 104-бап. Эпидемиялардың, инфекциялық аурулардың пайда болу қаупі төнген жағдайда шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу жағдайлары 1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың Қазақстан Республикасының аумағына әкеліну және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралу қаупі төнген жағдайда, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде немесе Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің және халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайларымен шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізеді. 2. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) инфекциялық және паразиттік аурулардың таралу қаупі төнген жағдайда, бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің және халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайларымен шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізеді. 3. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың ведомстволық объектілерінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімімен енгізіледі (күшін жояды). Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға (таратылуға) және міндетті түрде орындалуға жатады. 4. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген жағдайларда, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметін үйлестіру жөніндегі жедел басшылық төтенше ахуалдардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияға және төтенше ахуалдар жөніндегі аумақтық комиссияларға жүктеледі. 5. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру тәртібін және пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулардың тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді. 6. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин уәкілетті орган белгілейтін, Қазақстан Республикасының аумағына шетелден инфекциялық аурулардың әкеліну және (немесе) инфекциялық аурулар жағдайларының пайда болу тәуекелдерін айқындаудың өлшемшарттарына сәйкес аумақтық ерекшеліктерге, жұқпалылыққа, берілу жолдарына, өлім деңгейіне және инфекциялық аурулар таралуының басқа да эпидемиялық мәні бар факторларына қарай енгізіледі. 7. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин мыналарды: 1) Қазақстан Республикасының аумағына шетелден кіруді (Қазақстан Республикасының аумағынан шығуды) және жекелеген өңірлерде (облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада) көлік құралдарының (әуе, теміржол, автомобиль көлігінің) жүріп-тұруын шектеуді; 2) кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызмет объектілерінің қызметін шектеуді; 3) бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық, діни және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ бала тууға, үйлену тойына, қазаға байланысты отбасылық ғұрыптарды ұйымдастыруға және өткізуге шектеу қоюды; 4) Қазақстан Республикасының аумағында халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімдерді өндіруге, әкелуге, әкетуге, қолдануға және өткізуге шектеу қоюды; 5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде жанаспайтын термометрияны, зертханалық зерттеп-қарауды жүргізуді және қажет болған жағдайда инфекциялық аурулар бойынша қолайсыз елдерден келетін адамдарды оқшаулауды; 6) инфекциялық аурулармен ауыратындарды зертханалық зерттеп-қаралуға, оқшаулануға және емдеуге жатқызуға (немесе үйде оқшаулануға), медициналық байқауға алынуға, емделуге жіберуді; 7) инфекциялық ауруларды таратудың ықтимал көздері болып табылатын адамдарды, инфекциялық науқастармен байланыста болған адамдарды, сондай-ақ инфекциялық ауруға күдікті адамдарды зертханалық және медициналық зерттеп-қаралуға және оқшаулануға жіберуді; 8) инфекциялық аурулардың жеке және ұжымдық профилактикасы шараларын қолдануды; 9) үй-жайларда және көлік құралдарында, аумақтарда, инфекциялық аурулар ошақтарында профилактикалық және ошақтық дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізуді қамтиды. 105-бап. Инфекциялық, паразиттік аурулар және (немесе) улану оқиғаларын тіркеу және тергеп-тексеру 1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың және (немесе) уланудың, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің барлық оқиғалары олардың анықталған жері бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің тіркеуіне, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының мемлекеттік есепке алуына және есептілік жүргізуіне жатады. 2. Инфекциялық және паразиттік аурулар және (немесе) халықтың улану оқиғалары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган мамандарының тергеп-тексеруіне жатады. 3. Инфекциялық, паразиттік аурулар және (немесе) улану оқиғаларын, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністерді тіркеу және тергеп-тексеру, есепке алу мен есептілігін жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі. 4. Халық арасында АИТВ инфекциясын жұқтыру оқиғаларын тергеп-тексеруді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің мамандары жүргізеді. 5. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері шұғыл хабархат келіп түскен күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде инфекциялық және паразиттік аурулар және (немесе) халықтың улану оқиғаларын эпидемиологиялық тергеп-тексеруді жүргізеді. 6. Әскерлерде, бөлімшелерде және ведомстволық ұйымдарда карантиндік және аса қауіпті аурулар тіркелген жағдайда, уәкілетті орган бекітетін эпидемиологиялық тергеп-тексерулер жүргізу мерзімдері, тіркелген жеріне қарай халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің шешімімен өзгертілуі мүмкін. 106-бап. Кәсіптік аурулар және (немесе) улану оқиғаларын тіркеу және тергеп-тексеру 1. Кәсіптік аурулардың және (немесе) уланудың, оның ішінде жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамасы бойынша өзге де әрекеттерді орындауына байланысты жұмыскерге зиянды өндірістік факторлардың әсер етуіне байланысты кәсіптік ауруларға және (немесе) улануға күдіктенудің барлық оқиғалары уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен олардың анықталған жері бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің тіркеуіне жатады. 2. Кәсіптік аурулар және (немесе) улану оқиғалары кәсіптік патология және сараптама саласында мамандандырылған медициналық көмек көрсететін мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында есепке алынуға және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының мемлекеттік есепке алуына және есептілік жүргізуіне жатады. 3. Жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамасы бойынша өзге де әрекеттерді орындауына байланысты жұмыскерге зиянды өндірістік факторлардың әсер етуіне байланысты кәсіптік аурулар және (немесе) улану оқиғалары тергеп-тексерілуге жатады. 4. Жұмыс беруші жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамасы бойынша өзге де әрекеттерді орындауына байланысты кәсіптік аурулардың және (немесе) уланудың барлық оқиғалары туралы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша бір тәулік ішінде дереу хабарлайды. 5. Өндірістегі кәсіптік ауруларды және (немесе) улануды тергеп-тексеруді ұйымдастыру үшін жұмыс беруші жауаптылықта болады. 6. Жұмыс беруші кәсіптік ауруларды және (немесе) улануды тергеп-тексеруді жүргізу үшін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның лауазымды адамдарын кедергісіз кіргізеді. 7. Іссапарға жіберілген жұмыскерлермен болған кәсіптік аурулар және (немесе) улану оқиғаларын тергеп-тексеруді ұйымдастыру жұмыс беруші өкілінің қатысуымен, жұмыскер іссапарға жіберілген заңды тұлғаға жүктеледі. 8. Сараптама қорытындысын талап ететін мәселелерді шешу үшін кәсіптік ауруларды және (немесе) улануды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның жұмысына жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік патология және сараптама саласында мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ғылыми-зерттеу ұйымдарының және (немесе) денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары тартылады. 9. Тергеп-тексеру кезінде осы кәсіптік ауруды туындатқан зиянды өндірістік фактормен қатынасы жоқ адамдарда, оның ішінде жұмыс істемейтін адамдарда созылмалы кәсіптік аурудың және (немесе) уланудың пайда болу мән-жайлары мен себептерін тергеп-тексеру барлық жұмыс берушілердің әрбір жұмыс берушідегі зиянды жағдайлардағы жұмыс өтіліне пропорционалды жауапкершілігі ескеріле отырып, зиянды өндірістік факторы бар бұрынғы жұмыс орны бойынша жүргізіледі. 10. Режимдік объектілерде еңбек қызметіне байланысты кәсіптік ауруларды және (немесе) улануды тергеп-тексеру шарттары осы объектілерде болу үшін оған кіру ерекшеліктері ескеріле отырып айқындалады. 107-бап. Дезинфекция, дезинсекция және дератизация 1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуының, таралуының алдын алу мақсатында жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебінен мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарына сәйкес жүйелі негізде профилактикалық, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізуге міндетті. 2. Эпидемиялық төтенше ахуалдар туындаған кезде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ұсынуы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының шешімімен бюджет қаражаты есебінен кезектен тыс міндетті дезинфекция, дезинсекция немесе дератизация жүргізіледі. 3. Профилактикалық дезинсекция мен дератизацияны (инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының аумағындағы, сондай-ақ инфекциялық аурулардың ошақтарындағы дезинсекция мен дератизацияны қоспағанда) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді. 4. Адамның инфекциялық және паразиттік аурулары ошақтарындағы және инфекциялық және паразиттік аурулардың табиғи ошақтарындағы ошақтық дезинфекцияны, дезинсекцияны, дератизацияны инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы және (немесе) оларды жою мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары мен медициналық ұйымдар жүргізеді. 2-параграф. Инфекциялық емес аурулардың профилактикасы