Халилова Динараның «Аналитикалық геометрия курсын мектепте және жоғары оқу орнында оқытудың әдістемелік жүйесі»тақырыбындағы магистрлік жұмысына
НЕГІЗДЕМЕ
Бүгінгі таңда адамзаттың жоғары индустриалды және ақпаратты қоғамға қарқынды түрде өтуіне байланысты өркениеттің бет-бейнесі тұтастай өзгеруде. Елдің өркендеуі білім беру жүйесін, онын мазмұны мен құрылымын жаңартуды қажет етеді. Яғни, қазіргі қоғамның маңызды проблемаларының бірі - бұл құбылмалы әлеуметтік және экономикалық жағдайда өмір сүріп қана қоймай, болып жатқан құбылысқа белсенді әсер ете отырып, оны жақсартуға бейім тұлғаны қалыптастыру болып отыр. Мұндай тұлғаға - шығармашыл, белсенді, әлеуметтік жауапты, жақсы дамыған интеллект иесі, жоғары білімді, кәсіби сауатты болуы қажет.
Математикалық білім беру мазмұны оқушылардың бойында қоршаған әлем туралы біртұтас түсініктің қалыптасуына, оқушылардың интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға ықпал ететін жалпы ғылыми біліктерді меңгеруіне бағытталады. Қоршаған әлемдегі және сабақтас пәндердегі үдерістер мен құбылыстардың математикалық моделін интерпретациялау мен құрастыру біліктігі теориялық мәселелерді зерттеуде және қолданбалы есептерді шығару барысында қолданылады. Математиканы оқытуда қалыптасқан теориялық сұрақтар мен есептерді шешудің зерттеу аппараты жаратылыстану-математика пәндерін оқыту үшін үлкен рөл атқарады.
Геометрия – бізді қоршаған әлемдегі кеңістіктік формаларды модельдеп қана қоймай, олардың қасиеттерінің арасындағы логикалық байланыстарды орнататын математиканың бөлімі. Оқушыларды геометрияға оқыту олардың көптеген мамандықтарды меңгеруге қажетті математикалық және практикалық іс-әрекеттер дағдыларын дамытуға көмегін тигізеді.
«Аналитикалық геометрия» курсы бойынша орта мектеп пен жоғары оқу орындарында көптеген тақырыптары өзара тығыз байланыста, бір-бірімен ұштасып жататыны белгілі. Атап айтсақ, «Жазықтықтағы тікбұрышты координаталар жүйесі», «Жазықтықтағы векторлар», «Кеңістіктегі координаталар және векторлар» және т.б. орта мектепте басталып, жалғасы жоғары оқу орындарында аяқталады. Кіріспе курсқа тән ерекшелік оның қарапайымдылығы болады. Мектеп және жоғары оқу орнында аналитикалық геометрияны оқытудың сабақтастығын жүзеге асыру барысында, оқушылар мен студенттердің геометриялық мәдениетін арттыруға, кеңістіктік елестетуін қалыптастыру бойынша, олардың логикалық ойлауын дамытуға бағытталған нақты жұмыстар жүргізілуі тиіс. «Аналитикалық геометрия» курсында геометриялық есептерді шешудің әдісі – координаталар әдісі пайдаланылады. Сондықтан, жаратылыстану-математикалық бағытта оқитын оқушылар мен студенттердің геометриялық мәдениетін арттырып, кеңістіктік елестетуін қалыптастыра отырып, олардың логикалық ойлауын дамыту үшін мектеп пен жоғары оқу орнында геометрияны оқытудағы сабақтастықтың жүзеге асырылуы оқушының мектеп геометрия курсынан қалыптасқан білім, біліктік, дағдыларындағы кемшіліктердерді жоюға, болашақ маманның жеке тұлғалық қабілеттерін дамытуға, мектеп және жоғары оқу орындарында алған білімдерін өзектендіруге бағытталады.
Сондықтан ұсынылып отырған магистрлік жұмыс математиканы мектеп мен жоғарғы оқу орнын сабақтастыра отырып оқытуда қазіргі таңдағы өзекті мәселелерінің бірін шешуге арналған диссертациялық жұмыс болады деп есептеуге негіз бар.
Магистрлік жоба жетекшісі,
Ф.-м.ғ.к.,доцент Қ.Усманов
Достарыңызбен бөлісу: |