1 ӨЗІНДІК ЖҰМЫСТАР ХИМИЯНЫ ОҚЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ ФОРМАСЫ
1.1 Өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру бағыттары
Қазіргі сабақ оқушылардың өзіндік жұмыстарынсыз бола алмайды. Ол – оқушылардың алдына қойған мақсаттарын орындау қызметі. Өзіндік жұмыстарды орындау арқылы оқушылар көрсетілген бағдарламалық білімді, жаңа білімдер мен дағдыларды игереді, өзіндік шығармашылық қабілетін дамытады, ғылыми танымдық әдістерді меңгереді. Химия сабағындағы оқушылардың өзіндік жұмыстары сан алуан сарамандық сабақтар, сарамандық тәжірибелерді орындаулары, есептерді шешуі, формулалар бойынша реакциялардың теңдеуін құрастыру, жаттығуларды орындау, бақылау және тексеру жұмыстарын орындау, оқулықпен жұмыс, анықтамалар және әр түрлі қосымша әдебиеттермен жұмыс, сарамандық жұмыстардың есебін жазып орындау, танымжорық материалдарын өңдеу, т.б. Өзіндік жұмыстар оқытудың әр түрлі кезеңдерінде жүзеге асады, арнаулы сабақ түрінде де өтуі мүмкін [2-4].
Оқушылардың әрбір дербес жұмыстарын өзіндік жұмыс деп санауға болады. Мысалы, оқушы тәжірибе жасағанда басшы нұсқауларды басшылыққа алып, тәжірибенің орындалуы. Бұл жұмыстардың репродуктивті өзіндік сипаты бар. Жоғары деңгейдегі өзбетінше жұмыс істеу ізденушілік сипатта жүзеге асады. Оқушы тапсырманы алғаннан кейін, оқу мақсатын анықтап, ойланып, өз бетінше орындау жолдарын белгілейді, оны шешудің тиімді әдісін таңдап алады. Мүмкін бұл есепті шешудің жаңа жолын табуы, осындай өзіндік ізденістер шығармашылық шешуге әкеледі. Өзіндік қиындықтарына, танымдық сипатына карай берілетін тапсырмалар күшті оқушыларға, орташа және әлсіз оқушылар деп топтастырылады, оқушылардың өздері нұсқаларды таңдайды. Нұсқаның бірінші тобына шығармашылық шешімді қажет ететіндері алынады, ал екіншісі – болжаудың дұрыстығын тексеретін, ал үшіншілеріне - репродуктивті сипаттағы тапсырмалар беріледі.
Мұғалім оқушыға өздігінен жұмыс істету арқылы оқушылардың дербестігін, өз бетінше ойлау жүйесін, жүйелі білім алу тәртібін қалыптастырады. Оқытушының педагогикалық шеберлігінің негізгі критерийлерінің бірі –оқушының өзіндік танымдық жұмысын ұйымдастыру, ал екіншісі оқушыны өздігінен оқып, ой-өрісін тереңдетуге баулу, ғылыми ізденіске жетелеу. Өздік жұмыстарын ұйымдастыруды әр ұстаз өз қалауынша, бірі сабақтың бекіту бөлімінде қолданса, бірі оқушының қызығушылығы мен қабілетін ескере отырып, дамыта оқытуға бағыттайды. Өздік жұмыс ұғымы, белсенді танымдық дағды, зертханалық жұмыс, проблемалық оқыту ұғымдарымен тығыз байланысты. Өздігінен жұмыс істеу кезінде оқушыға мынадай талаптар қойылады:
- кез-келген әдебиетпен өздігінен жұмыс істей білу;
- өз бетінше талдау жасап қорытындылай білу;
6
- өз ойын толық айта білу, түсіндіре білу, басқаны үйрете білу;
- басқаны тыңдай білу, ақпаратты қабылдай білу (ақпаратты терең түсіну, сұрақ қоя білу);
- ұжыммен қарым-қатынас жасай білу, ұйымдастыра білу (өзін-өзі тексере, бағалай білу).Осы қасиеттердің бәрін қоғам жеке тұлғалардан маман ретінде талап етеді. Ал ол болашақ маман –жеке тұлға –бүгінгі оқушы.
Жеке тұлға ретінде оқушының рухани баюы, адамгершілік, әдептілік қасиеті, оқушы → оқушы, мұғалім → оқушы арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде болуы түрлі өздік жұмыстарды орындау кезінде айқын көрінеді[5-9].
Өзіндік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар:
- мұғалімнің нақты тапсырмалар (нұсқаулар) беруі;
- жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеуі;
- мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігінің мөлшері;
- оқушылардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеуі;
- оқушының істейтін жұмысының мақсатын айқын түсінуі;
- жұмыстың жемісті аяқталуына, оның алдағы нәтижесіне қызығуы , т.б.
Егер оқушы өздігінен жұмыс істеуге үйренбесе, оның оқуы жемісті болмайды, ол жиі сәтсіздікке ұшырайды. Мұндай жағдайда оқушының оқуға деген ынтасы төмендейді, соның салдарынан үлгермеушілер қатарына қосылады.
Достарыңызбен бөлісу: |