Жазба деректерде қарлұқтар біздің заманымыздың V ғасырындағы тирек тайпаларының құрамында кездеседі. Қытай деректерінде қарлұқтардың бұлақ руы Алтай тауының баурайын мекендейтіні хабарланады. VІІ ғасырдың басында Қытайдың «Таншу» әулетінің хроникасында қарлұқтардың түрік тілдес тайпалардың бір тармағы екендігі, олардың құрамында бұлақ, жікіл, ташлық деген тайпалардың бар екендігі көрсетілген.
Араб тарихшысы әл - Марвазидің хабарына қарағанда, қарлұқтардың құрамында 9 тайпа: үш жікіл, үш бескіл, бұлақ, көкеркін және тухси кірген. Сондай - ақ лазана мен фаракия рулары да аталған.
«Күлтегін» жазуындағы «Қарлұқтарды қырып, басып алдық» деген хабар қарлұқтардың Шығыс Түрік қағанатының құрамында да болғандығын білдіреді. Шамасы осы жеңістен кейін қарлұқтардың бір толқыны Жетісуға қарай жылжиды. Қарлұқтардың Жетісуға жылжудағы және бір себебі Ұйғыр қағанатынан жеңілуі еді.