2.7. Физиканы оқытуда тәжірибелерді қолдану. Физика пәнін оқытуда құбылыстарды немесе объектінің қасиеті идеалдау арқылы теориялық түрде оқып-үйретіледі. Оқушылар осы абстракциялау әдісіндегі құбылыстарды көз алдына елестете алмай, оған қолданылатын заңдылықтарды түсінбейді, яғни күнделікті нақты өмірде көргендерін теориялық оқып-үйренгендерімен ұштастыра алмайды. Сондықтан физиканы оқытуда әртүрлі оқу эксперименттері кеңінен пайдаланылады. Егер сабақта қажетті тәжірибелер жасалмаса және бағдарламада көрсетілген міндетті зертханалық жұмыстар жүргізілмесе, онда ең жақсы баяндалды деген тақырыптың өзі де қанағаттанарлық деп есептелмейді. Тәжірибелер қандайда бір құбылыс пен заңдылықтың иллюстрациясы ғана емес, ол білім көзі, әртүрлі теориялық қағидалардың дұрыстығының дәлелі болады, оқушылардың дағдылары мен білімін дамытады.
Оқытудың алғашқы кездерінде 7-8 сыныптарда оқушылар физика курсын жүйелі түрде оқып-үйренуге алғаш кіріскен кезде тәжірибелер ерекше мәнге
ие болады. Мұнда сабақ сапасы көбінесе эксперименттің қаншалықты дұрыс алынғандығына, қалай дайындалғанына және қалай жүргізілгендігіне байланысты болады. Таңдап алынған тәжірибелер кез келген жағдайда белгілі бір ортақ талаптарды қанағаттандыруы тиіс.
Біріншіден, тәжірибе сабақтың көпшілік бөлігін алмай, мұғалімнің әңгімесінің кейбір негізгі жақтарын ғана иллюстрациялап көрсетсе болғаны.
Екіншіден, тәжірибе жасауға арналған құралдар мен қондырғылар мұмкіндігінше өте қарапайым және оқушылардың назарын шаршатпайтындай алуан түрлі болуы қажет.
Мысалы, 9 сыныпта «Реактивті қозғалыс» тақырыбан өткенде, тығыз қағаздан қайық моделі және оған дезодарант ыдысынан жасалған стакан орнатылады. Стаканнан оңға қарай ыдыстың өзінің түтігі шығарылған. Модельді лабораториялық ваннадағы суға салып, стаканға толтыра су құйсақ, түтіктен оңға қарай белгілі жылдамдықпен ( =2gh, һ-стакандағы су деңгейі) су ағып шығады да, қайық солға қарай қозғалады. Оқушылар түтіктен ағып шыққан судың қайықты қозғалысқа келтіргенін байқайды. Ұсақ гір тастарынан жүк құрап, «қайыққа» салынады. Оқушылар қайықтағы жүктерді бір-бірлеп алып, ракета мен қайық моделінің қозғалыс принципі арасындағы ұқсастықты салыстырады.
Үшіншіден, әрбір тәжірибе бақыланатын құбылыстың жаңашылдығымен немесе тосын нәтижесімен байланысты қызықтыру элементтері енгізілетіндей болып ойластырылуы керек.
Осының барлығы оқушылардың назарын оңай аударуға және пәнге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Білім көзін сыртқы дүние құбылыстарынан тәжірибеден іздеуге мәжбүр етеді және табиғаттың ақиқаттығы жайлы ғылым ретінде, физика туралы материалистік түсінікті қалыптастырады.