II-тарау. Қызығушылықты арттыру әдістемелері.
Қазіргі кезеңде әлі де болса, орта мектеп оқушыларының білімдерінде формализмнің элементтері кездесуде. Физика пәнін игеру, олар үшін тек кітап материалын оқу ғана болып отыр. Шын мәнісінде, физика пәнінде оқушылар табиғат заңдарын оқып, білуі тиіс.
Оқушыларға нақты мысал келтіре отырып, олардың алған білімдері маңызды практикалық мәселелерді шешуге қажет екендігін түсіндіру керек. Оқушылардың білімнің өмірлік маңызын түсінуі, теория мен практиканы тығыз байланыстырады, пәнге ынтасын арттырады.
Оқушылардың білімге ынтасының болуы, олардың сабақтағы белсенділігінің артуына, білім сапасының жоғарылауына, білім алудың пайдасын түсінудің қалыптасуына мүмкіндік береді, жалпы айтқанда оқу процесінің деңгейін көтереді. Білім берудің құрылысын, оқушылар мұғалім қойған мақсаттарды түсінетіндей, қабылдайтындай етіп құру керек және оқушы мұғалім қойған мақсатты белсенді жүзеге асырушысы болуы тиіс.
2.1. Сабақта ойын элементтерін қолдану.
Оқушылардың білімге ықыласын, ынтасын, қызығушылығын арттырудың ең жақсы жолының бірі-сабақта ойын элементтерін қолдану. Ойын, білім алу, еңбек ету-адамның негізгі қайраткерліктері. Ойын-әрқашан кішкене білім, кішкене білім бола отырып, баланы білім алуға, еңбекке дайындайды. Ойынды алданыш және көңіл көтеру деп ойлайтындар қателеседі.
Кейбір педагогтар мен психологтардың «Мектеп жасындағы балалар ойын жасынан өтіп кетті»-деуі бекер. Ойындағы оқиға жайлар сабаққа әр қилылық нәр береді, сабақты қызық етеді, оған эмоциялық бояу береді.
Мектепте балалар сабақ үстінде бір-бірімен сөйлеспейді. Балалар сөйлескен жағдайда, ол тәртіпті бұзған болып есептеледі, мұғалімнен ескерту алады. Ойын жағдайын балалар сабақ барысында бір-бірімен ақпарлармен алмасатындай, ақылдасатындай, бір-біріне дәлелдей алатындай, бір-бірін бағалайтындай етіп ұйымдастыру керек. Ойындар қолданылған сабақтарда оқушылар белсенділік көрсетеді. Бұлай болу барлық ойынға тән нәрсе, оның топтық түрде өтуіне байланысты. Топтық түрде сабақтағы білім алу, дәстүрлі білім беру «мұғалім-оқушы» өрнегін күрделендіреді. Яғни өрнек былай күрделенеді: «мұғалім-топ-оқушы», бұдан келесі өрнек туындайды: «оқушы-оқушы». «Оқушы-оқушы» жүйесінде «топ-оқушы», «оқушы-топ» өрнектері өздігінен туындап жатады және оқушылар білмейтіндерін көрсетуге тырыспайды. Балалар бір-бірінің ойларымен, пікірлерімен алмасады, дәлелдейді, қателеседі, өз ойларын ортаға салады, негіздейді, есеп жауаптарын бірге шешеді, тексереді, қателерін түзейді т.с.с. Ойын барысындағы пікірлер алмасу нәтижесінде, оқу материалдарын жылдам және жақсырақ игереді, қиындықтарды бірге шешеді. Мұндай жағдайда барлық балалар алға жылжиды, білімдері терең балалардың тежелмеуіне, білімі төмен балалардың алға ұмтылуына мүмкіндік береді. Физика сабақтарында ойынды ұйымдастырғанда оқушылар бір-біріне көмектесетіндей, бір-бірімен бірігетіндей жағдай жасау керек. Сонда сабақ тек білім беру қызметін ғана емес, тәрбиелеу қызметін де атқарады. Мұндай сабақтардың өтілуі нәтижесінде оқушыларда бір-бірімен сөйлесе білу мәдениеті, тәртіптілік, топқа және бір-біріне жауапкершілік сезімінің болуы, менмендік және жалқаулықтан безу қасиеттері қалыптасады.
Атақты француз ғалымы Луи де Бройль былай дейді: «Ең қарапайым мәселені қозғайтын ойындардың өзінде ғылыми жұмысқа ұқсас жалпы элементтер көп кездеседі. Екі жағдайда да (ойын мен ғылыми жұмыс) ең бастысы қойылған мақсаттың болуы, сонан соң қиындықтың болуы, оны жеңу, жаңалықты ашу қуаныш. Міне сондықтан да, бар адамдарды, жасына қарамастан ойын өзіне тартып тұрады».
Мұғалімнің ең басты мақсаты- сабақ мақсаты мен қолданылатын ойынның мақсатын ескере отырып, сабақтар мен сыныптан тыс сабақтарда оны орынды қолдана білу. Оқушылар мен мұғалімнің ойынға ынтасы болған жағдайда ғана ойын жүруі мүмкін. Ешқандай ойынды формальды ойнауға болмайды. Әрбір дидактикалық ойынға, бір жағынан дидактикалық есептерді шешу тән, мысалы: затқа немес құбылысқа жалпы сипат беру, олардың ерекшеліктерін табу сияқты жұмыстар, оқушыларды ұқсастықты, айырмашылықты т.с.с. құбылыстарды табуға, байқауға баулиды. Бұл мағынадағы ойындардың үйрету қасиеті бар. Ендігі бір жағынан дидактикалық ойындарға тән нәрсе ойнау. Оқушының назары біріншіден соған ауады, ал ойын барысында ойынның білім беру мақсатының қалай орындалатындығы байқалмай қалады. Сондықтан, сабақтарда өтілетін ойындар оқушыларға жәй сабақ ретінде емес, жәй алданыш ретінде де емес, қызықты жұмыс ретінде беріледі. Ойынды жүргізу үшін сынып командаларға бөлінеді. Команда құрамын қалаулары бойынша жасауға болар еді, дегенмен топ құрамы аралас және топтардың күштері тең болуы керек.
Ойынды жүргізудегі мұғалімнің маңызды орнын атап өтейін. Педагогикалық бірлестік жүзеге асқан жағдайда жақсы нәтижеге жетуге болады. Ойынның идеясын көбіне мұғалім ойлап табады. Дегенмен физика пәнінде ең жақсы ойынды ойлап табуды сыныпта немесе мектепте оқушылар арасында конкурс жүргізуге болады. Оқушылардың ойынды ойлап құрауы өте пайдалы, өйткені қандайда бір тақырыпқа ойын ойлап табу үшін, сол тақырыпты терең білуі керек. Сондықтан мұғалім әсіресе, осы жұмысты орындаған оқушының еңбегін бағалауы тиіс.
Қазіргі мұғалім әр сабаққа, тақырыпқа және әр сыныптың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты оқытудың әртүрлі әдістері мен формаларын таңдай білуі қажет. Сонымен қатар оқушыларды өзіндік жұмысқа үйрету, олардың ізденісін ұйымдастыру және кейбір материалдарды кең көлемде беріп, тәрбиелік мақсатқа жету үшін де оқыту формаларын таңдай білуі керек. Бір сабақтың өзінде қолданылатын әдістерді кезектестіріп, оқушыларды шаршатпай, материалды қызықты жеткізе білуді де ескерген жөн.
Кейбір педагогтардың пікірінше, сабақта ойынды марапаттау құралы ретінде ұсыну оқу процесіне кері әсер етеді. Дегенмен де ойынды оқу материалының мазмұнымен бірлікте қолданудың қажеттілігін кейбір мұғалімдер теріске шығармайды. Сабақта ойын элементтерін пайдалану оқушылардың ой-өрісін кеңейтеді және танымдық белсенділігін арттырады. Бірақ ойынды оқу процесіне үнемі пайдалану және ұзақ уақыт алатындай етіп созуға болмайды. Ойын сабақтың белгілі бір уақытында немесе сергіту сәттерінде ғана қолданылып, сабақ кезеңдеріне кедергі жасамауы тиіс, яғни сабақтың кезеңдерімен ұштастырылып отырылуы тиіс.
Ойынға педагогикалық басшылық жасау оқушылардың ұжыммен қарым-қатынасын жетілдіріп, ұйымшылдыққа тәрбиелеу мақсатын көздейді. Ойын барысындағы оқушылардың әрекеті достық, жолдастық, өзара түсіністік қарым-қатынастарды қалыртастыруға әсер етеді. ұжымдық ойындардың орны оқушы әрекетінде ерекше, оның өмірінде де айтарлықтай мәнге ие, яғни оқушының ойында атқаратын ролінен туындайтын мазмұнмен сипатталады. Сонымен, сабақта ойын элементін қолдану әрі білімділік, әрі тәрбиелік мақсаттарымен ұштастырылады.
Ойынды оқыту құралы ретінде пайдалануда баланың психологиялық жағдайы ескерілуі керек. Мысалы сабақтың алғашқы 25 минуты сабаққа, қалған 20 минуты ойынға арналса, онда оқушылардың сабаққа деген ынтасы бірден төмендейді. Сондықтан, механиканы оқытуда ойындарды әдістемелік тұрғыдан дұрыс пайдаланудың қажеттілігі туындайды.
Қазақ халқының ұлттық ойындарын физика пәнінде пайдалану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, белсенділігін арттырып, тарауды пысықтау, қайталау кезеңдерін сапалы өткізуге, материалды толық меңгеруге көмектеседі. Оқушы өзінің ойын дамыта отырып, өзінің пікірін айтуға үйренеді.
Ойынның түрлері сабақта әр түрлі мақсатта қолданылады. Оның біріншісі – білімділік, екіншісі – тәлім-тәрбиелік.
Білімділік мақсаты: оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, ынтасын арттырады. Жаңа сабақты түсіндіргенде ойын элементтерін қолдану сабақтың тартымды өтуіне ықпалын тигізеді. Өткен сабақты немесе тарауды қайталағанды оқушы ойында, санасында мықтап бекиді.
Тәлім-тәрбиелік мақсаты: оқушыларды тапқырлыққа баулып, зейінін, байқампаздығын жан-жақты арттыру, ойын қабілетін дамыту, дүниеге көзқарасын, білім деңгейін арттыру. Ұйымшылдыққа, ізденімпаздыққа, өз бетімен еңбектенуге, ұлттық сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Достарыңызбен бөлісу: |