Алғашқы қауымдағы тәрбие
Қоғамда қандай өзгерістер болса, тәрбиеге де сол өзгерістер әсер етіп отырған. Француз утопистері Ж.Ж.Руссо (1712-1778), Сен-Симон (1760-1825), Д.Дидро (1713-1784) балаға жан-жақты білім, тәрбие беріп, сол қоғамды өзгертпекші болған. Бірақ одан ешқандай нәтиже шықпады. Себебі бүкіл адам баласының сана-сезімі қоғаммен, қоршаған ортамен бірге қалыптасады. Сондықтан жеке адам тек қоғамда, қоғамның тарихи, ұлттық, таптық және бүкіл адам баласына тән ерекшеліктеріне сәйкес дамиды. Қоғам адамды байытады, адам қоғамды байытады. Жалпы тәрбиені әлеуметтік құбылыс ретінде алып қарайтын болсақ: Біріншіден, тәрбие - мәңгілік ұғым. Ол тек адам баласына тән. Тәрбие жер бетінде адам баласымен бірге өмір сүреді. Екіншіден, тәрбие жас ұрпақтардың өмірге бейімделіп, қарттардың орнын басып, өндірісті дамыту, қажеттілігінен туындайды. Сол үшін жас ұрпақты тәрбиелейді, өмір тәжірибесіне үйретеді, араластырады, қарым-қатынас іс-әрекетті меңгертеді, тарихи кезеңдерге сай дамытады. Үшіншіден, тәрбие қоғамдық құбылыс ретінде қоғамдық сана-сезіммен де тығыз байланысты. Себебі жеке адамның сана-сезімі қоғамдық сана-сезім арқылы қалыптасады. Төртіншіден, тәрбие қоғамдық құбылыс болғандықтан қоғам өзінің тарихи кезеңдерін басынан өткізе отырып, тәрбиені де, тарихи кезеңдерге сай қалыптастырады. Бесіншіден, тәрбие қоғамдық құбылыс ретінде ұлттық тәрбиеден бастау алады. Ұлт-отбасынан кейінгі қауымдастық. Алтыншыдан, тәрбиенің қоғамдық құбылыс ретінде тағы бір қыры - ол жалпы адам баласына тән қасиеттерді қалыптастыру. Ұлттық тәрбие арқылы балаға жалпы адам баласына ортақ жақсы қасиеттерді дарыту. Қиянат жасамау, өтірік айтпау, адам болу, арды сақтау, кішіпейілділік, әдептілік, еңбекшілдік, үлкенді сыйлау, сәбиді және әйел баласын құрметтеу, ата-анаға деген мейірім, т.б. сияқты қасиеттерді жас ұрпаққа үйретіп қалыптастыру. Тәрбие ежелгі дәуірден философиялық, психологиялық, педагогикалық теориялардың негізгі арқауы болған. Ежелгі ойшылдар Сократ, Платон тәрбиелеудің мәні, қоғамдық құрылымы мен тәрбиенің қатынасы сияқты аса маңызды педагогикалық ұғымдарға анықтама берген ғұламалар. Сократтың пікірінше, тәрбие өзін - өзі тану, мінез – құлықтарды жетілдіру. Платон тәрбиені ақыл – ойын, еркін және сезімін дамыту, балалар ата –анасы алдында ешбір міндетсіз, еркін, ал ата – ана оларға білім мен тәрбие беруге міндетті. «Ұлды тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деп тұжырымдаған.
Тәрбие қоғамдық құбылыс ретінде өте күрделі, әрі қарама-қайшылықты тарихи - әлеуметтік процесс. Ол жас ұрпақтың қоғам өміріне қосылуына, тұрмыс-тіршілікке, қоғамдық өндірісті қызметке, процеске араласуына, шығармашылық пен рухани мәдени игіліктерді игеруіне, адамдық болмыстың негізін игеріп, жеке тұлға ретінде дамып, азамат ретінде қалыптасып жетілуіне негіз болады. Тәрбие ұғымына бірнеше анықтама берілген: Н.И.Болдыревтің «Мектептегі тәрбие жұмысының әдістемесі» оқулығында «Тәрбие – тәрбиеші мен тәрбиеленуші арасындағы бір мақсатқа бағытталған және өзара байланысты іс – әрекеті, осы жұмыс процесіндегі қарым – қатынасы, жеке адамды және ұжымды қалыптастырудағы ықпалы» делінген. Қысқа педагогикалық сөздікте «Тәрбие – жас ұрпаққа қоғамдық–тарихи тәжірибені диалектикалық–материалдық көзқарасты, жоғарғы моралды, терең идеяны, қоғамдық белсенділікті, шығармашылық қатынасты, жоғары еңбек мәдениетін және тәртіпті жеткізу жолдары» деп көрсетіледі. «Насихатшылардың қысқаша педагогикалық» сөздігінде «Тәрбие – адамдарды еңбекке тағы да басқа көптеген қоғамдағы пайдалы іс–әрекетке дайындаушы, көптеген әлеуметтік функцияларды орындайтын объективті заңды процесс» деп тәрбиені іс–әрекет емес процесс ретінде қарастырған. 1995 жылы қабылданған «Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеу тұжырымдамасында» тәрбиенің мақсат – міндеттері айқын берілген: «Тәрбие - халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым - қатынасын, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез – құлқын қалыптастыру» Тәрбиенің негізгі мақсаты - дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттері қалыптасқан, адамды тәрбиелеу. Тәрбиенің міндеттері: - озық педагогикалық-психологиялық ойларды, ұтымды әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, қазақ ұлтының төл мәдениеті, салт-дәстүрлері, әдеті, ғұрпы арқылы жас жеткіншектің ұлттық сана-сезімін, имандылық қадір қасиетін қалыптастыру;
-жалпы және кәсіби білім беретін пәндердің тәрбиелік мазмұнын күшейту, тәлім-тәрбиені көздеген қосымша арнайы пәндерді, курстарды, факультативтерді оқуларды енгізу;
- балалар мен жастардың білімге, ғылымға деген ықыласын арттыру, олардың ақыл-ой қабілетін, диалектикалық дүниетанымын қалыптастыру, өмірлік мақсат-мүдесін айқындауға, жеке бас қасиеттерін дамытып, оны қоғам талабына сай іске асыруға көмектесу.
Қазақстан Республикасы өз алдына дербес, тәуелсіз ел қатарына қосылған соң, ұрпақ тәрбиесінде жаңа мақсат - міндеттер туындады, олар Қазақстан Республикасының Білім туралы заңының 8-бабында жазылған. Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау. Білім беру жүйесінің басым міндеттері жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектісін байыту. Адамзаттық пен елжандылыққа, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу. Республиканың қоғамдық - саяси экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттілігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру. Әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет –ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу.
Достарыңызбен бөлісу: |