Дәріс 2. Жеке тұлғаны дамытудың, тәрбиелеудің, қалыптас тырудың өзара байланысы және сипаты. Жоспар:
1. Тұлға туралы ұғым. «Адам», «индивид», «дара», «тұлға».
2. Тұлғаны қалыптастыруға және дамытуға ықпал етуші факторлар /тұқымқуалаушылық, орта, тәрбие/.
3. Жеке тұлғаны дамыту және қалыптастырудың қозғаушы күштері және негізгі заңдылықтары.
4. Жеке тұлға – тәрбие процесінің және өзіндік дамудың субъектісі
Жеке тұлға туралы түсінік. Тәрбиенің негізгі мақсаты – қалыптасып келе жатқан жеке тұлғаның әлеуметтік тәжірибені меңгеруі, оның жан жақты үйлесімді дамуы.
Адам - өзіне тән биологиялық құрылысы бар тіршілік иесі, сондықтан табиғат заңдары оның дамуына да әсер етеді. Қоршаған ортаға бейімделіп, өз тіршілігі үшін дайын заттарды пайдаланатын жануарларға қарағанда, адам өзіне керектіні өз қолымен жасайды. Адам табиғатының өзгеруі адам өмірінің әлеуметтік жағдайларының әсерінен болады, адамның тектілігі тек биологиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар тарихи дамуы нәтижесінде де пайда болады.
Адам қасиетін түсіндіретін тағы бір ұғым – «индивид». Ұғым ретінде бұл сөз адамзат тұқымының еш қасиеттері ескерілмеген бір өкілін білдіреді.
Даралықбір адамның басқа бір адамнан, бір тұлғаның басқа бір тұлғадан айырмашылығын, оның ешкімге ұқсамайтынын, өзіне тән ерекшелігі бар екенін сипаттайды.
Жеке тұлғаның ең басты белгісі – оның әлеуметтік мәнінің болуы және оның әлеуметтік функцияларды (қызметтерді) (болмысқа, адамдарға, өзіне, еңбекке, жалпы қоғамға, қатысты) атқаруы.
Адамның жеке қасиеттері өмір жолында дамып, қалыптасқандықтан, жеке тұлғаның «дамуы» мен «қалыптасуы» ұғымдарының мәнін ашу педагогика үшін маңызды мәселе болып табылады.
Даму дегеніміз – төменнен жоғарыға, қарапайымнан күрделіге қарай қозғалыс; сатылай эволюциялық ауысу немесе революциялық секіріс түрінде жүзеге асатын жоғары сапалы күйге қарай спиральды өрлеу процесі.
Жеке тұлғаның дамуы дегеніміз, ең алдымен, оның қасиеттері мен сапасындағы сандық өзгерістер процесі. Адам дүниеге келгеннен соң дене жағынан үлкейеді, яғни оның кейбір дене мүшелері мен нерв жүйесі өседі. Оның тілі шығып, сөздік қоры молаяды. Бала көптеген әлеуметтік-тұрмыстық және моральдық біліктерге, еңбек дағдылары мен әдеттерге ие болады.