Інжілдің өзге қасиетті кітаптардан қандай ерекшеліктері бар? Алла тағала Исрайыл ұрпақтарына жіберген соңғы елшісі Мәриямұлы Исаға (ғ.с.) Інжілді түсірді. Інжіл де әу баста ақиқатты жар салып, Исрайыл ұрпақтарын тура жолға үндеген иләһи кітап болатын. Алайда ол да Тәурат сияқты уақыт өте келе адам баласының қолымен бұрмаланып, көптеген өзгерістерге ұшырады. Бұған дәлел бүгінгі таңдағы христиандардың қолындағы Інжілдің алуан түрлі болып, бір-біріне ұқсамайтындығы.
Құранда сол әуелгі саф Інжілдің мынадай бес түрлі ерекшелігі баяндалған: ол тура жолдың қайнар көзі болған. Інжіл түскен шақта Исрайыл ұрпақтарының арасында ақида-сенім мәселесінде адасушылықтар, ауытқушылықтар көп кездесетін. Сондықтан да қасиетті Інжіл нағыз хақ сенімнің негізгі қағидаларын қамтыды;
Інжіл тұнып тұрған нұр еді. Өйткені ол адамдарды қараңғы зұлматтардан жарыққа шығарып, жүректерді иман нұрымен нұрландыратын;
Інжіл өзіне дейінгі иләһи кітаптарды, соның ішінде Тәуратты растады;
Інжіл күллі адамзатқа жіберілетін Алланың ақырғы елшісі хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) келетінін сүйіншіледі;
Сондай-ақ, Інжіл тақуа жандарға насихатшы болды, онда адамдар үшін көптеген насихаттар мен өнегелер бар еді.