Ислам дінін ұстанып, араб тілін ғылыми және әдеби тілге айналдырған араб және басқа да халықтар өркениеті. Ғылымда "араб мәдениеті" деген атпен белгілі



Дата11.05.2022
өлшемі19,87 Kb.
#142061
Байланысты:
f624dc272d956f


Араб — ислам дінін ұстанып, араб тілін ғылыми және әдеби тілге айналдырған араб және басқа да халықтар өркениеті. Ғылымда “араб мәдениеті” деген атпен белгілі. Орта ғасырларда Таяу және Орта Шығыста, Солтүстік Африка мен Оңтүстік-Батыс Еуропада өркен жайған. Ғылымды дамытуға және оны басқа елдерге таратуға тікелей әсер еткен араб өркениеті Батыс, Оңтүстік және Солтүстік Арабияда туып, қалыптасты. Бұрын сабей тілінде сөйлейтін Оңтүстік Арабия халқының көне мәдениеті, өзіндік жазуы болған. Сирия, Ливан, Палестина, Ирак елдеріндегі арамей халықтарының мәдениеті сияқты сабей мәдениеті де араб өркениетінің дамуына негіз болды. 4 ғасыр шамасында пайда болған араб жазуы, арамей жазуының дамытылған түрі еді. Шапқыншылық соғыстар нәтижесінде ұлан байтақ империяға – халифатқа айналған Арабиядағы қатынас құралы осы жаңа жазуы бар араб тілі болды. Исламды енгізген Мұхаммед пайғамбардың уағызы бойынша барша қауым осы жаңа дінді мойындай отырып ілгері дамуға, жаңа аймақтарға осы бағыттың артықшылығын түсіндіруге, уағыздауға тиіс болды. Халифат құрамына Шығыс, Солтүстік Африка, Ирак, Ауғанстан, Пиреней түбегінің басым бөлігі, Кавказдың оңтүстігі мен Солтүстік-Батыс Үндістан кірді. Осы жерлердегі халықтардың мәдениетімен қоса көне грек, эллин, рим, үнді мәдениетінің жетістіктерін бойына сіңірген, анағұрлым озық мәдениет жасалды. Оған парсылар, сириялықтар, Орта Азия мен Кавказ халықтары зор үлес қосты. Осылайша қалыптасқан араб мәдениеті Батыс Еуропа халықтарына және дүниежүзілік мәдениетіне игі әсер етіп, оған орасан зор үлес қосты. Арабтардың астрономия саласындағы еңбектері Еуропа астрономиясының негізін қалады. Осы күнге дейін көптеген жүлдыздардың аттары, ғылыми, мәдени терминдер араб тіліндегі атауын сақтап қалған. Араб өркениетінің негізі де, қайнар бастауы да араб философиясы болды. 827 ж. араб ғалымдары меридиан шеңберін өлшеп, жердің көлемін анықтады. Негізін үндіден алып, санаудың ондық жүйесін, оның сәйкесті цифрлары мен нөлді пайдаланудың жолын тапты. Тригонометриялық функцияны (әл-Баттани, 858 – 929) енгізді. 1- және 2-дәрежелі алгебралық теңдеуді шығарудың бірнеше жолын тауып, бүкіл математиканың дамуына жол ашты. Медицина ғылымына, оның ішінде офтальмология саласына айрықша үлес қосты. Соның нәтижесінде геометриялық оптика үлкен жетістіктерге жетті. Медицинаның, онымен тікелей байланысты фармакологияға қажетті химияның дамуына жағдай жасады. Алхимия кең тарады. Қатты денені буға, буды қатты денеге айналдыру, кристалдандыру, сүзу тәсілдері де арабтардан бастау алады. Шығыста пайда болған компас, қағаз, оқ-дәрі, т.б. арабтар арқылы Еуропаға тарады. Осы сан салалы ғылым Орта Азияның ұлы ғалымдары Әбу Әли ибн Сина мен Әбу Райхан Бирунидің араб тіліндегі еңбектерінде одан әрі дамытылды және басқа елдерге танылды. Араб өркениетінің дәуірлеген шағы 8 – 11 ғасырлар болды. Оның көрнекті үлгілері сәулет және бейнелеу өнерінде көрінді. Мешіт, медресе, тұрғын үйлердің жаңа үлгілері жобалық шешімімен, айшықты өрнектерімен, эстетикалық әсемдігімен ерекшеленді. Ислам діні адамдар мен жануарларды бейнелеуге тыйым салды. Меккедегі Қағба ғибадатханасы, Иерусалимдегі 692 ж. салынған әл-Ақса мешіті (1969 ж. Израиль фанатиктері өртеп жіберген), Дамаскідегі Бани-Омейя мешіті (8 ғасыр), тұрмыс-салт тақырыбында әшекейленген Кусейр-Әмре қамалы мен Әмре мешіті (641 ж.). Араб өркениетінің сәулет өнеріндегі озық үлгілеріне жатады. Батыста (Алжир, Испания, Марокко, Тунис) Мавритания өнері аталған сәулет өнерінде тамаша үлгілер туғызды. Оның осы кезге дейін сақталған озық туындысы Гранададағы Альгамбра қамалы. Азиядан тыс жерде араб өрикениеті Египет пен Сирияда өте жоғары дамыды. Әсіресе, Египетте күні бүгінге дейін сақталған ибн Тулун (876 – 879 ж.), әл-Әзхар (970 – 972), әл-Хаким (990 – 1013 ж.) мешіттерінің жобалық үлгісі, әшекей-нақышы, құрылыс бөлшектерін өрнек түрінде пайдалану тапқырлығы қазірге дейін таңқалдырады. Каир қаласындағы осы үш мешітке жұма намазға жиналған бүкіл қала халқы сыйған. Ал 15 ғасырда әл-Әзхар мешітінде ашылған кітапханада араб Шығысының мәдениеті мен тарихына байланысты 60 мыңнан астам кітап пен 15 мыңдай қолжазба сақталған. Бұл кезеңде мешіттермен қатар керуен-сарайлар, моншалар мен тұрғын үйлер салынған. Орта ғасырдағы араб музыкасы Испанияның, Португалияның музыка өнеріне, кейбір Еуропа елдерінің музыка аспаптарының қалыптасуына әсер етті. Бұл кезде арабтардың музыка ғылымы да жақсы дамыды. 11 ғасырдың ақырына таман халифаттың ыдырауы, салжұқтардың жаугершілігі мен крест жорықтарына қарсы күрес, 13 ғасырдағы моңғол шапқыншылығы, 16 ғасырдың басындағы түрік жаугершілігі, 19 – 20 ғасырдағы Еуропа отаршылдығы араб өркениетінің дамуын күрт бөгеді. Бірақ кезінде қатты дамып, жан-жақты қалыптасқан араб өркениетінің Батыс пен Шығысқа еткен әсері өзіндік өшпес ізін қалдырды
Парсы тілі – руханият, хикмет пен мистика тілі. Ол өзінің осы тартымдылығы арқылы көптеген шекараларды асып өтіп, әртүрлі елдер мен құрлықтарға таралды. Ислам, ирандық-исламдық мәдениет пен өнер жайлы сөз бола қалған барлық жерде парсы тілі теңдессіз асыл тастай жарқырайды.
Осыдан біраз уақыт бұрын Алматыдағы Абылайхан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті Иран, Қазақстан, Ресей, Армения мен Тәжікстаннан келген парсы тілі мен әдебиетінің 30 ұстазын қабылдады. Қазақстандағы ИИР-ның мәдени өкілдігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абылайхан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің өзара әріптестігімен және Қазақстан мен Иранның жауапты қайраткерлерінің қатысуымен "Парсы тілінің Қазақстан, Орта Азия мен Кавказдағы өткені, бүгіні мен ертеңі" атты форум өтті.
ИИР-ның Парсы тілі мен әдебиеті мәдени орталығының басшысы доктор Ғұламәли Хаддадәділ осы форумға жолдаған жолдауында: "Парсы тілі мен әдебиеті ұстаздарының парсы тілі, оны үйретудің жолдары мен тәсілдері, сондай-ақ оны дамытып-нығайту жөнінде ой бөлісіп, пікір алмасу үшін Қазақстанда жиналуы көңілге қуаныш ұялатады. Парсы тілі өткен ғасырларда Азияның кең ауқымды бөлігін қамтып, Таяу Шығыстан Орта Азияға дейінгі аралықта, Қытайдың оңтүстігі мен Үндістан түбегінде көптеген ғалымдар, әдебиетшілер мен мәдениет сүюшілердің тілі болды",-деді. ИИР-ның мәдени өкілі тарапынан оқылып шыққан доктор Ғұламәли Хаддадәділ өз жолдауының соңында: "Көптеген айтулы тұлғалар, ұстаздар мен зерттеушілердің осы форумда бас қосуы парсы тілінің Қазақстандағы даму жолын жеңілдетуге септігін тигізеді деген үміттеміз. ИИР-ның Парсы тілі мен әдебиеті мәдени орталығының төрағасы өз кезегінде осы жолды іздеушілермен өзінің барлық тәжірибелері мен жетістіктерін бөлісіп, аталмыш мақсаттың орындалуына көмектесуге дайын",-делінген.
Абылайхан атындағы университет ректорының ғылыми-зерттеу істері жөніндегі орынбасары Эльмира Наурызбаева ағымдағы жылдың 1-2 маусымында Алматыда өткен "Парсы тілі" форумында парсы тілінің әлемдегі ең үлкен әдебиетті өз атына тіркей алғандығын айта келіп: "Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері парсы тілі осы елдің университеттерінде оқытылады. Қазақстан тарихының 80 пайыздан астамы парсы тілінде жазылған. Жүргізілген зерттеулер нәтижесі бойынша қазақ тілінде парсы тілінен алынған 3060 сөз бар",-деді.
ИИР-ның Мәдениет және исламдық байланыстар ұйымының төрағасы доктор Мұхаммад Бақер Хоррамшад "Парсы тілінің Қазақстан, Орта Азия мен Кавказдағы өткені, бүгіні мен ертеңі" атты форумда сөйлеген сөзінде парсы тілін атақты шайырлардың тілі деп атады, сондай-ақ аталмыш шайырлардың өткен мен бүгінге ғана емес, келешекке де тиесілі екендігін атап өтіп: "Қытай, Үндістан, Пәкістан, Орта Азия елдері, Түркия, Кавказ бен Балкан елдерінің кітапханаларында парсы тілінде жазылған әртүрлі қолжазбалар бар. Парсы тілінде жазу және каллиграфия жаңа өнер түрін тудырды. Қазір де парсы тілінде өлең жазу парсы әдебиетінің көрнекті тұлғаларының арқасында жалғасын табуда. Шахриярдың өлеңдер жинағы – солардың бірі. Бүгін әртүрлі елдер, соның ішінде Латын Америкасы елдерінде парсы тілін үйренуге деген ынта байқалуда",-деді.
Хоррамшад парсы тілі мен әдебиетінің ертеңгі мақсаттарын санамалай келіп: "Парсы тілі ресми тілдердің бірі ретінде тіркеліп, ғылым мен технологияның дамуына байланысты қайтадан Ислам әлемінің екінші тілі саналады. Сондықтан мүмкіндігінше парсы тілінің таралуы аясы кеңейтіледі деп үміттенеміз",-деді. Ол, сондай-ақ: "Қазақстандағы ИИР-ның мәдени өкілдігі университеттер мен Мәдени өкілдіктің өзінде парсы тілін үйрету курстарын өткізуге дайын",-деп мәлімдеді.
Парсы тілінің мүмкіндіктері және жаһандану кедергілері, шетелдіктерге парсы тілін үйрету тәсілдері, Ислам діні мен мәдениетінің Қазақстанда таралуындағы парсы тілінің тарихи рөлі, Иранның тарихи болмыс-бітімін сақтаудағы парсы тілінің рөлі мен ұлттық сана-сезім – осының барлығы "Парсы тілінің Қазақстан, Орта Азия мен Кавказдағы өткені, бүгіні мен ертеңі" атты форумға қатысушы парсы тілі мен әдебиетінің ұстаздары екі күн бойы талқылап, өздерінің жаңа зерттеулерін ұсынған өзекті тақырыптар болды.
Ардақты ағайын, "Парсы тілінің Қазақстан, Орта Азия мен Кавказдағы өткені, бүгіні мен ертеңі" атты форумы негізінде парсы тілі мен әдебиетінің рухани тартымдылығы мен парсы тілінің Қазақстандағы қазіргі жағдайы жайлы сөз қозғауды жөн көріп отырмыз.
Парсы тілі мен әдебиеті исламдық Иранның бай мәдениетінің түрлі түсті нақыштарын көрсетуші құрал болып табылады. Парсы тілі – руханият, хикмет пен мистика тілі. Ол өзінің осы тартымдылығы арқылы көптеген шекараларды асып өтіп, әртүрлі елдер мен құрлықтарға таралды. Ислам, ирандық-исламдық мәдениет пен өнер жайлы сөз бола қалған барлық жерде парсы тілі теңдессіз асыл тастай жарқырайды.
Құран, хадис пен фикх, философия және мистиканың ұлы тұлғаларының сөздері парсы тілі мен әдебиетінің ажырағысыз бөлігі болып табылады. Парсы әдебиетінің барлық құнды туындылары адам баласының болмысымен астасып, оның рухын биіктете түсетін рухани тартымдылыққа толы. Моулави "Маснавиінің" әрбір парағы, Хафиз өлеңдерінің әрбір құнды бейті, Сағдидің хикметке толы насихаттары, Фердоуси "Шахнамасының" даналыққа толы нұсқаулары – осының барлығы бүгінгі адамды парсы әдебиетінің миуалы бағына кіргізіп, шындық, дұрыстық пен рухани биіктіктен дәм тарттырады.
Мәскеу университетінің мәдениеттанушы ұстазы Ирина Абраменко: "Парсы поэзиясы мен әдебиетінсіз рухани өсу мен мистика жайлы сөз қозғау мүмкін емес. Тіпті осы дүниенің ғашықтығын жырлайтын Низамидің "Ләйлі-Мәжнүн" мен "Хосроу-Шырын" сияқты поэмалары мен Иранның ең маңызды эпикалық кітабы болып табылатын Фердоусидің "Шахнамасы" да руханияттан кенде емес. Бұл еңбектерден мистикалық мағынаға толы бейттерді көптеп кездестіруге болады",-дейді. Доктор Абраменконың пікірінше, "Құдай, ғашықтық пен адам – парсы әдебиетінің маңызды үш рухани тартымдылығы. Бүкіл болмысты қамтитын құдайды тану, ластық пен жамандықтан тазартатын ғашықтықты тану, бүкіл дүние оның кемелденуі үшін жаралған адамды парсы тілі мен әдебиетін танусыз мүмкін емес".
Кең байтақ жері бар қазақ елі тарих бойында Иран мәдениеті және өркениетімен үнемі байланыста болған. Бұл ұлан-ғайыр жерде Иран мен Тұран тайпалары алыс-беріс жасап отырған. Әлі де осы кең байтақ жердің түкпір-түкпірінен Иранның бай мәдениеті мен өркениетінің белгілерін көруге болады. Қазақтар арасындағы ирандық мәдениеттің ең маңызды элементі – парсы тілі. Қазақ халқының көпшілігі әлі күнге дейін өз балаларына Рүстем, Аспандияр мен Бижан сияқты Иранның эпикалық батырларының аттарын таңдап қояды. Мыңдаған парсы сөздерінің қазақ тілінде болуы ирандықтар мен түркітілдестер арасындағы қатынастардың ежелден келе жатқандығынан хабар береді. Намаз, ораза, пайғамбар, періште мен басқа да көптеген сөздер мен атаулардың барлығының түп-тамыры парсы тілінде жатыр. Бұл сөздер әлі күнге дейін қазақ тілінде қолданылады. Бүгінде Алматы көшелерінің бойымен жүріп өтсеңіз, дәріхана, асхана, шайхана, көше және осы тектес басқа да ондаған сөздерді кездестіресіз. Бұл сөздердің барлығы парсы тілінен алынған.
Осы күнге дейін жасырын қалып, тіркелмеген Қазақстанның құнды қазыналарының бірі – осы елдің әртүрлі кітапханаларында сақтаулы жатқан әртүрлі қолжазбалар мен кітаби нұсқалар. Осы қолжазбалардың арасында әлі күнге дейін ғылыми тұрғыдан тізімге алынбаған көптеген құнды еңбектер бар. Осы нұсқалардың 85-90 пайызы парсы тілінде парсы жазуымен жазылған. Қазақ зерттеушілерінің бірі: "Қазақтар жайлы сөз етілген ортағасырлық тарихи-мәдени дереккөздердің 90 пайызы парсы тілінде жазылған",-дейді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: "Қазақтар арасында "Шахнама" мен "Ләйлі-Мәжнүн" дастандары негізінде көптеген суреттер салынған. Олар ел арасында ерекше ықыласқа ие болған. Қазақтың ұлы ойшылы әрі ақыны Абай Құнанбаев араб-парсы тілдерін біліп, дін ілімі мен Шығыс әдебиеті, әсіресе ежелгі парсы әдебиеті, Фердоуси, Сағди, Хафиз, Моулави және Низами сынды парсы тілдес шайырлармен таныс болған және өз өлеңдерінде ақындық талантын ұштау үшін осы ұлылардан медет сұраған. Абай мен басқа да қазақ ақындарының шығармашылығын зерттеген кезде қазақ-парсы ақындары арасында мазмұн-мағыналық тұрғыдан көптеген ортақтастықтардың барлығына көз жеткізуге болады",-деген пікірде.
Парсы тілі мен әдебиетінің қазақ мәдениеті мен тіліне әсері мен ондағы орнын назарға ала отырып, Қазақстанның қазіргі жас ұрпағы өз ата-бабаларының еңбектерін оқып, тану үшін парсы тілін үйренулері қажет және парсы тілінде сөйлетін адамдармен танысуы тиіс. Осы себепті соңғы жылдары Қазақстанда парсы тілі мен әдебиетін үйрету айтарлықтай дамыды. Парсы тілі мен әдебиеті Қазақстан Кеңес Одағы бақылауынан шыққаннан кейін х.қ.ж.с.б. 1368 жылы (1989 жылы) профессор Л.Рүстемовтың көмегімен Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде оқытыла бастады. Содан кейін бұл тіл басқа да университеттерде, атап айтқанда Абылайхан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті, Халықаралық журналистика униерситеті, Қожа Ахмет Яссауи мен Еуразия университеттерінде оқытыла бастады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет