Саяси элита “Элита” термині сөзінен француздың “еlite” деген сөзінен шыққан, сұрыпталған, тандалған, іріктелген деген мағынаны білдіреді. XVIII ғасырдан бастап ол сөзбен жоғары сапалы товарларды атады. XX ғ. бастап саясаттану мен әлеуметтануда білімі, байлығы, беделі, билігі жоғары адамдардың азғантай әлеуметтік тобын білдіреді. Қоғамда саяси элитаны тудыратын факторларға: 1) қоғамға арнайы білімі, тәжірибесі, қабілеті бар кәсіби басқарушылар керек; 2) адамдардың психологиялық (туа біткен) және әлеуметтік (оқу, тәрбие барысында қолы жеткен) теңсіздіктері; 3) қоғамда басқарушы еңбек жоғары бағаланады және ынталандырылады; 4) бұқара халықтың саяси енжарлығы, селқостығы (күнделікті өмірде әркім саясаттан шалғай өз жұмысымен айналысады).Саяси элита стратегиялық мақсатты айқындайды, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын белгілейді, өз жоспарларын жүзеге асырудың тетіктерін табады, қоғам алдына қойылған мақсаттардың жүзеге асуына бақылау жасайды.
Саяси элита деп қаржы-қаражатты бөлуге байланысты және саяси маңызды шешімдер қабылдауға қатысты жоғары мәртебесі мен ықпалы бар ұйымдасқан топты айтады.Билікке қатынасу дәрежесіне, билікке деген өкілеттілігінің ауқымына байланысты элита: а) жоғарғы; ә) ортаңғы; б) маргиналдық; в) әкімшілік болып төртке бөлінеді.
Жоғарғы элитаға биліктің жоғарғы сатыларында орналасқан, ең маңызды шешімдер қабылдауға тиісті тұлғалар жатады. Бұған жататын адамдардың тізімі өте-мөте шектелген болады. Дамыған Батыс елдерінде орта есеппен елдің көлемінде бар жоғы 50 ғана элита мүшелері басты шешімдерді қабылдап, саяси басқарудың негізгі мәселелерін анықтап отырады екен. Белгілі бір дәрежедегі табысы, білімі және кәсіби мәртебесі бар адамдар ортаңғы элитаны құрайды. Аталған үш белгінің үшеуінің де бар болуы ортаңғы элитаның өкілдеріне қоғамдағы саяси жағдай туралы, қандай саяси бағыттың дұрыс не бұрыс екендігі туралы кәсіби тұрғыда пайымдауға мұрсат береді деп саналады. Осы үш көрсеткіштің бірі болмаса бірі жетіспейтіндер маргиналдық элитаны құрайды. Маргиналдық элитаның құрамы өзгермелі болады, өйткені жетіспейтін көрсеткіштердің орны толғандары ортаңғы элитаға енеді. Әкімшілік элитаға мемлекеттік қызметкерлердің ең жоғарғы қабатына жататындар (үкімет мүшелері, министрлер, ведомстволар мен комитеттердің басшылары) кіреді.
Саясаттануда элитаны сұрыптаудың негізгі екі жүйесін атайды: антрепренерлік жүйе және гильдияр жүйесі.
Антрепренерлік (франц. еntrepreneur – кәсіпкер) жүйе бойынша элитаға кандидаттар әркімнің жекебасының қасиеттеріне байланысты сұрыпталады. Бұл жүйенің артықшылығы оның ашықтығында, формалдық шарттарының аздығында, соған орай әлеуметтік қабаттардың қай-қайсының да өз кандидаттарын ұсынуға мүмкіндігі болатындығында. Антрепренерлік жүйе көптеген кандидаттар ұсынылып, олардың арасындағы өткір бәсекенің болуын қалайды.
Гильдиялар (нем. gilde – бірлестіктер) жүйесі элитаға кандидаттың билік баспалдағымен біртіндеп, төменнен жоғары қарай сатылап көтерілгенін қалайды. Бұл жүйе кандидаттарға көптеген формалдық талаптар қойып, оларды белгілі бір әлеуметтік топтардан (сословиеден, таптан, кастадан және т.б.) не әлдебір партиядан сұрыптайды. Гильдиялар жүйесі, консервативтік жүйе ретінде сипатталады. Сондықтан элитаның қатары біртекті, тұйықталған болып келеді және біртіндеп жабық кастаға айналып тынады. Сонымен бірге оның артықшылықтары:элита арасындағы қақтығыстарға жол бермейді, саяси шешімдердің қабылдануы мен іске асуында белгілі бір реттілік сақталады, орынсыз тәуекелге жол берілмейді. Бұл жүйе көбіне тоталитарлық саяси режімдерде қолданылады.