Жанқожа батыр ауылы – ауыл, Арықбалық ауылдық округінің орталығы. Әйтеке би кентінен батысқа қарай 32 шақырым жерде, Сырдария жайылмасының қамыс, құрақ басым өскен шалғынды сортаң топырақты шөлді белдемінде орналасқан. 1962-97 жылдары қаракөл қойын өсіретін Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшардың орталығы болды. Ауыл 19-ғасырда осы өңірде (Сыр бойында) өмір сүрген ұлт-азаттық көтерілістің басшысы болған Жанқожа Нұрмұхамедұлының есімімен аталған.
Жанши – артезиандық құдық. Арал теңізінің шығысында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Ши маңындағы құдық» мәніндегі атау.
Жаңаарық – канал. Қазалы қаласының оңтүстік-батысында, Сырдария өзеннің аңғарында. Жаңадан қазылған канал болғандықтан осылай аталып кетсе керек.