Бақылау сұрақтары:
Тоқпақтың қызметі қандай?
Адарғының қызметі не?
Күзу байлау қалай орындалады?
Қайшы, пышақ қызметі қандай?
Дәріс №4 Тақырыбы: Кілемдердің ою-өрнектерінің эскизін әзірлеу.
Мақсаты: Кілемге түсірілетін суреттер мен ою-өрнектердің шығу тегіне мәлімет. Ою-өрнектердегі түстердің үйлесімділігін анықтау.
Дәрісті өткізу түрі: Ақпараттық.
ТОҚ, мультимедиялық әдістер: Таратпа материалдары
Жоспары:
Кілемге түсірілетін суреттер мен ою-өрнектердің шығу тегіне мәлімет.
Геометриялық, өсімдік, ғарыштық және жан-жануарға байланысты ою-өрнектер суреттері.
Ромбалы геометриялық ою-өрнектерге мүйіз тектес ою-өрнектерге сипаттама.
Ою-өрнектердегі түстердің үйлесімділігі.
Кілем үлгісінен өрнектерді санап түсіру.
Суреттердің раппортын, мазмұнын талдау.
Әдебиеттер:
1. Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері.- Алматы: Өнер, 1987.-128 бет.
2. Әбдуалиева Ш. Халық қолөнері. -Алматы: Рауан, 1992.-120 бет.
3. Изтилеуова А.Ш., Көбенов М. Кілем және гобелен тоқу шығармашылық негіздері практикумы. Әдістемелік құрал Шымкент ЮКГУ 2004 ж
4. Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. –Алматы: Қазақстан 1995.-256 б.
5. Мұқанов К. Жүннен жасалатын бұйымдар.Алматы: Қайнар, 1990.-144бет.
Көне заманнан қазіргі кезге дейін халықтың тұрмыс дәстүрімен тығыз қайнасып, өмір сүріп келе жатқан өнердің бір түрі, ол қолданбалы өрнек өнері.
Қолданбалы өрнек өнері ғасырлар бойы қазақ халқының бейнелеу өнерінің жеке түрі болып келеді. Үй үшін, үй тұрмысына қажетті заттарын, ұлттық киімдерді, тері бұйымдарды әшекейлеудегі негізгі мәнерлі өнер әдісі ою өрнек салу.
Кілем бетіндегі сан қилы сәнді өрнектер-көшпелі халықтың өмір шежіресін баяндайды. Бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі, көшпелі елдің ағаш үйі, мал қорасы, ескі қорғандар, жүзім баулары, бәрі-бәрі осы кілем өрнектерінде бейнеленіп тұр. Кілемдегі суреттер шартты түрде бейнеленгенімен, онда өмір шындығы айқын аңғарылады. Біз білетін деректер: тоқылатын кілемдердің ішінде Түрікменстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Қазақстанның кілемдері өздерінің көрнектілігі жағынан басқа халықтың кілемдерінен көш ілгері. Өйткені, ұлттық кілемдер – осы республика қолөнерінің төл туындысы, негізгі түрі.
Түкті және тықыр кілемдердегі салынатын үлкен гүлдері – «күмбез», жиектеріндегі текшелі өрнектері – «қорған» деп аталады. Оны қуалай күлгін түсті «су» өрнегі жүргізіледі. Бұлар зәулім күмбезді, тас қамалды, қорғанын қуалай су жүргізілген қаланы бейнелеп тұр. Ою-өрнектерді белгілі мазмұнға құру кілемдермен бірге текеметте де орын алған. Кейде ортаңғы гүл-күмбездердің орнына «түлкі ілген бүркіт», жан-жануарлар, табиғат көріністері салынады. Геометриялық өрнектер де көп қолданылады, ішінара көгеріс өрнектері пайдаланылады.
Кілемдердің ою-өрнектік элементтері бұл өрнектердің бөлінбейтін бөлігі, мотив ірі және аяқталған композиция. Гүлдер деп аяқталған және бекітілген мотивтер аталады.
Әдетте, элементтер мен мотивтер өрнектің өзі сияқты мынадай түрлерге бөлінеді:
- өсімдік тектес: гүл, ағаш, жапырақ және т.б.;
- жануарлар тектес: кұстардың ізі, ботакөз, мүйіз және т.б.;
- заттық: тұмарша, балдақ, сырға, тарақ және т.б.;
- космогониялық: жұлдыз, айшық;
- геометриялық: ирек, кереге бас;
- сәндік немесе көмекші: геометриялық денелер, мысалы, төрт бөлікке бөлінген шаршы.
Қазақ халқының түкті кілемдері композицияларында орталық алаң - қазық және шеттік жиектер - қорған немесе қоршау дәстүрлі бөлінуі сақталынады.
Кілемдердің жабық композициялық кұрылымдарының ерекшелігі орталық симметриялық алаңдарда әр түрлі геометриялық формалар жұка желілі контурмен жиектеледі, ал кейбір жағдайларда онша көп емес жолақ, ала жіп жүргізіледі, ол тыныштықты білдіреді. Ою-өрнектік элементтер омыртқа, ағаш, мүйіз, гүл және т.б. екі осьті симметриялы кілемдік жүйеде тікелей немесе шаршылық торда (параллель немесе шахмат тәртібінде кілемнің көлденең осінде орналастырылады. Осы орналастырылған ою-өрнектің түріне қарай кілемнің орталық алаңы негізгі түкті мынадай болып ерекшеленеді:
- көпбұрыштардан ромбылардан (шаршы ою), шаршылардан, алты бұрыштардан, сегіз бұрыштардан және т.б. тұратын ою-өрнектер кілемнің орталық осіне екі немесе үш қатарда тік немесе рапорттың ромбылық торына байланысты орналастырылады (кілемнің бұл типі кілем тоқудың барлық өңірлері үшін сипатты);
- кілемнің орталық осіне үш-төрт крест түрлі денелер немесе баспалдақты шаршылар, қошқар мүйіз өрнегімен біріктіріледі (Қызылорда, Маңғыстау);
- өсімдік тектес ою-өрнектер кұс немесе жануарлардың бейнелері мен үйлестіріледі (XX ғасырдың екінші жартысына, Қызылорда облысының шығыс аудандарына сипатты).
- жұлдыз (шатыргүл) өрнегі үш немесе төрт бейнемен кілемнің орталық осіне, ал кейде раппорт торынан тікелей екі қатарда орналастырылады (Онтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл облысының батыс аудандары);
- сирек қазақтың медальондық кілемдеріне «классикалық» кілем сызбасы орталық алаңмен және ортадағы медальонмен, бұрыш секторларымен және бірнеше жолақтың шетімен біріктіріледі;
- қазіргі кілемдік композицияларда бұғылардың, әтештердің,
аққулардың, гүл салынған кұтылардың бейнелері кездеседі; бұл кұбылыстар уакыттың белгісі, бір жағынан халықтың кілем тоқушылардың тілегін білдірсе, екінші жағынан кілем тоқу өнерінің әр түрлі елдермен таныстығын білдіреді.
Қызыл түстің басымды болуы күнді, өмірді, куанышты бейнелейді; көк - күннің, судын түсі тұрақтылық пен сенімділікті білдіреді; сары алтынмен біріктірілген; кызыл коңыр түс - күннің шығуын көрсетеді; жасыл күнарлылықпен байланыстырылады; ақ - касиетті деп есептеледі.
Қазақ кілемі өрнектерінің ішінде зооморфтық оюлар да көп. Мысалы, “сыңар мүйіз”, “иттабан”, “көбелек”. Мұнымен бірге геометриялық өрнектер де кездеседі. Қазақ тұрмысында: масаты кілем, жібек кілем, тықыр кілем, қалы кілем, қара кілем, бұхар кілем, терме кілем, түрікмен кілем, парсы кілем, алаша кілем, шешенгүл кілем, жолақ кілем, шатыргүл кілем, мәскеугүл кілем, мақпал кілем, қараман түр, талас кілемі, ақтаңлақ кілем, шашақты кілем түрлері көп тараған. Қазақстанда тоқылатын кілемдердің түрлері де, атаулары да өте көп, көне заман деректерінде де олар осы күнгі атаулармен аталған.
Достарыңызбен бөлісу: |