Ж. Б. Абылхожин (Негізгі бөлім)



бет2/6
Дата31.12.2019
өлшемі404 Kb.
#55034
1   2   3   4   5   6

Адамзат баласы жаратылғаннан-ақ онымен бірге «тарихилығы» қатар тұрған еді. Тарихи сананың пайда болуының рухани алғышарты – қоғамдық индивидтің (адамзаттың) өзін табиғат әлемінен бөліп алып және одан айырыла білген кезінен басталды.

Өркениеттің елең-алаңында рудиментарлық формада пайда болған сана уақыт өте келе мүлдем өзгергені соншалық, тарихи емес сана (миф) мен тарихи (Джамбаттиста Вико негізін қалаған тарихилық) сана арасында сына пайда болды. Сырт қарағанда бір-біріне қарама-қарсы көрінетін адамның экзистенциальдық санасы шын мәнісінде, тарихилықтың «бастауы» мен «соңын», қоғамдық индивидтің тарихи шындыққа практикалық және теориялық қарым-қатынасының формасы болатын.

«Тарихи емес» (миф) формасының өзінде-ақ тарихи сана – Жер бетінде табиғи жаратылыстан мүлдем өзгеше – әлеуметтік, яғни тарихи әлемнің пайда болғанын көрсетті.

Демек, тарихи сана – табиғаты кереғар бола тұрып – кез-келген дәуірдің мәдениетінің дүниетанымдық сипаты болып табылады. Бұл – мәдениеттің өзінің тарих жемісі, нәтижесі болғандығында емес, оны тану барысында белгілі бір кезеңді, әлеуметтік тәжірибені, оның негізі болған тарихи тәжірибені кездестірер едік. Тарихи сана адамзат қоғамының әр кезеңіндегі материалдық және рухани мәдениеттің белгілерін көрсетер айшығы.

Кеңістік-уақыттық ұғымның қалыптасу тарихы екі фазадан өтеді. Алдымен уақыт өте келе, күн мен түн, жыл мезгілдерінің өзгеруі, аспан жұлдыздарының орналасуы адам жадына түсіп, ол адамның қоршаған табиғи ортаға деген бейімделу процесін көрсетеді. Осы процестің екінші фазасында адам практикалық әрекетін мақсатты түрде жүргізуі барысында өзін танып, саналы тіршілік иесі ретінде түсініп, тарихи санасын «туғыза» бастайды.

Адамзаттың әлеуметтік табиғатының қозғалысы оның биологиялықтан тыс жоғары қабілетін көрсетеді. Бұл қабілет тарихи санада ғана өзінің барабар қалпына ие болады.

Интеллектуалдық әрекеттің өзі – адамзаттың ұжымдық игілігі. Адам табиғаты тарихи тұрғыдан қарағанда барлық іс-әрекеттердің (өзара қарым-қатынастар, жадты дамыту, индивидтің ұжымдық қол жеткен тәжірибені меңгеруі, т.б.) жинағы.

Бұл мұра ұрпаққа «табиғи» жолмен емес, тарихи тұрғыда, тәрбиелеу механизмі бойынша өтеді. Мұның өзі білім атаулының тарихылығын көрсетеді. Тарих жемісі сонымен бірге, қоғамдық индивидтің тарихи жад негізінде жинақталған тәжірибені қорытуынан, сіңіруінен көрінеді. Осы тұрғыдан қарағанда тарихи процесс – адамның тарихи, әлеуметтік табиғатын жасау, қалыптастыру, құру процессі. Өзі мұрагері болып отырған өткенді ойша қалпына келтіру арқылы қоғамдық индивид, шын мәнісінде өзінің қалыптасу процессін жасайды.

Мұның бастауы архаикалық кезеңнен таралады. Осы кезеңде адамзат барлық нәрсенің шығу тегін, жаратылыстың ғана емес, өзінің де болмысын айқындауға, мәнісін білуге, яғни тарихи ойлауды «ұйымдастыра бастады». Қайдан? Неден? Қайда? деген сұрақтар ежелгі адамзаттың саналы тіршілік иесі ретіндегі ішкі болмысын айқындайтын. Сан тарау сұрақтар, білуге ұмтылыс алғашқы қауымдық діни-наным, сенім мен мифологияны әкелді. Мұның өзі тарихи сананың мифологиялық түрі еді. Ерекше сипаты саналы емес, уақыт ағымынан, яғни «тарихтан» «қорыққан», инстинктивті сана болды.

Тарихи сананың қалыптасуы әлемдік мәдениет тарихындағы (кең мағынасында) ерекше мәні зор жаңалық. Қоғамдық индивидтің өзінің, тарихи жадтың жалғаспалылығын, өзі «мәнге» ие болып және ойлай алып, өмір сүретінін түсіне, сезіне алуы жатты. Адамның табиғат әлемінен шығып өзін айыра білгендігі, тарихи мәдениетінің деңгейі осыдан көрінетін. Қоғамдық индивидумның әлеуметтік рефлексиясында дамыған тарихи сана – ең соңында жоғары рухани және этикалық құндылықты туғызды. Адам жақсылық пен жамандықты айыру үшін, өзін қоғамдық жан ретінде айыра білуі керек; адамдық, адамгершілік қағидаттарды қалыптастыру үшін өзін тарихпен байланыстыруы керек, тарихи бірлікте қарауы қажет. Әлеуметтік-тарихи сананың дәстүрлілік (өткенді аңсау) және прогреске сенім идеясы осы ұғымнан туындаған [8, 11 б.].

Тарихи сананың қалыптасып, дамуына мифологиялық және дискурсивті (пайымдаулық) одан әрі фольклорлық және жазба ойлау зор ықпал етті. Ол ХІХ ғасырдың ортасында Германияда тарихтану мектебінде тарихилық (историзм – немістің Historismus) принципінің пайда болуына үлкен әсерін тигізді. Ең соңындағы адамзаттың «тарихи санасы» тарихшы М.А. Барг пікірінде дәл пайымдалған: «Мифтегі тарихқа «төзбеушіліктен» бастап, тарихтың кейінгі түрлі формаларынан ойша қашудан – ең соңында ғылыми негізделген тарихи оптимизмге бет алу, сөйтіп өзінің ұғымына толық сай келетін тарихилыққа жету – адамзаттың өз тарихының мәнін іздеудегі сара жолы» [8, 11-12 бб.].

Тарихи сана туралы теориялық пайымдауларды тарқатуды жөн көреміз. Психология ғылымы адамды хайуаннан айыратын басты белгілердің бірі – оның өзінің «өткенін», «тарихын» саналы түрде ұмытпауы, жадында сақтауы деп анықтайды [21]. Бұл «өткен», яғни «тарихи жад» адам баласының өзін-өзі тануы, өзін-өзі сезінуі. «Өткенді» ұмытпауы – адамның өмір сүрген қоғамының таным-деңгейіне қарай оны реконструкциялау процедурасын туғызған. Бұл «қалыпқа» салынған тарихи сана. Тарихи сананың әр түрлі, әр деңгейдегі мазмұны (өткен өмір туралы «білімді» іріктеп, сұрыптап немесе барынша толығырақ сақтауға тырысу – «тарихи деректердегі ақпараттар») мен формасы (адам санасының, қоғам мүшелерінің қарым-қабілетіне, дамуына, қабылдау мүмкіндігіне байланысты – миф, эпос, аңыз, шежіре, жылнама, анналдар, хроника, ең соңында тарихи ғылыми зерттеулер т.б.) анықталған.

Тарихтың, тарихи сананың пайда болуының себебі – адамзаттың өзін танығаннан бастап, өзі туралы біліп қана қоймай, оны артындағы ұрпағына қалдыруға ұмтылысынан және ата-бабаның өткен өмірін білу арқылы, өзінің бүгінін түсінуге тырысу талабынан туындады. Мұның барлығы адамзаттың жаратылысы, оның табиғи-адами психикасының бір қыры.

«Тарихи сананы» түсіну үшін «тарихилық» принципін ашқан ғалымдар оны үш принцип бойынша зерттеуді ұсынды. Мұны интеллектуалдық тарихтағы тарихи жад мәселесін зерттеген Л. Репина мынадай етіп анықтайды: «...Алғашқы, және олардың арасындағы салмақтысы – бүгінгі заман мен өткен кезеңдердің өзгешелігін ажырата, толық сезіне білу. ...Күнәлардың бастысы, өткен заманның адамдары да біздер сияқты және біз тәрізді ойлады деген аңғал сенім еді. Тарихшының ең маңызды қағидасы: «өткен – бұл мүлдем бөлек әлем». Бұл айырманы табудың, анықтай алудың өзі, біздің бүгінгі түсініктерімізді, сезімдерімізді өзгерте алады. Алайда бұл тарихшыларға жеткіліксіз. Олардың мақсаты – ол айырмашылықтарды табу ғана емес, оларды түсіндіру, бұл дегеніңіз – олардың «тарихи ортасына» ену деген сөз. Сонымен, тарихи сананың екінші сыңары мәтін (контекст). Зерттеу тақырыбын нақты қоршаған әлемнен бөліп алуға болмайды – тарихшы жұмысының қағидасының негізгісі осы. Бұл – барынша терең, жан-жақты білімді қажет ететін қатаң талап және сонысымен ол кәсіби тарихшыны әуесқойдан ажыратып береді.

Тарихи сананың үшінші маңызды аспектісі тарихилық – тарихты процесс ретінде түсіну, яғни уақыт ағымындағы құбылыстардың өзара байланысы – өткеннен бүгінге қалай жеттік? – сынды жалпы сұрақтардың жауабына жол табады. Бұл жол өрлеу, құлдырау және өзгерістер процесінде қалыптасады, және тарихшының міндеті оларды ашу болып табылады» [21, 30-31 бб.].

«Тарихи сананы» меңгеруге пайымдалған тарихи көзқарас қажеттігі, оны түсіну, зерделеу тек кәсіби маман тарихшының қолынан келері алдымыздан шығып тұр.

Сонымен, тарихи сана дегеніміз, қоғамның және оның жекелеген әлеуметтік топтарының өзінің өткені мен адамзаттың өткен тарихы туралы таным-түсініктері болып табылады.

Тарихи сананы қалыптастыру тарихи жадты сақтаудың қай кезеңде де зор маңыздылығынан көрінеді. Алдымен ол, адамдардың белгілі бір тобын, қауымдастығын өздерін тарихи тағдыры, тілі, мәдениеті, психологиясы, менталитеті ортақ біртұтас халық ретінде сезінуінің ұйытқысы болады. Өз тарихи дамуының түрлі кезеңдерінде тайпалар, халықтар өткенін түрлі нұсқа-сұлбадағы (ауызша туындылар, материалдық ескерткіштер, көркем туындылардан ғылыми зерттеулерге дейін) мұралар түрінде сақтауға тырысып, өздерін белгілі бір ұлт ретінде айқындайды.

Кешегі ХХ жүзжылдықтың, жалпы адамзаттың оған дейінгі сан ғасырлық тарихы ұлттық-тарихи сананың халықтың өзін-өзі сақтауының қорғаныштық әрі қорғаныстық болмысын дәлелдеп берді. Егер оны жою шаралары жүргізілсе, халық өзінің өткенімен бірге болашағынан айрылады. Бұл - тарихи тәжірибеде әлдеқашан дәлелденген факт. Өркениеттер, мемлекеттер қақтығыстарында жауласушы екі жақтың идеологиясы қарсы жақтың жадын жоғалтуға тырысқан. Күші басым халықтардың әлсіздерге басқыншылық әрекеттерінде мұндай шабуылдар алдымен жүргізіледі. Бұл көне заманнан бастап қазіргі кезге дейін жалғасқан тарихи санаға қарсы күрестің болмысы.

Халықтың өмір сүруі барысында өткеннің «образы» арқылы, сондай-ақ тарихи жадты сілкінткен аласапыран күрделі кезеңдерде, біртіндеп сол халыққа қатысты қоғамдық мәні бар нормалар, дәстүр мен салт, пайым қағидаттары, моральдық-адамгершілік құндылықтар сұрыпталып, сараланады. Нәтижесінде халықтың өзіне тән тарихи санасы қалыптасып, оның ұлттық бітім-болмысын анықтаушы фактор пайда болады. Мұндай ұйыстырушы нормалар жиынтығынсыз халық жәй «тобыр».

Өткеннен келіп, халықтың тарихи жадында қорғалған тарихи-моральдық «ұлттық» құндылықтар оның (халықтың) өмір сүруінің кепілі.

Мұнысымен тарих өзіне әрқашан зор жауапкершілікті талап етпекші. Өткенді жаппай мансұқтау және бүгінге күмәндану белең алса, қоғамның санасында сенімсіздік, үрей мен астаң-кестең қаратүнек кезең орнайды. Адамзаттың табиғи ерекшелігін аңғартар қоғамдық сананың Һәм негізгі формасында анықталған тарихи сана, өзін туғызған саналы жаратылыс иесімен бірге келеді. Ол әр халықтың (адамдар қауымдастығының жемісі) ұлттық қорғаныштық қабатына айналған. Тарихи сананы адамзат тарихында түрлі саяси-идеологиялық мақсаттарға қатыстыру соның айғағы. Тарихи сана өзінің өмір сүруі барысында әлеуметтік, танымдық функцияларын қатар атқарады. Тарихи танымның «қарапайым» үлгілерінің сақталуы, сол бағытта дамуы «тарихи сананың» әлеуметтілігінен, «қоғам мүшелерінің тек тарихшы қауымнан құралмағаны». Заманауи техникалық құралдар арқылы мемлекеттің бұқаралық «тарихи сананы» орнықтыру, дамыту әрекеттері, түрлі шығармашылық өкілдерінің тарихи тақырыптағы көркем туындылары, қоғамның «ашық аспан астындағы мұражайлардың» өмір сүруіне мән беруі, қай халықтың да тарихқа, «тарихи ойлауға» тым әуестіктері, т.б. пікіріміздің дәйектері.

Адамзат ұрпағының табиғатындағы «саналылықтан» (өзіне үңілу) пайда болған тарихи сана әлеуметтік функцияны орындап, одан әрі тарихи білімнің ең биігі ғылыми тарихи танымды қалыптастырды. Объективті тарихи шындықтың қолданыстық және теориялық бірлігін пайымдайтын тарихи сананың күрделісі – ғылыми тарихтану. Сонысымен ол қоғамның тарихи санасын реттеуші, адастырмаушы, бағыт-бағдар сілтеуші мәртебесіне ие болады. Қорыта айтқанда, «тарихи сананың» басты белгісі оның адамзат жаратылысына ғана тән екені. Мұнымен ажырағысыз келесі шарты – оның сол адамзат қоғамымен, белгілі бір халықтың өзі мен өткеніне тығыз байланысты болуы.

Жадты тарихи танымда қарастырудың маңызды мәселесі оның ақпараттарын тарихи дерек ретінде пайдалану мәселесі. Тарихи ақпараттардың тарихи деректік қабілетін анықтап, оларды ғылыми айналымға енгізу тарихи деректанудың маңызды мәселесі. Былайша айтқанда, тарих ғылым ретінде құжаттық айғақтарды тану мәселесін игеруі қажет. Осы құжаттық деректерді талдауға деген алалық, тарихты, тарихи өткенді танудың аса маңызды деректемелерін шеттетіп тастады.

Мәселе жадқа түсетін және жад арқылы сақталып, жеткізілетін ауызша деректер, ауызша тарих, естеліктер жайында болып отыр. Жеке адамдық құжаттар ретінде барынша субъективтілігімен тарихшылардың «қаһарына» ұшыраған тарихи деректемелердің маңыздылығы өткен кезеңді жан-жақты танып, зерттеуге қосатын зор үлесінде.

Зерттеуші Д.П. Урсу [23], жадқа негізделген ауызша деректемелер, ауызша тарих жайында өз зерттеулерімен назар аудартады. Мұнда ауызша құжаттық деректердің, халық жадына түскен тарих хроникаларының табиғаты, сыныпталуы, түрлері мен ерекшеліктері талданады. Ұрпақтан ұрпаққа жад пен құлақ арқылы өткеннің іс-әрекеттерінің үлгісін сақтауға, жеткізу әрекеті, тарихи сананың көрінісінде өмір сүріп, халық жадындағы тарихи білімге айналған. Бұл дәстүрлі ауызша тарих болатын. Ал ауызша тарихтың пайда болуы мен даму кезеңдері зерттеушілер пікірінше, ауызша тарих (oral history) алыс шетелде ХХ ғасырдың екінші жартысынан тарих ғылымында өзін көрсете бастайды. Жаңа сөз тіркесін ағылшын тілінде 1948 жылы Колумбия университетінің профессоры А. Невинс енгізді [23, 4 б.]. Ол сөз тіркесін тарихи оқиғаларға қатысушылардың жадында сақталған естеліктерін жинау мен пайдалануға арнайды. Кейін термин ғасырлар бойы жад арқылы ауыздан-ауызға жеткен дәстүрлі ауызша тарихтың барлығына, үнтаспадағы естеліктерге, осы деректер бойынша жазылған арнаулы әдебиеттердің бәріне қолданылды. Кейде ол ауызша деректер, ауызша тарихи дәстүрлер, ауызша куәландыру деген түсініктермен алмасып, бірде синоним, бірде мағынасы өзгеше сөздер болып өмір сүре берді. Дегенмен, бүгінде шетелде ауызша тарих атауы орнығып, бұл сала деректану ғылымының пәнаралық сипатын көрсететін өзгеше құбылысқа айналып келеді [23].

Д.П. Урсу Ауызша тарихтың классификациясын ұсынды:

1. Жазу-сызуы ерте дамыған Еуропа мен Азия халықтарының бір кездері ауызша, кейін тек жазба түрде сақталған тарихи дәстүрлері. Бұған орыс былиналары (батырлық жыры), солтүстік халықтарының сагалары, Батыс Еуропа халықтарының эпикалық аңыз-жырлары, араб хадистері жатады.

2. Жазу-сызуы жоқ немесе кеш дамыған Тропикалық Африканың, Океанияның, Азияның кейбір аймақтары, Американың байырғы тұрғындарының осы күнге жеткен тірі тарихи дәстүрлері.

3. Ауызша тарих бүгінгі күннің немесе күні кешегінің тарихы. Ол тарихи оқиғаны көзімен көрген және оған қатысқан адамдардың техникалық дыбыс жазудың түрлі жолдарымен сақталған куәліктері.

4. Сыртқы себептерсіз болатын жаппай бұқаралық тарихи сананы көрсететін қоғамдық пікір. Қиял мен шындық аралас бұл қоспа тарихи дерек болмағанымен, тарихшыны қызықтыратын өзіндік орны бар [23, 6 б.].

Зерттеуші бұлардың әрқайсысына тоқталып, Жад пен Сөз өнеріне негізделген тарих айтудың әр халықтардағы жолдарын қысқаша талдап береді.

Мәселен, таяу шетелдерден Ресейдің бүгінгі тарих ғылымында ауызша тарихқа қатысты оң көзқарас тұрақты [24-26]. Өткен 90-жылдардан бері елдің гуманитарлық жоғары оқу орындарында ауызша тарих барлық бағыттарымен, түрлі мектептерімен толық, жүйелі түрде оқытылуда [26]. Деректанудың пәнаралық сипаты осы бір дерек түрінен анық байқалатыны мойындалды. Бұл мәселеге де тоқталу осынау ғылыми парадигманың қалыптасу эволюциясын көрсетер еді.

Ауызша тарих арнайы пән түрінде Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің оқу бағдарламасына енген [26]. Ауызша тарихты оқытатын осы оқу орнының тарих ғылымы кафедрасы дайындаған оқу бағдарламасының кіріспесінде, «ауызша тарихқа» байланысты тарихнамадағы әділетсіздік жайы сөз болып, ал бұл құбылыстың шын мәнісінде алатын орны нақты көрсетіледі.

Мәселе – тарихшы қауымның талай буынының тарихты зерттеуде және оны жазып, құрастыруда жоққа шығарып, мойындамай келген, әділетсіздікпен ұмыт қалған – «жаңа» тарихи деректі пайдалану жайында болып отыр.

Ресей тарихнамасында «ауызша тарих» оның методологиясы және әдіс-тәсілдері «дамушы елдердің» идеясы ретінде қабылданып келді. «Түпнұсқасы» ауызшаға негізделген тарихи деректер фольклорға теңестіріліп, тарих ғылымының айналымына енгізілмеді. Тарихи деректану ғылымы да тарихтың ізімен «ауызша тарихты» қабылдаған жоқ, оның табиғатын түсінуге тырыспады; мұрағаттану, археография, дыбыс құжаттарымен жұмыс істеу барысында ауызша тарих деректерінің қолданбалы аспектілерін ішінара қамтумен шектелді.

«Мифологикасы» үшін ауызша тарихи деректерді өзінен қашықтатқан тарих ғылымы өз зерттеулерін керекті құжаттардан айырды.

Бүгін таңда «ауызша тарих» ұғымы гуманитарлық білімдердің лексиконында жиі кездесетін терминге айналды. Түрлі салалық ғылымдардың, мектептер мен бағыттардың сан алуандылығы осынау терминнің интерпретациясына әмбебап сипат енгізуде. Алайда ауызша тарих дерегі туралы дәстүрлі түсінік, өткеннің түрлі оқиғаларын көзімен көргендердің аудио мен видеопленкаға жазылып алынған естеліктері деген ұғымда қалып қойғандай.

Тарих ғылымының сапалық деңгейде ілгерілеуі «Ауызша тарих» терминінің мән-мағынасын ашып беруге жол ашты: 1) тарихи материал, ауызша тараған білім мен мұра, яғни зерттеу нысаны; 2) тарихи зерттеудің бағытталған әдісі (интервью – ауызша мәдениет элементтерін құжаттандыру белгісі; қоғамда «ауыздан ауызға» берілетін білімді тіркеуге алу (жазып алу); 3) бұл әдістің нәтижесі – жасалынған тарихи дерек, ауызша өмір сүруге бейімделген дерек; 4) реквизиттері және түсіндірме-ұғымдық аппараты бар ғылыми пән [26, 4 б.].

Тарих ғылымының әдісі ретінде ауызша тарих болашақ үшін дыбыс пен бейнелеуде көрініс тапқан өткен өмірді сақтауға мүмкіндік жасайды, ресми деректерден алынған мәліметтерді толықтырады, кейде оны түзетеді, ауызша баяндалған және ауызекі сөйлеу тілінің байлығын, әуезділігін, бояуын, сұлулығын сезінуге нақты әсер етеді; жоғалған дәстүрлерді жаңғыртады, жеке тұлға мен ұжымдық жадты сақтау бағытында еңбектеніп жүрген әлем тарихшыларын біріктіреді.

Бағдарлама авторлары Ауызша тарихты оқытудың қолданбалы маңызын көрсетеді. Курстың мақсаты – ауызша тарихтың тарихы, оның методологиясы, тарихнамасы, теориясы жайында базалық білім беру. Курс үйрететін қолданыстық білім: интервью жасау аспектілерін үйретеді; сұрақ-сауалды дұрыс құрастырып, дайындау және сұрақтар қоя білу, деректанулық талдау жасау, ауызша тарихтың құжаттарына тарихи және мәтінтанулық сын әдістері, оларды ғылыми зерттеулерде пайдалана білу, жарияланым жасау, әзірлеу іс-әрекетіне дайындау.

«Экспериментсіз» ғылымнан тарих тек деректерді зерттеумен ғана емес, оны құрастырумен, жасаумен айналысатын шеберханаға айналмақ. Сондай-ақ интервью жасау, транскрибтендіру, алынған мәтінді талдау ауызша ғана емес, жазбаша мәтінді де жасау механизмдері туралы мағлұмат, түсінік көзі болып табылады.

«Ауызша тарихты» оқыту – мазмұны мен формасы дәстүрлі емес өзгеше тарихи деректі жасаудың әдісін меңгерту. Бұл өтіп бара жатқан мәдениеттің элементтерін сақтаудың тиімді құралы болып табылмақ.

Курс бағдарламасында ауызша тарих – заманауи ғылыми және әлеуметтік құбылыста қарастырылып, ал дәстүрлі ауызша тарих – ауызша тарихтың генезисі ретінде сипатталады [26, 6, 8-9 бб.].

Мұнда Еуропа, Азия, Америка халықтарының дәстүрлі ауызша тарихы, олардың фольклортану, этнология және тарих ғылымындағы «жаңа» статустары басты назарда. «Тарих» терминінің этимологиясы да (ежелгі грек тілінде «хисторио» төте аудармасы «жүріп танып-білу әрекеттері, сұрастыра жүру») ауызша тарихқа жат емес.

Тарихшы араласуымен жүзеге асатын естелік, куәгерлер мәліметтері «ауызша тарих» терминінде қалып, жаңа және қазіргі заман тарихының дерек түрінде сипатталады. Ғалымдар пікірінше, жаңа және қазіргі заман тарихындағы түрлі саяси-идеологиялық озбырлықтардың себебінен туған аштық, геноцид, тоталитаризм, репрессия, посттоталитаризм кезеңдерін, түрлі табиғат апаттарын «ел тарихын оның қарапайым мүшелерінің көзқарастары бойынша», яғни ауызша тарих бойынша құрастырып, толығырақ қалпына келтіруге болады. Бағдарламадағы Ауызша тарих деректерін құрастыру теориясы мен методикасы мынадай:

«Тарихшы мен деректанушының лабораториясы. Тарихи деректі қалыптастыру процесі. Ауызша тарих – дерек пен тарихты құрастыру тәжірибесі. Құжаттағы авторлық мәселесі. Ауызша тарих мәтініндегі тарихи сын, талдау. Транскрибтендіру – дыбыс мәтінді жазба түрге енгізу процесі (сөз дыбыстарының айтылуын дұрыс беру үшін арнаулы белгілермен көрсету).

Деректі құрастыру үшін «керекті шикізат» ақпарат жинау жолдары:

Сұрақ-сауалды құрастыру әдістері мен жолдары. Сұрақ-сауалдың ролі. Сұрақ-сауал өтіп кеткен тарихты («бөтен өткенді») тарихшының түсінігінде құрастыру әрекеті. Сұрақ-сауал «көмекшілері» – лексика, фактография, жүйелілік, құрылым. Сұрақ тарихи құжатты құрастыру стимулы. Тарихшының сұрақтары негізінде тарихи мәтіннің дүниеге келуі. Ақпарат жинау жолдары мен сұхбат формалары. Респонденттерді іздестіру, оларды іріктеу проблемасы. Респондетпен алдын-ала жұмыс істеудің мәнісі.

Сауалнаманың деонтолониясы, пайдалану, жарияланым формалары:

Сауалнама деонтологиясы – заңды, құқықтық, этикалық және ізгілік проблемалары. Ақыл-ой жекеменшігі құқығы, жасырын жазып алу, жасырын камера және жасырын микрофон қою мәселелері.

Мұрағаттардағы жұмыс және ауызша тарих мұрағатындағы жұмыстар: дыбыс жазу, қорлар құрастыру, кіру проблемасы, ақпарат құқықтығы, жарияланым және сілтеме ережелері.

Ауызша тарих және ауызша туған деректердің маңыздылығы» [283, 3-12 бб.].

Көріп отырғанымыздай, ауызша тарих дәстүрлі ауызша тарихтан өзгеше. Оның ауызша туатындығына және ретроспективтілігіне байланысты «ауызша тарих» (тарихшылар осы «ауызша тарих» терминінің қолайсыздығын сынағандарымен, әлі оны алмастырар термин таба алған жоқ – Г.Ж.) деген жалпы атауды иеленіп қалды. Алайда тарихи дерек ретінде классификация жасау барысында дәстүрлі ауызша тарихтың өзгешелігі байқалып тұрады.

Дәстүрлі ауызша тарихтың ең басты белгісі – оның бірнеше ұрпақты жалғастырып, олардың араласуымен тарихтың қорытылып берілуі, тұтастығы. Мұнда тарихшының қолдан дерек құрастыру белсенділігі байқалмайды.

Ал ауызша тарих қандай? Бұл да негізінде, жазба тарихнама туғаннан бастап бар. Тарихты жазуда түрлі оқиғаларды көзімен көргендердің куәліктері мен оған қатысушыларының естеліктерін пайдалану әрекеттері осының мысалы. Геродот пен Фукидид өздері ел аралап, көзімен көргендерден естелік, мәлімет жинап тарих жазды [27].

Тар мағынасындағы «ауызша тарих» қазіргі заман тарихы түрінде таяуда пайда болған. Басқаша айтқанда, ауызша тарихқа жаңа рең берілген. Бұл жағынан алып қарағанда, қазіргі ауызша тарихты техникалық жарақталуына (мәтінді интервью арқылы дыбыс, таспа құралдарына жазуды ұйымдастыру) байланысты ғылыми-техникалық прогрестің төлі деп түсінуге болады.

Ауызша тарихқа деген зерттеушілердің ынтызарлығы оның «халықтығында». Басым көпшілігі ресми, жазба деректерге сүйенген тарих тек академиялық тарих болып қалды. Мұндай жағдайда тарихтың әлеуметтік және танымдық функцияларының тепе-теңдігі бұзылуы орын алады. Бұқаралық сипат алатын ауызша тарихтың тарих жазуда қосатын үлесі әжептәуір екенін жоққа шығаруға болмайды.

Демек, заманауи ауызша тарихты тарихшы Джон Тош пікірімен түйіндеудің реті келіп тұр: «...Ауызша тарих – бұл тарих ғылымының тың саласы емес, жазба деректермен және материалдық объектілермен қатар деректердің жаңа категориясын талдаудың жолы, жаңа әдістемесі.

Мұнымен қоса, ауызша деректер кәсіби мамандардың, жалпы қалың жұртшылықтың қазіргі көңіл аударғанынан әлдеқайда жоғары құрметке лайықты. Олар нәтижесінде ауызша деректер болып анықталады, оларға да жазба деректердің күшті және әлсіз жақтары: детальдардың байлығы және өзгеше мағыналар, сондай-ақ мәдени стереотиптер мен саяси мақсаттармен байланысты бұрмалаулар тән. Ал бұл ауызша деректердің – ғылыми сынның дәстүрлі әдіс-тәсілдерін пайдаланатын қырлары. Онда тағы бір тартымдылық бар – бұқаралық тарихи сананың қалыптасуына терең бойлауға мүмкіндік беретіні. Бұл кез-келген тарихшыны бей-жай қалдырмас» [11, 283-284 бб.].

Алыс шетелдік тарихнамада дәстүрлі ауызша тарих туралы классикалық еңбекті Ян Вансина[28] жазса, ал ауызша тарих жайындағы классикалық еңбек британдық тарихшы Пол Томпсон үлесіне тиеді [29]. Үш мәрте басылып шыққан және орыс тіліндегі аудармасы бар Пол Томпсон еңбегінде ауызша тарихтың сипаты, ауызша тарихты дерек ретінде құрастыру, оны сақтау жолдары, пайдаланудың әдіс-тәсілдері барынша қарастырылады.

Қорыта айтқанда, адамзаттың өзінің өткенін келер ұрпаққа сақтау, жеткізу жолдары «ауыр сыннан» өтті. Ауызша тарихтың сын тезіне түсуі оның адам жадында ғана сақталуынан, адам жадымен байланысында еді. Жад табиғатының құбылмалылығынан тарих жазушылардың талай ұрпағының «қаһарына ұшырады». Мұның есесіне жазба дерек фетиштендірілді. Жазба дәстүрі жоқ халық тарихсыз, дамудың жабайылық сатысында, оларды отарлау, билеп-төстеу прогрессивті, дұрыс шешім деген теориялар адамзаттың ең басты ерекшелігін (тарихи жадын сезіну түйсігі) түсінбеуден туған пікірлер десек болғандай.

Алғашқы қауымдық құрылыс ыдырағаннан көріне бастаған тарихи сана, біртіндеп дәстүрлі ауызша тарихты қалыптастырды. Ол тұңғыш тарих жазушылар үшін тарихи және тарихнамалық дерек ролін атқарған.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2017
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Аңыз әңгімелер «Асан қайғының жерұйықты іздеуі»
2017 -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин әңгімелері
2017 -> Сабақтың тақырыбы Мен не үйрендім? Сабақ негізделген оқу мақсаты
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Жылқы. С. Мұқанов
2017 -> Сабақтарында «мнемотехника»әдісін пайдалану. №48 «Ақ көгершін»
2017 -> Оқушыны іздендіру жолы – шығармашылық
2017 -> Сабақтың тақырыбы Менің отбасым. І дыбысы мен әрпі
2017 -> Әңгіме шебері Ы. Алтынсарин
2017 -> Б.Қ. Абдыкаимова №56 «Береке» балабақшасы тәрбиеші Астана қаласы
2017 -> Қысқа мерзімді жоспары: Мұғалімнің аты-жөні


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет