Ж. Б. Абылхожин (Негізгі бөлім)



бет3/6
Дата31.12.2019
өлшемі404 Kb.
#55034
1   2   3   4   5   6

Тарих жазушылар дәстүрлі ауызша тарих мәліметтерімен қатар, өз еңбектерін тағы бір дерек түрлері ауызша тарихпен (көзбе-көз көрушілердің естеліктері) толықтырады. Бұл тарих жазудың эволюциялық жолы барысындағы түрлі тәжірибелерден, үздіксіз ізденістерден, дамудан туған табиғи-тарихи құбылыс.

Алайда кейінгі ғасырларда тарих ғылымының барынша саясилануы, тым ресмиленуі өзінің ең басты зерттеу нысанынан қашықтауына апарды. Тарих – адамзаттың, оны құрайтын түрлі халықтардың, ұлттардың тұтас өткені екені, тарих ғылымы осы процесті зерттейтін және зерделейтін қоғамдық, әлеуметтік, танымдық сипаттағы пән екені ұмытылды.

Дәстүрлі ауызша тарих, ауызша тарих – фольклортану мен этнология да, тарихи психология да, әлеуметтану да, журналистика да ғана өмір сүрумен шектелді. Тарихтануда дәстүрлі ауызша тарихтың синкретизмі ескерілмей қалады.

Оның зардабы тәуелсіздігінен айрылып қалған бодан халықтардың ұлттық тарихи зердесін (дәстүрлі ауызша тарихын) ғылыми таным тұрғысынан танып-білуде айқын сезіледі. Кез-келген ұлтты түсіну, тану үшін оның ұлттық ділін білудің, ал оның өз кезегінде халықтың тарихи зердесі екеніне баса мән берілмеді. Халықтың тарихи зердесін терең сақтаған фольклоры мен ауыз әдебиеті екені, сонысымен олардың ұлттық тарихи деректік сипаттылығына тарих ғылымы кеш келіскен тәрізді.

Түйіндеп айтқанда, ауызша тарих (кең мағынасындағы) тарихтанудағы өз орнына оралды. Ғылыми парадигманың қалыптасуы ұзаққа созылған күрделі, әр қилы кезеңдерден өтті. Адам жадына сенген тарихи өткенді баяндау үрдісі дәстүрлі ауызша тарих ретінде көрініс тапқан. Ол әсіресе дәстүрлі қоғамдарда негізгі ақпараттарды жеткізушілік ролімен қатар сақтаушы және дамытушы болып келді. Көшпенді өмір салтына бағынған халықтың тарихи зердесі осы тарихты ауызша жеткізу үрдісінде дамып келгені мәлім.

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы ұрпақтан ұрпаққа жад пен тіл арқылы жетіліп, ғылымда дәстүрлі ауызша тарих белгісінде қабылданды. Дәстүрлі ауызша тарихтың әр кезеңдердегі даму ерекшеліктері бар. Жазба дәстүр қалыптаса бастаған кезеңдерде ауызша тарих деректемелері фактіні толықтырушы зор міндет атқаратыны байқалады. Мәселен, ХVІІІ ғасырдан Ресей империясының құрамына қосылу әсері қазақ халқының тарихын зерттеуде жазба ресми құжаттарға, көбінесе шетелдік деректерге артықшылық бергені мәлім. Алайда ресми жазба деректердің қоғамдық құбылысты жан-жақты толыққанды емес, тек бір қырынан ғана көрсететіні назардан тыс қалып келді.

Аталған кезеңдегі халық тарихынан куәлік етушілер, яғни дәстүрлі ауызша тарих деректері жоба да көрініс тапты. Бұл орайда, нақтылап айтқанда, қазақ-жоңғар қатынастарынының ауызша тарихта сипатталу үрдісін сараптау бойынша жұмыстарды атап кетуге болады. ХVІІІ ғ.басындағы қазақ халқының қоғамдық-саяси өмірі ауызша тарихи деректерде молынан көрініс тапқан.

Халық жыраулары Жиенбет, Үмбетей, Бұқар, Ақтамберді қазақ-жоңғар соғысының бел ортасында жүріп, өздері соғысқа араласа, халықты жоңғар басқыншыларына қарсы ұйымдастыра жүріп, талай қырғын соғыстың куәгерлері ретінде сол қанды оқиғаларды суреттеп өлең-жырларында жазған. Бұл заманда батырлардың рөлі аса жоғары еді. Еліміздегі қол бастап, ерлік көрсеткен батырлар көп болғаны анық. Солардың бірі Шоңай батыр тарихынан мысал келтіруге болады.

Бұқар жыраудың «Ақбоз аттар мен ақ атан хикаясынан» толғауында Шоңай батыр туралы бірер сөз кездеседі:

...Қалмақтың кетіп кенеуі,

Ойындары осылды.

Тауасар, Қара, Шоңайым,



Сендерменен шоңайдым... [30, 65 б.].

Шоңай батыр, яғни Шоңай Қожамқұлұлының (шамамен 1700-1760/70 жж. ШҚО Шұбартау ауданы) тегі – Орта жүз найман ішінде матай руынан. Жастай жетім қалып Бөрібай батырдың тәрбиесінде болған. Жоңғарлармен болған алғашқы ұрыстарда матай қолын басқарды. Аңырақай шайқасында асқан ерлік көрсетті. Кейіннен найман жасағын басқарған Қабанбайдың оң қолы болды. Шоңайдың бірінші әйелінен Назар, Нартайлақ, екінші әйелінен Елшібай, Атан есімді ұлдар тараған. Назар мен Нартайлақ жоңғарлармен шайқаста шамамен 1750/55 ж. мерт болып, екі ұлының сүйегін қазіргі Алматы облысы. Ақсу ауд. Қарашілік ауылы. маңына өз қолымен жерлеген [31, 534 б.].

Бұл мәліметтердің шынайылығына түздік экспедиция материалдарын қосуға толықтыра дәлеледеуге болады. Алматы облысы аумағында тұратын Шоңай батырдың төрт ұлынан тарайтын ұрпақтарының бірі – Күлтай Байдарханқызы. Ол кісінің берген мәліметтеріне сүйенсек: «Ауылда «Жасаған ием жар бола гөр! Бөрібай-Шоңай аруағы колдай гөр!» – деп бет сипағандарды талай көргенмін. Анам жарықтық қатты қуанғанда немесе қатты қорыққанда: «Бөрібай-Шоңай!» деп сиынып жатушы еді. Бертін келе Бөрібай мен Шоңайдың асқан батыр болғанын, елді, жерді жаудан қорғауға жанкешті ерліктер жасағанын естіп, білдік. «Естіп, білдік...» деуіміз айтарға ғана, әйтпесе Бөрібай мен Шоңай батырлардың қай кезде өмір сүргендерінен, қандай ерліктер көрсеткендерінен бейхабар едік. Ондай деректерді айта қоятын көнекөз қариялар да некен-саяқ қой... Кезінде көкірегі күйсаңдык тірі беттеріндей абыз ақсақалдардың сөзіне құлақ түрмедік, шежіре-жырларға шошына қарадық». Осылай өз білгенімен қатар Шоңайдың жетінші ұрпағы Кәдірбай Уахитовтан біраз жайларды анықтаған екен: Қожамқұлдың бес баласы болған екен. Ол кезде әкесі бір болғанымен балаларды шешесіне теліп тарату дәстүрге айналғандықтан, Қожамкұлдың бес баласы: Бәйбіше-Жұмай, Мәндік-Жұмай, Момын, Қанай-Жұмай, Шоңай деп аталған. Шоңай алғашында Қабанбайдың мыңбасы болады. Кейіңде түмен-басы, сонында Қабанбайдың оң қолы болды деген мәліметтер айтылады. Жоңғарлармен шапқыншылық кезінде Шоңай батыр мыңбасы болса, Назар, Нартайлақ жүзбасы болған. Шоңайдың Назар, Нартайлақ есімді ұлдары өзімен бірге ұрыстарға қатысып, жоңғарларға қатты соққы берген Аңырақай шайқасында екеуі де мерт болады. Назар-Нартайлақтың сүйектерін әкесі қара киізге орап, қара талға салып, екі атанға артып мыңбас қолмен Алматы облысы Ақсу ауданының орталығы Қарашілік елді мекеніне әкеліп жерлеген. Таудан бір-біріне тасты беріп тұру арқылы мыңбас қол Қосбатырдың зиратын көтерген. Сол жер Қосбатыр, Қосбатыр жотасы деп аталып кетті. Шоңай қос құлынын жерлеп болысымен қайта ұрысқа аттанады. Ақтық ұрыстарда асқан ерлік көрсетіп, Қабанбайға серік бола жүріп, Балқаш, Аягөз, Шұбартау маңындағы ұрыстардың бірінде мерт болады [31]. Мұндай қызықты деректердің дәстүрлі қоғамның толық сипатын аша түсуге мүмкіндік беретіні рас. Дәстүрлі қоғамдағы тарихи жад міндетін атқарған азуыекі тарихтың зор деректемелік мүмкіндігін танысақ, халқымыздың тарихындағы әлі игерілмеген, тасада қалған тың фактілерді анықтауға қол жеткізер едік. Халық тарихының шетелдік ресми құжаттық деректер бойынша зерделенген тарихы мүлдем біржақтылығын байқатар еді.

Халық жадындағы тарих кейінгі кезеңдердің де өткенін тануға, қалпына келтіруге айқара жол ашады. Мәселе өткен ХХ ғасыр жайында болып отыр. Осы кезең қазақ халқының кейінгі тарихи тағдырына зор өзгеріс әкелген күрделі саяси оқиғаларға толы болды. Бұл жүзжылдықты тануда сол халықтың өзі куәлік ететін ауызша деректер, естеліктер өте маңызға ие. Бірінші дүние жүзілік соғыстың Қазақстанға зардаптары, 1916 жылғы көтеріліс, қазақ халқына ғана емес, тұтас Ресей империясының құрамындағы бодан халықтарға күшпен таңылған 1917 жылғы саяси төңкерістер апаты түрлі саяси билік құрылымдарын әкелді. Бұл кезеңнің тарихи реконструкциясын бұрын кеңестік ресми құжаттар негізінде ғана біліп, кеңестік тарихнама пайымдауында ғана қоғам зердесіне таңылып келді. Алайда осы оқиғалардың тікелей куәгерлерінің естеліктері тарихтың қалтарыстары мен ақтаңдақтарын жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы мұрғататтық құжаттардың деректемелік мәліметтері күшті. ҚР Президенті мұрағатындағы №811 қорда осы кезеңге қатысты естеліктер молынан жинақталған. Бұл естеліктерде жергілікті халық өкілдері мен келімсек қоныс аударушылардың оқиғаға қатысты өз көзқарастары берілген. Тұрақты түрде қайталанып жинақталған бұл деректемелер естеліктердегі өткен кезең туралы мәліметтер мен мағлұматтарды салыстыра, жазба деректермен өзара салыстырып талдауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, 1917 жылғы қос төңкеріс нәтижесі, оның тұтас Түркістан өлкесіне зардаптарын туралы нақтылы тарихи шындықты Мұстафа Шоқай (1890-1941) [32] естеліктерінсіз қарастыру біржақты бағалауға ұрындырады. Мұстафа Шоқай мұраларын деректемелік тұрғыда сыныптауда естеліктері, заманхаттары, эпистолярлық мұралары қатысады. Деректану ғылымында «жеке адамдық деректер» [33,466-467 бб.] деген атаумен қабылданған тарихи деректердің осы түрі өзіне тән сипатты белгілерін анықтады. Ол оның ең алдымен аса субъективтілігі болып табылады. Жадқа сүйене жазылатын, көбінесе өткен оқиғалардан уақыт межелігі қашық жеке адамдық деректер осыншама сипатты ерекшеліктеріне қарамастан, «жансыз» ресми жазба құжаттарға түспей қалған бұрынғы тарихи кезеңнің кең панорамасын айқындауға, түсінуге зор мүмкіндік туғызады. Естелік, заманхат сынды деректеменің сол дәуір адамдарының ділі мен өресін, психологиясын шебер сипаттау, сезіндіру ерекшелігі арқылы өткен қоғамға «кіргізу» әрекеті, онысын зерттеушінің тарихилық принципінен ауытқымауды «ескертіп» тұратын мысы деп ұғынуға жетелейді.

Қайраткер заманхаттық еңбектерінің едәуірін 1917 жылдың күрделі бетбұрысты саяси оқиғаларына, «Түркістан автономиясы» тарихына арнады. М. Шоқайдың: «Большевиктердің Түркістан автономиясы үшін ең көп балағаттағаны – мен. Арадағы алакөңіл, жалған достар ғана емес, тіпті ниетіне өзім титтей күдіктенбейтін жақын достарым да автономия мәселесі жөнінде мені айыптап, сынайтын. Большевиктердің балағатын, Түркістан ұлт-азаттық күресі жолында жасаған игі қызметімнің маңызын дұшпандардың ескергенін еңбегіме берілген «сыйлық» деп есептеймін» [34,288-289 бб.], – деп өзі жазғанындай, кеңестік тарихнаманың аяусыз қаралауына ұшыраған осы бір тарихи фактінің деректемелік қорын қайраткердің естелік жазбаларынсыз қалыптастыру шалағайлыққа, біржақтылыққа ұрындырар еді. Сол тарихи кезеңнің және тікелей аталған тарихи фактінің куәгері және басты қатысушысының бірі болған Мұстафа Шоқайдың естелік жазбалары сонысымен дереккөздік сипатқа ие болады. Тұлға мұралары арасында бұл орайда, «1917 жыл естеліктерінен үзінділер», «Против одной научной лжи (К 14-ой годовщине Кокандской автономии), «Как пишут большевики «Историю», «Туркестан под советской властью» т.б.[32] естелік сипатындағы еңбектерінің маңызы зор.

Осы кезеңнiң куәгерi, Түркістан автономиясының құрылуын, оның демократиялық құндылықтарға толы бағдарламасын білетін белгiлi қазақ зиялысы Н. Төреқұловтің естеліктері де аса маңызды. Оның естелік сипатындағы еңбектерінде автономияның басты үкiметпен (бұл жерде Кеңес үкiметi) қатар өмiр сүрудiң барлық саяси этикетiн және осыған байланысты сол заманғы саяси әдептiлiк шарттарында толық сақтағанын жазады [35]. Алайда, мұның бәрi де, большевиктiк билiктiң «түземдiк» өкiметке көзқарасын өзгертпедi. Өлкедегі саяси ахуал және экономикалық жағдайдың ауырлығы бұл автономияның тағдырын ауырлатты. Бұл жайында да М. Шоқай естеліктері тарихи дерек ретінде аса маңызды. 1918 жылы ақпан айының басында (13-ақпанда) большевиктер автономияны күшпен таратып жiбердi. Қоқан қаласы қызыл қанға боялды. Осы тарихи кезеңді М. Шоқай есіне түсіреді: «Тап бүгінгідей есімде. Таңертең сағат 11-ден 20 минут өткенде қасыма большевиктердің өкілдері келді. Бұл жолы жаңа талаптар қойылған ультиматум алып келіпті. Большевиктер онда: 1. Автономиялы үкіметтен кеңес өкілдерін мойындауын; 2. Түркістан халықтарын Кеңес үкіметіне бағынуға шақыратын мәлімдеме жариялауды; 3. Түпкілікті тұрғындарды қарусыздандыруды; 4. Ұлттық үкіметтің милиция органын таратуды және басқаларды талап еткен» [34,292 б.]». Бұл ультиматумды орындаудан бас тарту қасіретке әкелді [6,108 б.].

Сөйтiп, түркiстандықтардың «жаңарған» демократиялық Ресейдiң қолдауына сүйенiп, өз алдына ел болмақ талпынысы қасiретпен аяқталды. Естеліктерде «Түркістан автономиясының» тарихи шындығы, 1917 жылғы Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси жағдайды, отаршылдықтың қоғамдық-саяси ой-санаға әкелетін зардаптары және оған қарсы күрескерлік рухтың тууы эволюциясы көрінеді. М. Шоқай естеліктеріндегі, эпистолярлық мұраларындағы Түркістан автономиясының, жалпы автономиялық қозғалыстың тарихы біз біліп, оқыған кеңестік тарихнаманың жасандылығын, саяси-идеологияға қызмет еткен, ғылыми танымнан тыс жалғандығын нақтылы айғақтап береді.

Кеңес үкіметінің орнығуы және Қазақстандағы қоғамдық құрылыстың сипаты туралы естеліктер жүйелі түрде жиналып, мұрағаттарда сақталды. Қазан төңкерісінің жеңісі және Кеңес үкіметінің орнауы оның жеңісін қамтамасыз етушілер естеліктерінде тұрақты түрде жиналып жеңімпаздардың отар халықтардың тарихын жазуына деректемелік роль атқарды. Ауызша тарих осы кезеңде тұтасымен қолдауға ие болғаны байқалады. Тарихи деректердің сан алуандығы олардың ақпарат беру мүмкіндіктерінің шексіздігі заманауи деректану ғылымындағы әдіснамалық мәселелердің бірі болып саналады. Заттай, ауызша, жазба деректер деп негізінен үлкен үш топқа бөлінетін тарихи деректер қазақ халқының ғылыми тарихын жүйелеуде маңызды орын атқарады. Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарих ғылымында жазба деректерге басымдық беріліп келді. Олардың бүгінгі таңда тарихи дереккөздік әлеуеті әлі де өз салмағынан айрыла қойған жоқ. Жазба деректердің сан қырлылығы, олардың «жасырын, құпия» ақпараттық сипаты зерттеушілер назарын аударта бастады.

Бұл мәселені тереңдей талдап, жазба деректану ғылымында басты зерттеу тақырыптарының қатарына қосу өзекті. Өйткені, қазақ тарихының жазба деректері кеңестік кезеңде молынан жиналып, дерекқорлық тұрғыдан аса ауқымды мұра ретінде ерекшеленеді. Мұндай бай мұраны елеусіз қалдыру, өткенді мансұқтау және тарих ғылымының тарихилық, объективтілік ұстанымдарына бағынбау болып табылар еді. Ал бұл өз кезегінде тарихтың мәртебесінен айыруға апарып соғатын, тұрпайы ғылыми танымға жат әдіс болып саналмақшы. Сол себепті қазақ тарихының ХХ ғасыр басындағы күрделі, саяси оқиғаларға толы кезеңдері жайында мол мағлұмат беретін естелік, жеке адамдық құжаттарды арнайы қарастыруды жөн санадық.

Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жеңісін, оның объективті тарихи процес екендігін халық санасына сіңіруге күш салған түрлі ресми органдардың басында – Истпарт (партия тарихы) тұрды. Бүкіл қызметі Кеңес елінің тарихындағы өте маңызды өзекті, мәңгі тақырып – Қазан социалистік революциясы, оның жеңісі баянды болуы үшін жүргізілген күрес, яғни азамат соғысы мәселесін зерттеуге бағытталған Истпарт қазақ өлкесінде де өзінің тамырын тереңге жіберді.

Истпарттың құрылуымен (Қазан төңкерісі мен РКП(б) тарихы туралы комиссия) социалистік революция және азамат соғысына қатысушылардың естеліктерін жүйелі түрде жинап, жариялау басталады. Бұл істің басында тұрған В.И. Лениннің өзі болды. Оның бұйрығымен 1920 жылы 21 қыркүйекте РСФСР ХКК қаулы қабылдап, Орталық Истпарт құрылады. Басында ол Наркомпростың, кейін 1921 жылдың 1 желтоқсанынан РКП(б) ОК жанында жеке бөлім болып қалыптасты. Бұл органның мақсаты: «...Қазан төңкерісі мен партия... тарихы... туралы материалдарды жинақтап, зерттеу» болды [36]. Оның мәнісі – Лениннің пікірі бойынша кеңестік Ресей туралы контрреволюциялық буржуазиялық өтірікті әшкерелеу үшін маңызды дерек көзі болып табылды.

Шындығында да, «партия тарихы» «өткен тарихты болашақ ұрпақ үшін сақтауға» негізделген ғылыми мақсат үшін ғана құрылған жоқ, басынан-ақ бұл органның қызметі кеңестік жүйенің қарсыластарын талқандауға бағытталды. Сонау 20-жылдары большевиктік тарихтың басты идеологы М.Н. Покровский 1917 жылғы төңкерісті және одан кейін орын алған оқиғалардың тарихын тек большевиктердің көзімен қарап жазудың қажеттілігін айтқан болатын. «Орыс төңкерісінің пролетарлық кезеңіне де, оның демократиялық кезеңіндегі қауіп төніп тұр», – деп санады ол. 1905-1907 жж. қозғалыстың тарихын төңкерісті жасағандар емес, қайта оның іске асуына кедергі келтіргендер жазып шықты. Бізде романовтық жүйеге қарсы бірінші көтерілістің меньшевиктік тарихы ғана бар, ...большевиктер тарапынан бұған қатысты тырысу да байқалған жоқ...»[37].

Истпарттың орталық органы – «Пролетарская революция» журналының бірінші санында, комиссия атынан М.Н. Покровский органның мақсаты мен міндеті туралы өз пікірін білдірді: Истпарт сияқты мұндай органның болашақ ұрпаққа өткеніміздің тарихын – коммунистік партияның тарихын сақтай алатын мүмкіндігі бар. Ал бұл мақсатқа жетуде естеліктердің ролі басым болары сөзсіз. Естелік жазушының сол оқиғаның басты куәгері болуы, айтылған әрбір фактының шынтуайттылығын күшейте түсетіні көрсетілді. Мұндай трактовка кейінгі жылдары тарихи фактінің ақиқаттығын, осы оқиғаның куәгерінің растауы мен жоққа шығаруы туралы критерийдің (белгі) орын алуына әкелді. Мұның өзі болашақ естелік жазушы авторлардың ролінің маңыздылығын күшейтті. Олардың өздері тарихи материалдардың белсенді жинаушыларына айналды. Покровскийдің журналдағы үндеуінен кейін естеліктерді жүйелі түрде жинау басталды.

Бұл естеліктердің басты ерекшелігі авторлардың өткенді барынша толық, шынайы беруге ұмтылулары болды. Азамат соғысына белсенді қатысушы Д.А. Фурманов «тарихи очерк – повестъ, әңгіме емес, мұнда ойдан құрастыру, жаба тоқу немесе асыра сілтеушілік жүрмейді», – деп жазды [38].

Естеліктерге қатысты бірен-саран мұндай дұрыс пікірлер болғандығына қарамастан, алғашқы естеліктер шалалығымен сипатталынады. Мемуаршылар көбіне өзі көрген оқиғаны басқа деректерден алған фактілермен салыстырмай, өз түсінігінше жазумен ғана шектелді. Азамат соғысын зерттеуші А.Л. Литвинов, куәгерлер (естелік айтушылар) әсіресе 20-жылдардың басында тиісті құжаттарға жүгінбей, қандай да бір фактінің шынайылығын өз беттерінше растаумен ғана шектелгенін жазады [39].

Естеліктерді жинап, жариялаған газет, журналдардың редакциялары да мәселені шешу жолдарын дұрыс ұғынбады. Олар авторлардың биографиялық мәліметтері баяндалған фактінің шынайылығын көрсете алады деп санады. Бұл біржақты түсінікті туғызды. Мұны естелікшілердің келтірілген биографиялық мәліметтері көрсетеді. Онда алдымен олардың идеяға адалдығы, большевиктер партиясына мүшелігі, партиялық ұйымдардың жұмысына қатысу деңгейі және т.б. баяндалды.

Қазан оқиғалары мен азамат соғысын баяндауда большевиктер партиясының қайраткерлерінің естеліктерінен мәселеге ғылыми жолмен келу көріністері байқалады. Ә. Жангелдин, Т. Рысқұлов мақалалары [40-41], авторлардың баяндалып отырған оқиғаның тікелей куәгерлері болғандығы ғана емес, сонымен бірге өз жұмыстарының басты мақсаттарының бірі (практикалық қолданбалылығы) большевиктік төңкерістің ролі мен түпкі мақсатын халыққа түсіндіру болып табылатындығымен сипатталынады. Ресейдің езілген халықтарының тағдырын шешуде тарихи дамудың большевиктер ұсынған бағыты ғана тура болып табылатындығы туралы пікір айтылады. Мақалаларда таптық күрестің орын алуы жергілікті халық пен орыс пролетариаты достығына апаратын жол деп көрсетіліп, ұлттық интеллигенцияның мәселеге қатысты тезистері жоққа шығарылды. Оларда, сондай-ақ зерттеудің негізі проблемасы ұмытылып, ол ұлттық шеткері аймақтарда большевиктік партияның ролі мен маңызын насихаттауды тасасында қалды. Авторлар жергілікті халықтың большевиктер жағында белсенді күрескендігін дәлелдеуге тырысты. Ресейде коммунистік партияның диктатурасы заңдылық екендігі баса айтылды. «Қазан жарылысы, – деп жазды Ә. Жангелдин, – халықты сілкінтті, барлық жер дүмпуді сезінді, ол біздің артта қалған... Қырғыз жеріне де жетті. Орыс жұмысшыларының, Қызыл Армияның, Қырғызстанның еңбекшілерінің белсенділігімен, мұнда патшаның отаршылдық империясының қираған орнында, ұсақбуржуазиялық қырғыз ұлттық интеллигенциясының батыл қарсылығына тойтарыс бере отырып, өзіміздің Кеңес үкіметін құруға тура келді» [40].

Октябрьдің он жылдық мерейтойына орай С. Сейфуллиннің белгілі естеліктері («Тар жол, тайғақ кешу») жарияланды [42]. Зерттеліп отырған кезеңнің куәгері С. Сейфуллин мол құжаттық материалдарды тарта отырып, Қазақстандағы алғашқы большевиктер – А. Асылбеков, Н. Нұрмақов, С. Шарипов т.б. бейнелерін жасады, сол кездегі газеттердің негізінде өлкедегі ұлттық үкіметпен оларға қарама-қарсы большевиктердің идеялық күресін көрсетеді. Жартылай көркем шығарма түрінде жазылғандығына қарамастан С. Сейфуллиннің мемуары өлкедегі большевиктік ұйымның қалыптасуы және азамат соғысы тарихы туралы тарихи дерек бола алады.

Сонымен Кеңес үкіметінің алғашқы онжылдығында жазылған естеліктерде еркінділік тән, қалыпқа салған күштеу жоқ екендігі байқалады. Әркім есінде қалғанын өз түсінігінше, өз қабылдауынша баяндаған. Негізгі проблемамен қатар, соның аясында туындайтын сұрақтарға қатысты мысалы: жергілікті халықтың Ресей төңкерісіне қатысы, көзқарасы; азамат соғысына тартылу деңгейі, қазақ халқымен орыс халқы арасындағы ұлтаралық қатынас, ұлттық интеллигенция қызметі және т.б. жауаптарда кездеседі. Естеліктерді тарихи дерек ретінде пайдалану, оларға сыни тұрғыдан талдау жасау, оның сол мәселені зерттеудегі өзіндік орны, жалпы болашақ мемуаршыларға практикалық кеңестер тек 20-30 жылдардың жол айрығында ғана жарық көре бастады [28]. Дегенмен, алғашқы кезеңнің естеліктері түрлі кемшіліктеріне қарамастан өзінің обьективтілігімен назар аударта алады. Бірақ бұл объективтілік ұзаққа созылған жоқ. Көп кешікпей-ақ ол үкіметтік құрылымдардың түрлі жарлықтары және қаулылары астында қалды. Қазақ даласын дүр сілкінтіп, қазақ халқының өмірін мүлдем өзгерткен 1917-1920 жылдардың оқиғалары туралы маңызды дерек болып табылатын естеліктердің алғашқы жазылу тарихы осылай жүрген еді. Өткеннен қалған тарихтың осындай тағылымды тұстарын әр қырынан көрсеткен жазба деректер тарих ғылымында өзіндік орнын еншілеуі тиіс.



Қазақстан тарихының кеңестік модернизацияға ұшырау кезеңін де ауызша деректемелерсіз жазу мүмкін емес. Бұл кезең халық тарихында «Кіші қазан» саясатыен 1000 шаруашылықты күшпен ұжымдастыруға алып келіп, тарихи деректерде жасырын мәліметтер сақталған кезең болып, халық жадында қалды. Депортация тарихы да осы кезеңнің еншісіне тиеді. Қазақстанға күшпен қоныс аударылғандар тарихының куәгерлері естеліктері ҚР Президенті мұрағатындағы құжаттық деректемелерде айқын көрініс тапты. Ол естеліктерден ауыр қасіретті кезенің, тұтастай ұлтты қудалаудың ауыр қасіретін көруге болар еді. Ал ресми жазба құжаттарда оның ащы шындығын көру, сезіну мүмкін емес. ҚР Президенті мұрағатындағы №708;141 қорлар қарастырылды.

Жоба бойынша түздік ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, ауызша тарих мәліметтері жинақталды, куәгерлер естеліктері алынды. Әсіресе депортация құрбандарының ауызша тарихы, екінші дүние жүзілік соғыс қатысушыларының естеліктерін жинау жобада арнайы қолға алынған жұмыс болды. Бұл мәселе бойынша еліміздің Алматы, Талдықорған, Ақмола, Қостанай, Шымкент аймақтарына түздік экспедиция жүргізілді. 50-ден астам адамнан ауызша тарих мәселесі бойынша сұхбат алынды. Мәселен, Алматы облысы бойынша 2014 жылдың 30 желтоқсанынан 2015 жылғы 26 қаңтарға дейінгі ғылыми іссапар ұйымдастырылды. Ғылыми іссапар барысында «Соғыс ардагерлері жадындағы тарих естеліктері» атты мақаланы даярлау мақсатында Отан соғысының ардагерлерімен кездесіп, ардагерлердің жадындағы Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жж.)» туралы әңгімелері жазылып алынды. Ғылыми іссапар барысында Жаркент қаласында орналасқан Талдықорған облыстық мұрағатының Жаркент филиалы аудандық мұрағат қорынан соғыс жылдарындағы Жаркент ауданынының тарихынан мәлімет беретін, тақырыпты ашуға септігін тигізетін құжаттар жинақталды. Оның ішінде кеңес халқының 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы жеңісінің 40 жылдығына арналған салтанатты жиналыста Қазақстан коммунистік партиясының аудандық комитетінің хатшысы Беспаевтың баяндамасында (қор 159, жазба 1, 138-іс мұрағат қызметкерлерінің жинақтаған мақалалары, радиохабарлары, дәрістері), аталған өлке тумалары, Кеңес Одағының батырларының аты-жөні, көрсеткен ерлігі, тұрғындардың тылдағы еңбегі жайында мәліметтер қарастырылды. Тылдың майданға көмегі (қ. 172, жазба 1, іс. 58) майданға қанша пұт астық, ет, т.б. азық-түліктің жіберілгені туралы мәліметтер көрсетіледі. ОСОАВИАХИМ ұйымдарының құрылуы, қызметі, майдангерлер отбасына көрсеткен көмегі, Кеңес халқының жеңіске қол жеткізуіндегі ауылдық кеңестер қызметкерлерінің қосқан үлесі баяндалады. Қ. 172, жазба 1, іс 1»Ұлы Отан соғысы тақырыбына байланысты құжаттардың көшірмесі бумасында ардагерлер тізімі, демобилизацияға түскен әскерилер, әйелдердің жеңіске қосқан үлесі, хаттамалар, Аудандық комитет шешімдері т.б. материалдар жинақталған.Қ.. 14, жазба 1, іс 21Резолюциялар, Қ. 256, жазба 1, іс 2354 көпшілік қорғаныс жұмыстары, қ. 194 Халықтың майданға көмегі, Қ. 1109, қ. 58 т.б. қорлар қарастырылып, майдангерлердің естеліктері жинақталды. Ауданнан шыққан Кеңес Одағының батырлары жайында мәліметтер топтастырылды. 2) аудандағы ауылдар мен селолардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлермен сұхбат жүргізілді. Талдықорған қаласында орналасқан Алматы облыстық мұрағатының Талдықорған филиалы қорынан тақырыпқа байланысты құжаттармен жұмыс жүргізілді. Оның ішінде жеке қорлар №651, №289, №650, №60, №171, №68 қорлармен жұмыс жасалды. Бұл құжаттардан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер туралы мәліметтер алынды. №2187 қордан 1944 жылы бюро мәжілісінің хаттамалары; №1113 Текелі қаласындағы қорғасын-мырыш комбинатының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жұмысы жөнінде мағлұматтар жинастырылды. Оның ішінде Текелі құрылысының жылдық есептері, 1942 жылы комбинаттың руда байыту фабрикасының іске қосылуы туралы мәліметтер, 1940 жылғы қабылдау актілері, Техникалық мәжілістерінің 1943 жылғы хаттамалары, Текелі қорғасын-мырыш комбинатының қаулылары, бұйрықтары, 1944 жылғы құжаттар қарастырылды. Талдықорған қаласы ардагерлер кеңесі, облыстық ардагерлер кеңесі төрағаларынан сұхбат алып, жеке ардагерлермен кездесу өткізіліп, сұқбат алынып, суретке түсірілді. Алматы облысы бойынша майданға 120.026 адам аттанып, 48052 адам майданнан қайтпай қалғаны, 53 Кеңес Одағының батыры, 9 Даңқ орденінің иегерлері болғаны туралы мәлімет алынды. Бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша көзі тірі 521 ҰОС-на қатысқан майдангерлер, Талдықорған қаласында – 82 адам қалғандығы анықталды. Алматы облыстық мұрағатында жүргізілген ізденіс жұмыстары бойынша 2145-қор, 841-қор, 376-қор, 1991-қор, 1990-қ., 741-қ., 493-қ., 1995-қ., 379-қ., 2222-қ., 925-қ., 893-қ., 1638-қ., 848-қ., 1637-қ., 1924-қ., 746-қ., 563-қ., 1804-қ.,1637-қ., 645-қ., 1881-қ., 1014-қ., т.б. қорлардағы істер қаралды. Оның ішінде Алматы облысының Талғар, Іле, Қаскелең, Балхаш, т.б. аудандарынан майданға кеткендер тізімі, қайтпай қалған, хабарсыз кеткен майдангерлер саны, танк колоннасына қаражат жинау жөніндегі, майданға көмек көрсету мақсатында жүргізілген іс-шаралар, мәліметтер, қаулылар, бұйрықтар қарастырылды. Соғыс жылдарындағы Талғар киіз басу фабрикасы, спирт заводы, ет-сүт өндіру көрсеткіштері, соғысқа қатысқан майдангерлердің естеліктері жинақталды. ОСОАВИАХИМ жұмысы, т.б. мәліметтер жинақталды. Ұлы Жеңістің 70-жылдығына орай 2014 жылдың 30 желтоқсаннан 2015 жылдың 25 қаңтар аралығында ұйымдастырылған ғылыми іссапарға Институттың кіші ғылыми қызметкері Қоңқабаева А.Н. Ақмола облысына барды. Ғылыми іссапар барысында «Екінші дүние жүзілік соғыс куәгерлер естеліктерінде» атты мақаланы даярлау мақсатында Отан соғысының ардагерлерімен кездесіп, сұхбат алған болатын. Мұрағат қорларынан табылған соғысқа қатысты материалдармен қатар, Ақмола облысында жасақталған 106 ұлттық кавалериялық дивизияға қатысты 11 іс фотоға түсірілді. Жарияланған кітаптар мен ақпарат құралдарында жарық көрген мақалардың көшірмелері әкелінді. Әсіресе, Ақмола қаласында 1941 ж. жасақталған 106 ұлттық атты әскер дивизияның құрамы мен бірқатар жекелеген жауынгердің жеке құжаттары Отан соғысы кезіндегі қазақстандықтардың әлі белгісіз болып отырған ерліктері жайлы тың дерек болып табылады. 106 ұлттық атты әскер дивизиясы негізінен қазақ ұлты өкілдерінен құралған. Құрамында республиканың, облыстың, ауданның және т.б. партиялық басшы орындарында қызмет еткен қазақтың біртуар ұлдарынан жасақталған, соғыстың алғашқы жылдарында майданның алғы шебіне қарусыз, немістің пулеметтеры мен «Пантера» деп аталатын танкілерімен қылыш пен арқанын алып қарсы соғысқан көзсіз батырлары болды. Көбісі 19-25 жас аралығындағы жас жігіттерден жасақталған дивизия 1942 ж. Харьков қаласы түбінде қырылып, көбі тұтқынға түскен, жеңіліс тапқан соң, ерлігі еленбей қалған дивизия болып табылады. Соғыс тарихында әділ бағасы берілмеген тұстары бар. Осы 106 ұлттық атты әскер дивизиясының құрамында есімдері «сатқын» деген топқа енгізіліп, ерлігі еленбей келген жауынгерлерді ақтайтын кез келді деп есептейміз. 106 ұлттық атты әскер дивизиясы, тіпті, облыста жасақталынған әскери құрамалардың ішінде аталмай да жүр. Ақмола облысы мемлекеттік мұрағатында кездескен құжаттар тарихтың «ақтаңдақ» тұстарын ашуға көмек берері сөзсіз. Ендігі мәселе, сол құжаттардың ресми мұрағат құжаттары деп танылуының қажетсінілуінде. Ақмола орталық Өлкетану мұражайынан алынған материалдар соғыс жылдарындағы тыл өмірін, әсіресе майдангерлер туралы, атап айтар болсақ, Ұлы Отан соғысы кезінде батыл барлаушы болған Рақымжан Сансызбаев туралы, 1941-1946 жылдары Кеңес әскерінің генерал И. Панфилов бастаған даңқты 8-гвардия дивизиясы сапында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан Мәлік Ғабдуллин жайлы және т.б. батырлардың соғыста жазған хаттары мен суреттері, батырлардың өмірбаяндары жайлы мол мәлімет берсе, Медбикелер мұражайынын соғыс жылдары майданда болып, оқ астында жауынгерлерге көмек көрсеткен медбикелер мен медицина қызметкерлерінің Ұлы жеңіске қосқан үлестерін көреміз. Облыста орналасқан әскери госпитальдардың қызметі, эвакуацияланған зауыттардағы еңбеккерлердің, ауыл тұрғындарының өмірі, жергілікті халық пен депортацияланып келген ұлттар арасындағы қарым-қатынас жайлы да мәліметтер алынды. Ақмола облысы Ішкі Істер Департаментінен ардагерлеріне қатысты материалдар жинақталды. Ақмола облысы Достық Үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық секретариатының ұйымдастыруымен департацияланған халықтар өкілдерімен кездесіп, сұхбаттар алынды. Ақмола облысы Ардагерлер Кеңесінің төрағасының кеңесі бойынша Зеренді мен Бурабай аудандарында болып, соғыс ардагерлері мен тыл еңбекерлерінен сұхбаттар алынды. Зеренді ауданының Бұлақ ауылында көп балалы ана, тыл еңбеккерінен алынған сұхбаттан соғыс жылдарындағы ауыл, ана, бала жағдайын көруге болады. Соғыс жылдарында қазақ әйелдерінің түрмеде отырған «халық жауларының әйелдеріне» көмегі туралы мәлімет алынды. Мысалы, жергілікті қазақ әйелдері ашыған айраннан жасалған құртты тамақ-талғажу етсін деген ниетпен, түрмеге қарай, оның биік қабырғаларынан асырып атқылайды екен. Алғашында «бізді таспен атқылап жатыр» деп қашқан тұтқын-әйелдер, кейіннен оның тамақ екенін білген соң, теріп алып, талғажу еткен. Жергілікті қазақтар мен көбісі өзге ұлт өкілдерінен құралған тұтқын әйелдер арасындағы аяушылық пен бірліктің бір көрінісі түріндегі бұл оқиға қазақ халқына деген ризалық сезімін туғызған оқиғалардың бірі болып табылады.

ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның дамуына қатысты үлкен № 1660 қоры бар. Мұнда соғыс жылдарындағы Қазақстанның дамуы (1941-1945 жж.) туралы айтып беретін соғысқа, тылға қатысқан тірі куәгерлердің естеліктері мен басқа да мәліметтері кездеседі. Қорда майданға және майданнан қазақ әскерлерінің ата-анасына, достарына жазған хаттары, офицерлердің әскери операция жүргізгені жайлы естеліктері, құжаттары мен атақты тұлғалардың (жазушылар, актерлар) майдангерлермен өзара хат жазысқан хат-хабарлары және т.б. сақталған.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2017
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Аңыз әңгімелер «Асан қайғының жерұйықты іздеуі»
2017 -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин әңгімелері
2017 -> Сабақтың тақырыбы Мен не үйрендім? Сабақ негізделген оқу мақсаты
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Жылқы. С. Мұқанов
2017 -> Сабақтарында «мнемотехника»әдісін пайдалану. №48 «Ақ көгершін»
2017 -> Оқушыны іздендіру жолы – шығармашылық
2017 -> Сабақтың тақырыбы Менің отбасым. І дыбысы мен әрпі
2017 -> Әңгіме шебері Ы. Алтынсарин
2017 -> Б.Қ. Абдыкаимова №56 «Береке» балабақшасы тәрбиеші Астана қаласы
2017 -> Қысқа мерзімді жоспары: Мұғалімнің аты-жөні


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет