Ж. Б. Абылхожин (Негізгі бөлім)



бет4/6
Дата31.12.2019
өлшемі404 Kb.
#55034
1   2   3   4   5   6

Әсіресе майдангерлердің өздерінің әскери іс қимылдары туралы, соғысқа көзқарасы мен туыстарына жазған хаттары мен естеліктері секілді мәліметтер қызықтырады. Атап айтар болсақ, олар: 73-ші Сталинградтық-Дунай қызыл ту ордені дивизия әскерлерінің (Вечкутова Д.С.) майдандағы хаттары, «За родину» газетінің редакторы Панфилов дивизиясының майданнан жіберген хаттары, майданнан майданға Р.А. Ашкеев, В. Полевина, Ф.А. Калита, Г.Ф. Попова сияқты қазақстандықтардың хаттары, Кеңес Армиясының әскері Утемуратов Кеңеспен өзара хат алмасулары, сонымен қатар майданда қаза тапқан алматылық әскер Т.А. Ашаевның хаттары, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, майданда қаза тапқан әскери байланыс қызметін атқарған Абу Карабалин мен алматылық әскер М.В. Соколовтың хаттары, әкімшілік қызметтің лейтенаты Н.П. Колюжиннің генерал И.В. Панфиловпен 1941-1944 жылдар аралығында болған кездесулері туралы естеліктері және т.б. Сонымен қатар мұрағатта барлық облыс бойынша соғыс жылдарында тылда еңбек еткен адамдардың жұмыстары жайлы құжаттардың көшірмелері сақталған.

Кеңестік кезеңде шығып отырған әр түрлі газет баспаларына әскерлерден көптеген хаттар келіп отырған. «Советская Киргизия» газетінің бетінде Панфилов дивизиясының аға политругі И.А. Нарциссовтың мергендер және олардың ерліктері жайлы есебі жарияланған болатын. Ол мерген-панфиловшылар жақсы ұйымдасқанымен ерекшеленеді деп атқарған еңбектерін бағалайды. Оның айтуы бойынша «Мергендер тобын басқарған Әбіл Нүсіпбаев таңертеңгі нұсқауымен ғана шектелмейді. Фашистерді «аулау» кезінде ол жасырын жолдармен тосқауылдардан өте отырып, бірден қарсыласты бақылауға әдістемелік нұсқаулар береді...» [43] – деп бағалайды.

8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясының Крюковода болған қақтығысы жайлы естеліктер майор Малюновтың 1943 жылғы 9-11 қаңтар аралығындағы Ташкенттегі сұхбаттары мен мәліметтері негізінде жазылған. Панфилов гвардиясы 1941 жылдың өзінде-ақ Мәскеудің жағына, әсіресе қазіргі Крюково, Старое Крюково атты аудандарды қорғауға шықты. Қазақстандық әскерлерінің әскери еңбегі жайлы құнды мәліметтер мұрағатта сақталған [44]. Құжаттарда Г.М. Ревлиннің (Ревякин) басқаруымен құрылған операциялық топтары мен жоспарлы әскери операциялар туралы мәліметтер көрсетілген. Капитан А. Гаркушенконың естелігінен (1943 жылдың 9-11 қаңтарынан) 1942 ж. желтоқсан айында болған Крюков операциясы Мәскеу түбіндегі фашист жасағын талқандаған шабуылдың бірі болды. Осы операция сәтті аяқталып, жеңіске деген үміт берді. Қақтығыс нәтижесінде қарсыластың жаяу әскердің 2 полкін толығымен жойды. Қарсылас соғыс алаңында 2000 адам қаза болған және жараланған, 37 зақымдалған және 10-нан астам танкілерін, 120 автоматтарын және одан басқа қаруларын жоғалтты. Капитанның айтуы бойынша, Крюковода қару-жарақтың, азық-түліктің, жабдықталған қойманың көп бөлшегі алынды [45]. Қызыл армия әскерінің шабуылын тоқтатпауының арқасында Истра, сосын Волоколамск қалаларын басып алған болатын. Нәтижесінде осы оқиғалар бойынша А. Гаркушенко өзінің естеліктерінде қорытындылар жасап, қақтығыстың оң және теріс жақтарын көрсетеді. Оның айтуы бойынша, Крюково түбіндегі операция алдағы әскери қимылға маңызды сабақтар берген еді. Ол жаяу әскер, авиация мен артиллерия арасында ұйымдастырылған шабуылдау тобы тактикасын, автоматтарды тиімді қолдануды оң жақтарына жатқызады. Сәтсіздікпен аяқталған бірінші шабуыл әрекеті мен танкистердің барлаушыларының дұрыс болмауын теріс жақтарына жатқызады.

73 гвардиялық Қызыл ту ордені Сталинградтық-Дунай атқыштар дивизиясының 1941-1945 жж. соғыс кезіндегі жолы туралы дивизияның ардагері, Кеңес Одағының батыры, подполковник Н.И. Ященконың (1967 ж. 31 қаңтар) жазған мәліметінен білуге болады. Басында дивизия Алматыда құрылған болатын, сол себептен дивизия Қазақстаннан деп саналады. «Дивизия құрамының батырлығы мен табандылығының арқасында 1943 жылдың 1 наурызынан гвардиялық деп өзгертіліп, Сталинградтық деген атау алады. Ал осы дивизияның Сталинград түбіндегі әскери қимылының нәтижесі мынадай: қарсыластардан – 13400 адам қырылды, 6515 адам тұтқынға алынды, 6 танк, 19 қару, 19 пулемет жойылды [46]. Міне осы келтірілген мәліметтің өзі-ақ дивизияның қызметі мен маңызын көрсетіп отыр. Одан басқа, аталған дивизияның құрылғаннынан соғыс біткенге дейінгі аралықтағы барлық әскери іс-қимыл жоспары белгіленген, әскери жолын көрсететін карта салынған [47].

Мұрағаттардан қатар электронды мұрағаттың да мәліметтері қызық. Әсіресе «ХХ ғасырдағы құжаттық хроникалар». Осыған сәйкес құнды мәліметтер Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сайтында жарияланған болатын, атап айтар болсақ, М.В. Ломонов атындағы ММУ профессоры, филология ғылымының докторы Г.И. Власовтың «Устные рассказы о войне» («Соғыс жайлы ауызша әңгімелер») атты мақаласы [48]. Өзінің мақаласында ол ауызша тарихтың мағынасы мен мазмұнын, әсіресе әскери кезеңді ынтызарлықпен сипаттайды. Осы бойынша ол былай деп жазады:

Соғыс жайлы ауызша әңгімелер, естеліктер, хаттар, өлеңдер ол тірі көп ұлттың жады. 1964 жылы Н.В. Новиковтың айтқан сөзі бүгінде өзекті: «Ұлы Отан соғысының оқиғасы біртіндеп халық жадынан ұмытылып жатыр және ұрпақ үшін жойылып кетуі мүмкін. Осындай жағдай болмауы үшін, соғысқа қатысқандар, соғыс жылдарындағы халық шығармашылығын жинау жұмысымен айналысу, бізге әлі де кеш емес. Өлеңдер, тақпақтар, аңыздар мен күлкілі әңгімелермен қатар Ұлы Отан соғысы кезіндегі халықтың жағдайы және тұрмысымен қатар болған оқиғалар туралы мәліметтер жинау қажет [48]. Соғыс кезіндегі әскердегі және қоғамдағы рухани жағдайын зерттеуде Ұлы Отан соғысы ардагерлер жазушылар мен ақындардың мәліметтерінің маңызы ерекше зор. Соғысқа қатысқандар мен сол жылдары өмір сүрген адамдардың жадында сақталған мәліметтер ең жарқын, тиімді, шынайы, тексерілген мәліметтер болып табылады.

Астанадағы Мемлекеттік мұрағатта жиналған мәліметтер де өте құнды болып есептеледі. Онда Отанды кескілескен шайқаста қорғаған куәгерлердің патриотизмі мен батылдығын сипаттайтын жылнамалар бар. Ұлы Отан соғысына қатысқандардың, атап айтсақ, тылда еңбек еткендердің, партизандардың, қоршауда болған адамдардың, концлагерьдің тұтқыны болғандардың, эвакуацияланғандардың құжаттары, өмірбаян түріндегі құжаттар (автобиографиялар, сауалнамалар, марапаттаулар мен құрмет белгілерінің төлқұжаттары, грамоталар, алғыс хаттар, пропусктар, мандаттар, анықтама қағаздары), шығармашылық түріндегі құжаттар (естеліктер, оның ішінде видео және аудио кассеталар, күнделіктер, дәптерлер, блокноттар, мақалалар, очерктер, сөз сөйлеген мәтіндері, соғыс жайлы қолжазбалар, әңгімелер, тақпақтар), 1941-1945 жж. аралығында туыстарымен, достарымен, әріптестерімен және т.б. жазысқан хат-хабарлары (хаттары, телеграммалары, хабарламалар), майдандастарымен жазысқан хат-хабарлары, бейнелеу құжаттары (фотосуреттер, суреттер, ашық хаттар) және т.б. құжаттардың құндылығы мен маңыздылығы зор.

Г.И. Власовтың мақаласында автордың өзі көрсеткендей соғыстан кейінгі фольклор ол Солтүстік Қазақстан ауылдарындағы фольклорлық практика кезінде филология факультетінің студенттерінің Ұлы Отан соғысына қатысқандардың естеліктерін жазғандары [6]. Ол сонымен қатар Қарттар үйі мен Астана қаласындағы Мемлекеттік мұрағаттарында 2010 жылы ММУ студенттерінің ҰОС ардагерлерінің естеліктері, мұрағаттық құжаттары, соғыс куәгерлерінің естеліктері туралы жазғандарын айтуға болады [48].



Осылайша автордың айтуы бойынша, дәстүрлі (төтенше жағдайларда соның ішінде соғыс кезінде тірі қалу тәжірибесі,) жеке тәжірибе беру нысандарын белгіленген ауызша әңгімелерді зерттеу, фольклортануда үлкен келешегі бар. Тыңдаушыларға (балалары, немерелері, көршілер) соғыс естеліктерін қайталап айта беру жеке жадыдағы мұра ғана емес, ұжымдық мұраны құрайды, әңгімелері аяқталады, эмоционалды суреттер жалпылама көркем нысандарын алады. Ұлы Отан соғысы кезінде жарияланған фольклорлық мәтіндер әскери іс-қимыл кезінде-ақ жазыла бастаған болатын. Егер басында мәтіннің негізі майдандық, партизандық, әскери фольклорлар ән-ақындық жанрда болса, одан кейін бірте-бірте халық прозасы жетекші бола бастады.

Г.И. Власовтың жазуы бойынша әскери іс-қимылға қатысқандардың және басып алынған халықтарда «тірі дәлелдемелер» деген дәрежесі болды, яғни соғыс қимылдары халық жадында сақталып отырған. Автор мақала шеңберінде соғыс жайлы ауызша айтылған әңгімелердің бейнесін, композициялық құрылымын, мотивін талдайды. Ол сонымен қатар Ұлы Отан соғысына қатысқандардың ауызша әңгімелерін қарастырады. Мысалы, Леонид Иванович деген майдангердің естелігінен: «Мен 1928 жылы 22 қыркүйекте Солтүстік Кавказдағы Краснодарда туылдым. Сол жерде 6 сыныпты бітіріп, сосын теміржол мектебіне бардым. Ол жерде бір апта оқып, сосын үш апта вагондарды жөндейтінбіз. Ал сосын немістер қалаға жақындай бастағанда, бізді 42-ші жылы тамыз айында тез-тез басқа жаққа көшіре бастады. Кейбіреулері кетті, бірақ кейбіреулері өз үйлерінде қалған болатын. Үйінде қалғандардың біреуі де тірі қалған жоқ. Немістер олардың бәрін қырып тастады».

Қарттар үйінде жазып алынған 1927 жылғы Зюков Николай Ананьевичтің соғыс жайлы айтқан әңгімесі үлгілі әңгімелердің бірі болып табылады [48]. Мысалы, «Келесі күні полк командиріне қоңырау шалып, көлік жіберсің деп мені штаб армиясына шақырды. Біз 4 офицер болдық. Бізді командир күш пен техника жағынан асып түсетін қарсыласты жойған үшін берілетін Александр Невскийдің орденімен марапаттады. Мен ол жерден капитан лауазымымен қайттым. Мен осы жайлы мені бұзақы деп санайтын әпкелеріме жаздым... Мен бірден әпкелерімнен жауап хат алдым: «Коля, сен айтпасаң да, бізге сенен бұрын хат келіп, хабарлады» деп айтқан еді [48].

Соғыс жылдарында халықтың патриотизмі мен бостандығы туралы тілектерінің зор болғандығы соншалық, халық фашизмді жеңу үшін бәрін істеген. Халықтың патриотизмі тек қана еңбек қызметінде ғана емес, экономикалық және әлеуметтік өмірлерінде де көрініс тапты. Оның ішіне қаруға ақшалай көмек көрсету, майдангерлер үшін жылы аяқ-киімдерді дайындау, әскерлердің отбасыларына, жараланғандар мен мүгедектерге қамқорлық көрсету, фашистердің тұтқынынан азат етілген халыққа көмек көрсету жатты [49].



Мұрағат мәліметтері бойынша ХХ ғасырдың 40-шы жылдары майданға шақырылғандардың мобилизацияланғандардың нәтижелері көрсетілген. Ол мәліметтер бойынша 1940 жылы ШҚО военкоматтарына Қызыл Армияға қазақтардан барлығы 307 адам шақырылған болатын. Олардың ішінде:

  1. Арыс АӘК – 17 адам;

  2. Бостандық – 19 адам;

  3. Келес – 49 адам;

  4. Қаратас – 25 адам;

  5. Қзыл-Құм – 13 адам;

  6. Пахта-Арал – 139 адам;

  7. Созақ – 21 адам;

  8. Чаян – 20 адам;

  9. Сайрам – 4 адам.

Тыл жұмысына әйел адамдарды мобилизациялау сәттірек жүрді. Қоғамдық ұйымдар үшін әйел адамдарды өндіріске жұмылдыру өте маңызды болған еді. Қазақстан Компартиясының бесінші пленумы (1941 ж. 25 маусым) партиялық, кеңестік, кәсіподақтық және комсомолдық ұйымдардың майданға кетіп жатқандардың орнына кадрларды дайындауға ерекше назар аудару керек екендігіне тоқталады. Пленум ұйымдарда әскерге жарамды ер адамдарды есепке алып, олардың орнына әйел адамдар мен жастардан тұратын жаңа жұмыс күшін жаппай үйретуді бастау керектігін айтты. 1941 ж. 5 тамызда Шымкент облыстық атқару комитеті «Қызыл Армияға шақырылған ер адамдардың орнына автокөлікте әйел адам кадрларын дайындау туралы» шешім қабылдаған еді.

Қазіргі заман деректерінің маңызды құрамдас бөлігін электрондық деректемелер құрайды. Бұл тарихи ақпараттың пайда болуы, сақталуы және презентациясының жаңа көрінісі – электрондық тарихи деректер ақпаратты сақтаудың және жеткізудің жаңа дерек қоры болып табылады. Электрондық деректер бұрынғы технотрондық деректерге қосылғанымен, сол деректемелерді бір өзі жеке атақара алуымен ерекшеленеді. Осы электрондық деректемелер ауызша тарихты жасауды айрықша қабілетке ие. Электрондық деректемелердің, жалпы оларды тарихи деректемелік тұрғыдан игерудің методологиялық мәселелері маңызды. Ол – Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша ақпарат алудың түрлі электрондық нұсқаларының пайда болуы ғылыми пайымдауды, ғылыми тарихи тұрғыдан негіздеуді қажет ететін деректанулық массив қалыптастырып, тарихи үрдістерді зерттеуде олардың гносеологиялық импульсын анықтап бере алады. Электрондық деректердің ақпарат алмасудың коммуникациялық сипаты оның эволюциялануын, бұл өз кезегінде тарихи деректердің классификациялық сызбасындағы машина-техникалық нұсқасының құрамдас, жалғаспалы бөлігін көрсетіп береді.Отандық ғылыми жұмыстарда электрондық ресурстарды деректанулық сынсыз қабылдау, оларға деген біржақты қатынасты қалыптастырды, нәтижесінде оның ақпарат берушілік дерек болмысын шектеп, объективтілік принципке нұсқан келтіріп, есесіне келесі бір дерек түрлеріне сенім артыла бастады. Әлемдік ғылыми тәжірибе де қалыптасқан электрондық дереккөздерді пайдаланудың консенсусын орнықтыру қажет. Электрондық ресурстардың деректемелік құндылығын түсіну, айқындау үшін олардың тарихи дерек көзі ретіндегі болмысына тың, батыл қадамдық ғылыми қатынасты орнықтыру маңызды. Ақпараттың электрондық форматының келешегі тәуелсіз Қазақстан Республикасының ақпараттық саясаты үдерісінде негізделіп отыр. Электрондық деректемелердің әлеуметтік үрдістерді, азаматтық, ашық қоғамды, демократияландырудың екпінді дамуын зерттеуге, бажайлауға, қарқынды, үдемелі дамуына қозғау салар орны бар дерек түрі болып саналады. Аталмыш дерек түрінің ақпараттық әр алуандығы, ғылыми, әлеуметтік-мәдени, қоғамның дамуына саяси-құқықтық векторына тәуелсіздігі, мұнымен қоса, ақпараттандырудың қарқынды дамуы жаппай бұқаралық қолжетімділікке ие болуын туғызып, оның ақпараттық мазмұны қалыптасуына әкелді. Бұл электрондық деректемелердің мәтіндік мазмұны мен мән-мағынасының ғылыми маңызының шекарасын түсінуді көрсетіп береді. Ақпараттық контенттің көпсатылы шкаласын сандық әдістеу деректанулық талдаудың аталған технологиясының конструктивтілігін көрсетеді, отандық тарихнамада болашақта осы бағыттағы зерттеулердің нақтылы бағыт-бағдарын айқындайды. Тарихи деректерді сақтаудың және жеткізудің заманауи формалары ғана емес, өз алдына технотрондық деректер – электрондық деректемелер байыта бастады [50]. Жобаның бұл бағытта атқаратын жұмысының маңызды тұсы осы есепті жылда электрондық деректемелік қор құру мәселесімен айналысуы болды. Бұл бағытта бірнеше жұмыстар атқарылды.

«Қазақстан тарихы» вэб-порталына орналастыру үшін: «Тарихи білім», «Электрондық мұрағат» (Көне артефактілер, Ортағасырлық деректер, Жаңа заман мәліметтері, ХХ ғасырдың құжаттамалық хроникасы, Деректер мен құжаттардағы қазіргі Қазақстан айдарларына) мәліметтер ұсынылды. Тарих бойынша вэб-ресурстарды жинау және жүйелеу жүргізілді (тізім ұсынылады). ҚР Президенті Мұрағатымен бірлесе tutkyn.kz вэб-сайты жасалып, интернетте орналастырылды. ХХ ғасырдың бірінші жартысының нарративтік деректер анықталды. Ақпаратты жүйелеу үшін электрондық дерекқордың құрылымы жасақталды. Жұмысты апробациялау үшін, қайталанатын сауалнамалық мінездеме ақпаратын қамтитын мұрағаттық деректермен жұмыс жасалды. Осының нәтижесінде «Тұтқын-қазақстандықтар» дерекқор жасақталды. Қазіргі таңда дерекқорға 30 мыңға жуық фамилиялар енгізілді. Алғаш рет ҰҚҚ мұрағатының бұрын жабық қорларына рұқсат алынды (Қ. №10), 2 мың қазақстандықтар бойынша ақпарат табылды. Бұл бағытта жұмыс өз жалғасын табуда.

Халық жадының құжаттық хроникалары «қайта құру» кезеңінен де молынан мағлұмат береді.

1985 жылы Кеңестер Одағы Комунистік Партиясы Орталық Комитетінің бас хатшылығына М.С. Горбачевтің келуімен қоғамда «қайта құру» саясаты басталды. Сәуір айында өткен пленумда «қайта құру» ол демократиялық бағытта қоғамды өзгерту керектігі туралы шешім қабылдады. Осы шешім іс жүзінде пайдаға аспай Кеңес Одағының ыдырауына алып келді. Осының бір дәлелі ретінде Прибалтика елдеріндегі, біздің еліміздегі Желтоқсан оқиғасы айтуға болады. Желтоқсан оқиғасының естелік деректемелері екі бағытта қалыптасты. Бұл мұрағаттық құжаттық деректемелер және ауызша тарих түрлері.

Желтоқсан оқиғасы жөнінде бүгінде біршама еңбектер жазылды, фильмдер түсірілді. Сонымен бірге көптеген осы оқиғаға қатысушы азаматтардың естеліктерінің барысында да біршама кітаптар жарық көрді. Олардың арасында оқиғаға қатысушылардың естеліктері маңызды. ҚР Президенті мұрағатынан № 708 қор 318 іс, 708 қор 157 іс, 708 қор 153 іс, 708 қор 185 іс, 708 қор 139 іс 811қор 31-іс, 811 қордың 32-іс, 33-іс, 34-іс, 35-істер қарастырылып, пайдаланылды. Желтоқсан оқиғасы туралы Д.А. Қонаев өзінің «Өтті дәурен осылай» атты еңбегінде былай деп жазады: «Алматыдағы желтоқсан оқиғасын Колбин және оның айтқанына көніп, айдауында жүргендер «әлде бір ұлтшылдардың айдап салуымен болған жанжал» деп сипаттады. Ал КСРО халық депутаты М. Шаханов басқарған беделді комиссия: «..... қазақ жастарының бой көтеруінде ешқандай ұлтшылдық жоқ, бұл олардың азаматтық және саяси көзқарасын емін-еркін білдіру құқы» деп, мүлде басқаша, бірақ әділ қорытынды жасады. Комиссия жүздеген, тіпті мыңдаған жас жігіттер мен қыздарды тым-тырақай қуып, өлімші ғып сабап, қамауға алу үшін күш қолдануына бірден-бір кінәлі адамдардың атын атап, түсін түстеп берді. Беделден жұрдай болған бұл адамдарды бұдан бұлайғы жерде қазіргі отырған қызметінде қалдыруы лайықсыз деп тапты. Алайда комиссияның орынды талабы әлі күнге дейін аяғына жеткізілмей, сөзбұйдаға салынып келеді. Қалай болғанда да комиссия өз міндетін абыроймен орындады, ол желтоқсан оқиғасының ақ-қарасын ашып, алып-қашты сөздер мен өсек аяңды пышақ кесті тыйды....» деп жазады [51]. Д.А. Қонаевтың осы «Өтті дәурен осылай» атты еңбегінде келтірілген ойы бүгінде тарихи шындыққа айналып, Желтоқсан оқиғасының саяси сипаты жөнінде кеңінен қарастырылып, әлі де зерттелу үстінде.

Желтоқсан оқиғасы жөніндегі Хасен Қожа Ахметтің 1990 жылы жазған естеліктерінде КСРО билігінің қазақ халқын «ұлтшыл» деп атаған қаулысын түзеттіру үшін «ұлтшыл емес» «интернационалист» екендігін дәлелдеу үшін лауазымды қызметкерлердің пікірлескісі келіп Жоғарғы Кеңес үйіне шақырғандығын баяндайды. Бірақ Хасен Қожа Ахметтің басты мақсаты түрмедегі азаматтырды тез арада түрмеден босаттыру болады. 1986 жылы желтоқсан көтерілісі кезінде зиялылардың төбесін көрсетпеуін 1930 жылдардағы репсессиядан сақталып қалған үрей екендігін, көтеріліске қатысушылар негізінен жоғары оқу орындарының студенттері болғанын атап айтып өтеді.

Қазақстаннан бастау алған қозғалыстың Балтық бойы елдерін, Кавказ, Шығыс Еуропа елдерін оятты, сөйтіп КСРО үкіметін ұлт мәселесіне, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына жаңаша қарауға мәжбүр етті. Ауғанстаннан, Шығыс Еуропа елдерінен Кеңес әскерлерінің әкетілуі, соғыс блоктарының арасында текетірестің бәсеңдеп, дүние жүзілік апат қаупінің сейілуі – осының бәріне КСРО-дағы «қайта құру» саясатына үлкен қозғау салған Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің әсері болғандығын 1990 жылы №1 Желтоқсан газетіне жариялайды [52]. Хасен Қожа Ахметтің БАҚ берген сұқпаттарынан, жазған естеліктерінен оның Желтоқсан оқиғасының бірден-бір жанашыры және көтеріліске қатысушыларды ақтап алу мақсатында жұмсаған еңбегі нәтижесіз қалмағанын көреміз.



Желтоқсан көтерілісі туралы «Аллажар» фильмін түсіруші Қалдыбай Әбеновтың естелігінде былай дейді: 1988-89 жылы фильмді бастағанда «маған ешкім кедергі жасамағанда, әлі де болса көптеген ақиқатты жарыққа шығарар ма едім?» деп ойлаймын кейде. Алаңда, алаңнан тыс жерлерде 2000-нан астам шейіт болған жастарымыздың денелерін толық еркіндігіміз болғанда, бәлкім, біз табар ма едік. Ақиқаттың көбі оқиғадан кейін-ақ жойылды. Мен фильмді Желтоқсан оқиғасына қатысқан, түрменің азабын шегіп келген уыздай жастарымыздың айтқан әңгімелері, бойынша түсірдім. Қазақтың ұл-қыздарын шырылдата сабап жатқан жерлерін өздерінің айтуларымен жасадым. Толқуды да оқиғаның бел ортасында болған балалардың әңгімесінен алдым [53]. Қалдыбай Әбенов осы фильм арқылы барша жұртқа Желтоқсан шындығын ашып көрсетеді. Дегенмен, бұл фильм еліміз тәуелсіздік алмай тұрып 1988-1989 жылдары түсірілгендіктен ақиқаттың толық түрде ашылып көрсетілмегендігіне өкініш білдіреді. Желтоқсан оқиғасы туралы нақты, деректі түрде фильмдер әлі де түсірілуіне болашақта мүмкіндіктер мол.

1986 жылы шетелдерде болған қазақ жастары Алматыдағы желтоқсан оқиғасы олардың саяси өміріне әсер етіп, Қазақстанға оралуға деген құштарлығын өсіре түскенін айтады. Олардың бірі, Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ жастарының көрген азаптарын естігенде, қатты ызаланғандарын айтса, екінші біреулері, желтоқсанды Кеңес Одағының қабырғасын сөккен оқиға деп қабылдағанын айтады. Солардың бірі 1986 жылы Будапешт Малдәрігерлік Университетінде оқыған Бабақұмар Қинаятұлы Желтоқсан көтерілісі жайында былай жазады [54].

Будапештте біршама қазақ жастары бар еді. Барлығымыз бір-бірімізбен жақсы байланыста тұрдық. Барлығымыз ақылдасатын, уәжін тыңдайтын адамымыз атақты Иштван Қоңыр Мандоки болатын. Ол кісі «социализмнің ақырына көп қалған жоқ» деп айтатын. Сол 90-шы жылдардың ішінде күйреу шегіне жетеді деп отырғанбыз. Алайда, 1986 жылы бізге «Алматыда жастардың осындай үлкен көтерілісі болды» деген хабар жетті. Еуропада бұл үлкен тақырыпқа айналды. Бірақ, Еуропа Кеңес Одағындағыдай емес, бұл оқиғаны басқаша түрде түсіндіруге, талдауға тырысты, деп еске алады. Б. Қинаятұлы қазақтармен бір жағынан туыстық байланыстары бар, екінші жағынан социалистік лагерь жүйесіндегі тағдыры ұқсас болған венгр халқының жазықсыз жастардың қаны төгілген желтоқсанды түсіністікпен қабылдағанын айтады.

Олар «қазақ жастарының көтерілуі заңды, қазақ басшысын алмастыруға, ұлттың намысын аяққа таптауға болмайды» деді. Бізбен оқитын студенттер қазақтарға қолдау білдіріп отырды. Олар «бұл үлкен мәселе, өйткені халықаралық сахнаға шығып отыр» деді. «Қалай болыпты, қанша адам қырылыпты? Біздегі 1956 жылғы венгр төңкерісіне ұқсас па?» деген сұрақтар қоятын, дейді Бабақұмар Қинаятұлы.

Моңғол мемлекеттік университетінде оқушы Нәпіл Базылхан былай деп жазады:

Қазақ жастарына осы сияқты қолдауды көршілес моңғол халқы да көрсете алды дейді 1980-ші жылдары Моңғол Мемлекеттік Университетінде студент болған Нәпіл Базылхан. Моңғолдар қашанда қазақтарды тарихы тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да бағалай білген. Алматыдағы көтерілісті де олар дұрыс қабылдады. «Қазақтар көтеріліп жатыр, сендер де бармайсыңдар ма?» деген моңғол мұғалімдер де болды. Бірақ олар Мәскеуге көп алаңдайтындықтан, көп ақпарат таратқысы келмеді. Бізге ақпарат студенттер арқылы жетті. Біз хат алмасып, жиі хабарласып тұратынбыз. Тіпті, біз де осы оқиғаға қатысуға дайын едік, дейді Нәпіл Базылхан.

Сонымен қатар, Нәпіл Базылхан, желтоқсан көтерілісі кейіннен Кеңестер Одағының ыдырауына түрткі жасаған оқиға екендігін жоққа шығаруға болмайды дейді. Оның айтуынша, Алматының қақаған қысында болған жастар дүмпуі тек Кеңестер ғана емес, сонымен қатар моңғол елінде де өз жалғасын тауып, жергілікті жастардың демократиялық жаңаруларға араласуына ықпал жасаған.

Жалпы желтоқсан оқиғасының Моңғолияға әсері болды. Өйткені, Моңғолиядағы демократияның басталуы, осы Алматыдағы, сосын Грузиядағы, Таллиндегі оқиғаларға байланысты. Бұдан моңғол жастары үлгі алды деп ойлаймын. Осы бойынша 90-шы жылдары Моңғолияда демократиялық өзгерістер болды. Басқарушы партия «жарайды жастар, демократия дұрыс екен» деп берілді. Біз соның басы-қасында болдық, дейді Нәпіл Базылхан.

Иран тұрғыны Жүсіп Пилтан болса Желтоқсан оқиғасы туралы өз ойын былай білдіреді:

1986 жылғы оқиғаны телеарна арқылы жапон ақпарат агенттігі таратқан жаңалықтардан көрдік. «Қазақ басшысын ауыстырып жатыр, соған байланысты қазақ жастары көтеріліс жасап жатыр» деді. Қанымыз қайнап, денеміздің бір мүшесі бөлінгендей болды. Шыдамсыз болдық, бір нәрсе айтқымыз келді. Өкінішке орай, қолымыз байлаулы болды. Қалай да болғанда, жәрдемдессек деген ниетіміз болды. Иранда жергілікті орыстар тұратын. Солармен қазақтар біраз егесіп, өздерінің қарсылықтарын білдірген, дейді Жүсіп Пилтан.

Каталог: wp-content -> uploads -> 2017
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Аңыз әңгімелер «Асан қайғының жерұйықты іздеуі»
2017 -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин әңгімелері
2017 -> Сабақтың тақырыбы Мен не үйрендім? Сабақ негізделген оқу мақсаты
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Жылқы. С. Мұқанов
2017 -> Сабақтарында «мнемотехника»әдісін пайдалану. №48 «Ақ көгершін»
2017 -> Оқушыны іздендіру жолы – шығармашылық
2017 -> Сабақтың тақырыбы Менің отбасым. І дыбысы мен әрпі
2017 -> Әңгіме шебері Ы. Алтынсарин
2017 -> Б.Қ. Абдыкаимова №56 «Береке» балабақшасы тәрбиеші Астана қаласы
2017 -> Қысқа мерзімді жоспары: Мұғалімнің аты-жөні


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет