4. Синтаксистік қателер:
1) Сөз тіркестірудің нормаларының сақталмауы; бағыныңқы мен басыңқы сыңарлардың араларының тым алшақ болуынан мағына байланысының нақтылығының болмауы: «Қылмыс-елеулі маңызы бар немесе мемлекеттік қауіпсіздікке және адам өміріне зиян келтіретін әрекет не әрекетсіздік».
2) Етістіктің шақ тұлғаларының бір-біріне сәйкес қолданылмауы: «Ең алғаш мектепте оқып жүргенде арман етіп, қиялдап жүрген Алматы қаласына келдік, армандаған маман иесі болуымызға аз уақыт та қалды». Сондай-ақ, бұл сөйлемдегі «арман етіп, қиялдап жүрген» есімше тұлғаларының басыңқы «Алматы» сөзімен байланысы орынсыз.
3) Бірыңғай мүшелі сөйлемдерді қолдануда жіберілетін қателер:
а) Бағыныңқылардың басыңқымен байланысының болмауы, бірыңғай мүше тұлғаларының біртектес келмеуі: «Халық ауыз әдебиетінің көпшілігі халықтың мұңын жырлаған. Сол дәуірлердегі теңсіздіктерді, жолсыздықты көпшілігі ауыз әдебиеті арқылы білдірді»;
ә) Бір-бірімен тегі және түрі жағынан біртектес сөздердің бірыңғай қолданылуы: «Қазіргі кезде қылмысты жасайтын адамдар олар негізінен жас балалар».
4) Есімшелі, көсемшелі тұлғалы сөздердің орын тәртібінің сақталмауы, орынды жалғанбауы: «Сіздің БҰҰ-ны жан-тәніңізбен қолдайтыныңыз үшін өзімнің шынайы құрметімді жеткізгім келеді».
5) Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібінің сақталмауы: «Көшеде бір қарапайым өзімен-өзі кетіп бара жатқанда адамды полиция қызметкері көріп қалады».
6) Есімдіктерді орынсыз қолданудың себебінен сөйлемнің мағынасының күңгірттенуі: «Қазіргі кезде қылмысты жасайтын адамдар олар негізінен жас балалар. Олардың қылмыс жасау себептері отбасының әкесінің немесе шешесінің жоқтығы, не тәрбиесін көрмеуі»; «Қауырт өткен көпжақты келіссөздер мен пікірталастар нәтижесінде шешімдер пакетіне қатысты келісімге қол жетті. Олар 11 мамырда дауыс берусіз қабылданды»; «Егер елдің экономикасы төмен болса, қылмыстың жасалуы көп болады, өйткені халық жоқтықта өмір сүрсе ол өзіне керек затты алу үшін әр түрлі әрекеттерге барады, кейде адам өлтіруге дейін де барады».
7) Бастауыштың қайталанып, үстемеленіп жұмсалуы: «Бұл адам мұны өзі білмей қалды» "Менің Ы. Алтынсарин шығармаларынан алған жерім, яғни Ы. Алтынсариннің бізге қалдырған өнеге өсиеті бізге үлкен бір ғанибет". "Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы",-дегендей Ы. Алтынсарин, яғни ұстаз атамыз біз үшін тірі.
8) Құрмалас сөйлем құрамындағы компоненттердің орын тәртібінің сақталмауы: «Оның білгір достары, оған демеу бола тұра, болашағына зор ықпал етті».
9) Құрмалас сөйлем компоненттерінің арасында логикалық-грамматикалық байланыстың болмауы. «Ол сырды біз оқып, түсініп, түйсігімізде сақтап, ұғынып, мойындаған кезде ғана шертімді деп ойлаймын. Әр адам ол сырды әрқалай шеше алады. Сол екі ауыз сөзін бізге жеткізуге ата-бабаларымыз әбден тырысқан. Бірақ бұл салт-дәстүр әлі жалғасуда және ұрпақтан-ұрпаққа әрі жалғасып, одан әрі дамып, көркем тіліміздің тағы да көркейе түсетіндігіне сенімдімін. Мұндай қазақ елінің байлығын ешқандай да жолмен жоғалтуға болмайды және ұрпақ жоғалтпайды; «Мақал-мәтелдер көп болғандықтан, егіншілік кәсібіне де байланысты мақал-мәтелдер де аз емес».
10) Құрмалас сөйлем компоненттерінің тым шұбалыңқы болуы; сөйлемге қажетті сөздерді тастап кетудің салдарынан сөйлем мағынасының күңгірттенуі: «Сәби, жарыққа (дүниеге) шыр етіп келгеннен бастап, өмірден жылу алуды армандайды»; «Қылмыс дегеніміз-заңмен бекітілген, заңмен тыйым салынған және жазаланатын, мемлекетке, жеке меншікке немесе адам басына, қоғамға (қарсы) заңсыз әрекет жасау». Мұнда сондай-ақ, бірыңғай сөйлем мүшелерінің берілуінде де қателер бар екенін көруге болады.
11) Дәйек сөздерді қолдана алмаудың салдарынан болатын қателер: «Көп жағдайда қылмысты тәрбие алмаған жасөспірімдер жасайды. Сол үшін ата-бабамыз айтпақшы, «Болар бала-боғынан» демекші, бала жастайынан әке-шешесінен сыйластықты, ар-намысты, Отанға деген сүйіспеншілікті, сабырлықты, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген түсінікпен тәрбие алып өсуі керек».
12) Мәтін ішіндегі сөйлеемдердің бір-бірімен мағыналық-грамматикалық байланысының болмауы, байланыстырушы конструкцияларды білмеуі. Соның салдарынан ойдың күңгірттенуі:
«Қазақ табиғатында ақын, шешен халық. Оның осы бір ерекшелігі тілінде айқын көрініс тапқан. Әр сөзінде тайға таңба басқандай дәл, нақты, мағыналы ойлар түйіскен. Ендеше, осындай қасиеті ерте заманнан бері жетіліп, дамып, жылдан-жылға өркендеуде. Бұл-тіл табиғатындағы заңды құбылыс». Осындағы «ендеше» сөзінің орынсыз қолданысы сөйлемдердің тұтас логикасын бұзып тұр. Алғашқы үш сөйлем мен кейінгі екі сөйлемдегі автордың айтайын деген ойы екі түрлі, сол себепті соңғылары алдыңғы үш сөйлемнің тұжырымы бола алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |