4. Контекстік мағынаны ескермеуден болатын қателер:
Бұған, әсіресе, жалпы шығарма мазмұнының функционалдық-стильдік тұтастығына қатысты қателіктер жатады: шығарма мазмұнының тақырыпқа не тақырып атауына сәйкес келмеуі, тақырыптың ашылмауы т.б. Мысалы, мына шығарма мазмұны «Күз» деген тақырып атауымен берілген:
«Қыркүйек айының бас кезі, жердің беті кілемнің түріндей әлі жап-жасыл, таң атып, күн шығып келе жатыр. Таңертеңгі түскен шықтың тамшысы қызарып шығып келе жатқан күннің сәулесіне шағылысып, өсімдіктердің басы күмістей жылт-жылт етеді. Қалың тоғайдың арасынан ирек-ирек болып аққан жіңішке өзеннің үстінен көтерілген бұлыңғыр тұман, шықпен буланып, маңдайы терленіп, төмен қарап тұрған талдар, талдың арасымен сылдырап аққан өзеннің суы көз алдыңа елестейді. Көктің жүзі көкпеңбек теңіз сияқты. Шөптің басы қимылдарлық жел жоқ. Тып-тыныш. Табиғаттың барлық нәрсеге ықылас көзбен күліп тұрған күні еді». Осындағы күз мезгілінің бір күні, бір сәтіне (таңертеңгі) ғана құрылған шығарманың тақырып атауына «Күз» деп аталуы нақтылықты қажет етіп тұр. Күзгі таңның суретін қанша әдемі елестете алғанмен автор бұл жерде ойын шашыратып алғанға ұқсайды. Ол үшінші сөйлемде әсіресе байқалады. Кеңістікті, ондағы заттарды суреттеудегі бірізділіктің әлсіздігі ондағы сөздердің жиі қайталануынан көрініп тұр. Қатенің бұл түрі көп жағдайда автордың баяндау тілінің тақырыптың стилистикалық мәнеріне, эстетикалық әсеріне, көңіл-күйіне сай келмеуінен болады.
Стилистикалық норма-тарихи тұрғыдан қалыптасқан, даму заңдылықтарымен жалпы қабылданған тілдегі стилистикалық мүмкіндіктерді тарату жиынтығы.
Стилистикалық норма-бұл тілдік норма, бірақ стилистикалық кейбір әдістер оның ауытқуына себепкер болады.
Қазіргі кезде әдеби нормалар түсінігі біршама біртекті болып келсе, ал стилистикалық нормаларының анықтамасы мүлде басқаша. Және бұл өз кезегінде стиль түсінігімен бір мәнді еместігімен байланысты. Тіпті кейде стиль нормалардан ауытқып кеткенде ғана көрініс береді деген ой-пікір айтылып жүр, осыған байланысты норма стильге қарама-қарсы қойылады. Бірақ көптеген лингвистер стилистикалық нормалардың бар екендігі туралы да айтып жүр (әдетте олар стильді жалпы тілдік әдебиетке қарсы қоймайды). Сонымен, зерттеуші М. В. Пановтың ойынша «әдеби тіл стильдер жүйесі деп түсіндіріледі; олардың әрқайсысына ерекше нормативтілік тән», бұл Д. Н.Шмелевтің стиль туралы біздің түсінігімізде ол қандай да бір нормалар жүйесі дегенге келеді деген пікірмен үндеседі.
Әдеби норма мен стилистикалық норма бір-бірімен байланыста ашылатын ұғымдар.
Әдеби тіл нормасы белгілі кезеңде тілдік құралдарды қоғамдағы барлық адамдарға ортақ орнықты түрде қолдану үлгісі. Әдеби норма диалектілерге, ауызекі сөйлеудің қарапайым (қарабайыр) түрлеріне қарсы қойылады. Сондықтан оған жүйелілік, реттілік, баршаға міндеттілік, функционалды-стильдік жіктеліс тән. Осы тұрғыдан әдеби норманы функционалды стиль нормаларының біріккен жүйесі деп қарасақ, стилистикалық норманы әдеби норманың функционалды стильге қатысты көрінсі деуге болады. Басқаша айтқанда, әдеби норма жалпы нормаға және жеке, функционалды –стилистикалық нормаға ажырытылады. Жалпы норма тұтастай әдеби тілге тән, оның барлық функционалды –стильдік тармақтарына ортақ. Ол стильдерді, стилішілік тармақтарды бір бүтін әдеби тіл жүйесіне біріктіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |