Ж. Т. Сарбалаев конверсия мәселелері дәрістер топтамасы



бет1/6
Дата12.03.2018
өлшемі2,01 Mb.
#38640
  1   2   3   4   5   6
Ж.Т. Сарбалаев

КОНВЕРСИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Дәрістер топтамасы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі


С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Филология, журналистика және өнер факультеті
Ж.Т. Сарбалаев
КОНВЕРСИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Дәрістер топтамасы

Павлодар - 2010

ӘОЖ 81’373(07)

ББК 81.2-2я7

С 22
Баспаға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми Кеңесі басуға ұсынған.


Пікір жазғандар: Б.Қ. Момынова - Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Г.Т. Кәріпжанова - филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Жауапты редактор – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Е.Ө. Жұматаева


Ж.Т. Сарбалаев. Конверсия мәселелері. Дәрістер топтамасы.

- Павлодар: С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2010. – 107 б.

С 22


Конверсия тәсілі арқылы сөз тудыру мәселесі – қазақ тіл білімінде енді-енді ғана зерттеле бастаған тың тақырыптардың бірі болып саналады. Автор еңбекте сөзжасам мәселесінің тіл білімінде жеке сала болып қалыптасуын, конверсиялық тәсіл арқылы сөз тудырудың ерекшеліктері мен түрлерін жан-жақты қарастырады.

ББК 81.2-2я7


1-дәріс
СӨЗЖАСАМНЫҢ ТІЛ БІЛІМІНІҢ ЖЕКЕ САЛАСЫ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН
Сөзжасам, тек қазақ тіл білімінде ғана емес, әлемдік лингвистика мен орыс тіл білімінде де тілдің өзге қабаттарына қарағанда анағұрлым кеш қалыптасқан, лексика мен грамматикадан бөлініп, өз алдына отау тіккен дербес, жеке сала болып танылады. Тіл тарихында, жалпы, туынды сөздердің пайда болуы, жасалу тәсілдері, тілдің байлығы болып саналатын сөздік құрамды қалыптастырудағы алатын орны, жаңадан пайда болған мағынаның бұрынғы мағынамен байланысы және т.б. сықылды сөзжасамның өзекті мәселелері ерте кезден сөз болып келе жатқанымен, олардың бәрін топтап, басын бір жерге қосып, грамматика мен лексикадан бөлек, жеке сала ретінде қарастыру проблемасы күн тәртібіне тек қана өткен ғасырдың орта тұсында қойыла бастады. Мысалы, белгілі дат ғалымы О.Есперсен лингвистикада алғашқылардың бірі болып, өзінің «Философия грамматики» деп аталатын еңбегінде сөзжасамды тілдің жаңа саласы ретінде қарастырып, оны грамматиканың морфология және синтаксис салаларымен бір қатарға қойды: «Предмет грамматики делится... на три основные части: 1.Морфология или словоизменение, 2.Словообразование, 3.Синтаксис» [1,41]. О.Есперсеннен басқа Европа тіл білімінде В.Дресслер, Х.Брекле, Д.Кастовский, Л.Липке, Т.Репер, Э.Уильямс, В.Мотш, М.Халле, Скализе тәрізді зерттеушілер сөзжасам проблемаларын жан-жақты қарастырып, оның тілдің жеке, дербес саласы орнығуына көп күш салды. Соның нәтижесінде қазір үндіевропа тіл білімінде сөзжасам өзіндік ерекшеліктері анықталған, құрылымдық-семантикалық өзгешеліктері нақтыланған, зерттеу объектісі айқындалған тіл білімінің жеке саласы болып саналады.

Өзге жекелеген тіл білімдеріне қарағанда, тамыры терең, дамыған тіл білімі санатындағы орыс тіл білімінде де сөзжасамның дербес сала болып қалыптасу тарихы Европа тіл біліміне ұқсас. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында орыс тіл білімінде И.А.Бодуэн де Куртенэ, Ф.Ф.Фортунантов, Н.В.Крушевский, А.А.Потебня, А.А.Шахматов, А.М.Пешковский және т.б. ғалымдар тарапынан сөз тудыру процесі, түрлері, олардың сөз таптарын қалыптастырудағы рөлі туралы өзекті тұжырымдар, бағалы ой-пікірлер айтылғанымен, сөзжасам лингвистиканың жеке саласы деңгейіне көтеріле алмады. Мұның, әрине, толып жатқан объективті себептері болды. Десек те, біздіңше, мұның басты себебін сол дәуірдегі тіл білімінің деңгейінен онда орныққан тілдік бағыттардан іздеген дұрыс. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдағы тіл білімінің жай-күйі, қол жеткен биігі қандай деңгейде еді? Аталған кезеңде тіл білімінде қандай философиялық-тілдік ағымдар үстемдік құрды? Зерттеу тәжірибесінде қандай тілдік мәселелерге басымдық берілді? Міне, осындай сұрақтарға нақты жауап берілгенде ғана сөзжасам мәселелерінің көп уақытқа дейін зерттелмей, ғалымдар тарапынан назарға ілінбей «жылы жатуының» себептерін анық түсінуге болады. Біз де өзімізше осы сауалдардың жауабын іздеп көрейік.

Басқа қоғамдық ғылым салаларына қарағанда, мысалы, әдебиеттану, тарих, археология, этнография, психология және т.б. тіл білімінің жеке ғылым саласы болып кеш қалыптасқаны ғылым тарихынан жақсы мәлім. Алғашқы лингвистикалық ой-пікірлердің біздің дәуірімізге дейінгі көне замандарда, ежелгі Қытайда, Үндістанда, Грецияда айтылғанымен, оның дербес ғылым саласы ретінде орнығу процесі тым ұзаққа, ХІХ ғасырдың басына дейін созылып кеткені белгілі. Оның өзі де ғылымда бұрынғы таным-түсініктерді жаңаша, өзгеру, даму күйінде қарастыратын жаңа әдіс - тарихи-салыстырмалы методтың өмірге келуімен, теорияда, практикада, зерттеу ісінде кеңінен қолданылуымен тығыз байланысты. «Толық мағынасында ғылым ретінде тіл білімінің өзі тілдерді тарихи және салыстыру тұрғысынан зерттеудің негізінде, дәлірек айтқанда, тілдерді зерттеуде салыстырмалы-тарихи методты қолданудың нәтижесінде, салыстырмалы-тарихи грамматиканың негізінде ХІХ ғасырдың басында жасалды» [2,5]. Бұдан, әрине, бұған дейін тіл білімі болмаған деген ұғым тумаса керек, оған дейін де тіл білімі болған. Бірақ ХІХ ғасырға дейінгі тіл біліміндегі зерттеулердің мазмұны, негізінен, бір бағытта, синхрондық сипатта болды. Синхрондық зерттеулердің басты мақсаты - тілдің грамматикалық құрылымындағы, қалыптасқан жүйесіндегі тарихи өзгерістерді есепке алмай, тек олардың өмір сүріп тұрған дәуіріндегі жай-күйіне, қалпына талдау жасау, ғылыми тұрғыдан баяндау. Алайда тілдің әбден кемеліне келіп орныққан жүйесін, құрылымын, ондағы сан алуан тілдік құбылыстардың сырларын үнемі синхрондық зерттеулер аясында түсіндіру әрдайым мүмкін бола бермейді. Өйткені белгілі бір тілдік құбылысты синхронды талап тұрғысынан талдау үстінде кей-кейде олардың тарихына да, жүріп өткен даму жолына да үңілу қажеттілігі туындайды. Бұл қажеттілік ақыр соңында тіл білімінде диахрондық (тарихи) тіл білімінің қалыптасуына алып келді.

ХІХ ғасырда өмір сүрген Ф.Бопп, Расмус Раск, Якоб Гримм, А.Х.Востоков, Ф.Диц, В.Томсэн, Фердинанд де Д.Соссюр сықылды тіл білімінің жампоздары өз зерттеулерін тіл тарихын зерттеуге, тілдің даму заңдылықтарын ашуға, түрлі тілдердің фактілерін молынан жинап, оларды өзара салыстыра отырып, тілдер туыстығын айқындауға арнады. Бұл дәуірде, анығын айтқанда, синхрондық зерттеулерге қарағанда, диахрондық зерттеулерге аса қатты назар аударылды. Туыстас тілдердің арғы тегі болып табылатын «ата тіл» (праязык) дегенді табу ең басты орында тұрды. Тіл мен қоғамның байланысы, тілдің ғылымдар жүйесінде алатын орны, оның өзге қоғамдық құбылыстармен ара-қатынасы және т.б. проблемалар лингвистердің негізгі зерттеу объектілеріне айналды. Осындай диахрондық зерттеулермен қатар нақтылы тілдердің белгілі бір кезеңдегі қалпын, жай-күйін зерттеп, талдау жасау қажеттілігі туды. Аталған дәуірде өмір сүрген тіл білімінің зерттеушілері, тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпына сипаттама жасаудың теориялық қағидаларын жасап, синхрондық грамматиканың басты-басты принциптерін жасады. Осылармен бірге ХІХ ғасырда тілдік құбылыстарды диахрондық және синхрондық тіл білімі тұрғысынан қарастыратын тіл білімінің жаңа саласы-сипаттама (описательное) тіл білімі пайда болды. Осы жайттардың барлығы, айналып келгенде, сөзжасам мәселелерінің жеке, дербес сала ретінде қарастыруға қол байлау болды. Сөзжасамның тілдің жеке саласы болып қалыптасуына «қол байлау» болған мұндай кедергілер, объективті себептер сол дәуірдегі барлық жекелеген тіл білімдеріне ортақ құбылыс болды.

Орыс тіл білімінде сөзжасам мәселелері шын мәнінде ХХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап қарқынды түрде зерттеліне бастады. Сөзжасамның көптеген өзекті проблемалары ондаған кандидаттық, докторлық диссертациялардың, іргелі зерттеулердің, түрлі монографиялардың басты тақырыбына айналды. Академик Л.В.Щерба алғашқылардың бірі болып сөзжасам мәселелерінің грамматика аясында жеке сала болып зерттелуге тиіс екенін атап көрсетті: «Одним из основных отделов грамматики являются правила словообразования, т.е. вопрос о том, как можно делить новые слова» [3, 31]. Бұдан басқа В.В.Виноградовтың [4], М.М.Покровскийдің [5], Г.О.Винокурдың [6], А.И.Смирницкийдің [7], Н.М.Шанскийдің [8], К.А.Левковскаяның [9], М.Д.Степанованың [10], Е.А.Земскаяның [11] т.б. ғалымдардың зерттеулерінде сөзжасамның көптеген теориялық мәселелері дұрыс шешімін тапты. Аталған ғалымдардың зерттеулерінде сөзжасамның теориялық негізі қаланды, сөзжасамға тиесілі ұғым-түсініктер қалыптасты, сөзжасамдық үлгілердің түрлері, сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық тип, сөзжасамдық терминология орнығып, бір жүйеге түсті. Соның нәтижесінде орыс тіл білімінде сөзжасам тіл білімінің дербес, жеке саласы болып орнықты. Сөзжасам мәселесі орыс тілінің 1970 [12], 1980 [13], 1983 [14] жылдары жарық көрген академиялық грамматикаларында да жеке сала ретінде көрініс тапты. 1989 жылы В.А.Белошапковтың басшылығымен шыққан «Современный русский язык» атты кітапта бұл мәселеге біржола, соңғы нүкте қойылды десе де болады: «Наука о словообразований, выделившись из морфологии и лексикологии стала самостоятельной лингвистической дисциплиной, имеющий свой объект исследования, свою методику анализа и систему понятий...» [15,237]. 1980-2000 жылдары орыс тіл білімінде сөзжасам проблемаларын теориялық тұрғыдан одан әрі байытқан бірсыпыра маңызды еңбектер жарыққа шықты. Олардың қатарына, мысалы, сөзжасам мәселелерін синтаксис проблемаларымен байланысты қарастырған Е.Л.Гинзбургтің [16], сөзжасамдық ұя мен одан өрбіп дамып шығатын сөзжасамдық тізбектер туралы байсалды зерттеулер жүргізген А.Н.Тихоновтың [17], П.А.Собелевтің [18], сөзжасамдық процестің нәтижесінде пайда болатын туынды тұлғалардың семантикасы және оның өзінің тууына түрткі болған бастапқы түбірлермен ара-қатынасы жайында тың тұжырымдар жасаған Е.С.Кубрякованың [19], И.С.Урухановтың [20], В.В.Лопатиннің [21], сөзжасамдық номинация жөнінде соны тұжырымдар айтқан И.Г.Милославскийдің [22] және өзге де зерттеуші ғалымдардың еңбектерін жатқызуға болады. Бұл ғалымдардың еңбектері, сөз жоқ, жалпы тіл білімінде сөзжасам туралы орныққан ғылыми тұжырымдарды теориялық тұрғыдан одан әрі байытып тереңдете түскені даусыз.

Күні кешеге дейін орыс тіл білімінің ықпалында болып келген түркология ғылымында да сөзжасам проблемалары тілдің фонетика, лексикология және грамматика салалары тәрізді жеке, дербес сала ретінде қарастыру жайы 1960-1970 жылдары айтыла басталды. Бұл орайда, әрине, сөзжасам мәселесіне байланысты әлемдік және орыс лингвистикасында көптеп жарияланған зерттеулердің әсер еткені сөзсіз.

Жалпы, түркологияда сөзжасам проблемасы, сөзжасамның жеке сала болып қалыптасу тарихы жайында әңгіме болғанда, біздіңше, оны екі кезеңге бөліп қарастырған лазым. Бірінші кезең орта түркілік дәуірден, яғни ХІ ғасырдың ұлы филологы Махмұт Қашғари заманынан бастау алып, ХХ ғасырдың орта шеніне дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңде сөзжасам мәселелері, негізінен, тілдің грамматика және лексикология салаларының аясында ғана, онда да сөзжасамдық тәсілдердің тұрғысынан қарастырылды. Зерттеушілер сөзжасамды сөз таптарының пайда болу, жасалу жолы деп санап, оны грамматиканың негізгі мәселелерінің бірі деп таныды. Сөзжасамның сөз тудыру тәсілдері ішінен, әсіресе, синтетикалық (морфологиялық) және аналитикалық (синтаксистік) тәсілдеріне ерекше назар аударды. Ал сөзжасамның тілдік табиғатына, оның тілдік құбылыстар жүйесінде алатын орнына, қоғамдық-әлеуметтік мәніне, теориялық және практикалық жағына айрықша көңіл бөле бермеді. Осының салдарынан сөзжасам түркологияда көп уақытқа дейін тілдің жеке саласы деңгейіне жете алмай, «жабулы қазан жабулы» күйінде қала берді.

Түркологияда сөзжасамның тілдің жеке саласы болып қалыптасуының екінші кезеңі 1960-1970 жылдардан бергі уақыттарға тиесілі. Бұл уақытта әлемдік лингвистикада болсын, орыс тілінде болсын сөзжасам проблемаларының тілдің жеке саласы ретіндегі статусы әбден мойындалған болатын. Жалпы тіл білімінде сөзжасамға байланысты жарық көрген көптеген зерттеу еңбектерінің әсерімен түрколог ғалымдар да түркі тілдерінде сөзжасам мәселелерін тіл білімінің жеке саласы ретінде қарастыра бастады. Оларда сөзжасамның зерттеу объектісі, оған не нәрселердің жататын-жатпайтындығы, оның тілдік құбылыстар жүйесіндегі алатын орны, тілдің өзге қабаттарымен байланысы, қоғамдық-әлеуметтік мәні сияқты күрделі мәселелердің басы ашылып анықталды. Түркі тіл білімінде де сөзжасамның тілдің өз алдына бөлек, жеке саласы болып орнығуына теориялық негіз жасалды.

Енді осы аталған кезеңдерге қысқаша тоқталып өтейік.

Жалпы, түркітануда сөзжасамның зерттелу тарихы тереңнен бастау алады. ХІ ғасырда өмір кешкен атақты филолог-ғалым Махмут Қашғаридың «Диуани лұғат ит-турк» атты еңбегінде түркі тілдеріндегі сөзжасамдық тәсілдер туралы, тілдегі жаңа сөздердің қалай пайда болатындығы, оған сөзжасамның қандай амал-тәсілдерінің қатысатындығы жайында алғашқы ой-тұжырымдар айтылады. Автор түркі тілдерінде жаңа сөздердің негізінен сөз тудырудың морфологиялық және синтаксистік тәсілдің бір түрі - қосарлану жолы арқылы қалыптасатындығын айта келіп, дәлел ретінде сол замандағы әртүрлі түркі тайпаларының тілдерінен мол мысалдар келтіреді. Ғалым мысалы, -лығ қосымшасының үш түрлі өзіндік мағынада: а) иелік (саманлығ ер - сабаны бар адам сияқты); ә) істелген іс (сарығлығ ер - сары ауруына ұшыраған адам); б) мекен (тарығлығ ер - егіндік) жұмсалатынын айта келіп, осы қосымша арқылы жасалған туынды сөздердің 5 түрлі сипатта ұшырайтынын атап өтеді: 1. Нәрсенің өскен, өнген жері мағынасында: сөкутлук - тал өсетін жер; 2. Айтылған нәрсені істеуге арналған нәрсенің аты орнына қолданылады: төшәклік барчын - төсектік баршын; 3. Кісінің құлқын, табиғатын білдіретін масдар мағынасында қолданылады: кувәзлік-тәкаппарлық, йігітлік-жігіттік; 4. Айтылған нәрсенің иесі мағынасында келеді: біләклік ер-білекті, күшті адам; 5. Істелген, орындалған істі білдіреді: білік кіші ара улуклук ол-білімді адамдар арасында ерекше ол [23, 105-106]. Махмут Қашғари, сондай-ақ, етістіктерге жалғанып, есімдер тудыратын бірсыпыра аффикстердің де тізімін береді. Мысалы, -інді қосымшасы етістікке жалғанып, одан есім сөз жасайтынын айта келіп, оған көмінді (көмілген деген мағынада) сөзін айғақ ретінде келтіреді [23, 105]. Ал, сөз тудырудың қосарлану тәсілі жайында былай дейді: «Қосарланып қолданылған етістіктер мен есімдердің біреуі негізгі сөз болады да, екіншісі көмек сөз болып келеді. Мысалы, бір нәрсе бір нәрсеге араласып кетсе, түріктер қатты-қарды-араласып кетті (аралас-құралас сияқты). Бұл жерде қатты сөзі негізгі сөз болады да, қарды сөзі көмекші сөз болып саналады. Осы сияқты түріктер жақсы мағынасын аңлату үшін әзгу-йавлак деген қос сөзді қолданады» [23, 105].

Зерттеуші түркі тілдеріндегі сөз құрамындағы дыбыстық алмасулардың сөз тудыру жүйесінде де үлкен мәні бар екенін сөз ете келіп, кейде түбір мен қосымшаның арасына сыналап кіріп, қосылып айтылатын кейбір дыбыстардың бір сөз табынан екінші сөз табын жасайтындығын, сөйтіп тілде есімнен кейде етістік сөздің, керісінше, етістіктен есім сөздердің туып отыратындығын айтады. «Мысалы, дейді,-Махмут Қашғари, -сувна суысты-суды сүзді дегендегі суысты сөзінің түбірімен өткен шақ қосымшасының арасына н әрпін қосса, сузунды болып есім сөзге айналады» [23, 106]. Махмұт Қашғари, сондай-ақ, түркі тілдеріндегі грамматикалық категориялардың мағынасы мен тілдегі атқаратын қызметін анықтай отырып, түркологияда алғаш рет түркі сөздерін тұлғасына қарай түбір сөз және туынды сөз деп екі топқа бөліп қарастырды. Түбір сөздердің өзін дыбыстық құрамына қарай екі әріпті (ал, іл), үш әріпті (тап, йуқ), төрт әріпті (оғра, теве), бес әріпті деп ажыратып, оларды мәні жағынан бұйрық мағыналы болып келеді деп түсіндіреді. Ғалымның бұл пікірінен оның нөлдік тұлғадағы тұрған сөздерді түбір сөз деп қабылдайтындығын байқауға болады. Ол, сонымен қатар, түбір сөздерден түрлі қосымшалар жалғану арқылы өрбіп шыққан туынды сөздердің типтерін де көрсетеді.

Сөз болып отырған еңбектің ең басты құндылығы сонда, автор Махмут Қашғари түркологияда тұңғыш рет түркі сөздерінің лексикалық-грамматикалық, дыбыстық табиғатын дәл танытып қана қоймай, сөзжасам мәселелеріне де ең бірінші болып «түрен салуында». Түркі сөздерінің басым көпшілігінің негізінен екі түрлі тәсілімен, атап айтқанда, морфологиялық және синтаксистік жолымен жасалады деуінде.

Түркі тілдерін кең ауқымда зерттеу ісі, әлбетте, ХІХ ғасырда ерекше қарқын алғаны белгілі. Оған, әрине, Ресей империясының Шығыс пен Орта Азияны мекендеген түркі тілдес халықтарды жаулап алып, отарлау саясатын ашық та белсенді жүргізуі себеп болды. Патша үкіметі отарлық бұғауға түскен елдердің халқын құлдықта ұстап тұру мақсатында әрі империялық саясатты терең жүргізу үшін басып алынған жерлердегі халықтың тілін, әдебиеті мен мәдениетін, психологиясын, әдет-ғұрпын, жалпы ұлттық менталитетін зерттеу жұмысына айрықша мән берді. Осыған байланысты ХІХ ғасырда жекелеген түркі тілдерінің грамматикасы туралы орыстың миссионер ғалымдары жазған еңбектер көбейді. Ол еңбектерде түркі тілдерінің дыбыстық және грамматикалық құрылысына қатысты елеулі ой-пікірлер айтылып қана қоймай, сөзжасам мәселесіне байланысты да дәстүрлі грамматика үлгісінде азды-көпті тұжырымдар беріліп отырды. Мысалы, И.Гиганов «Грамматика татарского языка» [24] атты еңбегінде

-шы, -лы, -лық, -аш, -шық т.б. қосымшалардың сөз тудырушылық қасиеттерін атап өтсе, М.Казембектің «Общая грамматика турецко-татарского языка» [25] атты кітабында есім сөздердің бес түрлі сөзжасамдық тұлғасы аталады. Сондай-ақ, 1859 жылы Қазанда басылып шыққан авторы белгісіз «Грамматика алтайского языка» деген басылымда есімдер тобындағы сөз тудыратын аффикстер ретінде

-лу, -ду, -ту, -гу, -гіл, -сыман, -су тәрізді қосымшалар беріледі [26, 19]. Түркі тілдерінің тілдік жүйесі мен тілдік заңдылықтарын жете білмегендіктен әрі славян тілдері грамматикасының құрылымын басшылыққа ала отырып, сол ізбен зерттегендіктен аталған ғалымдар еңбектерінде жаңсақ тұстар өте көп. Авторлар, көбінесе, сөзжасамдық тұлғалар мен форма жасайтын қосымшалардың ара-жігін толық ажырата алмай, оларды бір-бірімен араластырып қарастыра береді. Осыған байланысты кейде олардың қайсысы сөзжасамдық тұлға, қайсысы форма жасайтын тұлға екенін ажырату қиынға соғады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. О.Есперсен. Философия грамматики. М., 1957

2. К.Аханов. Грамматика теориясының негіздері. А., 1975

3. Л.Щерба. Что такое словообразование? ВЯ., 1962, №2

4. В.В.Виноградов. Словообразование в его отношении к грамматики и лексикологии. Избр. труды. М., 1975

5. М.М.Покровский. Избр. работы по языкознанию. М., 1959

6. Г.О.Винокур. Заметки по русскому словообразованию, в его кн. Избр. работы по русс. языку. М., 1959

7. А.И.Смирницкий. Лексикология английского языка. 1956
2-дәріс
ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕ СӨЗЖАСАМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Әлбетте, ғылым объектісіне айналған әрбір құбылыстың, шындық өмірдің өзіне ғана тән қалыптасу кезеңдері, даму жолдары, басқаға ұқсамайтын өзгешеліктері болатыны мәлім. Сөзжасам да қазақ тіл білімінде тілдің жеке, дербес саласы болып орныққанға дейін осындай пайда болу, даму жолдарын, тарихи қалыптасу кезеңдерін өз басынан кешірді. Оның даму жолына, өркендеу тарихына үңілу, екінші жағынан, өткенді бағамдау үшін ғана емес, қазіргі қазақ тілінің уақыт сынынан өтіп, әбден орныққан дыбыстық, лексика-грамматикалық жүйесін дұрыс тану, алдағы кездегі даму сипатын бағдарлау үшін де аса қажет.

Қазақ тілі сөзжасамы да өзге де жекелеген тіл білімдеріндегі сияқты тілдің басқа салаларына қарағанда анағұрлым кеш қалыптасқан тілдің арналарының бірі болып табылады. Рас, сөзжасамның сөз тудыру тәсілдері сықылды жеке мәселелері тіл ғылымында бұрыннан, ертеден сөз болып келе жатқанымен, оның тіл білімінің лексика, фонетика, грамматика тәрізді лингвистиканың өз алдына бөлек, дербес саласы ретінде таныла бастауы соңғы 40-50 жылдың жемісі. Бұл орайда, қазақ тілінің зерттеушілеріне жалпы тіл білімінде сөзжасамға байланысты орныққан ғылыми тұжырымдардың, ең алдымен, орыс тіл білімінде оны жеке сала ретінде қарастырған көптеген байсалды зерттеулердің жарыққа шығуы әсер еткені, ықпал жасағаны даусыз.

Осы ыңғайда қазақ тіл білімінде де сөзжасамның кейбір мәселелерінің бұрыннан сөз болып келе жатқанын ескере отырып, сөзжасамның зерттелу тарихын екі аспектіге яғни екі кезеңге бөліп қарауды жөн санаймыз: 1. Сөзжасамның қазақ тіл білімінің жеке саласы болып қалыптасқанға дейінгі дәуірі; 2. Сөзжасамның қазақ тілінің жеке дербес саласы болып орнығуы.

Сөзжасамның қазақ тіл білімінің жеке саласы болып қалыптасқанға дейінгі кезеңінде сөзжасам мәселелері негізінен грамматиканың морфология құрамында, онда да сөз таптарының жасалу, даму көздерінің басты бір көзі ретінде қарастырылып келді. «Сөзжасамның морфологиялық құрамда зерттеле бастауы,-профессор Т.Қордабаевтың мәлімдеуіне қарағанда,-ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап даралана зерттелінетін болды. Осы кездерде қазақ тіліне қатысты тілдік материалдар жинау, қазақ тілінің дыбыстық, грамматикалық жүйелерін сипаттау жұмыстары бірсыдырғы жүйелі жүргізіле бастады» [1, 19].

Қазақ тілін, шынында да, ғылыми тұрғыдан алғашқы зерттегендер орыстың миссионер ғалымдары болды. Қазақ тілінің дыбыстық, грамматикалық құрылымына, сөзжасамның сөз тудыру жүйесіне, тәсілдеріне қатысты алғашқы пікірлер ең бірінші солардың тарапынан айтылды. Бұл арада біз үшін олардың ұстанған миссионерлік бағыттары, атқарған қызметтері маңызды емес, қазақ тілінің жалпы тілдік табиғаты жайында білдірген ой-тұжырымдары ғана қажет.

Қазақ тіл білімінің тарихында қазақ тілі туралы тұңғыш ғылыми еңбек жазған адам-ол белгілі миссионер ғалым Н.И.Ильминский. Оның 1860-1861 жылдары Қазан университетінің ғылыми жазбаларында «Материалы к изучению киргизского наречия» [2] деген атпен жарияланған зерттеуі қазақ тіл білімінің басы болып табылады. Бұл еңбегінде оның өзіне дейін жарық көрген түрік, әзербайжан, татар тілдерін дыбыстық, грамматикалық жағынан сипаттаған әкелі-балалы Ф.Халфиндердің, И.Гигановтың, М.Казембектің аталған грамматикаларды жазудағы тәжірибелерін жақсы пайдаланғандығы, үлгі тұтқандығы анық байқалады.

Автордың аталған еңбегі үш бөлімнен тұрады. Кіріспе бөлімінде қазақ тілінің түркі тілдерінің ішінде, әсіресе, татар тіліне жақын екендігі, сондықтан қазақ жазбаларында татар тілінің ықпалының айрықша көрінетіндігін айта келіп, қазақтың сөйлеу тілінің, әсіресе, ауыз әдебиеті үлгілерінің тілінің таза, көркем, шешен болып келетіндігіне баса назар аударады. Бұл жағынан оған ешбір түркі тілінің таласа алмайтындығын айрықша қадап айтады.

«Дыбыс бөлімі» деп аталатын бірінші бөлімінде зерттеуші қазақ тіліндегі байырғы 9 дауысты дыбысты орыс графикасының таңбаларымен таңбалайды да, қазіргі қазақ тіліндегі жуан және жіңішке деп аталатын топтарға жіктеп көрсетеді. Дауысты және дауыссыз дыбыстардың артикуляциялық қасиеттеріне қарай қазақ тіліндегі сөздердің жуан және жіңішке болып бөлінетіндігіне, екпіннің көбінесе сөздің соңғы буынына түсетіндігіне түрлі фактілерді алға тарта отырып сенімді дәлелдейді. Қазақтар қолданып жүрген араб графикасының қазақ тілінің табиғатына сай келмейтініне тоқталады.

Екінші бөлімде автор негізінен грамматика мәселелерін сөз етеді. Бірақ тек қана сөз таптарының грамматикалық ерекшеліктерін сөз етумен шектеледі. Қазіргі қазақ тілінің морфологиялық жүйесінде ұшырайтын біраз сөз таптарын атап, олардың қандай жұрнақтар арқылы жасалатынын айтады. -лы, -ты, -лық жұрнағы тәріздес он шақты сөз тудырғыш қосымшаларды мағынасы мен қызметіне қарай саралайды. Бұдан Н.И.Ильминскийдің қазақ тілі тарихында ең бірінші болып сөз тудырудың морфологиялық тәсілін аузыға алғанын көреміз. Ол сондай-ақ күрделі қос сөздерді де атап, оған дәлел ретінде біраз мысалдар келтіреді. Десек те аталған жұмыста бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарағанда елеулі олқылықтардың ұшырайтынын атап өту лазым. Автордың көп жағдайда сөз тудырғыш қосымша деп көрсеткен тілдік тұлғалары мысалға келтірілген фактілермен үйлесе бермейді. Күрделі қос сөздердің қандай тәсілдер арқылы жасалғандығы, мағынасы мен қызметі жайында толық мәлімет жоқтың қасы. Жалпы, зерттеудің грамматика саласы оның өзге бөлімдеріне қарағанда теориялық жағынан да, практикалық жағынан да жұпыны. Қанша дегенмен, Н.И.Ильминскийдің бұл зерттеуі қазақ тілі тарихында алғашқы ғылыми зерттеу болып табылатындығымен ғана бағалы емес, сөзжасамның, сөз тудыру тәсілдерін бірінші болып қозғауымен маңызды екеніне күмән жоқ.

Хронологиялық тәртіп тұрғысынан алғанда, қазақ тіл білімінің тарихындағы екінші еңбек-орыс армиясының офицері М.Терентьевке тиесілі. Ол 1875 жылы Санкт-Петербургте «Грамматика турецкая, персидская, киргизская и узбекская» [3] атты кітабын жариялайды. Мұндағы автордың «қырғыз грамматикасы» деп отырғаны әрине, қазақ тілінің грамматикасы. Автор еңбегінің қырғыз (қазақ) тіліне қатысты тарауларын жоғарыда аталған Н.И.Ильминскийдің бізге белгілі зерттеуіне сүйене отырып жазғандығын және оның қолжазбасын Ш.Бөкеев пен Ибрагимовтердің қарап шыққандығын, олардың ескертпелерімен жұмыс жасағандығын айтады. Бірақ еңбек Н.И.Ильминскийдің «Материалына» қарағанда теориялық жағынан да, практикалық тұрғыдан да едәуір төмен деңгейде орындалған. Біздіңше, зерттеушінің басты қатесі мынада: автор қазақ тілінің, қала берді басқа да түркі тілдерінің грамматикалық құрылысының өзіндік ерекшеліктерін ескермеген, оның орнына орыс тілінің грамматикалық жүйесіне қатты сүйенген, орыс тілінде бар категорияны қазақ тілінен іздейді, орыс тілінде бар категория қазақ тілінде де бар болуы тиіс деген принципті ұстанады. Осының салдарынан автор қазақ тілінің грамматикалық жүйесіне қатысты асығыс, қате байламдар жасайды. Қазақ тілінің табиғатын сипаттау көбінесе морфологиядан аса алмай жатады. Еңбек иесі қазақ тілінде зат есім, сын есім, есімдік, сан есім, жалғаулық, септеулік (послелоги), үстеу, одағай, етістіктер көсемше, жіктеу, сөз тудыру және демеулік (частицы), күрделі сөздер деп аталатын тілдік топтар бар дей отырып, оларға терең тілдік анализ жасай бермейді. Тек қана ондай грамматикалық топтардың атын атап, түсін түстегені болмаса, теориялық тереңге бара бермейді. «Сөз тудыру» деп аталған бөлімде де автордың филологиялық білімінің таяздығы, өресінің төмендігі көрініп қалады. Мысалы, оның шырай жұрнақтарының сын есім тудырады деуі-осының айғағы. Демеулік шылаулар мен қосымшалардың ара-жігін ажырата алмай, оларды бір-біріне қосып, араластырып жібереді.

Қысқасы, автор сөзжасамға, сөз тудыруға қатысты назар аударарлықтай жөнді тұжырымды айта алмайды.

Көрнекті түрколог В.В.Радловтың 1882 жылы Лейпцигте неміс тілінде басылып шыққан «Солтүстік түркі наречиелерінің фонетикасы» [4] атты еңбегінде де қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, ондағы сингармонизм заңдылығына, тіл құрамындағы дыбыстарды дауысты және дауыссыз деп жіктеуде қолданылатын принциптер жайында автор тарапынан пайдалы ұсыныстар, құнды тұжырымдар айтылғанымен, грамматика, сөзжасам проблемаларына қатысты ештеңе айтылмайды. Сірә, ғалым бұл еңбегінде аталған мәселелерді қарастыруды мақсат тұтпаса керек.

Қазақ тіл білімінің қалыптасып даму тарихында Петербург университетінің профессоры, белгілі түрколог П.М.Мелиоранскийдің 1894 жылы жарық көрген «Краткая грамматика казак-киргизского языка» [5] және 1897 жылы осы кітаптың жалғасы ретінде шыққан синтаксис мәселелерін қарастырған еңбектерінің алатын орны айрықша. Қазақ тіл білімінің тарихын зерттеп жүрген кейбір ғалымдардың әділ атап көрсеткеніндей, «бұл еңбек шын мәнінде қазақ тіл білімінің жаңа беті» болды [1,23].

Автордың сөзжасам, сөзжасамдық тәсілдер туралы ой-тұжырымдары қамтылған бірінші кітабы шағын кіріспеден, алты бөлімнен тұрады. Кіріспе бөлімде автор қазақ тілінің табиғаты, оның еңбек жазылған дәуірдегі жалпы жай-күйі туралы өзіндік ой айтады: «Қырғыз (қазақ-Ж.С.) тілін зерттеушілердің барлығының да айтатынындай, ол түркі тілдері ішіндегі ең таза, ең бай наречиелердің бірі» [5, 10]. Одан әрі ол қазақ тілінің өзге тілдердегідей өз ішінде түрлі диалектілерге ажырамайтындығын, өзінің о бастағы біртұтас таза қалпын сақтап қалған тіл екенін жазады.

П.М.Мелиоранский қазақ тілінде барлығы сегіз сөз табы бар деп санайды. Олардың қатарына зат есім, есімдік, етістік, сан есім, үстеу, жалғаулық, демеулік сияқты грамматикалық категорияларды жатқызады. Осы аталған сөз таптарын сипаттағанда, әсіресе, есім сөз таптарына тоқталғанда, олардың туынды түрлерінің түбірге белгілі бір сөз тудырғыш аффикстерінің жалғануы арқылы жасалатынын айтады. Ғалым қазақ тіліндегі сөз тудыру қабілеті бар деп мына жұрнақтарды ерекше бөліп көрсетеді: -лық/-лік, -сыз/-сіз, -шыл/-шіл, -шаң/-шең, -сақ/-сек, -дақ/-дек, -тақ/-тек, -қы/-ғы, -кі/-гі, -лау/-леу, -ша/-ше, -рақ/-рек, -ғана/-гене, -нікі/-дікі. Бұл қосымшалардың қызметі мен мағынасына қысқаша сипаттама береді. Олардың қай сөз табынан қай сөз табын тудыратынын атап өтеді. Аталған жұрнақтардың қатысуы арқылы жасалған туынды сөздердің тізбесін мысалға келтіреді. Зерттеушінің туынды сөз жасайды деп берген жұрнақтардың тізбесіне көз салсақ, оның бұл мәселеде басқа авторларға қарағанда көш ілгері кеткенін, теориялық тұрғыдан көп ізденгендігін байқамау мүмкін емес. Сонымен қатар автордың біраз теориялық қателіктерге бой алдырғанын айта кеткен дұрыс. Мысалы, ғалымның -ша/-ше, -нікі/-дікі/-тікі тәрізді қосымшалары туынды сын есім жасайды деген қорытындысын құптай қоюға болмас.

П.М. Мелиоранскийдің аталған грамматикалармен тұстас, қатар жарық көрген зерттеулерінің бірі-В.В.Катаринскийдің «Грамматика киргизского языка. Фонетика, этимология и синтаксис» [6] деп аталатын еңбегі. Бұл кітапта септік жалғаулар, сын есім және оның шырайлары, есімше түрлерінің шаққа қатысы жайында осыған дейін жарыққа шыққан грамматикаларға қарағанда теориялық жағынан біраз алға жылжушылықтар байқалғанымен, жаңа сөз жасау проблемасына келгенде автор өзінің алдындағы зерттеулердің деңгейінде қалып қойған. Сөзжасамдық жұрнақтар жайын қозғағанда П.М.Мелиоранскийдің жоғарыда сөз болған еңбегінде осы салаға байланысты айтылған ой-пікірлерді қайталап ұсынудан аса алмаған.

ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеу негізінен орыс ғалымдарының еншісіне тисе, енді өткен ғасырдың алғашқы ширегінен бастап қазақ тіліне қатысты барлық проблемаларды жүйелі әрі терең қарастыру міндетін жергілікті халықтан яғни, қазақ ұлтынан өсіп шыққан зерттеушілер өз мойындарына алды. Қазақ тіл білімінің көшбасшылары А.Байтұрсынов Қ.Жұбановтан бастап қазақ тілінің мәселелерімен айналысқан зерттеушілердің барлығы да қазақ тілінің өзге де проблемаларымен қатар сөзжасамның теориялық және практикалық мәселелеріне де назар аударып, соны ой-пікірлер, тың тұжырымдар білдірді. Бұл орайда, сөзжасам, сөз тудыру тәсілдерінің түрлері, олардың жаңа лексикалық бүтін жасауда қайсысы актив, қайсысы пассив, сөздік құрамды туынды сөздермен толықтыруда алатын орны және т.б. жайттар жөнінде грамматистер мен лексикологтар өздерінің зерттеу объектісі тұрғысынан бағалы пікірлер айтып, сөзжасамның теориялық ауқымын үнемі кеңейтіп отырды. Біздіңше, бұл дұрыс та, себебі сөзжасам тілдегі лексикалық-грамматикалық категориялардың қатарына жатады. Лексикалық болатыны-сөзжасам тілдің сөздік құрамын байытады, жаңа ұғымды (заттық, сапалық, сандық, қимылдық т.б.) білдіретін жаңа сөз жасайды. Грамматикалық болатыны сөз тудыру тәсілдері арқылы жасалған жаңа сөздер тілдегі белгілі бір сөз таптарының құрамына кіреді. Сол тәсілдердің нәтижесінде сөздің құрамы, тұлғалық бітімі өзгереді, басқа сөздермен тіркесімділік қабілеті артады, жаңа сөздердің сөйлем мүшесі ретінде қолдану өрісі кеңейеді. Мәселеге осы тұрғыдан қарағанда, әрине, сөзжасам проблемаларының тек қана грамматика аясында қалып қалмай, лексикологияның да аспектісі ретінде танылуы орынды.

Сөзжасамның негізгі мәселелері-туынды сөз туралы түсінік, оның жасалу жолдары мен тәсілдері, сөздің тұлғалық түрлері: қос сөз, біріккен сөз, тіркескен сөз және осы салаға қатысты терминдер туралы алғашқы мәліметтер. А.Байтұрсыновтың 1914 жылы жарыққа шыққан «Тіл - құрал» атты еңбегінде кең түрде беріледі. Ғалымның бұл еңбегі қазақ тілі туралы қазақ тілінде жазылған тұңғыш оқулық әрі зерттеу еңбек болып қазақ тілінің тарихында айрықша орын алады. Еңбекте қазақ тілінің бұрын-соңды зерттеу объектісіне айналмаған проблемалары тұңғыш рет ғылыми проблема есебінде күн тәртібіне қойылды.

Зерттеуші қосымшалардың жеке сөз болып табылмайтындығын, сөзге ғана жалғанатын буындар екенін айта отырып, оның қызметі мен мағынасы жағынан екі түрлі болып келетіндігін ескертеді. «Қосымшалар екі түрлі,-дейді ғалым,-біреулері жалғанған сөздің тұлғасын ғана өзгертіп, мағынасын өзгертпейді. Екіншілері жалғанған сөзінің тұлғасын да, мағынасын да өзгертеді, сондықтан бастапқы қосымшалар тысқары жалғаулар не тікелей жалғаулар деп аталады; Екінші жалғаулар ішкері жалғаулар не тікелей жұрнақтар деп аталады»,-дейді [7, 182]. Осылайша автор жалғау мен жұрнақтың мағыналық әрі тұлғалық айырмашылығын анықтап алады да, олардың өздеріне тән грамматикалық ерекшеліктеріне оқушының көзін жеткізу мақсатында «жылқы» деген түбір сөзге не жалғау, не жұрнақ жалғанғанда болатын морфологиялық өзгерістерді анық та айқын дәлелдейді. Сонымен бірге қазақ тілінде жұрнақтарға қарағанда жалғаулардың сан жағынан аз екендігін, алайда, жалғаудың түбір сөзге де, туынды сөзге де қосыла беретінін, бұған керісінше, жұрнақтың тек туынды түбір құрамында ғана ұшырайтынын айтады.

А.Байтұрсынов сөзжасам мәселелерін сөз таптары аясында қарастырады. Қазақ тіліндегі әрбір сөз табын сөз еткенде, олардан туатын жаңа сөздердің қандай жұрнақтар арқылы қалыптасатындығына ерекше көңіл бөледі. Әрбір сөзжасамдық жұрнақтың семантикалық мүмкіншіліктеріне дейін терең талдап көрсетеді. Мысалы, зат есімнен зат есім тудыратын -лық (-лік), -дық (-дік), -тық (-тік) жұрнағының тілдегі негізгі қызметі жаңа сөз жасау екенін айтады да, аталған қосымшаның қатысуы арқылы жасалған туынды зат есімдерді мағыналық тұрғыдан үш топқа жіктеп көрсетеді: «Әуелі, сол зат үшін жұмсалатын нәрсені атау үшін, мәселен, «арқа» деген сөзге «-лық» жұрнағын қосып, «арқалық» дейміз: арқа үшін жұмсалатын нәрсені атау үшін... Екінші, басқа нәрселерге сол затты өлшеу болатындығын көрсету үшін, мәселен, «ай» деген сөзге «-лық» жұрнағын жалғап, «айлық» дейміз, айдың өлшеу болғандығын көрсету үшін... Үшінші, сол заттың қалпын көрсету үшін, мәселен «аға» деген сөзге «-лық» жұрнағын жалғап «ағалық» дейміз, аға қалпын көрсету үшін...» [7, 212-213].

Мұндай әрбір сөз табының сөзжасамдық жүйесін кең тұрғыда талдау әрбір сөз тудырғыш жұрнақтың қызметі мен мағынасын терең әрі жан-жақты таныту автордың басқа да сөз таптарына байланысты айтқан тұжырымдарына да тән.

Қысқасы, А.Байтұрсыновтың «Тіл құралын» қазақ тіл біліміндегі сөзжасам мәселелерін кең ауқымда қарастырған, әрбір сөз табының өзіне тиесілі сөзжасам жүйесін анықтап берген аса құнды еңбек деп білеміз.



Профессор Қ.Жұбанов та грамматикаға байланысты зерттеулерінде сөзжасам мәселелеріне айрықша ден қойған. Оның 1936 жылы баспа бетін көрген «Қазақ тілінің грамматикасы» [8] атты мектепке арналған оқулығының алғашқы бөлімінде морфологияға қатысты ғалымның пікірлері баяндалған. Онда сөздің жалпы морфологиялық құрылымы, оның қандай морфемалардан құралатындығы, сөз таптарының лексика-грамматикалық категория ретіндегі сипаттары анықталған. Сөз таптарын жаңа сөздермен байытудағы сөз тудырғыш қосымшалардың мәні мен қызметі жан-жақты, терең сараланған. Ғалымның «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах», «Шылаулар, қос сөздер, біріккен сөздер» атты зерттеулері арнайы тоқталып өтуді қажет етеді. Өйткені автордың бұл еңбектері шыққанға дейін қазақ тіл білімінде тарихи лексикология мен тарихи грамматика, оның ішінде тарихи морфологияның негізгі әрі басты мәселелері (жекелеген морфологиялық единицалардан-морфемалардан, жеке формалардан, грамматикалық ерекшеліктерінен бастап ірі-ірі морфологиялық категориялардың туып қалыптасып, даму жолдары, сөз таптары жүйесінің дамуы т.б.) жүйелі зерттеу объектісі болмақ түгіл, қазақ тілінің грамматикалық құрылысы диахрондық аспекті былай тұрсын, статикалық тұрғыдан да жан-жақты талдана қойған жоқ еді. Қазақ тіл білімінде 1930 жылдардың ортасына қарай бұл салада алғашқы зерттеулер там-тұмдап қана жарық көре бастағаны белгілі. Қазақ тілінің нормативтік грамматикасы, оның негізгі категориялары, олардың мәні мен қызметі, қолдану аясы мен шеңбері қандай болу керек деген сауалдарға ғылыми жауап әлі жоқ еді. Сондықтан да профессор Қ.Жұбановтың жоғарыда аталған зерттеулері қазақ тіл білімінде осы олқылықтардың орнын толтырған алғашқы зерттеу болды. Жоғарыда аталған алғашқы зерттеуінде автор көмекші етістіктер қимылдың қалай жасалғанын дәлме-дәл көрсетеді дей келіп, оның орыс тіліндегі вид категориясынан мүлде бөлек құбылыс екендігін ескертеді. Бұл зерттеуде ерекше назар аударатын нәрсе - автордың қазақ тіліндегі аналитизм құбылысы туралы айтқан тұжырымдары. Қазақ тіліндегі осы шақ мәнін көрсететін етістіктердің аналитикалық тәсілмен жасалатынын айта отырып, аналитизм түркі тілдерінің барлығына да, соның бірі-қазақ тілінің грамматикалық құрылысында да үлкен орын алатынын атап көрсетеді. Оның пайымдауынша, аналитизм етістіктің грамматикалық категорияларына ғана тән құбылыс емес, жаңа сөз жасауға актив қатысатын сөзжасамдық тәсіл. Ғалым тілдегі қос сөздер мен біріккен сөздердің пайда болуы мен дамуын осы аналитизм құбылысының жемісі деп қарайды. Сөзжасамға қатысты қолданылатын сөз тұлға, түп мүше, жамау мүше, түбір, жұрнақ, туынды түбір, кіріккен сөз, қосар сөз, қосымша т.б. термин сөздердің мән-мағынасын айқындайды, сөздің сыртқы тұлғасы мен ішкі мағынасына үлкен мән беріп, сөздің сыртқы тұлғасының өзгеруі өз кезегінде оның ішкі мағынасына да әсер етіп, басқаша сипатта танылуына арқау болатынын айтады. Зерттеуші сондай-ақ сөздің сыртқы көрінісін сөз тұлға деп алып, оның іштей түп мүше мен жамау мүшеге ажыратады. Әрине, бұл жерде оның «түп мүше» деп түбір морфеманы, «жамау мүше» деп қосымшаны меңзеп отырғаны баршаға түсінікті болса керек. Профессор Қ.Жұбанов «Күрделі сөздердің жасалуы» (Образование сложных слов в казахском языке) атты еңбегінде күрделі сөздердің теориясы мен жасалу жолдары, құрамы мен түрлері, аналитикалық тәсіл, оның тілде күрделі аталымдар жасауда алатын орны т.б. хақында теориялық маңызы зор пайымдаулар жасайды.

Профессор Қ.Жұбановтың лингвистикалық мұралары туралы сөз қозғағанда мына бір шындықтан айналып өтуге болмайды. Ол-ғалымның сөз таптарының субстантивтенуі мен адъективтенуі және бұл процестердің сөзжасамға қатысы жайындағы ой-толғамдары. Сол тұстағы қазақ тілі мамандарын былай қойғанда, «мойыны озық» деп саналатын орыс тіл білімі өкілдерінің «тісі бата бермейтін» бұл тақырыпқа оның батыл да еркін барып, терең теориялық қорытындылар жасауы кімді болса да таңқалдырады. Оған дәлел-автордың 1936 жылғы баспадан жеке кітап болып шыққан «Из истории порядков слов в казахском предложении» [9] атты іргелі зерттеуі. Бұл кітапта ол қазақ тіліндегі жалғаусыз, сөздердің орын тәртібі арқылы қабыса байланысқан зат есімді сөз тіркестерінің алдыңғы сыңарын адъективация шеңберінде қарастырады. Мысалы, тас құдық, темір пеш, ағаш қасық, күміс сырға және т.б. Мұндай зат есім мен зат есімнен құралған сөз тіркестерінің алғашқы сыңарының қай сөз табына жататындығы туралы мәселе түркологияда соңғы кезге дейін талас тудырып келгені белгілі. Ғалымдардың бір тобы мындай тіркестердің алдыңғы компоненті заттың тегін, оның неден жасалғандығын білдіретін зат есім деп санаса, енді бірқатары атрибутивтік мағынадағы зат есімдер деп танығаны мәлім. Ал ғалымның пікірі бойынша, ондай сөздер адъективация аясында ғана қарастырылуы шарт. Сондай-ақ оның басқа сөз таптарының субстантивациялануы туралы да айтқан тұжырымдары өз дәуірінде лингвистикада елеулі жаңалық ретінде қабылданды. Ғалымның адъективация мен субстантивация процестері нәтижесінде тілде жаңа сападағы сөздің пайда болатыны жайындағы мұндай пікірлерінің дұрыстығын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазіргі түркология ғылымында аталған процестердің сөзжасамға қатысы барлығын, оның ішінде конверсиялық тәсіл арқылы сөз тудырудың белгілі бір формалары болып табылатынын А.А.Юлдашев, Ф.А.Ганиев, А.А.Павлов, А.Джафаров және т.б. зерттеушілер өз еңбектерінде айтып та, жазып та жүр.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет