ЖАҢАШЫЛ МУЗЫКА МҰҒАЛІМІН ДАЙЫНДАУДАҒЫ ХОР ӨНЕРІНІҢ МАҢЫЗДЫ ОРНЫ
Баймолдаева Жамал Жәдікқызы
Тараз Мемелекеттік педагогикалық Институты ,
Өнер және мәдениет факультеті
«Музыкалық білім» кафедрасының меңгерушісі
Қазақстандағы білім алып жатқан жас ұрпақты әлемдік өнер түрлеріне баулу қәзіргі білім беру саласының өзекті мәселерінің бірі болып табылады. Хор өз халқының төл өнерімен бірге қалыптасып дамып жатқан әлемдік музыка өнерінің бірі. Хор өнері мектеп оқушыларына жалпы музыкалық білім берудегі маңызды тәрбие құралына айналып отыр. Хор өнерін игеру арқылы мектеп оқушысы музыкалық орындаушылықтың ерекше түрі, көп дауыста ән орындау, ұжымшылдыққа, бір мезетте көп болып ән орындаудың үндестігін, әлемдік, классикалық, халықтық музыка өнерінің құнды туындыларын орындау мүмкіншілігіне ие болады. «Қазақстан - 2050» стратегиясы анықтап берген және Республиканың ғылым мен білім беру жүйесінің алдында тұрған жауапты міндеттерінің бірі мемлекет үшін Қазақстанның гүлденуіне, егеменді еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосар білімді мәдениетті жастарды тәрбиелеу болып табылады.
Егеменді еліміздің ертеңі, болашағы, жас ұрпаққа тәлім тәрбие беруде музыкалық тәрбиенің орны зор. Мектеп оқушылары Отан сүйгіш ұлтжанды, өз елінің патриоты болып өсуіне, өз халқының тарихын біле отыра, оны халықтық музыка өнері туралы мақтанышпен игеріп білуге тәрбиелейтін бірден –бір құрал музыка болғандықтан, соның ішіндегі ерекше жанр хор музыкасы, баланы көпшіл болуға, өз достарын сыйлауға, сапта тұрып ән орындауға, вокал өнерінен дәріс алуға, сондай-ақ түрлі халықтық, әлемдік музыкалық шығармаларды ұжым болып, көппен айтуға, орындауға баулуда тағыда хор өнерінің мүмкіншілігі өте зор екендігін көреміз.
Халқымыздың жалпы ән айту дәстүрінде көпдауыста үндесіп ән айтпасада, олар бір дауыста яғни унисонда бірігіп, көпшілік болып түрлі ойын тойлары мен қуаныштарында, ас-жиындарында ән шырқағанын ғылыми тарихи деректер арқылы білеміз.
Қазақстанның музыка өнері әлемдік деңгейде қарыштап дамыған. Музыка жанрының қай саласы болмасын барлығынан музыкалық кәсіби деңгейдегі түрлі орындаушыларымыз әлем халқына өз өнерлерін әлем музыка тыңдармандарына паш етіп жатыр.
Қазақ халқы әншіл ұлттардың біріне жатады. Халқымыздың түрлі салт дәстүрлеріне байланысты үлкен жиындары, тойлары ән айту мен күй тартудан, сондай-ақ көп болып бір дауысты ән орындау «жар-жар», «той жыры» т.б. сияқты халықтық ән орындау дәстүрге айналған. Жалпы хор өнері халқымызға өткен ғасырдың басында келіп, қәзіргі уақытта шарықтау шегіне жетті. Әлемдегі өркениетті дамыған елдердің музыка өнерінің ішінде хор өнері ерекшеленіп тұрады. Өйткені хор өнері музыка өнерінің күрделісі болып табылады. Басқа өнер түрлері сияқты хор өнері де қоғамдық ой-санасының негізгі бір формасы. Хор өнерінің де өзіне тән ерекшеліктері бар. Ол - сөз өнері, музыка орындаушылық шеберлігі, көркемдік бейнелеу, сахна, т.б. өнердің амал-тәсілдерін бойына жинаған синтездік өнер. Хормен ән орындау танымдық өсу жолында эстетикалық көзқарастың қалыптасуына, сонымен қатар, еліміздегі жалпы музыкалық мәдениетіміздің өсу саласында аса маңызды орын алады.
Хор – грекше – «хорес», қазақша мағынасы (топ, жиын) деген мағынаны білдіреді. Хор халық арасына кеңінен таралып қанат жайып дамып келеді. Хор- әртүрлі дауыста ән салатын адамдардан топтасып, ұйымдасқан ұжым. Хор ұжымын құру, оның жұмысын бір жүйеге келтіру хор жетекшілеріне жүктеледі. Концерттерде музыкалық шығармалар хор жетекшісінің, яғни дирижердің басқаруымен орындалады.
Өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап елімізде көркем өнерпаздарымыздың халықтық хормен ән салу қозғалысы кең бағытта шарықтап үгіттелді және өкімет тарапынан да қолдау жоғары болды. Орта Азия халықтары секілді қазақ халқының хор өнері Ұлы Қазан төнкерісінен бұрын болған жоқ деген пікірге қарсымыз, себебі халықта барлығы қосылып унисонмен көпшілік болып айту дәстүрі болған. Ойын-сауықтарда екіге бөлініп, бірі бастап, қалғаны қоштай отырып «сендер де қосылыңдар» деген қошемет тілектерден соң шарықтап кеткен. ХХ ғасырдың 30-жылдары басында- ақ Қазақстанда хор айту тәсілдері профессионалдық тұрғыда дамуға бет алды. Осы кезеңде хор айту өнерін Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақовтар секілді ұлағатты өнер қайраткерлері қойылымның бірінші бөлімінде драмалық шығармада ойнаса, екінші бөлімінде бірнеше дауысты хормен халық әндерін орындаған.1933 жылы Қазақстанда алғашқы музыкалық театрдың ашылуына байланысты Қазақ драма театрының жанынан ән, хор айтушы әртістер тобы бөлініп шықты және сол жылы Қарағанды радио комитеті жанынан хор коллективі құрылып, оны Б.А.Орлов, В.С.Пирогова ұйымдастырды. 1934 жылы Семей қаласында қазақ хоры ұйымдастырылып, оны Л.Хамиди басқарды. Ол халық әндерін бірнеше дауыстарға қойып, халықтың өзіне әсерлеп естіртті. 1937 жылы қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясы жанындағы хор коллективі негізінде Қазақтың хоры құрылып, ол кейін Қазақтың Мемлекеттік хор капелласы деп аталды. Оның тұнғыш ұйымдастырушысы Б.В.Лебедев болды. Осы хордың Б.Байқадамов көп жылдар бойы көркемдік жетекшісі, дирижеры болды. Олар қазақтың «Ахау бикем», «Қараторғай», «Айттым сәлем Қаламқас» атты әндеріне өңдеулер жасап, халықтың сүйіп тыңдайтын хор шығармаларына айналдырды. «Ән халықтың өлмейтін қазынасы» десек, мұндай қазынаның орасан молдығы жағынан қазақ халқы дүние жүзіндегі ең бай халықтардың бірі деуіміз керек. Қазақ әндерінің мазмұны, сезімінің тереңдігі, формасының мінсіз әдемілігі – мұны шығарған халықтың интеллектуалдық тамаша дарындылығының айғағы болып табылады. «Қазақтай дарынды халықтың әлі ешкімнің құлағына шалынбаған ән-күй байлығын қағазға түсіріп, жаза бастағаннан –ақ байқаған едім»,-деп көрсеткен еді қазақ халқының 1500 ән-күйлерін жинақтаған А.В.Затаевич.
Хор өнері өте ерте заманнан бері дамып келе жатқан көне музыкалық өнер түрлеріне жатады. Хордың дамуы адамдардың материалдық жағдайын анықтап отырған. Ғалымдардың жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде хор өнері алғашқы қауымдық құрылыстан бері дамыған деп көрсетіледі, адамдар өздерінің еңбек үрдісінде көп болып ән айтып көңіл көтерген. Ежелгі Египет, Вавилон, Үндістанда көп болып ән орындау халық жиындарында дене қимылдарымен бірге немесе ән өнерімен байланыса отыра дамыған. Сол кезеңдерде үнді әйелдерінің хорлары патшалар мен раджылардың сарайларында болғандығын тарихи деректер дәлелдейді. Әсіресе хор өнері Ежелгі Грекияда дамып, грек философы Платон музыка өнерін хордың негізі деп таныған. Грекияда елдің әр қалаларынан жиналған хорлар жарысы өткізіліп отырған.
ҮІ-ҮІІ ғасырларда Византияның хор өнері өріс алып дами бастайды.Соның ішінде хор айтудағы гимн - әнұран ерекшеленеді. Иоанн Дамаскии, Андрей Крицкии және т.б. мадақтау салтанатты гимнды тудырушылар болды. Гимндер түрлі мерекелер мен жиындарда, шіркеулерде орындалды. Орта ғасыр хор мәдениетінің даму ошақтары ежелгі Рим, Милан, Париж, Сент-Галина /Швейцария/ қаларының шіркеулері мен монастырьларында дамыды. Бұл қалаларда арнайы ән мектептері ашылды. Ән айту мектептерінде арнайы хор орындайтын әншілер мен регенттер /дирижерлер/ даярланды.Үш және төрт дауыста орындалатын матеттер /хорға арнайы жазылған шығарма/ пайда болды.
ХІҮ-ХҮ ғасырлардан бастап қайта өрлеу кезеңінің хор өнерінің дамуы басталады. Қатаң полифониялық стильде хор орындау пайда болды.Шіркеу хорының беделі арта түсті, алғашқы Рим Авениондық капелласы өмірге келеді. Ватиканның сарайындағы шіркеуде капелла жұмысы жүргізілді, бұл капелланың ерекшелігі хорды сүйемелсіз а-капелла түрінде орындаған, құрымында 24-30 адамнан болған. Сондай-ақ хор өнері Венецияда ерлер хоры сүйемелдеумен орындауда, Германияда халықтық жанрда хор айту дами бастады. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы хор өнерінің дамуындағы ерекшеліктер хор шығармаларының жаңа түрлері оратория, кантатаның пайда болуы. Италия, Англия, Франция елдерінің соборларында ең таңдаулы үздік хорлар болып, арнайы жабық түрдегі оқу орындары ашыла бастады. Неапл мен Венецияда бірнеше консерваториялар ашылып, музыканттар дайындалды. ХҮІІІ ғасырдың басында Гендельдің монументальді ораториясы хор өнеріндегі жаңалыққа айналды. И.С.Бахтың кантаталары мен мессалары және матеттері өмірге келді.Ұлы Франция революциясы арқылы хор өнерінің жаңа сатысы азаматтық, халықтық, көпшілік бағыт пайда болды. Парижде көпшілік революциялық әндер орындау мейрамдары өткізілді. ХІХ ғасырдың ортасына қарай жұмысшылар қозғалысының дамуына байланысты,көпшілік хор айту ұйымдары пайда бола бастады. Парижде атақты әншілік «Орфеон» қоғамдық бірлестігі қалыптасады. Хор өнері Ресейде де өз даму шыңына жетті, славян халықтарының көп дауыста ән орындауы,олардың халықтық өнерінің бірі болып саналады. Орыстардың хор мәденеиеті шіркеумен бірге байланыста болып, алғашқы кәсіби хор капелласы ХҮ ғасырдың ортасында Петербургте құрылып, «Хор государьевых певчих дьяков» деп аталды. Сондай-ақ Москвадада «Хор патриарших певчих» құрылды,кейіннен «Москва сенодальды хоры» деп аталынды.Ресейдің бай адамдары боярлар мен князьдер де өз хорларын ұстаған. Орыстың сазгерлері Глинка, Бортнянский хор өнеріне баулу оқу орындарының ашылуына мүмкіндік жасады. ХХ ғасырдың басында орыс жұмысшы революционерлері мен студенттерінің хор ұжымдары пайда болды. Бұл өнер түрі Орыс, Украин, Балтық жағалауы, Грузин халқы, жалпы тау халықтары арасында ертеден - ақ ата-бабаларында дамыған.
Бірінші рет қазақ мектептерінде ән сабағын міндетті оқу тәртібіне енгізуші – осы мектептердің негізін қалаған тұңғыш қазақ педагогы Ыбырай Алтынсарин болды. Әр түрлі өнер көрсету, хормен (бір дауыста унисон) ән айту жиі де жүйелі сипатқа ие болды. « Ыбырай Алтынсарин далаға рояль әкелгізіп, өзі ұстаздық еткен мектептерде шәкірт балалардың басын қосып бір дауысты хор ұйымдастырған. Дала мектептеріндегі әнді хормен айту дәстүрі революцияға дейін созылады». – деп жазды академик Ахмет Жұбанов. 1921 жылы Қ. Жандарбеков Ташкентте «Қазақ хорын» ұйымдастырды. Хордың дамуы негізінен ұлттық музыка театрымен тығыз байланысты. Орындаушылар құрамына қарай біріңғай және аралас болып келеді. Хор өнері ұжымдық болып мектептерде қанат жайды. Қазақ балаларының тұңғыш хор ұжымын Алматы қаласындағы Абай атындағы №22 мектепте 1946 жылы И.Нүсіпбаев ұйымдастырса, 1952 жылы Алматы қаласындағы №12 мектепте композитор С. Мұхамеджанов қыздар хорын, ал И. Нүсіпбаев №18 мектепте ер балалар хорын ұйымдастырды. Бұл жанрға тыңнан жол салған – Қазақстан сазгерлерінің аға буын өкілдері. Олар: А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Л.Хамиди, М.Төлебаев, Б.Байқадамов, Қ.Мусин.
Кәсіби сазгерлеріміздің ән шығармашылығы халқымыздың рухани мұрасына айналды. Сазгерлеріміздің ән шығармашылығының формалары да, көркемдік образдары да, жанрлық ауқымыда күн санап кеңейіп, халықтық, ұлттық дәстүр кәсіби көркемдік тұрғыда дамуда. Тәуелсіз еліміздің ән өнері күннен – күнге дамып, қарқындап шарықтау үстінде. Қазіргі таңдағы әндеріміз Отанымыз Қазақстанның көркейіп, дамып, алға адымдап, әлемдегі отыздықтың қатарына шығу салтанатына арналады. Сол сияқты қазақ жерінде тұрып мекендеп жатқан түрлі ұлттардың мызғымас достығын жырлайды. Қазақстан азаматтарының біртұтастығынң белгісі халықтар бірлігі мен достығы туралы әндеріміз, еліміздің азаматтарының патриоттық сезімін арттырып, біріктіреді. Қазақ халқының атадан балаға мұра болып, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан әндері, ән орындау дәстүрі, күннен – күнге жаңарып, жасарып даму үстінде.
Бүгінгі таңда жас ұрпақтың музыкалық, эстетикалық білімін барынша көтеру-негізгі мәселелердің бірі. Өйткені бұл – жастарды замана талабына сай имандылық, инабаттылық және жалпы мәдениеттілік рухында тәрбиелеудің негізгі жолы болып табылады. Осы орайда жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне, оның ішінде музыка пәнінің оқытушыларына қойылатын талап зор. Мектеп оқушыларына эстетикалық тәрбие беруде, олардың музыкалық қабілетін арттыруда хор айту мен оны ұйымдастыру жұмысын дұрыс жолға қоя білу маңызды. Қәзіргі заман жалпы білім беретін мектептерінің музыка тәрбиесінің негізгі жүйелі саласы - музыка пәні болып табылады. Музыкалық тәрбие жұмысын ұйымдастырудың негізгі түрі – музыка сабағы.
«Музыкалық тәрбие берудің мақсаты музыкант тәрбиелеу емес, ең алдымен адам тәрбиелеу» - деп белгілі орыс педагогы А. А Сухомлинский айтқандай мектептерде жүретін музыка сабақтарының міндеті оқушыларға эстетикалық тәрбие беру арқылы, сезімталдыққа, әдемілік пен сұлулықты көре, сезіне білуге, иман жүзділікке баулу, болып табылады. Мектеп оқушысын хорға баулуға басты әсер етуші фактор – музыкалық тәрбие.
Мектептегі осы үрдістің талапқа сай деңгейде ұйымдастырылып, жүргізілуі музыкалық педагогикалық кәсіби біліктілікті меңгерген жаңашыл музыка пәні ұстазының қолында. «Музыкалық білім» мамандығында оқып жатқан студенттер, болашақ мамандардың музыкалық теориялық орындаушылық дайындығы жоғары мектепте білім алу кезеңінде шыңдалады.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Өнер және мәдениет» факультетіндегі «Музыкалық білім» мамандығында дәріс алып жатқан болашақ музыка пәні мұғалімдері, « Хормен дирижерлау», «Хор класы және хормен жұмыс практикумы» сабақтарында дирижерлық шеберлікке және хормен жұмыс жүргізу тәжірибесіне баулынады. Хорды жүргізудің дәстүрлі әдістерімен қоса, жаңашылдықты сабақ үдерісіне қолдану заманауи білім беру технологияларына жатады. Хор сабағында студенттің дауыс аппаратын қалыптастыру, жастар дауыстарының мүмкіншіліктерін ескере отыра, болашақ мектеп оқушысының дауысын қалыптастыруға қажетті әдіс-тәсілдер меңгертіліп, хордағы әр дауыстың партияларын игереді. Сабақтан тыс уақытта мамандық студенттері үйірмелік жұмыстар арқылы, хор орындаушылыққа қажетті тәжірибелерін шыңдай түседі. Соның айғағы «Тармпи студенттер хоры». Студенттер хор ұжымы академиялық студенттер құрама хоры деп аталынады. Хорға 1-4 курс студенттері қатысады. Хордың репертуарында әлемдік, халықтық, кәсіби сазгерлік, балалар мектеп әндері, қазіргі заман жастары патриоттық әндері қамтылған. Хорда үйренген шеберлікті студенттер концерттік қойылымдарда,байқау, фестивальдерде, академиялық тыңдалымдарда, бақылау емтихандар да көрсетеді. Музыкалық білім мамандығының ҚР –ның ЖОО-ы арасындағы бәсекеге қабілетті мамандар дайындаудағы жылда өтетін пәндік дода - жарыс, мамандық базасында облысымызда тұңғыш рет 5В010600 «Музыкалық білім» мамандығы бойынша ҮІІІ Республикалық пәндік олимпиада «Хормен дирижерлау» жоғары деңгейде өткізілді. Олимпиадаға Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты командалары қатысып хормен дирижерлау шеберліктерін шыңдап көрсетті.Осы оқу орындарынан келген студенттермен бірге «Тармпи Студенттер хоры» хормен дирижерлау және хорда шығарма орындау шеберліктерін көрсете білді. Олимпиада ашылуында хор Әлемдік студеттер гимні «Gaudeamus», «Таразым» әнін орындап музыкалық сәлемдесумен ашып, ал финалда М.Төлебаевтың «Біржан Сара» операсынан «Тойға тойың қосылсын» шығармасы олимпиада гимні, қатысушылар құрама хорының орындауында бірлесе шырқалды.
Студенттер хоры оқу жылында меңгерген шығармаларын есептік концерттік қойылым ретінде ұсынып отырады. 2013 жылы «Ән көңілім ажарым, Егеменді елім ғажабым», биылғы ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап «25 ӘН» мерекелік хор және вокал музыкасынан концерттік қойылым көрсетті.
Хор өнерін меңгеру арқылы, болашақ музыка пәні мұғалімі музыкалық педагогикалық кәсіби жаңашыл біліктілікпен Қазақстанымыздың өнерлі жас буынын тәрбиелеудегі үрдістің беткеұстары болып, сонымен қатар хор өнерін алға жетелеуші музыка пәнінің мұғалімі болуы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Г.Стулова «Хоровой класс» //Москва. «Просвещение». 1988 г.
2.Жакеева Б.К. Хор үйірмесімен жұмыс.Алматы 1998.
3.Гайсина М. Хор глоссариі. Атырау 2014.
4.Музыкальное искусство: наука и образование.Сборник научных трудов// Астана 2016.
Аннотация
В данной статье изучено значение хорового искусства в подготовке педагога музыканта новой формации.
Annotation
In this article the importance of choral art in the preparation of the teacher of a new formation of the musician.
Достарыңызбен бөлісу: |