Жоспар:
1.Аралас құрмалас сөйлем
2.Аралас құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары
Құрмалас құрамына енген жай сөйлемдер әрдайым не бірыңғай салаласа, не сабақтаса байланысып отырмайды. Көп жағдайда құрмаласудың осы екі тәсілінің бір сөйлем ішінде қатарымен келетіні болады, яғни араласып келеді.
Аралас құрмалас сөйлем деп құрылымындағы предикативтік бөліктердің әр типтес байланыс түріне бағынып, өзара мағыналық, интонациялық тұтастықта күрделі ойды білдіретін сөйлем түрін айтамыз.
Қызыл-жасыл, ақ-көкшіл, бейне кілем түріндей гүлдер гүл-гүл жанады, күлкілдеген гүл-жапырақ, сағымданған күлім бел терезеден көз салса, Күнікейдің көңіліне жазылмас жара салады. (Ж.Аймауытов).
Үш сыңарлы аралас құрмалас сөйлемнің схемасын мынадай түрде беруге болады:
1.Басыңқы, бағыныңқы, басыңқы. Иегі кемсеңдеп еді, шыт-шыт ерні дірілдеп бара жатқан кескінін көргенде, генералдың өзінің көңілі босап кетті (Ә.Нұршайықов).
2.Бағыныңқы,басыңқы,басыңқы. Бұл жалғыз келгенде, Абайдың айналасындағы топ сескеніп қалып еді, бірақ Абай қынжылған жоқ (М.Әуезов).Мұндай құрылымда келген сөйлемдердің бәрін аралас құрмалас сөйлем дей беруге болмайды. Бағыныңқы сөйлем әр басыңқымен байланыса алатын болса, ол көп басыңқылы болады. Ал мұндай заңдылық сақталмаған жағдайда әсіресе сөйлем ішіндегі бірінші мен үшінші предикативтілік бөліктер өзара сабақтаса байланыспаған жағдайда ондай құрылым аралас құрмаласқа жатқызылады.
3.Төрт сыңарлы аралас құрмалас сөйлемдер. Қағазда не жазылғанын олар білген жоқ, бірақ әңгіме тыйылған соң, екеуі де инженерге ден қойып, айтқан әңгімеге бас шұлғи берді.
Бес сыңарлы аралас құрмалас сөйлемдер. Бауыршық жанталаса қылыш ойнатты, қарсыластың қатты тойтарғаны соншама- алақаны жаңғырып, сай-сүйегі сырқырады, қаруды түсіріп ала жаздады
( Д.Досжанов).
Алты сыңарлы аралас құрмалас сөйлемдер. Жәкейдің тыққаны бар екен, баяғыда ақтар Жабағы бидің жылқысын топырлата айдағанда, әр жерде тай, құнан қалыпты, әр жерде бес-ондап құлынды бие қалыпты, жұрт абыр-сабырболып жатқанда, бәрін Жәкей жинап алыпты, аулақта ұстапты (М.Мағауин).
Жеті, сегіз сыңарлы аралас құрмалас сөйлемдер. Ымырт қоюланып барады, әуелі су бетіне батар күннің қан қызыл бояуы төгілді, бара-бара ол да семіп, өзен суы қарауытып, түпсіз тұңғиық тартты, құдды жұтып қоятындай көрінеді, сол тұңғиықтан алғашқы жұлдыздар жылтырады (Нұрманов).
Аралас құрмалас сөйлем жай сөйлемдер құрмаласуының салалас пен сабақтастан бөлекше тұратын, үшінші тәсілі емес, сол негізгі екі тәсілдің – салаласу сен сабақтасу тәсілінің бір құрмаластың ішіне топтасқан түрі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |