Төл сөз. Бұл кім?- деді Ушаков. Төлеу сөз. Ушаков мұның кім екенін сұрады( Ғ.Мүсірепов). 4. Төл сөз бен төлеу сөз жақтық жағынан, жіктеу есімдіктерін қолдану жағынан да біркелкі болмайды. Төз сөзде іс-әрекеттің иесі өзі болған жағдайда автор жіктеу есімдігінің бірінші жағын қолданып сөйлей береді. Ал, төлеу сөзде олай етуге болмайды. Егер төл сөзде тәуелдік, я жіктік жалғауы жалғанған сөз бірінші не екінші жақта тұрса, төлеу сөзге айналдырғанда олар автор тарапынан үшінші жақпен айтылуы мүмкін.
Төл сөз. Әуелі мына қонақтарға шай бердім,- деді Байжекең. Төлеу сөз. Байжекең әуелі мына қонақтарға шай бергенін айтты (Ғ. Мүсірепов). 5.Төлеу сөз автор сөзімен негізінен табыс септік жалғауы арқылы байланысады. Сонымен қатар төлеу сөз кейде барыс септігі арқылы туралы, жөнінде деген шылаулар арқылы да байланысады.
Төл сөз. Денсаулығының әлсіздігін дәлел қып, Анатолий Кондратьевич обкомға: “Канал құрылысының начальнигі қызметінен босатыңыз”,- деп арыз берді. Төлеу сөз. Денсаулығының әлсіздігін дәлел қып, Анатолий Кондратьевич обкомға канал құрылысының начальнигі қызметінен босату туралыарыз берді( С.Мұқанов). 6. Төл сөз төлеу сөзге айналғанда, негізгі өзгеріске төл сөзді сөйлемнің баяндауышы ұшырайды. Төл сөздің баяндауышы болып тұрған етістік қай шақта, қай райда айтылуына қарай алдымен етістіктің есімше түріне айналады да, содан кейін барып табыс септігін қабылдайды. Бірақ табыс септік жалғауы есімшеге тікелей жалғанбайды, -дық,-дік жұрнағы мен тәуелдік жалғауы арқылы жалғанады.
Төл сөз. Осы кезде үйден Салиқа шығып, қонақтарға: «Ас пісті»,- деді.
Төлеу сөз. Осы кезде үйден Салиқа шығып, қонақтарға ас піскендігін айтты (С. Мұқанов). Сөйтіп, төлеу сөз автор сөзімен әр түрлі тәсілдер арқылы байланысады. Табыс жалғауы төл сөзді төлеу сөзге айналдырудағы, оны автор сөзімен ұштастырудағы бірден-бір шешуші тұлға болып есептеледі.