29-лекция. Тақырыбы:Мәтін Жоспар: 1.Мәтіннің белгілері, түрлері, сөйлеммен ара қатынасы
2.Күрделі синтаксистік тұтастық-мәтіннің негізгі тұлға бірлігі
Тіл дамуының кейінгі даму кезеңдерінің нәтижесінде мәтін синтаксисі қалыптасып, көптеген күрделі жаңа мәселелер қолға алынды. Осы мәтін синтаксисіне қатысты маңызды мәселенің бірі – күрделі синтаксистік тұтастық. Күрделі синтаксистік тұтастық мәселесін зерттеудің түп негізі орыс тіл білімінде жатыр. Орыс ғалымдары Ф.И.Буслаев, А.А.Потебнялар назар аударып, қарастырып өтсе, А.М.Пешковский күрделі синтаксистік тұтастықтың негізін салды. Күрделі синтаксистік тұтастық категориясын “абзац” деп атап, негізгі белгілерін айқындап берді.
Сөйлеушінің немесе жазушының ойын мүмкіндігінше жинақы және толық жеткізу мақсаты бір сөйлем аясында ғана орындалмай, мазмұн мен құрылымдық бірліктің арқасында бірнеше сөйлемнің тіркесе берілуін талап етеді. Жай сөйлемдерден құрмалас сөйлемнің құралатыны сияқты, сөз тіркестерінен жай сөйлемнің құралатыны сияқты жай сөйлемдерден де, құрмалас сөйлемдерден де тұратын мұндай конструкцияны күрделі синтаксистік тұтастық деп атау тіл білімінде соңғы жылдары дәстүрге айналып жүр.
В.В.Бабайцева «Күрделі синтаксистік тұтастықка» мынадай анықтама берді: «Это сочетание предложений объединенные семантическими и грамматическими отношениями, которые выражены лексическими, лексико-грамматичесими и грамматическими средствами. Компонентами связного текста могут быть как простые, так и сложные предложения».
Сондай-ақ қазақ тіл білімінде бұл мәселені қозғап, сөз етіп жүрген ғалымдар – М.Серғалиев, Б. Шалабай, Б.Мүсірепова.
Күрделі синтаксистік тұтастық қанша сөйлемнен тұрса да, неше шағын бөліктен тұрса да құрылымдық жағынан өз ішінде үш құрамдас бөліктен тұрады: бастама, аралық бөлік және түйін. Бұл бөліктердің әрқайсысына лайық синтаксистік-стилистикалық міндеттері бар. Айталық, бастамада ірдайым жалпы мәселе қозғалады да, аралық бөлікте сол бастамада сөз болған жайды нақтылау, дәлелдеу, тіпті кей жағдайда ол жайды басқа бір оқиғамен салыстыру арқылы ұқсастығын көрсету, қарсы қою сияқты пікірлер қсынылады, ал түйінде көп ретте аралық бөлікте айтылған жайды қорытындылау аңғарылып отырады.
Сөйлем мен сөз тіркестері – синтаксистің ең негізгі бөлшектері. Сондықтан сөйлемдердің өзара мағыналық және құрылымдық жағынан тығыз байланысқан күрделі топтарын зерттеудің маңызы аса зор екендігін М. Серғалиев, Б. Мүсіреповалар өте орынды көрсетеді. Сонымен қатар ол жеке сөйлемдерге қарағанда ойдың дамуын неғұрлым толық бере алатын, мағыналық және синтаксистік жағынан өзара тығыз байланысты сөйлемдер тобы екендігін айтады. Авторлар өз еңбегінде күрделі синтаксистік тұтастықтың тізбекті және параллельді деп аталатын екі түрін береді. Тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықты ғылыми стильге тән екендігін көрсетеді, ғылыми мәтінде ой бір-біріне қатаң тәртіппен сабақтаса байланысып отыратын себебін де көрсетеді. “Сондықтан ондағы әрбір сөйлем өзінің алдындағы сөйлемнің заңды жалғасы болып табылады. Ал теңбе-тең байланысу түріне құрылған күрделі синтаксистік тұтастықтарда санамалылық, салыстыру, қарама-қарсы қою қарым-қатынастары орын алады. Параллельді күрделі синтаксистік тұтастық пен тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықтың айырмашылығы – олардың байланысу түрінде”.
Б.Шалабай “Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі синтаксистік тұтастық” атты мақаласында бұл мәселені жан-жақты ашып берген. “Күрделі синтаксистік тұтастық деп бірнеше сөйлемдердің тізбегінен жасалып, мағыналық және құрылымдық жағынан тұйықталған, белгілі бір күрделі ойды білдіретін сөйлемнен ірі синтаксистік бірлікті айтамыз”,- деп анықтама берген.
Сонымен, күрделі синтаксистік тұтастық мәселесі – қазақ тіл білімінде ден қоя зерттеуді қажет ететін, өзекті тақырып. Оның құрылымындағы синтаксистік сөз тіркесі, сөйлем туралы ілімдеріне жаңа мән, жаңаша сипат берсе, екінші жағынан стилистика саласымен де тығыз байланысты. Бүгінгі таңда осы тақырып төңірегінде көптеген зерттеулер жүргізілуде.
Күрделі синтаксистік тұтастыққа тән белгілер:
1. Мағыналық бірлікке ие. Жеке сөйлем-мағыналық жағынан аяқталмаған конструкция. Сондықтан күрделі синтаксистік тұтастық сөйлеммен салыстырғанда ойдың дамуының әлдеқайда күрделілігімен ажыратылады.
2.Синтаксистік бірлік, яғни оны құрап тұрған сөйлемдердің өзара тығыз байланысқан синтаксистік бірлік.
КСТ іштей 2-ге бөлінеді:1)параллель байланысқан КСТ, 2)тізбектеле байланысқан КСТ.
Тізбектеле байланысқан КСТ құраушы сөйлемдер алғашқы сөйлеммен өзара іліктесіп барып, бірінен соң бірі тізбектеліп байланысатын болса, параллель байланысқан КСТ-ны құраушы сөйлемдер алғашқы сөйлеммен бәрі бірдей тең дәрежеде байланысады. Мысалы,
Үй іші күзектің суық күндеріне бейімделіп жиналған. Биік төсек, жүкаяқтар жоқ. Мол жастық, қалың көрпелі жертөсек пен айнала тұтқан қалың текемет, тұскиіз, кілемдер бар. Төр жақта сырмақ үстіне салынған арұар терісі, жүні ұзын сеңсең бөстектер жатыр. Іргеден жел соқпастай етіп қымталып, шымқалған жылы жайдың қонақ отыратын орындары да сыз өткізбес қалың. Маздап жанған қидың оты қызуын үйге кең жайып, даланың салқынын кіргізбей тұр. 6 жай сөйлемнен құралған параллель КСТ. Кейінгі жай сөйлемдер тең дәрежеде, ІІІ жақта, бірдей шақта тұруы арқылы байланысқан. КСТ-ны құраушы сөйлемдердің бәрі басқы бөлікке бірдей тең дәрежеде қатысты болып келеді. Соңғы сөйлем осы параллель байланысқан КСТ-ның қорытушы бөлігі болып табылады.
Параллельді КСТ-ның түрлері: 1)хабарламалы КСТ, 2)сипаттамалы КСТ, 3)анафоралық қайталау жолыман байланысқан КСТ.
1.Хабарламалы КСТ
Бұл – бірінің орнын екіншісі ауыстырып отыратын іс, оқиғаны суреттейтін, уақыт жағынан бір-біріне параллель болып келетін сөйлемдердің тобы. Хабарламалы параллельді КСТ-ның ерекшелігі-өзінің атына орай мағыналық жағынан біріккен, бірін-бірі ауыстырып отыратын іс-әрекетті, оқиғаны хабарлап жеткізетіндігінде. Мысалы,