Тоқсандық баға 50% де 50% пайыздық қатынасында бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау нәтижелерінің негізінде қойылады. Бұл білім алушы тоқсандық бағаның 50%-ын бөлімдер/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау нәтижелері, 50%-ын – тоқсандық жиынтық жұмыстың нәтижелері бойынша жинайтынын білдіреді. Осы екі бөліктің қосындысы тоқсанға қойылатын қорытынды бағаны көрсетеді.
1-сыныпта жылдық баға 3-ші және 4-тоқсандардағы бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау нәтижелерінің негізінде 50% де 50% пайыздық қатынасында қойылады. Жылдық бағаны есептеу үшін білім алушының бөлімдер/ортақ тақырыптар үшін алған жиынтық бағалауының және тоқсандық жиынтық бағалауының жалпы балдары қосылады. Бұдан әрі оқу жылының балдық пайыздық мазмұны пайыздық қатынаста (50%:50%) анықталады. Бағаларды санау электрондық журналға енгізілген формула бойынша автоматты түрде жүзеге асырылады.
Тоқсандық және жылдық бағаларды қайта қарауға рұқсат етілмейді.
Білім алушыларды денсаулығына байланысты дене шынықтыру сабағынан босату олардың келесі сыныпқа көшірілуіне әсер етпейді.
Электронды журналдың формасы кесте түрінде берілген, бұл кестеге білім алушылардың тоқсан барысындағы жетістіктері енгізіледі (бөлімдер бойынша және тоқсандық жиынтық бағалауының балдары), сонымен қатар балдарды бағаға ауыстыруды қарастыратын шкалаға сәйкес автоматты түрде бағаны санау жүзеге асырылады (тек тоқсан және оқу жылының қорытындысы бойынша) (1-сурет).
Білім берудің барлық деңгейлері бойынша әрбір оқу пәні үшін әр тоқсандағы бөлімдер бойынша жиынтық жұмыстардың саны көрсетілген электронды журналдың өзіндік форматы әзірленген.
Үш тілде оқыту туралы
Заманауи жағдайда үш тілде білім берудің әдіснамасы алдымен, тарихи және әлеуметтік-педагогикалық алғышарттармен, сондай-ақ лингводидактикалық тұжырымдамалармен анықталады. Алғашқылары:
1) кеңестік Қазақстандағы тілдік жағдай орыс-қазақ (қазақ-орыс емес) қостілділігін тарихи қалыптастырды, сондықтан орыс тілін ана тілі және ана тілінен өзге тіл ретінде оқытудың ғылыми-әдістемелік базасы өте жоғары деңгейде әзірленген;
2) Тәуелсіздікке дейін Қазақстанда орыс тілінде оқытатын мектептер басым болған және ол мектептерде қазақ тілі оқытылмаған, бұл оның функционалдық белсенділігін дамытудың тежеуші факторына айналды және қазақ тілін (сонымен қатар ана тілінен өзге тіл ретінде) оқыту мәселесіндегі педагогикалық тәжірибенің жетіспеушілігіне апарды;
3) қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы және оның іс жүзіндегі қолданыс деңгейі Типтік оқу жоспарында оқу сағаттарының мөлшерін көбейтуге мүмкіндік берді, дегенмен қазақ тілінің лингводидактикалық аспектілерін теориялық және қолданбалы ғылыми зерттеулер бүгінгі күнге дейін жеткіліксіз;
4) Әлемдік экономикаға бірігуге қажетті көлемде оқытуды талап ететін ағылшын тілінің қазақстандық қауымдастықтың лингвокоммуникативтік кеңістігіне белсенді еніп келе жатқаны да, қазіргі кездегі тілдік жағдайды күрделендіре түсті.
Барлық көрсетілген ұстанымдар Қазақстанда тілдердің үштұғырлылығы идеясын енгізудің алғышарты болып, келесі формуламен айқындалды: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз.
Бұл ретте қазақ тілі Қазақстан халқының бірігуінің жетекші факторы болып табылады. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бірлік жолында азаматтық бірізділікті қалыптастыру үшін маңызды. Қазақ тілін білу – қазіргі әр қазақстандықтың өзіндік ерекшелігінің кепілі.
Дәл осы идея қазақ тілін оқытудың тиімді әдістерін іздеу қажеттілігін туғызды.
Үш тілде білім берудің негізгі стратегиялық мақсаты –халықаралық стандартқа сәйкес қазақстандықтар бір уақытта үш тілді меңгеруіне қажетті жағдай жасау, нақты айтқанда:
- қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білу, ол азаматтардың үйлесімді бірлесуіне ықпал етеді;
- орыс тілі, қазақ тілімен қатар қолданылатын ресми тіл ретінде;
- ағылшын тілін әлемдік экономикаға бірігу құралы ретінде үйрену.
Білім процесінде барлық үш тіл (екінші және үшінші тілдер, яғни, қазақ тілі (Т2), орыс тілі (Т2), ағылшын тілі (Т3) бәсекелестікте емес, бірлікте дамуы тиіс. Осыған орай, үш мақсатты тілге оқытудың негізгі тәсілдемесі белгіленді.
Ең біріншісі – мақсатты тілдерді деңгейлеп оқыту. Бұл – мақсатты үш тілде оқыту CEFR («Common European Framework of Reference: Learning, Teaching, Assessment» - «Шетел тілдерін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреттіліктері: меңгеру, оқыту, бағалау») деңгейлік оқыту моделіне сәйкес жүргізілетінін және білім жүйесінің барлық деңгейлерінде бірлік, сабақтастық және үздіксіздік қамтамасыз етілетінін білдіреді. Үш тілде білім берудің қазақстандық моделі CEFR-дің аналогі емес, бірақ бұл құжат негізге алынып және оның идеялары мен негізгі ережелері ұлттық білім беру жүйесінің нақты жағдайларына бейімделеді. Ағылшын тілі бір қадамға артта екеніне назар аудару қажет, өйткені қазақ тілі мен орыс тілі табиғи лингвистикалық ортада оқытылады.
Заманауи Қазақстанның тілдік жағдайына орыс-қазақ және қазақ-орыс қостілділігі тән және соңғысының қолданыс аясы кеңейтілуде. Оған қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы себеп болды. Сонымен қатар, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде бір миллионнан астам этностық қазақтар тарихи отанына қайта оралды.
Деңгейлік оқытуда сөйлеу қызметінің төрт дағдысын дамытуға көңіл бөлінеді: тыңдалым (ауызекі тілді тыңдап отырып түсіну), айтылым, оқылым және жазылым.
Үш тілде оқытудың келесі әдісі – коммуникативтік тәсіл. Ол мыналарды білдіреді:
біріншіден, мақсатты тілдерді оқыту оқытылатын тілдің ауызекі сөйлеу нормасын меңгеруге бағытталған, сондықтан бірінші сыныпта, ең алдымен, тыңдалым мен айтылым дағдыларына көңіл бөлінеді; оқылым мен жазылым дағдыларын ана тілінде немесе оқу тілінде (мектептің оқу тілі) дамыту арқылы жүзеге асырылады;
екіншіден, тілді оқыту грамматикалық ережелермен шектелмейді, яғни өзге тілді алғаш үйренушілерге «бастауыш», «баяндауыш», «морфология», «синтаксис» т.б. білу маңызды емес. Бала грамматикалық құрылымдарды білмей тұрып, оқу мен жазуды білмесе де сөйлей бастайды, тіпті сөйлемдерді де дұрыс құрайды. Ол жай ғана сөздерді айтады, сөздердің мағынасын түсінеді, айналасындағы адамдармен тілдесе бастайды. Уақыт өте келе оның сөздік қоры молаяды, қоршаған адамдардың басым бөлігі оны түсінетіндей деңгейде сөйлесе алады. Содан кейін ғана бала оқу мен жазуды үйренеді. Мектепте ана тілінен өзге тілді үйренудің негізі осында жатыр.
Ана тілінен өзге тілдерді оқытқанда ана тілін (немесе бірінші тілді) қолдану орынды, бұл коммуникативтік тәсілдеменің ережелерін бұзбайды: егер ана тілінде 5 минут ішінде ережені түсіндіруге болатын болса, онда шет тілінде оны түсіндіруге сабақтың барлық уақытын зая жіберудің қажеті жоқ.
Мұндай оқытудың негізгі мақсаты грамматикалық құзыреттілікті қалыптастыру емес (сөз тіркестері мен сөйлемдерді сауатты құру, мезгіл шақтарын дұрыс қолдану, әртүрлі сөйлемдерді құру түрлерін білу), коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыру. Сөзсіз, грамматикалық құзыреттілік маңызды, бірақ коммуникативтік тәсілдемеде грамматикалық ережелерді іс жүзіндегі қарым-қатынаста қолдануға негізделген.
Коммуникативтік құзыреттілік тілді әртүрлі мақсат пен функцияда қолдануды, түрлі сипаттағы және типтегі мәтіндерді құру, оқу және түсіну, шектеулі лексикалық және грамматикалық базасы болғанның өзінде әңгімеге араласуды қамтамасыз етеді.
Коммуникативтік тәсілде, ең біріншіден, тілдік құрылымдардың дұрыстығына емес, диалогті әрі қарай өрбіту нұсқасын ұғыну, жалпы коммуникативтік мақсатқа жету, өзгертіп айту дағдысын дамыту параметрлеріне назар аударылады.
Коммуникативтік оқытуда білім алушы тек қана тіл туралы білімді меңгермейді, сонымен қатар, мәдени-әлеуметтік компонентті де меңгереді: қоғамдағы тәртіп үлгісі, сол елдің мәдениеті мен мәдениет нормалары туралы білімі, осылардың бәрі шынайы қарым-қатынастың жағдаяттарында сөйлеушімен өзара қарым-қатынас жасауға көмектеседі.
Мақсатты үш тілді оқытуда қолданылатын келесі әдістемелік тәсіл – мәдениетаралық-коммуникативтік тәсіл. Бұл тәсілде тілдерді оқытуда тұлғаның мәдениетаралық қарым-қатынасқа қажетті қасиеттерін дамытуға көңіл бөлінеді. Мұндай тәсіл бірнеше міндеттерді шешуге мүмкіндік береді:
туған жері, оның ерекшелігі, мәдениеті, салт-дәстүрі туралы түсінік қалыптастыру. Бұл білім алушының когнитивті тәжірибесін кеңейтуге және құндылық жүйесінің бағдарын, оның ішінде өз еліне, өлкесіне деген сүйіспеншілік, ұлттық мәдениетке, тілге құрметпен қарауын қалыптастыру үшін қажет;
өз жерінің тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі туралы алынған ақпаратты тарату үшін жағдай жасау;
мәдени-білім кеңістігінде тұлғаның өзін-өзі іске асыруын қамтамасыз ету.
Осы тәсілдердің негізінде үш тілде оқыту келесі қағидаттардан құрылады:
тіл мен мәдениетті бірге оқыту қағидаты, бұл – тілді мәдениет аралық қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік құндылық, мәдени-ұлттық мұраның бейнесі, қоршаған ақиқатты тану құралы ретінде оқыту;
білім беру мазмұнындағы қазақ тілі (мемлекеттік) және орыс тілінің теңгерілімділік қағидаты, біріншіден, нақты аймақтың әлеуметтік лингвистикалық жағдайының ерекшеліктерін есепке алу қажеттілігін білдіреді. Көп жағдайда, Қазақстанның әр аймағындағы тілдердің қолданыс белсенділігі бірдей емес. Өйткені еліміздің оңтүстік аймағында орыс тілінің белсенділігі төмендеу, керісінше, солтүстік аймақтарда қолдану аясы кеңірек;
«білімге екі жақты ену» қағидаты – біріншіден, тіл білім беру үрдерісінде әрі оқыту құралы, әрі оқу пәні ретінде қолданылатынын біліреді:
3.1. тіл оқу бағдарламалары аясында оқу пәні ретінде қазақ тілді емес мектептерде «Қазақ тілі» (1-4-сыныптарда), «Қазақ тілі мен әдебиеті» (5-11-сыныптарда); оқыту орыс тілді емес мектептерде «Орыс тілі» (1-4-сыныптарда), «Орыс тілі мен әдебиеті» (5-11-сыныптарда); оқыту тіліне қарамастан барлық мектептерде «Ағылшын тілі» (1-11-сыныптарда) оқытылады;
3.2. тіл оқыту құралы ретінде тілдік пәндердің басқа пәндермен кірігу механизмі болып қолданысқа енеді, сондықтан негізгі мектепте оқыту тіліне қарамастан «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Қазақстан тарихы» пәндері қазақ тілінде, «Орыс тілі мен әдебиеті» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері орыс тілінде, жоғары сыныптарда «Жаратылыстану», «Информатика», «Физика», «Химия», «Биология» пәндері ағылшын тілінде оқыту жоспарланған.
Мектептердің үш тілде оқытуы бойынша дайындығын анықтау үшін 2018 жылы мониторинг өткізу жоспарлануда. Осыған дайын мектептер 2019 жылдан бастап белгіленген пәндерді ағылшын тілінде беруге құқығы бар.
Сонымен бірге, білім алушылар мен ата-аналар өздерінің қалауларын білдірген жағдайд, ағылшын тілінде оқыту жүзеге асырылады. Мұны қаламаған білім алушылар бұл пәндерді оқыту тілінде оқиды.
Аталған пәндерді мектепте ағылшын тілінде оқытуға дайындық барысында және оқуға тілек білдірушілер болған жағдайда 2017 және 2018 оқу жылында іске асырылуы мүмкін.
Пән мұғалімдері өздерін мазалаған сұрақтарын әріптестер арасында бөлісіп,талқылады.
Достарыңызбен бөлісу: |