«АДАМ ЖӘНЕ ҚОҒАМ» БІЛІМ САЛАСЫ
«Адам және қоғам» білім саласы «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Адам. Қоғам. Құқық», «Өзін-өзі тану» пәндерін қамтиды.
«Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша оқу процесін ұйымдастырудағы ерекшеліктер
Негізгі орта білім беру деңгейінің 9-сыныбында тарихты оқыту:
білім алушылардың тарихи фактілер мен құбылыстарды талдап-қорыту, тарихи оқиғалардың мақсаты мен мәнін анықтай білу, оның маңызын бағалай білу дағдыларын қалыптастыру;
тарихи даму заңдылықтары мен ерекшеліктерін түсіне отырып, қоғам дамуындағы өзінің бағыт-бағдарын, көзқарастары мен ұстанымдарын айқындау қабілетін дамыту;
қазіргі кезеңдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық және халықаралық мәселелерді талдауға тарихи білімін қолдана алу қабілетін жетілдіру;
дүниежүзі халықтарының тарихын тығыз байланыста қарастыра отырып білім алушыларды халықтар арасындағы өзара түсінушілікке, бір-біріне құрметпен қарауға, толеранттылыққа, адам құқығы мен еркiндiгiн, демократиялық ұстанымдарын құрметтеуге тәрбиелеуге бағытталуы тиіс.
2018/2019 оқу жылында 9-сыныпта «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Адам.Қоғам.Құқық» пәндері бойынша оқу процесін ұйымдастыруда келесі оқу бағдарламалары қолданылады:
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген, 2015 жылғы 18 маусымдағы №393 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған Қазақстан тарихы пәнінің оқу бағдарламасы.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген Негізгі орта білім беру деңгейінің 6-9-сыныптарына арналған Дүниежүзі тарихы пәнінің оқу бағдарламасы.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген, 2015 жылғы 18 маусымдағы №393 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Негізгі орта білім беру деңгейінің 9-сыныбына арналған «Адам.Қоғам.Құқық» пәнінің оқу бағдарламасы.
Білім мазмұнын ұйымдастырудағы ерекшеліктер:
9-сыныпта «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша оқу бағдарламасының білім мазмұны ХХ ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтиды.
9-сыныптағы оқу жүктемесі:
«Қазақстан тарихы» пәні бойынша аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат;
«Дүниежүзі тарихы» бойынша аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;
«Адам. Қоғам. Құқық.» оқу пәні бойынша аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағатты құрайды.
«Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» оқу пәндері бойынша оқу процесін ұйымдастырудағы әдістемелік ерекшеліктер.
9-сыныпта тарихты оқытубілім алушылардың қазіргі заман тарихының маңызды процестеріне, құбылыстарға, оқиғаларға және ұғымдарға баса назар аударуға, тарихи оқиғаларды, талдау, салыстыру, көрнекті тарихи тұлғалар қызметін бағалау, алған білімі негізінде өз ойын дәлелдеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуды, 1914-1918 жылдардағы бірінші дүниежүзілік соғыстан бастап қазіргі заманға дейінгі тарихи процестерді, тарихи фактілер мен құбылыстарды талдап-қорыту, тарихи оқиғалардың мақсаты мен мәнін анықтай білу, оның маңызын бағалай білумен ерекшеленеді.
Білім алушыларды оқытылатын кезеңдегі ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкілдері мен саяси жетекшілердің қызметіне, тарихи оқиғаларға салыстырмалы талдау жасау, баға беруге дағдыландыру ұсынылады.
Мысалы, Алаш» партиясының құрылуы. «Алаш-Орда» үкіметі. Қазақ халқының саяси көшбасшылары (Ә. Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Б.Қаратаев, М.Тынышпаев, М.Шоқаев). XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының ғылыми еңбектері. «Алаш-Орда» үкіметі бойынша білім беруде білім алушыларды «Алаш» партиясының ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртудағы саясатын талдауға; қазақ зиялыларының қоғамдағы рөлі мен қызметіне талдау жасауға, ұлттық баспасөздің қоғамдық-саяси сананы оятудағы рөліне баға беруге бағыттау ұсынылады. Білім алушыларды қазақ зиялыларының, соның ішінде 2018 жылы мерейтойлық күндері атап өтілетін А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедовтің шығармашылық мұрасын қосымша материалдар негізінде талдау және оған баға беруге бағыттау ұсынылады.
Бұл білім алушылардың білімін, іскерлігін, танымдық қабілеттерін дамытып, олардың ойының дамуына ықпал етеді, көзқарасын қалыптастырады.
Сонымен қатар, оқу процесінде қызметі қазақ мәдениеті ошақтарын дамытуға, оқу-ағарту ісіне, қазақ халқының әдеби тілін қалыптастыруға және ғылыми құндылықтарды сақтауға бағытталған қуғын-сүргінге ұшыраған екі ұрпақ алашордалықтар – Мұхамедхан Сейтқұлов пен Қайым Мұхамедханов туралы жазылған «Хаттар сөйлейді» және «Әке мен бала – өз Отанының патриоттары» кітап материалдарын; С. Әлжанова мен Г. Төлемісованың «Алаш» партиясы идеологтері және көшбасшыларының бірі Отыншы Әлжанов туралы жазылған «Алаш Орда бүркіті»; В. Могильницкийдің зиялы қауым өкілдері, саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы «Атаусыз қызғалдақтар. Карлагтың ұлы тұтқындары» атты көркем-деректі очерктерді пайдалану ұсынылады. Аталған әдебиетте қазақ интеллигенциясы өкілдерінің өз халқына қызмет жасаудағы жүріп өткен ауыр жолы сипатталады.
Білім алушылардың мазмұны жағынан мәндес пәндерді оқу кезінде алған білімдерін мақсатты және жүйелі түрде пайдалану дағдысын қалыптастыруда оқытудың кіріктірілген тәсілін қолдану тиімді. Ол үшін оқу процесін ұйымдастыру кезінде сабақтарды әртүрлі пәндерден алынатын мәліметтер бірін-бірі толықтырып, тереңдететіндей түрде жоспарлау ұсынылады. Мысалы, Отандық және дүниежүзі тарихының кейбір тақырыптарын кіріктіруге болады. Халықаралық қатынастар тарихы және Қазақстанның сыртқы саясаты, әлемдік соғыстар тарихы, тарихтың жеке мәселелері, мәдениет т.б. тақырыптарын кіріктіруге болады. Тарих пәндерін кіріктіре оқыту жүйесін қалыптастыру оқу процесінің коммуникативтік әлеуетін біршама арттырады.
Мысалы, «Дүниежүзі тарихы» бойынша «Германияның Кеңес Одағына шабуыл жасауы» және «Қазақстан тарихы» бойынша «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Қазақстандықтардың Мәскеу, Сталинградты қорғау шайқастарына, 1943-1944 жылдардағы шабуылдарға қатысуы» тақырыптарын оқытуда осы тәсілді қолдану ұсынылады.
Білім алушыларға берілетін тапсырмалар:
- тарихи оқиғаларға түсіндірме бере отырып, екінші дүниежүзілік соғыстың түйінді оқиғаларын анықтауына;
- Қазақстандықтардың Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңісіне қосқан үлесін бағалауына бағытталуы тиіс.
Сонымен қатар, тарихи тұлғаға сипаттама бергенде мынадай арнайы жадынаманы қолдану ұсынылады:
- тарихи қайраткердің сыртқы бейнесін суреттеу;
- тұлғалық белгілерін сипаттау;
- өмірінің ең жарқын мыңызды фактілерін атау;
- тұлғаның тарихқа қосқан үлесіне баға беру.
Бұл тарихи тұлғалардың іске асырған ерекше әрекеттерінің білім алушының есінде ұзақ сақталуына мүмкіндік береді.
9-сыныпта тарихты оқыту білім алушыларда тарихи сананы, ұлттық және адамзатқа ортақ құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан оқу процесін ұйымдастыруда құндылыққа бағдарланған тәсілді қолдану ұсынылады. Бұл оқу іс-әрекетін ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәсілі, белгілі бір құндылықтар тарапынан оның нәтижелерін алу және қолдану. Құндылықтарға бағытталған оқу процесі білім алушының жеке тұлғалық құндылықтар жүйесін мақсатты түрде қалыптастырады.
Құндылықтар тұлғаны уәждеудің маңызды факторы ретінде мінез-құлық пен іс-әрекеттерді ынталандарады. Мысалы, «Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы және нығаюы» бөлімінде білім алушыларда «Қазақстан тарихы» пәнінің мазмұны арқылы ұлттық құндылықтарды қалыптастыруды келесі жағдайда іске асыру ұсынылады:
29-кесте– Құндылық: Қазақстан тәуелсіздігі және Астана
Сабақтың мақсаты
|
Білім алушылар білуі тиіс
|
«Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде жариялануының тарихи маңызын түсіндіру»
|
1990 жылғы «Қазақ КСР-ның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларциясы» мен 1991 жылғы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңын»салыстырып ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтайды, тұжырым жасайды.
|
«Астананы Қазақстанның өркендеуінің нышаны ретінде бағалау»
|
Түрлі деректерді қолданып, ҚР Елордасын көшіру себептерінің тізімін жасайды. Бірнеше себепті маңыздылығына қарай «пирамидаға» орналастырады. Таңдауларын түсіндіреді.
|
Оқу процесін ұйымдастыруда білім алушының бойында осы құндылықтарды қалыптастыру жүйелі жүзеге асуы тиіс. Себебі, қазіргі уақыттағы экономикадағы заманауи инновациялар, еңбек нарығындағы өзгерістер білім алушыларға күрделі міндеттерді шешу үшін жағдаяттар мен ақпараттарды талдауға және бағалауға, алған білімі мен тәжірибесін жаңа идея мен ақпаратты жинақтау үшін шығармашылық түрде қолдануға мүмкіндік беретін дағдылар жиынтығын меңгеру қажеттілігін талап етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |