Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының


(Төлебай Құрманалинның «Өмір өткелдері» кітабынан, Ақтөбе қаласы 2004 жыл.)



бет4/8
Дата04.11.2016
өлшемі1,41 Mb.
#111
1   2   3   4   5   6   7   8

(Төлебай Құрманалинның «Өмір өткелдері» кітабынан, Ақтөбе қаласы 2004 жыл.)

Сматолла Молдашұлы БЕРКІМБАЕВ,

Қазақстан Республикасына айрықша

еңбек сіңірген дербес зейнеткер
СӘТТІ ЖАЛҒАСҚАН ЖОЛ
Ақтөбе қаласында тұратын кәсіпкер ініміз Жалғас үйге арнайы келіп сәлемдесті. Әңгіме үстінде әкесі Қонақбай Назаровтың туғанына жүз жыл толуы қарсаңында естеліктер жинағын шығарғысы келетінін айтып, менің де пікір білдіруімді өтінді. Игі ниетті қуана қабылдадым. Бір жағынан Қонекеңмен ағайындығымыз бар, екінші ретте кезінде партия органдарында лауазымды қызметтер атқарып, облысқа танылған азамат.

Мен марқұмды алғаш 1954 жылы көрген едім. Ақтөбеде жиналыстардың бірінде қадірлі ағаларымыздың бірі Бақи Шанов таныстырған болатын. Сом денелі, орта бойлы, қара торы жігітағасы, үстінде сол кезеңнің киімдері – сұр китель, галифе шалбар, басы мен мойыны тұтаса біткен, шынымды айтсам баласы Жалғастың қазіргі тұрпатынан ағамызды көргендей боламын. Әңгімені шегелеп айтады екен, сауалдарынан ағайын-туыспен араласуға ықыласы аңғарылып тұрды.

Арада көп уақыт өткен жоқ, облыстық партия комитеті ұйымдастырған семинар-кеңестердің бірінде тағы ұшырастық. Мінбеге Қонекең шығып сөйлегенде қатысушылар ұйып тыңдады. Әңгімесі жинақы, ой-пікірлері түйінді, ортақ істі қайткенде алға бастыру турасындағы ұсыныстары көпшілікке ұнағандықтан шығар, сөзін аяқтағанда бәрі де қол шапалақтап жатты.

Жалпы Қонақбай Назаров – партиялық қызметтің облыстық, аудандық буындарында, кеңшар партия комитетінде жұмыс істеп, бай тәжірибе жинақтаған адам. Әкеден жастай қалып, еңбекке ерте араласқан, Ұлы Отан соғысының от-жалынын өткерген. Ғұмырының соңғы жылдарында бұрынғы Октябрь ауданының «Пролетарий» кеңшарында партия комитетіне жетекшілік етті. Кеңшарда егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамытылып, облыста іргелі шаруашылықтар санатында аталды. Директоры Қуандық Әлішевтің қызметі лайықты бағаланып, көрші Мұғалжар ауданына аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Қонекең болса жасының толуына байланысты республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер мәртебесімен демалысқа жіберілді. Ер балаларының үлкені Жалғас осы кеңшарда бас есепші болып жұмыс істеді.

Өкініштісі – ағамызға небәрі 65 жыл ғұмыр бұйырды. Ол қайтыс болғаннан кейін тұрған үйін Жалғас иемденді. Қуанышты жай – балалары, яғни інілеріміз бен қарындастарымыз әке-шеше жолын сәтті жалғастырып келеді. Жалғас Ақтөбе қаласында кәсіпкер, үйлі-баранды. Болаты – егемен елімізде мұнай-газ өнеркәсібін дамытуға сүбелі үлес қосып жүр, қазір Астана қаласында «КазРосгаз» акционерлік қоғамының басшысы, екі қызы тұрмысқа шыққан, ұлы – шет елдердің бірінде жоғары оқу орнының студенті. Талғаты Алматы қаласында тұрады, нарықтық экономиканы жетік меңгерген кәсіпкер. Қарындастарымыз да жоғары білім алған, бақытты шаңырақ иелері: төртеуі өзіміздің Ақтөбеде, біреуі Талдықорған қаласында тұрып жатыр.

Ел-халықтың ағамызға берген батасы кейінгі ұрпағына дарыды деп ойлаймыз. Қаршадай кезінен тұрмыс тауқыметін тартқан, өз дәуірінің небір зобалаңын көзімен көріп, соған ерік-жігерін қарсы қоя білген. Бұл кісі қайда жүрсе де жетім-жесірге, кемтар жандарға қарасып, қолдан келген көмегін берді. Мұны талай адамдардың егіле отырып айтқан әңгімесінен түйсіндік.

Жеңгеміз Шолпан Қонекеңнен кейін алаңсыз, мағыналы тірлік кешті, балаларының және үлкен немерелерінің үй болғанын көрді, шөберенің ернінен сүйді. Жылына бір-екі рет ағамыздың үйінен ағайын-туыстар болып дәм татып, шырайлы көріністерге куә болатынбыз. Жеңгеміздің құда-жегжаттарының, ниеттес замандастарының, балаларының ортасында 2008 жылы 85 жасында бақилық болуы да – Алланың берген несібесі.

Құдіреті күшті Тәңірі әркімге әрқилы тағдыр бұйыртады. Біз Назаровтар әулетінің саясы мол бәйтерекке айналғанын көріп, шүкіршілік етеміз. Айтар тілек – тіл-көзден аман етіп, көркейе берсін!


Ақтөбе қаласы.
Қуандық Зинешұлы ӘЛІШЕВ,

Қазақстан Республикасына айрықша

еңбегі сіңген дербес зейнеткер,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының

докторы, Жаратылыстану және

Ауыл шаруашылығы ғылым

академияларының академигі
ЖАСТАРДЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ
Қонақбай Назарұлы – Кеңес Одағы армиясы қатарында он жыл бойына қызмет еткен, оның тең жартысында Ұлы Отан соғысының майдандарында болып, жеңіспен елге оралған, бейбіт кезеңде Ақтөбе өңірінің экономикасын дамытып, мәдениетін жақсартуға сүбелі үлес қосқан, кейінгі буын – жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, еңбекке, адамгершілікке баулыған қадірлі аға.

Мен оны 1962 жылдың мамыр айынан бастап білемін, жаңадан құрылған Темір аймақтық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы болып қызмет атқарып жүрді. Сол жылы күзде облыстық партия комитеті мені бұрынғы бес ұжымшар ізінде құрылған Ленин атындағы кеңшарға бас зоотехник қызметіне бекітті. Келесі жылы мамырда кеңшарда дербес партия ұйымы жасақталып, хатшылығына Қонекең сайланды. Сол кезден бастап біздер Қонекеңнен қолдау тауып, тәрбие алып, ағалық қамқорлығын көрдік.

Ағамыз бұдан бұрын облыстың үш ауданында аудандық партия комитетінің бірінші, екінші хатшысы, облыстық партия комитетінде нұсқаушы қызметтерін атқарып, басқару саласында мол тәжірибе жинақтаған, халыққа, оның ішінде жастарға тәрбие беруді толық меңгерген, жан-жақты азамат еді. Оның жас мамандарға қамқорлығынан бір мысал жадымда сақталып қалыпты. Институтты бітіріп, дипломды енді ғана алған Сейітхан Әуезов біздің кеңшарда бас агроном болып, жұмысын бастады. Әрине, кәсіп сырын әлі жете меңгермеген, бірақ білімді, міндетін ынта-ықыласымен атқаруға тырысады, сөйтсе де кей реттерде кемшіліктер жіберіп алады. Бұл жайды дер кезінде айтып, бағыт сілтесе жөн болары анық. Өкінішке орай кеңшар директоры Иван Свиридович Черненко бұған дейін бір ғана есеп саласында жұмыс істеген, тым ұлтшыл адам еді. Шаруашылықтағы олқылықтардың бәрін мамандарға ысыра салып, өзі жақтырмаған адамнан құтылу жолын іздейтін. Бірден шам алып, Сейітханның соңына түсті, ақыры жұмыс істегеніне бір жыл толмастан өз бұйрығымен босатып жіберді.

Партком хатшысы Қонекең екеуміз Черненконың кабинетіне арнайы кіріп, бас агрономды босатуға құқығы жоқтығын айттық. Ол «Аймақтық басқарма бастығы Ж.Әміровпен келістім» деген уәжді алдымызға тартты. Қонекеңнің кеңесімен біз – екі маман басқарма партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрқожа Орынбасаровқа барып, істің мән-жайын баяндадық. Ол:

-Үш күннен кейін түс қайта партком бюросының мәжілісін өткіземіз. Соған сен екеуің, кеңшардың директоры мен партком хатшысы – төртеуің келесіңдер, - деп, қайтарып жіберді.

Айтқан күнінде бюро мәжілісі біздің арызымызды қарады. Директор Черненко сұрақтарға жөнді жауап бере алмады, Әміровпен келіскенін оның көзінше айта алмай бұлғақтай бастады.

Партком хатшысы Қонақбай Назаровтың сөзі түйінді шықты.

-Директор бұл мәселе бойынша менен келісім сұраған жоқ. Мен келіспеймін. Партияның Орталық Комитетінің қаулысын орындай отырып, жас маманның еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау, ал кемшіліктері болса көрсетіп, баулу қажет. Менің пікірім – кеңшар басшысына бірбеткей шешімі үшін қатаң ескерту жасап, алда мұндай әділетсіздікті болдырмау керек. Сонда өзгелер де сабақ алады, - деді.

Қонекеңнің орнықты әңгімесін бюро мүшелері қолдады, Сейітхан Әуезов қайтадан өз қызметіне оралып, ары қарай жалғастырды.

Тағдыр ағамызбен маған «Пролетарий» кеңшарында да бірге жұмыс істеуді жазыпты. Мен – директормын, ол – партком хатшысы. Жалпы шаруашылық басшылығындағы азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақпен жұмыс істедік, науқандық шаруаларды ғылым жетістіктерімен ұштастыра жүргіздік. Нәтижесінде шығынға батып, облыста артта қалған шаруашылық алғашқы жылды табыспен қорытындылады, алдыңғы қатарға шықты. 1970 жылы Бүкілодақтық социалистік жарыс қорытындысымен жеңімпаз атандық. Егіншілікте, мал шаруашылығында, әлеуметтік сала қызметтерінде күрт ілгерілеу байқалды. Кеңшар мамандары, оның ішінде бас мамандар жоғары немесе арнаулы орта оқу орындарын енді ғана бітірген жастар еді. Қонекеңнің ұдайы бағыт-бағдар көрсетіп, қамқорлық жасауы арқасында бірқатары өзге өңірлерге қызметке жоғарылатылды. Бас зоотехник Сабыр Қаналиев аспирантураны бітіріп, Әлия Молдағұлова атындағы кеңшар директорлығына тағайындалды, Жауынбай Қалымов «Ақтөбе» кеңшарының директоры болды, кейін Комсомол аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалығына сайланды. Аманкелді Көкеев партком хатшылығын абыроймен атқарды, кейін облыстық партия комитетінің нұсқаушылығына шақырылды.

Қонекең екеуміз тіл табысып жұмыс істеп, кеңшар аумағында мәдени-спорттық шараларды өрістеттік. Бұл – жастар тәрбиесіндегі түйткілді мәселе еді. Футбол командасын құрғанымызда оның алғашқы мүшелері санатына партком хатшысының ұлдары Жалғас пен Болат ілікті. Команда бірінші жылы-ақ аудандық спартакиадада бас жүлдені жеңіп алды.

Ағамыз бен зайыбы, жаратылысынан тамаша жан Шолпан жеңгей ұл-қыздарына өнегелі тәрбие беріп, білімге, еңбекке баулуы арқылы бәрімізді сүйсінтті. Ұлдың үлкені Жалғас еңбек жолын қатардағы есепшіліктен бастап, кейін кеңшар бас есепшісінің орынбасары, бас есепшісі болды. Сол Ақкемер ауылында шаңырақ көтерді. Үйлену тойына, екі қызының тұрмысқа шығу тойларына қатысып, жылы лебізімізді айтқанбыз. Одан кейінгі ұлы Болат тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекітуге айтарлықтай зор еңбек сіңіріп келеді, Елбасы тапсырмаларын орындауда іскерлігімен, тиянақтылығымен көзге түсіп жүр. Талғат болса Алматы қаласында тұрады, кәсіпкерлікті ұршықша меңгеріп алды. Шолпан жеңгейді менің анаммен заманы бір, жақсы қарым-қатынаста болғаны үшін де ұмыта алмаймыз.

Біз – кешегі Кеңес Одағының игілігін де, ауыр зардаптарын да көрген буынбыз. Кезінде әлемдегі алып екі державаның бірі болды, экономикасы дамыды, мәдениетіміз жақсара түсті. Қазақ республикасындағы жер қойнауының байлығын, жыл сайын Отан қоймасына бір миллион пұттан астық құятынымызды, жайылымдық алқаптарында 35 миллион қой, миллиондаған ірі қара, жүздеген мың жылқы мен түйе өсірілетінін мақтаныш қып айтып жүрдік. Қазақстанда өндірілген ет өнімдері Ресейдің Мәскеу қаласына, Челябинск, Сведловск, Волгоград, Омск, Новосибирск облыстарына, Өзбек және Тәжік республикаларына, бес әскери округқа жөнелтілетін.

Бұл – мақтаныш, сөйтсе де Қонекең екеуміз оңаша әңгіме-дүкен құрғанымызда еліміздің тәуелсіздік алғанын аңсайтын едік. Көзіміз ашық, көңіліміз ояу, қалайша айналадағы көріністерге марғау қарайсың?! «Шіркін, ешкімге жалтақтамай ана тілімізде еркін көсіліп сөйлесек...» дейтінбіз.

Бір ғана шегініс. 1973 жылы қаңтар айының соңғы күндерінің бірінде кеңшарға Мәскеуден СОКП Орталық Комитетінің нұсқаушысы Динякин, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Т.Бекенов, ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Х.Иманалин, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Ф.К.Раготин келіп, шаруашылықтың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Мал бордақылау алаңдарын, тауарлы-сүт фермасын, машина-трактор шеберханасын көрсеттік. Марқұм Темірғали Бекенов екеуміз алда қазақша сөйлесіп келе жатырмыз. Динякин және басқалары соңымызда жеті – он метр шамасында ілесіп келеді. Бір мезет мәскеулік қонақ бізді қуып жетіп: «Сіздер неге қазақша сөйлейсіңдер?» деп, дүрсе қоя берді. Онысымен тоқтамай: «Мен жүрген жерде тек орысша сөйлесіңдер» деп, шарт қойды.

Шыдамым таусылды, айтқаным:

-Түсініп алыңыз, сіз жөнінде әңгіме айтқан емеспіз. Бір мәселені ұққаныңыз дұрыс: республикамыздың Конституциясына сәйкес біздің қазақша сөйлеуге құқығымыз бар. Неге орынсыз жерден килігесіз? – болды.

Менің әңгімемді Қонекең де мақұлдады. Мәссаған, Денякиніміз сабасына түсе алмай:

-Енді мен кетемін, тек мына парткомның іс-қағаздарымен танысуым керек, - деді.

Бәріміз Назаровтың кабинетіне кірдік. Бас астананың астамсынған өкілі сырт киімдерін шешінбестен:

-Маған жеделдетіп қаулыларыңды бер, - деп талап қойды. Қонекең де түйсігі кең, орынсыз иліге бермейтін адам, ренжігенін байқатып:

-Керек болса, мә, - деп, бір бет қағазды ұсына салды. Денякин жынданған қалпында аузы көпіріп, Қонекеңді орысша сыбады да, қасындағыларды ертіп кетіп қалды.

Мен ештеңеге түсінбей аң-таң күйдемін. Әлгілер кеткесін Қонекеңнің кабинетіне қайта кіріп:

-Ол сонша ашуланатындай сіз қандай қағаз бердіңіз? – дедім.

Ағамыз қолыма ұстата салған қағазға қарасам, Денякиннің өзіне қажетті мәлімет жинау үшін берген жадынама-нұсқауы екен.

Мән-жайға қаныққан соң ағалы-інілі екеуміз мәз-мәйрам болып, ұзақ күлдік. «Ана тіліміздің сақталуына қосқан үлесіміз» деп қоямыз. Бір жағынан мәскеулік қонақтың көңіліне зіл сақтап кеткеніне, алдымыздан тосқауыл шығарына күмәніміз болмады. Кейін білдік: сапарының қорытындысында Денякин облыстық партия комитетінен Қонақбай Назаровты қызметінен босатуды талап еткен, маған «Саяси қызметке жарамайды» деген баға беріпті.

Әттең, Қонекең ағамыз Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанын, ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілгенін, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қазіргі заманды көре алмай кетті. Тәңірім ел-жұртыңа, ұрпағыңа амандық берсін, асыл аға!

Ақтөбе қаласы.

Рақымжан Қизатұлы КӨЛБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан Республикасының және

Ресей Федерациясының

құрметті құрылысшысы,

«Құрмет» орденінің иегері
ДАЛАМДАЙ ДАРҚАН НАҒАШЫМ
«Жігіттің үш жұрты бар: өз жұртың – күншіл; қайынжұртың – міншіл; күндемейтін, сынап-мінемейтін, жақсың болса сүйінер, жаман ісіңе күйінер ең ардақты жұртың – нағашың» дейді халық. Базбіреулер жақтырмауы мүмкін, бірақ өмірдің шындығы осындай. Мен қадірлі нағашым Қонақбай Назаровты үнемі жадымда ұстап келемін. Күні бүгінге дейін жеткен биіктерімде, алған абыройымда марқұмның үлесі айрықша. Тірлігінде мені көп ортаға таныстырды, демеушім, тілекшім болды.

Қонекеңнің Қаншайым, Орынша деген екі апасы болды. Мен Қаншайымнан туғанмын. Нағашымды алғаш 1939 жылдың аяқ жағында көргенімде үш жаста едім. Үйде үстелдің астында ойнап отырмын, үстінде әскери киімі бар сымбатты жігіт кіріп келді, анам құшақтай алып, айналып-толғанып жатыр. Осы сәт санамда орнығып қалыпты. «Қойшы, үш жасар баланың есінде не қалады?» деп, сенімсіздік білдіретіндер де бар. Не десе о десін, даусыз ақиқат.

Ол Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқы лекте майданға кетіп, алапат шайқастан аман-есен оралды. Пойызбен Алға стансасына келіп, апасына, яғни менің анама қауышты. Қолы құр емес, отбасындағы әрқайсысымызға базарлықтары бар. Мектептің бірінші класын тәмамдауыма санаулы күн қалды, нағашым әкелген матрос киімін киіп барғанымда барлық баланың қызықтап қарағаны да есімде.

Ойыма сақталғаны – ағам кейін қайда жүрсе де, қандай қызмет атқарса да бауырмал, қарапайым қалпынан ауытқыған жоқ. Соғыстан келген соң облыстық партия комитетінің аппаратында нұсқаушылық қызмет атқарды. Бір күні Алғаға арнайы келіп, мені өзімен бірге алып кетті.

-Үйдегі жеңгеңмен таныстырамын, - дейді.

Қызметіне қарасаң дардай. Тұрағы – бір бөлмелі пәтер, өзінен басқа жеңешем мен оның анасы бар. Ел жақтан Ақтөбеге жолы түскен ағайын-туыс нағашымның үйіне түседі, бірі келіп, бірі кетіп дегендей сапырылыс. Сонда жарықтықтар қабағын шытпайды. «Киноға барарсың» деп, алақаныма бір рубль ұстатып кететінін қалай ұмытарсың?! Ол кезеңде кинотеатрда бір сериялы фильмді көру билетінің құны он тиын, сонда мен сияқты ойын баласына бір рубль – әжептәуір ақша. Бастапқыда Ақтөбеде оқыдым да кейін Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орнына ауыстым. Қонекең келген сайын маған жолығып кетеді, «қалаған киіміңді ал» деп, ақша береді, білегіндегі сағатын шешіп ықыласымен ұсынғаны да бар. Тіпті институтта мүйізі қарағайдай оқытушыларымнан тәртібімді, сабақ үлгерімімді сұрап кетеді екен, бас-көз болуды өтінетін көрінеді.

Оқуды бітіріп, еңбекке араластық. Үйленгенімде Ырғыз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіндегі нағашым қасында Мырқымбай есімді жүргізушісі бар, қызметтік «Победа» көлігімен әдейі келіп, тойымызға бастан-аяқ қатысып кетті.

Мен қалап алған кәсібімнің ыңғайына қарай ұзақ уақыт жырақта жүрдім. Сөйтсе де ретін келтіріп, Ақтөбедегі нағашымның үйіне соғу, аға-жеңгеме сәлем беру дағдымнан жаңылған жоқпын. Кездескенде шұрқырасып, мәз боламыз, хал-жағдайымды бүге-шігесіне дейін сұрап жатады.

Даламдай дарқан, баладай аңғал, данадай терең Қонекеңе бұйырғаны небәрі 65 жыл тірлік болды. Түйген-тоқығаны көп ата-баба «Баланы, жарды табуға болады, ал бауырды табу өте қиын» деп, ұлағатты ұғым қалдырған ғой. Інісінің келместің кемесіне мінгені жарықтық анама да қиын соқты. Көп қабатты тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарының бірінде тұратын балаларының шыңырағына барғанда баспалдақпен емін-еркін көтеріліп-түсе беретін еді, бауырының қазасына қатты қиналды. Көп ұзамай бәрімізді тастап, кете барды.

Ойлаған жанға ауыр тиер құбылыс, тағдырдың қатал заңына лажсыз мойын ұсынасың. Жатқан жерлерің жайлы болсын, ардақты аға-жеңешем, аяулы әкем-анам!



Алматы қаласы.


Ақбала МАХАМБЕТОВА,

еңбек ардагері, зейнеткер
АЛДЫМЫЗДА АЙБАР ЕДІ
Сайрам соғысының қаhарманы, бабамыз Тілеу батырдың баласы Әлдебердіден тарайтын Қалмамбет аталығында келін болып түскеніме 60 жыл болған екен. Адам ғұмырында аз уақыт емес-ау. Жиырма жасымда ақ шымылдықты имене ашып, оң аяғыммен жасқаншақтай аттаған күнім есімде. Міне, сексеннің сеңгірінен астым. Тоғыз баладан немере-шөбере сүйіп, топырағы торқа болғыр, пешенесіне небәрі 54 жыл бұйырған отағасым Бисенбай әулетінің ақылман әжесі атандым. Тәңірдің берген бақытына күніне он тәубе айтамын, «Жаратқан Жаббар Ием, ұрпағымды аман сақтай көр» деймін. Аспанымыз ашық, жұртымыз есен болсын!

1952 жылдың сәуір айында темір жол бойындағы №71 «Кеңдала» разьезінде замандасым Бисенбаймен көптен уағдаласып жүрген ниетім жүзеге асып, шаңырақ көтердік. Өзім көрші Жылан стансасында тұратынбыз.Жаңа қонысымда кемпірі дүниеден ертерек озған атам Махамбет, оның Бисекеңнен үлкен баласы, яғни қайнағам Нұрмағамбет әйелі Күнішпен, ұлдары Жақсылықпен, Қуандықпен, Қуанышпен тұрады екен. Атамның жасы 80-ді алқымдаған, өз шаруасын жақсы біледі, мақтан әңгімеге жаны қас адам. Отағасым аудан орталығы Шалқардың бір мекемесінде сол тұста «полуторка» деп аталатын бортты машинаны жүргізеді, екі-үш күнде бір келіп, қонып кетеді. Жалпы Кеңдала – аты айтып тұрғандай қойны-қонышы кең, адамдары иманжүзді, біріне бірі қол ұшын беруге даяр ауыл, Кеңес Одағының барлық республикаларына жол ашық кезең, оңтүстіктен орталыққа, одан кері қарай жүк және жолаушылар пойыздары ағылады да жатады.Темір жол бойындағы жұмысшы қауым тәуліктің қай сағатында да, жылдың қай мезгілінде де жұмысқа даяр. Шаршау-налу дегенді білмейді, өйтпесе қозғалыста кібіртік пайда болуы мүмкін-ау. Ауылдың қарттары арғы-бергі шежіреден әңгіме қозғап, құлақ құрышын қандырады. Жөребеков Өтемістің әкесі – Аманжол, Ахметов Аймырзаның әкесі – Нұрғали, Иманбай, Орынбасар атты екі бірдей қайнағаларым, және басқа жасы үлкендер бір әулеттен өрбіп, қанатын кең жайған бәйтерекке айналыпты.

Осы арада ата кетейін, оқырманға түсінікті болсын деген оймен атамның, қайнағаларымның, абысындарымның есімдерін сол күйінде қағазға түсіргенім үшін кешірім сұраймын.

Келін болып түскен 1952 жылдың күзінде аулымызға қайнағам Қонақбай мен абысыным Шолпан балалары Гүлжанды, Жалғасты ертіп келіп, біздің үйге маңдай тіреді. Олай болатын реті де бар – атам Махамбеттің әкесі Тілеуімбет пен қонақ болып кеіп жатқан қайнағамның үлкен әкесі, дәлірек айтқанда атасы бірге туған екен. Алдында ғана абысыным Күніш дүниеден өткен еді. Бұл кісілер соған орай көңіл айта келіпті.

Әрине, келін болғандықтан менің міндетім – үлкен кісілердің қас-қабағына қарау, қонақтың бабын табу. Қазіргідей газбен тұтату деген жоқ, самаурын қойып, шәй демдейсің, қазандыққа тезек қалап, ет асасың. Үйге бір кіріп, бір шығып жүргеніңде жан-жағыңа қарауыңа мұрсаң болмайды. Алайда, мына қонақтардың жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері назар аудартпай қоймады. Қарабұтақта тұрады екен, қайнаға аупарткомның екінші хатшысы болып жұмыс істейді.өмірден көргені көп, сөзі дұрыс, ақыл-кеңестері ой саларлық. Әдейі мал сойып, қонақасы бердік, әрине, ауылдағы бас көтерер азаматтарды бірге болуға шақырасың. Кеудемсоқтығы жоқ ағамыз сабырмен сөйлеп, әрқайсысын әңгімеге шақырып отырды. Ауылдың соғыстан кейінгі жылдарғы сипатын білгісі келетіндей. Еріксіз риза боласың! Қасындағы абысынымыз ізетті, қожайынның көңіл-күйін акйтқызбай ұғып отырады.

Сол сапарында олар екі күн аялдап, шағын ауылымызда бірқатар ағайындар үйлеріне бас сұғып шықты. Өмірден өткендеоіне дұға бағыштады, қуанышты жайларға құтты болсынын айтты. Соғыстан кейінгі жүдеу кезең, бір серпіліп қалдық.

Абысыным Күніштің жылдық садақасын берген соң үйдегі қайнағам Жеміс деген әйелге үйленді. Кейін бұл кісінің құрсағынан төрт ұл, бір қыз өрбіді.

Қайнағам шаңырақ көтергесін 1954 жылы атам Бисекең екеумізге батасын беріп, бөлек шығарды. Аудан орталығы Шалқарда екі бөлмелі жеке үйге кіріп алдық.

Қонақбай ағаймен енді бұрынғыдан да етене жақындасып кеттік. Олай болатын себебі – ол кісі қызмет ретімен Ырғызда тұрды, мына жақта астана – Алматыға, екінші бағытта облыс орталығы – Ақтөбеге іссапармен жиі барады. Кейде қасында бірнеше адам сапарлас болады. Темір жолдың бойындағы Шалқардан пойызға отырады, қайтар жолында осында түседі. Сонда баласындай үйімізге ат басын тірейді. Екі-ақ бөлме, Бисекең де, менде жаспыз. Дүниенің тапшы кезі: бірде жетіп, бірде жетпей жатады. Оны елең қылмай қонақтың алдында барымызша жатып жастық, иіліп төсек боламыз. Кешегі майдангер, бүгінгі партиялық қызмет адамы – қайнаға бұл пейілімізді түсінеді, ағынан жарылып, әңгімесін айтады.

-Бисенбай, қарағым, мен жауапты қызметтемін ғой, ауыл-елдің амандығын сен арқылы біліп тұрайын, - дейтін.

Өзі туған өлкеден тым ерте жырақ кеткен. Арада соғыс килігіп, көп нәрседен бейхабар қалыпты. Бірақ, етінің тірлігімен, көзінің ашықтығымен Шалқар жақтан ұшыраса қалған адам болса атам Махамбетті, қайнағам Нұрмағамбетті сұрастырады екен. Ұлы Отан соғысы майданына аттанып бара жатқанында жоғарыда мен атап өткен Аймырза Ахметовтің әкесі Нұрғалиды көреді ғой. Сол кісіге:

-«Кеңдалада» іргеңде тұратын атам мен ағама сәлем айт, мен бұл жолы аман-сау ораламын ба, жоқ па, білмеймін, Алланың қолындағы нәрсе ғой, - депті. Өзімен бірге туған апасы екі баласымен Ақтөбеге таяу бір мекенде – Алға ма, Ақкемер әлде Бестамақ, әйтеуір біреуінде тұратынын айтып: «Сонымен хабарласып тұрсын» деген. Нұрғали қайнағада кінә жоқ, сәлемді атама сол күйінде жеткізген.

Тәңірі тілегін қабыл етіп, 1946 жылы елге оралады. «Туған жерге барайын, ағайын-туманың амандығын білейін» деп, арнайы келгенін айтушы еді жасы үлкендер. Атам өтініш етіпті:

-Қонақжан, ауылда болмайсың ба? Бізге керексің ғой. Жарықтық қайнағамыз:

-Уақыттың тәртібі осындай. Біз сияқты соғыс көрген, білімді азаматтар басшылық органдарға қажет көрінеді. Қолымнан келетін жақсылығымды сол жақта жүріп көрсетуге, жиірек хабарласуға тырысайын, - дейді.

Сол сапарында пойызға мінейін деп тұрып, перронда үстінде жөнді киімі жоқ, жүдеулеу бір баланы көріпті. Қасына барып, өзінің үстіндегі әскери шинелін кигізіп, арқасынан қаққан екен. Жанында тұрған ауыл адамдарына:

-Бәрің жабылып, мына баланы оқуға жіберіңдер, - десе керек.

Бұл – Сәрсен деген атамның жалғыз баласы Ерғали, кішкентайында анасы қайтыс болған.

Өзі де жетімдіктің кермек дәмін ерте сезінген ағайдың жүрегі жұмсақтығын осыдан-ақ көруге болады.

Шалқардағы үйімізге келгенінде кішкене балаларымыздың өзі мәз-мәйрам болып қалатын. Келіні – менің өзім қысылып-қымтырылмай көңілдегені ашық айтушы ем, ол байыппен тыңдайтын. Үйде інім Сапарғазы мен қайным Жақсылық жатып, мектепте оқыды. Жаны жанната болғыр өз бауырым бала күнінен өзгелердің ықпалына көне бермейтін қыршаңқы, бүлдіріп, у-шу шығарып жүретін еді.

-Қайнаға-ау, осы Сапарғазы інім кімге ұқсағанын, тентек, ешкімге бой бермейді, адам болса жарар еді, - деймін қынжылып.

-Келін, олай айтпа, түбінде сол тентегің тым-тәуір азамат болып шығады. Ал, ана менің жуас інім болбыраған күйінде қалар, - деп еді марқұм.

Көрген-түйгені көп ағамыздың болжамы айна-қатесіз келді: бауырым ел басқарар дәрежеге жетті, Ақтөбе қаласында билік тұтқасында отырды. Әттең, жол-көлік апатына ұшырап, тірліктегі көші ерте тоқтады.

Жалпы қайнағамыз – араласқан-сыйласқан адамдарының жадынан шықпайтын ерекше жан. Өмірден өткенінше отбасымызбен қарым-қатынасын үзген жоқ. Бақилық боларынан бір жыл бұрын – 1977 жылы Шалқарға арнайы келіп, ағайын-туысқа сәлем берді. Бір отырыста біздің үйдегі Бисекеңнен Алшын Қаражігіт би деген атаумен тарихта қалған әйгілі баба мөрі кімде екенін сұрады. Отағасым:

-Мөрді қадірлі жеңгейлеріміздің бірі кешегі небір зұлматтан, қуғын-сүргіннен аман алып шықты. Қазір сол үйде. Өзі баласы Тайшан мен келініміздің қолында бақытты тірлік кешуде. Бабаның батасы, қасиетті дүниенің киесі дарығаны ғой, - деді.

Қайнағаның жүзі нұрланып, алдындағы дәмді рахаттана асағаны есімде қалыпты. бұл - жарықтықты соңғы көруіміз екен.

Осы бір ерекше жаратылған жан туралы сөз қозғағанда абысынымды неге айтпайын?! «Ағама жеңгем сай» деген теңеудің растығын біз айқын сезіндік. Абысынымның мінезі жайлы, өсек-аяңмен ісі жоқ, қолы берекелі еді. Отағасым – қатардағы шөпір, көлігімен Ырғызға жиі қатынайтын. Барғанда аудан басқарып тұрған ағасының үйіне түседі ғой. Сонда жеңгесі бәйек болып, тәуір көрпесін астына төсейтін, дәмнің асылын алдына тосатын көрінеді. Бабы келісіп тұрса, көлігінің май-суы реттелсе бұдан артық не керек?! Үйге шат көңілмен оралады.

Асыл жандардың қолында абысынымның анасы бірге тұрды. Бала сияқты, арғы жағында бүкпесі жоқ адам еді. Сол елуінші жылдардың ортасында «Ақырзаман болады» деген суық сөз тарап, халықты үрей билеген-ді.

Қарт кісі Бисекеңе шағынады екен:

-Бисенбайжан-ау, үлкен де, кіші де қайдағы бір ақырзаманды айтады. Қызым Шолпан мен күйеубала Қонекеңнің шақырыспасы көп, балдарды маған тастайды да кете береді. Әлгі зұлматтың қапелімде келіп қалса мен не істеймін?!

Адамым рахаттанып күліп алып:

-Саспа, ондай болып жатса машинама сені, балаларды салып алып, Қорқыт тауының басынашығып кетемін. Ешқандай жау ала алмайды, - деп, жұбататын көрінеді.

Кемпір мәз болып, батасын үйіп-төгіп беріпті:

Қайнағам дүние салып кетсе де Шолпан жеңгеміз кісілігінен жаңылған жоқ. Отағасым баз кешіп, үйелмелі-сүйелмелі тоғыз баламен аңырап қалғанымда Шалқарға арнайы келіп, маңдайымнан сипады, жылы сөзін айтты. Одан кейін де байланысын үзбей отбасымда қуанышымды көбейтті, ренішімді азайтты. Жатқан жерің жарық болсын, абзал шешей!

Өмір – алдамшы. Сөйткен Қонекең мен Шолпан, олардың анасы – үлкен кісі, менің Бисенбайым жалғанның көшіне ілесті. Тіпті қаншама жас адамдар топырақ жамылып жатыр. Күйзелесің, бірақ одан не пайда?! Алла өз дегенін істейді. Енді қалған ұрпақтың бақытын тілейік!



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет