2.Қазақ журналистикасының жай- күйі
1991 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік алған күндері еліміз үшін қайталанбас ерекше сезім, рухани екпін, халықтың үлкен серпілісін туғызды.Сол серпілістің өзі Қазақстанда сәл ертерек басталған секілді. Әуелі Кеңестік одақтың тұсындағы 1986 жылы орталықтың шешімімен келіспеген қазақ жастарының алаңға шығуы – рухани жаңғырудың алғашқы көрінісі іспеттес. Шындығында да Кеңестер одағы бойынша қазақ жастарын алаңға алып шыққан ол күш одақты ыдыратуды алдына мақсат етіп қоймаған болатын. Ол кезде бұрынғы мемлекет күйрейді-ау деген ой ешкімде де жоқ. Дегенмен де, желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтының өзін-өзі тану дәрежесінің кемелденген тұсы екендігін көрсетті. Мұндағы басын ашып айтатын мәселе – алаңға шығу ұлтаралық араздыққа да бағытталмаған болатын. Бірақ, Орталық биліктің қазақ елінің мүддесімен санаспауы ұлт жастарының наразылығын көтерді. Ал, содан кейінгі кезеңдердегі бүкіл одақ бойынша орын алған қоғамдық толқулар осы қазақ жерінен бастау алды десек қателеспейміз.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдардың соңы 90-шы жылдардың басы жер-жерде рухани бостандыққа ұмтылыстың кезеңі болды. 1990 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесі егемендік туралы Декларация қабылдады.
Осы секілді қозғалыстардың барлығы жаңа бір рухани сезімнің көтерілуіне әсер етті. Мұнда бұқаралық ақпарат құралдарының атқарған рөлі де зор деп есептеймін. Бұрын бір ғана партияның, идеологияның нұсқауымен жүрген ақпарат құралдары «бұғаудан босаған» күйін сезінді. Ал, осы саладағы қазақ журналистикасына келетін болсақ, әңгіме мүлдем жан тебірентерліктей. Қазақ журналистикасы рухани бостандыққа қол жеткізді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірден елді жаңа еркін, өскін даму бағытына бастады.
1992 жылдың қазан айында жаңадан құрылып жатқан ТМД елдерінің арасында тұңғыш рет біздің, Қазақстанның бастамашылығымен ЮНЕСКО шеңберінде Тәуелсіз басылымдардың халықаралық конференциясын біздің Үкімет пен ЮНЕСКО бірлесіп өткізді. Оған дүниежүзінің 60-тан астам елінен 200-ге жуық тәуелсіз басылым өкілдері, белгілі халықаралық журналистер келді. Конференцияда бұрынғы тоталитарлық жүйені, партияны ашық сынаумен бірге демократиялық құндылықтарды насихаттау, әділ, еркін жазу мәселелері кеңінен сөз болды.
Қазақ журналистикасы үшін де бұл бір жаңа кезең еді. Бұрын әрбір аудандық газетке дейінгі басылымдар Мәскеудің бақылауында тұрды. Мәскеудің рұқсатынсыз газет-жүрнал шықпайтын. Аудандық газет ашу үшін де сол ауданда қанша халық тұрады, оның ұлттық құрамы, тілі, баспасөздің бағыты, тек Мәскеуде дәлелденіп, оның шешімі шыққаннан кейін ғана жүзеге асатын еді. Кеңес ыдырағаннан соң, жаңа басылымдар, оның ішінде қазақ сөзі жариялылыққа бұрқақтай екпінмен өрістеді. Сөз бостандығы еркін көсілді. Сол алғашқы кезеңнің өзі біздегі қазақ журналистикасының туындап, тұрақтануының жаңа бір серпіндік кезеңі болды.
Әлемдегі барлық дамыған, демократиялық елдерде біз ойлағандай, бәрі жатық емес. Демократиялық принциптерге сүйеніп айтатын мәселелер бар және айтылмайтын жабық тақырыптар бар. Ол тақырыптар неге жабық? Өйткені мемлекеттің дербестігіне, ұлттық идеологияға зиянын тигізетін демократия, сол елдің жауларынан басқа ешкімге керек емес.
Идеологияның өзі қауымдасып жасалатын жұмыс. Ұлттық идеологиямызды халықтың санасына сыналайтын негізгі құрал – қазақ тілді басылымдар мен теле-радио. Солар арқылы қоғамымыздың озық ойлы азаматтары пікірлерін халыққа жеткізеді, идеяларын ортаға салады. Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары орыс тілділерден деңгейі төмендеу болып, осалдау шығып жатыр деген ойлар да бар. Шет ел ақпарат құралдарының өзгешеліктеріне, кәсіби деңгейіне назар аударатын болсақ, салыстырмалы түрде алып қарағанда, қазақ журналистикасының олардың қасында деңгейі қандай деген сұрақ туындайды.
Республикадағы орыс тілді басылымдарды, телерадионы қарап отырсаңыз, ондағы ақпараттар, проблемалар қазақ тілді ақпарат құралдарына қарағанда, өткірлеу берілетін сияқты болып көрінеді. Оған қарап «қазақ журналистикасының деңгейі төмен екен» деп ойлауға болмайды. Осы уақытқа дейін «қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарында басшыларға сын, мін айтылмайды» деп келді. Бірақ қазіргі қазақ тілді басылымдардағы сын мақалалар орыс тілді басылымдардан басымырақ түсіп жатыр. Өйткені қазақ тілінде берілетін сын материалдардың айырмашылығы бар. Ол қандай? Бізде, Шығыста «мақтамен бауыздау» деген ұғым бар. Оны басқа тілге аударып жеткізе алмайсың. Бұл – тікелей төбеден қойып қалатын орыс тіліндегі ақпарат құралдарындағы сын емес, одан әлдеқайда тиімді тәсіл. Қазақ журналистикасында да «тіліп, тұз құйып» тұрып сынайтын сәттер болады. Бұл енді – қазақтың табиғатына жат, соңғы шара. Ал енді журналистиканың ең бір биік, өрелі де тиімді жолы – емеурінмен айту, тұспалдап жеткізу. «Өнер алды – қызыл тіл» деп аталарымыз сөз өнерін алға қойған. Сөзді айқайламай-ақ айтып, жетесіне жеткізуге болады және бұл өтімдірек. Баяғыдағы билеріміз, шешен даналарымыз сөздерін емеурінмен-ақ өткізіп, үлкен мәселелерді шешіп отырған. Одан бертінде Ілиястың, Бейімбеттің «мақтамен бауыздаған» қаншама фельетондары жарық көрді. Журналистикадағы осындай тәсілдерді ысырып қойып, бірден бас салып «сен – итсің!» деп тікелей шабуылға көшсек, одан әрі шарамыз таусылады. Соңғы сөзімізді айтып салып қарап отырғанымыз дәрменсіздік, бейшаралық болар еді. Қазақ журналистикасының шоқтығын биіктететін тағы бір артықшылығы бар. Ол – қазақ журналистикасындағы шығармашылық. Орыс тілінде бұл – аз. Тек орыс тілінде ғана емес, жалпы шет ел журналистикасына тән нәрсе – олар жазғанда тілдің көркемдік сипатын аз пайдаланады. Мысалға, ағылшын тілін алайық. Бұл тілді қаншама ұлт қолданғандықтан, ол өзінің әдемі ажарынан ажыраған, көркемдігінен айырылған. Сөйтіп, ағылшын тілі тек қана «бар-кел, отыр-тұр» деген сияқты тура мағынаны беретін табиғи сипатында ғана қалды. «Қор болған қайран Шекспирдің тілі-ай» деп ағылшындардың күйзелетіні содан. Өйткені бұл тіл неғұрлым тарала түскен сайын, соғұрлым солғын тартып, ажарын жоғалтуда. Ал қазақ журналистикасында қандай жанр болсын, көркемдеп беру тәсілі міндетті түрде көрініп тұрады және астарлап айтылатын тұстары болады. Бұл біздің журналистиканың әдемі ерекшелігі. Көркемдік жағына келгенде, қазақ журналистикасы орыс басылымдарынан әлдеқайда басым. Бірақ қазақ журналистері кейбір кездерде көркемдікті қуалаймын деп, нақты айтылатын проблемалардан ауытқып кетіп жатады. Бұл енді – жекелеген тілшілерге тағылатын мін. Қалай болғанда да «қазақ журналистикасы орыс тілді ақпарат құралдарынан кемшін түсіп жатыр» деген сөзге келіспеуге болатын сияқты. Дәл қазіргі қазақ журналистикасы барлық жағынан да сапалы, сауатты.
Тағы да ауыз толтырып айта кететін жайт- журналистикада сөз бостандығы, демократия жайлы мәселелер қай уақытта болмасын негізгі бақыланатын жұмыстың өзегі.
«Сөз бостандығы шексіз емес. Ол – табындыратын да, талқандайтын да қуатты күш», – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде осылай деп еді. Ендеше, біз осы «қуатты күшті» қазақ журналистикасы дұрыс пайдаланып жатыр ма деген сұрақ туындайды. Жалпы сөз бостандығы туралы сөз қозғалған жерде сөз бостандығы бар деген сөз. «Сөз бостандығы жетпей жатыр», деп пікір айтудың өзі бостандықты көрсетеді.
Кезінде Наполеон: «Журналистер – күңкілдек, сыншы әрі кеңесші. Олар басшыларды да өз ықпалында ұстайды және халыққа да бағыт-бағдар көрсетеді. Мың жау әскерінен гөрі, жат пиғылды төрт газеттен көбірек қорқу керек», – деген екен. – Француз халқына қарап отырсаңыз бұл халықтың өзі революцияшыл ел. Наполеонның айтқаны да ұмытылмай келген қанатты сөз. Ал қазақ айтады «Сөз бас жарады, бас жармаса тас жарады». Яғани қазақ БАҚ-құралдарында да демократияның ұшқыны бар десек те болады.
Достарыңызбен бөлісу: |