5 сыныпта қазақ тілінің 2 үлкен саласы оқытылады. Олардың бірі - тілдің негізгі ұйтқысы, ең мәнді бірлігі болып саналатын сөздің мағынасын зерттейтін лексика да, екіншісі- сол сөздің материалы, дыбыстың жамылғысы, тіл дыбыстарын қарастыратын фонетика. Одан кейін сөзжасам мәселелері бойынша практикалық бағыттағы мәліметтер ұсынылады.
Сондықтан осы негізгі екі сала бойынша ұсынылатын білім көлеміне қарай оқушы игеруге тиісті білім көлемі екі деңгейде белгіленеді:
1. Оқушылардың осы сала бойынша міндетті деңгейдегі білім дәрежесінің ең төменгі әрі қажетті мөлшері нақтыланады.
2. Оқушылардың осы игерген білімінен жоғары тұрған мүмкіндік деңгейдегі білім-білік дәрежелері қамтылады. Ескертетін жайт, мүмкіндік деңгейдің жоғары шегін анықтау қазірше мүмкін емес, ол оқушының қабілет-қарымы мен мұғалімнің сол қабілетті қалай дамытуына және шығармашылық еңбегіне байланысты.
Лексика бойынша міндетті деңгей көлемі мынадай болып бөлінеді:
- лексика тіл білімі саласының бірі екендігін тану, оның зерттейтін объектісін білу;
- лексикалық терминдерді дұрыс ажыратып, қолдана білу;
- сөздердің лексикалық мағынасын айыра білу;
- сөздерді мағыналық топтарына қарай жіктей алу;
- омонимдер мен көп мағыналы сөздерді бір-бірінен ажырата алу, оларды сөйлеу тілінде дұрыс қолдану;
-синонимдік қатардан контекске сай сөздерді іріктей алу;
-антонимдерді ойды әсерлі, көркем етіп жеткізудің құралы ретінде пайдалана алу;
- тұрақты тіркестер мен мәтелдерді ажырату;
- қазақ тілінің сөз байлығын, сөздік құрам тармақтарын дұрыс түсіну, оларға тән сөздерді жіктей алу;
- диалогты сөздерді тани білу, олардың тіл мәдениетімен қарым-қатынасын түсіне алу;
- архаизм мен тарихи сөздерді бір-бірінен ажырата білу;
-термин сөздердің ғылым салаларымен байланысын білу және оларды орынды қолдана алу;
- кәсіби сөздердің терминнен өзгешелігін білу;
- неологизм сөздердің мағынасын түсініп, сөйлеу тілінде дұрыс айту және сауатты жаза білу;
- неологизм сөздердің тілдің дамуымен байланысты пайда болатындығын түсіну;
- жалпылама қолданылатын сөздердің өзіндік ерекшеліктері мен мәнін білу.
Фонетика бойынша міндетті деңгейде игерілуі тиіс білім-біліктер мынадай:
- фонетиканың тіл дыбыстарын зерттейтін сала екенін білу;
- фонетикалық терминдерді дұрыс ажырата алу және орынды қолдана білу;
- дыбыс пен әріптің бірлігі мен айырмашылық арақатынасын білу;
- сөз құрамындағы дыбыстардың дауысты, дауыссыз түрлерін ажырату;
- сингармониз (ілгерінді, кейінді ықпалдар) туралы білімдерін сөйлеу тілінде дұрыс қолдану;
- қазақ әліпбиінің құрамын, ретін білу;
- сөздерді орфографиялық және орфоэпиялық нормаларға сай айта және жаза білу;
- тіл дыбыстарының сөз мағынасы мен қарым-қатынасын білу;
- буын түрлерін ажырата алу;
-екпіннің қазақ тіліндегі ерекшелігін тану;
-лексикографиялық сөздіктердің түрлерін білу және олармен жұмыс істей алу.
Лексика бойынша берілетін білімнің мүмкіндік деңгейлері мынадай:
- лексикалық терминдерді дұрыс қолдану, лексиканың тіл білімі салаларымен байланысын, орнын ажырата алу
- ауыспалы мағыналы сөздерді дұрыс қолданып, олардың өзара қарым-қатынасын тани білу;
-синоним, антоним, омоним сөздердің ерекшеліктерін, өзара байланыстылығын түсіну, сөздерді мағыналық сипаттарына қарай ажыратып, топтай білу;
-синоним сөздердің эмоциялық-экспрессивтік мәнін ажыратып, олардың қолданыстағы орнына қарай синонимдес, антонимдес сыңыраларын да ажырата білу;
- сөздік құрам тармақтарының өсу, толығу жолдарын саралап, тілдің қоғамдық-әлеуметтік сипатын тани білу;
- диалект сөздердің тіл мәдениетіне қатысын тани отырып, әдеби тілдің толысуындағы диалект сөздердің рөлін білу, диалектілердің пайда болу жолдарын түсіне алу;
- көнерген сөздер мен этнолингвистиканың арақатынасын саралай білу, көнерген сөздердің қазіргі кездегі қолдану ерекшелігін дұрыс түсіну;
- термин сөздер арқылы ұғымдарды дәл атап, ғылыми стиль талаптарына сай қолдана алу және терминдер мен кәсіби сөздердің ерекшеліктерін білу;
- сөздік құрам тармақтарының баю, толығу жолдарын саралап, тілдің қоғамдық-әлеуметтік сипатын тани білу;
- неологизм сөздерді дұрыс қолдану және олардың тілдегі орнын түсіну, неологизмдердің жасалу жолдарын білу.
Достарыңызбен бөлісу: |