«...Ертеден шапса кешке
озған, Ылдидан шапса төске
озған, Томаға көзді қасқа
азбан»...
Сырттанбай мен Азынаның ұйғарымы бойынша Жортық бастатқан Алтай Қарпықтың он шақты кісісі Омбының Ақмола жақ етегін жайлайтын ішкі Бәсентиін Қазанғап ауылына барды. Келіп түскен қо-
нақтардың түсіне қарап, алыс жердің суыт жүрген жолаушысы екенін байқады Қазанғап. Қонақасын жеп болғаннан кейін мән- жайды түсіндірді Жортық. Иісі Қуандық болып бірігіп кеткеніне көзі әбден жеткен Қазанғап екі сөзге келмеді. Көптің қорқытатынын, тереңнің батыратынын анық біледі ол. Торғасқаны іздете бастады. Торғасқа жерде де, көкте де жоқ. Төрт күн іздеп, бесінші күні – «түйеші шалдың астындағы жауыр торы шолақты байқаңдаршы, сол емес пе екен?» – деді Қазанғап, дәл үстінен түсті. Түйешіге жетіп келгенде, Жортықтың көзіне Торғасқа оттай басылды. Аттан түсіп, ер - тоқымын алып жатып: «Бәсентиіннің бар малын берсеңдер де, Торғасқаны бермеңдер, мен әнеукүні екі маралды бір күнде соғып алдым, – деп зарлады түйеші шал. Амалсыз Торғасқаны түсіп берді. Арқасы ошақтай жауыр, арық Торғасқаны Жортық жетектей жөнелді. Он үш күн өтіп, он төртінші күні Бозкөлге жауыр Торғасқаны алып келді. Қорысбайдың балалары Торғасқаны көріп, тынықтыру үшін енді үш күнге мұрсатана берді. Шілдесінде шық көрмеген жалғыз атты Жортықтың Торғасқасы бап іздемейді. Күл төкпе, тесік өкпенің өзі. Жиырма шақты күн қыруар мал, асқа жиналған тоғыз дуан елдің мың сан адамдары мошап жатқан Бозкөлдің басы тап-тақыр, шаңы аспанға шығады, көлдің суы қоймалжың май боп кетеді.
Тап ат шабар күні таңертең ел тұрмай Сапақ келіп, Көбен сыншыны оятып алды. Бірге далаға ертіп шығып, бәйгеге қосатын бес жүз атты түгел аралатты. Біреуіне де тоқтамады Көбен сыншы. Осы аттардың ішінде бір қыздың қалың малын беріп алған өзінің Ақмоншағы да, Омбы Керейінің арғымағы да, Көкшетау Қарауылының Көкбикеші де, Керекудің Көгаласы да, Тобықтының Дөңасары да бар еді. Енді бәйгеге қосылатын ат жоқ дегендей түс көрсетеді Сапақ, батып ешнәрсе айта алмайды. Бұл Көбен сыншы – қалмақ Толыбай сыншы-
ның баласы. Сегіз жасында жаугершілікте олжаға түсіп, Түркістан қазағының қолында тұрған Көбен сыншы. Содан Түркістанның құл сататын қан базарында Телғозының ұлы әкесі Жәңгелді би екі түйе беріп сатып әкелген Көбен сыншы. Сол қалмақ Көбеннің мына он сегіз мың жылқының иесі Сапақты басынып тұруы қалай?! Ең болмаса көңілін аулап, «Ақмоншақ ат бәйгеден келеді» – деп неге айтпайды бұл құл қалмақ!? Көбен сыншы Сапақ ауылына, Қошан отауына беттеді. Орта жолда, бір тақырда арқандаулы тұрған Жортықтың Торғасқасын көрді. Көбен сыншы Торғасқаны үш айналды.
Маңдайы жарылып тұр ғой жануардың, бүгінгі бірінші бәйге Торғасқанікі! – деп кесіп айтты Көбен. Жақтырмады Сапақ. Жүріп бара жатып артына тағы қарады сыншы. Қошанның отауына таянып келгенде, өз ордасына қарай озыңқырап кетті Сапақ. Сонда отаудың сыртында үстін жабулап арқандап қойған Кербестіге көзі түсті, тұра қалды Көбен.
Ол ат бәйгеге қосылмайтын Елгелді Таубайдың астына мініп келген шолағы, – деп зілдене айтты Сапақ.
Қоссын, қоспасын, екінші бәйге бүгін шапса осы жануардікі, – деп кесіп тастады Көбен.
Таң намазына тұрып жүрген Таубай осы сөзді естіп қалады. Көбеннің сөзі қамшы болып, он жасар Шоңды Кербестінің үстіне мінгізіп, «азар болса жануардың бір тері ғой», – деп Қорысбай асына, ұлы дүбірге қосып қоя береді.Таңертең қымыз ішіп, ет жеп болғаннан кейін ат шабар жарияланады. Қарақшыны бір жігітке ұстатып, Сапақ қара жорға атпен Жомарт төбеге қарай тайпалта жөнеледі. Енді бес жүз ат Бестауды, Барақбайды басып Қудың алдындағы ақшиден айдалу керек сияқты. Мұғдары алпыс шақырым жер. Жомарт төбе Бозкөлдің шығыс жағында қой өрісі жерде тұрады. Жомарт төбеге шыққанда кісінің арты Бозкөлде еді. Сапақ қара жорға атпен қарақшы ұстаған жігітті ертіп Жомарт төбеге шыққанда кісінің арты Бозкөлде еді.
Бозкөл мен Жомарт төбенің арасы қап-қара құрымдай, тоғыз дуан елдің кісісі тоғыз бөлек топ болып Жомарт төбеге жинала бастайды. Әрбір топтан бәйгеге қосылатын аттар бөлініп шығады. Бәйге аттар Жомарт төбенің күншығыс жағына жиналады. Жал-құйрықтары сүзілген, құйрығының дәл түбі мен кекіліне үкі қадаған, жүзіктің көзінен өткендей әдемі бәйг е аттар бес жүз екен. Үстіне тоғыз, он жасар балалар мінген бәйге аттар аяғын ұшынан басып билеп жүр. Осы бес жүз атты Қудың түбіндегі Ақшиден айдайтын болып отыз екі жарамды атпен отыз екі кісі жөнелді. Бұлардың қолдарына ұстаған ұзын-ұзын айбалта, найзасы бар. Бес жүз атты айдап жөнелейін деп тұрғанда, Құлымбет Лау мырза айғай салып, көптің атынан мынадай бұйрық берді;
Аттар Қудың алдындағы Ақшиден айдалсын, отыз екі жігіт шашау шығармай айдап апарып сол Ақшиден жіберсін. Аттың бәйгесі мына айдаушы жігіттер келгеннен кейін берілсін. Аттар тартылмасын, – деді. Көпшілік бір ауыздан:
Осы дұрыс, солай болсын, – десіп дүрлігісіп қалды.
* * *
Сөйтіп, Жортықтың Торғасқасы мен Ақмоншақ ат келіп қалың топқа кіргенде, соның артын ала Кербестімен кеспелтек ақсары бала Шоң да жеткен еді. Лау мырзаның сөзін Шоң анық естиді. Аттарды күн шықпай айдап жөнеледі.
Аттар кетісімен балуан күресі басталады. Әрдуанның балуандары шығып күресіп, бәйгені тоғыз-тоғыздан алып жатады. Шаңқай түсте балтырын түріп тастап, түйе жүні қызыл шекпеннің бір жеңін киіп, екінші жеңін белбеудің ішіне буып, еңгезердей қара жігіт одыраңдап шыға келеді. Бұл балуан күндікке булығып шыдай алмай отырған, томағасын
274
жаңа ғана алып жіберген бүркіт тәрізді. Бұл кәдімгі ұлы жүз руынан шыққан атақты Сейтен балуан екен. Бұл Әулиеата дуанынан шығады. Енді бұған қарсы шығар балуан табылмайды. Жетісудың бұл балуаны тоғыз дуан елге мәлім. Бас бәйге осыған аталған. Бас бәйге тоғыз теңбіл ат. Сонда «мен өз келінім Жаманмен күресем», – дейді Сейтен. Жаман Қарқабат батырдың жалғыз қызы. Қарқабат – Сатыбалды Жәметтің баласы, осы Телғозының әкесі Зейнетпен туысқан ол. Жаманды ел батыр қыз деседі екен. Ақмола балуандарын беттетпейтін Жаман тап мына қайнағасына қарсы шығуға именеді. Иісі үш отау б олып мойнын салып тұрып алады. Көпшілікке көнбей отырған Жаманның ту сыртынан келіп Көбен сыншы:
Тұр, балам, бетіңнен жарылғасын, жүрегіңді тоқтат, талайың жоғары тұр, жығып қайт, балам, көптің меселін қайтарма! – дейді.
Қайын жұртыңмен сөйлесіп келдік, аталарың батасын беріп отыр, шықсын дейді, тайсалма, үш отаудың аруағына тапсырдым, жолың болсын, жаным, – деп батасын берген Лау мырза. Көптің оқпаны делебесін қоздырып көтеріп әкетеді. Жаман орнынан ұшып тұрады. Әсіресе дем берген Көбен сыншының сөзі. Үстіндегі киімін шешіп, балуандарша белсеніп жатпастан тұрып жөнеледі. Қайнағасының қасына барғанда, азырақ қырындап айнала береді, беті шыдамайды. Ожар қайнаға, балуан қайнаға келінінің сырын түсінбейді, тура ұмтылады. Ұстатпайды. Қайнағасын Жаман үш айналады. Ер кезегі үшке дейін, түсінер, күреспес деп ойлайды. Айнала топ бірін-бірі басып кете жаздайды. Өлі аруақтардың аттары да ат алып жатады. Жан-жақ ың-жың болып, даурығып кетеді. Тап осы кезде ұлы дүбірді талай көрген, ежелден топқа түсіп жүлде алып жүрген түйе балуан Сейтеннің делебесі қозады. Аруақтардың аты естілгенде, Жаманды оң иықтан шап беріп ұстай алады. Көз ілеспейді, жалғыз-ақ Жаманның оң қолын
артына қарай серіпкенін жұрттың көзі шалады. Шарт ете қалады, Сейтен шалқасынан түседі.
Жаман Сатыбалды тобына қарай жүре бергенде, шаршы топтың күншығыс жағынан қара жорға атқа мінген бір қара жігіт келіп, Жаманды қамшымен тартып-тартып жібереді. Бұл Жаманның күйеуі, Сейтеннің інісі Көтен екен. Өлі аруақ орнынан аунап түскендей болады. Екі жақ қоян-қолтық алыса түседі... Сейтеннің ортан жілігі үзіліп кетеді. Неше алуан мәтелдер айтылып, жазым болса көжеге де тіс сынатыны ескеріледі. Оташылар шақырылады, жұрт дүрлігісіп оңалады, бітуанаға келеді...
Бәйге аттардың дүбірі естіледі, елдің беті солай төңкеріледі. Көз ұшында жалғыз келе жатқан баран көрінеді. Әркімнің өз аты көз алдына елестейді. Аруаққа сыйынған көптің дауы сы Сарыарқаны дүрліктіріп басына көтереді. Осы бір сын сағатта әлгі баранға мінген баланың басындағы орамалын алу үшін төтесінен даяшы жігіт тұра ұмтылады. «Бегайдарлаған» баланың даусы мүкіс естіледі, ол Торғасқаның басын тежеп тартады, денесі қызған жеке тұлпарға даяшы әзер жетіп, орамалды алып қалады. Енді бір мезетте бүктетіліп атып, құйысқанын сарт -сұрт ұрып, Елгелді Таубайдың Кербестісі жетеді. Үстіндегі бала Шоң
«Дәулетбикелеп» келеді. Ұлы ананың аруағын аспанға шығарады. Басқа дуандар күңкілдей бастайды. «Бұл аттар орта жолдан қосылған, ұрлап қосқан аттар!» – деседі. Үшінші болып Көкшетау дуанының Көкбикеші келеді. Төртінші болып Омбының арғымағы келеді. Бесінші болып Найман Құнанқараның баласының қарагер аты келеді. Осы аста он шақты ат далада ұшып өледі. Аттың артын үш күнде әрең тауып алысады. Бір қыздың қалың малын беріп алған Сапақтың Ақмоншағы ақсап қалады. Екінші күні Бестаудан алып қайтады. Бәйге үлестіруді де Сырттанбай мен Лау мырза, Сапақ үшеуі билеп-төстейді. Бірінші бәйгені Жортықтың Төрғасқасына арнап Қареке Таңшолақ би,
Сармантай Азынабай мен Аралбай Тұрабектің алдына әкеп тартады. Сорлы Жортықтың атынан қанатты Торғасқаның аты көп аталады. Торғасқаның бәйгесін иісі Алтай болып бөлісіп алып жатады. Тоқсан торы ала ат, тоқсан ақбоз ат, тоқсан қара ала аттан Жортыққа бір тай да тимейді. «Қаз жегеніне емес, орғанына мәз» деген өсиетті айтып, Таңшолақ би Жортықты ырза қылады. Ырза болмаған күнде де Жортықтың өресі жете алмас еді, үндемейді. Тап осы жолғы бәйгеден бір тайды алмаймын деген ойында да жоқ екен, тұтанып қап-қара боп кетеді. Екінші бәйгені Лау мырза атай бастағанда:
Екінші бәйге ошақ басында, үш отауда қалсын, арғы жағын үлестіре беріңіз, мына жат елдерді аттандыралық, – дейді Сырттанбай. Сапақ та: «Солай істей беріңіз», – деп қостайды. Лау мырза үндемейді. Басқа бәйгелерді үлестіре береді. Бәйгесін алған ел қауқылдасып, дүрілдеп тарай бастайды. Елгелді жігіттері ендіркелеп көтерілейін деп еді, Таубай қозғалмады, артын бақты. Өйткені астың бас кезінде жасаған тентектігіне көнген үш отау енді құйрықты сыртқа салып көнбей қойса, көпке топырақ шаша алмайды. Кешегі күн бүгін жоқ, ас бітті, халық тарап жатыр. Осы жағдайды толық түсінген Таубай ішінен тынды. Халық әбден тарап біткенше тұрған жерінен тебіренбеді Таубай. Бұл отыз үй Елгелдіні керек қылған тірі жан жоқ. Бәйгені үлестіріп болып, қайтуға бет бұрғанда, Лау мырза Таубайды көрді. Атының басын бұрып таянып келді де:
Неге тұрсың, Таубайым. Үш отаудың баласысыңдар, бас сынса бөрік ішінде емес пе? Жүр, қайталық, – деді Лау.
Дұрыс айтасыз, мырза, әшейін аттың аталмағаны болмаса, ел деп елемегені болмаса, қайтер дейсіз?! – деп сүйей салды Таубай ақсақал.
«Міне, қалқам, ішім бір босады ғой».
Мұқа-ау, сіздің әңгімеңіз Қорысбай асын, сонда
бәйгеден келген аттарды қызықтау емес неше түрлі зорлық- зомбылықтардың басын қылтиттыңыз ғой. Торғасқа тұлпар мен Кербесті бәйгеден келгенде, олардың иелері Жортық пен Таубайдың нейбет қалуы сұмдық екен! – деп күдіктендім.
Осы бір сәтте менің бетіме үңіле қарады да аз кідіріп қалды.
Шырағым, күдіктенуің орынды, Қорысбай, Сапақ заманы көз жеткісіз бұлдыр дүние ғой, – деп бастады Мұхаммедия. – Алысты доғарып, мен тап кешегі өмірді баяндайын, – деді ол. – Тап кеше 1928 жылға дейін болғанды айтайын, шет жағасын сен де білесің ғой. Біздің ауылда бай Тілепберген болды. Бір өзінің үш әйелі бар. Азғана тай бітті деп айналасын қуаштады. Кедей туысы Аймағамбеттің елеп үйіне барғанын сілет етуші еді. Сорлы Аймағамбет қарызданып-қауғаланып қой сояды, соның басын мүжіп отырып ілік шығарады. Тілепберген теке көз, ботқа бет, былшық сары тоқалы танауын шиіреді, төңірегіндегі елді тап бір соның шаңырақ түйесіне мініп келген құлақ кесті құлындай көретінін қайтерсің! Қабағын шыта қарағанда, жер - жебіріне жетеді. Біз осыны да көрдік.
Кеңес өкіметінің жолы – әділ жол, теңдік жолы. Олар түсіне алмай, тоғышарлық жасады. Шырағым, солардың көбі көрге түсті, тек сол кесепаттар өздерінде болмаса екен. Осында ме н келгелі айдан асты, сенің қонақта болмаған күнің жоқ. Қатты айтты деп маған ренжіме, ертең-ақ кетем, жерің кеңиді,– дегенде Мұхаммедияның бетіне тікенек бітті. Өзіме өзім тілеп алған соң, шыдамау қиын екен. Өзекті аға өз міндетін атқарып ақыл айтып отыр.
Шырағым, «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын». Бүгін тыңдаушысың, ертең-ақ айтушы боласың. Соңыңнан ерген жастар сенен де өнеге алады. Байқа, қалқам. Ақырын жүріп, анық бас, еңбек істеуден жалықпа! Еңбек иелері: Абай, Сәкен,
Мұхтар, Бейімбет, Ілиястар өмір бойы өлмейді, – деп ойын аяқтады да Мұхаммедия әрі қарай жұмған аузын ашпады.
Бұл әңгімені 1936 жылы естіп едім, кеш жеткізгеніме кешірім сұраймын.
ЕСЕН ТОЛҒАУЛАР Ы
«...Күн көзіндей жарық бар Ботакөздің көзінде, Телегей-теңіз тарих бар Ботакөздің сөзінде...»
Сәбит.
Бірінші әңгіме
Амансың ба, Бота? Адасып қалғанымызға көп жылдар өтсе де көзің өзгермеген екен...
Шырамытып тұрмын, жаза басам ба деген қаупым да бар. Жолың үлкен ғой, жөніңді өзің айтшы, – деп жымия күлді Бота.
– Мен алғаш кездескенде сен де жас едің-ау, оған биыл ккәміл қырық жыл...
Аржағын айтпай-ақ қой, өзім де мұрныңды көргенде, дәу де болса сол Есен шығарсың деп едім...
Кел ендеше, Бота, қорықпасаң құшақтасып аман- дасайық, – деп, Есен екі қолым созыңқырап ілгері аттай бергенде:
Есен-ай, баяғы мінезің әлі қалған жоқ екен ғой, құшағыңды кеңірек ашсайшы! – деп күле сөйлеп, Бота қымсынбай айқаса кетті...
Есен мен Бота 1920 жылдан бастап Орынборда оқып еді. Жетісудан келген Есен үш жылдан кейін Ақмола кетті де, Бота Торғайда жүрді. Көп жылдарды араға салып, міне бүгін бұлар Алматыдағы Аманкелді Имановтың ескерткіші жанында ұшырасты.
279
Амандасып, мауқын басып болды да, ежелгі екі дос жұрттан шетірек барып бір орындыққа жайғасты.
Ботаның сол қолын екі алақанына салып аялап отырды да:
Мен кеш үйлендім, төрт балам бар, әлі қызмет істеймін, өлең оқимын, – деді Есен.
Сенің кәрі жыныңның басылмағанын мен амандасқанда-ақ білдім, «мұрныңнан таныдым» деуім қалжыңға сүйеуім еді. Салған жерден көзің өзгермеген екен деп, елуден асқанда сенен өзге жан айтпайды. «Қорықпасаң, құшақтасайық» деу де саған ұқсап тұр, – деп, сылқ-сылқ күлді Бота. – Бір-екі жасы кіші болсам да, елуге мен де жеттім. Өзіңнен озып та отырмын. Менің сегіз балам бар. «Ұлым ұяға, қызым қияға қонды». Жолдасым Отан соғысында хабарсыз кетті, сол біраз қажытты, балаларға әке керек екен, солардың аңсауы жүдетті... – деп біраз мұңайды да, артынан есін жинағандай болып Есенге жалт қарады, жадырап сала берді: «Қазір мен – сенермін», – деп мырс етіп күліп жіберді. «Пенсионер» деген сөзді әдейі бұра сөйлеп еді.
Рас, Бота, өткен өмірдің көлеңке жағын сөйлесек мұңаятын да көп нәрсе бар шығар, бірақ, тап бүгін екеуіміз жоғалып табылғандай арсалаңдап, қуанып отырғанда күнгей жағын көбірек еске алғанымыз жөн емес пе?
«Тыныс керек кейде жанға, Кейде жанға ән керек.
Күй шертуге анда-санда, Сырласарлық жан керек...»
Өмірі де, өзі де әдемі, кестелі кесек сөзі де әдемі Сәкен ағаның осы өлеңін ұмыта аламыз ба? – дегенде, Есеннің сөзін аяқтатпай Бота бөліп жіберді:
Айтпақшы, Есен, сен тұра тұр, мен ұмытып қалам, осы Аманкелдінің ескерткішіне әрбір жексенбі сайын бір келем. Шынымды айтсам, сонда ең әуелі өз жолдасымды ойлап келем. Ол кісі Аманкелдіні көрдім деуші еді. Көз көрген қиын екен, біреуін ой-
ласаң бәрі есіңе түседі. Сонда шаршы топқа кіріп, ұлы майданның додасына түскенде белі қайыспаған қажырлы Әліби, көркем сөздің бәсекелі бәйгесіне шапқанда суырылып озған Мырқымбай өмірінің айнасын бұлжытпай беріп кеткен Бейімбет, көсем сөздің иесі, келелі дауда ешкімге жол бермейтін айыр көмей – ділмәр Мырасбек, міне менің ойыма солар түседі, – деп даусын көтере, қызыңқырай сөйледі Бота. Осы минутта сұрғылт көздері ұшқын шашып, жылт-жылт етті. Өңі кіріп, баяғы жас шағына қайта оралғандай еді.
Ренжімесең дауласқым келіп отыр, Бота, – деп бастады да Есен азырақ аңыра қалды. – Сен ылғи Қостанай, торғайлықтарыңды айтып өттің, осы елуден асқанша басқа адамдарды білмедің бе, әлде? – деп түйіле сұрау қойды, Сырты жайуат айтылса да, астарының ащы екенін түсінген Бота осы бір кезеңді жерде кідіре алмады.
Білесің бе, Есен, сен ең алғаш мені Сейтқали үйінде көрдің. Ол кісі Кирциктің председателі еді. Мен сені «Деевский переулокта» тұратын Совнаркомның председателі Сәкен үйінде көрдім. Жақсыда жаттық жоқ, Сейтқали мені қызындай көруші еді де, Сәкен сені інісіндей көруші еді ғой. Тап сенің жетісулық екеніңді мен бүгін біліп отырмын... – деп, бір сәт мүдіре қалды да, сөзін тағы жалғастырды. – Мен Сәкен ағаны әлі ұмытқам жоқ, – деп бастады. – Қиылған қою қара мұрт, маңдайдан тура түскен мінсіз қыр мұрын, күлімсірегендей қадала қарайтын жапарлы өткір көз, қазбауыр бұлттай әппақ, уылжыған жұмсақ жұмыр мойын, жүйткіген ұшқыр ой мен нәзік сезімнің паналайтын алқабы тәрізді тынысы кең кеуде, бұғақты бұлбұлдың сом біткен мінсіз мүсіні әлі көз алдымда. Бұл әрине, менің сырттай көргенім ғой. Оның ішкі сырын жақсы білетін Сәбит, Ғабиттей жолдастары болмаса, жақын жүрген өзіңдей інілері білмесе, мен қайдан білейін. Алайда Сейтқали-
дың кейбір үзік-үзік сөздері есімде қалыпты. Ол кісі: «Осы Сәкен кейде, мейірі түссе, жылы ұшырайтын жайдары жігіт, кейде ызаланып түйіле қалатын долы бүркіт тәрізді... Бірақ өтірікпен өштесіп туған жан, алдауды, қылтың-сылтыңды білмейтін, шындықтың шымыр белгісі... Қызмет бабында кейде келіспейді, үзе тартатыны да бар. Әйтеуір ойында арамдық жоқ, үкімет басшысы, Совнарком председателі деген орын, бұрынғы ақын Сәкенді әлі өзгерте алатын емес...» – деп отырушы еді. Қоңыр үнмен сүйсіне сөйлеп, биязы айтып отыратын осы сөздері қамшы болып, бері келе мен де Сәкенге арнап талай өлең жаздым ғой. Оларымды ешкімге көрсеткен де емеспін, міне енді оңаша саған ғана айтып отырмын. Қарашы өзің, оларда ауылдық, рулық салт бар ма еді? Солардың үлгісін көрген біз де тар шеңберден шығып кеттік қой, – деп түйді Бота.
Бота-ау, ғапу ет, қытықтай отырып шыныңды айтқыздым ғой. Мен өлеңді жақсы көрсем, сен ақын екенсің. Сәкен, Сейіт қали Меңдешевтердің ауыл шеңберінен ұзап кеткенін де дәл тауып айттың. Әйтпесе:
«Қызыл желдей гулеткен Сөзді сенің қаламың.
Ұлы ұранға күй шерткен
«Домбырасы» даланың. Шап, жүйрігім «Тұлпарым», Шапсаң қуант халқыңды!
Шырқа, «Қызыл сұңқарым», Салшы көкте саңқылды!..
деп Жетісудың жүйрігі Жансүгіров Сәкенді өзі иеленбес еді ғ ой! Сонсоң кейінгі жастың бірі Қасым Аманжолов та:
«...Сен ақын: «Қызыл сұңқар» қанат қаққан, Сен ақын: «Қызыл тұлпар» өрге шапқан.
Сен ақын: «Экспресс» екпініндей, Дүбірі дүниені солқылдатқан.
282
Сен ақын: «Сыр сандықты» аша білген, Сен ақын: «Сым пернені» баса білген. Сырыңды күйге қосып, мың кұлпыртып, Өмірге жыр ұрығын шаша білген...» –
деп, туған ағасын жырлап отыр емес пе? Ендеше, бұлар бүгін республикамыздың бетке ұстары. Я, Ботакөзім, менің баяғы жас кезімде үйренген атыммен атауыма рұқсат етерсің, өйткені
«қорқатыныңнан» –жар қосағыңнан ерте құтылыпсың ғой, – деп әзілдей күлді Есен.
Құтылғаным рас, қорқу басыңнан кетпесін, қар- ғысым қабыл болсын, «аллау әкбар!» – деп, Бота бастырмалата айтқанда осы үннен кәрден шынының таза дыбысы естілгендей еді. Екеуі де әзілдесіп тағы біраз жадырасып отырды.
Сенің есіңде ме, Ботакөз, Сәкеннің қоңыр кенеппен тыстаған тапал машинасы болды ғой, – деді Есен.
Я, ондай машина Сейітқалида да болды, осы екеуінен басқада жоқ еді. Ал, Сәкен Орынбор ішінде көбінесе боз арғымақ жеккен солқылдақ күйме мініп жүретін, – деп, жауап қайырды Ботакөз.
Менің ойымша сол Сәкен бақытты екен, Владимир Ильичтей данышпан әкенің өзімен бірге отырып қызмет істесті. Ұлы сапарда дана ұстазынан үлгі алып революциялық идеяға шынықты. Ал, Абай, Ыбырай, Ақан сері тәрізді ақын ағалары әсерін тигізіп, ақындыққа бекінді, – деп ойын Есен түйе сөйлегенде, Ботакөз:
Оның рас, Сәкен бізге айтыпты ғой. Олар қызыл сарайдың негізін ғана қаласа, біз түгел бітіріп болдық та, ішіне кіріп рахаттанып отырмыз. Жер шарының үштен біріне «қызыл сарайды» орнатып бітіріп, Коммунист партиясы Айға да апарып отауын тікті. Ендеше, біз бақыттымыз, оның үстіне соларды көрген егде ағаларымыз әлі тірі, кәріліктің өзі бізден алыс тұрғандай...
Ал, Есен, мезгіл кешке айналды, көптен көріспей кездестік қой. Әңгімең қызықтырып тұр, өзің қорықпасаң менің қымсынар түрім жоғын байқадың
білем. Егер қолың тисе, ендігі әңгімені балаларымыз да естісін, жүр, біздің үйге барайық, онда кең отырып әңгімелесейік, – деді Ботакөз.
Екеуі қолтықтасып «Мир» көшесімен жоғары өрледі.
* * *
Ботакөз бен Есен үйге кіріп келгенде сұр вельветка киген, тар балақ шалбарлы, сида бойлы, шашы үрпиген жас жігіт:
Мама, мен бүгін драмтеатрға екі билет алдым, шай қайнап тұр, сағат сегізде басталады, кешігіп қалмайық, асығыңызшы... – дегенде Ботакөз Есенге бұрылып:
Міне, танысыңыз, Есен, 1943 жылы жарық көрген ең соңғы романым. Құлыншағым, Ербулон-ау, сен үлкен кісіге неге қол беріп амандаспайсың? Бұл Есен, әкеңнің жолдасы, Отан соғысында бірге болған кісі, – деді.
Ербулон қысыла жымиып, Есенге екі қолын бергенде:
Бақытты бол, шырағым, атың қандай әдемі, театрда не қойылмақ екен? – деп балаға таяна сөйледі Есен.
Гамлет...
Қонағын жоғарғы үйге кіргізіп, Ботакөз даяр столға шай жасай бастады.
Әттеген-ай, билет алып қойғаның жарамаған екен, қонақ келіп қалды, мен бара алмаспын...
Мама-ау, Гамлет қой...
Шырағым, мен бүгін төл Гамлетіміздің әңгімесін тыңдамақпын. Шекспирдің Гамлетін талай көргем, өзің бара ғой,
Бала шығып кеткеннен кейін, қонағына бұрылып:
Бұл баламның атын әкесі хат арқылы қойып еді. «Ербулон» деген сөздің әрбір әрпінде мағына бар. Бұл Белоруссия, Украина, Ленинград облысы, Недич (қала) деген сөздердің бастапқы әріптерінен құралады. Фашистерден осы айтылған жерлерді Қызыл Армия
құтқарып алған күні Ербулон дүниеге келіпті. Бала туғаннан кейін бір ай өткен соң, әлгі хатты алдық та, сонда барып атын қойып едік, – деп, езуін тартты Ботакөз.
Мен Еркебұлан екен десем...
Сәкеннің Еркебұланын айтасың ғой, жүрегімізде сол тұрғаны да рас, екінші жағынан мына тарихи себеп күшті әсерін тигізді. Әркім қалағанын алар, Ербулоным тірі болса, бәріне де төтеп береді, – деп, шын мейірбан аналық сезімін білдірді Ботакөз.
«...Аяныш емес ердің қара басы, Аяныш емес және жар-жолдасы. Дүниеде ең аяныш естен кетпес
Тамшылап сорлы ананың аққан жасы...»
дегенде Сәкен сені айтқан екен-ау! Саған бүгін Отан үшін құрбандыққа барған еріңді ұмыттырып отырған осы Ербулоның емес пе? Соның табанына қадалған шөгір өз маңдайыңа қадалса да, ренжімес едің ғой, ә?! – дегенде:
Бұл рас, бірақ Сәкен тек мені ғана ойлаған жоқ, дүниедегі барлық ананың тағдырын жырлаған ақын. Осы өлеңін ол 1919 жылы Колчактың абақтысында жүріп жазыпты... Білген, білген ол!.. – деді Ботакөз.
Сағынысқан екі дос, егде тартқанда ұшырасып ақтарыла әңгімелесті. Біріне бірі сандықтың түбінде сақтаулы жатқан жібектің қиқымындай құлпырып көрінді. Жастық шақтың әуенді күйі ұлғайған тамырларды қайта тербеткендей болды. Көптен бері тотығып тоқыраған көңіл осы сәтте көтеріле бір серпілді де, желпіне жаңғырықты.
Мінезі де сом еді-ау Сәкеннің! Әлі есімде, енді мен саған жадымда қалған екі әңгімені айтайыншы, – деп бастады Есен, сен де ұмытпаған шығарсың. Сәкен 1922 жылдың басынан 1924 жылдың аяғына дейін Совнаркомның председателі болды ғой. Талай қызықтар бар, бәріне бірдей уақыт та жетпес, кешігіп те қалармын. Ұлық болғанда тасып төгілмеген, түсіп
қалғанда қамығып қабағын шытпаған жан Сәкен еді -ау! Өзінен төменге қайқаңдамайтын, орны жоғарыға байпаңдамайтын нағыз адам сол! Адал дос болса одан айырылысу, не оған жәбір жасап ренжіту дегенді білмеді. Қызметтен түсіп кішірейіңкіреп қалған күнде де ол жолдасына бұрынғыдан бетер жақындап, именбей ақтарыла сырласатын жан еді...
1923 жылы Қызылжар келді. «Совнарком келе жатыр, Совнарком Сәкен Сейфуллин келе жатыр» дегенді естігенде Қызылжар теңселді. Алдынан шықпаған жан қалмады. Поезд онда мезгілінде келе бермейді. Иін тірескен халық вокзалды екі күн күзетті. Әрбір кеңсенің өз тізімі бар, арнаулы адамдары болады, олар алда жүреді. Губерниялық милиция бастығы Шәріпжан Тотаев тәртіпті күзетеді. Осы қарбаласта сол Тотаевтың аяғы сынып та қала жаздады. Ол Сәкенді жақсы көрді ме, жоқ Совнарком деген атына сыйды ма, ол арасы маған белгісіз, әйтеуір мертігуі рас.
Оқып жүрген жас кезім, мені кім елейді, екі күндей вокзалдың маңайына да бара алмадым...
Екі-үш күннен кейін Сәкенді мен Әлімбек Еркіновтың үйінде көрдім. Бұл Әлімбек жер бөлімінде істейтін ұсақ қызметкер. Алдынан шыққан елеулі тізімнің ішінде де жоқ. Алдынан шығуды ол ойлаған да кісі емес. Мен сол үйде жатып оқимын...
Үстінде қара барқыт «толcтовкасы1» бар, шашын иір қобыздап қайырған, қою қара мұртты – өзіміз Орынборда көрген баяғы Сәкен. Енді шынымды айтайыншы, елдің екі күндей дүрлігуіне қарағанда Сәкен өзгеріп кеткен шығар десем керек.
Қасына отырғызып, арқамнан сипады да, қалай оқып жүргенімді Әлімбектен сұрастыра бастады. Мені осында
1 Белбеулі сырт көйлек.
Біраздан кейін Әлімбек екеуі Ақмолада жас кездерінде болған бір қызық уақиғаларды шертісіп, күлісіп отырды.
Аздан соң ақсаңдай басып Шәріпжан кірді. Жесір кемпір Парашаның үйі – Әлімбектің пәтері. Аядай төргі үйінде кішірек стол, оң жағында бұрышқа ілінген «Айсаның» суреті. Ауыз үйде Параша екеуіміз жатамыз, төргі үйдегі кроватта Әлімбек әйелімен жатады.
Міне, Сәкен осы төргі бөлмеде отыр.
Әй, Әлімбек, мынауың не? – деді Шәріпжан «Айсаның» суретіне үңіле қарап.
Бұл ма, бұл Айса пайғамбардың суреті, біздің Парашаның сыйынатын құдайы ғой, – деді Әлімбек жымия күліп. Шәріпжанның түсі суып сала берді, шын күйініп отырған кісіше кіжіне сөйледі.
Мұсылман құдайын құрта алмай жүргенде, сен енді
«крестиян» құдайына табынып, бас жағыңа іліп қойғаның қалай? Оқыған адамсың... – деді Шәріпжан алқымдай сөйлеп, біресе Айсаға, біресе Әлімбекке қарап қойды. Үстінде сары ала милиция киімі, белінде «алты атары» бар, қожаң -қожаң етеді. Сәкенге төрелете қарап қояды. Дүниеде толып жатқан діндер бар, соларға қарсы болудан бұрын жете білу керек екенін Әлімбек те айтып көріп еді, оған Шәріпжан ұйымады. Сәкен тыңдай берді.
Дау кішкене толастаған кезде:
Коммунист болу, жалғыз ғана құдайды жоқ деуде емес қой, оны жоқ деу үшін білу керек. Владимир Ильич Москвада тұр, сондағы ескі шеркеулер әлі бар. Солардың бәрін өртеп жіберу бір күннің ісі, көп ақыл да керек емес. Ал, күллі Россия ше? Оның ғасырлап бойына сіңген сана-сезімі бір күнде жойыла ма? Көшеде, әне жүгіріп жүрген баланың қолында кәмпиті бар, сен милицияның начальнигісің, барып сұрашы саған ол бала кәмпитін бермейді. Ал енді, сен оның қолына шоколад ұсыншы, ана кәмпитін өзі лақтырып жібереді де шоколадты
алады. Міне, дін мәселесі осындай. Әлімбектің осы суретті сүйреп тастауға әлі келеді, кемпір түгіл бұл Әлімбек сенен де күшті! Бірақ, осы Қызылжардағы басқа үйлерде тұрған суреттерге не істер еді? Олар құрымайды ғой. Сонда Әлімбектің бітіретіні халықтың наразылығын күшейту болады. Бұл Коммунист партиясының саясатына қарсы «ақымақ достықтан» туған қастық болып шығады, – деді Сәкен. Шәріпжан құлаққа ұрған танадай болды. Сөздің ішкі мәнісінен көрі, кімнің аузынан шыққанын ол жақсы аңғара білуші еді. Жылдам түсінді. Сәкеннің баяу айтқан осы бір сөзі жүрегімде қалды.
Екінші көруім, 1925 жылы Қызылжар бақшасының жанындағы Ярулиннің үйінде. Сәкен Совнаркомнан түсіп, Бурабайда демалып, Қызылордаға қайтып бара жатыр екен. Милиция начальнигі Тотаевтің үйінде отыр едім. Күн жексенбі, сағат он екі кезі. Шытыралы шылиясы бар, есік пен төрдей қарагер ат жеккен сол- қылдақ күймемен келіп түсті де, Тотаев маған қарап:
Шырағым Есен, сен барып Сәкенді қонаққа шақыршы! Ұзақпай, Жағыпар, Нұрғалилер кәзір осында келеді, солармен бірге болсын! – деді. Ағаның сөзін екі етпей, жүріп кеттім...
Делбешіні есік алдына тастап, мен үйге сәлем бере кірдім. Оң аяғын сол тізесіне айқара салып, шалқия отырған Сәкен ілге рі ұмтыла көтеріліп, менің ұсынған қолымды алды да, қасындағы орындықты нұсқады.
Сен орысша оқығалы бірталай болды, әлі күнге Европа мәдениетіне үйренбепсің. Біздің ескі ғұрып бойынша үлкенге кіші қолын береді, ал мына Европа елінде кішіге үлкен қолын ұсынады. Мысалы, мен қазір сенің қолыңды алмай қойсам қайтер едің?... Ал, елдегі шалдарға біз өзіміз сәлем береміз, олай істеуіміз жөн, сол ортадан шықтық, үзе тартуға болмайды. Бір күнде барлық мәдениет, салт-сана жаңғырып қалыптаса да қоймайды, – деп, Сәкен кідіре қалды. Бойы талдырмаш, аққұба әдемі қыз Сәкеннің
қарсы алдында отыр екен, енді ол сол қызға қарай бұрылып орысша сөйлеп кетті, заты, мені таныстырып жатыр-ау деймін.
Тыста кім бар? – деді Сәкен өзін қонаққа шақыра келгенімді білген кезде.
Шай құйып отырған қызға делбешіні үйге кіргіз дегендей ишарат істеді. Делбеші келіп менің қасыма жайғаса бергенде, әлгі қызға виноның аузын ашқызып, делбеші алдына қойдырды. Үйіне келген кісіге Сәкеннің арақ құйып бергенін, не өзінің ішкенін көрген емеспін.
Осыдан кейін Сәкеннің бізде жұмысы болған жоқ. Әлгі ақ сұр қызбен бір ұзынсүре әңгімеге кірді де кетті. Жас шақтағы естіген сөз, көрген кескін ұмытылмаса керек. Сол сұлудың үлбіреген жалаңаш мойынында алтын алқасы бар, киген көйлегі
«декольте». Төңкеріле қарап құйқылжып та отырған жоқ, тойған қозыдай маңғаз, бұғақты сұлу айналасына елеусіз көз тастайды. Ол өзі бөгде бір қалың ойға шомғандай томсаруда. Алайда, көлденең кезігіп отырған маған сол ару:
Мүшесі ақ бөкеннің жүйрігіндей, Тұңғиық сыры судың иіріміндей. Аппақ ет, алқызыл бет, тісі меруерт, Саусағы жас қоғаның сүйрігіндей.
Жұқа ерін сүттің тәтті қаймағындай, Ауызы зерігердің оймағындай, Алқымы аппақ аққу мамығындай, Құлпырған көркі жаздың сағымындай...
көрінді. Артық-кемі жоқ маған осылай әсер етті.
Бұйымтайымызды айтып болғаннан кейін, біз енді Сәкеннің қашан баратынын күте бердік. Жауабын алмай кете алмадық, ескертуге бата алмадық.
Сағат тура бесті соққанда қыз да, Сәкен де орнынан тұрды. Далаға шыққанда маған қарады, сол кезде мен Сәкенге қарадым. Ойымызды бет-бейнемізден түсінген Сәкен:
10—2462 289
Ал, қайта беріңдер, бақшаға кетті деп айта барыңдар! – деді де, ағаш тротуарды қара ала таяғымен тықылдата түртіп сұлудың соңынан жүріп берді...
Арада екі-үш күн өткен соң мен Сәкенді Әлімбек үйінде тағы көрдім.
Шақырмай-ақ өзі жалғыз келді. Сонда әңгімелесіп отырып Әлімбек:
Сәкен-ау, мұның қалай, әдейі шақырғанда Шәріпжан үйіне бармауың дұрыс емес қой; ол аңғал жігіт арамдық қолынан келмейтін бір жақсы адам емес пе? Маған оның ақымақтығы да ұнайды, өйткені өтірік айтпайды, – дегенде:
Оның рас, ақ көңілдігі маған да ұнайды, бірақ үлкенге табынғыш, өте жарамсақ жан. Былтыр мен келгенде алдымнан шығам деп аяғын қиратқан Шәріпжан, биыл мені шақыртып мына қаршадай баланы жіберіпті. Ендеше, ол былтыр Совнаркомды сыйлаған, ал биыл мен Совнарком емеспін. бірақ Сәкен екенім өзгерген жоқ. Ендеше, ол ит неге өзгере қалды? Менің ойымша, ол ұлық болсаң шыр айналып алды-артыңды орап жүргізбейтін соқыр тауық.
Шырқ айналар шіркін тауық Жемің болса қолыңда Қайдағысы сені тауып, Топырлайды жолыңда.
Досыңмын деп ант береді, Жем іздеген жанама,
Жем таусылса жалт береді, Сенерлік дос санама...
Я, Әлімбек, сол жем іздеген тауықтың нағыз өзі Шәріпжан! – деді Сәкен. Осы минутта қынжыла қалған Сәкеннің сұрғылт кескіні әлі қарсы алдымда тұрғандай...
Есен сөзін бітіргенде...
Өлеңді тек оқып қана қоймайсың өзің де ақынсың ғой деймін. Қыздың бейнесін жеткізіп-ақ айттың-ау! Сен Галинаны суреттеп отырсың, ол ақылды да, кескінді де адам еді. Сыртынан талай жігіттер өліп-
290
тірілгенде Сәкен оған жолдас деп қарады. Соңынан Галина Мәскеуге оқуға кетті, – деді Бота. – Шіркін-ай, Сәкеннің мінезі де сом еді-ау! Совнаркомнан түскенде де ренжімегенін білуші едім, оның кесек мінезіне дұшпандары да сүйсінетін. Ал, мына Шәріпжанның доғал қылығы ақынның нәзік сезіміне қатты қаяу салған екен. Сәкеннің тағы бір оқша у жері, ол кейіпкерді алыстан іздемеген ғой...
Я, осы сөзің рас, әлгі айтылған өлең «Сыр сандық- тың» кейіпкері осы Шәріпжан, – деп бекітті Есен, – Сәкен атын атамай-ақ жеткізген екен. Осы күні сіздер бірдеңе жазатын болсаңыздар творчестволық командировка аласыздар, ал Сәкеннің бар өмірі творчестволық командировка ғой. Сіздер қойшының басына обязательно тымақ кигізесіздер. Шын өмірде қойшылар қазір шляпа киіп жүр. Әңгіме киімде ме? Мысалы, Сәкеннің Айшасына Толстойдың Наташасының киімін кигізіңізші, бәрібір ол Наташа болмайды. Шолоховтың Аксиньясын қалай киіндірсең де ол не Наташаға, не Айшаға ұқсамас еді ғой. Міне, жаңалық сөз! Ал, жазушының біреуі өзіңсің, сіздер қалай жазасыздар? – деп тік сұрақ қойды Есен.
Біз әліміз келгенше жаңалыққа ұмтыламыз. Жастар еліктейтін жағымды кейіпкер іздейміз. Үлгі ет іп тартуымыз, тәрбиелеуіміз керек, – деп жауап қайырды Ботакөз.
Я, сіздер іздейсіздер, ойларыңызда арамдық жоқ, бұған сенем, бірақ сіздер көбінесе мезгіл шындығын әдемілеп айнаға түсірудің орнына, құрғақ қиялдарыңызды шынайы өмірге айналдырғыларыңыз келеді, сондықтан сағымдай әдемі бұлдыр келешекте, ұлы ұрым-бұтаққа нақыл үйретесіздер. Міне, гәп осында. Ал, Сәкендердің жазғаны уақыт шындығы, көрген- білген өмір кұбылысы, тарихи кезең. Сол Сәкен суреттеген ұлы дәуір өмір бойы өлмейді, ендеше соны айнаға түсірген еңбек те еш болмас, – деп қыза сөйледі Есен.
Кей жерін дұрыс басқаныңмен сен кейде ұшқары ойлайсың, жазушының өз тәсілі бар. Сәкеннің «Советстанын» енді біз жаза алмаспыз да, өйткені оны дәуір туғызады ғой, – деп Ботакөз іркіле қалғанда:
Ежелгі екі дос осы әңгімеде отырып мезгілдің қалай өткенін де білмей қалды. Шай ішіп, ет жеп болғаннан кейін жүрер алдында:
Әй, Есен, міне біздің үй осы, енді әйеліңді алып әдейі қонаққа кел! Ақаусыз тәтті айырылысқан достар, теткусіз қайта қосылатыны рас екен. Сәкеннің жақсы мінездерін, шын ақындық жүрегін сен ақтардың ғой, ал мен бір күлдіргі мінезін айтайыншы, – деп, жымия күлді де Ботакөз сөзін соза тартты:
1920 жылы, өзінің жек көретін адамы Төлеубай Нұралин Мәскеуге кетіп бара жатқан Сәкенге шалбар әкеп бер деп тапсырады. Сонда:
«Шалбарное место закрыто» – деп Мәскеуден Сәкен телеграмма соқса керек. Осы бір сырт қарағанда ұсақ көрінетін қылығы да маған қатты ұнайды, өйткені ол мінезді тек Сәкен ғана көрсете алады. Жек көруін әйгілеп айтудың үлкен үлгісі осы, – деп ойын түйді Ботакөз. – Сонау 1925 жылы үйінде кереуеті болмай Ташкенге хат жазғанын да білем. Дүние жиюды құнттамаған жанның, ежелгі революционерлер рухында тәрбие алып өскен, табанды коммунистің тиянақты бейнесін Сәкендерден іздеу керек тәрізді...
Рас, Ботакөз, ол шын революционер, дүние жинау оның ойына кірмеген нәрсе. Жаңа дәуірді орнатқанда қажеті көп болды да Сәкендер неден, қалай бастауды алдына қоя білді, соны орындауға кірісті. Бұрын үкіметі болмаған өгей елге ұлт теңдігі тигенде соны басқаратын кісілер керек болды. Ол үшін жастарды оқыту, жеткізу бірінші міндет. Совнарком председателі Сәкеннің үйі оқу іздеген жастардың жатақханасына айналуы да осыдан. Сәкеннің жетектеуімен оқуға түсіп ер жетіп үкімет иесі, ақыл иесі болып отырған талай адамдардың көзі әлі тірі, «1922 жылы Орынбор қаласында бірінші рет кездескен Сәкеннің Рабфакқа
түсуге білімім жетпеген мені күштегендей алдырып, оқып кетуіме жол ашып бергені рас; 1922-1924 жылдары «Еңбекші қазақта» редактор болып тұрғанда, көптеген өлеңдерімді жариялап, әдебиет майданына алғаш жол ашып бергені рас; сол кезде мені де талап жегісі келген ұлтшылдардан қорғаштап, әдебиеттік ойым өскенше пана болғаны рас...»
деп Сәбит ағай да тегін айтпайды; сол замандағы оқу іздеген жастарға жәрдемін тигізуі айрықша еді ғой. Сәкен шын мағынасында революцияшыл адам. Ол, әсіресе, кедей табынан шыққан кем-кетіктерді қорғаушы еді. Әрбір губерниядан оқу іздеп келгендердің көпшілігін Сәкен үйінен табушы едік. Таңертең тамаққа тойып алып, Сәкеннің бір жапырақ қағазын қалтасына салып қара домалақ балалар әрбір мектепке тарап жататын. Мен соның жуан ортасында болдым, – деді Есен.
Сәкеннің өтірік сөз айтпауына достары түгіл дұшпандары да күдіктенбейтін. Сәкен әркімнің мінезіне қарай мінез істейтін. Паңсынғандарға өте паң көрінетін, кішіпейіл жандарға «бетегеден биік, жусаннан аласа» жан еді. Карта ойнау, арақ ішу, шылым тарту Сәкенде жоқ мінез. Байларды иттің етінен жек көретін ол.
1921 жылы Ақмолада Сәкенді Көшербай үйі қонаққа шақырды. Сол қонаққа Сәкеннің атқосшысы болып бардым. Кедей, өзі шешен Көшербайды Сәкен жақсы көруші еді.
Көшербай үйі толған кісі, қымыз сапырып отырған қара шұбар қарт Көшербай емес, сол пәтерге түскен Нілді болысының бір байшікеші екен. Қонақтар Сәкен кіргенде орындарынан тұрып, жабыла амандасып төрге отырғызды.
Қымыз сапырып отырған бай Сағындық Сатылғанов сөз бастады.
Сәкенжан, мына бір Байсалықов, Беков деген аты шулы. кезеп ұрылар күн көрсетуді қойды. Қит етсе қоқаңдап «қырам да жоям» дегенді шығарды. Ел арасына іріткі салып жүр, әбден
ығыр болдық. Бұл жәйтті маған нанбасаңыз әкеңіз Сейфулладан сұраңыз... Мұңымызды, Сәкенжан, саған шақпағанда кімге шағамыз, – деп, мұңая сөйлеп, көзіне жас ірікті.
Қолына ұстаған қызыл кәрден кесені үстелге қайта қойды да, Сәкен орнынан тұрды. Бет-аузы суып кеткен екен. Сатылғановқа көзін сығырайта тікті де:
Көзі ашық азаматты балшықтан жасай алмай жүргенде, сіздердей жатып ішерлер үшін, сіздердің қымыздарыңыз бен еттеріңізге сатылып, Нұрмақ Байсалықов пен Орынбек Бековтарды ұстап беру түгіл ренжіте де алмаспыз... – деп, Сәкен жүріп берді. Оқыған азаматтардың бәрі Сәкеннің соңынан ере жөнелді. Қонақтар осылай тарады. Соңында келе жатқандардың бірі: «Біз Сәкеннен мұны күтпеп едік...» – деп те күңкілдеді, соны айтқан кісінің кім екені жадымда жоқ. Сәкен артына қарамастан ілгері тарта берді. Міне, Ботакөз, Сәкен ағаның осы бір қылығы да есімнен кетпейді, – деді Есен. – Рас, Ботакөз, Сәкеннің істеген ісі түгел мүлтіксіз еді де- меймін, заманында, жас шағында мүлт басу адамның бәріне де тән ғой. Бірақ негізінен алғанда, өзінің революциялық бетінен таймай өткен жан – Сәкен. Бұған кәміл сенем.
Ал енді тағы талай кездесерміз, Сәкен ағаның әңгімесі біздің өмірімізге жетеді.
Мен, сірә, шын шаттанбай билеуші ме ем? Жыр шертіп шын күйленбей күйлеуші ме ем? Көргенде жан қайысар қиындықты Қабақты қара бұлттай түймеуші ме ем?
деген ақын Сәкеннің өлеңін айтты да, Есен Ботакөзбен қоштасып, түнгі сағат онда үйіне қайтты.
Екінші әңгіме
Алматының күзді күнгі әдемі кешін суреттеуге тіл жетпес. Ол сырлы да сиқырлы ғой. Қапырық ыстық та емес, үскірік аязы да жоқ, ақырын ескен самал желі бар, жанға жайлы кеш. Ішінде тұрған адам айқын сезіне алмаса керек. Қолда бардың қадыры аз.
Осындай бір сүйкімді сұлу кеште Есен бақшада отыр еді. Серуенде жүрген жас жігіт бұрылып келіп сәлем берді. Есен оны тұтқиылда танымай қалды.
Мен Ербулон ғой, – деді ол.
Ә-ә, шырағым, мамаңның дені сау ма? Баяғыда Ботакөз атанған сабаз еді, қартайып қалған екен. Кеше көп әңгімелестік, соны көтере алмай бүгін үйде отыр- ау! – деп баланы өзіне үйрілдіре жылы сөйледі Есен.
– Мен кеше сахнада Гамлетті көріп кешірек қайттым, келсем сіз кетіп қалған екенсіз. Мамам сіз туралы да, Сәкен аға туралы да көп әңгіме айтты. Менің мамам қызық адам. Оның болжауынша Гамлет әйенкес жан, үнемі толғана беретін, ешнәрсеге батылы жетпейтін жас сияқты, ал шешесі Гертруда сезімнің құлы – көрсе қызар жеңілтек болып көрінеді. Сәкенге келгенде ауызын ашып, көзін жұмады. Батыл да, батыр да, уәдеге берік, қара қылды қақ жарған әділ де сол Сәкен аға екен, жолдасын жауға бермейтін, от басынан бүлік шығармайтын адал жан да сол. Мүмкін, замандасы сіздерге солай шығар, революцияның – өскелең жаңа дәуірдің өзі тудырған, талай тар кезеңді кешіріп шыңдалып шыққан ардагер аға болар. Жастар көрген жоқ қой, түсіндіріңізші, аға, біз кім деп танимыз Сәкенді? – деп қиялай сұрау қойды Ербулон.
Шешесі үйретті ме, жоқ, баланың өз көзі жетті ме, түсіне алмай дағдарып қалды Есен. Сұрағы орынды, бірақ өте сом. Қай жағынан кертіп бастауды ұғына алмай кідіріп еді.
Азырақ үнсіз отырды да:
Мен Сәкен ағаны жас күнімде көрдім. Қасында катар отырып сырласқан емеспін. Сыртынан қызыға қарап, «өзімнің ағам» деп мақтану сезімі ғана билегендей. Бұл – 1916 жыл еді...
Жан сөзі құлазып сағынғанда, не қорқып ышқынғанда шығатын тәрізді, қалқам. Әрине, айта берсең таусылмайды. Сондықтан мәңгі жас Сәкен аға, өзінің қыршын күнінде кейінгі үрім-бұтаққа, сендерге қалай сенді, не айтып кетті, соны жеткізгім келіп отыр.
Ойлаған ойын күлтелемей төтесінен тура түсіретін, адамды адастырмайтын Сәкеннің сөзі құлағыма әлі анық естіліп тұрғандай. Шын тыңдасаң жансыз бейне де бірталай сыр шертетін тәрізді. Қарашы өзің, мынау Сәкен ғой, – деп қалтасынан бір суретті суырып алды Есен. Осы бір шағын суретке үңіле қарай отырып сөзін білтеледі ол:
«Сендерге, қарындастар, Сендерге, інілер, Сендерге арналды бұл әндер! Дүниенің құлдық шынжырын Қиратып, әділдік, теңдік іздеген, Тұрмыстың таршылық зынданын Бұзып, еркіндік, кеңдік іздеген.
Көкіректері жанып бақыт іздеген, жастар, Сендерге арналды бұл әндер...»
деп тап өзіңдей жас буынға әдейі арнап айтып еді:
Өз ортасынан суырылып шыққан ардагер ағаны, қорлық көрген халықтың туын ұстап, әділдік жолын іздеп, соны сапарға белін буып, ашынып аттанған жігерлі ағаны ұмытқан жас інілік борышын аяққа баспас па еді?
«Керуен көшер, керуен қонар – Үйреншікті әңгіме,
Бізден қалар талай белгі Кейінгіге мәңгіге...»
дегенде Сәкен аға өзінің істеген еңбегіне де, оны бағалай білетін кейінгі ұрпаққа да қатты сенген-ді. Ол туғанда атын Садуақас қойыпты. Елжіреп, емірене сүйген тұңғыш ұлын мейірбан анасы
Жамал «Сәкенім» дейді екен. Содан атығып кетіп ел-жұрты да Сәкен дейтін болыпты.
1917 жылы Октябрь революциясының ұлы ұраны әлемге естілді. Сәкен Ақмолада еді. Ленин туын жоғары көтерді, Совдеп ашты, қызметке белсене кірісті.
«Күнге жайып құшақты, Шақырып бері шаттандық, Қуантуға ел-жұртты, Асығып тез аттандық».
Жау жағадан, бөрі етектен алды, адам айтқысыз аласапыран күн туды. Ұйықтап жатқан қазақ даласында ежелден орын тепкен ескілік, тегеурінді жаңалыққа оңай көнбеді, кірпідей жиырылды. Шешінген соң судан тайынбады ол. Өзін-өзі ұмытты, «Манап-Шәміл» деген бүркеншік атпен майданға шықты, анасы сүйіп қойған сүйкімді аты Сәкеннен де қол үзетін шақ туды. Дауылдатқан долы күрес басталды:
«Залымдық пен Әділдіктің Алысқанын айтайық! Жер жүзінде Бай мен кедей Шабысқанын айтайық! Кедей сүйер.
Байлар күйер
Ауыздан от шашайық...»
деген ұран тастады. Әңгіме насырға шапты, енді «Манап-Шәміл» де қарғаша бола алмады, тіміскер жау біліп қойды. Абақтыға Сәкеннің өзі түсті, – «Манап-Шәміл» айдалада босқа қалды:
«Отырмын күзет–қамауда, Дұшпаннан тәнім жеңілді. Жеңе алмас бірақ еш пенде Асау еркін көңілді.
Бұл 1918 жыл еді.
Басынан талай қара күндер кешті. Тәні тұзақта жатқанда, өзіне өзі күш беріп:
«Қажыма, ер көңілім, бәрі де өтер, Сан азап бір күнгідей болмай кетер. Қара түн басып тұрса алды-артыңды, Жарқырап ататын таң әлі-ақ жетер».
деп болашақ бақытты өмірге үлкен үміт артты. Бұл сөздерді атаман Анненковтың «азап вагонында» отырып айтты.
Артынан 1919 жылы қылышынан кан тамған Кол- чактың абақтысынан қашқанда көзі соқыр, аузы қисық «Дүйсенбі» болды. Бұл «Дүйсенбінің» игілігін көрді, елге аман келді.
«Дүйсенбі» әрі қарай іске жарамады, үйренген ауыл-аймағында
«Сәкен» айтыла берді. «Ел құлағы елу», паналау қиын болды. Көрінген бұтаның бәрі жау, кету керек...
Күрең дөненге мініп «Жұмақас» болып Әулиеатаға сапар шекті. Онда Совет өкіметінің орныққанын естіген еді.
Жапан түзде, қашқын Сәкен қажығанда сүйенетін қара табылмады. Үзеңгілес, сырлас достары өлгені өліп, тірісі Колчактың абақтысында, темір торда қалды. Олар: Бәкен Серікпаев, Абдолла Асылбеков, Нұрғайын Бекмұхамметов, Захар Катченко, тағы басқалар еді...
Қорлық көрген халықтың намысын жыртып, соны сапарға белін бекем буды, әділдікті іздеп, асығып аттанды.
Жастарды күреске шақырды, теңдіктің ұранын алдарына тартты.
«Азамат, жүнжіме, жүрме бос, Қол ұстас, бірігіп тізе қос!
Ту ұстап дұспанға барайық, Теңдіктің ұранын салайық. Тізесін батырған залымнан Күн туды – біз теңдік алайық!»
298
Емешесі құрып күткен әдемі келешегі, аңсаған өмірі бүгін көркейді, көксеген тобы көбейді. Артында ержеткен інілері, бойжеткен қарындастары тұр, ұлан-байтақ, телегей-теңіз
«Оянған өлкесі» бар. Көктемде қаулап өсетін жауқазындай жаудыраған көген көздер отыр. Үміті орындалғандай.
Ал енді жас Сәкеннің алдында кім бар еді?
Қарбаласта жүріп кезінде байқай алмай, бүгін енді көз жіберсек ыдыраңқы, аз да болса оның алды жалаңаш емес екен. Ертіс пен Сырдың арасын алақанының аясында ұстап, Сарыарқада – татыраулы ащы, қау көде, қу баялыш өсетін сортаң құмда ыдырай көшіп, киікше босып жүрген көшпелі елдің қуанышы мен қайғысын Шығыстың алабындай кең кеудесіне сыйғызып, томағасын алған қыран бүркітше түйіле қарап Абай, отыр.
Көкше мен Қашқардың, Омбы мен Петербурдың арасына жол салып, бұқараның мұңын жоқтап, арамза чиновниктердің апшысын қуырып, ұлт туысқандығының дәнекері болып, орысша, қазақша бірдей сөйлеп, кәделі ойын қаймықтай айтып Шоқан отыр.
Жалпақ жатқан қазақ даласына ғылымның есігін ашып, қоңырау қағып, елді надандық ұйқысынан оятқан, өз еліне орыстың тілін үйретіп, жалықпай ұстаздық етіп, екі елдің арасындағы дәнекері болып Ыбырай отыр.
Өз заманында талай дойырлардың тепкісіне ұшырап, Ақтоқтыдай жарынан, Көк Жендеттей қыран қаршығасынан, Құлагердей тақымына басқан қанатты тұлпарынан айырылып, осы қауырт келген ауыртпалықтың біріне де мойымай домбырасын шертіп, ән салып Көкшені тебірентіп Ақан сері отыр.
Мінеки, шырағым, Сәкеннің жел жағындағы ықтырмасы – ардагер ағалары, тиянақты төрт босағасы осылар екен ғой.
Қалқам Ербулон, сен білмес деген ой билеп әдейі айтпай отырмын, әйтпесе, есіңде болсыншы, Сәкеннің ең үлкен ағасы, күрескер батыр да, батыл да, екі жүзді нар кескен өткір жан, заманынан ерте туып еңіреп өткен ағасы Махамбет болатын. Әрине, Сәкеннің ағалары бұдан да көп, түгел танымауы да кәдік. Себебі, ол ес білгенде аттың төбеліндей бай мен мырзаның шылауында, шолақ билердің емеурінінде, жоталы жуан болыстың тегеурінінде жүрген қазақ елінің қалың кедейін көрді. Бойындағы алып қуатын сезінбеген, сарапқа түсіп сыналмаған соны балуандар, жарлы-жақыбайлар еді, қара күштің қолындағы қолшоқпары болып жүрді. «Айран көз үй тентек» атанып, отбасында бірімен бірі жағаласа түрегеліп, жер-жебіріне жеткен, титығына тиген жетім өмірдің тақсіретін тартып, нағыз жауын таба алмай, соның өшін өздерінен алатын да солар болды.
Ру таласын қоздыратын телі тентек, бұзақы Төребек еді, бәле жауып, піргеуір жасап, мөр басатын, кектескен кедейін Өскемен, Жайсаңға жер аударатын болыс Кәкен болды, жалшы кедейді, сорлы бұратананы борсықша сорған, «ырысы шайқалмаған ұйытқылы бай» Еркексары тұрды. Міне, Сәкен осы ортадан шықты. Алдындағы ағаларын ерте тануға осылар да кедергі жасаған тәрізді. Алайда, ел қамын – еңбекшінің қамын жеген озат ойлы әлгі ағаларынан үлгі алуы даусыз сияқты, өз заманындағы озбыр болыс, оңаза би, содырлы сотқар байлардан да көп нәрсені ұқты. Өнегені өнегесізден де үйренеді. Зорлық- зомбылықтан жиренді де әділдікке бет бұрды.
— Орыс елінің ұлы мәдениетінен нәр алды Сәкен. Учительская семинарияны орысша бітірді, сондықтан әлгі ортадан сытылып шықты.
Революцияның дауылпаз жаршысы Максим Горькийді оқыды. Маяковский, Серафимович, Гладковтармен танысты. Сөйт іп 1921 жыл туды:
деді.
«Мінеки, енді тілеген Қызыл күнге жеттік біз...»
1925 жылы Советстан сегіз жасқа толғанда:
«Советстан аждаһадай айбары,
Әділдік пен жауыздықтың майданы.
Жауыздықты, Ауыздықтап, Езіп мықтап
Борсылдатып ит келмеске айдады!..»
деп ашып та, ашынып та айтты. Жарқырап жаз шықты, 1926 жылы тыныс күйлерін шертті:
«Сұлу сымда перне әуені, Перне әуені жыр айтар, Қөңіл ашар тербеу әні, Тербеу әні сыр айтар», –
деді.
Жаңа өмірде жалқы туғандай, төңірегі ыдыраңқы жадау кезде, іргелі ағалары ерте өліп, олардың басқан ізі, игілі істері күңгірт, көмескі мезгілде, сендерге көгеннің жетім бұршағындай көрінуі де мүмкін. Енді айталық, ол жалғыз емес еді. Жалғыздың аты, жаяудың шаңы шыға ма?
Сүйеніші, тиянағы – Коммунист партиясы, алдында ұстаған шам-шырағы Ленин идеясы болды. Адасқанға жол сілтейтін темір қазығы бар, сондықтан Сәкен қаймықпай ілгері баса берді.
Суретін көрген сайын Сәкен аға менің ой-сезімімді осылай тербетеді.
Айтқанының бәрі рас, оған тарих куә, Сәкен жастарға өте сенген, өзі жас күнінде көрініп, көсіле тартқан жүйрік.
«Ағасы бардың жағасы бар» деген еліміздің ежелгі мәтелі. Бірақ ағаның да ағасы болады. Әрқайсысы өзінше әдемі, біздің қуанышымыз сол, міне, сондай ағаларымыз кәзірде де бар, бәрін де көрдік, көріп те отырмыз.
12 - 2462
Бізге ол әлі жазылмаған романның ашылмаған беті тәрізді тұңғиық терең сыры бар жан. Сол Сәкендей ағаның сегіз қырлы қылығы, терең сырлы мінезі, арамызды уақыт бөліп тұрса да, бізге әлі ыстық.
Табанды революционер, коммунистік идеяға иманындай ұйыған әділ де алғыр аға еді. Бірақ ол жалғыз біздің ғана ағамыз емес, оған бәріміз де ортақпыз. Мынау алдымызда отырған – сақал, шашын қырау басқан, осы күнгі бетке ұстар ағаларымыздың да ағасы сол Сәкен. Келешектің иесі – кәзір қаулап өсіп келе жатқан, коммунизм дәуірінің іргесін қалап жүрген жеткіншек жастар, сендердің де сүйсінетін ағаларың сол Сәкен.
Біз Сәкен ағаны әлі ұмытқамыз жоқ, өйткені ол ұмытылар аға емес еді ғой. Біз түгіл оны еңбегі сіңген Отаны, сол еңбегінің игілігін көрген үрім-бұтақ ұмытар аға емес.
«Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес,
Ел ізі оған салған суи білмес...» деп Пушкин айтпақшы, Сәкеннің ескерусіз қалмағанын енді сіздер де көріп отырсыздар,
деп сөзін бітірді Есен. Іші бір босап қалғандай әлгі суретті қайыра қалтасына салды да:
Шырағым Ербулон, бүгін шаршаған шығарсың, кәрі адам көп сөйлейді, өйткені оның көрген-білгені мол ғой, енді осы тойғаныңмен үйіңе қайт, Ботакөзге сәлем айт! – деді ол.
Құлағым сізде, мен жалыққам жоқ, айта беріңіз, аға! Рас, ол біздің Сәкен екен.
– Қарағым-ай, тауып айттың-ау, Сәкен сенікі.
«Көкіректе қайнаған кек оңдыра ма? Көңілді бір орынға қондыра ма?
Түнерген қара қабақ жадырасын Ән салып, күй күйлейін домбыраға».
деп еді ол 1919 жылы.
302
Совет отанының ардақты ақыны Сәкен, батыр Сәкен, революционер Сәкен, ақын Сәкен, нашардың қамын жеп ауылынан ерте аттанған Сәкен, Ленин жолын – әділдік жолын, коммунизм жолын қуған асыл Сәкен аға еді.
Қияның «Қызыл сұңқары», қырдың «Асау тұлпары», бақытты Совет елінің жел маядай жүйткіген екпінді «Экспресі», қазақ совет әдебиетінің ірге тасын қалаған, жаңа дәуірдің жарқырап жанған қызыл жұлдызы, заманның қырағы жыршысы. Адам да, аға да сол еді.
– Долы бүркіттей қиырға қадала қарайтын тынысы терең кең кеуде, долы дауылдай бетіне жанды қаратпаған, сара жолынан қайтпаған, Октябрьдің адал ұлы Сәкен аға еді.
«Талантты қазақ халқының мақтанышы, қазақ совет әдебиетінің ірге тасын қалаған ұлы жазушы, майталман ақын, нағыз адал жанды лениншіл Сәкен Сейфуллинмен жақын дос болғанымды өзіме зор мәртебе көрем.
Жазушының ең жақсы сыншысы – уақыт. Сол уақыт сынынан Сәкен сүрінбей өтті.
«Сәкен Сейфуллиннің аяулы бейнесі ақтық демім біт кенше менің жүрегімнен өшпейді» – деп тебірене сөйлеген осы күнгі жазушымыз Галина Серебрякованың сөзі үрім-бұтақтың бәріне де ортақ. Одан артық айтуға тіл жетпес, шырағым, – деп орнынан тұрды. «Тағы талай көрісерміз, қалқам...» деп Ербулонмен қош айтысты Есен.
Үшінші әңгіме
– Тыңдаушым азайып тотығып қалыппын, шырағым, – деп бастады сөзін Есен. – Мен қартайған адаммын ғой, өзіңнің керегіңді сұрап қақпалап отырмасаң, сыңар езу атша қиыстай шауып кетуім де кәдік, – ұялма, Ербулоным, – дегенде танауы желбеңдеп, жас ұлан тұрып:
12*
– Есен аға, кеше мамам Сәкеннің «Сыр сандығын» татардың
«Тәфтиляу» әніне салды, соңынан Тоқайды сөз етті. Біраздан кейін Мұхтарға көшіп, әнші әйел Әйгерімді де есіне алды. Сізді де бірталай нәрсеге куә ете сөйлеп, көп әңгімені сол кісіден сұра дегендей ернінің емеурінін білдірді. Сондықтан бүгін өзіңізге әдейі келіп отырмын, – деді Ербулон.
– Дұрыс, балам, сен шешеңнің де қартайғанын сездірдің маған. Бота да бір сөзден бір сөзге көшіп өзіңді әбден шатастырған екен ғой, азар болса мені де сол Ботаның сыңары дерсің, сонда да білгенімді бергенім мақұл болар саған, – деп Есен ұзын сонар әңгімені соза жөнелді. – Ұмытпа, жаным, Бота сенің қолыңа шылбырдың ұшын ұстатыпты, ұшығына жетуді өзіңе тапсырыпты. Абайдың жары Әйгерімді айтса, ардақты ананың беделін көтер депті. Тоқайды, Сәкенді, Мұхтарды сөз етсе сондай абзал анадан туған адал ұлдардың үлгісін алуыңды ескертіпті. Міне, Бота қателеспепті. Шіркін, ана ғой ол!.. «Күнсіз гүл өспейді. Сүюсіз бақыт жоқ. Анасыз ақын да болмайды, батыр да болмайды...» – дейді Горький.
Адамзаттың бәрі анадан туған. Ұлттық шеңберге сыймайтын дүниежүзілік ардақты ананың орны өзгеше. Баяғы өткен бағы заманда да: «Алып анадан туады», «Анасын көр де қызын ал!» десті.
Әділдіктің жаршысы, асқақ ойлы ақындар шықты, туған анасының ақ сүтін ақтап, намысын жыртты. Сөйтіп, батыр Қарлыға, дана қыз Құртқа, адал жар, уәдені бұзбай өзін кұрбандыққа шалатын Күлбаршын, Баяндарды тудырды. Замананың өнегелі адамдарын жырлады. Олар ақындардың арманындай әйелдер еді.
Бері келе мезгіл ауысты. Ақшаға табынған дәуір баса көктей кірді, бар ізгілік айырбасқа – базарға түсті. «Қыздың құны қырық байтал» болды. Әруақты ананы күңдікте ұстаған мал иесі аз ғана топ осылай көңірсіп жатқанда, әділдік жолын қуған өзекті ұлдар шықты да, қайсар ананың көркем бейнелерін жасады.
Ғайни, Қамал, Ғайша, Қамар, Сұлушаш, Раушан коммунист, Айша, Ботакөз, Зере, Ұлжан, Әйгерімдер туды. Осыларды бір заманның жыршылары бейнелесе де, өздері әр заманның елшілеріндей елестейді маған. Бәріне ортақ жалғыз-ақ мінез бар: бұл әйелдердің басым көпшілігі тиген қүйеуінің тілеуін тілейтін, қара басының дербес мақсатын жоқтай алмайтын қарусыз жандар, озбыр дәуірдің шеңберінен шыға алмайтын әлсіз әйелдер бейнесінде көрінуші еді.
Сөзім дәлелсіз болмасын, Ербулоным, мысалы ақын Абай, қазақ әдебиетінің ардагер атасы әйел бейнесін былай суреттеді.
«Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, Аласы аз, қара көзі нұр жайнайды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды. Жұп-жұмыр ақ торғындай мойыны бар, Үлбіреген тамағын күн шалмайды.
Етіндей жас баланың білегі бар, Ажымсыз ақ саусағы іске ыңғайлы»,—
деді. Осы мрамордан жасалған мүсін емес пе? Сұлу-ақ әйел ғой. Шебер Абай өз заманында көргенін айтқан. Бірақ қимыл-әрекет жоқ, тек кұштарлықтың алтын бесігі – әдемілік қана бар.
Әлгі айтылған әйелдердің ішінен біздің дәуірге сай келетін үшеуін ғана бөліп алсақ дер едім. Олар: Айша, Раушан, Ботакөз ғой...
– Осы айтқандарыңызды мен ұйып тыңдадым, Есен аға, – деп Ербулон қарттың сөзін бұзып жіберді.—Сәкенді сіз жеткізіп айттыңыз, Мұхтарды да мейлінше суреттеп өттіңіз, бәрін де құмарта тыңдадым, енді Ғабдулла Тоқай туралы әңгіме шертіңізші. Әлгі көні қурап қалған аналар жөнінде толғауынызды түсіне алмадым. Қандай байланысы барын айқындай кетіңізші.
– Әй, балам-ай, солардың бәрі асыл анадан туды ғой. Үзілмес әуен, өшпес күй ғой олар! Осы жақында Еділ, Кама бойынан, Орал тауынан, сонау Қазан қаласынан татар әдебиеті мен өнері, театры келе жатыр дегенді естіп қатты қуандық.
«Театр күлдіреді, ойнатады, Өмірді өткендегі ойлатады...»
деген Ғабдолла Тоқайдың сөзі есімізге түсті. Бір кезде кұмарта тыңдап, кұлақтың құрышын қандырған «Ғалиябану», «Қазан сүлгісі», «Тәфтиляу», «Қара орман» әндерін елегзи күттік.
«Тойдың болғанынан болады дегені кызық». Жас күнімізден оқып, әсерінен өмір бойы арыла алмай койған жез таңдай, бұлбұл ақын Ғабдулла Тоқайдың сөздерін татар туыстарымыздың өз ауызынан естуге ынтыға бердік.
Рас, шырағым, бұл күндер Алматы толған тамаша мейрам сияқты болды.
Ояну дәуірінде мәдени-шаруашылық жағдайы мешеу ел– мәдениеті күшті көрші елден көп сыбаға алады. Алға ұмтылу кезеңінде осы бағытты басынан кешірмейтін халық болмаса керек.
Өткен XIX ғасырдың орта шенінде қазақ даласына үш ұдай леп келді. Ең әуелі Батыстан соққан самалдың аңқыған жұпар иісін Шоқан Уәлиханов еркін сезінді. Ол Достоевскиймен достасып, Потанинмен бірге оқып, біте қайнасқанда Тоқай туған жоқ еді. Ыбырай Алтынсарин екі кітабын жазып шығарғаннан кейін жеті жыл өткенде Тоқай туды.
«Пушкин менен Лермонтовтан өрнек алам, Бірте-бірте жоғарыға өрлеп барам»,—
деп, Тоқай тегін айтпаған ғой «ақыл ауыс, ырыс-жұғыс».
Осы қарсаңда екінші тарау жел құбыладан соқты. Анығын айтқанда, Бұқар мен Тәшкен арқылы көне шығыстың – араб, персінің мәдениеті ауысты.
Бұл леп классикалық марғау бағытпен манаурай басып, ыслам дінін арқалай кірді. Бастарында сәлдесі, ауыздарында «алласы, ағузысы» бар қожа, молдалар келді, дін үйретті. «Кімнің жерін жерлесе, соның суын сулады», бұл әсер өзбек елімен іргелес отырған өлкедегі қазақ-қырғыз халқында көбірек орын тепті.
Үшінші тарау леп солтүстіктен – Қазан мен Уфадан шығып, сахараға қарай есті. Сауда-саттық жүрді, кездемеден киім кидік. Мешіт пен медреседен молдалар ағытылды. Сонау алыста адыра қалған жетінші ғасырдың сілімтір сергелдеңін алдымызға әкеп тартты. Жаңа дүниеге жан тәнімен жау Мұса Бегеев бастаған діндарлар осы әрекетті жасап жатқанда, революцияшыл- демократтық идеяның жаршысындай Ғабдулла Тоқайдың өлеңдері де жедел жетті.
Бертін келе Сұлтанмахмұттың Тоқайдан әсер алып жазған өлеңдерін де оқыдық. Сәкен Сейфуллиннің 1916 жылы Кәрім Муксинов дейтін татардың үйінде отырып, гармон күйін тыңдағанын, «татар күйі күйікті» деген сондағы сөзін де білетінбіз. 1925 жылы Бурабайда жатып «Сыр сандықты»,
«Тәфтиләу» ырғағына салып жазғанын құлағымызбен естідік.
«Тәфлиләудің» бұрынғы сөзі Тоқайдікі ғой.
Біздің жазушы-ақындарымызға туысқан татар әдебиеті бірталай әсер етті. Бұл жағынан келсек, Торайғыров, Майлин, Сыздықовтарды атамай кету қиын.
Революцияның алғашқы кезінде Ғалымжан Ибрагимов «қазақ қызын» суреттеді. Ал, Тоқай қазақ даласына келіп демалып жатып, Троицкіде болды. Сахараның жұпар ауасын жұтып қайтып бара жатқанда:
«Жектіріп пар ат, Қазанға тұп-тура кеттім қарап: Шаптыра аттарды кучер, соққалап та тартқалап»,—
деген өлең жолдарын қалдырып еді.
Шіркін-ай, сол желдей ескен дарынды ақын Тоқай-
дың «Государственная думаны» сонау бір кезде сөгіп, быт - шытын шығарған өлеңін де оқып едік. Уыты жайылып тамыр- тамырды кеулеп кеткен мұсылман дініне жапа-жалғыз шабуыл жасауы, бүкіл байлық-бақыттың кілті болған алтынға қарсы лағнат оқуы қандай күшті, қандай жігерден туған десеңші! Сол кезде отызға да жеткен жоқ қой! Міне, шырағым, мен оны тек қана жақсы көрмеймін, ғашықпын...
Бір сөзден бір сөзге кетті деп сөкпе, жаным, қиығы келіп тұрған соң айтуым дұрыс болар. Осыдан бірнеше ай бұрын Алматыда өзбек әдебиетінің он күндігі болып өтті. Онда да өзімізбен бірге туысқан көрші елдің өнерімен жақын танысып, серпілісіп, мәре-сәре болып қалып едік. Мұндай достық пікір алысу, бет көрісу соңғы жылдарда тамаша дәстүрге айналғандай... Жаңғырып құлпырған игілі жемістерімізді, сонымен қатар кейбір кемістерімізді де айқын көріп, екінші бір соны сатыға көтерілгендей боламыз.
Ербулонжан, сен білмейсің, жассың ғой, революцияның алғашқы кезінде Ғалымжан Ибрагимов «Біздің күндер» деген роман жазды, артын ала Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» жарық көрді. Бұл екеуінен соңырақ келіп өзбектің ірі жазушысы Абдулла Қадири (Жұлқынбай) «Өткен күндерін» жариялады. Бұлар туысқан үш республиканың – татар, қазақ, өзбек совет елдерінің дәуір тудырған шығармалары. Бұлар үндес шығармалар, өмір бойы өлмейтін мұралар. Осындай ұлы еңбектің пелеріне ажалдың да әлі келмейді.
Шырағым, менің ойымша ақымақ ажал аяғын ылғи шалыс басады. Ол құлағы жоқ керең, тілсіз мылқау, алатын адамын танымайды! Құрығын теріс ұстайтын шалдуар, қасиетсіз сұғанақ ол! Еңбектің иесі – ері өлсе ел күйзеледі, енсесі түседі, қабырғасы қайысады, сонда әлгі ажал қаншықтың құмары қанатын болса керек. Бірақ күйзелген ел ашынып сол ажалмен күресетін алғыр азаматтарын қайта тудыратынын білмейді -ау!
Елі өлмесе оның ері де өлмейді, қалқам, советтік қазақ елі бар, артынан ерген иін тірескен ерлері – інісі, қарындастары бар ақын Сәкен мен сөз зергері Мұхтар неге өлсін! «Құмырсқаның да сауыры болады» дегендей, әр ұлттың ажалға қимайтын ұлы болады. Соның бірі тап кешегі Қаныш аға еді. Ол – жапанда жалғыз жортқан жампоз атандай, алып анадан жалқы туғандай Қаныш аға болатын. Сондай ағаны мезгілсіз алған ажал соқыр емей кім? Бұлар бізге тек қана жасы үлкен ағалар емес, өзімізді өзімізге танытып кеткен дана жандар. Советтік қазақ елін дүние жүзіне әйгілеп өткен ұлы адамдар.
Қарағым Ербулоным, мен қызыңқырап кетсем, сөге көрме. Олар маған әлі ыстық, бірақ тірі күндерінде еш қайсысына жарамсақсып жалынған жан емес едім, енді өлгенде де табынғалы отырғам жоқ: тек шындықты шерттім, жақсы ағаны тірі күнінде сыйлаудың керек екенін енді білдім. Ажал соқыр – соны анық ұқтым.
Біз бақыттымыз, шырағым, сыйлай білсек солар сияқты ағаларымыз әлі де бар: Ғабит, Ғабиден тағысын-тағылар толып жатыр. Мына мен сияқты «түстен кейін маңырамай» кезінде сыйлай біл!
Я, біз бақыттымыз, қазақ совет республикасын айдай әлемге танытқан, сол ағалардан қалған мол байлықтың мұрагеріміз ғой,
деп Есен сөзін аяқтады.
Рас, бар болса, ажал соқыр екен, – деді Ербулон.
Төртінші әңгіме
Естігеннің қоспасы көп, мен көргенімді айтайын,— деп бастады Есен.
1952 жыл еді. Аспаны сұрқай, ұшпа бұлты қоймалжың, Батыс Сібірдің қоңыр күзі. Ит арқасы қиянда, сонау Омбы өзенінің жиегінде, Чумаково атты шағын село бар. Бараба даласының солтүстігінде, Тайға тоғайының қойнауында тұрады. Михайлов ауданының орталығы осы Чумаково.
Аудандық тұтынушылар одағының бас бухгалтері Иван Лазаревич Зоновтың қарамағында 1949 жылдан бастап қызмет істеуші едім. Үнемі бірге жүрген соң «әкей-үкей» болып достасып кеттік. Осы Иван Лазаревич бір күні «Абай» романын орысша оқып шыққанын баяндай отырып; «Әуезов өзі қазақ па?» – деп тұтқиыл сұрау қойғаны бар емес пе?
Я, мынау бір соны сұрау екен, сонда сен қалай жауап бердің? – деп килікті Бота.
Оны бізге көпсініп отырсыз ба? Мұхтардан жүз жыл бұрын Шоқан Уәлиханов шықты, алты жүз беттей орысша кітап жазып, отыз жасқа толмай қыршын күнінде ана дүниеге мезгілсіз сапар шекті. Орыс елінің ілгергі буыны, адамзаттың тамыршысы Достоевскийдің, Чернышевскийдің досы сол Шоқан еді. Мұхтар Әуезов нағыз қазақ. Өзі айтпақшы «Басының қасқасы болмаса, көңілінің басқасы жоқ». Мен оны 1923 жылдан бастап білем, – деп мақтана жауап қайырдым.
Күтпеген жерден көлденең тартылған ой буып тастағандай Иван Лазаревич аңыра қалды. Аздан соң: Өзіңіз айтқан соң оқыдым, әйтпесе бөгде тілден аударылған кітаптың бетін де ашпаушы едім, – деп сөзін енді баяу бастады ол. – Ана бір жылы Карамзинді оқып түсіне алмай түңілгенім бар. Адамдарымың әрекет-қимылдары орысқа ұксамайтын тәрізді, оның үстіне Эраст пен «сорлы» Лизаның арасындағы күйреуік махаббат біздің дәуірде болған да жоқ қой. Заты, енді оқитын шығармын, – деп маған бір жақсылық істейтіндей сілет қыла сөйледі Иван Лазаревич. Сәл бөгелді де енді оқыған кітабы туралы айтуға ойын қайта білтеледі: – Мына Абайдың әкесі Құнанбай сахараны жеке меңгерген жалғыз көзді жалмауыз екен ғой, ал баласы Абай адамшылығы зор ақын да, әділ жан екен. Мен түсінсем, Әуезов осылай бейнелепті. Енді сіз анығын айтыңызшы, осы романдағы уақиғаның бәрі де рас па? – деп күдіктенгендей түйіле қарады ол.
Иван Лазаревич-ау, бұл роман біздің ардақты ақынымыз Абай туралы жазылған. Ол кісі өлгенде Мұхтар сегіз жаста, әкесі Омархан Абайдың үзеңгілес досы. Ал, Абайдың аты аталғанда делебесі қозбайтын қазақ елінен тірі жанды таба алмайсыз, оның сөзіне ешкім шүбәленбейді. Өз әкесі Омарханның жақын досы Абайды Мұхтар көзімен көрген ғой, ендеше өтірік айтуға бара алмаса керек, – дей бергенімде сөзімді бөліп:
– Дұрыс айтасыз, бірақ қазақ елінің атақты бұлбұлы, ұлы ақыны Жамбыл емес пе? Біз осылай түсінеміз. Тағы бір сұрағым бар: – Ақын Абай Октябрь революциясына дейін Пушкин мен Лермонтовты аударады, сонда тоқсан проценті хат танымайтын көшпелі елде осындай адамның болуы мүмкін бе? – деп енді қуа сөйлеуді доғарды да, алдымды орап буа сөйледі. Түксиген қабағын жазыңқырап жылы ұшырағандай кескінін көрсетті, тегі, менің ұлттық намысыма – қытығыма тигісі келмеді білем.
Азырақ үнсіз отырды да:
– Сізбен дауласудың қажеті жоқ сияқты, өйткені сол замандағы ет жеу әдеті өзіңізден әлі қалмапты. Алдыңызда дайын тұрған қасық пен шанышқыны тастай беріп, қолыңызбен қимылдайтын дағдыңыз бар, – деп жеңіл келемеждеп, бір түйреп өтті де: – Сол Құнанбай, Абайларға сонша көп қатын неге керек болды екен? Бұл салт па? Жоқ, мақтаныш па? Осы әйелдер төбелеспей, ұрыспай қалай сыйысқан? Ділдә мен Әйгерімі бар, ана бір Тоғжаны мен Салтанаты да қосарланып калмайды. Алмағанымен солар да Абайдың әйелдері-ау, сірә, – деп жымиды Иван Лазаревич. Күлбілтелеп айтылса да, қыңырлау әзілдің көлеңкесі көрініп тұрды.
Әл келсе көп әйел алу кемшілік емес қой. Қолыңыз жетпеген соң күндеп отырған боларсыз, деп кезекті жерінде мен де қалжыңға кірістім, Абайға екі әйелді көпсінесіз, ал орыс елінің князі Владимир «Солнышко» тоғыз жүз әйел алған екен, мына
Үндістанның патшасы Шадирам он алты мың қатын алған сияқты, бұған қалай қарайсыз? – деп, атты мүлде алысқа айдадым.
Рас болса, сұмдық екен, бірақ кезек үшін емес, «есеп» үшін шығар, – деп шүбәленді де бастапқы ойына қайта оралды:
Сіз мені шытырман шырғалаңы мол қиырға сүйретпеңіз, оларыңыздан менің хабарым да жоқ, мына өз еліңіздегі бәйбіше, тоқалдың татулығында қандай себеп бар, соны ашып айтыңызшы, – дегенде, мен тұрып.
Ділдә мен Әйгерімде тәтті татулық болған емес, болуы мүмкін де емес, «күндестің – күлі күндес» дейді қазақ елі. Ендеше олар сырттай тату, ал іштерінде талай әпжылан арбасып жатыр. Бірақ бәйбіше, тоқал күндес таласқанда айқай-шу шығара алмайды, өйткені мұсылман діні тыйым салған, Мұхамметтің өзі төрт қатын алған, ал кейбір молдалар Мұхаммет пайғамбарды мақтай сөйлегенде алпыс әйелі бар еді деп те көлгірсиді. Екінші бір тежеу тағы бар – ол феодализм дәуірі, онда еркек қожа, әйелдің басында билік жоқ, ол қалың малға сатып алған күң есебінде. Осының бәрін Мұхтар Әуезов, баттита баяндамайды, сұлулап суреттейді де оқушысын еліктіре сүйреп отырады, ернінің емеурінімен ұқтырады, – деп енді бұралқы сөзді қойып турасына көштім.
Иван Лазаревич үндемей қалды. Әлдене уақыттан кейін әлгі үзілген әңгімені мен қайта жалғастырдым:
– Біраз қалжыңдастық қой, енді шын жауап беретін екі сұрауыңызға келейін, Жамбыл туралы айтқаныңыз дұрыс, бірақ оны Абаймен салыстыруыңыз қате, өйткені Абай жазба әдебиеттің сом тұлғасы, ал Жамбыл ауыз әдебиетінің бұланайы (Гималай тауы) ғой, екеуі де дәулер, адам аспас асқаралы шың. Абай орыс әдебиетіндегі Пушкинге жақын, ал Жамбыл болса сонау «Игорь жасағы жайлы жыр» («Слово о полку Игореве)
жазылған замандағы авторлар сияқты. Екінші сұрауыңыз тоқсан проценті хат танымайтын елде Абайдай ақын болуы мүмкін бе? – дейсіз. Бұл ойыңыз да жаңсақ, өйткені Пушкин, Лермонтовтар тұрғанда Собакевич пен Ноздревтер де өмір сүріп жүрді ғой, сіз осыны ескермей отырсыз. Вольтер туғанда француз елі де түгел хат танып, шекесі шылқып, мәдениеті шеңберінен асып кетті деп ойламаңыз! Тарих олай болған емес,
«жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықпай ма?» Әлгі айтқаныңызға орай менің сізге қарсы сұрақ қойғым келіп отыр, ол мынау: өзіңіз әдебиетті танитын адамсыз, ендеше дүниежүзілік күллі туындылардан «Абай» романы артық па? Немесе қазақ елін білмегендіктен «кеңшілік» (скидка) жасап отырсыз ба? Осы «Абай» романын оқып таңырқауыңыздың себебі неде? Есіңізге сала кетейін, алғашқы орыс туындыларына Европа адамдары да таңырқаған-ды, олардың ойы үстірт еді. Сол заманда-ақ атақты Некрасовтай ақынымыз; «Белинский мен Гогольдерді орыс мұжығының базардан сатып алып келе жатқанын көретін күн болса» деп арман еткен ғой. Олай болса, мәдениеттен кенде қалған қазақ елінің мұң- мүддесін лениндік совет дәуірі ақтаған болар да халық таланттарының бітелген көзін ашқан шығар, – деп ең әуелі шұқшия сұрақ қойып, артынан жадырата айтып, сипай қамшыладым.
Сонда Иван Лазаревич: – Мен Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын, Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» («Преступление и наказание») атты шығармасын, тағы толып жатқан дүниелерді оқыдым. Соның бәрінен «Абай» артық еді демеймін, алайда кем емес екенін байқағандаймын, – деді. Қысылмай, байсал баяндады, сондықтан ойында бүкпенің жоқтығын түсіндім,
Я, «шеру оты қаралас, тұяқты тұяқ жібермейді» деген қазақ елінің мәтелі бар. Сондай-ақ талантты талант түсінеді, солармен
313
қаралас отырса, қара үзіп қалмаса, мезгілдің тілегі орындалса болғаны, бұл бәрімізге де мерей ғой, – деп сәл кідірдім де: – Ал мына «Абай» романы сізге қазақ елін танытыпты, өзіңізді бөтен елдің әдебиетін оқуға баулыпты, сөйтіп, Мұхтар Әуезов екі игілікке жеткізген екен, мен осыған қуаныштымын, – деп кілт тоқтадым. Әрі қарай ежіктеуге Иван Лазаревич ұмтылмады, күн де кешкіріп қалған екен. Тек қызметтен шығар алдында маған шұғыл бұрылып:
Айтқаныңызды түгел түсіндім, дауласуым – ұғыну үшін еді, ал енді Құнанбайдай қатал әкеден Абайдай биязы жорға ақын туған-ау, біз білеміз бе, рас та шығар! Мына Мұхтар да өте шебер жазушы ғой, бұрын естімеп едім, тегі қазақ елі үлкен ел екен! –деп сөзін келте түйді.
Иван Лазаревичтің соңғы айтқан байламы мені қатты қытықтады, тіпті өзімді мақтағандай қысылып, азырақ арқам шымырлағандай сезіндім. Бөгде ағайынның аузынан тұтқиыл шыққан, қалтқысыз айтылған адал ойы жоғары көтерді, жүрегімді қобалжытты. Алайда, ол сөздің ішінде азырақ күдіктену де тұрғандай естілді. Мұхтар түгіл Абайдың қазақ екеніне кәміл сенбейтін сияқты және оның Құнанбайдан тууына да дауласатындай нысайын сездім. Бұл арада үндемей қалу маған қиынға соқты. Сонда – жалғыз олар емес, мәдениетіміздің арнасы кең дегендей желіні алыстан тарттым. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсариндарды айтып Абайдың алдын орадым. Кейіннен шыққан сом адамымыз, әлемге мәлім академигіміз Қаныш Сәтбаевты жеріне жеткізе суреттеп өттім. Сөйтіп шеңберді сомдап соқтым. Алды-артын түгел қамтығым келді де сүбелі жазушыларымыз: Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндерді көсіле мақтай жөнелдім. Ардақты артистеріміз Күләш Байсейітова, Қалибек Куанышбаевтарды көзінен тіздім. Кешегі елеулі революционерлеріміз Аманкелді Иманов, Әліби Жангелдиндерді де басыңқырап баяндадым. Қыза-
қыза барып жаңа шыққан жас әншіміз Роза Бағланованы да қосып қойдым (От басындағы, ошақ қасындағы кемістіктерді алыста жүрген адам көрмейді ғой). «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» дейтін Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөзін дәл осы арада ұмыта алмадым. Кішкене үзілістен кейін: – Иван Лазаревич-ау, мен сізге әлі айтпаппын, – деп бастадым, – Абайды Мұхтар Әуезов үш салада көрсетті ғой. Соның бірі – қазақ елінің асыл қазынасына ие болған жан, екіншісі – күншығыс әдебиетін сарқа білген адам, үшіншісі – орыс мәдениетінен нәр алған Абай ғой, Пушкин, Лермонтовтарды аударуы былай тұрсын, солардың үлгісімен өзі өлең жазып, еліне сыбаға үлестіргендей. Тағы бір мықты жері –бұл Мұхтар жасаған образдардың шындығы, оның ішіндегі әйел образдары қандай көз алдыңда тұрады.
Орыс елінің революцияшыл демократтары мен жандарал, майорларын жарыса аққан қос арнадай етіп, әрқайсысын өз орнында жіліктеп, суреттей білген! Сіз Құнанбай образын дұрыс айттыңыз, ал Дәркембай, Базаралы бейнелері де ешкімнен осал соқпайды ғой. Өзіңіз де білесіз, біздің кейбір азаматтарымыз ұзақ-ұзақ романдар жазады. Солардың кейіпкерлері де өз тілінде сайрап-ақ тұрады, бірақ дауыстары естіледі де нағыз бейнелері көбінесе көрінбейді. Әлгі кейіпкерлер қорқу-үркуді де білмейтін бір батылдар. Қиындықтан қиындыққа өршеленіп шапшып жатады, алайда ойдан туған құр сүлделер сияқты, тірі жанға ұқсамайды. Біздің дәуірде туған кесек образдар толып жатыр, өзіміз күнде соларды көріп отырмыз. Ендеше, сол бүгінгі ұлы бейнелерді бере білу керек емес пе? Жанды тебірентіп, бүгінгі ұлы қайраткерлерді суреттеудің орнына құйқылжыған қуаң, сумаңдаған сұйық сөздерге тұншықтырып, көміп тастайды-ау, түге! Ешнәрсе елестемейді. Бір кезде, сонау классицизм дәуірінде Сумароковтай трагедияшыл ақын:
«Шыбын жаным, тамұққа еніп, Мәңгі сонда болса тұтқын.
Айдай әлем күйреп-сөніп, Бірге өзіммен кетсе-ау, шіркін!»
деп үздігіп, күйзелгендей айтқан ғой, бірақ соңынан В.Г. Белинский шығып: «Бір қасық судың бетіне дауыл тұрғызып, жұртты тұншықтырғысы келген екен», – депті.
Міне, Мұхтар Әуезов бұл жағынан келсеңіз бетіне бедер түскен көне бейненің өзін құлпырта суреттеп көз алдыңа қаз қалпында алып кеп тартқандай емес пе? Кешегіні бүгінгімен астастырғанда, тап осы күнгі өмірді жырлап отырғандай сезінесің. Мұхтардың шынайы абыздығы осында, – дедім.
Я, дұрыс айттыңыз, біраз кітаптарды мен де оқыдым, алайда, біз сыншы емеспіз ғой, – деп Иван Лазаревич езуін тартты да, орнынан тұрды.
Өзі өлсе де, сөзі өлмейтін, орны үңірейіп тұратын ағаларымыз болыпты, солардың бірі Мұхтар Омарханұлы Әуезов екен. Бетін топырақ басқалы бүгін үш жыл толса да оның жоқтығы әлі білініп тұр. Көзі барында елемеппіз. Күнделік тіршіліктің әуеніне еріп, оның көлеңкесі зор ұлы тұлғасын байқамаппыз. Өледі деп ойламадық та ғой. Ердің елеулі екенін бөгде жұрттың ішінде жүрген жан жақсы білсе керек. Сондай-ақ Мұхтардың аруағы күшті асыл аға, қиядан көретін қыран аға екенін мен сонау бір шекеде, Батыс Сібірде жүр- генде, Иван Лазаревичтің әлгі сөзін естігенде ғана анық түсіндім. Өз еліңдегі ұлы ағаның айбар екенін байқадым. Міне Мұхтарды сонда ғана танығандаймын, – деп сөзін аяқтады Есен.
Тілің балдай екен, Есен, мен де сені бүгін танығандай болдым. Көп жылдай бірімізден біріміз адасып көз жазып та қалдық, сөйтіп сырт буын болып кеттік қой. Ана бір күні Сәкен туралы сөйлескенде құлағымның құрышы қанса да, үнемі күдіктенуге дағдыланған жүрек бір жерге тоқырап дауаламап еді.
Біреуді жақсы көрсе мақтайтын, біреуді жек көрсе даттайтын тұрлаусыз көптің біріндей сезіну айықпай қойды. Жасырмай айтайыншы, бүгін сол күдіктен ада-күде ажырап отырмын. Сенің жаның адал, жақсының бәріне жалғыз өзің ие сияқтысың!.. – деп, ойын аяқтамай күмілжіді Бота.
Тап кеше Ұлы Октябрь таңы атты, бұрын зомбылықтың шеңгелінде тұншығып қансыраған қазақ енбекшілері қара албастыдай басқан қалың ұйқыдан оянды, – деп екпіндете бастады Есен. – Қараңғылық серпіліп жарық дүниенің сәулесіне қарай құшағын жайып қуана аттанды, үлесін алатын ұлы майданға белсене шықты, оған бүгін тура қырық жеті жыл толды.
Талай аласапыранды бастан кешірдік. Баяғыда Сәкім деген кісі батырлығын айтып мақтанғысы келгенде "Біз не көрмедік, шырағым, өлген қасқырдың үстінен де шауып өттік қой", – деп лепіруші еді. Сондай-ақ біз де азын-аулақ көрдік.
Кейде аспанды темірдей қара бұлт торлап, нөсерлі жаңбыр шүмектеп құяды, нажағай ойнап әзірейілше төнгенде зәре-құтың қалмайды. Шыбын жан шүберекке түйіледі... Артынан айығып ашылады да, мажырап күн көрінеді, жердің беті тобарсиды да құлпыра түседі. Жан- жануардың бәрі жадырайды. Сөйтіп өткен ұмытылады. Сондай-ақ бір кезеңде ушыққан жара да жазылып кетеді. Сонау бір мезгілде Сәкеннің
«Қызыл аты», Ғабиттің «Шұғыласы», Бейімбеттің «Талтаңбайы» жарық көрді. Ірі қалам қайраткерлерден осындай зор мұралар қалды да сол кезеңді мүлде ұмыттырмай қойды. Шын суреткер жазушының тегеурінді қуаты да осында.
Енді өрмектің жүзі ауды, жер ортасына да, ел ортасына да келдік. Бастан кешкенді шерте өтіп, шола кету мезгілі де туған сияқты.
Ержетіп есейген сайын бұрын көрген-білген азаматтардың біразын аңсайды ғой. Бірақ жасы үлкеннің бәрі бірдей сый-құрметке
13—2462 317
бөлене бермейді. Ердің ерін, егеудің сынығын көксейді. Игілі еңбектің иесіне ажалдың да әлі келмесе керек.
Баяғыда Пушкин өлгенде Лермонтов әлемді тебірентті. Бальзак өлгенде Гюго жұртты теңселтті, Гоголь өлгенде Тургенев дүниенің қабырғасын қайыстырды, ана жылы Мұхтар Әуезов өлгенде көңіл күйін Ғабит те жеріне жеткізе шертті. Халықтың сай-сүйегін сырқыратып, жаны елжіреп, осындай шын күйіне сөйлеулер күнде бола бермеуі кәдік.
Мен Мұхтар Әуезовтің терезесі тең сырлас досы болғам жоқ, елеусіз інілерінің бірімін. Үлкен ағаны пір тұтып, айтқан сөзін көлденең отырып тыңдаушымын, – деп ойын бір түйіп өтті Есен.
Сен қымсынбай-ақ айта бер. Сәкен мен Мұхтардың үзенгілес достары едік десек те екеумізге ешкім нанбас. Шынайы достарының сыбағасына қол сұқпалық. Жасымыз да, біліміміз де олармен қанжығаласа алмайды, – деп бір тежеп қойды Бота.
1923 жылдың бас кезінде Мұхтарды Ташкентте көрдім, – деп сөзін әрі қарай созды Есен. – Ол заманда қазақ азаматтарының фамилиясын, әкесінің атын атау түйеден түскендей естіліп, түрпідей тиетін, түптеп барғанда әдепсіздікке саятын.
Сквердің алдынан күншығысқа қарай «Москва» көшесі тартады. Ол көшеде трамвай жүреді. Оңтүстігінде азырақ қиыстай барып, Салар өзеніне беттейтін «Қойлық» көшесі бар. Сквердің қақ қасындағы осы мүйісте Қазақстанның өкілдік үйі тұрады. «Түрік республика атқару комитетінің жанындағы Қазақстанның «хұқықты өкілдігі» (орысшасы:
«Полпредство Казахстана при турцике») болып атанады. «Хұқықты өкілдігі» –деп әдейі айтып отырмын, өйткені 1922 жылдың бас кезінде
«Ақ жол» газетінде «Тоқпақ» деген бүркеншік атпен Сұлтанбек Қожанов Сәкен Сейфуллинге қарсы мақала жазды, сол мақалада
«Қазақстанның хұқықты өкілі Сәкенге болысты» дейтін сөз бар. Ал Қазақстанның сол кездегі дербес өкілі Әшім Омаров, оның орынбасары Иван Федорович Киселев болатын. Атын атамай әлгі «Тоқпақ» сол Омаровты соғып өткен-ді. Ол дәуірдегі аударма әдісі де осы тектес еді. Ол заманда Түрік Республикасына Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғыз, Қарақалпақ елдері, өзіміздің Сырдария, Жетісу губерниялары кіретін. Сол «өкілдік» үйіне Қазақстан азаматтары үнемі келіп-кетіп жүрді. Әшім Омаров Орта Азияның мемлекеттік университетінде, оның
«фон» (факультет общественной науки) деген факультетінде, екінші курсында оқиды. Полпред болып қызмет істейді. Үлкен бір бөлмесі бар, терезесі скверге қарайды. Осы бөлмеде үш ағаш кереует (тапчан) тұрады, бір кесек кигізбен ортасынан бөлінген, сөйтіп тағы бір «олжа» бөлме шыққан, сонда мен жатушы едім. «Сұлтанбек Қожанов қатар тұрады, оның кішірек екі бөлмесі бар, ауыз үй ортақ. Ол кездегі қазақ коммунистерінің үйінде дүниемүлік деген болмайды. Совет ақшасы («совзнак») миллиондап саналады, өзі үйіліп жатады. Мен қырғыз-қазақ институтының (киринпростың) төменгі даярлық (младший подготовительный) класында оқимын.
Сол бір қарсаңда Бағаналы Найманнан – осы күнгі Ұлытаудан Мұхтар Жылқайдаров деген кісі келіп Әшімнің үйінде жатты. (Ұмытпасам ол кісі Өзбекстанға ауысқан өз елінің бір жылқыларын іздеп келіп жүрді).
Күн жұма болатын. Үстінде қара көк мауыты пальтосы бар, соған сай қара көк кепке киген, қайырған қаршығадай дембелше қара жігіт кіріп келді. Әшім орнынан түрегеліп, құшақтасып көрісті, өзінің әйелі Зурәмен таныстырды да, Мұхтар Жылқайдаровқа бұрылып: – Бұл сізбен аттас Мұхтар Әуезов қой, – деді.
13*
Мұхтар Әуезов шешініп отырды. Дауысы құлаққа майда естіледі, сөйлемі де, сөзі де ауыр, шұбалаңқы шығады. Алғаш сөйлегенде тамағын кенеп, жөтеле түсіп, кібіртіктеп отырады да бірте-бірте көсіледі. Мінезі салмақты, ойы өте терең жатқандай. Кейбір орысша сөздері маған түсініксіз. Қою қара бұйра шашы шашау шығып ербиіп көрінбейді. Бәрі өз орнында жарасып, көлденең қараған жанды магнитше тартады. Ойлы көзі тереңдей қадалатын, әдемілеп сөйлеуге аса тырыспайтын адам екен, бірақ салдыр-салақ та емес. Кедір-бұдыр, үзік-үзік айтса да естіген құлақты табындырып, үйіріп әкетеді. Кере қарыс маңдайына қарап көзің тояды. Сөзінің арасында «интеллектуальный, герой, образ» дегендерді қолданып отырады. Бір мезгілде: – Абайды жеңгелері «Телғара» – деп атаған екен, – деп қалды. Осыдан былай әңгіме Абайға көшіп неше алуан саққа жүгірді. Абайды жақсы көрдім бе, жоқ Мұхтарды жақсы көрдім бе, білмеймін, әйтеуір сөз арасында оқыс айтыла қалған осы бір «Телғара» жадымда сақталды. Мұхтар онда шылым тартушы еді – мені жұмсағанда
«Селимді» («Селим» – папиростың аты, сыртына латынша жазылатын) әкел деп қадағалап тапсырды.
Артынан осы екі Мұхтарды айыру үшін біреуін (Әуезовты) «Телғара Мұхтар», екіншісін (Жылқайдаровты) «Ерғара Мұхтар» деп атайтын болдым. Естіп жүрсе де олар мұны елемеді. Міне бүгін, көп заман өткеннен кейін бала күндегі шалдуарлықтың көлеңкесі ретінде мұны саған ғана баяндап отырмын ғой...
Достарыңызбен бөлісу: |