Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы


-тарау. Жедел медициналық жәрдем көрсету тәртібі



бет3/12
Дата20.09.2023
өлшемі124,82 Kb.
#181743
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
225 Правила СМП 30.11.2020 каз яз

2-тарау. Жедел медициналық жәрдем көрсету тәртібі


4. "Жедел медициналық жәрдем шақырту" мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жеке тұлға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) жедел медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) "103" нөміріне қоңырау соғады.
Мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес "Жедел медициналық жәрдем шақырту" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында келтірілген.
Көрсетілетін қызметті беруші "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету сатысы туралы деректерді енгізеді.
5. ЖМЖС диспетчері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес денсаулық жағдайы бұзылған кезде азаматтардан "103" пультінде шақыртуларды қабылдайды. ЖМЖС диспетчері шақыртуды алған сәттен бастап оны өңдеу уақыты бес минутты құрайды, осы уақыт ішінде шақырудың жеделділік санаты бойынша іріктеу жүргізіледі.
6. Жедел медициналық жәрдемді құрамы осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес айқындалған фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалар көрсетеді.
7. ЖМЖС бригадалары ЖМЖС ауысымының аға дәрігеріне бағынады.
8. Ауылдық елді мекендерде ЖМЖ шақыртуларына қызмет көрсету үшін ЖМКС аудандық кіші станциясының диспетчері жақын жердегі медициналық ұйымдардың мамандары мен санитариялық автокөлікті тартады.
9. ЖМЖС диспетчері қабылдаған шақыртулар осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес 4 (төрт) жеделділік санатына бөлінеді:
1) 1 (бірінші) жеделділік санатындағы шақырту – өміріне тікелей қауіп төндіретін, жедел медициналық көмек көрсетуді қажет ететін пациенттің жай-күйі;
2) 2 (екінші) жеделділік санатындағы шақырту – өміріне медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жай-күйі;
3) 3 (үшінші) жеделділік санатындағы шақырту – денсаулығына медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жай-күйі;
4) 4 (төртінші) жеделділік санатындағы шақырту – жіті ауруынан немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен болған және айқын көрінетін бұзылуларынсыз пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төндірмейтін пациенттің жай-күйі.
10. 1, 2, 3-жеделділік санаттарының шақыртулары келіп түскен кезде ЖМЖС диспетчері автоматты басқару жүйесі арқылы шақыртуларды ЖМЖС фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадаларына береді.
11. 4-жеделділік санатының шақыртулары келіп түскен кезде ЖМКС диспетчері автоматты басқару жүйесі арқылы шақыртуларды медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы жанындағы жедел медициналық көмек бөлімшесінің (бұдан әрі – МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесі) фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадаларына береді.
12. Фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалардың ЖМЖС диспетчерінен шақыртуды қабылдаған сәттен бастап, пациенттің тұрған жеріне дейін жету уақыты:
1-жеделділік санаты - он минутқа дейінгі;
2-жеделділік санаты - он бес минутқа дейінгі;
3-жеделділік санаты - отыз минутқа дейінгі;
4-жеделділік санаты - алпыс минутқа дейінгі уақытты құрайды.
13. МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесінің фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалары МСАК қызмет көрсету аймағындағы адамдарға тәулік бойы медициналық қызмет көрсетеді.
14. 4-жеделділік санатындағы шақыртуларға МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесі деңгейінде қызмет көрсетіледі. Жиырма мың адамнан кем тіркелген халқы бар МСАК көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында 4-жеделділік санатындағы шақыртуларға қызмет көрсету "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы 1-қосымшасының 15-жолына сәйкес осы қызметті жедел медициналық жәрдем көрсетуге лицензиясы бар медициналық ұйымдарға немесе денсаулық сақтау субъектілеріне аутсорсингке беру арқылы жол беріледі.
15. ЖМЖС бригадаларының және МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесі қызметкерлерінің өміріне және денсаулығына қауіп төнген кезде шақыртуға қызмет көрсету, аумақтық ішкі істер органдары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады.
Аумақтық ішкі істер органдарының өкілдері болмаған жағдайда ЖМЖС бригадалары және МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшелерінің диспетчеріне рация және (немесе) мобильдік байланыс арқылы өмірі мен денсаулығына төнген қауіптер туралы хабардар етеді. Шақыртуға одан әрі қызмет көрсету аумақтық ішкі істер органдары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады.
16. Тексеріп-қарау, аспаптық диагностика, мамандардың консультациясы, осы жағдайлардың себептері көрсетілетін алдын ала диагноздарға сәйкес жүргізілген емдік іс-шаралардың аясында немесе одан кейін пациент жағдайы динамикасының нәтижелері бойынша ЖМЖС бригадасының немесе МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесінің фельдшері немесе дәрігері мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
пациентті стационарлық көмек көрсететін (бұдан әрі – стационар) медициналық ұйымға тасымалдау;
пациентті шақырту орнында қалдыру;
пациентті үйде қалдыру (тұрғылықты жері бойынша).
17. Емдеуге жатқызуды қажет етпейтін пациент шақырту орнында немесе үйде қалдырылған жағдайда ЖМЖС бригадасы немесе МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесі оған одан әрі жүгіну үшін (тұрғылықты жері немесе бекітілуі бойынша) МСАК ұйымына медициналық ұсыныстар ұсынады.
18. Пациент ауырған және пациенттің үйіне учаскелік дәрігердің белсенді баруы қажет болған жағдайда, ЖМЖС бригадасының немесе МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесінің фельдшері немесе дәрігері МСАК ұйымына ақпаратты (активті) ұсынады және Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша пациентке арналған дабыл парағын толтырады.
19. ЖМЖ бригадасы дәрілік заттарға рецепт жазбай, еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақтарды бермей, қайтыс болу фактісін куәландыруды жүргізбей және қайтыс болу туралы қорытынды бермей алкогольдік және есірткілік мас болу мәніне куәландыруды жүргізбей шақыруға қызмет көрсетеді.
20. ЖМЖС бригадасы немесе МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесі пациентті стационарға тасымалдау туралы шешімді қабылдаған жағдайда ЖМКС диспетчері стационардың қабылдау бөлімшесін пациенттің жеткізілгендігі туралы хабардар етеді.
21. Пациенттің өміріне қауіп төнген жағдайда (жіті жүрек-тамыр және тыныс алу функцияларының жеткіліксіздігі) оны тасымалдау шұғыл стационарлық медициналық көмек көрсететін жақын жердегі медициналық ұйымның қабылдау бөлімшесіне жүзеге асырылады.
22. Пациентті стационарға тасымалдау кезінде санитариялық автокөлікте оны алып жүруге (бір адамнан көп емес) рұқсат етіледі.
23. ЖМЖС бригадасының немесе МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесінің фельдшері немесе дәрігері Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек шақырту картасында пациентті жеткізу уақытын белгілейді.
24. Стационарға келуіне қарай ЖМЖС бригадасының немесе МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесінің фельдшері немесе дәрігері қабылдау бөлімшесінің тіркеу постына Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша жедел медициналық көмек станциясының ілеспе парағын тапсырады.
25. Пациентті бергеннен кейін ЖМЖС бригадасының немесе МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесінің фельдшері немесе дәрігері ЖМЖС диспетчерін шақыртудың аяқталғаны туралы хабардар етеді.
26. Төтенше жағдайларда жедел медициналық көмек көрсету қажеттілігі жағдайларын қоспағанда, ЖМКС бригадасының немесе МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесінің стационардың қабылдау бөлімшесінде болу уақыты ол стационарға келген сәттен бастап 10 минуттан (пациентті қабылдау бөлімшесінің дәрігеріне беру уақыты) аспайды.
27. ЖМЖ бригадасы немесе МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесі пациентті стационардың қабылдау бөлімшесіне бергеннен кейін мейіргер бірінші кезекте шұғыл медициналық көмек көрсетілетіндерді алға тарта отырып, келіп түскен пациенттерді топтарға (триаж жүйесі бойынша медициналық іріктеу) бөледі.
28. Триаж жүйесі бойынша медициналық іріктеу үздіксіз және сабақтастықпен жүргізіледі. Бір пациенттің жай-күйін бағалау процесі 60 секундтан аспайды. Бағалау аяқталғаннан кейін пациенттер арнайы түрлі-түсті бирка немесе түрлі-түсті лента түріндегі іріктеу санатының бір түсімен белгіленеді.
29. Медициналық іріктеуге сәйкес пациенттер 3 топқа бөлінеді:
бірінші топ (қызыл аймақ) – өміріне тікелей қауіп төнетін немесе нашарлау қаупі жоғары және шұғыл медициналық көмекті талап ететін пациенттің жай-күйі;
екінші топ (сары аймақ) – өміріне әлеуетті қауіп төнетін немесе жағдайдың дамуымен өршуі мүмкін, шұғыл медициналық көмекті қажет ететін пациенттің жай-күйі;
үшінші топ (жасыл аймақ) – өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп жоқ және емдеуге жатқызуды талап етпейтін пациенттің жай-күйі.
30. Триаж жүйесінің медициналық іріктеу нәтижелері бойынша пациент дәрігердің қарап-тексеруі үшін қабылдау бөлімшесінің тиісті аймағына жіберіледі.
31. Бірінші топтың пациенттері қарқынды терапия палатасына келіп түседі, мұнда реаниматолог жедел медициналық жәрдем мамандары жүргізген реанимациялық көмек көрсетуді жалғастырады. Шұғыл операция жасалған жағдайда реаниматолог жалпы наркозды, өңірлік анестезияны, қабылдау бөлімшесінің операция бөлімінің жағдайында жергілікті анестезия жүргізеді, одан әрі пациенттің оянуы үшін анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелеріне тасымалдайды.
32. Жағдайы тұрақталғаннан кейін пациент стационардың бейінді бөлімшесіне емдеуге жатқызылады.
33. Инфекциялық ауруларға күдігі бар пациент жай-күйіне мониторинг жүргізу және науқасты одан әрі қадағалау тәсілін анықтау үшін боксқа орналастырылады. Пациенттер жаппай келіп түскен жағдайда инфекциялық ауруларға күдігі бар пациенттерді дұрыс бөлу үшін (жіті респираторлық вирустық инфекция және ішек аурулары) қарап-тексеру кабинеттерінің бірі инфекциялық бокске қайта бейінделеді.
34. Пациентті стационарға емдеуге жатқызған кезде мейіргер Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша стационарлық науқастың медициналық картасын толтырады және пациентті бейінді бөлімшеге алып жүреді.
35. Стационарға емдеуге жатқызуға көрсетілімдер болмаған жағдайда қабылдау бөлімшесінің дәрігері пациентке қарап-тексеру, консультация беру және диагностикалық зерттеулер нәтижелерін көрсетумен қабылдау бөлімшесінде болуы туралы қорытындыны және одан әрі МСАК ұйымы жағдайында емделу туралы ұсынымдар береді. Бір мезгілде мейіргер МСАК ұйымының тіркеу бөліміне ауру жағдайы туралы хабарлама жібереді және учаскелік дәрігерге Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша дабыл парағын дайындайды.


36. Медициналық персоналдың жедел жұмысын қамтамасыз ету, санитариялық автокөлік пен медициналық жабдықтарды ұтымды пайдалану мақсатында санитариялық автокөлік мынадай кластарға бөлінеді:
А клаcы: емдік-іс-шараларды жүргізуге және медицина персоналдарының алып жүруімен алдын ала болжам бойынша шұғыл емес пациенттерді тасымалдауға арналған санитариялық автокөлік;
В класы: дәрігерлік (фельдшерлік) бригадалар күшімен жедел медициналық көмектің емдеу іс-шараларын өткізуге, емдеуге жатқызуға дейінгі кезеңде пациенттерді тасымалдауға және жай-күйіне мониторинг жүргізуге арналған санитариялық автокөлік;
С класы: мамандандырылған бригаданың күшімен реанимациялық іс-шараларды және қарқынды терапияны жүргізуге, сондай-ақ пациенттерді және (немесе) білікті мамандарды тасымалдауға арналған санитариялық көлік (реанимобиль).
37. Қажетті кластағы санитариялық автокөлік болмаған жағдайда бригаданың шығуы бар бос санитариялық автокөлік жүзеге асырады. Көшпелі бригада қажетті кластағы санитариялық автокөлік келгенге дейін емдеу іс-шараларын өткізуді жалғастырады немесе пациентті жақын жердегі стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тасымалдауды қамтамасыз етеді.
38. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайлары кезінде санитариялық автокөліктің кедергісіз өтіп кетуін қамтамасыз ету үшін санитариялық автокөлік ЖМЖ бригадасы шыққан кезден бастап шақырту орнына дейін және пациентті стационарға тасымалдау кезінде "Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысына сәйкес ең жоғарғы деңгейде арнаулы дыбыстық сигналды (сирена) береді және көк немесе қызыл түсті жарқылдауық маякты іске қосады.


39. Түсті-графикалық схемалар, тану белгілері, жазулар, арнайы жарық және дыбыс дабылдары мемлекеттік заңды тұлғаларға жататын және (немесе) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызметтер көрсететін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау субъектілерінің ЖМК санитариялық автокөлігіне салынады.
40. Пациент пен персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында санитариялық автокөлік айналымға шығарылғанға дейін дайындаушының зауытында "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентін қабылдау туралы" Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 шешімінің талаптарына сәйкес көлік құралының сәйкестік сертификатын алумен, оның ішінде соқтығысуға сынақтан өтеді.
41. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ЖМЖС халықтың жүгінуін ескере отырып, 10 мың халыққа 1 бірлік және одан аз есебінен санитариялық автокөлікпен жарақталады. Санитариялық автокөлік радиобайланыс және навигациялық жүйемен жабдықталады.
42. МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесі бригадаларымен жедел медициналық көмек көрсету пациент орналасқан жерге уақтылы жеткізуді қамтамасыз ететін МСАК ұйымының медициналық көмектің мамандандырылмаған жеңіл автокөлігін пайдалануды көздейді.
43. Санитариялық автокөлікті пайдалануды ЖМЖС бірінші басшысы тек медициналық мақсаттарда ғана қамтамасыз етеді.
44. Облыстық ЖМЖС құрылымына білікті мамандарды және (немесе) науқасты санитариялық автокөлікпен тасымалдауға байланысты ЖМЖ және медициналық көмек көрсететін ЖМЖ станциясы, ЖМЖ кіші станциялары, ЖМЖ аудандық бөлімшелері және медициналық авиация бөлімшелері кіреді. Республикалық маңызы бар қалалар мен астананың ЖМЖС құрылымына ЖМЖ станциясы және ЖМК кіші станциясы кіреді.
45. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың ЖМЖС құрамында ішкі істер органдары және өңір халқын азаматтық қорғау қызметтерімен, ЖМЖ қосалқы станцияларымен, МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшелерімен, медициналық ұйымдардың қабылдау бөлімшелерімен жедел байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген және емдеуге жатқызуға дейінгі кезеңде медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша тұрғындарды ақпараттандыратын Сall-орталықтар (колл-орталықтар) құрылады.
46. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың ЖМЖС шақыртуларды қабылдау және өңдеу жөніндегі автоматтандырылған басқару жүйелерімен (бұдан әрі – шақыртуларды АБЖ) және навигациялық жүйелер арқылы санитариялық автокөлікке мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін жүйелермен, сондай-ақ абоненттермен диалогтарды компьютерлік жазу жүйесімен және қоңырау келіп түсетін телефон нөмірін автоматты анықтаушымен жабдықталады. Диалог жазбаларын сақтау кемінде 2 жыл жүзеге асырылады.
47. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың ЖМЖС осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес медициналық бұйымдармен және дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі және қажетті қоры бар.
ЖМЖ бригадаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ЖМЖС мамандары мобильдік камералармен жарақтандырылады.
48. Ауыл халқына жедел медициналық көмек қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін облыстың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының шешімі бойынша жету қиын елді мекендерде (жол жабындыларының болмауы, таулы жер), медициналық көмекке қол жеткізуден алыс учаскелерде облыстық ЖМЖС қосымша қосалқы станциялары (бөлімшелері) құрылуы мүмкін.
49. Қалалық автокөлік қозғалысы барынша көбейген уақытта жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша ЖМЖ қосымша бригадаларының кезекшілігі ұйымдастырылады. Қоғамдық іс-шараларды өткізу және өзге де жағдайлар кезінде халыққа қызмет көрсету үшін кезекшілік шарт негізде жүзеге асырылады.
50. Медициналық авиация бөлімшесі Кодекстің 121-бабының 2-тармағына сәйкес санитариялық автокөлік арқылы өңірлік және өңіраралық деңгейлерде медициналық қызметтер көрсетеді.
Медициналық авиация бөлімшесінің санитариялық автокөлігін пайдалану үшін негіздері:
пациент тұрған жердегі медициналық ұйымда медициналық бұйымдардың және (немесе) тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауына медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде;
медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейлеріндегі мамандарды межелі жерге жеткізу қажет болған кезде;
пациент тұрған жердегі медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған және тиімсіз болған кезде науқасты медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейлеріндегі медициналық ұйымдарға тасымалдау үшін;
кейіннен трансплантаттау үшін ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) тиісті медициналық ұйымға тасымалдау үшін көрсетіледі;
пациентті (терді) және медициналық авиацияның мобильді бригадасын әуе кемесінде өтінімді орындау кезінде әуежайдан медициналық ұйымға санитариялық автокөлікпен және кері тасымалдау болып табылады.
51. Төтенше жағдай режимінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың ЖМЖС:
1) Кодекстің 6-бабының 2) тармақшасына сәйкес ведомствоаралық және сектораралық өзара іс-қимыл шеңберінде әрекет етеді;
2) төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық салдарларын жою жөніндегі ЖМЖ бригадаларын төтенше жағдай аймағына жібереді;
3) төтенше жағдайларды жою кезінде зардап шеккендерге емдеу-эвакуациялау іс-шараларын өткізеді;
4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккендер, медициналық көмек көрсету үшін жүгінген немесе жеткізілген оқиғалар мен жағдайлар, сондай-ақ алынған жарақаттан қайтыс болғандар туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органына және Үйлестіру ұйымына шұғыл ұсынады.
52. Зардап шеккендер саны 3 және одан да көп адам болатын төтенше оқиға кезінде төтенше оқиға орнына бірінші келген ЖМЖ бригадасы бірінші кезекте медициналық іріктеуді жүзеге асырады.
Медициналық іріктеу (триаж) нәтижелері бойынша ЖМЖ бригадасы зардап шеккендерді бұдан әрі көрсетілімдері бойынша медициналық ұйымдарға тасымалдаумен, оларға шұғыл медициналық көмек көрсетеді.

3-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды тұлғаларының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі


53. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды тұлғаларының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына, Үйлестіруші ұйымның интернет-ресурсына немесе Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) www.dsm.gov.kz интернет – ресурсына немесе мына: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, Министрліктер Үйі, № 5 кіреберіс мекенжайы бойынша шағым жасау жолымен жасалады.
Шағымның қабылданғанын растау оны қызметті берушінің, Үйлестіруші ұйымның немесе Министрліктің кеңсесінде тіркеу (мөртабан, кіріс нөмірі және күні) болып табылады. Шағым тіркелгеннен кейін жауапты орындаушыны айқындау және тиісті шаралар қабылдау үшін қызметті берушінің, Үйлестіруші ұйымның немесе Министрліктің басшысына жіберіледі.
Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, қызметті алушы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгінеді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралады.
54. Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет