ЖЕҢІС – 65
Егемен Қазақстан, 07 Мамыр 2010 | Әлеумет
Загрузка ...
ШҮЙКЕДЕЙ АНА
“Ана үшін аянба – ант ұрады, Бала үшін аянба – бетің күйеді. Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын”, деп қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай, өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысы деп аталатын алапат мыңдаған емес, миллиондаған бейкүнә адамның шаңырағын шайқап, не опырып ортасына түсірді. Соғысты бастағаннан шарапат күту шатысқандық. Бұлай деуімізге себеп, ана бір жылдардағы аласапыранда біз кім үшін соғыстық деген өздердің айтылып қалғаны бар. Бірақ кейін оның ақиқаты анықталды. Әпербақаннан жақсылық болмайтыны дәйектелді. Қантөгіске құмартқанның кекжиген басын иіп, жеңіп шығу қарудан бұрын халықтың ұйымдаса білуінде екенін сол жолы әлем жұрты тағы бір көрді.
Біз бұған тақырыпқа арқау болып отырған анамен әңгіме кезінде де көз жеткіздік. Астанадан Алматыға бет алған едік. Көрші купеде бір ақ жаулықты ана екі көзін алақандай терезенің арғы жағындағы байтақ даладан алмай, ұзақ қарап отырды. Оны ары-бері өткенде әлденеше рет байқап, әңгімелесуге ниет еткенімізде қарсылық танытпады.
– Аты-жөніме келсем, есімім – Рабиға, әкемнің аты – Жұматай. Адам қартайғанда бір бала деп, біз де бір кездері әдемі қыз келісті келіншек болғанбыз. Уақыт, шіркін, өз дегенін істейді екен. Баяғыда мен сияқты шүйкедей боп отырған бір кейуана айтқан көрінеді. Толған торсықтай едік, тобықтай болып қалдық қой. Соның кебін мен де киіп отырмын. Бет-жүзді әжім торлап, сүйріктей салалы саусақтың тамыры мынау – кендірден ескен арқандай адырайып-адырайып тұр, – деп, жып-жинақы, мұнтаздай ана тағы да сыртқа көз салды.
Сұрапыл соғыс туралы әңгіме қозғап едік, Рабиға ана: “Оны да бастан өткергенбіз”, – деп қалды. Қазір сол соғысты көргендер күн санап азайып бара жатыр.
– Селкілдеген сексен бес жасты еңсеріп, тоқсанға бет алып отырмын. Осы уақыт ішінде көрген бейнет те, зейнет те аз емес. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы аштықты да, сұрапыл соғысты да бастан өткердік. Байдың тұқымысың деп әкемді кәмпеске жасады. Бес жасымда анадан, жеті жасымда әкеден айырылдым. Біз өзі негізінен Қостанайдың қазағымыз. Аштықтың қиындығы әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Адамдар әр жерде ісіп-кеуіп жататын. Әке-шешемізден айырылған соң Хамит екеуімізді Айтбай аға мен Хадиша жеңгем қолдарына алды. Ол кісілердің де жағдайы оңып тұрмағаны белгілі. Хамит ағам маған қарағанда қағылез, өз күнін өзі көре алатындай, пысық еді. Әйтеуір, өлместің күнін көріп жүрдік. Бір күні үлкен ағам: “Сені өлтіріп алып жүреміз бе, балалар үйіне барсаң қайтеді? Тамағың тоқ болатын көрінеді”, – деді. Балалар үйі, тамақ деген сөз құлағыма жылы естілді, барайын дедім.
Балалар үйіне орналастым. Өзім қатарлы қыздар көп екен. Бірақ Қостанайдағы балалар үйін Ресейдің Прокопьевский деген қаласына көшіретін болды. Айтбай аға жібергісі келмеді. Мен бара берейін дедім. Ақыры ол кісі келісіп, үйдің мекен-жайын тәрбиешілерімізге де, өзіме де жазып берді. Сол мекен-жайды бес жыл бойы бойтұмардай сақтап жүрдім. Бұрынғыдай емес, ақыл тоқтатып айналама қарай бастағанда аға-жеңгелерім көз алдымнан кетпей қойды. Ақыры ағамның атына сағынып жүргенімді айтып, хат жаздым. Ол кезде бесінші сыныптың оқушысы едім. Мектепте неміс тілін тереңдете оқытты, соның пайдасы соғыста тиді. Одан кейін оқудың бетін көргем жоқ.
Сөйтіп, Айтбай ағам келіп, елге алып кетті. Ағайын туыспен қауышып, енді ес жиямыз ғой деп жүргенде сұрапыл соғыс басталды.
Он сегіз жастан жаңа асқан Хамит ағаны бірден майданға алды. Айтбай ағам мен Хадиша жеңгем ЖСМ-41 (жол стансасының мәшинесі) шақырды. Олар мені өздерімен бірге ала кетті. Ол кезде жасым он алтыда болатын. ЖСМ-41 атқаратын жұмысы пойыз жолдарын жөндеу екен. Біз осы жұмыспен бүкіл Еуропаны араладық десек те болғандай. Қай жерде темір жол жау болмысынан бұзылса, соны қысқа мерзімде қалыпқа келтіреміз. Тепсе темір үзетін жігіттер болат темірді көтерсе, біз өзімізге тиесілі жұмыстарды атқарамыз. Астан-кестен дүниеде ажалсыз ғана аман қалады екен. Көретін күн, татар дәм бар ма, әйтеуір жеңісті аман көрдік қой.
Ұлы жеңістен кейін біз Челябинскі облысының Златоуст қаласының маңындағы Хребта бекетіне келдік. Майданға да осы арадан аттанған болатынбыз. Біздің атамекеніміз осы өңірмен шекаралас еді.
Айтбай ағамен бір жігіт жиі сөйлесіп жүрді. Жеңгем қағазға жазған хат алып келіп береді. Мен оның байыбына бармай, бұл не деп жыртып тастаймын. Ол кезде жігіттен келген хатты оқып, сөзін тыңдайтын уақыт па еді. Қалған жанның тәубасы, қайтсек қатардан қалмаймыз деп жүрген кезіміз ғой.
Бір күні аға-жеңгем: “Мына Мұхаметқали деген азамат саған сөз салып жүр екен, шешімін өзің айт. Ауылда қалған жалғыз шешем бар еді. Жалғыз бармайын, серік алып барып, қызды болдың деп маңдайынан иіскетейін деп отыр”, – деді. Мен алғашында шоқ басқандай ыршып түстім. Хабар ошарсыз кеткен Хамит ағам ойымнан кетпейтін. Ол күндердің күнінде “Рабиға!” деп жетіп келетіндей көрінетін де тұратын. Ал мына жігіт мені қайдан біледі деп таң-тамашамын. Сөйтсем, еліне кетіп бара жатып жол бойынан мені көріпті де пойыздан түсіп қалыпты. Бұйрықты қойсаңшы, ақыры келістік. Аға-жеңгем ақылын айтып шығарып салды.
Соғыстан аман қайтқан Мұхаметқали екеуміз қол ұстасып оның ата-жұртына бет алдық. Бүгінгідей жүрдек пойыз қайда, ұзақ жүріп Талдықорғанның Лепсі стансасына келдік. Одан бірден бірге жалғанып жүріп Андреевкаға жеттік. Оның ауылы Төңкеріс деп аталады екен. Жаяулатып жүріп оған да бардық.
Колхоз кеңсесіне таяп қалғанда бір жігіт: “Ой, бауырым, сен тірі ме едің?!”, – деп көрісіп жатыр. Мен мұнысы несі деп таң қалып тұрмын. Сөтсек, “Мұхаметқали Базаркелдіұлы Ахметов соғыста қайтыс болды” деген қара қағаз келіпті. Бір жігіт сүйіншілеп анасына кетті. Кейін білдім, ол тай-құлындай тебісіп өскен Сабырхан марқұм екен. Біз үйге таяғанда белі бүкшиген анасы алдымыздан шықты. “Қайтыс болды” деп еді тірі екенсің ғой құлыным!”, – деп аңырағанда өз анам тіріліп келгендей, екі көздің жасын аямай төктім.
Баласының “өлгенін” естірткен соң: “Жалғыз өзіңіз қалай отырасыз деп анамызды жақын ағайын, колхоздың төрағасы жақсы аға қолына алыпты. Атын атамаушы едім, Құдай кешірсін, есімі – Кәрім еді ол кісінің. Жақсының алды қашанда кең ғой. Жақсы аға жақсылығын бізден аяған жоқ. Мұхаметқали екеуміз: “Қой бұл жүрісіміз не, анамызды қолға алып тірлік жасайық”, – деп ақылдастық. Жақсы аға алғашында бірге тұра берейік деді де артынан бұларың жөн екен деп батасын берді. Колхозға мүше болып мал да бақтық, қара жұмыс та істедік. Көп қатарынан табылдық. Қой бағып жүргенде түнгі күзетке шықсам енем қасымнан қалмайды. Қой күзету соғыстан қиын емес қой апа, демалыңыз десем, жоқ қасыңда қара болып жүрейін, Мұхаметқалиыма пана болып жүрейін, дейді.
Азаматым екеуміз бес бала өсірдік. Соның екеуін енем туа салып бауырына салып бақты. Одан кейін ол кісі өмірден озды. Қазір тәуба, бес баламның, олардан өсіп-өнген ұл-қыздың қызығын көріп отырмын. Бәрі оқыған, жоғары білімді. Немерелерім өздері ұйымдастырып сексен жасымды Үшаралдың бір үлкен тойханасында атап өтті. Ризамын, – деп Рабиға ана ойланып отырып қалды.
Одан кейін, “Армансыз адам болмайды ғой, шүкір, дей отырып, бір арманымды айта кетсем деймін. Бір әке бір шешеден туған екі ағадан тірідей айырылған жайым бар. Хамит аға соғыста хабар-ошарсыз кетті. Айтбай ағадан соғыстан кейін көз жазып қалдым. Оның себебі былай, қарағым, жоғарыда айттым ғой, мені батасын беріп Мұхаметқалидың қасына қосып жібергенін. Сол кезде олар жоғарыда айтқан Златоуст қаласының маңындағы Хребта бекетінде қалды деп. Бұл 1945 жыл еді. Төңкеріске келген соң бауырыма аман жеттім деп қайта-қайта хат жаздым. Алатын жауабым, бұл мекен-жайда олар тұрмайды деген бір-екі ауыз сөз ғана болды. Ұлы жеңіске биыл 65 жыл толып отырса, менің де бауырларымнан айырылғаныма 65 жыл болды. Әкеміздің аты – Жұматай, ол кісінің әкесі – Айтуар болатын. Айтбай ағаның жары – Хадиша жеңгем екеуінен мен білетін Бақытжан деген он бір жастағы ұл, Бәтима деген алты жастағы қыз бар еді. Руымыз – арғын, оның ішінде – атбасар. Туыстарымды 65 жылдан бері өзім де, балаларым да іздеудей-ақ іздеп келеміз. Қыздарым “Бармысың, бауырыма?” да шығып, нағышыларым қайдасыңдар деді. Бірақ, кездесуді Тәңірім тіршілігімде менің маңдайыма жазбай тұр. Айтбай аға мен Хадиша жеңгем бұл дүниеде жоқ шығар. Ал Бақытжан мен Бәтима мен үшін жер басып жүргендей болады да тұрады. Олар өмірде болмаған күннің өзінде, кіндігінен тараған ұрпақ менің осы жанайқайымды естісе, хабарлар деген үміттемін. Ондай күн туса арманым орындалар еді. Кейде бір ой мазалайтыны бар. Ол, бауырымнан тараған ұрпақ қазақ тілін білмей, қазақша хабардағы сөзді түсінбей қалды ма дегендік қой баяғы. Олар болмаса да бауырларымды білетін, не көзін көрген бір ағайын табылса, одан кейінгі іздеуді балаларым өз-ақ мойындарына алар еді.
Иә, қарағым, барға тәубе дей отырып, жоғым туралы да айттым. Ендігі тілегім Алла біздің көрген бейнетті кейінгіге бермесін. Соғыстың аты өшсін. Ұлды-қызды болып, жақсы күн кешіп жатқан біздің зейнетімізді берсін кейінгі ұрпаққа!, – деп шүйкедей болған қағылез ана тағы да байтақ далаға қадала қарап отырып, терең тыныс алды.
Сүлеймен МӘМЕТ.
ТАҚТАТАС
Кеше Қайнар ауылында қанды майданда ерлікпен қаза тапқан абыралылық боздақтарға арналған тақтатас салтанатты жағдайда ашылды. Оған 1300-ден астам ардагердің есімі жазылды. Көпшіліктің ұйғарымымен әлгі тақтатастың екінші бір бөлігіне бүгінде көзі тірі майдангерлердің есімдері де енгізілді. Қайсыбір майдангер есімі ұмыт қалған жағдайда оған алдағы уақытта қосымша енгізілетін тақта тағы бар.
Осы белгіні орнатуға аз кемі жоқ 10 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Ал бұл игілікті шаруа “Абыралы-Дегелең” қоғамдық қорының арқасында жүзеге асырылды. Осыдан бір жыл бұрын құрылған бұл қордың тізгінін Семейдегі “Ақшың” сауда орталығының президенті, қалалық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбай қолына берік ұстап келеді.
Марат Серікжанұлының тікелей ұйытқы болуымен өткен жылы Қайнар ауылында ядролық сынақтардан зардап шеккен Абыралы тұрғындарына арнап биіктігі 15 метрлік алып ескерткіш ашылған болатын. Сол жолы аталған ауылдың кіре берісіне осы елді мекеннің аты жазылған айшықты қақпа да орнатылған еді. Енді бұл қор Қайнар ауылында саябақ ашу ісімен шұғылдануда. Көрікті саябақта осы өңірден шыққан танымал адамдардың ескерткіш мүсіндері орнатылатын болады.
Есімі елге танымал депутат-кәсіпкер мұнымен де шектелмей, биылғы қыстан қысылып шыққан Абыралы шаруаларына қолұшын беруден де сырт қалмады. Ол, сонымен бірге табиғат апатына душар болған тарбағатайлықтарға да қамқорлық таныта білді. Ал жоқ-жітік жандар мен жетім балаларға тұрақты түрде қайырымдылық жасау Марат бауырымыздың дағдылы ісіне айналған.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы.
ЕКІ МАЙДАННЫҢ КУӘГЕРІ
Ел шетіне жау келсе ер азаматтар желдің өтінде жүреді. Кешегі күндей күркіреген екінші дүниежүзілік соғыс қазақтың мыңдаған асыл азаматтарының өмірін үзді. Ет жақынынан айырылу – адам үшін ең ауыр қайғы. Соғыс салған жара бүгін де жазылған жоқ, талаураған ісіктей әлі де жүрек сыздатады.
Біз арнайы іздеп барған майдангер Айдарбек Мақанұлы 1941 жылғы киген солдат шинелін Жапон жеріндегі кеңес армиясының жеңісінен кейін шешкен азамат.
Сұңғыла кісі. Өмірден оқыған, тоқығаны мол. Бертінге дейін “Егемен Қазақстанды” үзбей оқитын қария көз нұры нашарлағалы теледидар ақпараттарына құлағын түріп отырады екен.
Екі майданның өтін көрген қарияда соғыс жайлы айтар әңгіме, әрине, көп. Бірақ, талай рет айтылып, талай рет жазылған оқиғаларды қайталауға қарттың оншалықты зауқы соқпады. Екі рет Отан соғысы орденімен, бір рет жауынгерлік Қызыл Ту орденімен, сондай-ақ Германия мен Жапониядағы жорық жолдарында алған медальдары таңды-таңға ұрып әңгіме айтуға кәміл жетер еді.
Алайда, қарт майдангер әңгімені басқа қырдан бастады.
– Жариялылық, сөз бостандығы дегенді желеу етіп, ел ішінде әр қилы әңгіме айтатындар көбейді, – дейді Айдарбек қария. – Немісті жеңіп не керек еді. Олар бізді басып алғанда немістердей өмірге пысық болып, неміс сырасын сораптап отырар едік дегенді де құлағымыз естіді. Бұл майдан даласында елім, жерім, ұрпағым деп, топырағымыздың шетін жау баспасын деп қу жанымызды шүберекке түйген, сыз окоптың түбінде апталап түнеген, күн, түн қатып, жаңбырдай бораған оқтың ішінде жүрген барлық майдангерлерге ауыр тиеді. Қазақтың майдан даласында қалған арыстан жүректі, жолбарыстай сесті мыңдаған азаматтарының әруағын сыйламау ғой бұл. Кім үшін қан төктік. Бүгінгі айтқыштар жеңіл-желпі сөзімен талай майдангерлердің жүрегіне жара салды.
Бодан болудан, өз еркіңмен құл болудан асқан қорлық жоқ қой. Неміс концлагерінде миллиондаған тағдырлардың азаппен өлгенін қалай ұмытуға болады?!
Газет оқығыш, теледидар ақпаратын тыңдағыш Айдарбек қарт: “Тәуелсіздік – біздің бақытымыз” дегенді айтты.
Айтатындай бар еді. Бабасы Тортай әжі қазақтың қадірлі азаматы болған. Әкесі Махан заманының алды, дәулетті кісі еді. Керуен-басы болып Орта Азия әскери округінің шекарашыларға жіберетін азық-түлік, киім-кешегін, оқ-дәрісін түйелерімен Қытай, Ауған жерлеріне дейін тасымалдаған. Бала-шағам, ағайын-туысым дүниеден тарлық көрмесін деп дүние жинаған әке байлығының өзіне бәле болып жабысарын білген бе. Азат басы қор болып, кәмпескеге ілігеді. Үкіметке қарсы келер пәрмен жоқ, сағалап Өзбекстанға өтеді.
Айдарбек Маханұлы 1936 жылы Ташкенттегі жұмысшылар факультетінде оқып, Ташкенттің Орджоникидзе ауданына қарайтын Еңбекші ауылында мұғалім болады. Сол жерден майданға аттанған.
– Егемен болмай ел болмас
– Етектен кесіп жең болмас, – деп бабаларымыз неге айтты дейсің. Өз алдына ел болмағаннан кейін бұ қазақтың тартқан азабы басынан асады. ХХ ғасырдың басындағы санақта қазақ Орта Азия елдерінің алды болып, алты миллионға жеткен екен. Нәубет жылдары саясаттың құлы болып, қазақ қойдай қырылмағанда біз бүгін 50-60 миллион болып, теңіздей толқып отырмас па едік. Соның бәрі өз еркіміз өзімізде емес, өзге күшті елге бодан болғандығымыздың кесірі.
Майдангер қарт осылай деп толғанады.
Алағай да бұлағай заманда тарыдай шашылған қазақтың бірі Айдарбек Бекжанов соғыстан соң 1965 жылға дейін Өзбекстанда жұмыс істеген. Шаруашылықтарда, жеңіл өнеркәсіп саласында басшы болған. Ес жиған ағайыны жат болып кетеміз деп елге шақырғанда келді.
Өзге елде шекеңнен шеруен атып жүрсең де туған жеріңнің, ағайын-туғаныңның ортасында жүргеннен артық ештеңе болмайды екен. Асыл жар сүйді. Дүниеге Бекжановтар әулетінің тамырын тереңге жіберіп, жапырағын жайқалтып ұл келді. Ауыл, ел емес, алты алаш аузына қарайтын азамат болды – Берігі. Жүрегін майдай ерітіп немерелер жүр жанында. Адамға артық көп нәрсе керек емес екен. Әрине, қанағаты барға.
Германия мен Жапон жерінде керзі етігі күрпілдеп, ұлы Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан Айдарбектей ақсақал Отаныңнан қымбат ештеңе жоқ дейді.
Тәуелсіз Қазақстанның байрағы биікте желбірейді. Елдің еңсесі берік, іргесі мықты. Бұрынғыдай жан-жағындағы елдер басынып, қылышы қылтыңдап, зеңбірегі шошаңдап келе беретін, бодан қылғысы келетіндер енді жоқ. Әулетті Қазақстанмен санасады. Мәңгі достық қарым-қатынаста болайық дейді. Өз жері өзіне сайғақ құрлы пана болмай шілдің қиындай тозып кете жаздаған қазақ бүгін Еуропаның төрінде малдас құрып отыр. 56 мемлекет аузына қарайды. Кесіміне жүгінеді. Айтқанын орындайды. Бұл – қазақ баласының бақыты ғой.
Байдың тұқымы деп туған жерінде тұқымы тұздай құри жаздаған соң көрші елдерге кетіп жан сауғалаған, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның әрбір атқан таңына шүкіршілік айтудан жалықпайтын Айдарбектей майдангер қарияңыздың айтары осы.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАУ АБЫРОЙЛЫ ПАРЫЗ
Ұлы Отан соғысының қан-қасап қырғыны ешқашан ұмытылмақ емес. Сондықтан да, сұрапыл соғыстың қақ ортасында болып келген соғыс ардагерлері әрқашан да, құрметтің қандайына да лайық. Бұл Ұлы Жеңісті жақындатуға елеулі үлес қосқан тыл еңбеккерлеріне де қатысты. Ақтөбе облысының әкімдігі осындай соғыс және тыл ардагерлеріне біраз коммуналдық жеңілдіктер жасаған бірден бір өңір. Десек те, ардагерлерді ардақтауға байланысты игілікті істер Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында бұрынғыдан гөрі де ерекше сипат алып, айшықты бола түсті. Бұл туралы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалық етуімен Ақтөбе қаласы, аудандардың әкімдерінің, облыстық басқармалар мен департаменттер басшыларының қатысуымен өткен селекторлық кеңесте кеңінен әңгіме болды. Облыс басшысы Ұлы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеуге байланысты Үкіметтік деңгейде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанына, біздің облыста да мерекеге дайындық өткен жылдың аяғына таман басталғанына тоқталды.
Қазір облыста 555 Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедегі, оларға теңестірілген 1874 адам, сондай-ақ, 13152 тыл ардагері тұрып жатыр. Республикалық бюджеттен бөлінген 225587 мың теңге қаржыдан әрбір соғыс ардагері мен мүгедегіне – 65 мың, оларға теңестірілгенге – 25 мың, ал тыл ардагеріне –10 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек беріледі. Бұған қоса біржолғы материалдық көмек үшін облыстық бюджеттен де 97800,0 мың теңге қаражат қаралып отыр, яғни қосымша әрбір соғыс ардагері мен мүгедегіне –15 мың, оларға теңестірілгенге – 10 мың, ал тыл ардагеріне – мың теңге сый-сияпат жасалады. Мұның сыртында қала және аудандар әкімдері бөлетін ақшалай материалдық көмек және бар.
Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ орденінің толық иегерлерінің есімдерін есте қалдыру үшін “Даңқ” аллеясы және медициналық колледжде М.Мәметованың мұражайы ашылады. Аллеяға батыр жерлестеріміздің қоладан құйылған барельефтері орнатылады. Шығыстың қос шынарының бірі, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 85 жылдығы Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Соған орай Ресейдің Мәскеу қаласындағы №891 мектепке бөлінген 70 млн. теңгеге химия, математика, физика секілді бірнеше сыныптарды арнайы құралдармен жабдықтау көзделуде. Облыс басшысы Елеусін Наурызбайұлы, бұл мектепке қазақстандық делегация мүшелерімен бірге мәскеуліктердің де келетінін айта келіп, еліміздің мәртебесі осындай шаралардың қаншалықты сәтті өтуімен өлшенетінін, сондықтан халқымыздың батыр қызы Әлия Молдағұлова атындағы мектепке осы заманғы ең озық оқу құралдарын және басқа заттарды сыйлау қажеттігін басты назарға алды.
Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңындағы іс-шаралар аясында қаладағы бауырластар зираты қалпына келтіріледі, Ақтөбе және Алматы қалаларында жасақталған 100 және 101- атқыштар бригадасының ерлігін есте қалдыру мақсатында Ресейдің Ржев қаласында мемориалдық кешен орнату үшін 70 млн. теңге бөлінді. Облыс басшысы бұл шаруада аса мұқият болуды, оның өте сапалы материалдардан жасалуы керектігін ескертті. Мұндай елдігімізді көрсететін ескерткіштердің мәңгілік болуы қажеттігіне тоқталды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.
БАТЫР БАБАМДЫ МАҚТАН ЕТЕМІН
Осы лебізді Отанымыздың бас газетіне жазуыма басты себеп Ұлы Жеңістің 65 жылдығы жайлы мақалаларды оқығандағы оқиғалар еді. Отан қорғауға мыңдаған маңғыстаулықтар барғаны белгілі. Ал сол бір отты жылдардағы өрлігі мен ерлігі үшін осы түбектің екі түлегі Ленин орденімен марапатталғаны айтылып, жазылуда. Соның бірі менің атам – 1942 жылы Ленинградты қорғауда өшпес ерлік көрсетіп қаза тапқан Қартбай Бекжанов. Аймақтан шыққан екінші қаһарман Исатай Сүйеубаев атамыз. Ол кісі жайлы көп айтылып, жазылып, жастарға үлгі етіліп жүр. Жұрт есімін жақсы біледі. Батыр ата 1947 жылы елге келіп өмірден өтіпті. Ал мен Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында 1941 жылы 20 қарашада Ленин орденімен наградталған, қапыда қаза тапқан атамның рухына бас иіп, есімін елі біле түссе екен деген ниетпен жазып отырмын. Атам үшін мақтанамын. Және де бұл мақтануға тұрарлық жағдай – деп ойлаймын. Осы жерде тағы бір ризашылықпен айтайын дегенім атаның жиені Манап Батырбаев пен нағашым Алпамыс Мұсаұлының батыр атамыздың жерленген жері Ленинград облысындағы Зенино деревнясына барып тағзым етіп келгендігі. Олар Ленинградты қаһармандықпен қорғап, өшпес ерлік көрсеткендер тізімінде жазылғандығын көріп қайтты.
Талап БАТЫРБАЕВ.
АҚТАУ.
Достарыңызбен бөлісу: |