Жеке кәсіпкер болу үшін не істеу керек?



бет4/7
Дата03.02.2017
өлшемі1,52 Mb.
#8666
1   2   3   4   5   6   7

Ғимарат. Бастапқы кезде сіз бұл іспен үйде де айналыса аласыз. Уақыт өте келе тұрақты клиенттеріңіз пайда болған кезде, жергілікті дүкендер мен бутиктермен әріптестік қарым-қатынас орнатқан кезде сіз өндірісіңізді кеңейтіп, арнайы орын-жайды жалға алатын боласыз.

Құрал-жабдықтар. Егер сіз тоқылған сөмкелермен айналыссаңыз, онда жуандығы, диаметрі әртүрлі шилар керек. Ал егер сіз сөмкелерді тігетін болсаңыз, онда тігін машинасы қажет. Сонымен қатар, екі жағдайда да шығын материалдары қажет.

Технология. Алдымен мұндай қызмет түрінің артықшылықтарына  тоқталып өтсек.

Біріншіден, hand-made сөмкелері, негізінен, қымбат емес материалдардан жасалады, оларды сіз үйіңізден-ақ таба аласыз, сондықтан да аталған бизнес көп шығындалуды қажет етпейді. Оған не кіреді? Мата, өңдеу мен әсемдеуге арналған түрлі бұйымдар, жіптер алу керек.

Екіншіден, сіз өзіңіздің фантазияңызды жүзеге асыра аласыз. Себебі  мұнда өзіңіз – би, өзіңіз – қожа. Сіз кез келген хэнд-мэйд сөмкелерін жасай аласыз, оларды қалауыңыз бойынша көркемдейсіз. Бірақ, әрине, заман талаптары мен сатып алушылардың ыңғайына қараған жөн. Әйтпесе, сіздің сөмкелеріңізге деген сұраныс жоғары болмайды.

Үшіншіден, өз еңбегіңізді өзіңіз бағалайсыз. Негізінде баға затыңызға деген сұранысқа, клиенттердің класына байланысты анықталады. Егер сөмкелерді жастар, студенттер алатын болса,  онда бағасын тым асырудың маңызы жоқ. Белгілеген бағаңыз клиенттеріңізге қолжетімді болуы қажет екенін естен шығармаңыз.

Төртіншіден, өзіңізге ыңғайлы уақытта жұмыс істейсіз. Егер ерте тұратын адам болсаңыз, онда таңертең жұмыс істейтін боласыз, ал егер кешірек тұрып, кешірек жатқанды ұнататын адам болсаңыз, кешкі уақыт сіз үшін өнімдірек болады

Бесіншіден, сіздің хэнд-мэйд сөмкелеріңізді сатудың түрлі жолдары бар. Қаладағы кішігірім дүкендерден бастап интернетке дейін, тіпті аукцион арқылы да сатуды ұйымдастыруға болады.

Алтыншыдан, сіз ешқашан да клиенттерсіз қалмайсыз. Қымбатырақ болса да, сапасы жоғары, жақсы зат алған әлдеқайда тиімді. Қолмен жасалған зат қашанда сатып алушыларды тартады.

Сонымен қатар, мұндай сөмкелер егесін әрдайым ерекшелеп тұрады. Уақыт өте келе нарыққа еніп, тауарлық маркаңызды брендке айналдыра аласыз. тартал.ы  тіпті аукционға дейін. онда онда кез-келген уақытты таңдай аласыз.



Өнімді өткізу. Жас кәсіпкер алдында туындайтын ең басты сұрақ –  өнімді кім үшін өндіреміз? Ал «не өндіреміз?» және «қалай өндіреміз?» деген сұрақтардың жауабы аз да болса белгілі. Сіздің басты сатып алушыларыңыз кімдер? Олар түрлі субмәдениет өкілдері бола алады, мысалы, рокерлер, эмо, т.б. Көптің арасынан ерекшеленгісі келетін қыздар мен жігіттер. Сонымен қатар, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері де сіздің клиенттеріңіз бола алады. Сіз БАҚ басылымдары, түрлі-түсті хабарландыруларды қалың жұрт арасында тарату, интернет-сайтын құру арқылы клиенттерді тарта аласыз. Ең басты жарнама – өнімдеріңіздің сапасы.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:
- тігін машинкасын сатып алу (болмаса) – 14 000 – 16 000 теңге, жаңасын алудың қажеті жоқ, сапалы ескісін де алуға болады.
- шығын материалдарын сатып алу (жіптер, стразалар, түймелер, әшекей түйреуіштер, т.б) -  5 000-6 000 теңге.
Барлығы: 19 000 – 22 000 теңге.

Табыс:

Сөмкелердің бағасы жұмсалған уақытқа, сөмкенің көлемі, матасы мен дизайнына байланысты болады.

Мысалы, сөмкелерді қармақ шимен тоқу өте қиын, сондықтан олардың бағасы да жұмсалған еңбекке сай болады. Қарапайым тігілген сөмкенің бағасы жұмсалған материалдарға байланысты 3 000 теңге, не одан жоғары.

Ерекше заттар қашанда бағалы, сондықтан мұндай бизнесті табыс әкеледі деп есептеуге әбден болады.



Виртуалды офисті қалай жасауға болады?
Бұл стандарттық  Office бағдарламасын орнатудың баламасын іздейтін фирмаларға арналған жаңа тенденция, Ол, көбінесе жаңадан құрылған және бастапқы шығынды азайтудың жолын іздейтін компаниялар үшін тиімді. Соңғы жылдардағы танымал баламалардың бірі – адамдарға үйде отырып-ақ телефон арқылы және нақты уақыт режімінді үлкен бизнесті айналдыруға мүмкіндік беретін виртуальдық офис болып отыр. 

Егер Сіз  - өз бизнесіңіздің қожайыны болып және виртуальдық офиске, оның стандартты офистерден артықшылығына, оны қалай орнатуға болатынына  қызығушылық танытсаңыз, онда төмендегі ақпаратқа назар аударыңыз:



1. Виртуальдық офис деген не.

Виртуальдық офис, аты айтып тұрғандай, заттық нұсқасы жоқ, бірақ тұратын жеріне қарамастан бір немесе бірнеше адам телефон не Интернет арқылы атқаратын жұмыс  комбинациясын білдіреді. Виртуальдық офис Сізге және басқа да қызметкерлерге бір топ ретінде, сонымен қатар әркімнің өзі қалаған қолайлы жерінде жұмыс істеуге жағдай жасайды. Виртуальдық офис құра отырып, әр адам жұмыстағы жеке еркіндігін сақтай алады, сонымен қатар бір топтың мүшесі ретінде, бір мақсатқа жету жолында еңбек етеді.




2. Виртуальдық офистің артықшылықтары.

Виртуальдық офисті өз компанияңыздың құралы ретінде қолдануға шешім қабылдасаңыз, оның көптеген артықшылықтарын мән беріңіз. Ауқымды дербес еркіндікке қоса, сіз әр жеке тұлғаның еңбек өнімділігі анағұрлым артқанын да байқайсыз. Себебі офистің әр мүшесі жұмысты өзінің жеке биоырғағына сай атқаратын болады, сондықтан да өз жұмысын тәуліктің кез келген уақытында, белсенділігі мен өнімділігі жоғары кезде атқарады. Виртуальдық офис ашу шешімі компания мен ұйым үшін де, сондай-ақ жеке қызметкер үшін де ақша үнемдеудің жақсы жолы, өйткені компания қызметкерлерінің жол шығынына кететін қосымша ақыны төлемесе, қызметкер мерйрамханадан немесе дәмханадан тамақ сатып алмай, үйінде не бар, соынмен тамақтанатын болады.  Физикалық және психологиялық денсаулық та виртуальдық офисті пайдаланудың пайдасы ретінде қарастырылуы қажет, себебі осындай жұмыс ортасын таңдайтын адамдар нағыз офистегілерге қарағанда, жұмыс стрессінен аз зардап шегеді. 






3. Виртуальдық офис құру.

Виртуальдық офис құру үшін, сізде және сіздің штатыңыздағы барлық адамдарда белгілі бір базалық қондырғылар болуы тиіс. Яғни, сіздің жұмыс салаңызды атқару үшін жалпы қосымшаларды жүзеге асыра алатындай жады көлемі,  дискілік кеңістігі мен өңдеу қуаттылығы қажетті деңгейдегі  компьютер қажет.  

Басқа да қажетті элементтер: 
— ұялы немесе үй телефоны; 
— ксерокс және факс қызметінің қолжетімділігі; 
— компания жіберетін түрлі хабарлады қабылдау үшін электрондық пошта жәшігі (көп жағдайда пошта жәшігі де жеткілікті болады). 

Сондай-ақ, сіздің компанияның  желілік электрондық дүкені ретінде жұмыс істейтін  вэб-сайт құруға кеңес береміз, себебі әлеуетті клиенттерге сіздің компанияңызбен жұмыс істеу қажеттігін тудыратын бірдеме қажет болады.

Қажетті қондырғыларды сатып алып, ортақ желі орнатылғаннан кейін, бизнес-лицензияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және салықтық сәйкестік нөмірін қоса алғанда, барлық құжаттардың дұрыс екендігіне тағы да бір көз жеткізіңіз. Өзіңіз таңдап алған  бизнес түріне сай барлық тексерістерден өткеніңізді, және бизнестің осы саласын басқаруға қажетті барлық құжаттардың  нормаға сай екенін тексеріңіз. Енді ғана сіз өз бизнесіңізді ашуға сақадай сай боласыз.

 

Ескерткіштерге фотоовалдар жасау



Біздің көпшілігіміз бизнес ашу үшін әртүрлі идеялар туралы жиі ойланамыз. Бірақ көпшілігі өз ісін ашу үшін үлкен қаражат керек деп ойлайды. Алайда, кемеңгерліктің барлығы қарапайым болатыны анық қой.

Бизнес ‑ бірегей және айтарлықтай қарапайым технология бойынша жүзеге асатын «ескерткішке фото» жасау болып отыр. Ескерткішке фотосуреттер жасау жөніндегі бұл технология ескі технологиядан ‑  «эмальдағы фото‑фотокерамикадан» айтарлықтай өзгешелігі бар, тіпті бұның өзі ұзақ жылдар бойы ең перспективалы болып келген болатын. Ең бір айырмашылығы оны жасау барысында тек қана полимерлер пайдаланылады. Барлық материалдар мен құрылғылар дүкендерде сатылады. Өз бизнесіңді жасау өте қарапайым, тіпті үй жағдайында әрі аз қаражат жұмсап жүргізуге болады. Бәсекелестіктен қорқудың да қажеті шамалы, өйткені бұл кеңістік әлі бос.

Бұл бизнеспен жас кәсіпкер де, сондай‑ақ кез келген фотостудия немесе жөн‑жоралғылар сататын дүкендер де айналыса алады.

Орын-жай. Осы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін үлкен орын‑жайдың қажеті жоқ. Сіз бәрін де үйіңізде отырып жасай аласыз.

Жабдықтау. Өз ісіңізді ұйымдастыру үшін Сізге мынадай құрал-жабдықтар қажет:
- компьютер;
- түрлі‑түсті сканер;
- пигментті бояулары бар түрлі‑түсті қарқынды принтер (олар күймейді);
- ламинатор.

Тағы бір ерекшелігі бұл оргтехниканың барлығы бір жұмыс үстеліне сыйып кетеді.



Технология. Жұмыс үдерісі:

1) фотосуретті аламыз және оны компьютерде сканерлейміз;

2) фотошопта өңдейміз;

3) принтерден шығарамыз (қағаз емес пластик ПВХ қолданылады);

4) ламинаттаймыз;

5) кесеміз;

6) фотоовалға бекітеміз (фото бекітілетін дайындама соққыға шыдамды пластиктен жасалады), бұдан кейін бұйымыңыз дайын деуге болады.

 «Эмальдағы фото  – фотокерамикадан» басымдығы:

- Жасалатын уақыты 15-20 минут, «эмальдағы фото – фотокерамикаға» 10 – 60 күн кетеді;

- Түстері өте сапалы беріледі;

- Ескерткішке бұрандалы шегесіз бекітіледі;

- Металлға өткізу үшін  жұлып алынбайды (өкінішке қарай бұндайлар да кездеседі).



Сату. Сіз өзіңіздің жарнамалық материалыңызды жөн‑жоралғы қызметтерін көрсететін ұйымдар арқылы, сауда орталықтары арқылы тарата аласыз, газетке жарнама орналастыра аласыз.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:

Бастапқы кезеңде сізде мынадай шығыстар болуы мүмкін:

- компьютер – 70 000 теңге.

- сканер – 20 000 теңге.

- принтер – 25 000 теңге.

- ламинатор – от 25 000 теңге.

Барлығы : 140 000 теңге.

Табыс:

Фотоовал құны – 450 теңге, шығыс материалдары құны – 75 теңге.



Барлығы – 525 теңге, ал сату бағасы мөлшеріне, түсіне және өңіріне және т.б. байланысты 1 500-ден 60 000 теңгеге дейін.
Декоративті фонтандар өндірісі

Фонтан десе көбіміз саябақтар мен гүлзарларды елестетеміз. Алайда фонтандар саябақтарды әсемдеу үшін ғана емес, саяжай, үй, кеңсені безендіру үшін де қолданылады. Соңғы кездері кішігірім фонтандарға деген сұраныс өсе түсті. Декоративті фонтандарды өндіру көп шығындалуды қажет етпейді. Үй жағдайында бұл іспен айналысу көп табыс әкелетін бизнес түрі болып табылады.  Аз шығындалып-ақ, жақсы табыс табуға болады.



Технология. Фонтандардың жүйесі бірдей, суды айналдыруға негізделген. Арнайы сорғыш суды үстіне қарай тартады, сосын су арнайы ыдысқа қарай ағады. Жалпы бұл тұйықталған цикл болса да, суды анда-санда ауыстырып тұру керек, себебі су буланып азаяды, ал бұл фонтанның дұрыс жұмыс жасамауына әкеп соқтырады.

Фонтандағы суды айналдырып тұру үшін электр сорғыш қолданылады. Сорғыштың жұмыс жасауы үшін арнайы адаптер не 12 вольтты аккумулятор қажет.  Егер қысымды көбейтсеңіз, онда судың ағу күші артады. Егер су тым жоғары көтеріліп ақса, онда фонтан үлкенірек болуы тиіс.

Енді безендіру мәселесін шешу керек. Декоративті кішігірім фонтанның негізі ретінде қақпағы бар кез-келген ыдыс жарайды. Мұнда ыдыстың диаметрі маңызды. Қақпақ тығыз жабылып тұруы қажет. Ал жақсы жабылмай тұрса, онда желім қолдануға болады.

Енді қақпақты безендіреміз, фонтан дизайнының қандай болатыны соған байланысты. Қақпақтың бірнеше жеріне тесік жасалады да оған түтікшелер жалғанады. Түтікшелер иілгіш немесе алюминийден жасалған болуы мүмкін. Түтікшелер төменгі жағынан астындағы ыдысқа жетіп тұруы керек, ал үстіңгі жағынан жоспарланған фонтан биіктігінен 5-10 см-ге ұзынырақ болғаны дұрыс. Тым ұзын болып кетсе, олардың ұштарын кесіп тастау қиын емес. Одан кейін түтікшелердің айналасына дизайн негізін жасаймыз. Көп жағдайда цемент пен майда тастардан жасалған қоспалар қолданылады. Қай жерге бармасаңыз да (саяжай, дала, теңіз) әдемі тастарды байқап жүріңіз. Тастың түсі мен пішіні ерекше болған сайын фонтанның дизайны да әдемі болады. Жан-жағыңызға қарап жүріңіз, көзге бірден түсетін  ұнамды заттарды (тастар, бұтақтар, түптер) байқап қалуға тырысыңыз, мұның бәрі фонтандарыңызды безендіруге қажет болады.

Негіз үшін цементті қақпақтың үстіне құйыңыз, оның қатуын күтпей тастан ою жасау арқылы  фонтанның ландшафтын бірден бастаңыз. Су ыдыстың ішіне құйылып, ландшафт бойымен ағып тұруы үшін ландшафтың астыңғы нүктесінде ойық жасап қойыңыз, тесік жасауды да ұмытпаңыз,  сонда су ыдысқа бірден ағып кетпей, кішігірім көл сияқты болып тұрады.

Бұл іс үшін шығармашылық адам болу міндетті емес. Көбінесе ретсіз тасталған тастардан әдемі идеялар туып жатады. Мұнда түрлі материалдар жарай береді (оларды ландшафқа жапсырып қоюға болады). Бірақ суда бүлінбейтін заттарды пайдаланған жөн. Әйтпесе, жағымсыз иістің бөлінуі әбден мүмкін.



Дизайнын әсемдеуді аяқтасаңыз, фонтанды іске қосу ғана қалды.

Сату. Декоративті фонтандар қолдан жасалады. Олар эксклюзивті тауар болғандықтан жоғары сұранысқа ие. Олар интерьерге қажеті заттар, кәдесыйлар дүкендері мен жергілікті базарларда, не интернет-дүкендері арқылы сатылады. Тапсырыс бойынша да жасауға болады, ол үшін БАҚ-қа жарнама беру керек. Көздің жауын алар жарнамалар тарату  қосымша клиенттер табуға септігін тигізеді.

Болжамды есептеулер

Шығыстар:
Шығыстар бөлігіне электр сорғыштар, адаптерлер немесе аккумуляторлар, цемент пен контейнерлерді (ас ыдыстары) сатып алу кіреді.  Нәтижесінде бір фонтан шығыны 5 000-6 000 теңгені құрайды.

Табыс:Фонтанның орташа бағасы 10 000-15 000 теңге және одан жоғары. Баға сұраныс пен жеке тапсырыстарға байланысты. Бұл бизнестің шығынынан гөрі табысы әлдеқайда көп болатыны сөзсіз.

Спорттық жабдықтарды жалға беру

Әр қалада табиғатта демалуды ұнататын адамдар тобы табылып қалар. Табиғат аясындағы демалысқа тек пикниктерді ғана емес, сонымен қатар туристік саяхаттар, альпинизм, балық аулауды да жатқызамыз. Осыған сай бизнесмендерге мезгілдік спорттық жабдықтарды сату мен жалға берудің мүмкіндігі туды.

Спорттық туризмде спортпен кәсіби айналысатын адамдар ғана емес, сонымен қатар өздерін турист ретінде сынап көргісі келетін жастар да баршылық. Осындай жаңа қосылған адамдардың өз спорттық жабдықтарының жоқ екендігі түсінікті, олар сатып алуға да асықпайды, өйткені алғашқы саяхаттарынан алған әсерлерінің қандай болатынын болжай алмайды. Сондықтан спорттық жабдықтарды жалға алуға тура келеді.

Жалға не беруге болады? Спорттық жабдықтар  өте көп – олар шатырлар, ұйықтайтын қаптар, арқа қоржындары, түрлі етіктер, т.б. Спорттық жабдықтарды жалға беретін пунктерден мұндай бұйымдарды ғана емес, жорыққа қажетті басқа да құралдарды табуға болады. Жаз мезгілінде роликтер мен велосипедтерді, ал қыста тау шаңғылары, сноубордтар мен конькилерді жалға беруге әбден болады.

Бұл аталғандар жалға беруге болатын негізгі туристік құралдар ғана. Спорттық  жабдықтарды жалға беретін пунктерде заттардың түрі өте көп. Мысалы, альпинистер мен балықшыларға арналған көптеген жабдықтар да бар. Егер сіздің тұратын жеріңізде өзен, тау, теңіз болса, бұл идеяны ойланбай-ақ қолға алған жөн.

Спорттық жабдықтарды жалға беру бизнесі дамудың басқа шағын бизнес түрлерінің дамуынан ешқандай айырмашылығы жоқ. Алдымен сізге бастапқы кезде қажет қаржыны құю керек, оның мөлшері сіздің алған бағытыңыздың ерекшелігі мен потенциалды клиенттерге байланысты. Істі қолға алысымен-ақ сізге жұмыс істейтін орын мен жақсы жарнама керек. Алғашқы клиенттерді көп күтпейсіз, себебі бұл бизнес түріне деген сұраныс кез келген аймақта бар.

Ғимарат. Сізге спорттық жабдықтарды сақтауға арналған бір кішігірім орын керек.Ол гараж не таза қойма немесе спорттық кешенде, бизнес орталықта, оқу мекемесінде жалға алынған орын бола алады.

Жалға беру пунктін қалалық саябақтардың, қорықтардың, демалыс аймақтары мен курорттардың маңына орналастырған тиімді.



Құрал-жабдықтар. Бұл бизнес түрін велосипедтерді жалға беруден бастауға болады, өйткені спорттың бұл түрі көптеген адамдарға ұнайды. Бірінші кезеңге әртүрлі көлемдегі, қала ішіне немесе кросқа ыңғайланған 10-12 велосипед алуға болады. Жұмсақ спицалы велосипедтер алу керек, олар көпке дейін шыдайды.  Оның бағасы – шамамен 30 000-40 000 теңге. Ал егер бірнешеуін алатын болсаңыз, онда әр данасын 25 000-30 000 теңгеден алуға болады.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:
Бизнесіңізді велосипедтерді жалға беруден бастайтыныңызды ескерсек:

- велосипедтер (10 дана) – 25 000 * 10 = 250 000 теңге.

- орынды жалға алу, 30 м² (егер жекеменшік орныңыз болмаса) – 40 000 теңге.

- газетке жарнама беру– 750 теңге, аптасына бір рет (20 сөз) * 4 апта = 3 000 теңге.

Барлығы: 293 000 теңге.

Табыс:
Велосипедті жалға беру – сағатына 500 теңгеден бастап (аймаққа байланысты).

Бір күнде  (8 сағат * 500 теңге = 4 000 теңге) бір велосипедтен  4 000 теңге табуға болады. Ал егер 10 шақтысы болса, онда 10 * 4 000 теңге = күніне 40 000 теңге.  Бұл әрине, ең жақсы деген көрсеткіш.



Шыныда жазу: қолмен жасалған туынды

Түрлі-түсті шыныдан витраж жасау өз бастауын ерте кезден алады. Витраж жасап шығару – үлкен еңбекті талап ететін процесс. Бірнеше сағат ішінде шыныны бояу арқылы сіз көпшілікті қызықтыратын, эксклюзивті өнер туындыларын жарыққа шығара аласыз. Декоративті-қолданбалы өнер түрі ретінде шыныда жазу жұртшылықты өзінің қолжетімділігімен тартады: керекті материалдарды еш қиындықсыз таба аласыз және де олар қолжетімді бағамен сатылады. Трафареттерді қолдану керемет суретші болмасаңыз да бұл шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік береді. Ең бастысы бұл – бизнес үшін өте жақсы идея.

Неден бастау керек? Алдымен оқыту курстарына бару керек. Алайда олар қаланың барлық аудандарында болмайды. Егер ондай курс жақын жерде болмаса, қиналудың қажеті жоқ. Бизнес идея әрқашан өзінің жаңашылдығы мен ерекшелігімен тартымды. Білмейтін нәрселеріңізді сіз интернеттен, арнайы әдебиеттерден таба аласыз немесе осы салада тәжірибесі бар таныстарыңыздан да сұрап алуға болады.

Ғимарат. Ғимаратты адамдар көп жүретін жерден жалға алу керек. 10-15 м² алаң жеткілікті болады. Мынадай жабдықтар алу қажет: жиһаз, принтер, компьютер. Бөлмені ерекше дизайнмен әрлеуге болады, жөндеу жасап шығындалудың қажеті жоқ. Қабырғаларды ерекше суреттермен безендіріңіз, өз жұмыстарыңызды көрінетін жерге қойып қойыңыз, ол жарнама ретінде, сонымен қатар дизайн негізі ретінде болады. Жарнаманың орны әлбетте ерекше, оны жергілікті газеттерге беруіңізге болады, жақын маңда орналасқан үйлерге хабарландырулар іліп қою да артықтық етпейді.

Қажетті құралдар мен материалдар. Көркем өнер салонынан немесе кеңсе тауарлары дүкенінен шыныға арналған қажетті бояулар мен контурларды сатып алуға болады. Сонымен қатар, ашық түс шығару үшін қолданылатын бояу еріткіштерін, қылқаламдар мен трафареттер алу керек. Жазуға арналған заттар: айна, шыны, жазылған шыныны салуға арналған фоторамкалар, шыны аспап, стакандар мен бокалдар, шынытабақтар, құмыралар, бос бөтелкелер, ерекше пішінді бар банкалар, плафондар мен т.б.

Жазу технологиясы:

1) Шынының беті құрамында спирті бар сұйықтықпен, сабынмен, жууға арналған затпен сүртіледі не жуылады.

2) Таңдалған сурет керекті көлемде принтерден шығарылады. Бұйымға суретті түсіру үшін арнайы көшірме қағаз қолданылады: көшірме қағазды, оның үстіне эскизді қояды, сосын барлық құрылымды скотчты жылжытпай жапсырады. Дайын трафарет те қолданыла береді. Немесе эскиз шынының екінші жағына қойылып, сурет фломастермен салынады.

3) Содан кейін контурлық пастамен (таңдауға байланысты: алтын, күміс, түссіз, не қара түстерді пайдаланса болады) суреттің үстінен басып өтеміз. Контур кеуіп болғаннан кейін (30 минуттан 3 сағатқа дейін) суретті үлкен бөліктерінен бастап бояймыз.

4) Сулы мақталы таяқшамен артық кеткен жерлерді өшіріп тастайды. Суретте пайда болған ауаның көпіршіктерін мата қиқымымен немесе тістазалағышпен бірден алып тастау керек, әйтпесе сурет кепкен кезде «тесіктер» пайда болады. Жұмыс біткеннен кейін қылқаламдарды сұйықтықпен тазаланып, құрғатып сүрту керек.

5) Суреттің бетіне шыныға арналған акрил лагы жағылады. Ол сурет толық кепкен кезде шамамен бір тәуліктен соң жасалады. Дайын бұйымды жууға арналған заттарды қолдана отырып жылы суда жууға әбден болады.



Өткізу нарығы. Сіздің бизнесіңіз үшін жарнаманың орны ерекше.Жарнаманы жергілікті газетке беруге болады, адамдар көп шоғырланатын жерлерде, балалар алаңдарында, жақын маңда орналасқан үйлерде, мектептер, бала-бақшалар, оқу орындары мен бизнес орталықтарында хабарландырулар іліп қою арқылы жарнамалауға болады.

Сонымен қатар тапсырыс бойынша жұмыс жасауға да болады. Бірнеше сағат ішінде сіз өз қолыңызбен ерекше сый, эксклюзивті бұйым жасай аласыз. Оны туған күн, үйлену тойы, басқа да мерекелерде сыйлауға болады. Мұндай сыйлықтың адамдардың көңілінен шығатыны анық. Сонымен қатар ол – қымбат емес зат. Бұл тауарларыңызды кәдесыйлар мен ыдыс-аяқ сататын дүкендерге, той салондарына өткізе аласыз. Сонымен қатар, тапсырыс бойынша мейрамхана, кафе, сұлулық салондарымен бірлесе жұмыс жасауға да болады.



Болжамды есептеулер.

Шығыстар:
- орынды жалға алу – айына 25 000 теңге.
- жиһаз (2 үстел, 4 орындық, шкаф) – 45 000 теңге.
- керекті материалдар (бояулар, қылқаламдар) – 6 000 теңге.
- шыны (плитка тәріздес), 1 м² – 4 000 теңге * 10 м² = 40 000 теңге.
- сурет салуға арналған дайын ыдыстар – 8 000 теңге.
- газетке жарнама беру – 4 000 теңге.
Барлығы: 128 000 теңге.

Табыс:

Егер сіз бұл іске адамдар оқытамын десеңіз, 6 адамнан екі топ ашуға болады.  Сабақтардың айлық бағасы (аптасына екі сағат)  – 6 000 теңге.

Барлығы: 12 адам * 6 000 теңге = айына 72 000 теңге.

Екінші бағыт – тапсырыс бойынша жұмыс жасау, бұйымдарды дүкендер мен басқа мекемелерге сату. 10 заттан тұратын жазуға арналған дайын ыдыстар жиынтығы 8 000 теңге тұрады. Бір дайын өнімнің құны – 2 000-2 500 теңге * 10 зат = 20 000 (25 000) теңге.



Шаштараз

Шаштараз барлық уақытта болған және бола бермек, себебі шаш адам сұлулығын анықтайтын сыртқы бейненің негізгі элементі болып табылады. Ерлер, әдетте, екі аптада бір рет шаштарын қысқартады, сондықтан да шаштараз бизнесін табысты ету қиын мәселе емес. Маңыздысы барлығын дұрыс ұйымдастыру және «айналдыру».

Неден бастау керек? Ғимарат пен жалдамалы қызметкерлер таңдаудан бастау керек. Егер сіз өзіңіз шаштараз өнерімен айналысамын деп шешсеңіз, онда оқу курстарынан өтіп, сәйкесінше сертификат алу қажет. Сіз үшін уақытша шаштаразға жұмысқа орналасу тәжірибе жинақтауға көмектесетін болады. Бұлай істесеңіз, сіз «қолыңызды жаттықтырып», болашақ өзіңіздің шаштаразға келетін клиенттерді осы бастан таба бастар едіңіз. Шаштараздың кез-келген класы (элитарлы, орташа бағалы) жақсы табысқа қол жеткізе алады. Орташа деңгейлі шаштараз ашқан жөн, себебі  қолжетімді бағадағы қызметке сұраныс әрдайым жоғарырақ, сондай-ақ алғашқы инвестициялық салымдар да, элиталы шаштараздармен салыстырғанда, әлдеқайда төмен. Негізінен, шаштараздың күрделі дизайнды болуы керек емес, жалдауға немесе қаланың айтулы ауданында ғимарат сатып алуға көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Бастапқы кезде екі кресло мен екі әмбебап маманға арналған шаштараз ашу ең жақсы таңдау болып табылады. Клиенттерге ыңғайсыздық туындатпау үшін ер кісілерге ер шаштараздың, әйел кісілерге әйел шаштараздың болуын қадағалаңыз.

Ғимаратты таңдауға ерекше мән берген дұрыс, орташа бағадағышаштараз үшін ең жақсысы – автобус аялдамасына жақын орналасқан тыныш аудандағы ғимаратты жалға алу. Шаштараз жеке тұрған ғимаратта немесе тұрғын үйлерде, қоғамдық ғимараттарда орналасуы мүмкін. Пәтерде шаштараз ашуға болмайды. Тек пәтер тұрғын емес үй қорына өтіп, оның кіретін есігі бөлек болған жағдайда ғана шаштараз ашуға болады. Шаштараз тұрғын үй ғимаратының бірінші немесе цокольдік қабаттына ғана орналаса алады. Өжіреде (подвал) шаштараз ашуға болмайды. Ескеретін жайт, шаштараз ашу үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудан және өртке қарсы инспекциядан анықтама алу бойынша стандартты процедуралардан өту қажет. Толығырақ мәліметті Сіз «Санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау Министрінің 2004 жылғы 18 тамыздағы № 632 бұйрығын оқу арқылы ала аласыз.

Қызметкерлер. Жалдамалы қызметкерлерді таңдауда олардың кәсібилігіне және психологиялық дайындығына, сондай-ақ шаштараз адамдармен, әсіресе, әйелдер қауымымен жұмыс істейтіндіктен коммуникативтілігіне де мән беріңіз. Қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін дамыту мақсатында, сондай-ақ коммуникативтіліктерін жақсарту үшін оларды оқытуға уақыт және ақша бөлуге кеңес береміз. Қызметкерлерді салалық оқу орындарынан іздеген жөн, баспа беттеріне, интернетке жарнама беру немесе кадрларды таңдау агенттілігіне хабарласуға да болады.

Шаштараздың қызмет көрсету спектрі өте ауқымды  - бұл шаш қысқартудың, бұйралаудың, сәндеудің, емдеудің әртүрлілігі.

Шаштараздың бизнестің аралас түрлерін ұйымдастыру үшін қолайлы орын екенін естен шығармау керек, мысалы, онда шаш және тырнақ күтімі үшін қажетті тауарларды сатуға әбден болады. Сонымен қатар, қосымша табыс табу үшін шаштараз ішіне өз кезегін күтіп отырғандарға арналған кофе және басқа да сусындары бар сауда автоматтарын қоюға болады.

Сіздің шаштаразды бәсекелестерден ерекшелейтін, клиенттеріңізге жағымды, ұнайтын ұсақ-түйектерге де мән беріңіз. Клиенттеріңізге сапалы қызмет көрсету, жақсы, жылы шырайлы мамандардан басқа не ұсынуға болады? Клиенттер үшін екі параметр өте маңызды: қолайлылық және өзіндік қайталанбас атмосфера, яғни телефон арқылы жазылуға мүмкіндік, желдеткіш, күтіп отыруға ыңғайлы  орындықтар, теледидар, жаңа журналдар, жағымды әуен, қызықты безендіру, тірі гүлдер, плакаттар және т.б.

Шаштаразға арналған құрал-жабдықтар. Жабдықтарды таңдауда баға мен сапаның оптималды сәйкестігіне сүйену керек. Дегенмен, клиенттер үшін қолайлы жағдай туғызуда үнемдеудің қажеті жоқ, ыңғайлы креслолар, шаштараз жуғыштарын, сенімді электр құралдарын таңдаңыз. Мысалы итальяндық айна сатып алу міндетті емес, қытайлық сапалы айнаны да қолдануға болады.

Сізге құрал-жабдықтардың ішінен мыналар қажет: құрғатқыш, шаш қысқартатын машинка, фен, айнасы бар шкаф-тумбочка, гидравликалық кресло, креслосы бар жуғыш, айна.

Сондай-ақ, Сіз мынадай жабдықтар мен заттарды алуыңыз керек: әртүрлі формадағы тарақтар, массажды тарақ, қайшылар, шаш бояулары,  сабынсулар (шампунь), химиялық бұйралауға арналған заттар, бигудилер (ірісі, орташасы, ұсақтары), шаш сәндеуге арналған заттар (лак, воск, пенка), сүлгілер мен жамылғылар.

Жарнама.  Маңдайша жазу өзінше жарнаманың бір түрі деуге болады. Ол қымбат болмай-ақ, бірақ  міндетті түрде стильді, зейін аударарлықтай болуы керек. Жақын маңдағы үйлерге, адамдар легі көп жерлерде жарнамалық парақшалар таратуға болады. Шаштараз үшін ең жақсы жарнама –  көрсететін қызметтің сапасы.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:

- ғимаратты жалдау – 30 м² * 1 000 теңге = 30 000 теңге.

- құрал-жабдықтарды сатып алу – 150 000 теңге.

- басқа да керекті заттар – 40 000-45 000 теңге.

Барлығы: 220 000 теңге.

Табыс:

Егер шаш қиюға бір сағат кетеді деп есептесек, онда бір күнде сіз 5-6 адамға қызмет көрсете аласыз * 1500 теңгеден бастап (шаш қиюдың орташа бағасы) = күніне 7 500 теңге.



Бастапқы кезде екі шаш шебері жұмыс істейді деп есептесек, онда 5 адам * 2 шебер * 1 500 теңге = күніне 15 000 тенге.

Төсек жабдығын тігу

Төсек жабдығы  – төсекті жабдықтауға арналған, матадан жасалған бұйым. Төсек жабдығына матадан жасалған сейсеп, ақжайма, жастық тысынан тұратын бірегей жиынтық кіреді. Көлеміне қарай оның мынадай түрлері бар: бір кісілік, бір жарымдық, екі кісілік. Төсек жабдығы сапалы, жұмсақ, түсі ашық маталардан тігілуі керек. Көбінесе оны мына мата түрлерінен тігеді: зығыр (лен), мақта, жібек.

Ғимарат. Егер үйіңізде артық бос бөлме болса, онда сол бөлмеде жұмыс істеуден бастаған дұрыс. Ал бизнесіңіз біршама жүрген кезде арнайы орынды жалға алатын боласыз.

Жабдықтар, құрал-саймандар, қажетті материалдар.

Тігін машинкасы. Егер сіздің оверлогы мен түрлі операциялары бар қымбат тігін машинкасын сатып алуға мүмкіндігіңіз болмаса, кез келгені жарайды. Оның қымбатын алу міндетті емес.



Мата. Дүкен не мата қоймасын іздеңіз. Көзге ұнамдысын алыңыз. Жоғарыда айтып өткендей, сапалы мата таңдау керек. Алайда сіз арзанға тігемін десеңіз, онда арзан маталар да алуға болады. Матаны ораммен алған арзанырақ. Өзіңіз тұратын жерден матаны жаппай сататын қоймаларды іздеп көріңіз.

Жіптер. Көп жіп керек. Сондықтан бірден көп мөлшерде алған дұрыс, оның түсі матаға сай болу керек.

Қайшы мен үлкен сызғыш. Сіз үлкен көлемдегі маталармен жұмыс жасайсыз, сондықтан жақсы қайшы мен ұзын сызғыш алу қажет. Оған қоса үлкен үстел керек. Алайда еденде де жұмыс жасауға болады.

Технология. Төсек жабдығын тігуден бұрын алдын-ала өлшеп, есептеп алу керек. Алдымен сызба жасап алыңыз. Матаны ысырапсыз пайдаланып, нақты өлшеммен кескен жөн. Көбінесе маталардың ені – 1,5 м, 2,2 м. Төсек жабдығын тігу барысында белгіленген стандарттарды сақтау керек.

Мысалы, балаларға арналған төсек жабдығының стандарттары мынадай: сейсеп – 100 х 150, ақ жайма – 120 х 180, жастық тысы – 35 х 45. Жастықтың тысы екеу болу керек.



Бір кісілік төсек жабдығы: сейсеп – 160х220, ақ жайма – 180 х 240, жастық тысы – 70 х 70 (кейде 50 х 70).

Екі кісілік төсек жабдығы: сейсеп – 200 х 220, ақ жайма – 220 х 250, жастық тысы 70 х 70 (немесе 50 х 70). Сонымен қатар, отбасылық жиынтықтар бар, онда екі сейсептен болады. Төсек жабдығының осы түрімен сіз клиенттерді тарта аласыз. Өйткені ондай жиынтықтар барлық жерде сатылмайды. Өлшемдермен алдын-ала жұмыс жасап, сызба сызып алғаннан кейін пішіп, кесуге болады.

Келесі кезекте – тігу. Түзу жолмен тігу ең басты шарт болып табылады. Түзу жолдан ешқашан да ауытқымау керек. Содан кейін үтіктеу қажет. Жақсы үтіктеу дайын өнімнің сыртқы келбетін аша түседі.



Қызметкерлер. Бастапқы кезеңде қызметкерлер алмай, өзіңіз ғана жұмыс жасауға болады.

Өткізу. Алғашқы кезеңде өз таныстарыңыз бен көршілеріңізге сата аласыз. Сонымен қатар, балабақшалар мен басқа да мекемелерді аралап шыққан жақсы нәтиже береді. Ең дұрысы – базарлармен, дүкендермен төсек жабдығын тұрақты түрде жеткізіп тұру туралы келісу. Сондай-ақ, төсек жабдығын арнайы тігетініңіз туралы жарнама беріп қоюға да болады. Жақсы тауарға деген сұраныс әрқашан да жоғары.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:

- тігін машинкасы – 16 000 теңгеден бастап.

- стандартты бір жиынтық төсек жабдығын тігу үшін 12 м мата * 100 теңге (1 м құны ) = 1 200 теңге. 10 жиынтық тігу барысында сіз 12 000 теңге жұмсайсыз.

- жіптер – 10 дана * 50 теңге = 500 теңге.



Барлығы: 28 500 теңге.

Табыс: Бір жиынтық төсек жабдығы 3500 теңге тұрады, тиісінше, сіз айына 10 жиынтық әзірлейтін болсаңыз, 3500 теңгеден = 35 000 теңге болып шығады.

Сайт-визиткалар жасау

Сайт жасау дегеніміз – сайт дизайнын, сайтты толтыратын функционалды және мазмұнды тұжырымдаманы, сайттың беттерін жасаудан, басқару жүйесін мазмұнға қосудан, сайтты мазмұнмен толтырудан, дайын сайтты серверге орналастырудан тұратын кешенді қызмет көрсету.

Өз қызметтері мен тауарларын сатудан табыс алғысы келетін бизнес иелері қазіргі бәсекелестік жағдайында сапалы PR-компаниясыз алға басуға болмайтынын білсе керек. Бүгінде интернетке жарнама берудің түрлі әдістері бар. Бизнесмендер жалпы жарнаманың мынадай түрлерін таңдай алады: теледидар, радио, журнал мен газет жарнамасы, дала мен көліктегі жарнамалық қалқандар. Сайт дайындаудың технологиялары өзгеріп тұратынын ескерсек, қазіргі таңда ең тиімді жарнама болып интернетке орналастырылған жарнама есептеледі, PR-компанияның бұл түрі бүгінгі күні ең тиімді және қолжетімді болып табылады.

Сайт-визитка – мекеменің имиджі. Сіздің оны жарнамалауыңыз, мақтанышпен көрсете алуыңыз немесе қарапайым визитканың өзіне жазуға ұялуыңыз сайт-визитканың қандай болатынына байланысты.

Сайт-визитка қандай мәселелерді шешуге септігін тигізуі керек? Әдетте оны жасату кезінде төмендегі функциялардың болуын ұсынады:



  • көрсетілетін қызметтер мен өндірілетін өнім туралы аудиторияны ақпараттандыру;

  • компания өніміне деген сұранысты арттыруға ықпал ету;

  • брендті жарнамалау;

  • кері байланыс арқылы тұтынушылармен қарым-қатынас орнату;

  • маркетингтік мәліметтерді жинау құралы қызметін атқару.

Мекемелердің виртуалды визиткалары болып саналатын сайт дизайнын жасау барысында фирманың белгілері: логотип, эмблема, монограмма орналастырып, ұжымдық түстер қолданылады.

Сайт-визитка орындалу жағынан баптық немесе қарқынды болады.  Бірінші нұсқасы қаржылық жағынан тиімді, алайда болашақта өзгертулерді енгізу барысында белгілі бір қиындықтар болуы мүмкін. Мазмұнды басқару жүйелері базасы негізінде сайт визиткаларды дайындау web-ресурсты толтыруды сайт иесіне мамандардың көмегіне жүгінбей, өз бетімен жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл сайт-визитка иелері үшін қолайлы нұсқа болып табылады.



Ғимарат. Аталған бизнес түрі үшін арнайы орынның қажеті жоқ. Мұндай қызметпен сіз үйде өз компьютеріңіздің алдында отырып-ақ айналыса аласыз.

Технология. Сайт визитка жасау үшін не қажет?
- сайт туралы бастапқы ақпаратты жинау;
- орындаушының техникалық тапсырманы құрастыруы;
- техникалық тапсырмаға, күнтізбелік жоспарға,  келісім-шартқа екі жақ тарапынан қол қою;
- макетті таңдау немесе сайт дизайнын жасау;
- хостингті орналастырудың орнын (интернетте сайт орналастыру) таңдау;
- домендік атауды тіркеу.

Сайт жасау – күрделі әрі шығармашылық процесс. Құны тапсырыс берушінің таңдауына, әр жобаның ерекшелігіне, сайттың мақсатына, бағыты мен күрделілігіне байланысты. Базалық ұсыныстар белгіленген жиынтықта сатылатынын, барлық бағалардың соңғы болып табылатынын есте сақтаңыз.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:
Жақсы компьютер – 50 000 теңгеден бастап.
Лимитсіз интернет – айына 4 000 теңге.

Табыс:
Құрылымы жағынан қарапайым сайт-визитка –15 000 теңгеден жоғары.

Мұндай сайт-визиткаларды жасау үшін 3-4 күн кетеді, яғни айына 6-7 сайт-визитка жасалса* 15 000 теңге = айына сіздің табысыңыз 90 000 теңгені құрауы мүмкін.



Жауыннан қорғайтын жамылғы тігу және оны сату

Ауа-райының кенеттен бұзылуы біршама ыңғайсыздық тудырады. Алдын ала берілген болжамдарды көргенмен, кейде олар да дәл келмей жатады. Сөйтіп адамдар жұмыстан, кинотеатрдан, қонақтан қайтып келе жатқан кезде аспан күркіреп, жаңбыр себелеуі немесе тіпті құйып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайдың болуын ескеріп, жауыннан қорғайтын жамылғыны сатып алып, өзімен бірге алып жүруді әдетке айналдырға жөн. Әрине, кейде жаңбырдың астында қалмау мақсатында адамдар өзімен бірге қолшатыр алып, ылғал өткізбейтін киім киіп жатады. Алайда, ауа-райын алдын-ала үнемі ешкім де болжай алмайтындықтан, адамдар қолайсыз жағдайға тап болуы әбден мүмкін. Сондықтан жаңбырлы мезгілдерде ауа райы арқасында көшедегі адамдарға жауыннан қорғайтын жамылғы ұсынып, сауда жасауға әбден болады.  Дұрыс ұйымдастырған жағдайда бұл қомақты табыс әкелетін бизнеске айналады.

Құрал-жабдықтар. Сізге керегі – тігін машинасы ғана.

Технология. Жамылғыларды матадан емес, ылғал мен су өткізбейтін жасанды материалдардан жасайды. Мысалы, қол шатыр полиэстерден жасалады. Жаңбырдан қорғайтын жамылғы тігуде материалдардың жұмсақ, үстінен су жылдам ағып кететін түрлерін қолдану керек. Олардың кәдімгі плащтарға қарағанда бір ерекшелігі – жаңбырдан 100% қорғауы. «Арнайы киім» болғандықтан олар тек жаңбырдан қорғану үшін ғана киюге жарамды болып келеді.

Мұндай жамылғылардың біреуін бес минутта кәдімгі полиэтиленнен тігіп шығуға болады. 2 метр полиэтилен етеді. Алдымен қарапайым ғана үлгісін жасап алу керек: ұзындығы 180 см., ал ені 150 см. болатын ұшбұрыш. Кесіп, төрт рет бүктеп, кимоно үлгісін салыңыз. Одан кейін шеңберлі сызық бойынша екі нүктені қосыңыз, жеңі мен мойнын кесіңіз. Одан кейін ортасынан кесіңіз. Екі жағын тігіп, қисық бейкамен бекітіңіз.

Екі жағынан 40 см.-лік екі шаршы кесіп, капюшон жасаңыз. Бұрыштарын кесіп, қисық бейкамен тігіңіз. Капюшонды тігу үшін плащтың мойын жағына келтіріңіз. Мойын ұзындығы капюшонның төменгі бұрышы ұзындығымен келісіп тұруы керек. Әдемілік үшін қисық бейкамен жеңдерін, жамылғының астын, шеттері мен капюшонды әсемдеңіз. Пластиктен жасалған түйме ілгек полиэтиленде тығыз тұруы үшін астына түссіз түйме қадап қойыңыз.  Түймелер дайын болған соң жамылғы да дайын.

Өнімді өткізу. Мұндай жауыннан қорғайтын жамылғыларды көшеде, автобус аялдамаларында, ғимараттардың алдында, адамдар көп жиналатын басқа да орындарда (базар, стадион, кинотеатр) сатуға болады.

Болжамды есептеулер:

- тігін машинасы  (болмаса) – 13 000 теңгеден жоғары.

- полиэстер – 1 м. 150 теңге.

Бір жауыннан қорғайтын жамылғы үшін 2 м. полиэстер* 150 теңге/м. = 300 теңге + басқа да керекті материалдар (жіптер), жауыннан қорғайтын жамылғының өз бағасы шамамен 350 теңге. Ал сауда бағасын 500-600 теңге деп белгілеуге болады.



Балалармен отырған жас аналардың демалу орталығы

Көптеген әйелдерге ана болу бақытын сезіну жазылған. Қиындықтар мен толғануларға қарамастан жас аналар өз нәрестесін көргенде бәрін ұмытып кетеді. Ана барлық уақытын баласына арнайды. Баланың өсіп келе жатқанын, оның алғашқы қадамдарын бақылау, оның ең бірінші қызық сұрақтарын тамашалау – осының бәрі ана үшін үлкен бақыт. Ананың баланы балабақшаға беру мүмкіндігі болуы да, болмауы да мүмкін. Дегенмен ана бірінші баласын тәрбиешілердің қолына бергісі келмейді. Жас аналарға да бір-бірімен кездесуге уақыт жетпейді. Олар өздері сияқты қыз-келіншектермен кездесіп, пікір алмасып, бір-біріне кеңес айтқысы келіп жатады. Осындайға қолайлы орын – 1 мен 4 жас аралығындағы балалары бар жас аналарға арналған ақылы демалыс орталығы.

Ғимарат. Ғимаратты жалға алудан бұрын орталығыңызға шамамен қанша адамның келетінін шешіп алу керек. Орталық қолжетімді жерде орналасқаны дұрыс. Ең жақсысы әрі қолайлысы – бір қабатты кішігірім ғимарат, себебі онда далаға шығып, қыдырып келуге мүмкіндік болады. Егер орталық көпқабатты үйде орналасатын болса, онда балаларға арналған алаңды ішке орналастыруға тура келеді. Орталық бірнеше бөлімнен тұру керек: сурет салуға арналған бөлме, ән-күй бөлмесі, би бөлмесі және т.б.

Құрал-жабдықтар. Жиһаз аналар мен балаларға арналған болу керек. Аналарға ыңғайлы диван мен креслолар, ал балаларға қызығушылықтарына байланысты кішкентай орындықтар мен үстелдер қойған дұрыс. Орталықтың іші жарық болғаны жөн.

Балаларды шығармашылыққа баулу үшін түрлі жасқа арналған ойындар, қалам, қарындаш, сурет салуға арналған фломастерлер мен альбомдар алу керек. Үлкен түрлі-түсті әріптері бар кітаптар алған да дұрыс болады, бәлкім біреудің кітап оқу құлшынысы пайда болар. Жұмсақ ойыншықтар, қуыршақтар мен машиналар да керек. Кішігірім тамақтанатын орын да артықтық етпейді.



Технология. Төлемнің екі түрі бар: сағат сайынғы немесе бір айға абонемент алу. Абонементке жеңілдіктер, тұрақты клиенттерге бонустар тағайындау керек.

1 және 2 жас аралығындағы балалар әр нәрсеге қызығушылық білдіреді, сондықтан сананы дамытатын ойындарды қызыға ойнайды. Баланың санасына, ойлауы мен сөйлеуіне әсер ету үшін сабақтар ойын түрінде өтуі тиіс.

Сонымен қатар тағы бір айта кететін жайт – осы жаста балалар бір-бірімен араласуға үйренеді. 2 жастан бастап балаларда «мен өзім» деген ұғым пайда болады, өз-өзін тұлға ретінде таниды. Сондықтан бастысы – сабақтарда баланың есте сақтау, көңіл аудару, ойлау қабілеттерін дамыту.

3 жастан бастап бала тәрбиесімен педагогтар айналысады: музыка қызметкері, мектепке дейінгі білім беретін ұстаз, логопед, психолог.

Ең басты сабақ  – шығармашылық. Балалар мұғалімдермен отырған кезде аналар бір-бірлерімен әңгімелесе алады. Аналар да баланың психологиялық дамуы туралы дәріс алады, баланы қалай тәрбиелеу керек екенін үйренеді. Сонымен қатар, оқу, тігу сабақтарын ашуға болады.

Қызметкерлер. Орталықтың көлеміне қарамастан, онда педагогикалық білімі бар менеджерлер жұмыс жасау керек. Олар балалармен ойнап, ойын барысын қадағалайды.

Орталықта екі топ аша аласыз: біреуі түске дейін, екіншісі түстен кейін. Бір топта 10-12 бала болады. Осыны ескере отыра, сіз педагогикалық білімі бар екі қызметкер алуыңыз керек. Профильді педагогтар белгілі бір уақыттарда ғана келетін болады. Әр қызметкермен келісім-шартқа тұрыңыз.



Өткізу. Хабарландырулар мен визиткаларыңызды қала бойынша бизнес-орталықтарда, сауда орындарда, балалар емханаларында тарата аласыз.  Жергілікті газет-журналдарға жарнама беруге де болады.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:

- орынды жалға алу, 100 м² * 1000 теңге = 100 000 теңге.

- пластмассадан жасалған балаларға арналған орындықтар мен үстелдер, 1 жиынтық = 10 000 теңге * 10 жиынтық = 100 000 теңге.

- кеңсе тауарлары– 30 000 теңге.

- ой-сананы дамытатын ойындар мен ойыншықтар – 40 000 теңге.

- балаларға арналған кітаптар – 20 000 теңге.

- қызметкерлердің жалақысы – 2 қызметкер * 40 000 теңге = 80 000 теңге.

Барлығы: 370 000 теңге.



Табыс:

Орталықтың жұмыс кестесі  – 10.00-18.00 аралығы, яғни күніне 8 сағат.

Төлем – 1 сағат = 400-600 теңге (аймаққа байланысты). Күніне бір орын үшін – 8 сағат * 400 теңге = 3 200 теңге.

Алғашқы кезеңде орталықта 10 бала болса, онда 10 орын * 3 200 теңге * 24 жұмыс күні = айына 768 000 теңге.



Барлығы: 768 000 теңге.

Каталог: download -> version
version -> БАҒдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
version -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 1913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
version -> Абылай хан
version -> Бағдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
version -> Ғалымдардың ең ежелгі адамды атауы
version -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
version -> Mұхтар Омарханұлы Әуезов
version -> ТҮркістан қаласы
version -> Абай Құнанбайұлы
version -> Міржақып Дұлатұлы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет